Тақырып: «Әйел жыныс мүшелерінің анатомиясы мен физиологиясы»
Жоспар:
1. Сыртқы жыныс мүшелері
2. Ішкі жыныс мүшелері
3. Жыныс мүшелерінің иннервациясы мен тамырлануы
4. Етеккір циклы.
5. Аналық без циклы
6. Жатыр циклы
Әйел жыныс мүшелері ішкі және сыртқы болып бөлінеді.
1. Сыртқы жыныс мүшелеріне: қасаға, үлкен және кіші жыныс еріндері, клитор, қынап сағасы, бұтаралығы және сыртқы және ішкі жыныс мүшелерінің шекарасы - қыздық перде жатады.
Қасаға (mons pubis) – екі шабтың арасында, іш пердесінің ең төменгі жағында орналасқан, тері асты майына бай алаң. Жыныстық жетілу жасында қасаға үстін түк басады. Әйел адам жыныс мүшесінің түктенуі - жоғары жағынан көлденең өтетін, екі жанынан шаб қыртысымен шектелетін үшбұрышты пішінді (ерлердікі ромб тәрізді) болады.
Үлкен жыныс еріндері (labia majora pudendi) – қасағадан бұтаралыққа қарай тігінен орналасқан, тері асты майына бай қыртыс. Жыныс еріндері бұтаралық тұсында қосылып қынаптық артқы сағасын құрайды. Үлкен жыныс еріндерінде тері, май бездері көп.
Кіші жыныс еріндері (labia minora pudendi) үлкен жыныс еріндерінің астында орналасқан тері қыртысы. Үстіңгі жағынан клиторға, астыңғы жағынан үлкен жыныс ернінің төменгі үштен бір бөлігіне жалғасады. Кіші жыныс еріндерінде май бездері көп.
Клитор (clitoris) кіші жыныс еріндерінің жоғары бөлігінде орналасқан, еркек мүшесіне ұқсайтын, тек көлемі жағынан кішкентай, сырты жұқа терімен қапталған, іші қуыс
жыныстық сезім мүшесі. Жыныстық құштарлық артқан кезде клитор қуысы қанға толып, көлемі ұлғаяды.
Қынап сағасы (Vestibulum vaginae) – жоғары жағынан клитормен, төменгі жағынан үлкен жыныс еріндерінің біріккен тұсымен, екі жанынан кіші жыныс еріндерімен шектелген алаң. Қынап сағасының түбін қыздық перде, немесе оның қалдығы құрайды. Қынап сағасына уретра, май бездері ашылады.
Қыздық перде (Hymen perineum) – дәнекер тінінен жасалған, бойынан етеккір қаны мен қынап сұйығы ағып шығатын тесігі (тесіктері) бар перде. Алғашқы жыныстық қатынаста қыздық перде бұзылып, оның орнында жалбыраған тін қалады.
Бұтаралығы немесе екіаралық (perineum)-қынаптың артқы сағасы мен тік ішек аралығында орналасқан тері-бұлшық етті жер. Босану кезінде екіаралық қатты керіліп, жыртылуы мүмкін.
2. Ішкі жыныс мүшелеріне қынап, жатыр, жатыр түтіктері, аналық бездер жатады.
Қынап (vaginae, colpos) – ұзындығы 10-12 см болатын, жоғары жағынан жатыр мойнымен, төменгі жағынан қынап сағасымен шектелген қуысты мүше. Қабырғасы 3 қабаттан: сыртқы-сір; ортаңғы-етті; ішкі-шырышты қабаттан тұрады. Шырышты қабаты - көп қабатты жалпақ эпителиймен қапталған, қызғылт түсті, көлденең қыртысты болады. Босанған әйелдерде қыртысы жазылып, қынап көлемі ұлғаяды. Жүктілік кезінде қынаптың қызғылт түсі көгілдір түске (цианоз) өзгереді. Қынап жоғары жағынан жатыр мойнымен ұштасып, 4 күмбез құрайды: алдыңғы, артқы, оң және сол. Артқы күмбез басқаларынан терең болады. Бұл еркек спермасының қынапта тұрақтап, жатырға өтуіне мүмкіндік береді. Қынаптың артқы күмбезі арқылы диагностикалық зерттеулер мен ем түрлері жүргізіледі.
Жатыр (uterus, metra, hyster) көлемі тауық жұмыртқасындай, алмұрт пішінді, салмағы 50см, ұзындығы 7-8 см болатын қуысты, етті мүше. Жатыр 3 бөлімнен тұрады: жатыр мойны, мойындылығы, денесі. Жатыр мойны жыныстық жетілмеген, бұрын босанбаған әйелдерде конус тәрізді, жыныстық жетілген, босанған әйелдерде цилиндр тәрізді болады. Жатыр мойындылығының бойында өзек өтеді. Ол сыртқа жұтқыншағымен қынапқа ашылса, ішкі жұтқыншағымен жатыр қуысына ашылады. Бала тумаған әйелдерде сыртқы жұтқыншақ нүкте тәрізді, ал босанғандарда көлденең саңылау тәрізді болады. Жатыр өзегінің бойында бактериоцидтік әсері бар шырышты сұйық болады. Ол қынап бойының микробын жатырға жібермей ұстап тұрады.
Жатыр мойындылығы - жатыр мойны мен жатыр денесінің аралығындағы, ұзындығы 1 см болатын бөлігі. Жүктіліктің соңғы айларында одан жатырдың төменгі сегменті қалыптасады.
Жатыр денесі 3 қабаттан тұрады: ішкі шырышты – эндометриум, ортаңғы етті – миометриум; сыртқы сір – периметриум деп аталады. Шырышты қабаттың өзі функционалды және базалды қабатшалардан тұрады. Етеккір циклы кезінде шырышты қабат қалыңдап, шырынданып, ұрықты қабылдауға дайындалады. Етеккір кезінде функционалды қабат сыпырылып, етеккір қаны болып ағып шығады. Етеккір тоқтағаннан кейін базалды қабат клеткаларының арқасында, функционалды қабат қайта қалпына келеді.
Жатыр, кіші жамбас қуысында, қуық пен тік ішектің аралығында, түбі қуыққа қарай сәл еңкейіп орналасқан.
Жатыр түтіктері (tubae uterinae) - жатырдың жоғарғы екі бұрышынан басталып, кіші жамбастың бүйір қабырғаларына қарай созылып жатқан, ұзындығы 10-12 см болатын қуысты мүше. Жатыр түтіктері 3 бөлімнен тұрады: а) интерстициалды-жатырдан шыға беріс бөлігі, диаметрі 0,5мм.
б) истмикалық-ортаңғы бөлігі, диаметрі үлғаяды.
в) ампулярлық-ең кеңейген, диаметрі 5-10 мм болатын, сыртқы салпыншақ бөлігі.
Түтіктің қабырғасы 3 қабаттан тұрады: сыртқы - сір; ортаңғы - етті; ішкі – шырышты. Шырышты қабат цилиндрлі кірпікшелі эпителимен қапталған. Кірпікшелі эпителий мен түтіктің толқынды жиырылу нәтижесінде, түтіктің салпыншақ бөлігіндегі ұрықтанған ұрық жұмыртқасы жатырға жылжып түседі. Яғни түтік ұрық жолы болып табылады.
Аналық без (ovarium, oopharon) – көлемі 3,5-2,5-1,5см болатын, жұп жыныс безі. Ол эстроген, прогестерон гормондарын бөледі. Аналық бездің сұр затында (әртүрлі даму дәрежесінде) фолликулалар орналасқан. Бұл фолликулалардың біреуі етеккір келген уақыттан бастап жетіле бастайды. Фолликула ішінде аналық жасуша өсіп жетіледі. Фолликуланың пісіп жетілуі кезінде, аналық без эстроген гормонын өндіреді. Етеккір циклының қақ ортасында, пісіп жетілген фолликула жарылып, овуляция болады да, аналық жасуша фолликуладан шығып, жатыр түтігіне түседі. Жарылған фолликула орнында сары дене пайда болып, ол келесі етеккір келгенше прогестерон гормонын бөледі. Егер әйел жүкті болса, кезекті фолликуланың пісіп жетілу процесі тоқтайды да, сары дене прогестерон өндіруін жалғастыра береді.
3. Жыныс мүшелерінің иннервациясы мен тамырлануы.
Сыртқы жыныс мүшелері «жыныс ерні» артериясымен тамырланады. Одан екіаралыққа, қынапқа, тік ішекке тармақтар тарап қанмен қамтамасыз етеді. Ішкі жыныс мүшелері «жатыр» және «аналық без» артериясымен тамырланады. Жатыр артериясынан шығатын қынаптық тармақпен қынаптың жоғарғы бөлігі тамырланады. Ал төменгі бөлігі срам артериясы мен тік ішек артериясынан тамырланады. Әрбір артериямен қатарласып екі вена өтеді. Жыныс мүшелері «срамный» нервпен тамырланады. Ішкі жыныс мүшелері жоғарғы және төмен жамбас жүйкелерімен, аналық без, қынап жүйкелерімен тамырланады.
4. Етеккір циклы деп дені сау, жыныстық жетілген әйел организмінде, әсіресе жыныс мүшелерінде ай сайын ырғақты қайталанып отыратын процесті айтады.
Етеккір циклының ұзақтығы 21 күннен 35 күнге созылады. Орташа есеппен 28-30күн. Етеккір циклы - соңғы келген етеккірдің алғашқы күнінен, келесі айда келетін етеккірдің алғашқы күніне дейінгі уақыт аралығы.
Етеккір циклы 5 жүйемен реттеледі:
мидың сұр заты
гипоталамус
гипофиз
аналық жыныс безі
жатыр.
Мидың сұр заты қоршаған орта әсері мен әйелдің ішкі ортасынан келетін хабарларды қабылдап, екінші жүйе – гипоталамусқа жібереді. Гипоталамуста, мидың сұр затынан келген хабар әсерінен релизинг гормондар, яғни гормон өндіруші заттар өнеді. Олар гипофизге әсер етіп, онда фолликула өндіруші және лютеинді гормондарды өндіреді. Бұл гормондар аналық безге әсер етіп, онда өз 2 гормон: эстроген, прогестеронның өнуіне себепші болады. Ал бұл екі гормон жатырға әсер етіп, онда ай сайын 4 түрлі құбылыстың жүруін қамтамасыз етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |