Сахиев Жүніс. Су әлемінің саздары. ғылыми-фантастикалық роман. «Фолиант» баспасы, Астана – 2008



бет21/39
Дата26.01.2018
өлшемі9,74 Mb.
#34042
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   39

Осылайша айрықша кеме атына ие болған «Жайын» қыз табылған су асты аймағын тағы бір мұқият шарлап өтті. Мұхит бетіне шығуға асыққан жоқ. Ғалымдардың пікірінше, қыз жағынан қандай да бір іздеу дабылы болуға тиісті еді. Ал қыз болса да әзірге түсінікті тілде сөйлей алмайды. Оның сөзі де, ойы да әуендеген бір ғажайып дыбыспен шектеледі. Қыздың бұл дыбысы не құстардың сайрағаны мен сыбызғыдан шыққан үн, не бәрі біркелкі сияқты. Мұндай да дыбыс шығаратын адам баласының болатының ешқайсысы да болжап білмеген бұл сәтке дейін. Тек бұл дыбыс мұхит әлемінде тіршілік ететін кейбір тіршілік иелерінің дыбыстарына тән. Бірақ дәл ұқсас емес. «Жалпы, өзі осы дыбысымыз бен сөзіміздің түгі-төркіні су астында жатқан жоқ па екен? Дыбыс шығаруды да, сөйлеуді де әуелі құстар мен хайуанттардан үйренген жоқпыз ба? Әуелгі дыбыстау да сыбызғы-сырнайдан бастау алған жоқ па?» деп те толғанған Айдынбек. Тек бұл ойын ол әзірге ешкімге де жарияламаған. Айтатын да кез емес, дәл қазір. Су астының құпиясы қашан да мол. Мына кездейсоқ табылған қыз сол мың сан құпиялардың бірі ғана. Оның өзі де әзірге толығымен анықталған жоқ.

Айнала-төңіректегі қорғаушы кемелердегілерге жиі-жиі бағыт-бағдар, ақыл-кеңес берумен бірге Айдынбек кыз бар бөлімді де жиі бақылайды. Оның көңіл-күйіне, жеген тамағына, зердесіне назар аударады. Қыз өткенде жарық сәуле сияқтанып, қабырғада елес болып көрінсе, енді бар сиқырынан айрылғандай бір бөлмеде жападан-жалғыз отыр. Ол көріністің бейтанысы сол кемедегі күрделі құралдар арқылы жасалғаның Айдынбек те, басқалар да жақсы біледі. Қазақ Ғылым академиясында болған құпия мәжілісте оның бәрі де айтылған, талданған болатын. Сондықтан да оның жайын білгенде, оның жайын талдағанда еш саспайды. Қыз да Айдынбек кірген сайын оған отты көздерін қадап, ішінен бірдемені тілегендей, бірдемені сұрағысы келгендей күй кешеді. Тек тіл жоқ. Бірақ Айдынбек одан күдерін үзген жоқ. Дамыған елдің өкілімен бірде болмаса да бірде тіл табыса алатынына кәміл сенеді. Аспайды да, саспайды да. Ең бастысы, қыз қолда. Сенімді каютада. Одан әргісі бола жатады.

Тұтқынға біржолата түскенін қыз да сезеді. Оның реңінен мына өмірден түнілгені аңғарылмайды. Рас, алғашында оның жағдайы қиындау еді. Ашыққан, тоңған, әлсіреген болатын. Айдынбектің қатаң бақылауымен көптеген дәрігерлік көмек көрсетілді. Денсаулығы күрделі дәрігерлік құралдар арқылы мүқият тексерілді. Енді қорқыныш жоқ. Айдынбек соған қарамастан қыздың денсаулығын жиі-жиі қадағалайды. Раушанына жетіп, пәтерінде тып-тыныш демалған күндерінде де мұны үмыта алмай тықыршыған. Онымен қоймай бұл қыз жанында, бір кеменің ішінде болса да, күн сайын түнгі ұйқы кезінде түсіне енеді. Түс емес-ау, бәрі де тап қазіргідей. Ол енді шын мәнінде шындыққа айналып келеді. Тек адам айтса нанғысыз шындық. Сол қиялға бергісіз шындыққа көз жеткізу үшін келген мұнда Айдынбек.

Бұл жолы да екеуі қыз тамақтанатын орынға бармады. Тілдесе де алмады. Бірақ оның есесіне Айдынбек қыз денесінің ерекше нәзіктігінен, өзіне жарасымды қимыл-қозғалысы мен қызға тән қылықтарынан ләззат алды. Қызбен әрбір жүздесуден кейін Айдынбектің бойында ерекше бір күш-жігер пайда болады. Батылдығы артады. Ал сапарлас ғалымдар оны басқаша түсінген. Олардың ешқайсысы да Айдынбектің осы қызға деген махаббат сезімі оянды деп әсте ойламайды. Ойлағылары да келмейді. Өйткені, бәрі де жұбайы Раушанды жақсы таниды, оның қолынан дәм татпағандары кемде-кем. Енді сол дәмдерін аңсау да керек сияқты. Бір жағынан Раушанның өзі де өздеріне үлкен сенім артқан жоқ па. «Жайынға» жеткізіп салатын әуе кемесіне мінер алдында Айдынбекпен қоштасқаннан кейін өздеріне қарап, әзіл-шынын араластыра: «Айдынбекті өздеріңе табыс еттім. Жолдарың болсын. Аман-есен оралуларыңа тілектеспін», - деп көзіне жас та алған. Тек Раушан ба, бәрінің де жұбайлары мен ұл-қыздары қимай шығарып салған. Қанша дегенмен де су асты ғарыштан артық болмаса, кем қатерлі кеңістік емес. Солай бола тұрғанмен де адам-пенденің қай сапарда да аман-есен болғаны жақсы ғой. Әрине, әуеге адам көбірек құмар. Бүгінде кім- кім де әуе кемесімен қанатымен қалықтап ұшып кете береді. Ұшу деген де, қону деген де оп-оңай-ау. Тек су астында дәл ондай еркіндік жоқ.

Қанша дегенмен де су асты әлемінің жөні басқа. Мұнда да жеке су асты сүңгуірлеріне мініп алып ғажайып әлемді шарлайтыңдар табылады. Тек мұнда әуеге қарағанда қатер көп. Сондықтан да кей жағдайларда бұлар су асты сапарына түсерде жұбайлары мен балалары, туған-туыстары бірге келіп, қашан сүңгуір кеме суға батып кеткенше қол бұлғап тұрады. Тек содан кейін ғана олар жан-жаққа тарасады. Сондай әсерлі қоштасудан кейін ғалымдар Раушанды, босаған коңілін, көз жасын ұмытпай қалған. Кейде болмаса да кейде Айдынбекті бейтаныс қыздан қызғанатындары да содан. Ал бірақ қыз оны түсінсін бе? Жас жүрегінде махаббат сезімі оянбағанның өзінде де, қазіргі жалғыз жақын-танысы да, бауыр басатыны да осы Айдынбек. Тіл білмесе де ол Айдынбектің қандай дәрежедегі кісі екенін, қандай істің нағыз маманы екенін жақсы сезеді. Мәдени дамуы жерліктерден әлдеқайда жоғары елден келген бұл қыз түгілі, санасыз, тілсіз деген тұлпардың өзінің де көп нәрсені аңғаратыны бар емес пе? Үстінде отырып жарақаталған, адасқан иесін ауылына тастамай алып келген ат немесе тұлпар аз ба?! Қатты шаршаған немесе дала ұрысында қатты соққы алған иесінен кетпей пысқырынып, шыңғырып тұрып алатын аттар ше? Ал иесін алып кете алмаған жағдайда елге келіп, үйінің алдында пысқырынып, алдыңғы тұяқтарымен жер тарпып белгі беріп тұрып алатыңдары да аз емес.

Ал онымен салыстырғанда көз алдарындағы мына қыз саналының саналысы, сұлудың сүлуы емес пе еді? Айдай ауызы, күндей көзі бар деп суреттесе де тұрарлық. Осы суасты кемелерінде арынды бір ақын болса, баяғыда-ақ қызға арнап тұтастай бір поэманы да шығарып тастар еді-ау. Мұндағылардың бәрі де тек ғылыммен айналысатын, өлең шығармақ түгілі сөзді де көркем деп айта алмайтын ойшыл кісілер. Іштерінде тек Ай­дынбек қана әуен құмар, күй құмар. Айдынбек жасынан домбыраға әуестенген. Бірнеше күйде тартқан. Тек осы ғылым саласына біржолата беріліп кеткен сон ба, оған мойны жар бермей кеткен. Кезінде ол күйшілер тобында да болып еді-ау. Жоғары оқу орнында студент болып жүрген кезде домбыраның ләззатын көргендей-ақ көрген-ді. Соның бәрі де жай нәрсе емес, Айдынбектің әуенге деген ерекше қабілеті мен сезімінің барлығын білдіретін факторлар еді. Әйтпесе сол оқып жүргенде күйшілердің құрамына ілікпесте еді. Содан да олар әркез: «Қолына домбыра ұстамаған, бір күй де шерте білмеген қазақ өзін қалайша қазақпын деп санар екен?» депте қоятын. Бірақ өз іде көп күй тарта алған жоқ. Соның есесін алғысы келгендей күйді көп тыңдауға көшкен. Әрбір күйдің шығу тарихын сол себепті де жақсы біледі. Екеуі үйленген кезде бірде-бір күй шерте білмейтін Раушан да бүгінде одан құралақан емес. Екеуі қосылып ән салғанда жиналғандар қос әншінің концертін тамашалағандай ерекше бөлек ләззат алып, қайта-қайта айтуларын сұранатын. Мына қызда ғалымдардың пайымдауларын ша, туа біткен дарынды бір әнші сияқты.

Өзінің қимыл-қозғалысы, қарауы мен әуендетіп дыбыс шығаруы тап соны дәлелдейді. Бұл қызбен өзі де әуенге қабілеті бар, оны бүкіл жан дүниесімен терең түсіне алатын адам ғана тіл табыса алмақ. Ал ондай қабілет бойында жоқ адам қызға тек қана жиіркеніш пен тітіркеніс қана тудыратын сияқты. Әуен мен саздан еш хабары жоқ адамды қыз алыстан таниды. Ондай адам жанына жақындай қалса, ол сескеніп, көзін аша түсіп, тап ұшқалы отырған үкіге ұқсап, әбіржіп, жан-жағына жиі-жиі жалтақтай қарап қашуға дайындалғандай бір күй кешеді. Соның өзі-ақ түсінген адамға ыңғайсыздық сезімін тудырады. Соны сезген біршама адамдар да қызға жақындауды қойған. Жебеуші қызға тіпті де барған емес. Олар қыздың хал-жағдайын тек Айдынбек арқылы ғана біліп келеді. Бірақ осылай бола тұрсада ғалымдардың көбі дерлік бей­таныс, туыстыққа да, ұлтқа да үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қыздың не себепті тек Айдынбекке ғана бауыр басып қалғанын түсіне алмады. Әрі ондай бауырластыққа сенім білдірген жоқ. Айдынбек белгілі ғалым әрі өздерінің талантты басшысы болғандықтан оны ерекше қорғайды. Қыз қанша сүлу, қанша ақылды, жоғары саналы болса да ғалымдар үшін Айдынбектің амандығы қымбат. Ал қыз оны қайдан түсіне қойсын. Ол арада әжептеуір уақыт өтіп қалса да, өзінің қай­дан, неге келгені жөнінде әзірге ешқандай да түсінік мәлімет бере алған жоқ. Өзін тұтқынға алғандардың не себепті осы маңды айналшықтап жүзіп жүргендерін де, мұхит бетіне не себепті шықпай қалғандарын да түсінбейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет