ПӘн бойынша глоссарий анимизм


Дәріс тақырыптары және мазмұны



бет4/15
Дата11.02.2018
өлшемі3,05 Mb.
#37530
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Дәріс тақырыптары және мазмұны

Жалпы психология пәніне кіріспе.

Мақсаты: Жалпы психология ғылымы туралы, тұрмыстық және ғылыми психологиялық білімдер туралы түсінік беру.

Жалпы психология пәні. Жалпы психологияның әдіснамалық негіздері. Жалпы психологияның принциптері. Тұрмыстық және ғылыми психологиялық білімдер. Психология психика және психикалық құбылыстар туралы ғылым. Психологиялық білімдердің өздеріне тән ерекшеліктер. Психикалық бейнелеу обьективті дүниенің субьективті бейнесі ретінде. Психикалық бейнелеу ерекшеліктері. Психиканың негізгі атқаратын қызметі. Психикалық құбылыстардың топтастырылуы: психикалық процес, психикалық қасиет, психикалық кейіп.



Психология – психикалық құбылыстардың пайда болуын дамуын және заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Психология ерте заманнан келе жатқан білім салаларының бірі. Оның дүниеге келген жері Ежелгі Греция. «Психология» гректің екі сөзінен тұрады. Оның біріншісі «псьюхе» (жан), екіншісі «логос» (сөз, ілім). Сөйтіп, бұл сөзді жан туралы ғылым деп түсінген жөн.

Психикалық құбылыстар дегеніміз – бізді қоршап тұрған сыртқы дүние заттарының құбылыстарының мидағы бейнелейді. Осы психикалық құбылыстарды 3 топқа топтастырамыз:

  1. Психикалық процестер – сыртқы дүние заттары мен құбылыстарын тікелей танып, білуде (ойлау, түйсік, қиялдау т.б.).

  2. Психикалық қасиет – бұл бір адамды екінші бір адамнан ажыратуға негіз болады (қабілет, темперамент, мінез).

  3. Психикалық күй – адамның әр түрлі кездегі көңіл – күй (ренжу, қуану, долдану, шаттану, зерігу т.б.)Мысалы, оқушының сабаққа деген зейінділігі немесе селқостығы, адамда болатын шаттану не ренжу осындай жағдайлар және т.б.

Психикалық құбылыстың табиғи ғылыми негізін жасауда, оны материалистік тұрғыдан түсінуге орыстың ұлы ғалымдары И.М.Сеченовтің рефлекстер жөніндегі пікірлері мен И.П.Павловтың жоғары нерв қызметі туралы ілімнің маңызы зор болды.

Әрбір ғылымның өзіне тән зерттеу объектісі болады. Психология ғылымы зерттейтін объектіні (пәнді) бірден түсіну қиын, әрі ол — күрделі мәселе.

Өйткені, психикалық құбылыстар зерттеуші адамның дүниетанымдық көзқарасына байланысты. Психологияның зерттейтін объектісі тіршілік пен өмірдің басқа құбылыстарынан ерекше. Заттар мен құбылыстар туралы адамның елесі, қабылдауы, тілегі сол заттардың өзінен ерекше болып жасалады. Сөйтіп, бірте-бірте олар адамның психнкасы болып аталады. Оған психикалық әрекеттер, қасиеттер, процестер, күйлер (көңілге байланысты) тағы басқалар жатады. Мұндай процестер көзге көрінбейді. Сонымен бірге олар сыртқы дүниедегі заттар мен кұбылыстардан да ерекшеленеді. Бұл құбылыстар адамның ішкі жан дүниесіне тән.

Психология, психика деген түсініктер гректің «псю-xэ»— жан деген сөзінен шығады. «Логия» — ілім. Бұл ғылымның өзіндік таңбасы Ү (псю деп аталатын грек әрпі). Сонымен, психология - жан туралы ілім. Ол құбылыстарды жүйелі түрде топтастырып, болмыс пен фактілерді салыстыра отырып зерттейді. Қабылдау, ес, ойлау, ерік, сезім деп аталатын тағы басқа психикалық процестер адамның ішкі дүниесі мен бейнелеу қасиетінің, күллі жан дүниесінің тіршілігі немесе оның сыры деп аталады. Осы орайда, біз психологияның жантану жайындағы ғылым екеніне көз жеткіземіз. Психологияның осындай анықтамасына қосымша ретінде оның үш түрлі ерекшелігі бар. Бірінші ерекшелігі — психология адамтану жайындағы ғылымдар арасында жетекші орынға ие. Мұндай ерекшелік қазіргі кезде қарқынды дамып отырған ғылыми пәннің өресі мен алдына қойған мақсат-мүддесімен байланысты. Екіншісі — адамның психологиялық дара өзгешеліктерін, психикалық процестердің анық-танығын айқындау үшін XIX ғасырдың орта кезінен бергі тәжірибелік зерттеулердің кеңінен қолданылуы. Осы ретте, психология эксперименттік ғылым деп те аталады. Үшіншісі - психологияны өзге сабақтас ғылыми пәндерден ерекшелеп тұратын жайт - бұл пәннің дербестігі. Пәннің дербестігі адам жан дүниесінің сырларын зерттеуде ең алдымен оның заңдылықтарын жете білуді, әрбір адамның жеке басына тері мен сыр-сипаттарын даралап іздестіруді қажет етеді. Әрбір адам - өзінше бір дара дүние. Оның жан сарайына үңіліп, жүрек сырына терең бойлау, ондағы құпия жайттарды ұғыну — пән дербестігінің бір қыры.

Адамдар күнделікті өзара қарым-қатынас нәтижесінде бірін-бірі бақылап, бір-бірінің мінез-құлқын, істеген ісін, қылығын, еңбек-әрекетін біледі, ішкі сырларын аңғарады. Олардың сыртқы құбылыстарға бейімделуін, түрлі әсерлерге тітіркеніп, реакциялануын байқайды. Сөйтіп, бір-бірінің мінез-құлық ерекшеліктерінің өзіндік сипаттарын түсінеді. Адам психикасының сан қырлы сырларын ғылыми тұрғыдан зерттеп, олардың арасындағы айырма сипаттарын, бір-біріне тигізер ықпалын, қасиет-сапаларын, жан-күйін өмір тәжірибесіне сүйене отырып ажыратады. Мұндай ерекшеліктер ұрпақтан-ұрпаққа тіл, халықтың өнер туындылары, жасаған заттық бұйымдары арқылы мұра ретінде беріліп отырады. Халық аузындағы «Сан рет естігеннен бір рет көрген артық», «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады», «Кез жеткізбегенді, сөз жеткізеді» деген мақал-мәтелдердің бәрі де адамның әрқилы психикалық процестері мен жан жүйесінің қызметі, сыры жайында айтылған.

Жалпы психология — психика дамуының жалпы заңдылықтарын, оны зерттеу әдістерін, теориялық приициптерін және оның ғылыми ұғымдарының қалыптасу жүйесін зерттейді. Басқаша айтқанда, бұл ғылым — теориялық және эксперименттік психология деп те аталады. Жалпы психология - адамның танымы мен практикалық іс-әрекеттерін, түйсіну мен қабылдауын, ес пен қиялын, ойлау мен сөйлеуін, ерік-жігері мен сезім күйлерін, адамның өзін-өзі меңгеруінің жалпы заңдылыктарын қарастырады. Адамның жеке басындағы өзіндік психологиялык ерекшеліктері болып саналатын мінезі мен темпераментін, мінездегі жетекші ниет-тілектерді, қабілеті мен өнерді таңдай білуін т. б. ерекшеліктерін зерттейді.

XIX ғасырдан бастап психология өз алдынан эксперименттік ғылым ретінде қалыптаса бастады. 1879 жылы неміс ғалымы Вунт тұңғыш рет психологиялық лаборатория ұйымдастырды. Кейіннен 1885 жылы Ресейде Бехтеров дәл осындай лабораторияны ұйымдастырды.



Ғылым ретінде психологияның міндеті – психикалық өмірдің негізгі заңдарын зерттеу. Бұл заңдарды білу әрбір адамға қажет. Психологияны зер салып зерттеген адамның қай – қайсысы болса да өзінің күшті және осал жақтарын көре біледі, өзін - өзі тәрбиелеп, жақсы қасиеттерін жетілдіруге, кемшіліктерін жоюға мүмкіндік алады. Психологияны үйреніп білу – адамға еңбек және оқу істерінде тигізер көмегі мол. Ой - әрекетін жақсы түсінуге еске сақтауға, зейін аударуға жол ашып береді. Адамның психикалық өмірін бейнелейтін әдебиетті, тілді, тарихты және басқа қоғамдық ғылымдарды зерттеп білуде психологияның маңызы зор. Балалардың психикалық ерекшеліктерін білмейінше, оларды ойдағыдай оқытып тәрбиелеуге болмайды. Жалпы психологиямен қатар психологиялық ғылымының жеке салалары да болады. Мұғалімдер мен тәрбиешілер үшін, бала және педагогикалық психологияны оқу – тәрбие жұмысы процесін балалардың психикасын зерттеумен шұғылданады. Ол оқушыларды ойдағыдай оқытып тәрбиелеудің психикалық шарттарын зерттейді.

Психологияның, әсіресе, мұғалімдер үшін маңызы зор. Анатомия мен физиологияны жөнді білмейтін дәрігердің жұмысы қандай пәрменсіз болатын болса, психологияны білмейтін мұғалімнің де оқу – тәрбие саласындағы еңбегі нәтижелі болмайды. Осы жайлы Украинаның аса көрнекті педагогы, психолог А.С.Макаренко (1888 – 1939ж.ж.) бізге талай рет ескерген болатын. Ғылыми – техникалық прогресс елімізде осы ғылымның ұдайы дамуына ерекше ықпал жасап келеді. Кеңес психологтары әсіресе оқу ағарту, тәлім – тәрбие мәселелерінің көптеген қырларына замана талабына сай зерттеулер жүргізді. Мәселен, төменгі сынып оқушылары оқудың жаңа жүйесіне көшіруде психологтар (Л.Б.Занков, В.В.Давыдов, Д.В.Эльконин т.б.) елеулі еңбек сіңірді. Психологияның салиқалы проблемалары Мәскеу, Киев, Тбилисидегі ғылыми – зерттеу институттарында, университеттер мен пединституттардың арнаулы кафедраларында зерттеуде, осы ғылым саласындағы үздік ғылыми еңбектері үшін С.Л.Рубиншейнге 1940 жылы, Соколянский мен Мещеряковтарға 1980 жылы Мемлекеттік сыйлықтар берілді. Елімізде психология кадрлары көптеген университеттерде даярланды. 1957 жылдан бастап психологтардың Бүкілодақтық қоғамы жұмыс істеді. Диссертациялық зерттеулер үшін психология ғылымының кандидаты, докторы деген арнайы ғылыми атақтар беріледі.

Өзін-өзі тексеруге сұрақтар.


  1. Болашақ маман ретінде психологиялық білімнің қажеттігі неде деп ойлайчыз ?.

  2. Психология ғылымы нені зерттейді?

  3. Психикалық күймен психикалық үрдістердің негізгі айырмашылықтары.

  4. Тұрмыстық және ғылыми психологиялық білімдердің айырмашылығы неде ?

Әдебиеттер:

  1. Тәжібаев Т. Жалпы психология. – А.,1993.

  2. Алдамуратов Ә. Жалпы психология. –А.,1995

  3. Немов Р. С. Психология. Т 1.- М., 1998.

  4. Столяренко Л. Д. Основы психологии.- М.,1997.

  5. Жарықбаев Қ. Психология.-А.,1993.

  6. Жақыпов С.М. Жалпы психологияға кіріспе. А, «Қазақ универститеі», 2007 ж.


Жалпы ғылыми қоғамдық және жаратылыстану пәні ретінде.

Мақсаты: Психологияның пәні жайлы түсініктердің дамуның негізгі кезеңдерін қарастыру, психикалық құбылыстарды зерттеудің обьективті әдістері туралы түсінік беру.

Психология жаратылыстану және гуманитарлық пән ретінде. Психологияның пәнаралық байланысы. Психологияның пәні жайлы түсініктердің дамуның негізгі кезеңдері. Психологияның философия аясында дамуы. Антика және орта ғасыр философтарының жан және сана туралы көзқарастары. Идеалистік және материалистік бағыттар. Психологиялық әдістердің дамуы. Психикалық құбылыстарды зерттеудің обьективті әдістері. Психологияның дамуындағы ғылыми кезең. Ресейде психологияның дамуы. Психология ғылымының Қазақстанда дамуы. Отандық және шетелдік психология. Психология ғылымының басқа ғылым салаларымен байланысы.


Психологияның философия мен жаратылыстану ғылымдары қойнауынан бөлініп шығуы. Ертедегі Шығыс елдерінде, сонан соң Ежелгі Грецияда адамның тәні мен жанының сырын білуге ден қойылды. Адам тіршілігінің негізі - қан айналысына ерекше мән берілді. Тіршіліктің негізі - қан айналымындағы сұйықтық және ондағы құрам деген түсінік қалыптасты. Ертедегі Қытай медицинасында б. з. д. XIII ғасырда денені басқарушы жүрек қызметі деп санап, ол ауа тектес нәрседен жаралған деді. Ондай нәрселер организмде тегі бөлек заттармен қосылып, адамның физиологиялық тіршілігімен бірге психикалық қызметін де реттеп отырады, мұндай тіршілік адамның сөйлеу қабілетін оятып ойын дамытады деген тұжырым жасалды. Адамның ойын жүрегі билесе, ал оның сезімдік қызметін бауыры атқарады деп түсінілді.

Ежелгі Үндістан дәрігерлері адамның психикалық әрекетінің негізгі органы - жүрек, оның атқаратын қызметі біртіндеп миға ауысады деген тұжырым жасады. Темперамент жайындағы ілім іргесінің қалануы, әрбір адам өзінің даралық ерекшеліктерімен сипатталады деген ұғым ғылым тарихындағы алғашқы материалистік қарапайым түсініктерді тудырды. Ертедегі Қытай мен Үндістан дәрігерлері темперамент үш бөлшектен тұрады, олар: бастапқыда ауа тектес нәрселерден - өттен

және қан мен шырыннан кұралған, осы үш түрлі нәрсенің дене құрамындағы мөлшеріне орай адамдар бірнеше типке ажыратылады деп санаған.

Осы негіздерге сүйене отырып, Қытай дәрігерлері адамдарды мынадай типтерге жіктеген: 1) адамның бойында өттің не қан құрамының басым болуы. Мұндай адамдар күшті, батыр келеді. Олардын мінезі жолбарыс тәрізді өжет те шапшаң; 2) ауа тектес нәрселердің көптігі. Ондай адам ұстамсыз, қозғалғыш болады, маймылдың әрекетіндей әрекеттер жасайды;

3)шырынның басымдылығы -қимыл-қозғалыстың баяулығын, сабырлылықты білдіреді деп санайды.

Ежелгі психология.

Ежелгі грек жүртының ғүламалары — Гераклит (б. з. д. VI ғ.), Демокрит (б. з. д. V ғ.) жан-табиғаттың бір бөлігі, ол сол табиғат заңына ыңғайланбайды деген пікірді колдады. Демокрит психиканы (жанды) оттың атомдарындай қозғалмалы қасиет деп санады. Сонымен жан туралы алғашқы ілім-психиканы адам тәнінің қызметі деген бірыңғай материалистік түсінікті тудырды. Сол заманның ғұлама ойшылы Платон (б. з. д. 427— 347: жж.) жан-мәңгілік нәрсе, ол өлмейді, өшпейді деген қорытынды жасады. Ол бұл пікірімен өз заманында үстемдік құрған билеуші топтың мүддесін қорғап, психиканы түсіндіруде идеалистік бағытты жактады. Оның көзқарасы психологиядағы материалдық пен рухани дүнис екеуі бірдей қатар өмір сүреді деген дуалистік көзқарастың негізін салды.

Ежелгі дүние тарихында айрықша орын алатын энциклопедист ғалым Аристотель (б. з. д. 384—322 жж.) психологиялық ой-пікірді табиғи.негізге сүйеп, биолоғия мен медицина саласына бағыттады. Ол психика туралы ілімді одан әрі тереңірек зерттеп, «Жан туралы» деген еңбек жазды. Аристотель бұл шығармасында жан дүниесінін (психиканың) әрекетін шындық әдіс арқылы зерттеп, оны тәжірпбеге негіздеп құруды мақсат етті. Психология Аристотель заманында-ақ дербес сипаттағы ғылым саласына айналған-ды. Ол психиканың тәнмен бірге өмір сүретінін айта келіп, психикалық әрекеттердің басым көпшілігін материалистік тұрғыдан шешті, Платонның психика жайындағы дуалистік көзқарасын объектнвтік шындыққа, материалистік бағытқа қарай бұрды. Сонымен, Гераклит пен Демокриттің, Платон мен Аристотельдің жан жайындағы көзқарастары пси-хологиялық ілімнің келешектегі дамуына ғылыми негіз болып қаланды.

Жан жүйесі жайындағы ертедегі ілім көптегсн oйшылдар мен ғұламалардың шығармаларында өзіндік орнын тапты. Ежелгі Римнің көрнекті ойшылдары Лукреций (б. з. д. I ғ.), Гален (б. з. д. II ғ.) психолоғияның жан дүниесінің сырымен байланысты табиғи негіздерін іздестірді. Ал ұлы грек ойшылы Сократ (б. з. д. 470— 399 жж.) «өзіңді өзің тани біл» деген ұлағатты пікірін адамның жан дүниесімен, сырымен ұштастырды.

Орта ғасырлардағы жан туралы ілім.

Алайда VIII—XII ғасырларда араб тілді Шығыс елдерінде философиялық ой-пікірлер өркен жайып, ғылыми зерттеулер және адамның жан дүниесі жайындағы ілім жанданып, жаңа сипатқа ие болды. Араб тілді Шығыс елдеріндегі мәдениет пен ғылымның орта ғасырларда Еуропа мен басқа да елдерге тарап, кең қанат жаюы жалпы адам баласы мәдениетінің өркендеуіне әсер етті. VII ғасырда Халифат мемлекетінің құрылып араб тілінің мемлекеттік тілге айналуы, ислам дінінің таралуы, Халифат астанасы Бағдат пен өзге шаһарлардың өсуі оны дүниежүзілік мәдениеттің орталығына айналдырды. Аристотельдің және басқа да ғалымдардың идеялары, ашқан жаңалықтары, ой-пікірлері жаңа сипат алып, біздің аты әлемге әйгілі ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жж.), Әбу Али ибн Сина (Авиценна) (980-1037 жж.), Ибн Рошд (Аввероэс) (1126-1198 жж ) сияқты орта ғасырлық ғұламалардың зерттеулері арқылы адамның жан дүниесі жайындағы ілім өркендеді. Араб ғалымы Ибн әл-Хайсам (Әлгазен) (965-1039 жж ) Иранның медик ғалымы Закария Рази (865-995 жж ) өз еңбектерінде адам жан жүйесі жайлы сол замандардағы ғылым жетістіктеріне сүйеніп, әр алуан зерттеулер жүргізді.

Әбу Насыр әл-Фараби - сан алуан еңбектер жазып «Әлемнің екінші ұстазы» атанған данышпан ғалым.

Психология ғылымының тарихында XVII ғасырдың алатын орны ерекше. Бұл кезеңде Еуропа халықтары дамуында елеулі өзгерістер болып, психология ілімі жайында жаңаша көзқарастар қалыптаса бастады. Әйгілі ағылшын ғалымы Френсис Бэкон (1561—1626 жж.) ғылымды тәжірибелік зерттеулерге негіздеп, оның нәтижелерін адамның құралына айналдыру қажет деп санады. |ХVП ғасырдағы психологиялық ой-пікірді дамытуда: а) жанды дененің, соның ішінде адамның да жан дүниесін зерттеп, олардың кұпия сырларын ашу; ә) әрбір индивидке (жеке адамға) тән сананы, оның ішкі дүниесін бақылау арқылы өзіндік психикалық күй-жайын; б) адамның құмарлығы мен аффектті күйлерін, оның өз мінез-құлқын меңгеруін, жақсы, жаман істерге бой ұруын; в) денесінің күш-қуатын, жүйке жүйесінің қызметі мен психикалық жағдайлары ара қатынасының қандай күйде екендігін анықтауға ерекше мән берілді. Психологиялық ілімді өрістету жолындағы мұндай кезқарастарды қолдап, өздерінің еңбектерін жазған ойшылдар — Декарт (1596— 1650 жж.), Т. Гоббс (1588-1679 жж.), Б. Спиноза (1632 —1677 жж.), Г. Лейбниц (16461716 жж.), Дж. Локк (1632—1704 жж.) сияқты аттары әлемге әйгілі адамдар болды.

XVIII ғсырдағы психологиядағы эмпиризм мен ассоциациаңизм. XIX ғасырдың бірінші жартысындағы психология.

XVIII ғасырда психология ғылымында айтарлықтай өрлеу байқалып, физик И. Ньютон мен физиолог ғалым А. Галлердің (1708—1777 жж.) зерттеулері оның негізі болып саналды. Ассоциативтік психология. Ньютон ащқан әлемдік тартылыс заңы XIX ғасырдың соңына дейін өзгермейтін заң деп саналып келді. Психология тарихында ассоциацияны жалпы категориялық ұғым деңгейіне тұңғыш рет көтеріп, оны дәріптеуші — ағылшын дәрігері Гартли (1705-1757 жж.).

XIX ғасырдың бірінші жартысы — психологияның даму тарихындағы елеулі кезеңнің бірі. Бұл аралықта рефлекторлық теорияға негізделген ассоциациялық бұрынғы концепция материалистік тұрғыдан нығая түсті, оның субстраты мен ішкі бейнесінің санаға айналуын Т. Браун (1778—1820), Джемс Милль (1778 — 1830), Дж. Ст. Милль (1806—1873) сияқты зсрттеушілер қолдады. Мұндай көзқарас бойынша, біріншіден, психика түйсік пен қарапайым сезім түрлерінен тұрады; екіншіден, ассоциация бойынша — бөлшектер алғашқы да, ал күрделі психнкалық құрылымдар — елес, ой, сезім екінші деп саналады; үшіншіден, ассоциациялар осы екі топтағы психикалық процестер арқылы құрылады; төртіншіден, ассоциациялар күнделікті тәжірибе арқылы санада жиі қайталанып отыру нәтижесінде бекиді.

Ассоциациялардың жасалу барысы биология мен ж:үйке физиологиясын зерттеу нәтижелерімен анықталады. Г. Гельмгольц (1821 — 1894) ассоциацияның жасалуын сезім мүшелерінің қызметі деп санаса, ал Ч.Дарвин ассоциацияны эмоция арқылы түсіндірді. Орыс физиологы И. М. Сеченев (1829—1905) ассоциацияның физиологиялық негізін бас миы рефлексінің қызметімен ғылыми тұрғыдан дәлелдесе, Г. Спенсер (1820—1903) оны психиканың филогенездік дамуымен ұштастырып, жалпы, психика дамуы мінез-құлықтың өзгеруіне бейімделеді деді.

XIX ғасырдың 80—90 жылдарында Г. Эббингауз (1850—1909), Г. Мюллер (1850-1934) тәрізді басқа да психологтардың еңбектерінде ассоциацияның жасалу жолдары түрліше түсіндіріліп, бұл концепция одан әрі дамытылды. Психологияның XIX ғасырдың орта кезіне дейінгі дамуында бұл ғылымның дербестік сипаты айқындалып, оны зерттеушілер табиғи-ғылыми негізге жү-гінді, физиологиялық зерттеу әдістерін қолданып, биологиялық үлгіге иек артты.

Психологияның дербес және тәжірибелік ғылымға айналуы.

XIX ғасырдың ортасындағы психикалық іс-әрекет философиялық ілім жүйелеріне негізделіп, психологияның өзіндік сипаты, зерттеу объектілері мен оның әдіс -тәсілдері айқындалды.

Психологияның XIX ғасыр ортасында дербес ғылыми пәнге айналуының табиғи-ғылыми негізі — физика мен химия, физиология мен биология, дарвинизм мен рефлекс туралы ілім, сезім мүшелерінің психофизиологиясы мен психофизикалық зерттеулердің нәтижелері.

Психология пәнін өзге ғылыми пәндермен салыстыра келе, бұл пәннің тәжірибелік (эксперименттік) ғылым екендігін айқын сезіне аламыз. Бұл анықтаманың мәнісін әрбір психикалық құбылыстар мен психологиялық сипаттардың сырын, мән-жайын арнайы тәжірибелер қолданып анықтауға болатындығымен түсіндірген жөн. Осы орайда, біз бұл пәннің тәжірибелік ғылым ретінде бой көрсетуін бірқатар зерттеулерге және теориялық көзқарастарға сүйене отырып баяндаймыз.

1) В. Вундт жоне Ф. Брентано (1838—1917) көзкарастарындағы психикалық құбылыстардың әуел бастан «өзінше пайда болуы» деген пікірлердің дәрменсіздігі;

2) И. М. Сеченев зерттеулерінде организм мен оның тіршілік ортасы өзара қатынасы — алғашқы, ал психикалық құбылыстардың сол қатынастардан туындайтыны — нәтиже деп саналуы. Сөйтіп, Сеченевтың материалистік бағыт ұстап, оның сол кездегі қоғамдық тарихи жағдайға тәуелді деп қарастырылуы; 3) психолоғияның дербес тәжірибелік ғылым болып қалыптасуына тірек болған көзқарастардың философиялық және биологиялық негіздері; 4) әр кезеңде тарихи жағынан қалыптасқан, психологиялық бейнелеудің мәнін білдіретін организмнің биологиялық құрылымы; 5) организмнің бейнелеу қасиеті жайындағы аристотельдік, декарттық және дарвиндік зерттеу нәтижелері.

XIX ғасырдың ортасында психологияның дербес және тәжірибелік пән болып тарихи қалыптасуы нәтижесінде адамның жан дүниесінің сырын әр тарапты зерттеу қызу жүргізіледі. Өмір тіршілігінің мұндай талаптары психолоғияның жаңа салалары мен тармақтарының өркен жайып дамуына қолайлы жағдай тудырды.

Кеңестік психологияның дамуы.

И. М. Сеченевтың «Бас миының рефлексі» деген еңбегі Ресейдегі психология ғылымының дамуы үшін жаратылыстық-ғылыми негіз болды, сөйтіп, материалистік психологиялық ой-пікірдің дамуына күшті ықпал етті. Сонымен қатар, Қазан төңкерісіне дейінгі Ресейде Г. И. Челпановтың (1862 — 1936), кеңестік кезенде В. М. Бехтеревтің (1857—1927), И.П.Павловтың зерттеулері, Н. Е. Введенский мен A.A.Ухтомскийдің рефлекске байланысты ашқан жаңалықтары психологияның табиғи-ғылыми негізін одан әрі өрістетуге жол ашты.

Кеңестік дәуірде психология ғылымының іргесін қалауға П. П. Блонский, В. Я. Струмлинский, Қ. Н. Қорнилов, Б. М. Теплов т. б. айтарлықтай үлес қосты. Психика дамуын әлеуметтік тарихи-мәдени теория тұрғысынан зерттеп, көптеген еңбек жазғаң Л. С. Выготский (1896 — 1934), іс-әрекет психологиясының мәселелерін зерттеген С. Л. Рубинштейн (1887—1960), А.H. Леонтьев т. б. еңбектері бұл ғылымның методологиясы мен принциптерін жаңа сипатта дамуға бағдарлады. Қоғамның тарихи даму мұқтаждығының, экономика мен идеологияның, мәдениеттің өрістеуіне сәйкес кеңестік дәуірде психологияның түрлі салалары мен тармақтары дамып, жетіліп, жеке-жеке ғылыми пәнге айналды.

Қазақстанда психология ғылымының дамуы.

Психология ғылымына тікелей қатысты болмағанымен, адамның жан дүниесі жөніндегі пайымдаулар мен ой-пікірлер Қазақстанда өте ерте кездерден бастау алып, XV—XIX ғасырлардағы қазақ халқы ғұламаларының, ағартушы-демократтарының туындыларында айтарлықтай көрініс берді.

Аса көрнекті ғалым Ш. Уәлиханов шығармаларында халықтың рухы оның таным-наным түсініктерімен тығыз ұштастырылады. Ы. Алтынсарин еңбектері этникалық және балалар психологиясының қыр-сырына толы деуге болады. Сондай-ақ, Абай туындылары да туған халқының жан дүниесіне тән қарапайым сезімнен бастап кемеңгерлік ақыл-ой шыңына дейінгі мәселелерді егжей-тегжейлі қамтиды. Осы бағыттағы психологиялық ой-толғаулар мен пайымдау-түсініктер Шәкәрім Құдайбердіұлы мен өзге де ағартушы-демократтарда, ақын-жырауларда көп кездеседі.

Кеңестік кезеңде де Қазақстандағы психология ғылымының өрісі кеңейіп, оның аясы халыққа білім беру, тәлім-тәрбие істерінің мақсат-міндеттерімен сабақтасты. Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» оқулығы мен «Жан жүйесі және өнер тандау» деген туындысы — психология пәні бойынша таза ана тілімізде жазылған бірден-бір алғашқы еңбек. 1920—1930 жылдары

А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, М. Дулатовтардың оқу-ағарту, тәлім-тәрбие істерімен өзара ұштастырылған ұлттық сипаттағы психологиялық ой-пікірге толы терең мәнді еңбектер жазғаны белгілі. Сонымен қатар, С. Балаубаев,

Т. Тәжібаев, М. Мұқанов, А. Темірбеков, Ә. Ситдықов, Е. Суфиев тәрізді психолог мамандардың ғылыми зерттеулер жүргізген мәселелері, тақырыптары сан алуан. Қорыта айтқанда, Қазақстандағы психология ғылымы сан-салаға тарамдалып, қанатын кеңінен жайып өркендеп келе жатқан ғылыми пәндер қатарына жатады.

Әрқандай ғылым сияқты психология ғылымында әдістердің тұтас жүйесін пайдаланады. Қазіргі заман ғылыми психологиясында Б.Г.Ананьев бойынша зерттеу әдістерінің топтастырылуының 4 тобы қолданымын табуда:

Ұйымдастыру әдістері өз ішіне салыстыру әдісі (әрқандай топты жасы, қызметі ж.т.б. бойынша салыстыра, зерттеу); лонгитюд әдісі (бір адамды не адамдар тобын ұзақ уақыт аралығында қайталап, зерттеп бару); комплекстік әдіс (зерттеуге әртүрлі ғылымдар өкілдері қатысып, бір объектті жан-жақты, әртүрлі құралдармен зерттеу). Мұндай зерттеудің нәтижесінде сан қилы құбылыстар мен байланыстар және тәуелді қатынастарды ашу мүмкіндігі туады. Мысалы, жеке адамның физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан даму байланысы.

Бұл топқа енетіндер: бақылау мен өзіндік бақылау, экспериментальды (лабораториялық, табиғи, қалыптастырушы) әдістер; психологаялық болжау (психодиагаостика): тест, анкета, сұрақ беру, социометрия, интервью, әңгімелесу - әдістері; шығармашылық, іс-әрекет өнімдерін талдау әдістері; өмірбаянымен танысу әдістері.

Деректерді өңдеу әдістері: сандық (статистикалық) және сапалық (алынған материалды топқа жіктеу, талдау) әдістері.

Реттеу - түзету әдістері: аутотренинг, топ тренингі, психотерапиялық ықпал ету әдісі, оқу-үйрету әдісі.

Сонымен қатар психология ғылымында қолданылатын барлық зерттеу әдістерін: субьективті және обьективті деп екі топқа бөлеміз. Субьективті әдістерге жатады: бақылау, сауалнама, тест. Обьективті әдістерге жатады: эксперимент, тестер (обьективті, жобалы), модельдеу.

Бақылау, эксперимент, әңгімелеу әдісі, тест әдісі адам қызметінің нәтижесін зерттеу болып табылады.

Психология ғылымының салалары. Жалпы психология қалыпты ересек адамның психикалық қызметінің неғұрлым жалпы заңдылықтарын зерттейді.



Жас ерекшелік психологиясы адамның психикалық даму заңдылықтарын, әр түрлі психикалық процестердің (естің, ойлаудың, қиялдың, сезімнің) қалыптасу процесін және жеке адамның психикалық қасиеттерін зерттейді.

Педагогикалық психология білім беру мен тәрбиелеудің психологиялық негіздерін зерттейді және жас ерекшелік психологиясымен тығыз байланысты, өйткені, білім беру мен тәрбиелеудің психологиялық заңдылықтарын оқитындардың жас шамасын және индивидуалдық ерекшеліктерін ескермейінше ашу мүмкін емес.

Еңбек психологиясы еңбек әрекеттерінін. психологиялық негізін зерттейді, жеке адамнын белгілі бір мамандыкқа сәйкес кәсіптік маңызды қасиеттерін, еңбекті ғылыми ұйымдастыру мәселелерін зерттейді.

Әскери психологияның мадызды міндеті - әскери оқу мен тәрбиенің психологиялық мәселелерін талдау болып табылады.



Спорт психологиясы спортшыларды баулу мен тәрбиелеудің психологиялық негізін зерттеп дайындайды.

Әлеуметтік психология әр түрлі әлеуметтік қауымдардың — (топтардың, коллективтердің психикалық көріністерін (олардың, көңіл күйін, қоғамдық пікірін, еліктеуін т. б.), топтар мен коллективтердегі адамдар арасындағы өзара қатынастар сипатын, олардағы жеке адамның алатын орнын зерттейді. тәрбиелік әсерінің. тиімділігін зерттейді.

Медициналық психология психотерапия, психогигиена мәселелері, дәрігерлер мен аурулылардың карым-қатысы мәселелерімен айналысады.

Патологиялық психология адамдардың нормальды психикалық қызметінің бұзылуының әр түрлі формаларын, нормальды психикалық дамудың әр түрлі ауытқуларын зерттейді.

Салыстырмалы психология (бұрын бұл зоопсихология деп аталатын) психологияның салалары ішінен ерекше орын алады, өйткені ол жануарлардың психикасын зерттейді.

Психология диалектикалық-материалистік көзқарасты қалыптастыруда, адамдардың атеистік тәрбиесінде үлкен роль атқарады. Шындығында да, психикалық құбылыстарды материалистік тұрғыдан түсіну адамды идеалистік ұғымдар мен нанымдардан азат етіп, өзінің жан-жүйесін түсінуіне, алғашында жұмсақ болып көрінген фактілерге ғылыми жауап табуға мүмкіндік тудырады.

Психология психикалық құбылыстардың табиғатын, танымдық, эмоциялық, ерік-жігерлік қызметтің заңдылықтарын, жеке адамның психикалық қасиеттерінің қалыптасу зандылықтарын зерттейтін болғандықтан, оны адамдар белгілі бір карым-қатыста болатын жерде, адамның саналы, мақсатты қызметі жүзеге асатын жерде, барлык жерде білуі қажет. Бұл білім әсіресе, жеткіншек ұрпаққа тәрбиелеу және тиянақты білім беру практикасында қажет.

Өзін-өзі тексеруге сұрақтар.



  1. Психология қай уақыттан дамып келеді?

  2. Психологияның дамуының кезеңдеріне сипаттама беріңіз?

  3. Қай уақыттан бастап тәжірибелік ғылым ретінде дами бастады?

  4. Ғылыми зерттеу әдістері дегеніміз не?

  5. Табиғи эксперименттің бақылаудан айырмашылығы қандай?

Әдебиеттер:

  1. Тәжібаев Т. Жалпы психология. – А.,1993.

  2. Алдамуратов Ә. Жалпы психология. –А.,1995

  3. Немов Р. С. Психология. Т 1.- М., 1998.

  4. Столяренко Л. Д. Основы психологии.- М.,1997.

  5. Жарықбаев Қ. Психология.-А.,1993.

  6. Жақыпов С.М. Жалпы психологияға кіріспе. А, «Қазақ универститеі», 2007 ж.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет