Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет114/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   110   111   112   113   114   115   116   117   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
232 
Мезгілінен асып, ұзақ жатып қалған қар енді тіпті асыға жөнелгендей болды. 
«Жер аяғы кеңіген» дегендей уақыт келді. 
Күн көзі де әбден жылынып, аспанда жазғытұрдың ақ мамық бұлттары 
жөңкіліп көшті. Жидебайға жиылған ел осы уақытта өз кыстауларына жетуге 
асықты. Іші аман қалған саулықтардың алды қоздай бастаған. Өзгеге пана тапса 
да, өз төлдері бар мынау ауылдар жас қозыларға пана таба алмас еді. Қауырт 
шұбап келген ағайын, енді бір-ақ күн ішінде сөз байласты да, тезінен кайта 
серпілді. 
Кетер кезде барлық кәрі-жастың Зере мен Ұлжанға айтқан алғысы ұшан-
теңіз болды. 
Қонақтар сейіліп болған күні, Ұлжан қысқы соғым мен сүрдің тақа біткенін 
айтты. Кәрі қойшы Сатай да осы күні бұл ауылдың өз шығынын есептеп кепті. 
Көп қойдың күрек аршуы ойдағыдай болмаған. Сондықтан, дәл осы он бес 
күн екі жүз қойды әкетіпті. Абай атқа мінген сайын, қыстау маңында өлген 
қойлардың саны молайып келе жақанын байқаса да, ауылға айтып келмеуші еді. 
Үш қорықтың иелері боп отырған бес-алты ауылдың ішінде мұндай 
шығынды көрген жалғыз осы Жидебайдағы ауыл. Тәкежан болса, қолдағы 
малынан жалғыз тоқты бермей, аман шықты. 
Жұт көлемін халық атаулы тек қыстаудағы малдан айырмайды. Қар әбден 
кетіп, жер дегдіген кезде отардағы жылқы қайтты. Анық сор көрген 
жануарлардың ажары осы жылқыда болатын. Талай күн бойында ілбумен ғана 
жүріп, Жидебай тұсына жеткен Құнанбай қосы сан жағынан бірталай кеміп 
қапты. Әсіресе шошытатын жылқының түсі. Нелер аппал айғырлар мен сақа 
биелердің өзі де алты айлық аурудан тұрғандай көлеңкесі ғана қалған. Жүндері 
ұзарып, үрпиген. Аяқтары жуандап, сүйек-сүйегі адырайып кетіпті. Тарамыс, 
шандыр атаулысының бәрі білініп тұр. 
Жылқы ішінің тағы бір жат көрінісі - арасында құлын жоқ. Аман қалды 
деген Құнанбай жылқысы мен барлық Ырғызбай қостары және бірен-саран 
Сүйіндік, Байсал, Байдалы ауылдарынын қостары. Бірі артынан бірі ілесіп
жылжып, сырғып келіп жатыр. Бәрінің халі де мұсылман кітаптары суреттейтін 
мақшар күиіндей. Адамзат өлшеусіз ұзақ заман көр азабын шегіп жатып, ахірет 
күні кебіндерін жамылып, көлеңкедей қалт-құлт етіп бой көрсетеді деуші еді 
ғой. Мына жылқы тегіс сондай екен. 
Құнанбай мен Байсалдар осы қостардың аман қалуына бар күштерін салған. 
Атраптағы жері тәуір, азғана руларға қыс бойы шапқыншы айдап шыққан. 
Қостарын қалын қардан қашырып, бір күзектен екінші күзекке салып отырып, 
әйтеуір ірі жағын аман сақтап қалыпты. Артық та болса, қолға жетті. Қыс кетті. 
Енді қайтадан қатарға кірді. Мұның аты «амандық». Өйткені, өзгеге қарау керек. 
Баска рулардың қостары өз халдерін осылай деуге жараса, тіпті жұт 
көргеміз жоқ дер еді. Шынында, көп-көп қостар көз ұялтарлық боп, жұрдай боп 
келді. Қос деген, Тобықты ішінде мың жылқыдай мөлшерді білдіретін болса, 
Торғай, Жуантаяқ, Топай, Жігітек, Бөкенші сияқты елдердің бір қосынан 
қырық-елу, жетпіс-сексен ғана мінгіш қалғаны бар... 
Көп елді шошытып, жағасын ұстатқан, таңдайын қақтырған сұмдық апат 
содан білінетін. 


 
233 
Әркім өз аулы, өз жайының күйігіне кетті. Біреуге біреудің қатынас хабары 
да азайды. Көп ауылды жайратып, үй жығып кеткен дауылдың артындағы хал 
сияқты. Арық-тұрағын күтіп, көктемнің қара суығынан аман алып қалу шарасы 
жалпақ елді жаппай басты. Жылқы қамынан аман болған Жидебейдағы ауыл 
ғана. Қостар келісімен Құнанбай Шыңғысқа айдатып алып, барлық ендігі 
күтімдерін өзі басқарған. 
Күн әбден жылынды. Көк те шыға бастады. Енді Жидебайдағы қыстаудың 
айналасындағы жемтік иістеніп барады. Күн асқан сайын соның өзі бір дерт 
әкелетін сияқты. Ұлжан осыны ойлап, киіз үйге шығып, қыстау басынан 
жылжып қонайық деген. 
Ертең таң атысымен жүк шығартуға бұйырып еді. Бірақ дәл осы күні кешке 
Зере сырқаттанды. 
Кәрі әженің сырқаты біліне салысымен қысып кетті. Басында ыңқылы 
күшті боп, тынысы ауырлап келіп еді. Келесі күні дәрмен азайып, өздігімен 
қозғала алмайтын болды. Абай мен Ұлжан қатты сескенді де, Зеренің қасын 
күзетті. Сусыны, төсегі, бар күтімі екеуінің ғана мойнында. Өзге жанды көп 
кіргізген де жоқ. Жұрт аяғын ауырлайды деп, үй ішін оңаша ұстауға тырысты. 
Зере наукасының келесі күні түнінде Ұлжан енесінен күдер үзе бастаған 
болатын. Абайға айтпастан Қарашоқыға кісі жүргізді. Сүйтіп, түн бойы 
ұйықтамай күзетіп отырған келіні мен немересіне Зере таң алдында ең соңғы 
рет көз салды. Әжесі көзін ашқанда Абай үміттеніп қалып, қадалыңқырай түсті. 
Науқас ана бірдеме айтайын деген тәрізді. Ол ажарын Абай өзі таныған жоқ. 
Ұлжан байкады. Екеуі де қатар сырғып, жақындай түсіп төніп келгенде, Зере 
бір нәрсені сыбырлай бастады. 
Дене күші бітсе де, ойы сап-сау. Тек үні әлсіз. 
- Өнегем... болса... тірлігімде көрсете алдым ба, жоқ па? Өсиетім болса... 
кұлағым, тілім барында айтып болдым ба, жоқ па? Қайтейін!.. Енді қайтейін!.. 
Бүгін мынау әлім біткен шағымда, не дәме етесің екеуің!.. Не күтіп маған 
телміресің?.. - деді. Осы сөздерін көп қиналып, ұзақ айтып еді. 
Сөйлету зорлық сияқты. Бірдемені айту да орынсыз. 
Абай екі қолын төсіне қойып, әжесіне тағзым етті де, басын иді. Өзінше: 
«Бар жүрегімнің құрметі, әулиедей ана, саған арналған» дегені. Сүйтіп аз 
отырды да, әжесінің екі қолын ұстап, кішкентай алақандарына бетін басты. 
Иіскеп сүйіп отырғанда бірнеше ыстық тамшылар да сол әлсіз жүдеу 
алақандарға тамып еді. Әжесі тағы да сыбырлап: 
- Қарағым... жалғыз қарашығым! - деп, Ұлжан жаққа қарады да, - анаңды 
күт! - деді. 
Осыдан кейін тағы бір толастан соң: 
- Ішімнен шыққан жалғыз еді ғой... Жалғызға топырағым бұйырсын! - деді. 
Бұл сөзді тіпті ап-анық айтты да, қайтып үндеген жоқ. Көзі тағы да жұмылып 
кетті. Жаңағы айтқаны Құнанбай екенін Абай да ілезде түсінді. Сол сөзді 
бастай бергенде, Ұлжан басын изеп: «тыныш болыңыз, орындаймыз» дегендей 
белгі еткен. 
Қадірлі ана осы таңға жетпей қайтыс болды. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   110   111   112   113   114   115   116   117   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет