Әңгiмелеу (сұхбат).
М. Мақатаевтың «Шындық туралы» өлеңін оқып, мысал келтіріп, өлеңді талдаңдар .
Шындық көзге шұқиды қашаннан да,
Шыбын жаның шындықтан қаша алған ба?
Ар ақиқат үкімі жасалғанда,
Қолға тұрар ноқтасыз асаулар да.
Қолға тұрар қулар да, зұлымдар да
Ат жалынан мал тапқан жылымдар да,
Арамзаны, ұрыны жұлып түспей
Ақиқаттың алмасы суынған ба?
Шындық деген шымылдық біреулерге,
Қалқа қылып шындықты жүрер пенде
Шымылдығын шындық кеп жұлып алса,
Шыбыны ұшып, бейшара кірер жерге.
Сұрақтар:
1. Адамды адам ететін қандай қасиеттерді білесің?
2. Адамның жағымды жақтарын қалай байқауға болады?
3. Өмірде өздерің үлгі тұтатын адамдарды атаңыздар?
4. Өмірде адамдарды байланыстыратын қандай күш бар?
Оқушылар өз ойымен бөліседі
Мәтінмен жұмыс
Түлкі мен ешкі Ыбырай Алтынсарин
Бір түлкі жүгіріп келе жатып, абайсызда бір терең апанға түсіп кетіпті. Шыға алмай тұрғанда, бір ешкі су іздеп жүріп, әлгі апанға кез болып, түлкіні көреді.
— Ей, түлкі батыр, не қылып тұрсың? — депті.
— Ой, не қыласың, жаным жай тауып тұр. Қырда әрі сусап, әрі ыстықтап өліп едім. Апанның іші әрі салқын, әрі түбінде тұп тұнық суы бар екен, — депті түлкі.
Мұны естіп ешкі: «Мен де салқындайын, әрі су ішейін», — деп ойлап, секіріп апанға түсіпті. Сонда түлкі секіріп ешкінің үстіне мініп, онан мүйізіне табан тірепті де, ырғып далаға шығып, жөніне кетіпті.
«Өтірікке алданба, басың бәлеге душар болар» деген сөз осыдан қалыпты
-Түлкінің айтқаны шындыққа жата ма? Неліктен?
-Әрдайым шындықты айтқан жөн бе?Неліктен?
-Өз өмірлеріңнен шындықпен жол тапқан мысалдар келтіріңдер.
-«Түлкі мен ешкі»ертегісінен не үйрендіңдер? Айтып беріңдер.
Сұрақтар:
Түлкі қайда түсіп кетеді?
Ол ешкіге не деп айтты?
Түлкінің айтқаны шындыққа жата ма? Неліктен?
Түлкінің бойында қандай қасиеттер бар?
Әрдайым шындықты айтқан жөн бе? Неліктен?
Өз өмірлеріңнен шындықпен жол тапқан мысалдар келтіріңдер.
Оқушылар өз ойымен бөліседі
|