Әдеби редакциялау және компьютерлік технология Мерзімді басылымдар нарығындағы көптеген өзгерістер редакциялық менеджерді өз басылымын түбегейлі өзгеруге итермелейді. Бірақ бұл қадамды жасау үшін ол, ең алдымен, аудитория, нарықтың жағдайын, газеттің кемшілік пен артықшылығын, оның бәсекелестерін және т. б. терең зерттеп, белгілі бір жоспар-қорытындыға келуі керек.
Менеджер тарапынан енгізілген жаңалық, өзгерістер басылымның «моделіне» өз жерін тигізеді. Бұл «модель» мерзімді басылымның бағыт-бағдарын, позициясын, нөмірлер құрылымы мен олардың ерекшеліктерін анықтайтын негіз, былай айтқанда, «іргетас» болып табылады. Сондықтан да, жаңа газеттің нарықтағы табысы оның жаңа «моделіне» немесе ескі «моделіне» енгізілген жаңалықтарға тәуелді.
Сонымен, жаңа талаптарға сәйкес газет моделінің қай жақтары ерекше маңызға ие? Оның мазмұны мен ерекшеліктерін анықтайтын не? Осы сияқты сауалдарға берілетін жауап бірнеше факторға байланысты болып келеді.
Біріншіден, газет шығаратын оқырман аудиториясының ерекшеліктерін анықтай білу қажет. Аудиторияның демографиялық, психографиялық, кәсіби мінезін зерттеп, оның көңілін аулай алғаны жөн. Себебі, кейін осының нәтижесінде басылымның «моделі» құрастырылады. Мәселен, бұқаралық-саяси басылымның моделінде басты рөлді публицистикалық материалдар атқарып, қалған ресми, құжат, статистика және т. б. екінші орынға ауысады. Ал іскерлік басылымда, керісінше, құжат және статистикалық материалдар бірінші кезекте тұрады.
Газет моделінің ерекшеліктерін анықтайтын екінші фактор ол – мерзімді басылымдар нарығындағы басылымның таңдайтын ақпараттық «ұяшығы». Осы таңдау мүмкіншілігі келешекте басылымның түрі мен деңгейін анықтайды. Ал газет таңдаған нарықтық «ұяшық» ондағы аудиторияның ақпараттық сұранысына сай болуы шарт. Күнделікті бұқаралық-саяси газеттің моделінде оперативті ақпараттың мәні, сондай-ақ статистикалық мәліметтердің маңызы күрт өседі. Дегенмен, апталық, ия айлық басылымдарда жағдай басқаша: шұғыл ақпаратқа деген сұраныс төмендеп, болжам мен шолу, көкейкесті және талдамалы публикациялардың ролі артады. Осының бәрі газет материалдарының жанрлық жүйесіндегі ерекшеліктері сияқты ескерілуі тиіс.
Иә, әрбір газетте оқырман қауымға ұсынылатын ақпараттың мазмұнына қатысты материалдардың өзіндік жанрлар жүйесі қалыптасады. Күнделікті бұқаралық-саяси газетте осы жүйенің ядросы ретінде оперативтік ақпарат жанрлары – репортаж, сұхбат, хабар-ошар, есеп және ақпараттық корреспонденция шығады. Ал саяси апталықта бұл жүйеге, көбінесе, талдамалы және көркем-публицистикалық жанрлар – мақала мен талдамалы корреспонденция, шолу мен эссе, саяси портрет пен көкейкесті очерктер кіреді. Іскерлік басылым болса, басты рөлді ресми, құжат және статистикалық публикациялар, яғни мемлекеттік ұйымдардың жаңа жарлықтары мен заңдар мәтіні, дерек-дәйек пен кестелер, графика мен диаграммалар, әлеуметтік сауалнамалар және т. б. атқарады. Балаларға арналған газеттерден тек көңілді және көркем әдеби материалдарды – аңыз-әңгіме мен өлеңдер, эпсана және жұмбақтар, ойындар және т. б. көптеп кездестіруге болады. Нақты немесе басқа бір басылымның жанрлық жүйесін анықтау – газет моделінің ажырамас бөлігі.
Ал газет моделін шебер ұйымдастырудың арқасында нөмірдің құрылымын жасау ісі жеңілденіп, айдарлар жүйесінің ойдағыдай қалыптасуына жол ашылады.
Бұл жүйені мазмұнына қарай топтастырылған айдарлар құрайды. Олар екіге бөлінеді. Біріншісі және ең
бастысы – тематикалық (тақырыптық) айдарлар. Олар оқырманға газет тематикасы мен публикациялардың бағыт-бағдарын көрсетіп тұрады. Көптеген басылымдарда тематикалық айдарлар жолдың үстіңгі жерінде орналасады. Мәселен, «Саясат», «Экономика», «Халықаралық өмір», «Спорт».
Екінші топқа іскер (служебный) айдарлар кіреді. Олар публикацияның жанрын анықтауға көмектеседі. Мысалы, «Репортаж», «Сұхбат», «Шолу», «Дерек-дәйек», «Хабар», т. б. Сондай-ақ ақпарат көзін нұсқап отырады. «Ақпарат министрлігі хабарлайды», «Ақпарат агенттігі хабарлайды» және т. б. немесе ақпарат бағытталған аудиторияның кім екенін көрсетеді – «Ұстазға кеңес», «Кітапханашының жеке қорына» және т. б.
Айдарлар жүйесін дұрыс жолға қою мақсатымен редакция олардың жиілігін анықтайды. Осыдан бүкіл айдарлар екіге: тұрақты (нөмір сайын шығатын) және мерзімді (белгілі бір күнде шығатын) болып бөлінеді. Одан басқа газет тәжірибесінде бір сәттік немесе эпизодты, яғни белгілі бір материалға байланысты («Қарсы мақала» және т. б.) айдарлар бар.
Газеттің айдарлар жүйесін құрастырған кезде кімнің қай айдарға жауап беретінін анықтап алған дұрыс. Ірі басылымдар редакциясында, көбіне тематикалық айдарларды жалпыредакциялық және понопольды қып екіге бөліп қояды. Алғашқы түрін редакцияның бүкіл бөлімдері қолданады. Демек, олардың әрбіреуі өз алдына жеке монопольды айдарларды жүргізеді.
Газеттің «түрі», негізінен, сол тематикалық айдарлар жүйесімен анықталады. Олардың көбісі бірқатар басылымдарда бірдей қолданылады. Мысалы, бүкіл бұқаралық-саяси газеттердің бетінде «Спорт», «Экономика», «Полемика» және т. б. көптен кездеседі.
Жақсы өндірілген айдарлар жүйесі редакция жұмысы мен редакциялық жоспарлауды жеңілдетеді.
Соңғы кезде редакциялық жоспарлау көптеген өзгерістерге ұшырады. Бұған оперативті ақпараттың алдыңғы шепке шығуы себеп болды. «Аяқ астынан» түсетін жаңалықтар ескі перспективалық немесе біржылдық, бесжылдық жоспарлауды бұзып, біркүндік редакциялық жоспарлауды дүниеге әкелді. Оның бір кемшілігі – болашаққа экономикалық-әлеуметтік болжам жасау қиын. Ал көптеген редакциялардың нөмірдің корреспонденттердің «аяқ астынан» әкелген жаңалықтармен толтыру дәстүрі «фактологиялық журналистиканың», яғни талдамалы және көкейкесті материалдардан бас тартып, очерк, шолу, проблемалы мақала сияқты жанрлардың жоғалуына әкеп соқтырды. Осының нәтижесінде газет тәжірибесінде оперативті жоспардың кейбір түрлері – келесі нөмірдің және нөмірдің апталық жоспары ғана қалды.
Дегенмен, бұл жүйенің де барған сайын көбейе бастады. Мәселен, газет бетінде тек хабар-ошар, сұхбат, есеп, корреспонденция сияқты жанрлардың ғана орын алуы аналитикалық жетіспеушілігін (дефицит) әкелді. Соның салдарынан редакциялардың көбі өз өнімін бірсәттік тауарға айналдырып, көзі қарақты, ойы терең оқырманнан бірте-бірте айырыла бастады. Күнделікті газет редакциясының өзі алдына қойған мақсатын орындамауды шығарды. Осы кезде «ағымдағы график» оңтайлы нәтиже берді. Газет редакциясы өнімнің 50-60 -ын алдын ала даярланған талдамалы материалдармен толтырып, қалған орынға «аяқ астынан» келген жаңалықтарды беріп отырды.
Осы жерде нөмірдегі материалдарды беру формасына ерекше назар аударған жөн. Себебі шебер формада берілген материалдар оқырмандарды бей-жай қалдырмайтыны айдан анық. Мұндағы ең бастысы, жаңа талапқа сай ұйымдастырылған газетке эффектісі мол материалды бере білу.
Әрине, кез келген газет нөмірін қалыптастырудың негізгі тәсіл-әдістері: систематизация, концентрация және выделение болса керек.
Ал оларға тәуелді материалдарды беру формаларының ішінде подборка мен полоса бұрыңғыдай бірінші орыннан түспей тұр. Мәселен, ақпараттық хабар, не хронологиялық мәліметті уақытша терген (подборка жасаған) кезде, белгілі бір тақырыпша қойылмайды, тек айдар ғана беріледі – «Шұғыл нөмірге», «Соңғы сағатта» және т. б. Газет тәжірибесінде тақырыптық (тематикалық) бетті сирек қолдана бастады. Оның орнына мақсатты беттің беделі өсе түсті. Себебі бұл бетте бүкіл материалдар бір бағытқа, бір тақырыпқа бағынып тұрады. Мысалы, «Сауда», «Жекешелендіру», «Энергетика», «Баға-құн», «Биржалар» және т. б. Ал бір күнделікті саяси газетке қатар екінші мақсатты беттер: «Анализ бен болжам», «Әлемде», «Пікір» және т. б.
Газет материалдарын ұйымдастырып беру кезінде «целовой развород», «спецвыпуск», «газета в газете» және «сменная поласа» сияқты беру формаларын да ұйымдастырғаны пайдалы.
Бара-бара басылымның буыны қатайып, бәсекелестікке деген қабілеті күшейе түседі. Газет өзінің «графикалық түріне» ие болады.
Оған басылымның нарықтағы табысы байланысты болып келеді. Тұтынушы белгілі бір тауарды таңдағандай оқырман да баспа өнімін олардың алдында, ең бірінші, газеттің сыртқы келбетіне: материалдың орналасу жүйесі, дизайн, версткаға көз жүгіртеді. Сондықтан сырты қарабойыр, сұр басылым өзінің оқырманынан тез айырылады. Ал оның алдын алу үшін материалдардың «киіміне» баса назар аударған жөн.
Мерзімді басылымның сыртқы «келбеті» үш бірдей факторға тәуелді. Біріншіден, жауапты хатшының кәсіби деңгейі, журналистердің жазу стилі мен редакциялық суретшінің еңбегінің жемісіне. Екіншіден, редакцияның материалдық базасының әрлендіру, полиграфиялық мүмкіндіктеріне. Үшіншіден, басылымның графикалық моделін шебер ұйымдастыруына. Осы үш фактор жүзеге асып, газеттің мерзімді басылымдар нарығына шығар алдында өзіндік белгісі болуы шарт. Ол белгі – газеттің атауы немесе фирмалық белгісі болса керек.
Жаңа техникалық құралдар өмірдің барлық саласына енді. Бұл үрдістен баспасөз де тысқары қалған жоқ. Осы құралдармен жабдықталған газет бүгінгі бәсекелестік майданында өзінің жеңісіне кәміл сенуі керек. Себебі бұл техника редакция қызметкерлеріне уақыт үнемдеу, газеттің сапасын көтеру жағынан мол мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде көптеген редакцияда жаңа техникалық құралдар жүйесі пайда болды. Бұл жүйе үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімді журналистің жеке техникасы құраса, екінші бөлімге бүкіл редакцияға қызмет көрсететін техника кіреді. Ал үшінші бөлімдегі техника, көбінесе, газет нөмірін шығару үшін қолданады. Аталған үш бөлімнің техникасын қосып, бір-бірімен байланысты, әрі бір-бірін толықтырып отыратын сан алуан техникалық құралдар комплексін ұйымдастырады. Комплекстің негізін электроника құрайды. Оны кіші оргтехника, ақпаратты тіркеу, көбейту және сақтау құралдары толықтырып отырады.
Дербес (персональный) компьютер журналистің басты еңбек құралы болып табылады. Дербес компьютер (ДК) журналистке күш пен уақытты үнемдеп қана қоймай, бір жұмыспен бірнеше маман – публицист, редактор, корректор, машинистің міндетін атқаруға мүмкіндік береді. Қолжазбаның бұл жерде ешбір керегі жоқ. Журналист терген материалын шұғыл, әрі сапалы түрде арнайы техника – принтер арқылы шығара алады. Белгілі болгар ғалымы жазғандай «журналистің шығармашылық нәтижесі оның миынан компьютер миына көшеді».
ДК-ның арқасында журналист дискеталардың көмегімен өзінің «жеке кітапханасын» аша алады. Компьютер жадынан шыққан немесе шығатын материалдардың қаңқасын дайындап, сақтауға әбден болады. «Page Marker» немесе «Quar Press» арнайы бағдарламалары арқылы сол материалдарды газет бетіне салып, қажетті көлемге сыйғыздырып көру қиын емес.
Ал портативті дербес компьютерлер кейс (чемодан) іспеттес келгендіктен, редакциядан тыс жүрген корреспондент үшін аса пайдалы, әрі тиімді. Ол ДК-ны модем арқылы телефондық байланысқа қосып, тапқан жаңалығын шұғыл түрде редакциялық компьютерге сала алады. Мәселен, ИТАР-ТАСС-тың барлық меншікті тілшілері аталмыш компьютерге ие. Олар шет елде жүріп, бар жаңалықтарды өздерінің жеке ДК-ы арқылы оперативті түрде сол сәтте-ақ беріп отырады.
Кей кезде редакция қызметкерлері өз компьютерлерін бір торға (сеть) қосып, біртұтас компьютерлік комплекс құрайды. Бұл комплекс редакцияның бүкіл шығармашылық және өндірістік операцияларын жеделдетеді, редакция ұжымын еш қимылсыз басқаруға көмектеседі.
Осы редакциялық комплекстің негізін зор, әрі күшті компьютерлік база құрайды. Ол тек журналистердің ДК-ын жалғап қана қоймай, редакцияның дерек-мәліметтер қорын құруға мол мүмкіндік береді. Бұл қорда журналистке қажет ақпарат сақталады және ол сол ақпаратты кез келген уақытта ала алады. Редакцияның дерек-мәліметтер қоры Интернетпен, журналистердің шыққан және шығатын материалдарымен үнемі толықтырып отырады. Ал тақырыптық, аймақтық немесе дербес программалардың негізінде құралған «іздеу» ақпараттық жүйесі сол қордан журналистке қажет кез келген ақпаратты бірнеше минуттің ішінде тауып береді. Мәселен, корректор белгілі бір терминнің жазылуын, географиялық атаудың дұрыс нұсқасын әп-сәтте таба алады.
Басшы болса, «іздеу» ақпараттық жүйесі арқылы редакция ұжымының шығармашылық, техникалық дайындық деңгейін видеотерминалдан бір орында отырып анық көре алады.
Бұл жүйенің бірнеше артықшылығы бар. Ол – обьективтілік. Егер бұрын журналистер өздерінің белсенділік деңгейін жиналыста ғана ести білсе, бүгінде тапсырылған материалдардың санын түгендеп қойған компьютерден біле алады. Екіншісі – оперативтілік. Басшының соңғы сөзін, көп қиналмай, баға беру графигінен көруге болады. Үшіншісі – жұмыстың нәтижесін үнемі тіркеп отыруы болса керек.
Микрография құралдары – бұл мәтіннің алатын көлемін бірнеше есеге азайтып, микротасушыларда кішігірім көпше түрінде сақтауға мүмкіндік беретін арнайы құрылғылар. Микрофиша – микротасушылардың бірі, оған 1115 мм өлшемі бар 60-қа жуық кадр сыйады. Арнайы аппаратураның көмегімен оригиналды кішірейту арқылы бір кадрға бір, я екі кітап бетін, көлемді хат немесе А2, я А3 форматты газеттің жолын салуға болады. Бұл жолмен сегіз жолды «Егемен Қазақстан» газетін 7 кадрға сыйғыздыруға әбден болады. Әрбір кадрға сақталған мәтінді оқып, керек кезде принтерден басып алып шығару оп-оңай.
Бүгінгі микрографиялық техника оригинал мәтінді бірнеше ондаған есе кішірейтіп, микрофишаға сақтауға мүмкіндік береді. Мәселен, 100-150 есе кішірейткен кезде бір ультрафиша кленкасына мыңнан аса кадр сыйады. Бұл жерде ультрафишаның тығыздығын бір ЭВМ-нің есте сақтау жадысымен кеңестіруге болады.
Қазіргі кезде микрофишалар кітапхана, мұрағат және т. б. құжатты көп мекемелерде кең қолданылады. Арнайы шкафтарда 12 мың микрофиша болады. Олардың жалпы тығыздығы миллионға жуық түрлі документтердің беттеріне тең.
Бүгінгі таңда микрофишаның қызметін редакцияның компьютерлік орталықтары кең қолданып келеді. Бұрын газетті басу үшін техниканың дефицитінен көп уақыт кетсе, бүгін кішігірім редакциялардың өзінде верстка жасап, газет қаңқасын дайындап беруге мүмкіндік туғызатын компьютерлік орталық бар. Жаңа техникалық құралдармен жабдықталған орталық кез келген редакция үшін үлкен олжа, себебі ол редакция өз тарапынан қалаған өнім «моделін» ұсына алады. Орташа редакциялардағы компьютерлік орталығында кем дегенде үш адам жұмыс істейді. Мәселен, қалалық «Астана ақшамы» газетінің компьютерлік орталығында үш адам қызмет етеді. Олар 4-бетті, 8-жолды газетті 6-7 сағаттың ішінде басып, электронды вариантын дайындап үлгереді. Бұл бүгінгі компьютерлік технологияның үлкен жетістігі болса керек.
Қазіргі кезде компьютерлік технология күн сайын жетілдіру үстінде. Еуропа елдерінің бірінде суретші Пикасоның өзінен кем салмайтын компьютер құрастырылған көрінеді. Осының бәрі келешекте баспасөз ісіне де оңтайлы әсер етіп, газет редакциясы өзінің жеке тапсырмасына ие болуы әбден мүмкін.