44. Дикроцелиоз Жануарлардың дикроцелиозы бойынша қолайлы
аумақта өткізілетін профилактикалық
іс-шаралар
553. Жануарлардың дикроцелиозының профилактикасы үшiн мынадай іс-шаралар өткізіледі:
1) эпизоотологиялық бағалау мақсатында, жыл сайын көктемгi-жазғы кезеңде жануарлар гельминтокопрологиялық әдiстермен ішінара дикроцелиозге, олардың дикроцелилердің личинкаларын жұқтыруы анықтала отырып, жайылымдар оларда жер үстiндегі моллюскалар мен құмырсқалардың болуына және орналасу тығыздығына тексерiледi, ауру анықталған жағдайда мал басын гельминтокопрологиялық зерттеу және ауру жануарларды гельминтті жою жүргiзiледi;
2) жануарларды ашық құрғақ учаскелерінде жаю және таза бұлақтардан суару қамтамасыз етiледi, сыртқы ортада дамуын ескере отырып, жайылымдардың уақтылы ауысуы қамтамасыз етiледi.
554. Шаруашылық жүргізуші субъектiлерге әкелу (кіргізу) немесе әкету (шығару) алдында жануарлар дикроцелиозге гельминтокопрологиялық тексеруге түседі, гельминттер анықталған кезде жануарларға гельминтті жою жүргiзiледi және олар толық сауыққанға дейiн бақыланады.
555. Қиды тазарту, оны зарарсыздандыру және мал шаруашылығы қораларын және жайып семірту алаңдарын және жануарлардың экскременттерiмен жанасатын сыртқы ортаның басқа да объектiлерiн дезинвазиялау жүргiзiледi.
Жануарлардың дикроцелиозi бойынша қолайсыз
аумақта өткізілетін жою
іс-шаралары
556. Жануарлардың дикроцелиозi бойынша қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектiлерде мынадай іс-шаралар жүргiзiледi:
1) жануарларды байлауда немесе байлап бағуда ұстау ұйымдастырылады;
2) эпизоотологиялық бағалау мақсатында, жыл сайын көктемгi-жазғы кезеңде жайылымдар оларда жер үстiндегі моллюскалар мен құмырсқалардың болуына және орналасу тығыздығына тексерiледi, олардың дикроцелилердің личинкаларын жұқтыруы анықталған жағдайда ол жерлерге сау жануарларды жаюға рұқсат етілмейді;
3) моллюскалардың (дикроцелийлердiң аралық иелерi) санын азайту үшiн жайылым бұталардан және тастардан тазартылады, дақылдық шөптер егiледi немесе инсектицидтiк препараттармен моллюскаларға қарсы тазалау жүргiзiледi;
4) жыл-сайын қараша-желтоқсан айларында емдiк-сақтандыру гельминтті жою жүргiзiледi;
5) гельминтті жою үшiн Қазақстан Республикасында тiркелген антигельминтиктер қолданылады.
45. Ірi қара малдың, қойлар мен ешкiлердің диктиокаулездері Жалпы іс-шаралар
557. Жануарлардың диктиокаулездерінің алдын алу және жою мақсатында жануарлардың иесi және ветеринария мамандары ұйымдастырушылық-шаруашылық, ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар кешенін жүзеге асырады.
558. Жануарлардың диктиокаулездермен ауыруының алдын алуға бағытталған ұйымдастырушылық-шаруашылық іс-шаралары барлық мал басын толыққанды жемшөппен, жануарларды азықтандырудың, суарудың және ұстаудың тиісті шарттармен қамтамасыз ету болып табылады.
559. Жануарларды жайылымды немесе қорада байлап бағу қолданылатын шаруашылық жүргізуші субъектiлерде табиғи шабындықтар мен жайылымдарды жүйелi түрде жақсарту (жерлерді суландыру, оларды тастардан және бұталардан, орман жайылымдарынан, шырпылар мен өсінділерден тазарту), дақылды жайылымдарды жасақтау, сондай-ақ, әрбір күнтізбелік 5-7 күн сайын ашық қораларды ауыстыра отырып, жайылымдарды ұтымды пайдалану бойынша шаралар жүзеге асырылуы қажет.
Жануарлардың диктиокаулездерінің
профилактикасы бойынша
іс-шаралар
560. Жануарлардың диктиокаулездерді жұқтыруын болдырмау мақсатында мынадай іс-шаралар жүргiзу қажет:
1) ақуыз, минералды тұздар және витаминдер бойынша теңгерімделген рациондары қолданылады. Жайылымдық учаскелер микроэлементтерге жұтаң аймақтарда рациондарға тиісті (мыс тұзы, кобальт, йод, молибден және басқа да элементтер) қоспалар қосылады;
2) жануарлар тек қана оттықтардан азықтандырылады;
3) жануарлар су құбырларынан, құдықтардан, өзендерден, ағысы жылдам бұлақтардан алынған таза сумен суарылады. Тоғандардан және басқа да ағынсыз су қоймаларынан суаруға сүзгiш-құдықтардың жасалуын көрсету шартымен рұқсат етіледі. Шалшықтардан, несеп төгілген сулардан, арықтардан және шұңқырлардан суаруға тыйым салынады;
4) мал шаруашылығы қораларының, оттықтардың және астаулардың, күтім жасау заттарының, керек-жарақтардың, аулалардың, жаю алаңдарының, мал шаруашылығы қораларының маңындағы ашық жерлер мен аумақтардың тазалығы қамтамасыз етіледі. Қоражайлар жақсы желдетiлетін, құрғақ, жарық болуға тиіс;
5) мал шаруашылығы қоражайларда, оларға жақын орналасқан жерлерде және жемшөптер мен су көздерін сақтау орындарында иттердi ұстауға тыйым салынады;
6) мал шаруашылығы қоражайлардан және жаю алаңдарынан қи мен тезек тұрақты түрде зарарсыздандыру үшін арнайы қи қоймаларына шығарылады;
7) әрбiр гельминтті жоюдан кейiн мал несебі күнтізбелік 3-5 күн ішінде жиналып, одан кейін дезинвазиялануы керек. Қоражайларға, жаю алаңдарына, жабдықтарға және керек-жарақтарға дезинвазия жасалады;
8) жануарларды құрғақ жайылымдарда жаю. Жаю үшін жайылымдардың батпақты, ойпатты және несеппен ластанған учаскелерін пайдалануға тыйым салынады;
9) жануарлардың (диктиокаулезге барынша сезімталдары сияқты) жас төлдерiн қырат жерлерде, жақсартылған жайылымдарда бағу жүзеге асырылады, ерте (қысқы) төлдеген бұзауларды қоражайда және байлап бағуда ұстау, сондай-ақ, жас төлді диктиокаулезден еркін өсіруді және сау табынды жасақтауды қамтамасыз ететін басқа да шаралар қолданылады.
561. Ветеринария мамандары жылына кемінде 2 рет гельминттiк копроскопиялық әдiстермен барлық ірi қара малдың, қой мен ешкi мал басының 10-20 %-ын ішінара тексеруге, өлген немесе етке сойылған жануарларды ашу кезінде диктиокаулдың бар-жоғын ескеруге тиіс.
562. Шаруашылыққа жаңадан әкелінетін барлық үй және жабайы жануарларды 30 күн iшiнде профилактикалық карантиндеу және диктиокаулезге гельминттiк копроскопиялық тексеру қажет. Диктиокаулез жұқтырғаны анықталған жағдайда, жануарларды жаппай гельминтті жою жүргiзiлiп, оның тиiмдiлiгi тексерiледi.
Бұрын шаруашылық аумағында кездеспеген жаңадан әкелiнген малдардан диктиокаулез анықталған жағдайда, жануарлар оқшау ұсталып, диктиокаулдан толық арылғанша гельминтті жою жүргiзіледi.
563. Шаруашылықтан шығарар алдында, ірі қара және ұсақ малды диктиокаулезге гельминттік копроскопиялық тексеру жасалады.
Диктиокаулез анықталған жағдайда барлық жануарларға гельминтті жою жасалып, бұдан кейiн оларды шығаруға рұқсат етіледі.
Жануарлардың диктиокаулезiн жою бойынша
іс-шаралар
564. Диктиокаулездің ерекше алдын алудың негізгі шарасы жануарлардың ауруының алдын алуды және қоздырғыштың инвазиясының сыртқы ортада сейілуін қамтамасыз ететін химиялық және биологиялық дәрі-дәрмектерді қолдану болып табылады.
565. Жаппай немесе профилактикалық гельминтті жоюдың алдында қатты әсер ететін және бірінші рет қолданылатын дәрі-дәрмектер және қолдану әдістері жануарлардың шағын тобында (15-20) алдын ала сыналады. 2-3 тәулік ішінде асқынулар болмаған жағдайда барлығына жаппай гельминтті жою жасалады.
566. Жануарларды гельминтті жою үшiн мемлекеттік тiркеуден және сынамалаудан өткен ветеринарлық дәрі-дәрмектер және олардың дәрiлік түрлерi қолданылады.
567. Ірi қара малдың диктиокаулезi анықталған шаруашылық жүргізуші субъектiде:
1) ағымдағы жылы туған бұзаулар, мал бордақылайтын шаруашылықтарда жасы үлкен бұзаулар қорада немесе оқшауланған байлап бағуда ұстап өсiріледi;
2) диктиокаулез жұқтырған iрi мүйiздi қара малдың өткен жылдың қыркүйек айынан бастап бағылмаған учаскелерде бұзауларды оқшауланған жайылымда-қорада ұстау ұйымдастырылады;
3) көп жылдық дақылды жайылымда бағу, әрбiр ашық қораны (учаскені) 5 тәуліктен аспайтын мерзімге пайдалана отырып, 3-4 айдан соң бастапқы учаскеге қайтара отырып, ұйымдастырылады. Диктиокаул жұқтырған жануарларды көп жылдық дақылды жайылымдарға жаюға рұқсат етілмейді;
4) карантин кезеңiнде шаруашылыққа жаңадан әкелінген жануарлар ларвоскопиялық әдіспен гельминтологиялық тексеруден өткiзіледi. Бүкіл топ бойынша нәтижелер теріс болған жағдайда жануарлар жалпы табынға ауыстырылады;
5) өткен жылы туған бұзаулар жаюға дейін күнтізбелік 20 күн ішінде ларвоскопиялық әдіспен гельминтологиялық тексеруден өткiзіледi;
6) ағымдағы және былтырғы жылы туған бұзаулар ішінара (20-25 бас) бiрiншi рет жайылғаннан кейін күнтізбелік 45-50 күн өткен соң, одан кейін жайылым мерзiмiнiң соңына дейiн әрбiр күнтізбелік 15 күн сайын ларвоскопиялық әдіспен гельминтологиялық тексеруден өткiзіледi;
7) табында бұзаулардың ауруы анықталған жағдайда гельминтті жою жасалып, қамап ұстауға ауыстырылады. Қажеттілігіне қарай гельминтті жою тек күнтізбелік 12 күннен кешіктірілмей қайталанады.
568. Қой мен ешкiнiң диктиокаулезi анықталған шаруашылық жүргізуші субъектiлерде:
1) ларвоскопия әдісімен ішінара гельминтке тексеру жүргiзедi: көктемде (наурыз) бұрын табиғи жайылымда бағылған барлық табындар мен елдi мекендердегі жануарларға - 3; жазда (шiлде-тамыз) барлық саулық табындарда ағымдағы жылы туған қозылар мен лақтарға - 3; күзде, қамап ұстау алдында жаңадан жинақталған жас малдарға және 2 жасқа дейiнгi қой мен ешкiге – 3;
2) табындарда ауру жұқтырған жануарлар анықталған жағдайда көктемде жайылымға шыққанға дейiн бұрын жайылымда бағылған қой мен ешкiлерге (әсiресе төлдегеннен кейiн саулықтар) – 3, жазда (шiлде-тамыз) қозыларды, күзде барлық жануарларға (қамап ұстауға қою кезінде) - 3 гельминтті жою жүргізіледі;
3) жыл бойы жайылымда күтіп-бағу кезінде және айдаудағы қой шаруашылығында жануарларды тексеру және гельминтті жою мерзiмiн, диктиокаулездің өңірлік эпизоотологиясының ерекшелiктерiн ескере отырып, белгілейді;
4) жануарлар диктиокаулезі клиникасымен ауырған кезде оларда жыл мезгiлiне қарамастан тез арада емдік гельминтті жоюды жүргізеді.
569. Төлдегенге дейін 2 апта бұрын және төлдегеннен кейін 2 апта болған буаз сиырлар, қойлар, сондай-ақ, арық малдар, iшi кепкен, остеомаляция белгiлерi бар және басқа да өткір және ауыр түрде ауырған жануарлар гельминтті жоюға жатпайды. Мұндай жануарлар олар сауыққаннан кейiн, жеке гельминтті жоюдан өткiзіледi.
570. Дәрі-дәрмектерді терiге, терi астына, бұлшық етке, көк тамырға, қабақ астына, кеңiрдекке егу кезінде асептика және антисептика ережелерiн қатаң түрде сақтау қажет.
46. Ірi қара малдың, қойлар мен ешкiлердің мониезиозы Жалпы іс-шаралар
571. Жануарлар мониезиозінің алдын алу және жою мақсатында жануарлардың иесi және ветеринария мамандары ұйымдастырушылық-шаруашылық, ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар кешенін жүзеге асыруға міндетті.
572. Жануарлардың мониезиозбен ауыруының алдын алуға бағытталған ұйымдастырушылық-шаруашылық іс-шаралар барлық мал басын толыққанды азықпен, азықтандырудың, суарудың және ұстаудың тиісті жағдайымен қамтамасыз етуді білдіреді.
573. Жануарларды жайылымды немесе қорада байлап ұстау қолданылатын шаруашылық жүргізуші субъектiлерде табиғи шабындықтар мен жайылымдарды жақсарту (жерлерді мелиорациялау, оларды тастардан және бұталардан, орман жайылымдарын шөпшектер мен өсінділерден тазарту), дақылды жайылымдарды жасақтау, сондай-ақ, әрбір күнтізбелік 5-7 күн сайын қораларды ауыстыра отырып, жайылымдарды ұтымды пайдалану бойынша шараларды жүйелi түрде жүзеге асыру қажет.
Жануарлар мониезиозының
алдын алу жөніндегі
іс-шаралар
574. Жануарлардың мониезиоздерді жұқтыруының алдын алу мақсатында жануарлардың иелері мынадай іс-шаралар жүргiзедi:
1) ақуыз, минералды тұздар және витаминдер бойынша теңгерімделген рацион қолданады. Жайылымдық учаскелер микроэлементтерге жұтаң аймақтарда рациондарға тиісті (мыс тұзы, кобальт, йод, молибден және басқа да элементтер) қоспалар қосылады;
2) жануарларды тек қана науалардан азықтандырады;
3) жануарларды су құбырларының, құдықтардың, өзендердің, ағысы жылдам бұлақтардың таза суымен суарады. Тоғандардан және басқа да ағынсыз су қоймаларынан суаруға сүзгiш-құдықтар жасалған жағдайларда рұқсат етіледі. Жануарларды шалшықтардан, несеп төгілген сулардан, арықтардан және шұңқырлардан суаруға тыйым салынады;
4) мал қораларының, науалардың, астаулардың, күтім жасау заттарының, құрал-саймандардың, жабдықтардың, аулалардың, жаю алаңдарының, мал шаруашылығы қораларының маңындағы ашық жерлер мен аумақтардың тазалығын қамтамасыз етеді.
Мал қоралар жақсы желдетiлетін, құрғақ, жарық болуға тиіс;
5) мал қораларынан, жаю алаңдарынан және баздардан қи тұрақты түрде зарарсыздандыру үшін арнайы қи қоймаларына шығарылады;
6) әрбiр дегельминтизациядан кейiн мал несебі күнтізбелік 3-5 күн ішінде жиналып, одан кейін дезинвазиялануы керек. Мал қораларына, жаю алаңдарына, жабдықтарға және құрал-саймандарға да дезинвазия жасалады;
7) жануарларды құрғақ жайылымдарда жаяды. Жаю үшін жайылымдардың батпақты, ойпатты және несеппен ластанған учаскелерін пайдалануға рұқсат етілмейді;
8) жануарлардың жас төлдерiн қырат жерлерде, жақсартылған жайылымдарда бағуды жүзеге асырады, ерте (қысқы) туған бұзауларды қорада және байлап бағуда ұстау, сондай-ақ жас төлді мониезиозден еркін өсіруді және сау табындарды жасақтауды қамтамасыз ететін басқа да шаралар қабылдайды.
575. Ветеринария мамандары жылына кемінде 2 рет гельминттiк копроскопиялық әдiстермен барлық iрi қара мал, қой мен ешкi мал басының 10-20 %-ын ішінара тексеруге, өлген немесе етке сойылған жануарларды ашу кезінде мониезиоздың бар-жоғын ескеруге тиіс.
576. Шаруашылыққа жаңадан келіп түскен барлық үй және жабайы жануарлар 30 күн iшiнде профилактикалық карантинделуі және мониезиозге гельминттiк копроскопиялық тексерілуі керек. Мониезиоз жұқтырғаны белгіленген кезде, жануарлардың мал басын дегельминтизациялау жүргiзiлiп, оның тиiмдiлiгi тексерiледi.
Жаңадан әкелiнген малдарда бұрын шаруашылық аумағында кездеспеген мониезиоз анықталған кезде, жануарлар оқшау ұсталып, мониезиоздерден толық арылғанша дегельминтизация жүргiзіледi.
577. Шаруашылықтан шығарар алдында, iрi қара және ұсақ малды мониезиозге гельминттік копроскопиялық тексеру жасалады. Мониезиоз гельминттері анықталған кезде барлық жануарларға дегельминтизация жасалып, бұдан кейiн оларды шығаруға рұқсат етіледі.
Жануарлардың мониезиозын
жою бойынша арнайы
іс-шаралар
578. Мониезиоздың ерекше профилактикасының негізгі шарасы жануарлар ауруының алдын алуды және инвазия қоздырғышының сыртқы ортада сейілуін қамтамасыз ететін химиялық және биологиялық препараттарды қолдану болып табылады.
579. Малдардың мониезиозді жұқтыруы анықталған барлық шаруашылық жүргізуші субъектілерде малды қорада ұстауға қою және жайылымға айдау алдында профилактикалық дегельминтизация жүргізілуі керек.
580. Преимагиналды дегельминтизация жануарлардың организмiндегi мониезиоздар жыныстық жетілуге жетпеген мерзiмде жүргiзіледi.
581. Жануарлардың мониезиоздардың клиникалық белгiлерi болған кезде дегельминтизация жылдың кез келген уақытында жүргiзіледi. Қайталама инфекциядан немесе жұқпалы емес аурулардан туындаған асқынулар жағдайында қайталанатын ауруға қарсы симптоматикалық емдеу белгіленеді және тек қана осыдан кейін жануарлар дегельминтизацияланады.
582. Жаппай емдік немесе профилактикалық дегельминтизацияның алдында қатты әсер ететін және жабдықтауға бірінші келіп түскен препараттар мен қолдану әдістері жануарлардың шағын тобында (15-20) алдын ала сыналады. 2-3 тәулік ішінде асқынулар болмаған кезде барлық мал басына дегельминтизация жасалады.
583. Қозылар мен лақтарды профилактикалық дегельминтизация бiрiншi рет оларды жайылымға немесе қора аумағына айдап шығарған соң күнтізбелік 14-16 күннен кейiн (жыл бойы жайылымда ұстау кезінде туғаннан кейін күнтізбелік 25-30 күн өткен соң), қайталама бiрiншi дегельминтизациядан кейін күнтізбелік 15-20 күн өткен соң, үшiншi рет екiншi дегельминтизациядан кейін күнтізбелік 25-30 күн өткен соң жасалады. Қозылар мен лақтар қыркүйек айында бiр рет дегельминтизацияланады, ал жануарларды қорада ұстауға ауыстырғаннан кейін күнтізбелік 30 күн өткен соң қой мен ешкiнiң барлық мал басы дегельминтизацияланады. Жыл бойы жайылымда бағылатын шаруашылықтарда бiр жастан асқан ұсақ малға күзде және жоспарлы төлдеу аяқталған соң профилактикалық дегельминтизация жасалады.
Ағымдағы жылы туылған бұзауларға профилактикалық дегельминтизация 2 рет жүргiзiледi: бiрiншi рет жайылымға шығарылғаннан кейін 35-40 күнтізбелік күн өткен соң, екiншi рет бiрiншi дегельминтизациядан кейін 35-40 күнтізбелік күн өткен соң, ал бір жастан асқан бұзауларға жылына бiр рет жайылымға шығарылғаннан кейін күнтізбелік 35-40 күн өткен соң жасалады.
584. Төлдеуіне 2 апта қалған және төлдегеннен кейін 2 апта өткен буаз сиырлар мен қойлар, сондай-ақ, арық малдар, iшi кепкен, остеомаляция белгiлерi бар және басқа да өткір және ауыр түрде ауырған жануарлар дегельминтизациялауға жатпайды. Бұл жануарлар олардың денсаулық жағдайы жақсарғаннан кейiн жеке дегельминтизациядан өткiзіледi.
585. Жануарларды дегельминтизациялау үшiн мемлекеттік тiркеуден және сынамалаудан өткен ветеринариялық препараттар мен дәрi түрлерi қолданылады.
586. Препараттарды терi астына, бұлшық етке, көк тамырға егу кезінде асептика және антисептика ережелерiн қатаң түрде сақтау қажет.
587. Мониезиоз анықталған шаруашылық жүргізуші субъектілерде, бұзауларды соңғы 3 жыл бойы ауырған малдар жайылмаған жайылымда ересек малдардан оқшау бағады. Дақылды жайылымда бағу үшiн бiр жылдық шөп егiлген қоршауды пайдаланады. Көп жылдық шөптері бар қоршауда бұзаулар тек қана алғашқы егу жылында бағылады.
588. Жануарларды қорада немесе байлап бағуда ұстау қолданылады, мұнда олар мониезиозды жұқтырмайды.
589. Көрсетiлген іс-шараларды орындау мүмкiн болмаған кезде профилактикалық дегельминтизация және химиялық профилактика жүргізіледі.
47. Пироплазмоз Жануарлардың пироплазмозының алдын алу және
профилактикасы бойынша өткiзілетін
iс-шаралар
590. Жануарларды пироплазмозды жұқтыруының алдын алу үшiн мынадай іс-шаралар жүргiзiледi:
1) табындар пироплазмоз бойынша қолайлы пункттердің жануарларынан топтастырылады және мемлекеттiк ветеринариялық инспектордың хабарынсыз табынға жаңадан келіп түскен жануарлар қосылмайды;
2) басқа жерлерден жаңадан әкелiнген барлық жануарлар күнтізбелік 30 күн бойы карантинде ұсталады. Осы уақыт iшiнде жануарлар жүйелi тексеруден өткiзіледi және иксод кенелерi анықталған кезде жануарлар Қазақстан Республикасының ветеринариялық препараттарының мемлекеттік тізіліміне енгізілген акаридцидтік препараттармен өңделеді, өңдеу су бүрку, шомылдыру, дуст себу немесе сүрту жолымен жүргізіледі. Кенелерге қарсы ылғалды өңдеуді жүргiзу үшiн шомылдыру ванналары, тұрақты немесе жылжымалы бүрiккiш тетіктер жабдықталады;
3) жануарларды кене баспаған қораларда ұстау қамтамасыз етіледi;
4) егер, жануарлар пироплазмоз бойынша қолайсыз аумақтан әкелiнсе, олар бiр мәрте Қазақстан Республикасының ветеринариялық препараттарының мемлекеттік тізілімінде тіркелген акарицидтiк препараттардың бiрiмен өңделеді;
5) жануарларды кенелерге қарсы кезең-кезеңімен өңдеу, оларды ұстау жүйесiне, жыл мезгiлiне және жайылым жерлері аумағындағы кенелердiң санына және белсендiлiгiне байланысты жүргiзiледi. Айдауда бағу жүйесі кезінде жануарлар жергілікті жерде кене басу бойынша көрсеткіштерге сәйкес айдау трассаларындағы акарицидтермен өңделеді;
6) табиғи және жасанды жайылымдарды пайдаланатын шаруашылық жүргізуші субъектілерде, жайылымдарды ауыстыру кенелердiң биологиясымен олардың жануарларда паразиттiк өмiр сүру уақытын ескере отырып жүргізіледі.
591. Пироплазмоз бойынша қолайсыз пункттерде жануарлардың түрiн, қоздырушының және оған тән тасымалдаушы кенелердiң түрiн ескеру және аурулар мен кенелердiң таралу картасын жүргізу қажет. Барлық мал басы, кенелердiң белсендiлiк кезеңiн және акарацидтiк препараттардың қалдықты әсер ету ұзақтығын ескере отырып өңделеді. Жануарлар кене баспаған жайылымдарда бағылады.
592. Жануарлардың денесiнде тасымалдаушы кенелер анықталған кезде немесе аурудың жекелеген жағдайлары анықталған кезде бүкіл табын Қазақстан Республикасының ветеринариялық препараттарының мемлекеттік тізіліміне енгiзiлген акарицидтiк препараттармен өңделеді. Өңдеу ерте химиялық профилактика үшін ұсынылатын шамада және әрбiр күнтізбелік 15 күннен кейiн мал басының жаппай ауруының тоқтауына дейiн қайталанады. Жануарлар химиялық профилактика жүргiзiлгеннен кейін екiншi күнi акарацидтiк препараттармен кенелерге қарсы өңделеді.
593. Пироплазмозға диагноз қойылғаннан кейiн бүкіл табын акарацидтiк препараттардың бiрiмен емдiк мөлшерде өңделеді.
594. Кенеленген мал қоралар мұқият механикалық тазалаудан кейiн акарацидтiк препараттармен өңделеді.
595. Мал шаруашылығы қораларын профилактикалық дезакаризациялау жылына кемiнде 3-4 рет өткiзіледi.
596. Жануарлардың пироплазмозын тасымалдаушы иксод кенелермен күрестi олардың мекендейтін жерлерiнде агротехникалық және жер суландыру іс-шараларын өткізу жолымен жүргiзу қажет. Кенелердің биотоптарында, жайылымдарда бұталарды тегістеу, арамшөптердi жою, тың және тыңайған жерлердi жырту, дақылды шөптерді егу жүргізіледі.
597. Кенелердiң санын азайтуға мына схемалар бойынша жүргізілетін жайылымдарды ауыстыру жолымен қол жеткізіледі:
1) егер шаруашылық жүргізуші субъектiлерде кенелерi жоқ және кене басқан жайылымдар бар болса, онда кенелерi жоқ аумақ төрт учаскеге бөлінедi. Әр учаскеде мал көктемнен бастап күнтізбелік 25 күннен бағылады. Төрт учаскені пайдаланғаннан кейiн жануарлар былтырғы күзден бастап жануарлар болмаған кене басқан аумаққа ауыстырылады. Одан бергi өткен кезең 7 айдан астам уақытты құрайды. Осы мерзімде кене басқан учаскеде жануарлар болмағандықтан, учаскелердегі личинкалардың қоректену мүмкіндігі болмайды, соның салдарынан олардың негізгі бөлігі өледi;
2) егер бүкіл жайылым алқабын кене басқан болса, онда жайылымдарды ауыстыру екi учаскеге бөлу жолымен ұйымдастырылады. Олардың бірінде жануарлар бағылады, ал екiншiсі бiр жыл бойы бос тұрады, осы уақыт аралығында ол кенеден тазарады.
Келесi жылы жануарлар кенеден босаған аумақта бағылады, ал жануарлар бағылған учаске бiр жыл бойы пайдаланылмайды және ол да кенеден тазартылады.
598. Мал қораларындағы, ашық қоралардағы және қоршаған аумақта қанның паразиттiк ауруларын тасымалдаушы кенелер личинкаларының тышқан тәрiздi кемiргiш-қоректендіргіштерімен жүйелі түрде күрес жүргiзiледi.
599. Жануарлардың денесiндегi кенелердi жою үшiн оларды акарицидтi препараттардың ерiтiндiлерімен ұсынылған концентрацияда күнтізбелік 7-10 күнде бiр рет ванналарда шомылдырады немесе душ қондырғыларында су бүркедi. Жануарларды өңдеу көктемгi жайылымға шығару алдында күнтізбелік 2-3 күн бұрын басталып, олардың жануарлар денесiнде паразиттiк өмiр сүру маусымы кезеңінде жүргізіледі.
600. Жануарларды союға оларды қолдану бойынша нұсқаулықта белгіленген мерзімде пайдаланылатын акарицидтердің қалдықтарын толығымен ыдыратқаннан кейін рұқсат етiледi. Жануарлар мәжбүрлі түрде сойылған жағдайда, олардың етi мен органдары зертханада акарицид қалдықтарының бар-жоқтығына тексеріледі.
48. Саркоптоидоз және демодекоз Ветеринариялық-санитариялық қолайлы
аумақта өткізілетін
iс-шаралар
601. Мал қораларында жыл сайын дезинфекция жүргiзіледi.
602. Жаңадан әкелінген жануарлар күнтізбелік 30 күн профилактикалық карантинде ұсталады.
603. Жануарларды ветеринариялық-санитариялық инспектордың келiсiмiнсiз жергілікті жерлерде қайта топтастыруды жүргізуге тыйым салынады.
Қолайсыз пункттерде өткізілетін
іс-шаралар
604. Саркоптоидоз ауруына күдiктену жағдайында жануарлар дереу оқшауланады және мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторға хабарланады.
Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор барлық мал басын тексеруден өткiзедi, терi жарақаты болған жағдайларда, зертханалық зерттеулер үшін сынамаларды іріктеп алады.
605. Шаруашылық жүргізуші субъектiлер және жануарлардың иелерi саркоптоидозды жоюға бағытталған барлық іс-шаралардың орындалуын және өткізілуін қамтамасыз етуге тиіс.
606. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторы жануарлардың саркоптоидозын жою іс-шараларының өткізілуін бақылайды.
607. Меншiк нысанына қарамастан шаруашылық (табын, ферма, отар) қолайсыз болған кезде:
1) жануарлардың кіргізуге және шығаруға;
2) сау мал басымен бiрге жаюға, ұстауға, суаруға және басқа да жанастыруға;
3) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектордың келiсiмiнсiз жануарларды қайта топтастыруға;
4) аумаққа бөгде адамдардың жіберілуіне тыйым салынады.
608. Өлген, өлтірілген және сароптоидозбен ауырған жануарлардан сыпырылған терiлер Қазақстан Республикасының ветеринариялық препараттарының мемлекеттік тізілімінде тіркелген ветеринариялық препараттармен зарарсыздандырылады, ал тауарлық құн жоқ мамық жүнді аңдар мен қояндардың терiсi жағу жолымен жойылады.
609. Мал қораларда, баздарда, қой қораларда, торларда дезакаризация жүргізіледі.
610. Саркоптоидозды ауру малдар бағылған және айдалып өткен жайылымдарды және мал айдау трассаларын жаз айларында күнтізбелік 30 күннен кейін ғана пайдалануға рұқсат беріледі.
611. Саркоптоидоздарды емдеу және профилактикасы үшін мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
1) саркоптоз және псороптоз кезінде қойлар мен ешкiлердiң профилактикасы мақсатында бір мәрте және емдеу мақсатында екі мәрте (арасы 7-10 күннен) көлемi 8-15 метр3 стационарлық ванналарда акарацидтiк препараттардың судағы ерiтiндiсiне шомылдырады;
2) қыста қойлардың псороптозбен ауру жағдайлары болған отарлар қырықтықтан кейін көктемде екi рет және күзде бiр рет өңделеді;
3) iрi қара малды, қойларды және ешкiлерді, түйелерді, шошқаларды, ала бұғыларды, маралдар мен бұғыларды, қояндарды, мамық жүнді аңдарды, иттер және мысықтарды саркоптоидоздан емдеу және профилактикалық өңдеу үшін Қазақстан Республикасының ветеринариялық препараттарының мемлекеттік тізілімінде тiркелген акарацидттер қолданылады;
4) жануарлар шомылдыру алдында дем алдырылады, 4-5 сағат бойы азықтандыруды және 1-2 сағат бұрын суаруды тоқтатады;
5) шомылдыруға буаз қойлар (ешкiлер) төлдеуге бiр ай қалғанда жiберiлмейдi, бiр айға дейiнгi қозылар (лақтар), аналық қойлар ұрықтандыруға 45 күн қалғанда жiберiлмейдi;
6) ауру және арық жануарлар отардан бөлінеді, олар қосымша жемшөппен қамтамасыз етіледі және қанағаттанарлық қоңдылыққа жеткеннен (сауыққаннан) кейін шомылдырылады. Қатты жаңбырдың астында қалған жабағысы кеппеген қойлар, күнтізбелік 7-10 күннен кейiн қайта шомылдырылады;
7) акарацидтердi бүрку жолымен пайдалануға тыйым салынады.
612. Қырқуға бiрiншi кезекте сау отардағы қойлар жіберіледі. Қолайсыз отарлардың жануарларын қырқу орналасқан орындарында жүзеге асырылады.
613. Ауру жануарлардан алынған жүн жеке үй-жайларда сақталады. Ол дезакаризациялау үшін «қотыр» деген таңбасы бар тығыз қосарлы жұмсақ ыдыста өңдеуші кәсіпорындарға әкетіледі.
614. Қораларды, баздарды дезакаризациялау оларды механикалық тазартудан кейiн жүргiзiледi. Қи, төсем, жемшөп қалдықтары 3 айға дейінгі мерзімге биотермиялық зарарсыздандыру үшін қи қоймасына шығарылады.