Телебағдарламаларды редакциялаудың негіздері
Кіріспе
Телебағдарламалар орындайтын шығармашылық топта редактордың алатын орны ерекше. Ол материалдың мазмұны мен көркемдік сапасына жауап береді. Бүгінгі таңда кейбір арналардың штаттық кестелерінде редакторды әр қалай атайды. Негізінен, бас редактордың қызметін продюсер атқарады. Ол бағдарламаның идеялық-көркемдік деңгейін бақылап қана қоймай, сонымен қатар өндірістік, ұйымдық және қаржылық мәселелерге де араласады. Бірақ сөз терминологиядан басқа, теледидардағы редакциялаудың мәні мен бағдарлама жасаудағы оның атқаратын рөлі жайында болмақшы. Сондықтан, осы оқу құралында біз күнделікті «редактор» сөзін қолданатын боламыз.
Теледидардағы редактор жұмысы өте кең көлемді қамтиды. Оның іс-әрекеті әдеби жұмыспен ғана шектеліп қоймайды. Бұқаралық ақпарат құралы ретінде телевидение редактордан теледидар өндірісінің ерекшелігімен байланысты білімінің болуын талап етеді. Редактордың, сондай-ақ, документалистикадағы (құжаттану) алатын орны ерекше.
Редактордың шығармашылық мамандығы теледидардың құрылуымен бір мезгілде пайда болды. Уақыт өте келе, оның мазмұны толығып, көптеген міндеттері белгіленді.
Бүгінгі таңда редактор жұмысы мәтінді тексеру мен түзетуден тұрады деген жаңсақ пікір көп. Ол, сондай-ақ, цензорлық жұмыс деп те қабылданады.
Бірақ редактордың іс-әрекеті оны телебағдарламаларды жасаудағы шығармашылық процестің лидері етіп көрсетеді.
Теледидар редакторының жұмысы көрермен бағдарламаны экраннан көрген кезден бірнеше сағат бұрын басталады. Ол теледидарлық жоба жасауға қатысады, қызықты материал табады, оған авторлар таңдап, қатысушыларды шақырады. Сонымен қатар, сол қатысушылардың әдеби дайындығын ғана есепке алып қоймай, экран міндеттемелерінің де сақталуын қамтамасыз етеді. Бағдарлама дайындаудың кейінгі кезеңдерінде редактор тек кеңесші мен автор, режиссерлердің көмекшісі рөлін атқарады. Осылайша, әдеби материалды бағалаудан бастап, оның жазылуы мен эфире бағдарламаның шығуына дейін редактор жұмыс жасайды. Өзі де кей кезде жүргізуші, сұхбаттасушы, репортер қызметін атқарып, журналистік қызметін арттыра түседі.
Редакторлық іс-әрекеттің тағы бір аспектісі: техникалық және шығармашылық мәселелердің үйлесімділігі. Редактор камераның техникалық мүмкіндігі мен электронды «спецэффектілерді», монтажды білуі қажет.
Бұл оқу құралы екі бөлімнен тұрады. Біріншісінде, редакторлық іс-әрекеттің мақсаттары мен міндеттері, редакциялаудың жалпы әдістемесі (оның негізі А. В. Западов, А. Ә. Мильчин; Д. Э. Розенталь, Н. М. Сикорский, К. И. Былинский мен М. П. Сенкевичтің еңбектерінде кеңінен жүйеленген) қаралған. Екінші бөлімінде теледидар редакторы жұмысының ерекшеліктері қаралып, оның кезеңдері сарапталады. Сценарийдің өңделуі сөз болады, автор мен редактордың телебағдарлама дайындау процесі кезеңіндегі қарым-қатынастары айтылады.
БАҚ-ғы редакциялау журналист қызметімен байланысты болғандықтан, бұл еңбекте журналистика мәселелері де сөз болады. Оқу құралы РВ, ТВ қызметкерлеріне, публицистикалық және ақпараттық бағдарламаның редактор-тәжірибешілеріне арналған. Автор тек редакторлық еңбектің негізін құрайтын сұрақтар төңірегінде ой қозғаған.
Редакциялау ұғымы өте күрделі ұғым. Латын тілінен аударғанда «redactus» – «тәртіпке келтірілген» деген мағынада. Баспасөз, радио, теледидарда редакциялау қоғамдық-әдеби іс-әрекет облысы, жариялауға материал дайындау дегенді білдіреді. Көптеген жағдайда редакциялаудың міндетін айқындауда оның мәтінді түзету деген бір жағы ғана қарастырылады. Түзету - редактор іс-әрекетіндегі маңызды құбылыс. Оның басты міндеті мазмұн мен шығарма формасына сараптама жасау болып табылады. Бұл оны дұрыс бағалау мен жетілдіру үшін қажет. Редакциялаудың міндеті – шығарманың қоғамдық бағалануы. Теледидардардағы редакциялаудың пәні түрлі жанрдағы мәтіннен бастап бейнеқатардың иллюстрациялары бола алады. Редакциялауға саяси және қоғамдық мәні бар аспект кіреді. Редакциялау арқылы шығармадағы қателер түзетіледі. Редактордың міндеті - өзі түзеген материалдың эффектілі болуын қамтамасыз ету. Ол эфирге шығатын публикацияға толығымен жауапты. Ал сыншы-рецензент жарыққа шыққан материалдың кемшілігі мен құндылығын анықтайды, көрермен мен оқырманға оны дұрыс бағалауға көмектеседі, авторға қажетті кеңес береді.
Өзінің ақпараттық қызметін орындау барысында БАҚ материалдары жақсы, түсінікті баяндалуы тиіс, өйткені ол түрлі топ өкілдеріне арналады. Редактордың шығармашылық мүмкіндігі мен шеберлігінен материалдың сапасы айқындалады. Редактор мамандығында сыншы мен тіл маманы, стилист пен педагог, ұйымдастырушы мен суретші мамандығы ұштасады. Редактор өз білімін әрдайым жетілдіріп отыруы қажет. Жан-жақты білімі бар, логикалық ойлауы зор, әдеби тілдің нормаларын жетік білетін адам ғана редактор бола алады. Редакторлық бағалау – шығармаға нақты мақсат тұрғысынан қарау, автор еңбегін шыншылдық масштабымен айқындау.
Редактор кітап, радио немесе телебағдарлама дайындаудың барлық өндірістік-технологиялық процесін білуі шарт. Полиграфия негіздері мен техникалық мүмкіндіктерді білуі оған шығарманың әсерін күшейтуге көмектеседі. Редакциялау – шығармашылық процесс, оны редактордың жеке дара ерекшеліктері айқындайды. Біздің тәжірибемізде редакциялаудың жалпы әдістемесі қалыптасты.
Дайындық кезеңі. Редакторлық іс-әрекеттің басы – дайындық кезеңі болып табылады. Оны ұйымдастырушы –шығармашылық кезең деп те есептеуге болады. Оған басылым, радио немесе теледидар мінезіне сәйкес тақырыптық бағытты айқындау, айдарлар мен жобалар, автор таңдауы жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |