Негізгі әдебиет: 1-3, 5-8.
Қосымша әдебиет: 1-4, 5-6.
№10 лекция тақырыбы: Қазіргі қазақ тіліндегі терминденуші лексика. Жалпы қолданыстағы сөздердің, кәсіби, диалект, көнерген т.б. сөздердің терминденуі
Лекция тезистері:
Жалпы кез келген тілдің терминологиялық лексикасының түзілуіне негіз болатын екі көзі бар. Оның бірі – ұлттық тіл, екіншісі – өзге халықтардың тілдері. Алғашқысы – терминжасамның ішкі көзі, ал кейінгісі сыртқы көзі деп аталады.
Бұл көздердің термин шығармашылығында пайдаланылуы – ғылым–білімнің даму деңгейіне, ұлт тілінің қоғам өмірінде алатын орнына тікелей байланысты. Қазақ терминологиясы мәселелерін зерттеуші Ш.Құрманбайұлының айтуынша, қазақ тілінің терминологиялық лексикасын құрайтын терминдену тәсілімен жасалған терминдердің елеулі бөлігі – ұлттық әдеби тілдің құрамындағы жалпы қолданыстағы сөздер негізінде жасалған. Жалпы қолданыстағы сөз термин қатарына өткенде өзінің бастапқы лексикалық мағынасынан айрылып, мүлде жаңа ұғымды белгілеу мүмкін. Мысалы жалпы қолданыстағы күмбез сөзі мешіт, сарай тағы басқа құрылыстардың сәнді өрнектермен әшекейленген шаңырақ тәрізді төбесі және әдемілігімен көзге түсетін әшекейлі құрылыс деген мағынаны білдіреді. Ал геологиялық терминологиядағы күмбез термині “биіктігі жүздеген метрден мыңдаған метрге дейін жететін; көміліп қалған не қазіргі вулкан конусы” деген ұғымды білдіреді.
Қазақ тіліндегі терминдердің елеулі бөлігі калькалаудың түрлі тәсілдері арқылы жасалған. Терминологиядағы жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі арқылы жасалған терминдердің енді бір бөлігінің таңбаланушылары да, таңбалаушылары да, өзінің жасалуына негіз болған сөзбен сәйкес келеді. Жалпы қолданыстағы сөз терминологиялық өріс ішінде бұрынғы мағынасынан бөлек, арнайы мағынаға ие болады.
Тіліміздегі жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуінің екі түрлі жолын көрсетуге болады. Бірінші – халықтың ұғымында бұрын болмаған ғылым мен техниканың, өнердің даму барысында ашылған жаңа ұғымды ұлттық тілде бұрыннан бар сөзбен белгілеу. Екіншісі – халықтың ұғымында бұрыннан бар ұғымның атауымен қоса, жалпы лексикалық өрістен белгілі бір терминологиялық өріске өтуі. Бұл жағдайда ғылым мен техниканың даму деңгейі мен терминологиялық жүйесінің талабына сәйкес ұғым жаңа сапалық белгілерді иеленеді. Сөздің лексикалық мағынасын құрайтын белгілерінің орнын (кейбір белгілері сақталуы мүмкін) ғылыми немесе арнаулы ұғым алмастырады.
Қазақ терминологиясында диалектілік лексиканың терминденуі арқылы жасалған терминдер жиі болмаса да кездеседі. Диалекті сөздің білдіретін ұғымы мен терминдік ұғымның ұқсастығына (қою, қоймалжың және азықтық қасиеттеріне қарай) орай термин жасалынған. Осы сынды Алматы облысының Нарынқол, Кеген аудандарында қолданылатын құжат сөзі қазір өз мағынасында жұмсалатын терминком ресми бекіткен терминдердің қатарында екені белгілі.
Терминжасамның ішкі көзін құрайтын өзге лексикалық қабаттармен қатар казір өте сирек қолданылатын көнерген сөздер де терминдер қатарын молайтуға өзіндік үлес қосады. Әр түрлі лексикалық қабатқа жататын сөздердің терминденуі де көп жағдайда осы аталған ұқсастықтарға негізделеді. Тілімізде пассив қоладынылып келген сөздердің мағыналарын жаңғыртып, терминдік мағына жүктеу арқылы кәдеге жарату көбінесе кейінгі жылдары көрініс бере бастаған құбылыс. Мысалы: кеден, егемендік, орда, сарбаз, жасақ, қазы сияқты сөздердің қолдану белсенділігі артып, терминдік мағынада жұмсалып жүргендігі соның айғағы дейміз.
Терминдер қатарын толықтыратын лексикалық қабаттың бірі – кәсіби сөздер болып табылады. Кәсіби сөздердің терминдерге ұқсас жағы екі топтағы лексика да белгілі бір кәсіппен, арнаулы саламен шектеледі. Осы ұқсастықтарына сәйкес олар бір ғана арнаулы лексиканың шеңберінде қарастырылады. Қазіргі қазақ тіліндегі терминденуші лексиканың басқа да көздері бар.
Достарыңызбен бөлісу: |