2. Тіл дамыту әдістемесінің басқа ғылымдармен байланысы. Тіл дамыту әдістемесі қазақ тілімен тығыз байланысты мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорын дамыту, қазақ тілінің лексика тарауының ережелеріне сүйенеді. Сонымен қатар балабақшада мектепке барғанға дейін бала ана тіліміздің барлық грамматикалық формаларын мысал түрінде меңгеріп баруы қажет. Сондықтан тіл дамыту әдістемесі қазақ тілінің грамматика тарауыменен тығыз байланыста дамиды.
Мектеп жасына дейінгі балалардың жай және құрмалас сөйлемдердің түрлерін толық ажырата алатындай дәрежеге жеткізілуі қажет. Бала бұл сөйлемдерді мысал түрінде меңгергенмен тәрбиеші құрмалас, жай сөйлемдердің қолданылу ерекшеліктерін, ережелерін өзі толық меңгеруі тиіс. олай болса тіл дамыту әдістемесі қазақ тілінің синтаксис саласында да сүйенеді. Бақшада бала тілінің дыбыстық мәдениетін қалыптастыру, тіліміздегі дыбыстарды толық айтуға үйрету, жеке сөздерді буындарға бөліп үйрету жұмыстары да тіл дамыту сабақтарының басты бөлігі болып саналады. Олай болса тіл дамыту әдістемесі қазақ тілінің фонетика тарауының ережелерімен тығыз байланысты. Әрбір топты балаларға сөздердің дұрыс айтылуын меңгерту тәрбиеші алдына қойылатын басты міндеттердің бірі. Олай болса тіл дамыту әдістемесі қазақ тілінің орфоэпия тарауының заңдылықтарына да сүйенеді.
Тіл дамыту әдістемесі психологиямен тығыз байланыста дамиды. Психология – психикалық құбылыстарды атап айтқанда түйсік пен қабылдау, елес пен ой, сезім мен тілек, бейімділік пен қабілет, ерік сапалары мен мінез белгілерін зерттейді. Осы аталған психикалық құбылыстардың, мысалы түйсік пен қабылдаудың, елес пен ойдың сөйлеу процесіне тікелей қатысы бар. Сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасау, пікір алысу, басқаның сөзін ұғыну психологияның жәрдемін керек етеді. Өйткені тілдік жүйе адамның санасында сақталады. Заттың біздің санамызда сақталған атауымен байланысты психологияның байланысты болып табылады. Адам ауызекі тіл арқылы қарым-қатынас жасағанда да немесе жазба тіл арқылы қатынас жасағанда да белгілі бір мазмұнды білдіріп қана қоймайды. Сонымен бірге сол мазмұнға өзінің қатынасын да білдіреді. Сонда тіл ойды білдірудің құралы ғана емес, көңіл-күйді білдіретін де құралы болып есептелінеді. Сондықтан мектеп жасына дейінгі бала тілін дамыту оның санасына, сезіміне, еркіне, есте сақтауына, қабылдауына байланысты жүргізіледі. Яғни тіл дамыту әдістемесі психологиямен тығыз бірлікте жүргізгенде ғана мектеп жасына дейінгі бала тілінің дұрыс жетілуіне ықпал етеді.
Тіл дамыту әдістемесі адам анатомиясы және физиологиямен тығыз байланысты. Сөйлеу әдетте тіл дыбыстарынсыз және олардың айтылу, қабылдау процестерінен тыс болуы мүмкін емес. Ал процестерді сөйлеу аппаратында тіл дыбыстарының жасалу жағынан да сөйлеген сөздерді, есту мүшелері арқылы қабылдау жағынан да анатомиямен физиология зерттейді.
Тіл дамыту әдістемесі мектепте дейінгі педагогикамен тығыз байланысты. Мектепке дейінгі педагогика мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу, білім беру, дамыту туралы және оның негізгі заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Тіл дамытудан ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде балаларда үйретілетін көркем шығармалардың әрқайсысының тәрбиелік мәні бар. Сол көркем туындылар арқылы берілетін тәрбие мектепке дейінгі педагогика қамтитын тәрбиенің түрлеріне байланысты болады. Олай болса тіл дамыту әдістемесі бала тілін дамытуда педагогиканың негізгі заңдылықтарын ескереді.
Тіл дамыту әдістемесі мектепке дейінгі педагогика тарихымен тығыз бірлікте дамиды. Өйткені педагогикада бір күнде пайда болған ғылым емес, оның да өзіндік даму тарихы бар. Сол педагогиканың әр кезеңдегі оқыту, тәрбиелеу әдістерінің ішінен мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуға әсер ететіндерін таңдап алып, оқу іс-әрекетінде пайдалану тәрбиешіден үлкен шеберлікті қажет етеді.
Тіл дамыту әдістемесі көркем әдебиетпен тығыз бірлікте дамиды. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда қолданылатын әдіс-тәсілдердің барлығы көркем әдебиет мысалдары арқылы жүргізіледі. Яғни тәрбиеші қай топта болмасын тіл дамытудан ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін өткізгенде негізгі құрал ретінде сабақ мазмұнына сай ертегілерді, әңгімелерді, мақал-мәтелдерді, жаңылтпаштарды, жұмбақтарды, тақпақтарды кеңінен пайдаланылды.Тіл дамыту әдістемесі бастауыш сыныпта ана тілін оқыту әдістемесі мен бірлікте дамиды. Өйткені балабақшада сөздік қоры дамыған, байланыстырып сөйлеуге үйренген, дағдыланған, грамматикалық формаларды мысал түрінде меңгерген әріптерменен буындарды ажыратуға үйренген бала мектепке келгеннен кейін сол алған түсініктерін ережелер арқылы толықтырып әрі қарай кеңейтеді. Сондықтан бастауыш сыныпта ана тілін оқыту әдістемесі балабақшадағы тіл дамыту әдістемесінің жалғасы болуы қажет.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты.Бүгінде Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл құқығына ие болуы, «Білім беру Заңының», «Орта білімді дамыту тұжырымдамасы», «Үздіксіз тәрбиенің тұжырымдамасының» қабылдауы ұрпақ тәрбиесіне жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді. Қазақстан Республикасының орта білімді дамыту тұжырымдамасының жобасында: «Білім берудің мектепке дейінгі сатысы дайындық кезең ретінде орта білім алудың үздіксіз жүйесіне кіреді. Мектепке дейінгі сатыда тәрбие жұмысының негізгі мақсаты қоғамда оқи және өмір сүре білетін баланың жалпы дамуы болып табылады. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемелерінің әр типтілігіне қарамастан ортақ негізгі функциялары бар», — деп атап көрсете отырып, оларды:
- баланың физикалық психикалық саулығын қорғау;
- баланың ақыл-ойын және тұлғасының дамуын қамтамасыз ету деп бөледі.
Бұл сана сезімі ұлттық психология негізінде қалыптасқан, дені сау, білімге деген қызығушылығы жоғары, өздігінен іс-әрекет жасау дағдыларын менгерген тұлға даярлап шығару мектепке дейінгі мекеменің міндеті екенін білдіреді. Осы міндет балабақшаларда жүргізілетін тәрбие жұмыстары негізінде жүзеге асырылады. Баланы мектепке даярлауда олардың байланыстырып сөйлеу, сөздік қорын байыту, түсіндіре білу шеберлігіне көп көңіл бөлінеді.
Ал «Үздіксіз тәрбиенің тұжырымдамасының жобасында», «Мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиенің мазмұны, түрлері» атты V тарауда: «Балабақшадағы тәрбиенің арқауы – ана тілі « деп айрықша көрсеткен. Ана тілі – баланың ойлау қабілетін жетілдіріп, өзіндік іс-әрекетін дамыту, тәлімдік қарым-қатынас ұйымдастыру, эстетикалық сезімін қалыптастыру міндеттерін жүзеге асырудың ең басты құралы делінген.
Соңғы жылдары жарыққа шығып құжаттардың қай-қайсысында болмасын балабақшада берілетін тәрбиелеу мен білім беру ана тілі арқылы танылып, анық сөйлеу тілі арқылы жүзеге асады.Тіл дамыту әдістемесі мектеп жасына дейінгі бала тілін қалыптастыруға бағытталған педагогикалық қызметтің заңдылықтарын зерттейтін ғылыми пән.Әдістеменің басты міндеті ғылыми педагогикалық негізде бала тілін дамытудың тиімді әдістері мен тәсілдерін таңдай білу. Сондай-ақ бұл курстың тағы бір міндеті балалардың ауызша сөйлеу тілін өзінің жолдастарымен, үлкендермен сөйлесе білу дағдыларын қалыптастыру.
№3 Тіл дамыту әдістемесінің ғылым болып қалыптасуы
1. Тіл дамыту әдістемесінің ғылым болып қалыптасуы.
2. Б.Баймұратованың тіл дамыту әдістемесіне қосқан үлесі. Оның бала тәрбиесіндегі ана тілінің рөлі туралы пікірлері.
3. А. Байтұрсынұлы, Г.К. Дүкенбаева, Х. Қожахметова және т.б. еңбектері.
1. Тіл дамыту әдістемесінің ғылым болып қалыптасуы. Ұлы Қазантөңкерісінен кейін біздің республикамызда да мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінің жұмысы жедел дамыды. 1917 жылы 1 мамырда Верный қаласында тұңғыш балабақша ашылды. Бұл бақшаға әртүрлі ұлттан тұратын 100-ге жуық бала қабылданды. 1922жылданбастап республикада балабақшаға арнап қызметкерлер даярлайтын әйелдер курстары ашылды. Сөйтіп 2 жылда 80 тәрбиеші даярланды. 1926-1929 жылдары республикамыздың алыс аудандарына мектепке дейінгі киіз үй, көшпелі киіз үй, қызыл отау секілді мектепке дейінгі мекемелердің жаңа түрлері ашылып, олар алыс комиссариатының шешімі бойыша мектепке дейінгі тәрбие туралы конференция ұйымдастырды. Бұл конференцияда тәрбие әдістері, сауат ашу, мектеп пен балабақшаның байланысы деген мәселелерге көңіл бөлінді.
1938жылғы 1 мамырда Алматы қаласында мектепке дейінгі тәрбие жөніндегі Республикалық методикалық кабинет ашылды. Осы кабинеттің негізінде тәрбиешілер даярлайтын 3, 6, 9 айлық курстар жұмыс істей бастады және бұл курстарда сабақ қазақ тілінде жүргізілді. Курсты бітірушілер алыстағы аудандарға жұмысқа жіберілді. Осы кабинеттің ашылуымен байланысты балабақша жұмыстары жандандырылып балабақшаға арналған программалар, методикалық еңбектер шығарыла бастады. Алғашқыда бақшаға арналған программа орыс тіліндегі программаның негізінде аударылып жасалды. Соңғы шыққан программа сауат ашу бөлімі қазақ алфавитіне негізделіп, ал көркем әдебиет бөлімі қазақ балалар әдебиетінің туындыларынан алынып жасалды.
1950-1960 жылдарда мектепке дейінгі мекемелердің жұмысына арналған ғылыми зерттеулер қарқынды жалғасты. Осы кезеңде тіл дамыту сабақтарындағы балалардың сөздің грамматикалық құрылысын жақсы меңгерулері үшін қандай әдіс-тәсілдерді пайдалану керектігі сөз болды. Мектепке дейінгі тәрбие мәселесінің қалыптасуының жаңа кезеңі 1959 жылғы 21 мамырдағы орталық комитеттің «Мектепке дейінгі тәрбие мекемедегі оқыту мен тәрбиелеуді жақсарту шаралары туралы» қаулыға байланысты. 1964 жылы шыққан программада балалардың жас ерекшеліктеріне сай шығармалар таңдау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. 1960-1970 жылдар арасында республикадағы мектепке дейінгі мекемелердің саны 5,2 есе, ал оңдағы тәрбиеленетін балалардың саны 5,6 есеге дейін өсті. 1981-1982 оқу жылына арнайы шығарылған программа, мектепке даярлық топтарына арналған оқу тәрбие жұмысына көңіл бөлінді.
2. Б.Баймұратованың тіл дамыту әдістемесіне қосқан үлесі.Оның бала тәрбиесіндегі ана тілінің рөлі туралы пікірлері. Қазақ балабақшаларына арнап еңбектер жазған, ғылыми зерттеулер жүргізген ғалымдардың бірі педагогика ғылымдарының кандидаты Б.Баймұратова. Оның «Мектеп жасына дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту», «Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту методикасы», «Балаларды мектепке даярлау», «Біздің кітап» т.б. еңбектерін атап өтуге болады.
Баймұратова Бәшен 1926 жылы тамыз айының 7 жұлдызында Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданындағы Никитинка елдi мекенiнде қарапайым еңбекшiнiң отбасында дүниеге келген. 16 жасында Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданында шығатын «Социалистiк майдан» газетiне 1942 жылы әрiп терушi болып жұмысқа кiрiстi. Өзiнiң еңбегi арқасында сол газеттiң жауапты хатшысы қызметiне дейiн көтерiлдi. 1945 жылы Алматы қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесiне оқуға түсiп, оны 1949 жылы аяқтап, ұстаздық еңбек жолын Алматы облысы Райымбек ауданындағы Тұзкөл ауылында бастауыш сыныпты оқытудан бастады.
Бұдан былайғы барлық еңбек жолы мектеп жасына дейiнгi бүлдiршiндер мен бастауыш сынып оқушыларына сапалы бiлiм, үлгiлi тәрбие беру жұмыстарымен тiкелей байланысып жатты. 1951 жылы Қазақтың педагогикалық институтының қазiргi Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет қазақ филология факультетiне түсiп, 1955 жылы бiтiрiп, Алматы облысы Каскелең ауданындағы С.М.Киров атындағы орта мектепте оқу iсi жөнiндегi директордың орынбасары қызметiн атқарды. 1957 жылы Ы.Алтынсарин атындағы педагогика ғылымдарының ғылыми-зерттеу институтына аға ғылыми қызметкер болып орналасты. Тәрбиешiлер мен ұстаздарға арнап ғылыми-әдiстемелiк бағдарламаларды, оқу құралдарын жазды. 1967 жылы «Мектеп жасына дейiнгi сәбилердiң (3-4 жастағы) сөйлеу ерекшелiктерi» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. 1966-1976 жылдары мектеп жасына дейiнгi педагогика секторын меңгердi; 1976-1980 жылдары осы институтта бастауыш бiлiм беру және мектепке дейiнгi әдiстемелiк бөлiмiнде аға ғылыми қызметкер мiндетiн атқарды. 1980 жылдан бастап сол бөлiмнiң меңгерушiсi.
70-тен аса мектеп жасына дейiнгi балалардың тәрбиесi мен бастауыш сынып оқушыларына арналған бағдарлама, оқулықтар мен оқу құралдарын, әдiстемелiк кiтаптары мен мақалаларын жазды. Оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы еңбегi ескерiлiп, Ұлы Отан соғысының жеңiсiне 50 жыл толуы қарсаңында медаль берiлдi. Ғалым-ұстаз «Қазақстан Республикасы бiлiм беру iсiнiң озық қызметкерi» және «КСРО бiлiм беру iсiнiң озық қызметкерi» белгiлерiнiң иегерi. Оқу-ағарту саласындағы ғылыми еңбектерi ескерiлiп, оған «Қазақстанның еңбек сiңiрген мұғалiмi» деген құрметтi атақ берiлiп, Ы.Алтынсарин медалi тапсырылды.
«Байланыстырып сөйлеу тілін дамыту» деген еңбегінде бақшаға арнаған бағдарлама бойынша тіл дамыту сабақтарын жоспарлау және мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу ерекшеліктерімен дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамытудың тәсілдерімен әдістеріне тоқталады және осы еңбектің соңында жоғары топтарда өтілетін кейбір сабақтардың жоспарын берген. Байланыстырып сөйлеуге үйретудің негізгі әдістері мен тәсілдеріне:
Сөздік жұмысын жүргізу,
Дидактикалық ойындар ойнату,
Түрлі заттардың атын айтқызып салыстыру.
Жұмбақ шешкізу, сурет арқылы әңгіме құрастыру, серуенге, топсаяхатқа шығару жұмыстарының ерекшеліктерін нақты мысалдармен дәлелдеп көрсеткен.
«Балалар тілін дамыту методикасы» деген еңбегінде балабақшадағы әр топтағы балалардың сөздік қорының қандай дәрежеде болатындығын төмендегі цифрлар арқылы дәлелдейді. Мысалы: 2 жастағы балалардың сөздік қоры – 500 сөзден астам;3 жасар баланың сөздік қоры – 1200;4 жастағы балалардың сөздік қоры – 1900, ал даярлық тобындағы балалардың сөздік қоры – 2500-3500 сөзге дейін. Ал өзінің жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде мектеп жасына дейінгі балалардың сөзді меңгеруі жанұядағы, бақшадағы жүргізілетін тәрбие жұмыстарына байланысты деген қорытынды жасайды. Бақшадағы әр топтағы балалардың сөйлеу деңгейлерінің бағдарламалық талапқа сай болуы сабақтарда қолданылатын әдіс-тәсілдерге де байланысты екендігін көрсетеді. Бұл соңғы еңбегінде Б.Баймұратов төмендегідей 9 жұмыстың түрін атап көрсеткен:
1. Оқылған шығарма бойынша сұрақ қойып жауап алу.
2. Балаларға антоним, синоним, омоним сөздерді меңгертіп, сол сөздердің ерекшеліктерін ажырата алатындай дәрежеге жеткізу.
3. Түбір сөздерді әр түрлі формада қолдана білуге үйрету. Мысалы: бас, басшы, бастық, бастама т.б.
4. Берілген сөздерге теңеу табу. Мысалы. қызыл алма, тәтті алма, алтын күз, суық күз.
5. Белгілі бір тақырып бойынша балалардың өздеріне әңгіме құрастыру. /жыл мезгілі, отбасы, достары туралы т.б/
6. Суреттермен жұмыс/жеке адам,еңбегі,өмірі,табиғатқа байланысты/
7. Топсаяхатқа шығару
8. Дидактикалық ойындар арқылы балалар тілін дамыту.
9. Өздерінің көрген білгендері бойынша әңгімелесу.
Сонымен қатар автор бұл еңбегінде әр топтағы өткізілетін тіл дамыту сабақтарының үлгі жоспарларын бере отырып, тіл дамытуды басқа пәндермен қалай байланыстыру керектігіне тоқталады. Мысалы, тіл дамыту сабағымен көркем әдебиеттің байланысын жеке, нақты мысалдар арқылы бала тілін дамытуға қандай әсері болатындығын дәлелдеген. Еңбектің соңында тіл дамытудан пайдаланатын дидактикалық ойынның мазмұны берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |