Рентгенодиагностика – рентген сәуленің көмегімен ауруды анықтау әдісі. Стоматологияда рентгенография әдісі кең қолданылады. Рентгенография — рентген пленкасына алынатын тұрақты негативті көшірме. Рентген сәулесі тығыз тіндерге шоғырланып, негативте ағарып көрінеді. Жұмсақ тіндерге рентген сәулесі сіңбейді, сондықтан олар қарайып көрінеді. Тістің эмалі, пломбалық материалдар, металдан жасалған пломба мен сауыттар рентгенде аппақ болып көрінсе, дентин, цемент, альвеолды өсіндінің қабығы ақшыл түс береді. Альвеолды өсіндінің өзі аппақ пен ақшыл түстерден шырмалған тор түрінде көрінеді.
Рентгенографияның көмегімен пульпадағы дентиклды, тіс түбірінің шытынағанын не сынғанын, «тығылған» тісжегі қуыстарын анықтауға болады. Ол арқылы тіс түбірлерінің қисаюын, олардың кең-тарлығын, ондағы бөгде затты, түбір өзегін пломбалау сапасын көруге болады, ал периодонтитте қабыну процесінің сипаты мен мөлшерін, шекарасын, негізгі қабыну ошағының асқыну жолдарын, пародонтопатияда альвеолды өсіндінің сему дәрежесін, сүйекті қалталардың тереңдігін, сондай-ақ емдеу процесінің нәтижесін де тексеруге болады.
Көбінесе, ауыз қуысы арқылы жасалатын рентген әдісі жиі қолданылады. Өйткені бұл тіс пародонттың жағдайын анық көрсетеді. Ол үшін рентген пленкасын қатты таңдайдың шырышты қабығына немесе төменгі жақ сүйегінің ішкі бетіне жапсыра ұстайды. Егер ауыз ашылуы шектелген болса, пленканы тістетіп қойып түсіреді.
Ауыз сыртынан жасалатын рентген әдісі көбіне жоғарғы жақсүйегін, мұрын қуыстары мен сүйектерін, шықшыт (бет) сүйегін, оның доғасын, шықшыт сілекей бездерін және жұмсақ тіндерді тексергенде қолданылады.
Томография – тіндердің әр қабатын тексеретін рентгенография әдісі. Панорамалы рентгенография – бүкіл тіс қатарын, жоғарғы және төменгі жақ сүйектерінің шоқтықтарын көруге мүмкіншілік береді. Телерентгенография – үлкен фокусты ара қашықтықтағы рентген суреті, контрастты рентгенография - сілекей безінің өзегіне, гаймор қуысына контрастты (йодолипол) зат енгізу арқылы жасалады.
Ауыз қуысындағы шырышты қабықта кездесетін өзгерістерді анықтау үшін стоматоскопия тәсілін қолданады. Ол үшін арнайы 28-30 есе үлкейтіп көрсететін аспап арқылы шырышты қабықтың өзгерген жерін қарайды.
Заманауи стоматологияда функционалдық диагностика тәсілінің бірі электрометриялық әдіс – реография, оптикалық әдіс - фотоплетизмография кеңінен қолданылады. Бұлар организмдегі тірі тінге қан толу – қан айналу процесін, тіннің электр тогына қарсылығы арқасында пайда болатын пульсті тербелісін немесе тіннің оптикалық тығыздығы бойынша өзгерістерін тіркеу арқылы жүргізіледі. Бұл факторлар тіннің қоректенуі мен қайта қалпына келу мүмкіншілігін анықтайды.
Ауыз қуысының өзгерістерін диагностикалау мақсатымен лабораторлық әдістерде қолданылады:
қан анализі – науқастың жалпы жағдайын анықтайды;
зәр анализі – қант диабеті мен басқа да жағдайларда;
биопсия – жарақаттан кішкене тінді кесіп алып патогистологиялық тексеру;
көшірме-жақпа – микробиологиялық тексеру.
Достарыңызбен бөлісу: |