Гүл шоғының классификациясы
Гүл шоғының екі типі болады: күрделі гүл шоғы, бұл жағдайда гүлдер негізгі өстің тармақтарында орналасады және жай гүл шоғы, бұл жағдайда гүлдердің сағағы болады, немесе сағақсыз тікелей негізгі өстің өзіне орналасады.
Күрделі гүл шоғы өстерінің ұзындыққа өсу ерекшеліктеріне қарай симподиальды (шектеулі) және моноподиальды (шектеусіз) болып екіге бөлінеді.
Күрделі симподиальды, немесецимозды (шектеулі) гүл шоғы
Күрделі симподиальды гүл шоғының негізгі өсі гүлмен аяқталады, гүлдерінің ашылуы жоғарғы жағынан басталып, бүйірлік бұтақтарына қарай жүреді, ал егерде гүлдері бір деңгейде орналасқан болса, онда олардың ашылуы шоқтың ортасынан шетіне қарай жүреді. Күрделі симподиальды гүл шоғына мыналар жатады.
Монохазий – негізгі өсі гүлмен аяқталады, оның төменгі жағынан екінші реттегі жаңа өс пайда болады, ол да гүлмен аяқталады. Бұдан соңғы пайда болған гүлдер де осы ретпен бүйірлеп өсіп, гүлдеп одан әрі жалғаса береді. Монохазий бұйра және ирек гүл шоқтары болып екіге бөлінеді.
Гүл шоғы орналасқан негізгі өсі гүлмен аяқталса, оның төменгі жағынан кеткен гүлдердің барлығы оның не кілең оң жағында, болмаса тек сол жағында бірыңғай орналасса, онда мұндай гүл шоғын бұйра гүл шоғы деп атайды.
Гүл шоғы орналасқан негізгі өсі гүлмен аяқталса, оның төменгі жағынан кеткен гүл бұтақтарының бірі оның оң жағынан, екінші сол жағынан кезектесіп кетіп отырса, онда мұндай гүл шоғын ирек гүлшоғы деп атайды (гладиолуста, гравилатта және т.б.)
Дихазий - негізгі өсі гүлмен аяқталады, оның төменгі жағынан екі қарама-қарсы орналасқан жаңа өстер кетеді, олардың әрқайсысы гүлмен аяқталады. Осылайша гүл шоғының бұтақтануы одан әрі жалғаса береді. Бұл жағдайда жаңа остер аналық өстен біршама биік тұрады. Соның нәтижесінде төменгі реттік гүлдері– гүл шоғының төменгі жағында, ал жоғарғы реттік гүлдері- жоғарғы жағында орналасады (қалампырда- гвоздика, тенге жапырақта- манжетка және т.б.).
Плейхазий – негізгі өсі бір гүлмен аяқталады, оның төменгі жағынан екіден көп қарама-қарсы немесе кезектесіп орналасқан өз кезегінде гүлдермен аяқталатын жаңа өстер кетеді (сүттігенде, қызыл ырғайда, гортензияда және т.б.)
Тирс. Тирс деп негізгі өсі моноподиальды бұтақтанып гүлмен аяқталатын, ал бүйірлік өстері симподиальды бұтақтанып гүлдер беретін аралас гүл шоғын атайды. Көпшілік жағдайдатирсті қосарлы ирек (сабынкөк-норичник), немесе қосарлы бұйра гүл шоғы ретінде (шайқурай-зверобой) қарастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |