237
Сыртымен ән салып, қалжың айтып қойса да, Абай анық байқаған көзге
жиі-жиі жабырқай береді. Үндемей күрсініп қалады... Бұл үйде жас жігіттің дәл
осы күйін іштей танып жүрген Қарашаш қана. Ол Абайдың күрсінуінде
өзгешелеу терең күйік бар екенін байқайды. Жас жігіт кәрілерше «аһ-уһ»
демейді. Бірақ ақырын күрсінгенмен, демі дірілдеп барып, кеудесінен лықсып
шыққандай болады. Өксік сияқты, жалынды леп бар. Көп жылап қиналғанның
артынан келетін дәрменсіз күрсін тәрізді.
Қарашаш кейде Абайға қабақ шытып қарайды да, жаны ашиды.
Үшінші күні үйдің бір оңаша кезінде Қарашаш өз тесегінің жанында тұрып,
Абайға:
- Абай, қалқам! Осы сен менің Еркемді ұмытпағансың-ау! Жайлауынан ел
кеткендей, иесі кеткен жұртқа келгендей болдың ба? Байқадым-ау, мен соны! -
деп, аз ғана қызарды да, сыпайы жүзбен күле қарады.
- Жеңеше, рас! Таныдың, несін жасырам! Көңілің сол күнде де жүйрік еді.
Дос жүрегің әлі орнында екен. Сондықтан таныдың ғой. Бір сәтін ұмытсамшы!
Барлық көргенім көз алдымда. Көңілімнен арылмайтын бір ой бар...
Тоғжан
кіріп келіп маған деген өкпе-назын айта жөнелетін сияқтанады да тұрады! - деді.
- Екеуіңнің жолың да, женің де бөлек еді, қимаймын! Еркем сорлы нені
айтпап еді маған? Шын ғашық еді ғой өзіңе!.. Кетерінде оң сапар тілеген жоқ.
Өлім тілеп кетті. Өзіме сонысын да ашып айтты ғой? - деп, Қарашаш бір сыр
сөйледі.
Екеуі де шарасыз ауыр мұңға батып, үндемей жүдеп қалды.
Абайдың көз алдында Тоғжанмен ең соңғы айрылысар шағы соншалық ап-
ашык, айдай айқын боп келді. Қақ қасында тұрғандай, жаңа ғана болып өткен
хал сияқты.
Тоғжан
сол бір желсіз, тыныш кеште, жым-жырт сайда ымырт жабылар
шақта Абайды өзі іздеп келді. «Жетсін!» деп шақыртқан да өзі болатын. Күйеуі
соңғы рет келіп, алып кетерінің алды. Бүгін-ертең құда, күйеу жетеді деп
отырған кез болатын.
Бұл күнге шейін соншалық арлы, ұялшақ болған,
нәзік қорғаншақ болған
Тоғжан, дәл сол кеште біртүрлі есіп, бекіп келді. Жалынды, арманды сөздерін
шешен қып айтты. Көзінде жас, денесі дірілдей түсіп айтқан-ды. Әр кездегі
үйреншікті ерке әдеті бойынша, Абайдың төсіне бетін басып тұрған-ды.
Баурына кіріп, құшақтай тұрып, нелер айтпады?..
Екеуінің сүйіскен жылдары ұзақ. Бірақ көріскен қызығы, кездескен рақат
шақтары тіпті аз екен. Тоғжан сол үшін өкінгенін, қатты күйіп назаланғанын
айтқан. Өмірге,
тағдырға, зорлық құдіретке ренішін айтқан. Жылап, өксіп
назаланып келген кезінде, арман асқан шағында, сол кеште лағнат та айтқан.
Абай Тоғжанды жұбата алмай, ет жүрегі елжіреп қайтқан. Көз алдында, жылап
кетіп бара жатқан Тоғжан тұр. Басына жамылған қара жібек шапаны мен ақ
көйлегінің етегі де есінде. Шапан астынан тұншыға сылдыраған шолпысының
да мөлдір үні құлақта тұр. Әлі өшкен жоқ...
Абай тағы да бір күрсінді де:
-
Есіл Тоғжан, ұмытпаспын... ұмытпаспын! - деді.
Қарашаш Абайды осы ауылдың досы ғана емес, аса бір ыстық күйеуіндей
көріп, қимады. Сондықтан Асылбекке өзінше бір оқшау ақыл салды.