Дәрістің мақсаты: Білім, білік және дағдыны бекіту бөлімінде студенттерді оқушылармен жұмыс істей алуға үйрету.
Білім дегеніміз – қарастырылып отырған дәріс бойынша түсінікті ұғымның қалыптасуы.
Білік дегеніміз – сол дәріс бойынша амалдарды орындаудың ережелерін, заңдылық қасиеттерін яғни, теориялық материалдарды жоғары деңгейде игеру.
Дағды дегеніміз – түрлі әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланып оқыту мен қайталау нәтижесінде жақсы қалыптасқан әрекет.
Оқушылардың білім, білік, дағды және іскерліктерін қалыптастыру үдерісі негізінен деңгейлеп-саралап оқыту технологиясы бойынша арнайы жүргізілетін жаттығу жұмыстары арқылы орындалады. Ол жұмыстар мыналар: материалды қайталауға арналған жаттықтырушы тапсырмалар, танымдық қабілеттерін дамыта түсуге арналған жаттығулар, шығармашылық жаттығулар; арифметикалық әрекетке негізделген ауызша және жазбаша есептеу дағдысын қалыптастыру әдістері.
Бастауыш мектепті бітірушілердің дайындық деңгейіне мынандай талаптар қойылады:
Математиканы оқып-үйрену нәтижесінде оқушылар мыналарды білуі және түсінуі тиіс:
1000000 көлеміндегі сандардың ретін;
қосу кестесін;
көбейту кестесін;
арифметикалық амалдардың мән-мағынасын, қасиеттерін; олардың компоненттерінің атауларын;
1000000 көлеміндегі сандарды салыстыруды және жазуды, оқуды;
көп таңбалы сандарды разрядтық қосылғыштардың қосындысы түрінде көрсетіп беруді;
меңгерілген математикалық терминдерді қолдануды;
жүз көлеміндегі сандармен, сондай-ақ одан үлкен сандар болғанда үйреншікті тәсілдерге жеңіл келтірілетін жағдайларда арифметикалық амалдарды ауызша орындауды;
қосу және көбейту кестелерін азайту мен бөлудің сәйкес жағдайларында қолдануды;
100 көлеміндегі қалдықпен бөлуді орындауды;
жазбаша есептеулерді (кез-келген көп таңбалы сандарды қосу мен азайту, көп таңбалы сандарды бір және екі таңбалы сандарға көбейту мен бөлу) орындауды;
0 және 1 сандарының қасиеттерін және арифметикалық амалдарда қолдануды.