Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы ғылыми-педагогикалық журнал вестник таразского государственного педагогического института научно-педагогический журнал



бет8/20
Дата05.11.2016
өлшемі5,84 Mb.
#906
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   20
1.Организация самостоятельной работы студентов. -Проблемы лингвистики на рубеже веков: Материалы республиканской научно -теоретической конференции.- КарГУ. - Караганда: Изд-во КарГУ, 2010.- С. 462-469.

2.Межпредметные связи в обучении- Современные проблемы образования и науки в начале века: - КарГУ. - Караганда: Изд-во Санат, 2001. - С.169-172 .

3.К проблеме обучения методики преподавания.- Наука и образование - ведущий фактор стратегии "Казахстан 2050 ": Изд-во КАЗГУ им. Аль-Фараби ,2012. - С. 111-112.


Аннотация. Социально – экономические достижения суверенного Казахстана, расширение международного сотрудничества обуславливают необходимость обеспечения качественного прорыва в профессиональной подготовке кадров, квалификационно соответствующих мировым стандартам, что особо подчеркнуто в Президентской стратегии развития Казахстана до 2050 года и Государственной программе развития образования в республике Казахстана на 2011 – 2020 годы. В этих условиях изучение языков выдвигается в качестве образовательных приоритетов как одного из инструментов международного взаимодействия.

Аnnotation. Socio - economic achievements of sovereign Kazakhstan, expansion of international cooperation necessitate providing a breakthrough in vocational training, qualification relevant international standards that emphasized the Presidential Development Strategy of Kazakhstan until 2050 , and the State Program of Education Development in the Republic of Kazakhstan for 2011 - 2020 . In these circumstances, language nominated as educational priorities as a tool of international cooperation.

ӘОЖ 930.26

К 62

ТАРИХТА КӨНЕ ТҮРІКТЕР ӘЛЕМІНІҢ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
М. Керімбеков

Тараз мемлекеттік педагагогикалық институты, Тараз қ.
Көне түріктер жайлы жазылған белгілі ғалым, тарихшы, этнограф Лев Николаевич Гумиловтың «Көне түріктер» атты зерттеу еңбегінде: «Ежелгі түріктердің қуатты мемлекеті-түрік қағанатының туу, даму және құлау жолын зерттеп, тарихи проблемалардың кең көлемді мәселелерін; түріктердің саяси өміріне, тіліне, тұрмысы мен дініне, мәдениетіне жеке Орталық Азия көшпелілерінің екі дәуір – ежелгі заман мен орта ғасыр заманы тоғысар кездегі географиялық қоныс – өзгерістеріне көп көңіл бөлгені» - кітаптағы түсініктемеден айқын аңғарылады. Автордың өз сөзіне жүгінсек: «Бұл кітап 1935 жылдың 5 желтоқсанында басталған еді. Содан бері ол бірнеше рет қайта өңделіп, толықтырылды. Алайда ол көне түріктер тарихына байланысты мол материалдың бәрін сарқып, барша проблемаларды қамти алмады. Сондықтан да зерттеуді жалғай беру құр тілек қана емес, қажетті де іс болып отыр» - [1] деген пікірінде салиқалы терең ой жатыр. Бұл ойды өзге ұлттардың бірі түсінсе, бірі түсінбей аңызға айналған көне түріктер әлемін ойша шарлаумен келеді. Кітапты қазақ тіліне аударған аудармашылар Ә.Жұмабаев пен П.Бейсеновтің қажырлы еңбек еткені көрініп тұр. Бұл еңбек аса құнды да маңызды.

Профессор Лев Николаевич Гумилевтің «Көне түріктер» атты зерттеу еңбегі көпшілік оқырман қауымға арналғанмен түрік әлемін зерттеуші ғалымдарға, көне түрік әлемі бойынша жаңалығы мол еңбек болып табылады.

Кіріспедегі автор ойлары кеңестік ғалымдардың қабырғасын қайыстырып, талайының төбе шашын тік тұрғызғанмен, ол кезеңде көбісі тайсалып, темір торға түсуден сақтанып, түрік әлемін зерттеуден бойын аулақ ұстағаны белгілі. Автор өз басына төнген қауіптен де тайсалмай, өз ойын ашық айтып, алғаш рет тарихи тұрғыда көне түрік әлемінің алтын есігін айқара ашады. Тақырыптың аса маңызды екеніне көзі жеткен автор , өз ойын түйіндеп ашық жазады: «... Адамзат тарихы тіпті де біркелкі зерттелмеген. Европа мен Таяу Шығыстағы оқиғалар мен қоғамдық формациялар алмасуының жүйелілігі көпке түсінікті жанама еңбектерде, тіпті ХІХ ғасырдың соңғы кезінде баяндалып, Үндістан мен Қытай ХХ ғасырдың бас кезінде сипатталған болса, Еуразия даласының ұланғайыр жері зерттеушісін әлі күтіп жатыр. Бұл әсіресе Орталық Азия далаларында тамаша екі халық, өз атын шығарып үлгермеген басқа халықтар құрылып барып, құрып кеткен кезеңге тарих сахнасына Шыңғысхан шыққанға дейінгі кезеңге жатады» - деп, автор өз ойын кең толғайды. Көне түріктер әлемін зерттеуші ғалымдардың аздығына қынжылады. Шығыстағы құпиясы көп, теңдесі жоқ түрік әлемін жаңаша зерттеуді нұсқайды:

«... Әлем тарихының аясынан алып қарасақ, көне түрік халқы мен оның өзінің,ол құрған мемлекеттің тарихы: түріктер неліктен пайда болып, сосын тіпті де өз жұрағаттары болып табылмайтын көптеген халықтарға атын беріп, неге құрып кетті? – деген сауалға келіп тіреледі. Осынау мәселені тек саяси тарихты немесе әлеуметтік қарым-қатынасты талдау арқылы шешу жолында талай-талай талпыныстар жасалса да, одан ешбір нәтиже шықпады» - [-1-4-б.] деп, ғалым өз ойын ашық айтып, ғылыми негізде жорамал жасайды.

«... VI ғасырдың аяқ кезінде Түрік қағанатының шекарасы батыста Византиямен, түстікте Персиямен, тіпті Үндістанмен, ал шығыста Қытаймен тұйықталған десек, осы бір елдер тарихының қысыл-таяң жәйіттері, біз сөз етіп отырған кезеңде түрік мемлекетінің тағдырымен байланысты болғаны өзінен-өзі түсінікті. Түрік мемлекетінің құрылуы бүкіл адамзат тарихында белгілі дәрежеде бетбұрыс кезең болды, өйткені сол кезге дейін Орта теңіз мәдениеті мен Қиыр шығыс мәдениеті, бір-бірінің дүниеде бар екенін білсе де, басы қосылмаған еді. Шетсіз – шексіз далалар мен заңғар таулар Шығыс пен Батыстың қарым-қатынасына кедергі жасады. Тек кейінірек барып, Темір үзеңгіні жасау және арба орнына теңдеу әбзелдерін ойлап табу керуендердің шөлдер мен асулардан көп қиналмай, оңайырақ өтулеріне жағдай жасады» - [1] деп, түркі әлемін VI ғасырдың аржақ, бержағымен шектеледі. Ашығын айтқанда, бірінші қағанат түріктері (546-658 ж.ж.) мен көк түріктер – екінші қағанат түріктері (678-747 ж.ж.) және кейінгі көшпелі Ұйғырлар хандығы жайлы (747-847 ж.ж.) деректермен тұйықталады.

Дегенмен ғалым-тарихшы алыстан болжап, түрік әлемінің ашылмай жатқан құпиясының өзіне белгілі жағын ғана ашық айтады: «Міне, осындай хал-ахуалға ұшыраған түріктер тек арадағы дәнекер рөлін атқарып қана қоймай, сонымен бірге өз мәдениетін де дамытып, оны Қытай, Иран, Византия, Үндістан мәдениетіне қарсы қоюға болады деп есептеген. Осынау өзгеше дала мәдениетінің, сүйексіңді дәстүрлері (ырымдары мен тыйымдары - К.М.) мен терең тамырлары бартұғын, бірақ, біз онымен, отырықшы халықтар мәдениетіне қарағанда, болмашы дәрежеде ғана таныспыз. Мұның себебі, әлбетте, түріктердің, басқа да көшпелі халықтардың көршілерімен салыстырғанда, дарын-қабілетінің кемдігінен емес, олардың материалдық мәдениеті жәдігерлерінің – киіз, тері, ағаш пен ұлпан-тастан гөрі нашар сақталатынында, міне сондықтанда батыс европалық ғалымдар арасында көшпелілер «адамзаттың арам тамағы» (Виолле ле-Дюк) деген пікір пайда болған. Қазіргі таңда Оңтүстік Сібірде, Монғолия мен Орта Азияда жүргізіліп жатқан, археологиялық жұмыстар бұл пікірді жылма-жыл жоққа шығарып келеді, енді көп ұзамай-ақ көне түріктердің көркем өнері жөнінде әңгіме қозғайтын да күн туады әлі» - [1-5 б.] деп, ғалымның алдын-ала болжап айтқан пікірі көп ұзамай шындыққа айналды. Көп кешікпей көне түркілердің Отаны – Қазақстан жерінен табылған «Алтын киімді адам», әлемді таңдандырды. Алтыннан киім киген елдің тарихы – көне түріктен де бұрынғы халқымыздың тарихынан сыр шертеді. Көне тарихтың көп нәрсені жасырып жатқанын ескертеді. Тарихты терең зерттей білген ғалымдар көне түріктердің тарихына қызыға қарайды. Ғұлама ғалым өзінің күмәнді ойларын ысырып тастап, түріктер жайлы тарихи кезеңдерге батыл түрде шолу жасайды.

Тарихтың өрт-жалынында: «Түрік» аты өшпеді. Қайта ол өршіп, Азияның жартысына тарады. Араптар Соғдиананың теріскейінен әрі қарай жатқан қалың жауынгер көшпелілерді «Түріктер» деп атап кетті де, олар осынау атты шын көңілден қабылдап алды, өйткені оның әуелгі иелері (көне заманғы ата-бабаларымен) жер бетінен құрып кетпегеннен кейін, дала тұрғындары үшін ержүректік пен батырлықтың өшпес үлгісіне айналды. Жүре келе «Түрік» термині тағы бір құбылып, тіл ұясының тұрақты атауына айналды. Сөйтіп (ырымдар мен тыйымдар сияқты – К.М.) VI-VII ғ.ғ. Ұлы Қағанат құрамына ешқашанда кірмеген көптеген халықтар мен тайпалар «Түрік» атанып кетті. Олардың кейбіреулері, мәселен, Түрікпендер, Османдар, Әзербайжандар сияқты, тіпті монғол тектілерден еместі. Ал, басқалары Якуттардың арғы атасы – Құрықандар, Хакастардың арғы атасы – Қырғыздар – Түрік қағанатының хас жауы болды. Үшіншілері көне түріктердің өздерінен де бұрын құрылған еді, олар, мәселен, болқарлар мен шуваштар болатын. Қазіргі кезде «Түрік» терминінің ең көп таралған лингвистік түсінігінің өзінің белгілі бір негізі бар: көне түріктер сонау Ғұндар дәуірінде кәмелетке жетіп, толысып, ІІІ – V ғ.ғ. қысылтаяң қиын заманда анабиоз жағдайында болған дала мәдениетінің ізгі бастауларын жарқын дамытып, өмір-тіршіліктің игілігіне айналдырды» - [1-5 б.] деп, тарихшы-ғалым «Түрік» сөзінің құпиясын аша түсті». Бұл ғалымдар түсінігін бір жүйеге келтіруге мүмкіндік жасады.

Екі бөлімнен құралған «Көне түріктер» туралы еңбектің бірінші бөлімі «Ұлы Түрік қағанаты» (аударған Ә.Жұмабаев) 18 тараудан тұрса, екінші бөлімі «Көк түріктер мен Ұйғырлар немесе екінші қағанат дәуірі» (аударған П.Бейсенов) 12 тараудан тұрады. Барлығы отыз тарауды қамтыған. Л.Н.Гумилевтің «Көне түріктер» жайлы зерттеу еңбегі – теңдесі жоқ, қайталанбас еңбектердің қатарынан орын алады. Кітап соңындағы синхронистік, генеологиялық, ономастикалық кестелердің де алатын орны ерекше.

Шетел ғалымдарының түріктер жайлы құнды еңбектері кітаптағы пайдаланылған әдебиеттермен нақтыланған. Бұл еңбектерді зерттеп, жинақтай отырып, түрік мәдениетінің көне заманғы даму, жетілу, орнығу заңдылықтарын, жаңалықтарын ашу -ғасырлардан ғасырларға ұласады.

Көне түріктер әлемін зерттеу – ғалымдар үшін оңай шаруа емес. Ауыз әдебиетіндегі деректердің археологиялық, фольклорлық деректермен ұштасуы – көне түріктер әлемін жарқырата түсетіні анық.



Түркі әлемін жан-жақты білетін ғалымдар – тілдің даму кезеңдерін салыстыра отырып зерттейді. Көне түркі тілі мен әдебиеті, мәдениеті, әдет-ғұрпы мен дәстүрі, діні, ділі, рәсімдері мен ырым-тыйымдары халықпен бірге жасап, бірге дамып келеді. Осы жағдайды жан-жақты зерттеген қазақтың ғалымдары да баршылық. Атап айтқанда көне түріктер әлемін зерттеген академик Ә.Қайдаров пен профессор М.Оразовтың «Түркітанушыға кіріспе» оқу құралдарында (-Алматы: «Қазақ университеті», 1992, - 248-бет) көне түркі тілдерінің зерттелуін басты-басты бес тарауға бөліп қарастырады. Ол еңбекте:

  1. Түркі тілдерінің зерттелуі;

  2. Түркі тілдерін салыстырмалы – тарихи тұрғыдан зерттеу;

  3. Түркі тілдерінің дамуы мен қалыптасу кезеңдері;

  4. Түркі тілдерінің жіктелуі;

  5. Қазіргі түркі тілдері туралы айтылады.

Аталған тарулар бойынша ғалымдар түркі тілдерін салыстырмалы – тарихи зерттеулер нәтіижесінде салыстырмалы фонетика, грамматика, лексика талаптары тұрғысында құнды материалдарды жинақтаған. Ғалымдар түркі тілдерінің дамуы мен қалыптасуындағы басты-басты кезеңдерді тарихи дәуірлерді негізге алып, ғылыми жүйеге келтірген. Нақтылап айтқанда, түркі тілдерінің дамуы мен қалыптасу кезеңдерін 6 дәуірге бөліп қарастырады:

  1. Түркі тілдерінің қалыптасуындағы алтай дәуірі (б.з.д. ІІІ ғ.);

  2. Түркі тілдерінің дамуындағы ғұн дәуірі (б.з.д. ІІІ ғ. – б.з.V ғ.);

  3. Түркі тілдерінің дамуындағы көне түркі дәуірі (V – Х ғасырлар);

  4. Түркі тілдерінің дамуындағы орта ғасыр дәуірі (Х – ХV ғасырлар);

  5. Түркі тілдерінің дамуындағы жаңа дәуір және жеке түркі тілдерінің қалыптасуы (ХV – ХХ ғасырлар);

  6. Түркі тілдерінің дамуындағы ең жаңа дәуір (ХХ ғасырдан қазіргі кезеңге дейінгі).

Түркі тілдерінің дамуы мен қалыптасу кезеңдерінде тілдердің жіктелуі де ерекше көзге түсіп отырған. Ғалымдар көне түркі тілдерінің жіктелуін басты-басты үш топқа бөліп қарастырады.

  1. Батыс ғұн тілдері;

  2. Шығыс ғұн тілдері;

  3. Қырғыз – қыпшақ тілдері – деп топтайды.

Аталған кезеңдер мен топтарда көне түркі тілдерінің дамуы жайлы ғылыми түсініктер берілсе, қазіргі түркі тілдерін тағы да бес топқа бөліп қарастырған:

  1. Түркі тілдерінің бұлғар тобы: (чуваш тілі);

  2. Түркі тілдерінің оғыз тобы: (түрік, әзірбайжан, түрікмен, ғағауыз, салар тілі);

  3. Түркі тілдерінің қыпшақ тобы: (қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қарайым, қарашай-шалқар, құмық, қырым-татар тілі);

  4. Түркі тілдерінің қарлұқ тобы: (ұйғыр, өзбек, ұйғыр-оғыз тобы, яқұт (саха), хакас, тува, тофолор, шор, сары ұйғыр тілі);

  5. Түркі тілдерінің қырғыз-қыпшақ тобы: (қырғыз, алтай және басқа түркі тілдері).

«Түркітануға кіріспе» жай ғана оқулық емес, түркі тілін жүйелі зерттеген, жаңалығы мол оқулық. Ғалымдар Ә.Қайдаров пен М.Оразов «Түркітануға кіріспе» оқу құралының басты мақсатында: түркі тілдерінің зерттелу тарихынан, олардың топтастырылуы, жіктелуі жайынан мәлімет беру, әрбір түркі тілінің өзіндік ерекшеліктерімен таныстыру, олардың бір-бірінен алыс-жақындығын ажырата білуді үйретуге көп назар аударған.

Оқу құралының алғы сөзінде:

«Қай халық болмасын өзінің тарихын, әдет-ғұрпын, әдебиеті мен мәдениетін, тілін, өзінің этникалық тарихын жете білуге ерте кезден-ақ қызығатындығы анық. Түркі халықтары, соның ішінде қазақ халқы үшін де бұл сезім жат емес. Қазақ халқының ауызша таралып, ұрпақтан-ұрапаққа мирас болып келе жатқан шежірелері, аңыз-әңгімелері, ырымдары мен тыйымдары, мақал-мәтелдері т.б. жанрлары түркі әлемі айтылған пікірлерді дәлелдей түседі.

Әр халықтың тарихын, мәдениетін, әдебиетін, тілін, дінін, ділін (менталитетін - М.К.)жете білу оңай жұмыс емес. Тіпті ғылыми негіздері айқын болмаса да шежірелерде түріктің ата тегін Нұқ (с.с.ғ.) пайғамбар мен байланыстыру да кездеседі.

Қазіргі ғалымдар пікірінің тарихи шындыққа жақын келуі – көбіне тілге тығыз байланысты екендігінде дау жоқ. Ой түйінін – тіл арқылы басқаға жеткізе білу – көне заманнан келе жатқан қағида. Тіл - тарихтың айнасы.

Тілді зерттеу арқылы – көне түркі тілдерінің даму кезеңдерін жан-жақты білуге болады.

Қазіргі таңда тіл тарихын зерттеген ірі ғалымдардың бірі Мархабат Томанов туралы «Егемен Қазақстанда» (18 ақпан, 2012 ж.) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Анар Салқынбайдың «Тіл тарихын зерттеген кемел ғалым» деген тақырыбындағы мақаласы жарық көрді. Онда Мархабат Томановтың көп жылғы еңбегіне шолу жасаған. Тілге байланысты құнды да маңызды еңбектерімен қоса түркі тарихының көне ескерткіштеріне де тоқталған. Әсіресе «Көне түркі жазуының (Орхон - Енесей) ескерткіштері» (1963), «Махмұд Қашғари түркі тілдерінің фонетикалық құрылымы туралы» (1971), «Көне түркі жазба ескерткіштері – қазақ тілі морфологиясының тарихын зерттеудің көзі болып табылады» (1977) деген еңбектері түркі тілінен сыр шертеді.

Профессор Анар Салқынбай тіл ғылымы туралы: «Мархабат Томанов сондай-ақ, түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасын жазып, түркітануға үлкен үлес қосты. Ежелгі деректерді кешенді түрде жан-жақты салыстыра зерттеу арқылы түркі тілдерінің фонетикалық және морфологиялық құрылысының басты ерекшеліктерін ашып көрсетті. Түркі тілдерінің негізгі жүйелілік ерекшеліктерін анықтап, оларға тән ортақ белгілерді көрсетіп берді. Әлеуметтік, экономикалық, тарихи ерекшеліктеріне сәйкес қазіргі түркі халықтарының тарихи этногенездік тұрғыдан (тектілік жағынан – М.К.) әр диалектіде сөйлеген тайпалардан құралғанын ескере отырып, әдеби тілді қалыптастырған негізгі арнаны тауып, тілдегі басты заңдылықтарды анықтады. Соңғы мың жарым жыл бойында түркі халықтары басқа халықтармен жиі қарым-қатынасқа түсіп, өте кең көлемді мекенді жайлап, түркі тектес емес тайпалардың тілдерін ассимиляциялап, түркілік сипат бергенін дәлелдеді» - деген пікірді ашық айтады.

«Қазақ тілі – түркі тілдер тобындағы біршама жас тіл ретінде де таныла бастағаны белгілі. Оның дамудың күрделі процестерінен өткен өзіндік грамматикалық құрылымы, қалыптасу тарихы бар тіл екеніне қарамастан, Кеңес заманындағы түркітану ғылымының аса білімпазы саналған. Үлкен, беделді ғалым С.Малов қазақ тілін ең жас тілдердің қатарына жатқызады. Қай кезде де беделді ғалымдардың айтқан пікіріне қарсы дау айтып, жаңа көзқарас білдіру оңай болмаған ғой. Қазақ тілінің өзге түрік тілдерінің қай-қайсысымен салыстырғанда да, бастау бұлағы – ортақ, даму жолы – бір, сондықтан оның кейін шыққан жас тіл бола алмайтындығын терең ғылыми пайымдаулармен, тарихи деректермен дәлелдеген ғалым да М.Томанов еді. Ол С.Маловтың пікіріне қосыла ала алмайтынын жасырмай, ойын былайша тұжырымдайды: ...» қазақ тілінде ұяңдар мен қатаңдардың арақатынасы да шамалас, рт, лт, ит тәрізді көне дыбыс тіркестері де екі буынды сөздер құрамында сақталған. Бірақ бұл соңғы ерекшеліктер қазақ тілінің де пәлендей жаңа емес, оның қалыптаса бастауы да сол көне дәуірлерде болғандығына дәлел бола алады» - [3] деген ғалым пікірін профессор А.Салқынбай да алға тартады: «Мұндай ойлар кейінгі зерттеушілердің фольклорға қатысты өздерінің көзқарасын қалыптастыруға итермелейді, жетелейді. Ауызекі тілде жасалған туындылар да тіл тарихын анықтауда өзіндік мәнге ие болады. Ғалымның (М.Томановтың – М.К.) тіл тарихына қатысты жазғандары білім көк жиегінің кеңдігін, арнаулы білігін таңытады.Қазақ тіліндегі көне не орта түрік тіліндегі сөздер мен сөз тұлғаларды ғана сөйлетіп қана қоймай, тілдік деректерді ареальдық бағытта, алтайстикалық деңгейде салыстыра, жалғастыра зерттеді» - деп профессор М.Томановтың еңбектерін ерекше бағалайды.

Қазіргі таңда «Көне түркі әлемін» танытатын жаңалығы мол, жаңашыл еңбектер баспа бетінде біртіндеп жарық көріп, оқырмандар көңілінен шыға бастады. Белгілі ғалым, сенатор Әділ Ахметовтың «Еуразия кілті: Бесінші өркениет табалдырғында» атты кітабының алғашқы тұсау кесеріне арнаған журналист Сүлеймен Маметтің «Түркі тарихын түгендеген» тақырыбындағы мақаласы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде [4] (18 ақпан, 2012 ж.) жарияланды. Мақала авторы «Түркі тарихын түгендеуге алтын тұғыр болған кітап туралы пікір білдірушілер қазақ ғалымының осы бір жанкешті еңбегін жоғары бағалап, адам санасына, ойлау ауқымына, ерекше әсер ететін жер бетіндегі тірлік – дыбысты ғана емес, ғарыш әлеміндегі құпиялардың қыр-сырын халықтық ұғымдарымен ұштастыра зерттеуге мүмкіндік беретінін, ең бастысы, алдағы уақытта осы еңбектің бастауына тарау-тарау бұлақ секілді зерттеулер жүргізуге нақты мағлұматтардың мол екенін, жастарды (жас ғалымдарды – М.К.) соған тарту қажеттігін, нақты ғылыми бағдарламалар әзірлесе де (Көне түрік әлемін терең зерттеу мақсатында – М.К.) еш артықтығы болмайтынын қадап айтуында» - түркі тарихын түгендеген, профессор Әділ Ахметовтың еңбегіне ерекше назар аударады. Тұсау кесер рәсімінде: «Халықаралық Түрік Академиясының президенті, профессор Ш.Ыбраев тәуелсіздік арқасында АҚШ-тағы үндістердің тарихы мен мәдениетін сөз етуге жеткенімізді, бұл түрік тарихының бастауы бола бастағанын, осы тұрғыда мекендік, мезгілдік өлшемдер кеңейіп, ғарыштық өлшем қалыптасып келе жатқаны Ә.Ахметовтың «Еуразия кілті: Бесінші өркениет табалдырығында» атты кітабында дәйектеліп отырғанын айтты» - деп тілге тиек етеді.

Көне түркі әлемін зерттеуші ғалымдардың бірі, профессор Дандай Ысқақов «Түркі халықтарына ортақ әдебиет» тақырыбындағы мақаласында («Қазақ әдебиеті», 14.10.2011 ж., №41) [6] «Түркі халықтарында ауыз әдебиетімен бірге жазба әдебиеті де есте жоқ ескі замандардан (Көне замандардан – М.К.) бастау алады. Біз күні кешеге дейін әдебиетіміздің тарихын Орхон-Енисей жазбаларынан (VI ғ.) бастап келсек, соңғы зерттеулер оданда арыда жатқандығына көзімізді жеткізіп отыр. Қазір тіпті ең алғашқы жазу үлгісі ретінде еврейлердікі саналып келген шумер жазуларының өзіне түркілердің қатысы барлығын түрік ғалымдары дәлелдеп отыр. Ал, әлемдік әдебиет тарихының бастауында тұрған парсынікі делініп келген «Авестаның» өзі (Әзірбайжанның көне түрік шығармасы – М.К.) түркі топырағында туғандығы дәлелденді» - деп, мақала авторы түркілік әлемнің құпиясын тереңдетіп аша түседі.

Түбі бір түркі халықтарының шежірелерінде Түріктің түп атасы Нұх (с.с.ғ.) пайғамбардан басталатыны белгілі. Әлемге әйгілі ғұндар көсемі Аттила (Еділ) туралы дастанды бүкіл Европа халықтары, білсе де, біз оны әлі күнге дейін зерттей алмай келеміз. Бұл туралы «Аттила – Еділ» жайлы шетелдік барлық шығармалар Қазақстанда басылып, сахналарда қойылуы қажет» деген тақырыптағы мәжіліс депутаты, белгілі ғалым Алдан Смайылдың мақаласы («Егемен Қазақстан»,18 ақпан, 2012 ж.) [7] қазіргі оқырмандардың назарын бірден аударды.

Аттила туралы аңыздар мен деректерге сүйенсек, түріктің көне тарихы талай сырдың құпиясын ашатыны белгілі «Әлем мойындаған ежелгі Грек-Рим өркениетінің терең тамырлары үнді-түркі замандарда жатыр. Батыс пен Шығыс әдебиетінің білгірі Ф.Капрулузаде: «Славян, фин, француз, герман әдебиетіне эпикалық жанр, поэма жазу дәстүрі «Аттила» дастаны арқылы көрінеді» - дейді. Өкінішке қарай Батыс та, Шығыс та жетік біліп қадірлеген осы дастан өзімізге белгісіз. Біздің дәуірімізге дейінгі VIІ-VІ ғасырларда туған «Алып Ер Тоңға», «Шу батыр», «Көк бөрі», «Оғыз қаған» дастандарымен бірге, Ұлы Дала жағалай жырлаған «Аттила» дастаны Еуропада талай ғасыр жатқа айтылыпты. Скандинавия елдерінің ғажайыбы «Алып қолды Вольтария» дастаны соған еліктеуден туған» - деп мақала авторы Аттила туралы құнды деректерге тоқталады.

«Эпикалық дүниеге осылай ауызданған Батыс келе-келе Аттиланы өзіне жырға қосқан Германия мен Скандинавия тарихында Этцель, Славян дүниесінде Атыл есімімен белгілі, сонау IV ғасырда халықтардың ұлы қоныс аударуына ықпал еткен, атақты Шығыс Рим империясын бас идіріп, Еуропада феодалдық қоғамның құрылуына жол ашқан, кәрі құрылықта қуатты Ур-Аргун империясын құрған жарты әлемде әскери демократия орнатқан даңқты қолбасшы жайлы дауылдата жырлаған. Немістің «Нибелунга», «Равен шайқасы», «Зейнфрид батыр туралы жыр», «Берндік Дитрих», «Хильде Бранд туралы жыр», Исландияның «Эдда» және «Волсунга туралы саға», Норвегияның «Тидрек туралы саға», халық жырларында Аттила тұлғасы дараланады. Біз осы күнге дейін түркі әлемі Еділ деген атпен дәріптейтін, Еуропа елі «Құдайдың қамшысы» деп көкке көтерген дарабоз бабамыз бейнеленген сол эпостарды төл тілімізде сөйлете алмай келеміз. Француз театрының атасы, әйгілі ақын драматург Пьер Корнельдің өлеңмен жазған, Парижде 1667 жылы қойылған «Аттила» трагедиясын республика сахналарында жаңғырта алмай жүрміз. Корнельдің Аттила жайлы бұдан бұрын жазған «Агесилас» драммасын рухани игілігімізге айналдыра алған жоқпыз» -[7] деп ғалым Алдан Смайыл өз өкінішін ашық білдіреді. Мақалада көрсетілген деректерге сүйенсек, көне түркі әлемінің біз білмейтін құпиясы әлі күнге дейін ашылмай келе жатқан сырлары бар екені аңғарылады.

Түркі әлемінің тілі мен әдебиеті, мәдениеті жайлы, Түрік Академиясының президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбраев «Астана – түркі әлемінің рухани орталығы» деген мақаласында [8] («Егемен Қазақстан», 24 ақпан, 2012ж.) түрік әлемі жайлы сыр шертеді: «Түркі әлемі – ұшы-қиыры жоқ телегей теңіз кең дүние, шетсіз ұғым. Оның негізі қай ғасырдан бастау алатындығын, қанша замандарды басынан кешкендігін, бүгінгі таңда қандай мағынаға ие болатындығын қысқаша қайыру қиын қалай болғанда да, түркі әлемі дегенде біз бүгін адамзат өркениетінің дамуына өзіндік қайталанбас мәдениет қосқан байырғы түркілерді, олардың мұрагерлері – бүгінгі түркі халықтарын көз алдымызға елестетеміз. Олардың материалдық және рухани құндылықтарын еске аламыз. Түркі әлемі мәдениеті ұғымының ішіне арғы түркілердің заманынан бастап, күні бүгінге дейін түркі этносы жасаған, жазған, тудырған, салған, құрған қандай да бір деректі һәм дерексіз құндылықтарды кіргіземіз» - деп түркі әлемінің болашағына көз жүгіртіп, өткеніне ой жіберіп, ғылыми негізін ашып көрсетеді.

Көк түріктің көгілдір туын берік ұстаған, Орта Азияда теңдесі жоқ елге айналып келе жатқан Қазақстан республикасының алтын ордасы, бұрынғы Ақмола, Целинград атанған Астананың соңғы жиырма жылда адам танымайтындай өзгергенін әлем біледі. Астана – елдің тірегі, соғып тұрған жүрегі. Астана – түрік әлемінің рухани орталығына айнала бастағанына әлем халқы да таңдана қарауда.

Профессор Ш.Ыбраевтың салиқалы ой тастаған мақаласы, түркі әлемінің алтын таңы атқанын әлемге таныта түседі: «Қазақстан Республикасы деген атаумен шаңырақ көтерген жаңа мемлекет, ең алдымен, қазақтардың мүддесін қорғап, әлем алдында соның жоғын жоқтайтын елге айналды. Қазақ халқы азап пен азаюды өткен ғасырда (ХХ ғасырда – М.К.) қаншалықты көріп келсе, жаңа ғасырда (ХХІ ғасырда – М.К.) табыспен көбеюге де соншалықты кенеледі деп сенеміз» - деп ғұламалық ой айтады. ХХІ ғасырда жаңа жетістіктерге жетудің жолдарын нұсқай отырып, түрік әлемінің жарқын болашағына көз жібереді. Көне түрік әлемі жайлы түйінді ойлар айтады: «Қазақтың сақталғаны – Қазақстанның сақталғаны. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Қазақстанда өмір сүретін қазақ болсын, өзге ұлт өкілі болсын, осы қағидаға берік болып, соның өміршеңдігіне қызмет істеуге тиісті. Ал қазақ ұлтының табиғатын, болмыс-бітімін, аңсары мен арманын, жан дүниесін түсінбейінше, біз оның ертеңін болжай алмаймыз. Осы орайда қазақтың жанын ұғыну үшін көне замандағы түркілердің тарихын ой көзімен зерделеп, сол ықылым заманнан бері (Нұқ (с.с.ғ.) пайғамбардан бері – М.К.) сақталып келе жатқан материалдық және рухани мұраға аса үлкен ыждағатпен қарағанымыз абзал» - деп ой түйеді. Түрік әлемін тереңдеп зерттеген ғалым, бүгінгі қазақтың тағдырына ерекше мән береді: «Бүгінгі қазақтың бойында осынау алып Еуразия даласында тағдырдың жазуымен сан ғасырлар бойы Шығыстан Батысқа, Батыстан Шығысқа үдере көшкен (көшпенді – М.К.) қаншама тайпалар мен рулар, ұлттар мен халықтардың қаны бір екендігі мәлім. Оны, тіпті бүгін дамыған генетика ғылымы арқылы да оп-оңай дәлелдеуге болады. Ол тайпалар мен рулар, ұлттар мен халықтар түркі, монғол немесе иран, араб, славян т.б. тектен болды ма? Ол жағы бөлек әңгіме. Ең бастысы, біз бүгін қай тамырдан өрбісек те, кімнің қанын бойымызға сақтасақ та, соның бәрі - біз үшін тағылым алатын құнды тарих, өткен өміріміз. Ал кез келген қоғамда, дамыған халықтар баянды болашақтың бағытын белгілегенде қашанда тағылымды тарихтан сабақ алып отырған» - [8] деп көне түрік әлемінің тарихи кезеңдерін еске түсіреді. Парасатты ғалым болашаққа жол сілтейді. Ғалым ойларының дұрыстығына көзің жетеді.

Ғалым – түрік әлемі өмір сүрген, бұрынғы ғұндар мен сақтардың, қыпшақтың кең даласына еркін орналасқан Қазақстанның құдіреті мен құпиясына мән береді. Ғұлама ғалым өз ойын ашық айтады: «Бүгінгі таңда қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты тәуелсіз Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастың алдындағы өзінің барлық міндеті мен борышын ескере отырып, барған сайын түрік әлемімен жан-жақты интеграциялық жолдарды іздестіре бергендігі орынды. Бұл орайда әлемдегі араб, роман, герман, славян, мәдени, ғылыми, ағартушының мәселелерді бірлесіп шешуге талпына бергендігі жақсы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы да салиқалы саясатының ішінде түркі әлемімен бірігу идеясының орны бөлек екендігі – соның жарқын айғағы» - [8] деп, түркі әлемі мен бірігу арқылы әлемдік мәнге ие болудың бағытын айқындай түседі. Ол үшін: «туған жердің ұлыларын мақтан ете отырып, сол арқылы ескі құндылықтарды сақтап, жаңа буынды тәрбиелейміз.

Екіншіден, түркілік мәдениет дегенде, біз түркілерге тән дархан мінез, кеңпейіл меймандостық, көршімен тату тірлік, отбасы құндылығы, ғылым-білімге құштарлық, жақсыға жақын болу секілді асыл қасиеттерді еске аламыз. Мысалы, еш уақытта түркілер өздері барып, біреуге дінін, тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін (ырым, тыйымдарын да – М.К.) күшпен сіңдірген емес. Қайта, керісінше, өздері сан ғасырлар бойы тектілігін сақтап келіп, қандай бір жақсы жаңалықты бойларына қабылдауға қарсы болмаған. Соның арқасында бүгінде жойылып кетпей, ХХІ ғасырда жаңаша тыныстап жатыр. Біз – бүгінгі түркілер, соның ішінде қазақ халқы, байырғы есте жоқ ескі замандардан бері бабаларымыздан келе жатқан асыл қасиеттерімізді: өзімізге тән мінез – құлқымызды, бай рухани дүниемізді, мәдени құндылықтарымызды (ырымдар мен тыйымдарымызды – М.К.) шашау шығармай сақтап, соларды жаңа заманның талабына сәйкестендіріп, кейінгі ұрпаққа аманаттап қалдыруымыз керек. Қазақ болып сақталу үшін (Түрік болып қалу үшін – М.К.), ең алдымен түркілік тамырымызды ұмытпағанымыз абзал. Түркілік ұлы рухты ұрпақ санасына сіңіре бергеніміз дұрыс» - [8] деген талапты таразыға салады. Есте қалмаған ескі замандағы түрік әлемінің құпиясына ой жүгіртеді. Қазақ халқының түбі бір түрік елінен екенін әлем таниды. Ғалым пікіріне сүйенсек, біздің тарихымыз түркілердің тарихымен өріліп, бірігіп жатқанын айқындай түседі. Түрік әлемін түбегейлі зерттеп жүрген ғалымның ой-пікірі түркі әлеміне еріксіз жетелейді: «Қазіргі Қазақстан – Батыс пен Шығыс өркениеттері тоғысқан, екі әлемдік үлкен мәдениеттер басын біріктірген мемлекет. Қаласақ та, қаламасақ та, тағдырдың жазғаны – осынау алып дала, сонда өмір сүретін халық ел мен елді, әдебиет пен мәдениетті табыстыратын алтын көпір іспеттес. Еліміз түркілердің, қала берді адамзаттың алдындағы үлкен тарихи миссиясы – жаңа заманда жаһандану тудырып отырған көп қауіптің алдын сейілтуге өзінің үлесін қосу. Осы жолда нақты істер, адамзаттық деңгейдегі маңызды шаруалар жаңа заманның тағылымды тарихына айналды – [8] деп, түркі әлемінің жетістіктеріне тоқталады.

Ғалымның өзі басқарып отырған Түркі академиясы отандық және шетелдік танымал түрколог ғалымдармен байланыс орнатып, сол арқылы бірнеше іргелі зерттеулердің өмірге келуіне жағдай туғызғанын тілге тиек етеді. Атап айтқанда : «Н.Назарбаевтың еуразиялық, идеясы және түркі кеңістігі» , «Түркі әлемінің көшбасшылары», «Түркі халықтарының байырғы этникалық тамырлары», «Түркі мұрасы және қазіргі қазақ әдебиеті», «Түркі фоностилистикасы», «Саян-Алтай түркілерінің мәдениеті мен тұрмысының ерекшеліктері», «Қазақ тілінің түркі тілдері жүйесіндегі тарихи орны», «Орта ғасырдағы түркі тілдерінің даму жолдары» т.б зерттеулер түркі әлемінің тарихынан сыр шертеді.

Шындығында Астана – түркі әлемінің рухани орталығына айналып келе жатқанына әлем халықтарының назары ауа бастады. Түрік Академиясының президенті Ш.Ыбраевтың: «Астананың дамығаны – Қазақстанның дамығаны. Ал Қазақстанның дамығаны – түркі әлемінің жаңғырғаны. Бұл ақиқатты дос та, дұшпан да мойындап жатыр, бүгінде «2012 жылы Астана қаласы – түркі әлемінің мәдени астанасы» деп жарияланғаны көп жәйтті аңғартады, сондай-ақ бұл саяси маңызы терең шешім тұтас түрік дүниесінің басын одан әрі біріктіруге өз үлесін қосатыны сөзсіз. Түрік Академиясы осы ортақ мақсатқа қызмет атқаруға жұмыла кірісіп отыр» - [8] деп Академияның соңғы жылдары атқарған жұмыстарына тоқталады.

Астана мен Түркістан – түрік әлемінің рухани орталығы екенін әлем халықтары біртіндеп танып келеді. Түркістан – түрік әлемінің туын көтерген көне шаһардың бірі. Түркістан – түрік әлемінің рухани және діни негізін қалаған қала. Оның болашағы да зор міндеттерді жүктейді. Түрік әлемінің тағылымды тарих сабағы – бәрімізге ортақ. Түрік әлемімен интеграциялық жолдарды іздестіру – тіл , дін, діл, әдебиет пен мәдениет бірлестігін қажет етеді. Астанада құрылған Түрік әлемінің Академиясы – түрік тілдес халықтардың тілі мен әдебиетін, діні мен мәдениетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін, рәсімдері мен ырым-тыйымдарын, көне заманғы фольклор жанрларын, ділін, рухани байлығын зерттеп, жинақтап, дамытатын орталық болуға тиіс. Академияның Қазақстан қалаларында түрік әлемін зерттеп, жинақтап, дамытатын ғылыми бөлімдері (филиалдары) болуға тиіс. Мақала авторы айтқандай, онда : «Тамыры тереңге тартатын, тағдыры қилы, өнегесі мен мұрасы бай түрік әлемін зерттеуде ашылмаған аралдар, шешімін күткен сауалдар жеткілікті екендігі белгілі. Оның мезгілдік шеңберін, мекендік кеңістігін айқындау ісінде әліге дейін нүкте қойылмады. Керісінше бұл әлемді қазған сайын (Түрік әлемін – М.К.), бұл дүниені зерттеген сайын оның тылсымы адамзат баласын таң қалдырып жатыр. Қазақтар – айбынды түркілердің заңды мұрагері, (қара шаңырағы – М.К.)солардан қалған қандай да бір мәдени, рухани, материалдық құндылықтарға иелік етуге құқығы бір халық. Сонымен қатар, қара шаңырақта қалған қазақтар – түркілердің өсиет еткен асыл аманатын орындауға тиісті қауым» - деп түркі әлемінің келелі істеріне бағыттап, міндеттерді жүктейді. Бұл міндеттер баршамызға ортақ. Түрік әлемін зерттеу, жинақтау, дамыту – жас ұрпақтардың елдігін сақтайды, бірлігін нығайтады. «2012 жылы Астана қаласы – түркі әлемінің мәдени астанасы» - [8] деп жарияланғаны қуанарлық шара екенін әлемде танып келеді.

Әлем халықтарына Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда т.б. қалаларымыздың түркі әлемінен алатын орнын айқындау – баршамызға ортақ міндет болуға тиіс. Қазақстан аймағындағы қала, облыс, аудан аймақтарында түркі әлемін дәріптеудің жолдарын қарастырып, мектептер мен жоғары және арнаулы оқу орындарында жас ұрпаққа жан-жақты түсініктер берілсе, жастардың түркілік ақыл-ойы, ділі (менталитеті) дами түседі, түркілік сана-сезімі қалыптасады.

Тарихтағы көне түріктер әлемінің тілі мен әдебиеті, мәдениеті, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері, рәсімдері, шығу тегі (генезисі), шежіресі, діні мен ділі, ырымдары мен тыйымдары, мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, аңыз-әңгімелер мен эпостық жырларының ғасырлар бойы қордаланып, жинақталмай жатқаны өкінішті-ақ. Амал не, ел болып Егемендігімізді алғанымызға 20 жылдан асса да, рухани байлығымызды жан-жақты жинауға шама келмей, әлі күнге дейін етек, жеңімізді жиа алмай келеміз. Кеңестің қасіретті заманы артта қалса да, көне түріктің рухани байлығын жан-жақты зерттеу назардан тыс қалуда. Шығармашылықпен айналысатын ақын-жазушылар мен ғалымдарға, зерттеушілерге жан-жақты қамқорлық жасалуға тиіс. Қазіргі таңда «Көне түрік әлемін» зерттеу – басты мақсат болуға тиіс. Сонда ғана біз өркениетті елге теңеле аламыз. Бабаларымыз мұра етіп қалдырған асыл қазынаны жинақтап, зерделеп болашақ ұрпаққа жеткізе білсек, өшкеніміз жарқырап елге танылады. Алтын қазына жер қойнауында жатса, рухани асыл қазына ел қойнауында жатыр. Қолда бар рухани қазынаны елге жеткізу - ердің ісі. Ел – ерін сыйласа, ер де – елін сыйлайды, құрметтейді, дәріптейді. Елдің туын – ері ұстайды, елі қоштайды. Елге – ер қадірлі, ер – елге қадірлі. Көне түрік әлемін жан-жақты зерттеу ісіне басты назар аударсақ тіліміз де, дініміз де, діліміз де (менталитетіміз де), әдебиетіміз бен мәдениетіміз де мәңгі сақталынып, ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Көне түрік әлемін зерттеу, жинақтау әлем ғалымдарының да назарынан тыс қалмауға тиіс. Қазақстан – түрік тілдес халықтардың мәңгілік Отаны, Астанасы болуға тиіс.



Каталог: download -> vestnik
vestnik -> Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы ғылыми-педагогикалық журнал вестник таразского государственного педагогического института научно-педагогический журнал
vestnik -> Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы ғылыми-педагогикалық журнал вестник таразского государственного педагогического института научно-педагогический журнал
vestnik -> Государственного педагогического
vestnik -> Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы ғылыми-педагогикалық журнал вестник таразского государственного педагогического института научно-педагогический журнал
vestnik -> Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы ғылыми-педагогикалық журнал вестник таразского государственного педагогического института научно-педагогический журнал
vestnik -> Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы ғылыми-педагогикалық журнал вестник таразского государственного педагогического института научно-педагогический журнал
vestnik -> Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы ғылыми-педагогикалық журнал вестник таразского государственного педагогического института научно-педагогический журнал
vestnik -> Государственного педагогического


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет