Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 9 тамыздағы №814 қаулысы «Ветеринария туралы»



бет13/18
Дата17.06.2018
өлшемі457,14 Kb.
#43043
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

58. Қой ценурозы
Ценуроз бойынша қолайлы аумақта
жүргізілетін профилактика бойынша
іс-шаралар
      680. Жануарлардың ценурозбен ауруының алдын алу мақсатында заңды және жеке тұлғалар, жануарлардың иелерi іс-шараларды ценуроздың және жануарлардың басқа да ауруларының алдын алуға бағытталған қоздырғыштың биологиясын және бағу технологиясын ескере отырып, жүзеге асыруға тиіс және бұл барлық мал басын толыққанды жемшөппен, азықтандырудың, суарудың, ұстаудың тиісті шарттарымен қамтамасыз етуді білдіреді. Осы мақсатта мынадай шарттар орындалуы қажет:
      1) ақуыз, минералды тұздар және витаминдер бойынша теңгерімделген рационды қолдану. Жайылымдық учаскелері қандай да бір макро және микроэлементтерге жұтаң аймақтарда рациондарға тиісті (мыс тұзы, кобальт, йод, молибден) қоспаларды қосу;
      2) жануарларды қора-жайларда және баздарда тек қана науалардан ғана азықтандыру;
      3) жануарларды су құбырларының, құдықтардың, өзендердің, ағысы жылдам бұлақтардың таза суымен суару. Тоғандардан және басқа да ағыссыз су қоймаларынан суаруға сүзгiш-құдықтар жасалған жағдайда ғана жол беріледі. Жануарларды шалшықтардан, арықтардан және шұңқырлардан суаруға тыйым салынады;
      4) мал қораларының, науалардың және астаулардың, күтім жасау заттарының, құрал-саймандардың, жабдықтардың, аулалардың, жаю алаңдарының, мал шаруашылығы қораларының маңындағы ашық жерлер мен аумақтардың тазалығын қамтамасыз ету. Қора-жайлар жақсы желдетiлетін, құрғақ, жарық болуға тиіс;
      5) мал қораларында, оларға жақын орналасқан жерлерде және жемшөп сақтау орындары мен су көздерінде иттердi ұстауға тыйым салынады;
      6) мал қораларынан, жаю алаңдарынан және баздардан қи мен көң тұрақты түрде зарарсыздандыру үшін арнайы қи қоймаларына шығарылады.
      681. Иттердi әрбір дегельминтизациялаудан кейiн, олардан бөлiнген қи күнтізбелік 3-5 күн бойы жиналуы керек, содан кейiн өртеу арқылы дезинвазияланады. Қора-жайлар, жаю алаңдары, жабдықтар мен құрал-саймандар дезинвазияланады.
      682. Шаруашылық жүргізуші субъектiге жаңадан келіп түскен барлық жануарларды күнтізбелік 30 күн ішінде профилактикалық оқшаулауды жүргізу керек, ценурозбен ауырған жануарлар анықталған жағдайда олар емделедi және толық сауыққаннан кейін жалпы табынға жiберіледi.
      683. Жануарлардың өлекселерi және қасапханалық қалдықтар (бас, iшкi органдар) жағылып, биотермиялық орға көміліп зарарсыздандырылады. Жануарларды сою ветеринар маманның рұқсатымен жүргізіледі. Иттердi азықтандыру үшiн қасапханалық материал мұқият тексерілгеннен кейiн қолданылады. Иттерді жануарлардың зарарсыздандырылмаған органдарымен және өлекселерiмен азықтандыруға тыйым салынады.
Эпизоотия ошақтарында және қой ценурозы бойынша
қолайсыз пункттерде жүргізілетін
іс-шаралар
      684. Отарлар мен табындардағы иттердiң саны ең төменгі қажеттi шекке дейiн қысқартылады (1-2 итке дейiн) және кезбе иттердi жою жүйелi түрде жүргізіледі.
      685. Азаматтардың жеке пайдалануындағы иттердi мал қораларға, жемшөп сақтау қоймаларына, жаю алаңдарына, жайылымдарға және суару көздерiне жiберуге тыйым салынады.
      686. Малды қорғауға және бағуға есепке алынған қызметтiк иттер ғана жiберіледi.
      687. Иттерге жануарлардың кез келген, әсiресе цестод личинкаларымен зақымдалған органдарының етін шикі түрінде беруге үзілді-кесілді тыйым салынады.
      688. Отарлар мен табындардағы иттер мынадай мерзiмдерде дегельминтизацияланады: желтоқсаннан бастап сәуiрге дейiн - күнтізбелік 45 күн сайын, мамырдан бастап қарашаға дейiн - күнтізбелік 30 күн сайын.
      689. Ауылдық жерлерде тұрғындарға тиесілі иттер тоқсанына бір рет дегельминтизацияланады.
      690. Иттердi дегельминтизациялау желден қорғалған жерде орналасқан арнайы бөлінген, қоршаумен қоршалған немесе ор қазылған алаңда жүргiзіледi. Алаңға бөгде адамдар, оның ішінде балалар жiберілмейдi. Иттер дегельминтизациялағаннан кейiн бiр тәулiк бойы байлауда ұсталады.
      691. Иттердi дегельминтизациялау үшiн Қазақстан Республикасының ветеринариялық препараттарының мемлекеттік тізілімінде тіркелген антгельминтиктер қолданылады.
      692. Иттер мен жабайы ет қоректiлердiң ауру жұқтыруының алдын алу үшiн мыналар жүзеге асырылады:
      1) жануарларды союға тиісті әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктің мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының рұқсатымен және оның бақылауымен арнайы қасапханаларда немесе сою пункттерiнде ғана рұқсат етiледi. Отарлар мен табындарда жануарлар мәжбүрлі сойылған жағдайда малдың ұшасы мен iшкi органдары арнайы, қаңылтырмен қапталған жабылатын жәшiкте, ұшаны және органдарды тексеруге тиіс ветеринар маман келгенге дейiн сақталады;
      2) ет комбинаттары, қасапханалар мен сою пункттерi аумағына, ет пен сүт және азық-түлiктiк бақылау станциялары маңына және ауру малдар шоғырланған жерлерге иттер (қызметтiк иттерден басқа) жiберілмейдi;
      3) жануарлардың өлекселерi өлексе жағатын пештерде жағылады немесе биотермиялық шұңқырға тасталады. Әрбір отар кейіннен оларды кәдеге жарату үшін шығара отырып, өлiм себебiн ветеринар маман анықтағанға дейiн қойдың өлекселерiн сақтауға арналған қаңылтырмен қапталған және құлыппен жабылатын арнайы жәшiкпен жабдықталады.
      693. Ценуроздың айқын көрінісі байқалған жануарлар уақтылы оқшауланады және дәрi-дәрмекпен емделедi. Антгельминтиктер болмаған кезде қойлар мен қозылар сою үшін ет комбинаттарына, қасапханаларға немесе сою пункттерiне шығарылады.
      694. Өнiмдiлігі жоғары және элиталық жануарлар хирургиялық жолмен емделедi.
59. Цистицеркоз
Ауыл шаруашылығы жануарларының ауру
жұқтыруының алдын алу жөніндегі
iс-шаралар
      695. Ауыл шаруашылығы жануарларының ауру жұқтыруының алдын алу үшін мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
      1) кезбе иттер жойылады;
      2) фермалардағы күзет иттерінің саны қой отарын немесе мал табынына бір итке дейін шектеледі. Иттерге ветеринариялық паспорт беру арқылы олар есепке алынады;
      3) иттерді мал фермаларының және базалардың, ет комбинаттары мен мал соятын пункттердің аумағына және малға арналған жемшөпті сақтау және дайындау орындарына жіберуге тыйым салынады;
      4) күзет және отар иттеріне мерзімді түрде (әрбір 1-1,5 ай сайын) дегельминтизация жүргізіледі. Дегельминтизацияның тиімділігін арттыру үшін иттер өңдеуге дейін кемінде бір тәулік аш диетада ұсталады. Дегельминтизациялау үшін Қазақстан Республикасының ветеринариялық препараттарының мемлекеттiк тізілімінде тiркелген ветеринариялық препараттар қолданылады.
Иттердiң және жыртқыш етқоректiлердің ауру
жұқтыруын болдырмау жөніндегі
iс-шаралар
      696. Жануарларды сою мал сою объектілерінде (сою пункті, алаңы, өңдеуші кәсіпорындар) жүзеге асырылады.
      697. өлекселерді немесе өлтірілген жануарлардың конфискаттарын иттерге, мысықтарға және мамық жүнді аңдарға беруге рұқсат етілмейді.
60. Жылқылардың нутталлиозы
Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақта жүзеге асырылатын
жылқылардың нутталлиозын профилактикасы жөніндегі
іс-шаралар
      698. Ауру профилактикасы мақсатында меншiгiнде жануарлары (жылқылар, есектер, қашырлар) бар жеке және заңды тұлғалар жыл сайын мынадай іс-шараларды жүргiзедi:
      1) профилактикалық ветеринариялық тексеру үшін жануарларды ветеринария мамандарына көрсетеді;
      2) жануарларды толыққанды азықтандыруды ұйымдастырады;
      3) құлындарды үлкен мал басынан бөлек ұстайды;
      4) жануарларды (жылқыларды, есектердi, қашырларды) әкелуді және жемшөп сатып алуды қолайлы шаруашылық жүргізуші субъектілерден ғана жүргізеді;
      5) барлық жаңадан сатып алынған жануарларды (жылқыларды, есектердi, қашырларды) күнтізбелік 30 күн профилактикалық карантинде ұстайды;
      6) қора-жайларды, аулаларды, ашық қораларды және тұрақтарды дезакаризациялауды жүргізеді;
      7) жүйелi түрде жануарлардағы, жайылымдардағы кенелермен күрес жүргізеді.
Жылқылардың нутталлиозы бойынша қолайсыз
пункттерде жүргізілетін
iс-шаралар
      699. Шаруашылық жүргізуші субъектiде нутталлиозбен ауыратын жануарлар анықталған кезде, осы шаруашылық жүргізуші субъектiге қызмет көрсететін ветеринар маман бұл туралы тиісті әкімшілік-аумақтық бiрлiктiң бас мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторына хабарлайды.
      700. Тиісті әкімшілік-аумақтық бiрлiктiң бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторы жануарлардың жылқылардың нутталлиозымен ауыруына күдіктену туралы хабарды алысымен диагнозды нақтылау үшін осы жерге келіп, ауру жануарлардан алынған патологиялық материалды алады және ветеринариялық зертханаға жiбередi.
      701. Нутталлиоз диагнозы анықталған кезде, ауру жануарлар оқшауланады және емдеу үшiн Қазақстан Республикасында тіркелген препараттар ветеринариялық препараттар қолданылады.
      702. Жануарларды апта сайын акарацид препараттарымен өңдейді.
61. Жылқылардың параскариозы
(параскаридозы)
Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақта
өткізілетін профилактикасы жөніндегі
іс-шаралар
      703. Аурудың профилактикасы жылқыларды оңтайлы мерзiмде дегельминтизациялауды, сыртқы ортаны зарарсыздандыруды, азықтандырудың және ұстаудың қалыпты жағдайын қалыптастыруды қамтиды.
      704. Профилактикалық дегельминтизациялау мерзiмi және кезеңдiлiгi жылқылардың жасына және олардың басқа гельминттердi жұқтыруына байланысты. Ерте көктемде туылған құлындардың параскариозбен моноинвазиясы кезiнде, маусым және шiлде айларында, ал көктемнiң соңында туғандарды – тамыз айында дегельминтизациялайды. Оларды қазан және қараша айларында қайталап өңдейдi. Жас 1-2 жылдық жастағы малдарды жайылымға шығару алдында наурыз және сәуiрде дегельминтизациялайды, қайталап – тамызда және қыркүйекте; интенсивтi инвазия кезiнде қараша-желтоқсанда үшiншi дегельминтизациялауды жүргiзедi. Ересек жылқыларды көктемде және күзде дегельминтизациялайды.
      705. Табында бағып ұстау кезiнде жиі байқалатын жылқылардың бiр мезгiлде параскариозды және стронгилятозды жұқтыруы кезiнде дегельминтизация кешендi түрде, ұзақтығы гельминттердiң препатенттi даму кезеңiне сәйкес келетін мерзiмде антибиотиктердiң қауымдастырылуымен жүргiзiледi.
      706. Емдiк (мәжбүрлі) дегельминтизация жылдың кез келген уақытында жүргiзіледi.
      707. Дегельминтизациядан кейiн күнтізбелік 10-15 күннен соң ат қораны және жақын жатқан аумақтарды санитариялық өңдеу жүргiзіледi. Қабырғалар, едендер, науалар және барлық шаруашылық құрал-саймандар ыстық дезинфекциялық ерiтiндiмен жуылады.
      708. Кейін қи, жемшөп қалдықтары және төсем күн сайын тазартылып, қиға биотермиялық өңдеу жасалады.
Эпизоотиялық ошақта және параскариоз бойынша
қолайсыз пунктте жүргізілетін
iс-шаралар
      709. Параскариоз бойынша қолайсыз шаруашылықта жайылымның ашық қора жүйесiн қолдану ұсынылады, бұл үшiн жайылымдық жерлер 8 учаскеге бөлінедi. Әрбiр ашық қорада жылқылар осындай жүйелілікпен бастапқы ашық қораларға қайтарыла отырып, күнтізбелік 10 күннен жайылады.
      710. Инвазияланған жануарларды емдеу Қазақстан Республикасының ветеринариялық препараттарының мемлекеттік тізілімінде тiркелген антигельминтиктермен жүргiзiледi.
62. Жылқылардың күйек ауруы
Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақта жүзеге асырылатын
жылқылардың күйек ауруын профилактикасы жөніндегі
іс-шаралар
      711. Аурудың пайда болуының алдын алу үшiн өсіруге арналған жылқыларды жеткізушілер аумағының және шаруашылықтарының эпизоотиялық жай-күйі тұрақты түрде бақыланып отырады. Шаруашылық жүргізуші субъектiге жаңадан әкелінген жылқылар күнтізбелік 30 күн профилактикалық карантинде ұсталады.
      712. Күресу шаралары (профилактика, диагностика және емдеу) ауруды жою және ауру жануардың организмін стерильдеу бойынша жоспарлы іс-шараларды өткізу жолымен жүргізіледі.
      713. Жылқыларға арналған қора-жайлар, құрал-саймандар және күтім жасауға арналған заттар дезинфекцияланады.
Эпизоотия ошақтарында және жылқылардың күйек ауруы
бойынша қолайсыз пункттерде өткізілетін
іс-шаралар
      714. Шаруашылық жүргізуші субъектiде (табында, аулада) күйек ауруымен ауыратын жылқылар анықталған кезде, осы ауылдық округке, елді мекенге, қалаға қызмет көрсететін ветеринар маман бұл туралы дереу тиісті әкімшілік-аумақтық бiрлiктiң бас мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторына хабарлайды.
      715. Тиісті әкімшілік-аумақтық бiрлiктiң бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторы жылқылардың күйек ауруымен ауыратынына күдіктену туралы хабарды алысымен диагноз қою, эпизоотологиялық тексеруді жүргізу, эпизоотия ошағының және қолайсыз пункттің шекарасын анықтау үшін дереу осы жерге келуге тиіс.
      716. Қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектiлерде жылқыларды (есектерді, қашырларды) шығаруға, сатуға және көшіруге, жаңа жануарларды кіргізуге, ауру және ауру күдігі бар жануарларды жаюға, сондай-ақ қашыртуға рұқсат етілмейді.
      717. Қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектiлерде жыл сайын күйек науқандары арасындағы кезеңде сезімтал жануарларды, сондай-ақ ауру және ауру күдігі бар биелерден туған құлындарды үш мәрте тексеру жүргізіледі.
      718. Қолайсыз жерлерде қашырту үшін пайдаланылатын айғырлар міндетті түрде Кеден одағының аумағында тіркелген препараттардың бірімен профилактикалық өңдеуге ұшырайды.
      719. Ауру және ауру күдігі бар жануарлардың қиы, төсемі және жемшөп қалдықтары жағылады.
      720. Қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектi соңғы ауру жануар бөлінгеннен кейін және егер шаруашылық жүргізуші субъектiнің қалған барлық жануарлары күйек ауруына терiс нәтиже берсе, бір жыл өткен соң қолайлы деп жарияланады.
63. Стронгилятоз
Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақта жүзеге асырылатын
жануарлар стронгилятоздарының профилактикасы жөніндегі
іс-шаралар
      721. Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақта стронгилятоздардың таралуын болдырмау мақсатында клиникалық сау және копрологиялық тексерулер бойынша теріс нәтижелер берген жануарларды ғана әкелуге рұқсат етiледi.
      722. Жаңадан сатып алынатын жануарлар күнтізбелік 30 күн бойы оқшау ұсталып, клиникалық байқаудан және копрологиялық тексеруден өткiзіледi.
      723. Барлық шаруашылық жүргізуші субъектiлерде жыл сайын, жылына 2 рет көктемде және күзде жануарларға профилактикалық дегельминтизациялау жүргiзіледi. Бұдан басқа, жылқылар мынадай жағдайларда: басқа шаруашылық жүргізуші субъектiлерге беруге дейін, көрмеге және спорттық жарыстарға жіберудің алдында екі апта бұрын клиникалық байқаудан және копрологиялық тексеруден өткiзіледi.
Эпизоотия ошақтарында және жануарлар стронгилятозы
бойынша қолайсыз пункттерде жүргізілетін
іс-шаралар
      724. Стонгилятоз бойынша стационарлық қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектiлерде:
      1) жануарларды азықтандыру және ұстау жағдайлары жақсартылуға тиіс;
      2) күн сайын және мұқият қи жинау және оны биотермиялық өңдеу жүргізіледі;
      3) жануарлар дегельминтизацияланады;
      4) сыртқы ортадағы қоздырғыштың даму мерзімін ескере отырып, жайылымдарды тұрақты түрде ауыстыру жүргізіледі;
      5) жас төл қыратты, жақсартылған жайылымдарда бағылады;
      6) жануарлар су құбырының, құдықтың, өзендердің және жылдам ағысты бұлақтардың таза суымен суарылады, бұл ретте су көздеріне түсетін жерлер құрғақ, қатты топырақты немесе жабынды болуға тиіс;
      7) мал қораларының, науалардың, астаулардың, күтім жасау заттарының, құрал-саймандардың, аулалар мен олардың маңындағы аумақтың тазалығы қамтамасыз етіледі;
      8) дезинфекциялық, дезинвазиялық және дератизациялық іс-шаралар өткізіледі.
      725. Стронгилятозбен қатты ауырған жануарлар жеке топтарға бөлінеді, оларды азықтандыру және ұстау жағдайлары жақсартылады, жеке емделеді.
64. Түйелердiң су-ауруы
Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақта жүзеге асырылатын
түйелердiң су-ауруы профилактикасы жөніндегі
іс-шаралар
      726. Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумаққа су-аурудың таралуын болдырмау мақсатында осы ауру бойынша қолайлы аумақтардан клиникалық сау жануарларды ғана әкелуге рұқсат етiледi.
      727. Импортталатын және экспортталатын жануарлар күнтізбелік 30 күн ішінде карантиндеуге және су-ауруға тексеруге жатады.
      728. Қолайсыз аумақтарға амалсыздан бару немесе оларды басып өту уақытында жануарларды қан сорғыш жәндiктерден иісі аңқып тұратын дәрiлер сiңген (деготь, креолин, тазартылмаған карбол қышқылы тағы басқа) жабумен қорғау қажет.
Эпизоотия ошақтарында және түйелердiң су-ауруы бойынша
қолайсыз пункттерде жүргізілетін
іс-шаралар
      729. Жануарлар су-аурумен ауырған жағдайда шаруашылық жүргізуші субъект қолайсыз деп жарияланады.
      730. Су-ауру бойынша қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектілерде жыл сайын кейіннен ауру жануарларды оқшаулап және міндетті ерекше емдей отырып, түйелердi және осы ауруға сезiмтал басқа да мал басын трипанозомозға клиникалық, микроскопиялық және күкіртті диагностикалық әдiстер көмегiмен тексеру жүргізіледі. Тексеру жылына кемінде үш рет: қыстың басында және соңында (таратушылар болмаған кезде) және ауру маусымында жүргiзiлуге тиіс.
      731. Жануарларды қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектілерден қолайлыларға ауыстыруға трипанозоманы тасымалдаушының жоқтығын белгіленгеннен кейiн ғана рұқсат етiледi.
      732. Қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектiлердегі бағалы аталықтар және асыл тұқымды аналықтар жыл сайын трипанозомозді жұқтырудың барынша үлкен қаупі бар маусым уақытында ерекше препараттармен профилактикалық өңдеуден өткiзіледi.
      733. Ішкі құюды жүргізу кезінде, зерттеу үшін қан алу кезінде және осы сияқты барлық құралдар, әсіресе инелер әрбір жануарға қолданар алдында қайнату арқылы зарарсыздандырылады. Айналадағы заттардың қанмен ластануына жол берiлмейдi.
      734. Ауру малдар оқшауланады және емделедi.
      735. Ауру күдігі бар жануарлар оқшауланады және кемінде үш рет қосымша зерттеулерден өткiзіледi.
      736. Емдеуден кейін жануарлар 6 айға жеке топтарға оқшауланады және үш мәрте тексеруден өткiзіледi.
      737. Егер 1 жыл iшiнде емделген жануарларда аурулардың жаңа жағдайлары және рецидивтер анықталмаса, шаруашылық етуші субъекті сауықтырылған деп танылады.
      738. Күйек пункттерiнде мiндеттi бақылау жүргiзiп, барлық келіп түскен аналықтардың қаны микроскопиялық зерттеуден өткiзіледi.
      739. Жоғары бағалы аталықтар ауру, күдiктi және емдеуден өткен аналықтармен соңғылардың сауығуына дейiн күйекке жiберiлмейдi.
      740. Ауру аналықтар ұрықтандыруға емделгеннен кейiн күнтізбелік 10-15 күн өткен соң ғана жiберіледi.
      741. Ауру аталықтар емделгеннен кейiн толық сауыққанға дейін күйекке жiберiлмейдi.
      742. Ауру, күдiктi және емделген аналықтарды жасанды түрде ұрықтандыруға болады.
65. Шошқалардың аскаридозы
Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақта жүргізілетін
шошқалардың аскаридозы профилактикасы жөніндегі
іс-шаралар
      743. Шошқалардың аскаридозының профилактикасы үшін мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
      1) рационға құрамы бойынша витаминдермен және минералдық заттармен теңгерімделген жемшөп қосылды;
      2) шошқаларды жазда лагерьде ұстау қамтамасыз етіледі;
      3) оңтүстiкке қарай қаратылған, топырағы тығыз ылдилы бөктерлерде жазғы лагерьлердiң құрылысы және жабдықталуы қамтамасыз етіледі;
      4) қидың күн сайын жиналуы, оның биотермиялық залалсыздандыруға арналған жабдықталып қоршалған қи қоймасына шығарылуы қамтамасыз етіледі;
      5) қораларды, астауларды, науаларды, күтiм жасау заттарын және шаруашылық құрал-саймандарын (шелектердi, күректердi, айырларды, сыпыртқыларды) үнемi тазалау және механикалық тазарту, оларды ерiтiндiлермен немесе қайнаған сумен зарарсыздандыру жүргiзiледi;
      6) кейіннен тегістей отырып, ферма маңындағы аумаққа және жаю аулаларына әк сеуіп аудару жүргізіледі;
      7) ферма маңындағы жыртылмаған учаскелерді және орманды жайылымдарды пайдалануға тыйым салынады, өйткені онда жаңбыр құрттарының ірі биотоптары көп болады;
      8) торайлау науқандары, жас малды бордақылауға ауыстыру аралығындағы кезеңдерде және жануарлар союға әкетілгеннен кейін мерзімді түрде қораларды мұқият тазарту және дезинвазиялау жүргiзiледi;
      9) жануарларды тек қана науалардан (астаулардан) азықтандыру және таза сумен суару қамтамасыз етiледi;
      10) жаңадан әкелінген жануарлар күнтiзбелiк 30 күн iшiнде профилактикалық карантиндеуге және гельминттерге зертханалық зерттеуге ұшырайды;
      11) шошқалардың ферма аумағындағы немесе елді мекендегі жаю аулаларынан тыс жайылуына рұқсат етілмейді.
      744. Репродуктивтік және асыл тұқымды шаруашылықтарда аналық шошқаларды торайлауға дейiн бiр ай бұрын, лагерлерге ауыстыру алдында және күзде қоршалған орындарда ұстауға қою алдында дегельминтизациялау жүргiзiледi. Жас емізілетін торайлар сәуірден бастап желтоқсанға дейін бірінші рет 90 күндiк жасында, ал қыста, желтоқсаннан бастап сәуiрге дейiн - бiрiншi рет 50-55 күндiк жасында, екiншi рет 90 күндiк жасында преимагинальды түрде дегельминтизацияланады. Қиының сынамалары мерзімді түрде зерттелініп, зерттеудің нәтижелері оң болған кезде жоспардан тыс алдын алу дегельминтизациясы жүргiзiледi.
Қолайсыз пункттерде шошқалардың аскаридозын
жою бойынша жүргізілетін
іс-шаралар
      745. Шошқалардың аскаридозы бойынша қолайсыз пункттерде мынадай іс-шаралар жүргiзiледi:
      1) репродуктивтік, асыл тұқымды және репродуктивтік-бордақылау шаруашылықтарында торайлауға дейiн бiр ай бұрын барлық аналық шошқалар дегельминтизацияланады. Күнтізбелік 10 күннен кейiн бақылау зертханалық зерттеу жүргiзiледi және ауру жұқтырған жануарлар анықталған кезде дегельминтизация қайталанады;
      2) туылған торайлар 14 күндiк жасынан және 35 күндiк жасынан бастап преимагинальдық дегельминтизацияланады;
      3) торайларға преимагинальдық дегельминтизация жүргiзу мүмкiндiгi болмаған кезде, дегельминтизация 5-3 айлық жасқа жеткеннен кейін басталады. Күнтізбелік 10 күннен кейiн бақылау зертханалық зерттеулер жүргiзiледi және топта 10 %-тен астам ауру жұқтырған жануарлар анықталған жағдайда дегельминтизация қайталанады;
      4) аналық шошқалардың қоралары – әрбiр торайлау кезеңінің алдында, өсіру және бордақылау топтарының шошқа қоралары – қораларды кезектi толтыру алдында дезинфекцияланады.
      746. Бордақылау шаруашылықтарында:
      1) бордақылауға келiп түсетiн шошқалар, профилактика карантинi кезеңiнде зертханалық зерттеулерге және қажеттілігіне қарай дегельминтизациялауға түседі;
      2) карантиндiк қоралар малдарды бордақылауға ауыстырғаннан кейiн, ал бордақылауға арналған шошқа қоралары - бордақылаудың кезектi циклi аяқталғаннан кейiн дезинфекцияланады.
      747. Шаруашылықтың барлық түрлерiнде шошқа қораларының, төбесi ашық жайлардың, жаю аулаларының және алаңдардың едендерiнiң жамылғысы қатты болуға тиіс. Шошқаларды ферма аумағында жаюға тыйым салынады.
      748. Дегельминтизациялау үшін Қазақстан Республикасында тiркелген препараттар қолданылады.
66. Трихинеллез
Трихинеллез бойынша қолайсыз эпизоотия
ошақтарында жүргізілетін
іс-шаралар
      749. Шошқаларды жануарларды ет комбинатында сою қалдықтарымен, сондай-ақ аң шаруашылығындағы және аңшылықта ауланатын аңдардан алынған ет ұшасымен тіпті кәдімгі қайнатудан кейін де азықтандыруға рұқсат етiлмейдi. Шошқалардың фермалардың, елдi мекендердің аумағында, алаңқайлар мен жыраларда және орман алқабында кезiп жүруiне рұқсат етiлмейдi. Шошқа қораларын, жаю аулаларын, жазғы лагерьлерді қоса алғанда, шаруашылық жүргізуші субъектiлерде жүйелi түрде дезинфекциялау және дератизациялау жүргiзiледi.
      750. Ветеринария қызметi ет өңдейтiн, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы және елдi мекендердегі барлық шошқа ұшасын, сондай-ақ базарға және арнайы дүкендерге келіп түсетiн осы ауруға сезiмтал басқа да жануарлардың ұшаларын трихинеллезге мiндеттi түрде тексеріп отырады. Ветеринария қызметi аң шаруашылықтарында жаппай сою кезінде аң ұшаларын ішінара тексередi.
      751. Шошқа мен аңдар ұшаларының бұлшықет сынамаларында трихинелл личинкалары табылған кезде, бұл ұшаларды етсүйек ұнын жасауға жiбередi немесе өртейдi, оларды жерге көмуге рұқсат етiлмейдi.
      752. Бұлшықет талшықтары бар қосалқы өнімдер де кәдеге жаратылады, шпиг 20 минут бойы 100 С0 қорытылады, iшкi май шектеусiз сатылады.
      753. Аң фермаларында аң ұшаларын алдын-ала залалсыздандырмай азықтандыруға рұқсат етiлмейдi, өлген жануарлардың өлекселері өртеледi.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет