АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ
Бірінші кітап
РОМАН
БІРІНШІ ТАРАУ
Шығысты зерттеу əлемінің аспанынан,
қазақ хандарының ұрпағы,
орыс армиясының офицері
Шоқан Шыңғысұлы Уəлиханов
Аққан жұлдыздай зымырап өте шықты.
Орыстың Шығысты зерттеушілері
оны бір ауыздан дағдыдан тыс
көрініске санап, түрік халықтарының
тағдыры туралы аса зор, аса қажетті
жаңалықтар ашуды күткен еді.
Бірақ, Шоқанның мезгілсіз қазаға ұшырауы
бұл үмітті үзді. Ол 30 жасқа да толмай,
өкпе ауруынан қайтыс болды.
Академик Н. И. Веселовский
ҚҰСМҰРЫННЫҢ ҚЫРҚАСЫНДА ҚАРА ШАҢЫРАҚ
Бұл романның оқиғасы қазіргі Қостанай облысындағы Құсмұрын
аталатын көлдің, күнгей жақ қырқасында 1847 жылдық жазында басталды.
«Айналасына ат шауып жете алмайды» дейтін, землемерлердің
өлшеуінде «аңғарының аумағы алпыс километр» десетін, батысынан келіп
құйылған Обаған өзені, шығысын жырып Тобыл өзені құятын бұл көлдің
неліктен Құсмұрын аталуын «білемін» дейтін адамдар төмендегіше
баяндайды.
– Осы маңайдың, – дейді олар, – тауы, орманы жоқ, ұшы-қиыры жоқ,
жап-жалпақ кең даласы көлге таяна бұйраттана бастайды да, аңғарға
жақындай қырқаланып кетеді. Қырқаның күнгейіндегі биік дөң, батыс жақ
беті «Ханжатқан» аталатын ойпатқа жақындай, жіңішкере беріп, темір
ұстасының төсіндей сүйірленіп бітеді. Сағымды күндері алыстан қараған
адамға, осы сүйір қонғалы келе жатқан алып құстың тұмсығына ұқсайды.
Жұрт сол тұмсықты Құсмұрын атаған да, кел де солай аталып кеткен.
Көрген ел, көлдің өзін де қызық қып сипаттайды: «Тұрқы батыстан
шығысқа қарай созылған бұл көлге, – деседі олар, – биік қырқадан қарасаң,
суы мол жылы мойнын батысқа қарай соза, қанат, құйрықтарын жая,
аяқтарын тарбайта жусап жатқан алып қоңыр қазға, суы азайып, бетіне тұз
байланған жылы əлгіндей түрде жатқан аққуға, құрғақшылық жылы қара
батпағы мен ақ тақыры араласқан шақта ит – ала қазға ұқсайды».
Бұл сипаттаудың дұрыстығын көлге 1949 жылдың суы мол жазында,
1956 жылдың тұз байланған күзінде, 1963 жылдың тақыршылығында
барып өзім де көрдім.
Құсмұрын дөңінің теріскей жақ еңісінен: «Бас», «Орта», «Аяқ» аталып
үш бұлақ ағады да көлге сарқылады, сулары тұщы, жыралары терең келеді,
ол жыраларға бойы аласа, денесі қиқы-шойқы, бұтақтары қалын, қайын,
өседі.
Құсмұрынның батыс жағындағы көк ойпат «Ханжатқан» аталады.
– Олай деу себебі, – дейді білетін адамдар, – өткен ғасырдың отызыншы
жылдарында Сібір əкімдерімен жанжалдасқан, Орынбор əкімдерімен
келісуде дəмесі болған Кенесары Қасымов Көкшетаудағы мекенінен іргесін
сөгеді де, соңына ерген елді бастап Құсмұрын ойпатына қоныстайды. Сол
кезде осы маңайды мекендейтін, имандық дағуасын құрған Марал
Құрманұлының «ғазават» аталатын дін соғысы жүріп жатады. Орынбор
əкімдерімен де келісе алмаған Кенесары, ғазаватқа қосылып, көтеріліс
ұлғайып кету қаупі туған соң, Сібірден де, Орынбордан да əскер шығып
ғазаватшыларды екі жақтан да қыспаққа алды да, олар Торғай, Ырғыз
жағына ауады. Сол күндерден бастап Кенесары мекендеген орын
«Ханжатқан» аталады.
Кенесарыдан əлі де қауіп күткен патша үкіметі 1834 жылдың, күзінде
Құсмұрынның дөңіне əскерлік бекініс орнатады, сол маңайдағы қазақ елін
билейтін дуан (округ) ашып, атын «Аманқарағай» қояды, дуанның аға
сұлтаны Шыңғыс Уəлиханов болады.
Келер жылы Кенесарының Түркістан жаққа ауып кеткен хабары естіледі.
Сол кезде «орынборлық» жəне «сібірлік» аталатын қазақтардың жер шегі
анықталып, Обаған өзенінің батысы – Орынбор əкімшілігіне, шығысы –
Сібір əкімшілігіне қарайды. Аманқарағай Орынбор өлкесіне кірген соң,
Шыңғыс ол арадан қыстауын Обаған өзенінің орта тұсына жақын жердегі
«Күнтимес» аталатын қалың орманға аударады. Дуанның аты Құсмұрын
болады.
Қыстауын «Күнтимеске» салған Шыңғыс, жаз айларында, Құсмұрын
қырқасының үш бұлағына шағындап егіспен айналысатын, ақсақ-тоқсақ,
арық-тұрақ малдарды күтетін азын-аулақ қарашысын қалдырып, өзге
малдары мен қарашылары «Орда» аталатын ақ ауылымен Ұлытау жақтағы
«Қалмақкөл», «Салқынкөлді», кейде одан əрі Құлаайғыр, немесе Кеңгір
өзендерін жайлап қайтады.
«Орда» немесе «Ақ» аталатын ауыл да бір қауым үй іші «Абылай хан
ордасы» аталатын үйде Шыңғыс пен бəйбішесі Зейнеп, жəне ерекше жақсы
көрер бірер балаларым тұрады, оң жақ қатарда өзге балаларымен, оларды
күтушілер тұратын «балахана», сол жақ қатарда қонағы тыйылмайтын
«мейманхана», оған таяу – «асхана», «бала-шаға» таяу, Уəлінің туған інісі –
Шепенің үйі. Бұл үйдің бəрі де жаз айларында кіршіксіз ақ кигіздерін
жауып, алыстан қарағанда айдында жүзген аққулардай көрінеді.
Қоңырқайы – асхана ғана. Үйлердің арасы алшақ тігіліп, аумағы үлкен
ауылдай орын алады.
«Қарашы» аталатын қоңсы ауыл қырық рудан құралған кедейлер. Олар
ордаға атпен қатынасарлықтай жырағырақ жерде отырады. Мал атаулы
соның маңында. Қымыз сол ауылдан ордаға түйемен тасылады, мал да
сонда жиылып, мейманханаға еті ғана жеткізіледі. Қонақтар аттарын
алыстағы бағанға қалдырады да, өздері ордаға шұбырып жаяу келеді.
Қарашы ауыл қашан да болса ақ ауылдан алысырақ отырады.
Романның оқиғасы басталған 1847 жылдың көктемінде Шыңғыс
алыстағы жайлауға мезгілінде кешпей, ақ ауылын Құсмұрынның Бас
бұлағына, қарашы ауылын Аяқ бұлағына қондырып, ордалық үйлеріне ақ
емес, қоңыр кигіз жаптырып, биылғы жазда сол арадан қозғалмайтын
қалғанын аңғартты.
Шыңғыс отыратын кигіз үйді, маңайдағы ел «Абылай ханның ордасы»
деп көшер, қонар алдында хабарланып, орда үйін жықпай ешқайсысы
жықпайды, орда көшінің алдына басқа көш түспейтін, көлденең көш
кездессе, тоқырап тұрып орда көшін өткізіп жіберетін, көш жолында
тоқырап жерлерде, іргелес болып қалғандар ең кемі қойын сойып, əйтпесе
тайын немесе биесін жетектеп əкеп ерулік еттің. Жайлауға жеткенде орда
шаңырағын көтермей, ешкім де көтермейтін. Жайлауға орныққанда, сол
маңайға қонған рулар өзара кезектесіп, бірі – «өз сыбағаң» деп, бірі –
«аруақтың сыбағысы» деп, көгенді қой, қосақты жылқыларды тіркеулі
түйелерді лек-легімен əкеліп жататын, əрбір «сыбағаға» сабалы қымыздар
қосылатын. Енді біреулері Шыңғысты қонаққа шақырса, қасына жақсы-
жайсаңдарын ерте жүріп, бір ауыл «сəскелік», бір ауыл «түстік», бір ауыл
«кештік» деп көл-көсір қонағасы беретін.
1847 жылдың көктемінде, төңіректегі ауылдар өйткен жоқ. Орданың бұл
жазда Құсмұрын қырқасына қонып, қозғалмауын біле-тұра жайлауға қарай
аласапыран
кезден-ақ
жылжитын
ауылдардың
ешқайсысы
ордаға
қарайламай баса-көктеп кете барды. Орда қасында, оның, көлеңкесі
сияқтанып Аяқ бұлақта қозғалмайтын қарашы ауыл ғана қалды.
Бұған дейін Құсмұрын қырқасын жайлап көрмеген орда ауылдың биыл
бүйтуіне түсінгендер де, түсінбегендер де болды.
Түсінбеушілердің қайран қалғаны: барлық белгілеріне қарағанда биыл
жұттың жылы. Əдеттегі жылдарда, бұл маңайдың қысының қары қалын,
болады. Өткен қыста өйтпей, қырбық қана қар жауды да, көктем туа
кілегейленіп жерге сіңіп кетті. Əдеттегі жылдарда бұл маңайдың көктемі
де, күзі де жаңбырлы болады. Өткен күз өйтпей, ала жаздай жерге аспаннан
тамшы түспей, топырақ құрғап, желді күндері шаңнан боран соғатын
болды. Əдеттегі жылдардың жазы бұлтты, самалды келіп, көбіне қоңыржай
боп тұратын. Биылғы көктем туа күн шыға бере шақырайып алды да,
малдың да, жанның да мазасын кетіретін ыстық аңызақ үнемі соқты да
тұрды. Қардың аздығынан, жаңбырдың жоқтығынан, көк атаулы көктемде
бас тарта беріп семіп қалды да, жер тақырланып, малдың тісіне сыздық
болар нəр табылмады. Осы құрғақшылықтың салдарынан, сулы жылдары
Құсмұрын көліне батыс жағынан құйылып, шығысынан ақтарыла шығып
кететін Обаған өзені арнасында үздік-үздік қана жылтырап, шұқырға
толған судағы балықтарды жұрт шелекпен іліп алды. Суы табандап қалған
көлдің беті адам қарағысыз ала - айран боп, борсыған сорған, топырағы
төңіректі мүңкітіп жіберді. Сол маңайдың «өмірінде суалмапты» дейтін
шалқар, тұщы көлдері: Қойбағар, Жасылбағар, Тімтуір де биыл тартылып,
жалтыры мал да, адам да жетпейтін алысқа кетті. Тақыршылық қыса
бастаған соң маңайдың ауылдары алыстағы жайлауларына биыл
жылдағыдан ерте көшті, «онда тақыршылық бар» дегенмен бір жылға
түбірі де азық боларлық баялыш, изен, жусан, ши сияқты шөптері,
тобылғы, қараған, еркек, қоян сүйек сияқты бұталары бар. Оcындай
тақыршылықта, Шыңғыс сауын биелер мен сойыстық қойларын ғана
Құсмұрында қалдырды да, өзге малдарын Орынборлық қазақтардың Тобыл
бойындағы дуана Ахмет Жантуриннің жəрдемімен жұты жоқ Жайық
бойына айдатты.
Оның биыл неге бүйтуі оқырман көпшілікке түсінікті болу үшін,
ордасының тігілу тарихын қысқаша баяндай кетейік.
Шежірешілер орданың арғы негізін, монғол Шыңғыс ханның ордасына
апарып жалғастырады. Ол Шыңғысты дəріптеушілер: «адамнан емес, күн
нұрынан жаралған екен деген ертегі таратып, екінші атын «Күншуақ»
қойып кеткен.
– Күншуақ көтерген орданың қара шаңырағы, – деді шежірешілер, – ол
өлгеннен кейін үшке бөлініп. Еділ бойында «Алтын орда» аталғаны үлкен
ұлы – Жошы Самарқанда «Көкорда», аталғаны ортаншы баласы. —
Шағатайға, Пекинде «Ақ орда» атанғаны кіші баласы – Төлеге берілген
екен. Біз сипаттағалы отырған Шыңғыс Уəліұлы Жошыға жатады. Жошы
өлгенсін, «Алтын орда»: Қырым, Астрахань, Қазанның ханы, Жошы
ұрпағы – Жəнібек, қазақша Əз-Жəнібек. Біздің Шыңғыс соның ұрпағы.
Одан кейінгі аталары – он жетінші ғасырда қазақтар хан болған еңсегей
бойлы Ер - Есімге одан, он сегізінші ғасырда қазақтың орта жүзіне хан
болған Абылайға, одан, Абылайдың орнына хан болған Уəліге соғады.
– Уəлінің Шыңғысы отырған шаңырақтың «қара» аталатын себебі, –
дейді ертегішілер, – монғол Шыңғыс ханнан бері бұл орданың қаңқасы мен
кигізі сан рет жаңғырғанмен, шаңырағын еш уақытта өзгермей, алғашқы
түнде қалып қойған. Тұтас еменнен иіліп жасалған бұл шаңырақ, жақсы
күтіп жыл сайын жылқының майымен былай бергендіктен, пəлен ғасыр
бойына ыс шалғандықпен, ағашы жылдан жылға жылтырай түсіп, өңі қап-
қара түн, темірдей қатайып қалған, «қара шаңырақ» аталуы сондықтан.
Бұл шаңырақтың бергі Шыңғыстың қолына қайдан түсуін де
оқырмандарға қысқаша баяндай кетейік. Ол үшін, арғы тарихты қоя тұрып,
оқиғаны Абылайдан бастайық.
Абылайдың əкесі – Əбілфайыз он сегізінші ғасырдың басында Бұхара
қаласында хандық құрады. Сол кезде қаланы Иран шаһы – Нəдір жаулап
алады да, Əбілфайызды да, тұқымын да түгел қырады. Абылай ол кезде
жеті-сегіздегі бала екен, аты – Əбілмансұр екен. Осы баланы
Əбілфайыздың бір құлы жеміс бауының, қалың ішіндегі тандырға тығып,
апаттан аман алып қалады.
– Қара Бұхардың айналасында, – дейді ертегішілер, – биіктігінен адам
өрлеп өте алмайтын, аумағына ат шаптырса жете алмайтын, шот шаба
алмайтын, балта кесе алмайтын, сүймен тесе алмайтын, тастан қаланған,
қырық қақпалы қорғаны бар екен. Егер қаланы жау қамап, қақпадан
тұрғындар қаша алмаса, жер астымен зыту үшін жасалған, жан сезбейтін
жетпіс үңгір бар екен.
Əбілмансұрды жасырған құл, жау жалыны бəсеңдеген бір сəтте, баланы
ертіп үңгірлердің бірімен далаға шығады.
Енді қайда бару керек?
Құлдың есіне, Түркістан қаласында тұрып, қазақ даласына хандық
құратын Əбілмəмбет түседі. Ол Əбілфайыздың немере туысы.
Құл Əбілмансұрды соған апарады. Қатал хан жетім қалған жас туысын
жақын көріп күтудің орнына, қасындағы құлына қосып, табанын тасқа
тілдіріп, қойын жаяу бақтырады.
Ересек болып есін біле бастаған шақта Əбілмансұр ағасының жалшысы
болуға намыстанады да:
«Өз қорлығыңнан жат қорлығы жақсы» деген, бұдан да бетімізбен
қаңғырып, жаттың малын бағайық деп, құлын ертіп кете барады.
Олар Шымкент пен Ташкент арасындағы Қазығұрт тауын мекендеген,
Үйсін руынан шыққан атақты би Төлеге кездеседі де, түйелерін бағады.
«Жеткіншекке «Атын, кім?» дегенде «Сабалақ» дейді, қасындағы «құлдық
баласымын» дейді, басқа жөнін айтпайды.
Түйе бағатын Сабалақ ер жетіп, сымбатты сұлу жігіт болады. Ол
таңертең малдан келгенде айран ішеді екен. Төленін, бəйбішесі оны жақсы
көріп, кішірек бір тегеш айранды арнап ұйытады екен. Бір сəтте, бəйбішесі
Төлеге: – «Осы Сабалақ аруақты адам сияқты, өйткені таңертең келіп сəлем
бергенде, сен селк ете түсесің», – дейді Төле:
«Жоқ, өйтпеймін», – деп таласады. «Ендеше, – дейді бəйбішесі, Сабалақ
келерде, мен тізеңе тебеннің ұшын ғана іліктіріп қояйын. Сабалақ сəлем
бергенде сескенсең тебен ұшып кетеді, əйтпесе, орнынан қозғалмайды».
Бəйбіше осылай істегенде, тебен ұшып кетеді. Төле Сабалақтан
сескенетінін сонда ғана біледі де, атақ-абыройына ие болып жүрген біреу
болмаған деп, тез құтылу қамын ойлайды, бірақ қалай? Осы жайды
ақылдасқанда:
– Мен оған, – дейді бəйбіше, – енді келгенде тұщы айран емес, сары
сулы ащы іркіт берейін, соған қорланады да бізден кетеді.
Бəйбіше сөйткен кезде, сары суы бетінде көлкіп, быжылдап тұрған
іркітті. Сабалақ саусағымен бұлғап – бұлғап жұта салады да, шығып жүре
береді. Төле: – Бұл ненің белгісі?» – дегенде, бəйбіше: – «Түбінде билеген
еліңді осылай сапырып быт-шытын шығарармын», – дегені, ол енді осы
кеткеннен оралмайды», – дейді. Сол расқа шығады.
Біржола кеткен Сабалақтың қайда баруы керек?
1823 жылы Қаратау мен Сырдария бойын жайлаған қазақ елін,
Алатаудың (Тянь-Шань) теріскей шығысында құйылған, Жоңғар аталған
қалмақ хандығының қатты жалауы, содан қашқан қазақтар Арқа аталатын
жонға, одан əрі – Сібірге ауып кеткені, елсіз құлазып жататын сол
елдегілерге тұрақтағаны, тарихи материалдардан мəлім. Əбілмансұрдың
естуінше, Түркістан ханы – Əбілмəмбеттің Арқа мен Сібірдегі қазақтарды
билеуге қолы жетпейді, ол елдерді: Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақ –
Жəнібек, Қара керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай сияқты ру басыларын
билейді.
Қазығұрттан қозғалған Əбілмансұр «құл əкесін» ертеді де, сол жаққа
жең тартады. Осы бетінде ол аса ауыр қылмыс жасайды. Жолда, «Хан»
тауына түнеген шақта «құл əкесін» өлтіреді!
– Неге? – деген сұрауға:
– Ол кездегі құлдың бір құлағы кесік болады екен, – деп жауап береді
ертегішілер, – Əбілмансұрға «əке құлдың» да құлағы солай екен. Сондай
құлды Абылайдың енді ерткісі келмейді.
Арқаға ауған Əбілмансұр Есіл өзеніне келеді де, кейін Қызылжар қаласы
орнаған тұсын мекендеген. Қарауыл руынан шыққан Дəулеткелді дейтін
байға жылқышы болады, оған да «Атым – Сабалақ, еліміздің ханының
баласын өлтіріп қашып жүрген жігітпін» – дейді.
Əбілмансұр жылқы баға бастаған шақта, сол маңайдағы қазақ елін
Жоңғар қалмақтары тағы шауып, қатты қырғынға ұшыратады, көп мал мен
жанды алып кетеді.
Қапыда ұрылған қазақтарды жоғарыда аталған билер бастап жауды
қуады да, Балқаш көлінің маңына жетіп, қатты соғыс болады, сонда жауға
«Абылайлап» шапқан біреу ерекше ерлік көрсетеді. Жау жеңіледі. Кіріптар
болған мал-жанды қазақтар айырып алады.
Есін жиған ел «абылайлаған кім?» деп сұрастырса, Дəулеткелдінің
жылқышысы – Сабалақ!.. Оның шын мəн-жайы сонда ғана анықталады.
Оның арғы атасы «Қан ішер» аталған Абылай хан екен, Əбілмансұр жауға
шапқанда соның есімін ұран қылған екен.
«Сабалақтың» кім екенін білген, қылығына риза болған қазақтар, оны
боз биенің сүтіне шомылдырып, боз айғырды құрмалдыққа шалып, Бурабай
келінін, желкесіндегі «Хан» аталып кеткен шалқар көлдің жағасында, боз
кигізге салып хан көтереді. Көкшетау өлкесін мекендейтін Атығай жəне
Қарауыл рулары Абылайға алты қыз беріп, алты ақ отау тігіп, алдына алпыс
түйе, алты жүз жылқы, алты мың қой салып беріпті-міс. Абылайдың
немересі – Кенесарыға Арыстанбай ақын:
Кенеке, жақын көрсең қарашыңмын,
Алыс көрсең аңдысқан алашыңмын.
Атаңа алты қатын алып берген,
Атығай, Қарауылдық баласымын, –
деген өлеңді сондықтан айтқан екен деседі. Содан кейін кел «Хан»
аталып, Əбілмансұр – «Абылай хан» аталып кетеді.
Абылай елдің аузында да, тарихи деректерде де өте ақылды болған.
Əуелі Көкшетауда хан көтерілген ол, маңайдағы қазақ руларының бірінен
соң бірін бағындыра кеп, ақыры «Ұлы» жəне «Орта» аталған жүздерді
түгелімен қарамағына алған. Бұлар бүкіл қазақ халқының төрттен үші.
Бірде – Россияға, бірде – Қытайға бағындым деп ант бергенмен, Абылай
өзіне қарасты елді көзі тірісінде тəуелсіз ғып ұстаған.
Хан болғаннан кейін, Абылай: «туған жеріме барып, ата-бабаларыма
зират етіп қайтам», деп көп нөкермен, əуелі – Түркістанға, одан – Самарқан
мен Бұхарға барып, ол жақтың əкімдерінен сый-сияпатқа бірнеше қыз,
қымбатты көп мүліктер алып қайтқан.
Қара – Бұхарда ата-бабасынан қалған қара шаңырақ. Абылай
Көкшетаудағы мекеніне сол жолы əкелді, – дейді шежірешілер, – өле-
өлгенше ордасына тіккен екен.
Абылай 1781 жылы еледі. Оның он бес əйелі, отыз ұлы, қырық қызы
болған деседі; солардың бірі – қарақалпақ халқының бегі – Шуақпайдың
Сағындығы деген кісінің Сайман есімді қызы екен. Одан: Есім, Əділ,
Шыңғыс, Уəлі - бес ұл туады.
Көп ұлдарының ішінен Абылайдың хандығына екеуі таққа таласқан: бірі
– қалмақ əйелінен туған – Қасым, екіншісі – Уəлі. Қасым жас күнінен
бұзық, барымташы, қанішер болған, Уəлі – момын екен, сондықтан, ел
Уəліні қалап хан көтереді. Бұл кезде, Абылайға бағынышты елдің біразы
Россияға, біразы Қоқанға... деген сияқты бытырап, Уəлінің қарамағында
бұрын «Ақмола губерниясы» аталған өлкенің қазақтары ғана қалады. Бұл –
Абылай билеген қазақтардың оннан біріндей ғана. Дегенмен, қара
шаңыраққа ие болған Уəліні қазақтар сыйлайды. Көршілес орыс үкіметі
оны «хан» деп таниды.
Уəлінің төрт əйелі болған, солардың кішісі – Айғаным. Уəлі оны елуден
асқан шағында қыздай алған. Шежірешілер бұл жайды былайша
баяндайды.
– Хандық құрған Уəлі, əкесінің Бурабай тауындағы мекені –
Қызылағашта тұрып жатады. Бала-шағалары есіп жатады. Жасы егде
тартқан кезінде, ол Есіл өзенінің бойына барады да, елдің дау-шарын
бітіреді. Сол елде Мəлім есімді қожа тұрады екен, өзі Абылайға қыз берген
қайын атасы екен. Есіл бойына барған Уəлі сол Мəлімнің баласы –
Сарғалдақ қожаның үйіне түседі.
Сарғалдақ Қара – Бұхарда отыз жыл оқып, он екі пəнді тəмəм қылған,
бұл елде теңдесі жоқ ғұлама екен, оның үстіне қараңғы жұрт оны –
«ғайыпты болжайтын əулие» деп, «сиқырлы оқумен аспаннан періні
түсіріп, жерден жынды буатын» деп дəріптейді екен; маңайдағы елдің əрі
имамы, əрі емшісі, жұрттың қайыр-садақасы, зекет-ұшыры түгелімен сонікі
боп, ақырында атақты байдың біріне айналған екен.
Уəлі елдің дау-шарын Сарғалдақтың үйінде жатып бітіреді. Орта Азияда
туып,
ислам
дінінің
тəрбиесінде
өскен
Сарғалдақ,
əйелдерінің,
келіндерінің, ержеткен қыздарының бетіне пəрəнжі жаппағанмен, жеке
үйде, бөгде еркекке көрсетпей ұстайды екен. Ол Уəліге де сөйтеді.
Уəлінің қасында – атшы, саятшы, өлеңші, домбырашы, қуақы сияқты
өнерлі нөкерлері болады, солардың біреуі: «Оңаша үйге қамалған əйелдер
қандай екен?» – деп сығалап жүргенде, бір жас өспірім қыз көзіне ерекше
шалынады: биік, талдырмаш бойлы, аршыған жұмыртқадай аппақ өңді,
үлкен қара көзді, ортасы көтеріңкілеу қыр мұрынды, кең маңдайлы, қою
қара қасты, қайқы кірпікті, бұрымдарын көбейте өрген, түрегеп
тарқатқанда денесін тізесіне дейін жауып кететін бұйра қара шашты қыз!..
Қыздың сымбаты мен сұлулығына қайран қалған жігіт, көрген-білгенін
Уəліге хабарлайды. Көңілі елеңдей қалған Уəлі, жігітіне қыздың аты-жөнін,
қылық-мінездерін бақылай түсуді тапсырады. Жігіт сұрастырса, қыз
Сарғалдақтың езбектен алған тоқалынан туған екен; аты – Айғаным, жасы
– он алтыда, мұсылманша оқуы бар.
Содан кейін Айғанымға өлердей қызыққан Уəлі, Сарғалдаққа:
– Сүйек жаңғыртайық, қызын маған кішілікке берсін! – деп беделді
біреуді жұмсайды.
Қыздың құнсыз шағы. Кімнің малы көп болса, кім беделді болса, қалын
малды төгіп беріп, қалаған қызын ала беретін шақ. Осы «заңнан»
Сарғалдақ шыға алмайды, əрі «жиені» саналатын, əрі елдің ханы болып
жүрген Уəлінің жіберген елшісіне «болсын» деп ризашылық білдіреді.
Ол кездің қызынан ықтиярлығы, я еместігі сұралмайды да. Ислам
дінінің шариғаты бойынша, тек неке қиылар алдында ғана күйеу мен
қалыңдық арасына «куəдір» жүріп, екі жақтың да ризашылығын естіген
болады. Егер бір жақ, көбінесе, қалыңдық үндемесе, «ризашылықтың
белгісі» деп неке қиыла береді. «Риза емеспін» дейтін мұсылман əйелдерін,
əсіресе, қазақ əйелдерін советтік дəуірге дейін ешкім естіген емес. Олай
деудің арты жанжал, сондықтан əйелдер ауыздарын еріксіз жұмады да,
үндерін еріксіз өшіреді.
Айғаным да сөйтеді. Бірақ ол, келген куəдірлер арқылы, кəрі күйеуіне
тілегін жолдайды.
– Бурабай тауының төңірегінде, – дейді ол, – Уəлінің бір емес, үш əйелі,
олардан əлденеше баласы бар көрінеді. Мені ол қатындарына апарып қоңсы
қондырмасын, күндес
қатындары мен өгей балалардан жапа шектірмесін, мен десе, мекенін
осы жаққа ауыстырсын.
Жас жəне сұлу қалыңдықтын, өтінішін Уəлі қабылдады да, некесін
қидырғаннан кейін, өзге қатындары мен балаларын Бурабайдағы мекеніне
қалдырып, өзі Есілге жақын жердегі Сырымбет тауына көшіп кеп, қоныс
салады. Бұл, шамасы – 1805 жылдың деңгейі. Уəлі ол жылы алпыс жаста
екен.
Ақылды Айғаным босағасын аттағаннан бастап-ақ Уəлі билеп кетеді.
– Содан бастап, – дейді білетіндер, – елдің басқару тізгіні Уəліде емес,
Айғанымда болды.
Уəлі 1819 жылы өледі. Одан кейін Россия патшалығы Айғанымды «хан»
деп таниды. Айғаным Уəліден: «Əбден, Мəмке, Шепек, Шыңғыс, Қанғожа,
Əлжан есімді алты ұл, Рақия, Нұрилə атты екі қыз туады. Əкесі өлгенде
олардың бəрі жас. Уəлі үлкен əйелдерінен туған ересек ұлдарының
ешқайсысына хандықты өсиет қылмайды.
Айғанымға өсек-аяң көп ерген, «жігітшілік құрды» деген атағы көп
жайылған адам. Солай дей тұра, ел оны ерін сыйламады» демейді.
Уəлі өлгенде Айғаным қара жамылып, жылын бергенше аза тұтқан. Қара
жамылған Айғаным, маңындағы төре тұқымының жас қатындары мен
бойжеткен қыздарын: таң ата, түс бола, күн бата жинап алады екен де, өзі
бастап, күн сайын оларға үш мезгіл жоқтау айтқызады екен, сонда даусы
өзгелерден өрлей асып отыратын ғажап əнші екен, «сол дауысты тыңдаған
жұрт қатты əсерленіп, еңіреп отырады екен» дейді.
Уəлінің жылы толғанда, Айғаным оған бағынышты елдің бəрін жинап
мың қой, жүз жылқы сойып ұлан-байтақ ас береді.
Жалпы шығыс елінің, олардың ішінде – қазақтың тарихында, би əйелдер
болғанмен, хан болғаны естілмейді. Оның үстіне, Абылай құрастырған
хандықтың халқы азайып, беделі төмендеп келе жатқан уақыт, сондықтан
Россия патшасы «хан» дегенмен, Уəлінің қарамағында болған ел,
Айғанымды «хан» деп танымаған. «Алдымен Мырық бұзар шырығыңды»
дегендей, Россияға қарсы көтерілген шақта, Айғанымды өз қайнысы –
Кенесары Қасымов шауып, орыс əскерінің күзетіндегі ханша жанын əрең
аман алып қалған да, тігерге тұяқ қоймай, бар жылқысын айдап кеткен.
Одан кейін Уəлінің туған ағасы – Шыңғыстың
1
Сартайы «хандық менің
еншім» деп таласып көрген де, ол ниетіне жете алмаған соң, талан-таражға
кірісіп, ақыры, патша үкіметі оны Сібірге жер аударған. Одан кейін Уəлінің
үлкен əйелінен туған Əбəйділда – «əкемнің, тағы менікі» деп
жанжалдасып, ол да «Ит жеккенге» жер аударылған. Айғанымға əлі
жетпесін байқаған рулар «бет-бетімен түйе айдап» дегендей, бөлшек-
бөлшек болып кетіп, бірінің малын бірі барымталап, елде талан-тараж
ұлғайған. Бағынышты қазақ руларын патша үкіметі сырттан ғана бақылап,
ішкі іріткілерін түзесуге араласпаған.
Хандық осындай жағдайда жүрген шақта Сібірге патша сарайынан
атақты реформист – Сперанский наместник
2
келіп, қазақ елімен біраз
танысқаннан кейін патшаға: «қазақ хандығының тозығы жетіп болған, енді
оны жамап-жасқағаннан іс шықпайды, одан да «хандық» аталатын
дəрежені жою керек те, Сібірдегі қазақтарды дуанға (округ) бөліп,
председательдігіне «аға сұлтан» деген атпен беделді қазақтарды отырғызу
керек, олардың тізгіні Сібірдің генерал-губернаторларында болу керек»
деген хат жіберген. Бірінші Александр бұл пікірді дұрыс деп тапқан да.
Сперанскийге сібірлік қазақтарды басқарудың уақытша ережесін жасатқан.
Сперанский жасаған ереже бойынша, «Сібірлік» аталатын қазақтар:
Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Баян, Қарқаралы, Көкбекті аталатын алты
дуанға бөлінеді, əр дуан бірнеше болысқа бөлінеді дуанды басқаратындар –
«аға сұлтан», болысты басқаратындар – «кіші сұлтан» аталады. Олардың,
бəрі де қазақ болады. Дуандар бағынатын генерал – губернаторлықтың
Омбыдағы кеңсесінде, «советник» аталатын ақылшы қазақ отырады. Патша
бұл жоспарды 1822 жылы бекітті де, сұлтандар іске кірісті. Аға
сұлтандыққа кімдерді қою мəселесін шешер алдында, Батыс Сібірдің
генерал-губернаторы князь Сперанский қазақ ауылдарын аралауға шығады,
қасына тілмəш қып Омбының жатағы – Көшеннің Тұрлыбек дейтін жас
жігіті, əрі пысық баласын ертеді. Осы сапарында Сперанский бірінші рет
Сырымбет тауындағы Айғанымға соғады.
Жасы сол кезде отыздан жаңа ғана асқан «шұбар төс аңқудың» сымбаты
да, сұлулығы да, ақылы да князьға қатты ұнап, оны Көкшетау дуанының
аға сұлтандығына белгілейді.
Айғаным князьға ұнауын пайдаланады да, «қазақтар қыстау сала
білмейді, əлі күнге дейін қысқы сақылдаған сары аязда кигіз үйде отырады,
соларға үлгі көрсеткім кетеді» деп өтініш айтады. Сперанский ол ойын
мақұлдайды да, арнаулы инженер жіберіп, «хан ордасының» жоспарын
жасатады. Жоспар бойынша екі өркешті Сырымбет тауының саласына
жергілікті қарағайдан қиып салған орданың аса кең-кең бөлмесі болуға
тиісті, бөренелердің арасы түйенің шудасымен тығындаулы, төбесі
қаңылтырмен жабулы үйдің іші-сырты ақ қозының жүнінен басылған
кигізбен қапталуы керек, орданың екі жағына «отаулар» аталған кішірек
ағаш үйлер, бұйым сарайлары, малға қора-қопсылар жасалуы керек, сол
маңайдағы кең алаңға биік, іші кең мешіт пен медіресе орнауы керек.
Сперанский
бұл
жоспарды
бекітті
де,
орындауын
Көкшетау
қаласындағы əскери бөлімге тапсырды. Жоспарланған орда бір жылдың
ішінде даяр болды. Келер жылы Омбыда аға сұлтандарды: Көкшетаудан –
Айғаным, Ақмоладан – Құдайменденің, Қоңырқұлжасы, Қарқаралыдан –
Тəукенің Құсбегі, Баяннан – Тəтенің Қанқожасы, Көкбектіден – Əбіленің
Абылайы бас қосып, генерал-губернаторға қазақтан ақылшы (советник)
тағайындады. Сперанскийдің ойы – Айғаным еді. Оны «қатын» деп, басқа
аға сұлтандар ұнатқан жоқ. Өзгелерінің ішінен, орыс тілін білетін пысық,
ақылды болмады. Бұл жағынан Сперанскийге қатты ұнаған адам Көшеннің
Тұрлыбегі еді. Хан тұқымдарынан аға сұлтандар: «қара қазақ» көріп оны
ұнатпағанмен, қаһарлы Сперанский: «сол болсын» дегенде қарсы шыға
алған жоқ. Бұдан олар – «орысты білмей оңбайды екенбіз, ең болмаса
балаларымызды оқытайық» – деген іштей қорытындыға келеді.
«Ата балаға сыншы», – дейді қазақ. Айғаным да өзінен туған балаларға
сынай қарайтын. Уəліге қосылғанның келер жылында ұл туып, атын –
Абылай қойған, бірақ, хан Абылайды білетін, аруағын пір тұтатын
келіндері ол есімді атауға бата алмай, «Əбен» деп кеткен.
Қазақта «бала анаға аян, атаға күмəн» деген нақыл бар. Жұрт «пəлен,
түген» деп өсек қылғанмен, Əбеннің Уəліге нəсіл екендігіне Айғанымның
ешбір күдігі жоқ.
Əбен де əкесіндей солбырайған ірі денелі біреу болатын түрі бар. Мінезі
де сол сияқты ынжықтау. Əкесі өлгенде он үш жасқа шыққан оны, жаназаға
жиналғандар «ырымын жасап, осыны хан көтеріп қойсақ қайтеді», деді
енді біреулер – «бойына қарамай, ойына қара! Ойы – əлі күнге дейін көр-
бала, бұл ел басқарып оңбас», деп қарсы шықты.
Айғанымның 1810 жылы туған екінші ұлына – «Əбілмəмбет» деген ат
қойылды. Оны жұрт «Мəмке» деп кетті. Мəмке ер жете Кенесарыға
қосылды да, жорықта қаза тапты.
Үшінші ұлы – Шеген. Шалағай туып, қырық күндей тымаққа сап кереге
басында ілулі тұруынан ба, əлде табиғатынан ба, тіпті кішкентай денелі
болып өсті. Қазақтың ұғымында бойы кішкене адам: қу, залым, айлакер
келеді. Шеген де солай өсті, сондықтан жұрт оны «Шытырлақ шепе» атады
да, кейін «шытырлағыш» түсіп қап, «Шепе» ғана болып кетті. Ол кішкене
күнінен сотқар, төбелескіш, бейпіл сөзді болды.
Айғанымның төртінші ұлы – Шыңғыс 1815 жылы туды. Оның тəуір кісі
болуынан жұрт кішкене шағынан-ақ дəмеленді.
– Қылығы да, ойыны да, жүріс-тұрысы да, сөзі де адам болар балаға
ұқсайды, – десті олар, – түбінде қара шаңыраққа осы ие болмаған да.
Айғанымның үмітінше, бұл орданың ендігі иесі – Шыңғыс. Соны көріп
өлсе арманы жоқ. «Тек, аман-есен ер жеткен де құлыншағым!» деп тілеп
қояды ол. Сондай тілекте жүрген Айғанымға Сперанский алдағы жылда,
сол кездегі патшаның інісі, І-Николайдың Сібірге сапар шегуін хабарлады.
Сперанскийдің естуінше Россияның патшасы – І-Александр, кейінгі
жылдарда сырқаттанып, мемлекеттік істерге салғырт қарап кеткен.
Перзенті жоқ оның тағына, патшалық семьялардың тəртібі бойынша,
бірінші інісі - Константин отыруға тиісті. Бірақ, ол мемлекет бастығы
болуға жарамды адам емес. Жарамдысы – екінші інісі – Николай.
Таққа отыруға хақы бар əрбір (ханзада), таж киерден бұрын бағынышты
елінің кей өлкесін аралап көруі, Россия патшаларының өмірінде əдетке
айналған. Осы əдетке Романовтар да бағынып, Россияның біраз өлкелерін,
олардың ішінде – Сібірді аралаған....
Николайдың Сібірге беттеп сапар шегуін, «таққа отырардың алдындағы
саясат» деп түсінген Сперанский, оны мүмкін қадырынша жақсы қарсы
алудың жабдығын жасады. Ол үшін қазақ дуандарының аға сұлтандарына
арнаулы хат жазып, Николай қызық көруге тұрарлық кигіз үйлер жасатуды
бұйырды. Николай келерде ол үйлер Ертіс өзенінің табиғаты сұлу жағасына
тігіледі де, сол жерге жасалып, наследникке қазақтың салтанатты ғұрпы,
ойын-сауығы көрсетіледі.
Бұл хабарды алған Айғаным шеберлерді жинап ақылдасты. Олар кигізді
шылғи ақ қозының жүнінен бастыру керек керегені, уықты, шаңырақты əр
түсті бояумен əшекейлеу керек, үзіктер, түндіктің етектері мен өңірлері
қызыл шұғамен оюлану керек, үйдің іші-сыртына арнаулы жабылған кілем
баулары тартылу керек, кереге ішіне кілем түсті шилер құрылу керек...
Шеберлер осы ұйғарындымен іске кірісті. Жасалатын үйдің ішін
əшекейлейтін жасау -жиһазды Айғаным уайымдамады, себебі – «орда»
аталуы пəлен ғасырға созылған бұл үйге осы тұқымға түскен келіншек
атаулы кілем, алтын мен күмістен жасалған ыдыстар сияқты бас мүліктерін
сыйлайды екен. Осы жасау-жиһаздар жинала келе көбейіп кетіп, кейінгі
кезде күтуі қиынға айналған көрінеді. Бұл мүліктер бір түгіл бірнеше киіз
үйдің ішін толтырады.
Николайға арнап жасалған кигіз үй дер кезінде бітті. Жұрт «бұндай
салтанатты кигіз үйді көрмек түгіл, естіген де жоқпыз» деп қайран
қалысты.
Дуан басылар Николайға арнап жасатқан үйлерін бір-біріне көрсетпеуге
тырысқан еді, бірақ олар, бір-біріне астыртын кісі жіберіп, кімнің қалай
жасауынан хабар алып жатты. Айғаным жұмсаған жансыздардың
айтуынша, жасырын жасалған үйлерде, оның үйінен асары жоқ.
Николайға арналып жасалған үйлер. Ертіс өзенінің Омбыға жақын
жердегі тоғайы тамаша бір қойнауына алып,оған тігілді. Бəрі де айдында
қалқыған аққулардай аппақ шаңқай үйлер. Бəрінің де өзгелерге ұқсамайтын
əдемі өзгешеліктері бар. Солардың ішінде көпшіліктің көзіне бір үй ерекше
түсті. Ол – екі ақ үйді біріне-бірін жалғастыра, біреуін -ауыз, біреуін - төргі
үй ғып тігілуінде ғана емес, (олайша тігілген тағы бір үйлер де бар),
керегелерінің бір қоспасына əйнек, бір қоспасына айна орнатып, сегіз қанат
үйді, əдеттегі ондай үйден əлдеқайда кеңітіп жіберуінде онымен де қоймай,
шаңырағына күмбез орнатып, оның ұшар басына ай орнатып, сырттан
қараған кісіге қоспақ кигіз үйдің мешіт сияқты көрінуінде болды. Бұл үйді
Қызылжардың миллионер байы, первый-гельды саудагер Пышқантайдың
Маймағы жасатқан еді.
– Міне, қайда, үй!.. Міне, қайда, байлық!.. Бұндай үйді жасату тек,
ақшаның ғана қолынан келеді! – десті халайық.
Николайды күтіп алуға жиналған жұрттың естуінше, наследник Ертістің
ақ үйлер тігілген жағасына кемемен келіп тоқтайды. Кемеден қырға шығу
үшін, сол араға арнаулы көпір жасалып, оның үстіне кілемдер жабылады,
кигіз үйге баратын жолына да кілемдер төселіп, бергі жағы жалпая
жайылған кілем жолының əр үйге барар тұс-тұсында тармақтанып кетеді,
оларға да кілем төселеді. Үйлердің ішіне де кілемдер жайылады. Қымбатты
жасау-жиһаздар жиналған.
Тігілген үйлердің ішінде ең үлкені де, көрнектісі де. Маймақтікі
болғанмен, жасау жағынан ешбір үй Айғаным үйімен таласа алмады. Ең
алдымен оның есік алдына жайған кілемі жұрттың көзін сүріндірді.
– Бұл кілемді, – деседі білетіндер, – тасы өрге домалап, жұлдызы
оңынан туып, тұмсығымен құс тістеп, дəуірлеп тұрған шағында Абылай
хан Бұхара – Шəріпке арнаулы кісілер жіберіп, ондағы түрікпен
шеберлеріне түрлі түске бояған шым жібектен тоқытқан екен. Сонда
айтқаны – «ұзын тұрқы да, көлденеңі де кең мешіттің ішіне молынан
жететін болсын».
– Осылай тоқылған кілемнің, – деп жалғастырды сөзін кілемді
сипаттаушылар, – ажары тотының қанатындай мың құлпырып, қараса көзді
талдырады екен, бір өзі бір түйеге жүк екен, бес-алты жігіт зорға көтереді
екен.
Бұл сөздің растығын, құрметті оқырмандар мен өзім 1921 жылдың
көктемінде көрдім. Сол көктемде «ақ банды» деген шығып. өзгелермен
қатар Сырымбет тауындағы «хан ордасын» да талаған. Сол істі зерттеп
қайтуға жергілікті үкімет мені жіберді. Барсам орданың мұрагері, –
Шыңғыстың кіші ұлы, жасы қартаң тартқан Қоқыш (Нұрмұхаммет) екен.
Кедей шаруалы ол жайлауға шығуға күші болмай, қысқы ағаш үйінде
отырып қапты. Бандылар оның үйін осындай жағдайда талайды жəне
білмей таламайды баяғы Абылай заманынан бұл тұқымға келін болып
түскендер кілем, ішік, құндыз, алтын я күміс немесе құнды тастар сияқты
қымбат мүліктерін ордаға, сыйға тартады екен, солар жинала кеп, əлденеше
түйеге тең боларлық қорға айналған. Қапыда басқан қалың банды, бұл
мүліктерді қотара талап əкеткен. Жоғарыда аталған кілемді бандылар бір-
біріне қимай, басшылары он екі бөлшекке кескен. Біздің қолымызға сол он
екінің бір ғана бөлшегі түсті, соның өзі қарсы екі құлаш екен, түсі –
тотының қанатындай құлпырады!..
Бұндай үлкен жəне көрікті кілем Николайға арнап үй тіккендердің
біреуінде де болмаған.
Айғаным Николайға арнап тіктірген үйдің ішіндегі жиһаздар да ерекше
еді. «Абылайға, Уəліге орыстың, қытайдың патшалары, қалмақтың,
қоқанның хандары, Бұхардың əмірі, сол елдердің атақты бектері, тағы
тағылар сыйлапты-мыс», деген қымбатты мүліктерде қисап болмайтын.
Мəселен, 1759 жылы, Абылай «Россияға бағынам» деп Петерборға туысы
Жолбарысты жібергенде, «сол кездің патшасы – Елизавета Петровна
Абылайға алтын штоппен (парча) тыстаған, жағасына құндыз кіреуке
салған бұларғын ішік жіберген». Хан болған Абылай туған жері - Бұхарға
барғанда, оның əмірі, – «Индияның патшасы сыйлап еді» деп, «жүз
жылқыға тұрарлық жұдырықтай жақұт тасын берген». «Қытайдың патшасы
- «алтын табаққа салып, алпыс кəрлен кесе жіберген»; «Қалмақтың ханы
Галдан - Церен Абылайға Хочече есімді қарындасын сыйға беріп, «еншісі»
деп бір нар əрең көтерерлік жиһаздарды артқан. Көршілес хандардың
біріне «Алты қырлы алмас» аталатын, жан-жағы жайдың оғындай
жалтылдайтын, о жағынан қарағанда, бұл жағынан күн көрінетін, көлемі
қос жұдырықтай, түсі мөлдір судай тас берген. Солар сияқты ешқайдан
табылмайтын ерекше қымбат мүліктер қисапсыз көп болған.
Айғаным наследникке тіктірген үйдің ішіне осылардың көбін қойдырды.
Көрініске ен, қымбаты – Айғанымның өзі. Жасы отызға кірген, алты
баланың анасы болғанмен, Айғанымның сымбатты денесі толыққанмен
жалпиып семірмей, арғымақтың семізінен жараған бедеудей жұп-жұқа боп
ерекше сұлуланып кеткен.
«Ел құлағы – елу». Айғанымның Омбыда бұлайша безенуіне қазақтың
Сібірдегі алты дуанында естімеген жан қалған жоқ. Бұны əркімдер əр түрлі
саққа жүгіртіп жатыр. Біреулер:
– Сперанский мен Айғаным көңілдес екен. Оны патшаға безенген түрде
көрсеткісі келуі содан, – деседі енді біреулері:
– Бір елдердің əдетінде, ерекше сыйлы қонақтың қойнына жас, сұлу əйел
салады екен, Сперанский де патшаға сондай құрмет көрсеткелі жүрмесін! –
деседі.
Айғанымды көргендер де, көрмегендер де, безенген қалпында бір көргісі
келеді, ал Сперанскийдің бұйрығы: – «Патша Ертісті бойлап кемемен
келгенде ғана Айғанымды жаңа адамға көрсету, оған дейін жан адамға
көрсетпеу».
Айғанымның парадтық киімі төмендегідей болып шықты, басында
алтыннан əшекейлеп жасаған, өн-бойын түрлі-түсті қымбат тастармен
безеген, маңдайына – үлкендігі сиырдың тобығындай жасыл жақұт
орнатқан – таж, одан бетіне түсірген жұқа, селдір ақ жібек шадыра үстінде
орысша – парча, қазақша – үш топ аталатын, қызғылт түсті мауыты, оның
өрнектері алтыннан; мəнерлі шым жібектен тігілген көйлегі – жерге
сүйретілген қос етек, аяғындағы оюлы, кестелі, биік өкше етігі, тек, қадам
басқанда ғана көзге түседі ұзын, жуан бұрымдары екіге өріледі де, ұшына
жалпақтығы алақандай, үзбелері көп, қымбат тастармен безенген алтын
шолпы тағылады, саусақтары мен білектері де қымбат жүзіктер мен
сақиналарға толы.
Осылайша безенген Айғанымды Сперанский мен таңдаулы чиновниктері
жасырын көрген шақта, бəрі де естен танғандай боп, іштей ғашық
болмағаны жоқ. Сперанский ерекше қуанышта. Оның шамалауынша
бұндай əрі жас, əрі сымбатты, əрі сұлу, əрі осынша малынып киінген
шығыс əйелін, наследник кітаптан ғана оқымаса, түсінде ғана көрмесе,
өңінде көрмеген болу керек. Соған құдай оңдап, наследниктің көзі түсе
қалса...
Ар жағында Сперанский неше түрлі əдемі қиялға кетеді... Айғанымның
өз ойы да солай...
Көпшілік те, əкімдер де күткен күн таянып қалды. Омбыға қазақ-орыс
линиясы арқылы келетін наследникті қарсы алуға, Сперанский жəне
таңдаулы бірер чиновниктер кетті, Ол топқа қазақтан ешкім қосылған жоқ.
Сперанский Айғанымды да қосам ба деп ойлап тұрды да, өзінің арнап
тігілген ордасындағы салтанатында көрісуді мақұл көрді.
Кемемен келетін наследникті аға сұлтандар ғана қарсы алып, кіші
сұлтандар күту қызметінде ғана жүруге, өзге қазақтар той басталғанша
көрінбеуге ұйғарылған. Аға сұлтандардың саны – алтау, оларға берілген
нұсқау: «көпір үстінде үш-үштен екі жарылып, қолдарыңды қусырып,
төмен қарап тұрасыңдар. Наследник танысуды тілесе ғана бастарыңды
көтересіңдер, əйтпесе, сол тұқырған қалыптарыңда қаласыңдар, өзі тіл
қатып, ұлықсат етпей еш қайсың тіл қатпайсыңдар».
Наследник мінген кеме келіп тоқтағанда, аға сұлтандар берілген
нұсқаудың шеңберінде еді. Оларды аңғаруға наследниктің мүмкіндігі де
болмай қалды, кеме көріне, дауы жер-көкті солқылдата ойнаған əскерлік
оркестр төңіректі азан-қазан ғып жіберді жəне қарулы күзетшілер ерсілі-
қарсы сабылып, қаптап кетті. Музыканың мұндай зор үнін естімеген қазақ
сұлтандары естерінен танып, күтіп тұрған құрметті қонақтарының
қастарынан қалай өтіп кеткенін аңғармай да қалды.
Омбы əкімдерінің де, сұлтандардың да ойы: «Наследник бұл арада ең
кемі - бірер күн болар» еді. Олай болмай шықты. Наследникпен бірге
келген Сперанский - абыр-сабыр арасында сұлтандарға тіл қатып:
– Кигіз үйлерді көрсетіп, сіздермен таныстыруға ғана əкелдім, үйлердің
бəріне емес, өзі таңдаған біреуіне ғана кіріп шығады, сол арада сендермен
де тілдестіріп қалармын, жақын тұста еріп отырыңдар, – деді.
Маңайын үсті-басы жарқыраған чиньдер, қарулы əскерлер қоршаған
Николайдың көзі кигіз үйлерден – Маймақтікіне түсті де, ішіне бас сұғып
қана шықты. Сұлтандар есік алдында тұр еді. Сперанскийдің оларды
таныстырғысы келген бірер сөзіне Николай көңілін бұрмас па еді, қайтер
еді, егер иіліп, қол қусырып тұрған сұлтандардан Айғанымға көзі түсе
қалмаса.
Николайдың мана қарамай кетуін, менсінбеуіне жорыған Айғанымның
ұлттық та, аға сұлтандық та, əйелдік те, намысы оттай лаулап, бұл қызу,
былай да сұлу бетін тіпті құлпырта түскен. Өзінің түр-тұлғасын биік
бағалайтын Айғаным, «Николай Маймақтың үйінен шыққанда əлгі
қылығын қайталар» деп секемденді де, əйелдің еркекті арбарлық барлық
қылықтарын жасады да, наследник есіктен шыға бергенде бет пердесін
кейін серпіп жіберіп, үлкен қара көзін төңкере бір қарап қап, ұзын
кірпіктерін төмен түсіре, басын тағы ие қойды. Былай да «əйел жанды» деп
есептелетін Николай, қиялында ғана жасап жүрген мынадай сұлуды көзі
шалғанда, түлкі көрген бүркіттей төне қалды. Сол қалпын көз қиығымен
аңғарған Айғаным, елтіген еркекті ырқына жылдам арбап алғысы келіп,
бойын тікейте жазды да, жеңіл ғана жымиған кескінмен, өз ордасына
шақырған қимыл көрсетті.
«Білемін» деушілердің айтуынша, европа патшаларының ішіндегі ең
паңы да, ең тəкаппары да Романовтар, олардың ішінде - бірінші Николай.
Оның əкесі - Павел есерсоқ, дарақы, күлегеш адам болған ғой. Ал, баласы
кішкене күнінен залым, қатал, байсалды, қу болған. Сондықтан да, таққа
отырған кезінде «шоқпарлы Николай» атанған. Бұл мінездерінің үстіне
Николай, «қара халық» аталатындарды көзіне де ілмейтін аристократ, отар
елдерге менсінбей қарайтын барып тұрған - колонизатор. Оның ұғымында
қайсақтар - етті шикі жейтін, қатынды ортақ алатын, үстіне адамдық түрде
киім де іле білмейтін, тамақ та іше білмейтін, барып тұрған – тағылар...
Қоршаған сұлтандарға, əсіресе Айғанымға қараса, көргені естігенінен
мүлдем басқаша. Əсіресе – Айғаным. Оның жарқ еткен шырайлы кескіні
бұлт арасынан шыға келген күн сияқтанып, жалт еткен көзі ашық аспанда
жалтылдаған Шолпан сияқтанып кетті. «Мəссаған шығыс! – деген ой кеп
кетті, шығыс ертегілерін көп оқыған Николайға, – сипаттайтын сұлулары
шындығында да бар екен ғой!».
Николайдың еркектік сезім билеген секундтарда бойынан қашқан
ақылы, Айғаным кескіні жəне қол қимылымен ордасына қарай жөн
сілтегенде ғана басына оралды, өзінің «жер құдайы - патша» екені есіне
сонда ғана түсіп, Айғанымның отты көзінен қорғасындай еріп кеткен
денесі су сепкендей сонда ғана қатая қалды да, аристократтығы да,
колонизаторлығы да ұстап, енді түлкі емес, арбағыш айдаһар кезіккендей
жалт бұрылып, кеме жаққа беттей берді. Айғаным да, басқалары да тұрып
қап, соңына тек бірге жүрген нөкерлері ғана ерді. Басын қаздың
айғырындай қақырайта кетіп бара жатқан Николайдан жəбірлі көзін
алмаған Айғаным, бір нəрсеге қатты өкінді, онысы - орыс тілін білмеуі еді.
– Егер білсем, – деп кейіді ол ішінен, – патшаның баласы болмақ түгіл,
құдайдың баласы болса да тіл қатар еді. Тілге келсе, жеңге де келер ме еді,
қайтер еді!.. Айғаным Омбыға он жасар Шыңғысты ерте келген еді.
Айғаным Омбыға он жасар Шыңғысты ерте келген еді, сондағы ойы –
«патшалардың, патшасы» деп түсінетін орыс патшасы Николайға
маңдайынан сипату. «Құдай оңдап, құдай жақсылыққа қол жетсе, – деп
ойлады Айғаным, – баламның бағы ұшқаны!».
Айғаным ол арманына жете алмады. Ертіс жағасына барып үй тіккенше
құлындай ойнақтап асыр салып жүрген Шыңғыс, «ханзада келеді» деген
күннің алдында кенеттен ауырып, тұла бойы от болып жанып кетті.
Аузынан жалын атқан, жанын қоярға жер таппай аласұрған баланы, жұрт
өледі екен деп қорықты. Айғанымда да ес жоқ. Зəресі ұшқан оның көңіліне
медеу болған нəрсе – Омбыдан келген дəрігердің:
– Осы маңайдағы сазда маса көп, солар шаққан да, балаң безгек болған,
дəрімен жазамыз, – деуі.
Дəрі ішкенмен ол түні дөңбекшіп дамыл көрмеген бала, ертегіге қатты
терледі де, солғын тартып қалғуға айналды.
– Бұл несі?! – деп үрейленгендерге:
– Жазылуға бет алғаны, – деп жауап берді дəрігер.
Ханзада келгенде қалың ұйқыдағы Шыңғыс, ағыл-тегіл тердің үстінде
еді. Айғанымның сонда да оятқысы келгенмен, «ауруын қайталатып
аласың» деп дəрігер ұлықсат бермеді. «Ендеше, – деп ойлады Айғаным, –
ханзада құдай оңдап ордаға басын сұқса, мақсатыма жетермін».
Енді, міне, Айғаным ол мақсатына да жете алмады, ханзада ордасына
бас сұқпақ түгіл, анадайдан қараған да жоқ.
Айғаным бұлай болуды, маңдайы тайқыған хан тұқымының кезекті
сүрінуіне жорыды.
Жоғарыда айтқандай, өзінен туған алты ұлдың ішінде, «хан ордасын осы
ұстар» деп дəмеленгені, Шыңғыс болатын. Бұл тек қана дəме емес, ар
жағында сүйенер тірегі де еді.
Осы Шыңғыс туарда, Уəлінің үйіне, Айғанымның атасы – Пірəлі ишан
келіп жатты. Сарғалдақ «əулие» ол кезде өліп, жұрт «оның барлық қасиеті
Пірəліге ауды, оқуы əкесіндей болмағанмен, бұл да ғайыпты болжайтын
сəуегей, бұл да аспаннан пері түсіріп, жерден жынды қуатын ғылымын
біледі, бұның да «алғысы – алғайды, қарғысы – атады» дейтін.
Сарғалдақтың алғашқы əйелінен туған Пірəлі, жасы Айғанымнан
əлдеқайда үлкен, сақал-шашы бурылданып қалған қарт та. Өзге діншілдер
сияқты Уəлі де, Айғаным да Пірəліні пір тұтатын.
Пірəлі келіп жатқанда Айғаным ұл тапты. Уəлі қайнағасынан сəбидің
атын қоюды өтінді. Пірəлі жиеніне ат қоярдан бұрын, əке-шешенің де,
былайғы жұрттың да көңілін бөлерлік сөз айтты.
– Түс көрдім, – деді ол, – түсімде əулие атам аян беріп, осы баланың
туарын айтты да, атын «Шыңғыс қой, балам!» деді. «Неге əулие ата?» деп
ем, «хандардың əуелі де Шыңғыс, ақыры да Шыңғыс, соңғы Шыңғыс – осы
жиен болар», – деді.
Пірəлінің сəуегейлігіне сенетін жұрт та, Уəлі мен Айғаным да бұл сөзге
нанды. «Соңғы Шыңғыс осы» деп сенген əке-шеше де, басқалар да,
нəрестені кішкене күнінен қадыр тұтты. Уəлі өлерде қасында отырғандар:
– Хан аға, бізге айтар не өсиетің бар? – деп еді.
– «Өлінің тілін тірі алмайды», дегендей, – деді əл үстінде жатқан Уəлі
сөздерін деміге əрең айтып, – не айтайын сендерге? Құдай көкейлеріңе не
салса соны істей берерсіңдер. Жалғыз ғана айтарым: арғы атамыз –
Күншуақтан қалып, хандардың бірінен соң біріне мұра болып келе жатқан
қара шаңырақтың ендігі иесі – Шығажан
3
болар.
Уəлі өлгеннен кейін, қара шаңырақ тігілген жоқ. Ерінен кейін «хан»
аталған Айғаным, «еркекке ғана тəуенді» деп санайтын, «киелі» деп
сенетін қара шаңырақты қатын басымен үстіне тігуге жүрексінді. Бірақ ол
қара шаңырақты қастерлеп, қақпасы құлыптаулы сарайға сақтатты да,
бұрынғы əдетпен жыл сайынғы көктемде күн көзіне шығарып құрғатып,
тазалатып, майлатып, ерекше күттірді. Ойы: аманшылық болып Шыңғыс ер
жетсе, үйленсе, бағы ұшып əкім болса, өзіне тəуелді үй тіге қалса, қара
шаңырақты соған көтерту.
Ақылды Айғаным «əкім» деп орыс патшасының қызметкерін ғана
түсінеді, «хандық» дегеннің өткен дəурен екенін жақсы біледі. Шыңғысты
да «ақ патшаның қызметкері болады» деп дəмеленеді.
Сондай дəмеде жүргенде, Николайды қарсы алар шақта баласының
ауырып қалуы, Айғанымды қатты қайғыға түсірді. Николайдың Шыңғысқа
бата беруінен күдерін үзгендей болған Айғаным: «Семей жаққа кеткен ол,
қайта» осы араға тағы тоқырауы мүмкін» деген сөзбен тағы да үміттенді.
Сперанский, жиналған қазақтарға «тарқамаңдар, оралуды күтіңдер!» деп
кеткен.
Ол үміті орындалмады. Семейге дейін пароходпен барып Николай, одан
əрі Барнаул, Томск, Тюмень арқылы Петерборға атпен кетті. Николайдың
оралмауына өкінген сұлтандар, жалынышты Сперанскийдің, өзін одан кем
күткен наследникке көрсетпек болған сый-сияпаттарын, біраз үн соған
көрсетті.
Өзінің аға сұлтандық өмірі қысқа деп түсінген, қызығып орнын басар
деп Шыңғыстан дəмеленген Айғаным, Сперанскийдің жылы ұшырауын
пайдаланып, мақсатына қалай жету жайын ақылдасты.
– Бір ғана ақыл бар, – деді Сперанский – ол – балаңды орыс оқуына беру.
Біз əзірге қазақтың хандарынан шыққан беделді адамдарына сүйеніп
келеміз. Бірақ, тұрақтап сүйеніш емес олар. Бізге, орысша сауаты бар
адамдар ғана сүйеніш бола алады. Мақсатымыз – алдағы аз жылда
сондайларды даярлау. Одан кейін сауатсыз адамның қажеті болмайды. Осы
жайда, білгілікті, беделді адамдарға айтып келеміз, олардан əзірге
тыңдағаны жоқ. Осы ізгі сөзді сіз бастап, балаңызды Омбыдағы орыс
оқуына бірінші боп беріңіз.
– Қандай оқуға?
– Омбыда офицерлер даярлайтын школа бар, оның шығыстық бөлімі
бар, мұсылманша да, орысша да оқытады соған орналастырамыз, одан
орыстың үлкен əкімі боп шығуы мүмкін.
– Мақұл, – деді Айғаным.
Достарыңызбен бөлісу: |