«Көркем аударма шеберлігі» пәні Көркем аударма шығармасы



бет1/32
Дата07.02.2022
өлшемі0,96 Mb.
#83515
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32
Байланысты:
Аударма алеми
Аударма алеми




ТАРАҚОВ ӘНУАР САУАТҰЛЫ


АУДАРМА ӘЛЕМІ

Алматы – 2007


«Көркем аударма шеберлігі» пәні


Көркем аударма шығармасы

Аударма – қиын да күрделі, жауапты да маңызды, шығармашылық өнердің ең биігі. Талантты аудармашы әрі аударма зерттеушісі К. Чуковский аударманы “биік өнер” деп бағалаған. Өйткені неміс халқының классигі И. Гете пайымдауында “аудармашы еңбегі бүкіл жер шарын біріктіретін, байланыстыратын маңызды істердің бірі болып қалды және қала береді”. Шын мәнінде аударма қалыптасу кезеңінен бастап, бүгінгі күнге дейін адамзаттың арасындағы рухани, мәдени құндылықтарды бір-біріне жеткізуші, халықтар арасындағы шығармашылық өнерді дамытушы, жалғастырушы болып отыр.


Аударма – сан қырлы, дүние, ол – өнер, мамандық, ғылым, шығармашылық іс. Тіл өнері жетіліп, өркендеген сайын аударма да үздіксіз өсе береді. Әр дәуір аударманы жаңа сапалық биікке көтереді, немесе, К.Чуковскийше айтсақ “дәл аударманың қалай жасалғандығы туралы түсінік қалыптасады”. Аудармашыны актерге теңеу бекер емес. Аударма – шығармашылық іс әрі өнер, ол “бәсекелестіктің жоғары түрі, орындаушылықтың бір түрі” (В. Россельс). Чех әдебиет тарихын зерттеушісі әрі аудармашы О. Фишер ХХ ғасырдың басында аударма ғылым мен өнер дәнекерлестігінде қызмет екенін айтады. Олай болса, аудармашы – құрметті мамандық. Өйткені, ол өз ұлтының көркем әдеби шығармаларын екінші бір халықтың рухани игілігіне айналдырумен бірге, сол халықтың үздік туындыларын өз елінің қазынасына қосады. Ағылшын жазушысы әрі сыншысы Илэр Бэлокк “аударма дегеніміз отандық әдебиеттің керемет шығармасы болып қабылдануы тиіс” деп орынды айтқан.
Аударма – мәтінді басқа тілде қайталап жасап шығу. Егерде сөз шығармалары шындық сәттерін жеке тұлғаның санасымен бейнелеудің материалдық жағынан қамтамасыз етілуі болса, аударма бейнеленген дүниені өз тілінде қайта бейнелеп шығу. Ол шындықтың мезеттерін тікелей бейнелемейді, басқаның санасында мазмұндалғанын, ойластырылғанын бейнелейді. Аудармада фактінің сипатталуы емес, факт туралы ой аударылады. Яғни ол – басқа адамның ойлау қызметінің нәтижесін дәл сондай етіп қайта жасап шығу. Аудармашы ең аз дегенде бір мезгілде екі мәдениетке назар аударатын, екі тілді меңгерген тұлға. Аудармашыны кейде менсінбеген кейбіреулер “екі мырзаның құлы, қызметшісі” деп атап та кеткен.
Аудару дегеніміз – яғни басқа тілдің құралдарымен бұдан бұрын жеткізілген дүниені екінші бір тілдің құралдарымен дұрыс әрі толық жеткізіп шығу. А.Д. Швейцер: “Аударма бір бағыттағы тіларалық әрі мәдениетаралық коммуникацияның екі желілі процесі” дейді. Ж. Мунен: “Аударма бұл тілдердің дәнекерлестігі, билингвизм (қос тілділік) құбылысы” деп көрсетсе, Я.И. Рецлкер: “Аудармашы міндеті басқа тілдің құралдарымен түпнұсқаның мазмұнын стилистикалық және экспрессивтік ерекшеліктерін сақтау арқылы оны тұтастай және дәл жеткізе білу”. Яғни бірнеше тілде айтылған ақпараттың тепе-теңдігі аударма дәлдігінің өлшемі болса, тұтастылығы, толыққұндылығы және баламалылығы сол ақпаратты аудармада соған тең келетін құралдармен жеткізу болып табылады. Сонымен, қайта әңгімелеуден бір ерекшелігі аударма тек қана түпнұсқада не айтылса соны жеткізу ғана емес, онда қалай жеткізілсе, дәл сондай етіп тәржімалау.
В. И. Виноградов “Аударма – сөз өнерінің ерекше, өзіндік үлгідегі әрі өз бетінше жасалатын түрі” – дейді (с. 8). Бұл екінші рет қайталанатын өнер, басқа тілдің материалында түпнұсқаны қайта жасап шығу өнері. Аудармашы өнері кез келген орындаушылық өнерге ұқсас.
Аударма туралы ғылым мен аудару ғылымы екі бөлек дүние. Аудару ғылымы, немесе аударма өнері – аудармада дұрыс шешім таба білу. Аударма туралы ғылым – аударма теориясы және аударматану деп аталады. Аударма туралы ғылым нысаны – тұтастай аударма үдерісі (процесі), яғни екі тілдік коммуникацияның актісі ретінде түсіндіріледі. Аударма теориясының мәні аударма үдерісінің негіздерін және барлық заңдылықтарының сипатталуын ашу. Аударма моделі – тілдік және коммуникативтік болып екіге бөлінеді.
Әр халықтың аударма ісінің өзіндік тарихы бар. Аударма ұлттық мәдениетті байытуда оның әдеби тілін жаңартып, жетілдіруде биік рөл атқарады. Украинның көрнекті ақыны И. Франко “Ежелгі римляндардан бастап бөгде әдебиеттің маңызды және айтулы шығармаларының жақсы аудармалары өзіндік әдебиеттің негізгі құндылығы болып қалады” деп атап көрсетті. Бұл – аударма ісінің бірден бір тарихи заңдылықтарының бірі. Халықтың мәдениеті өркендесе, тілі дамиды, әдебиеті де жаңа құндылықтармен көбейеді. Аударма туындысы жоғары дәрежеде жасалған жағдайда сол халықтың түпнұсқа шығармасындай оқылады және бағаланады. Зерттеушілер жақсы аударманы фотосуреттен гөрі, қылқалам мен бояуды пайдаланып шебер жасалған портретке теңейді.
Аударма теориясы – тарихи түрде дамып, жетілдіретін үрдіс. Сондықтан аударма ісі де үнемі жаңарып, үздіксіз дамиды. Әр кезеңдегі ұрпақтың әдебиетке деген талап-талғамы өскен сайын, тіл де байып, өзгеріске түсіп отырады, аударма да түрленеді.
Аудармашылық сауаттылықты, білімді, тәжірибені жетілдірудің үлкен құралы – аударма теориясы. Әдебиеттанудың аударма теориясы, ең бастысы, аудармашыларды тәрбиелеуге қызмет етеді. Ал аударма сыны мен зерттеуі аудармашы шеберлігін шыңдайды, шығармашылық ізденіске ықпал жасайды.
Көркем аударма – үлкен шығармашылық іс, оның нәтижесі – басқа тілде жаңа көркемдік құндылықты жасаумен бағаланады және сол арқылы аудармашының шығармашылық белсенділігін танытады.
Аударма дегеніміз – түпнұсқаны оның түрі, мазмұны бірлігінде жаңа тілдік құралдармен жасап шығу әрі төлтуындыдағы көркем шындықты бейнелеп жеткізу.
Аудармашы шығармадағы жай ғана тілдік элементтерді жеткізуден басқа, ең бастысы, көркемдік элементтерді жеткізуімен шеберлік танытады. Көркем аударма – көркем шығармашылықтың түрі. Мұнда түпнұсқа негізгі қызметті атқарады. Түпнұсқалық шығармашылықты шынайы түрде жеткізе білу – аудармашының басты ерекшелігі. Аудармашының шығармашылық тәсілі негізінен оның дүниетанымына байланысты. Өзінің дүниетанымына сәйкес аудармашы өзі таңдап алған шығармалардағы көркем шындықты мазмұн мен түр бірлігінде, жекеден жалпыға дейінгі тұтастықтың байланысында бейнелейді.
«Авторлық ұстаным дегеніміз – дүниетанымдық категория. Бұл - өмірді, дүниені, дүниедегі өзін қаламгерлік тұрғыдан түсіну мен талдау» деп зерттеуші Д. Затонский авторлық ұстанымды айқын танып, аудармада шынайы жеткізу шығармадағы көркем мазмұн, идеядан бастап мәтіндік құрылымға дейін тегіс қамтитынын анықтайды. Авторлық ұстаным, дүниетаным аудармада да айқындалуы тиіс. Аудармашының дүниетанымын жеке сөздер мен тіркестерден және де көбінесе тұтастай әдеби элементтен, яғни мәтіннің аяқталған үзінділерінен іздеуге болмайды. Көп жағдайда осынау дүниетанымның мәні де аудармашының түпнұсқаға деген жалпы қатынасынан аңғарылады. Ол аударатын шығарманы таңдап алуынан басталып, оның стилін қабылдап, түсінумен аяқталады. Аудармашының дүниетанымы түпнұсқа аудармасы түрі мен мазмұнының бірлігін қарастырып қана қоймай, аудармадағы ұлттық түрді сәйкестіру туралы мәселені де осы бірлікте шешеді.
Көркем аударма тұтастай кешенді: ақпараттық, эстетикалық және қоғамдық-саяси міндеттерді атқарады. Аударма оқырманды шығармалармен, зерттеушілермен, автормен, басқа халықтар әдебиеті, мәдениеті, өмірімен таныстырады. Аударма сондай-ақ отандық түпнұсқалық туынды жасауымен, эстетикалық құндылықтармен оқырман талабын қанағаттандырады, ол түпнұсқалық көркем шығарманың дамуына ықпал етеді, әдебиеттің, тілдің, мәдениеттің интернационалдық қатынасының құралына айналады. Аударма оқырманды түпнұсқаға жақындатады, соның нәтижесінде басқа ұлт тілін оқып, үйренуге көмектеседі, бағыт береді.
Көркем аударма – көркем шығармашылықтың түрі ретінде онда аудармашының дүниетанымы мен тәсілі, шығармашылық дербестігі әрі аудармадағы, әрі түпнұсқадағы ұлттық ерекшелігі айқындалады. Аудармашы неғұрлым талантты болған сайын, оның дербестігі де нақтылана түседі. Аудармашы міндеті автордың дүниетанымына, мәнеріне, стилистикалық сипатына бойлау, сонымен қатар шама-шарқынша бұл дүниетанымды, мәнерді, стильді туған тілінің құралдарымен барынша мәнерлі, әдемі жеткізе білу. Теориядан нақты іс-тәжірибеге сүйенсек, әрбір аударма аудармашының дербестігін танытуы керек, басқаша болуы мүмкін емес. Әрине аудармашының дербес сипаттағы қасиеттерімен қатар, жоғарыда аталған жайлар ескерілуі тиіс. Дербестік аудармашы талантының қайталанбастығы деген ұғым береді. Аудармашы Л. Эйдлин “Аудармашының дербестігі дегеніміз өзін-өзі ұмыту болар” деп ой қорытады. Мұның астарында аудармашы өзінің “менін” ұмытып, автордың жандүниесіне, шығармашылық болмысына, көркемдік-эстетикалық әлеміне, тіл байлығына, стиль ерекшелігіне терең бойлау қажеттілігін еске салады. “Қалай дегенде бір ғана немесе қоршаған ортадағы басқа бір затты жалпы алғанда әр адам әртүрлі көретіні тәрізді, кітапта да әркім өзінше бір нәрсе көре алады. Сондықтанда аудармашы кітаптағы ең маңыздыны және ең жақсыны жеткізу үшін рухани бай адам болуы әрі осының бәрін көре білу қабілеттілігін меңгеруі тиіс. Әйтсе де шығармадағы жазушының жандүниесін аша білу әркімге жүктелінбесе керек” дейді немістің әйгілі ақыны Г. Гейне.
Аудармашыға қажет қасиеттер – терең, жан-жақты білім, ақындық-жазушылық қабілет, үлкен шеберлік, талант, мол тәжірибе, екі немесе көптеген тілдерді жетік меңгеру, кәсіби мамандану және үздіксіз іздену, шығармашылық машықтану, шабыттану, елестету кеңдігі, түйсіну тереңдігі, сезімталдық даралығы, тіл байлығы. Аудармаға құштарлық, қызығушылық, ұлт әдебиеті мен автор шығармасының жауапкершілігін жете түсіну, т.б.
Эстон ақыны Арви Сийг “Аударма әркез – құпия. Иә, аударма – жұмбақ, бұдан гөрі біреуге “еліктеп” жыр жазған жеңіл” дей келе, аудармада оқырманның мүмкіндігімен санасу маңыздылығын, онсыз аудармашылық ізденіс мағынасын жоғалтатынын қатаң ескертеді. Оқырманды әсерлендіру, оны сезімге бөлеу, қызықтырып, құлшындыру – таланттың негізі нысаны болса керек. Көрнекті башқұрт ақыны Мұстай Кәрім: “Біз бір-бірімізге іс жүзінде қандай екенімізді сол шамада көрсетуіміз керек... ең бастысы аудармада жандүниені жеткізу. Біз оқырманға жұмыс істейміз, бізге дәл осы жандүниені жеткізе білу қажет” деп тоқталады. Зерттеуші Валериан Гаприандишвили “Аударма – түпнұсқа портреті” “Өнер – табиғат аудармасы” деген тұжырым жасайды. Сондықтанда аударма саласында аударылатын шығармадан бөлек, барлық материалдық негізін жақсы меңгеру табысқа жеткізеді. Аудармашылықта талант, шеберлік. білімділік, сауаттылық, ұқыптылық, жауапкершілік т.б. ұғымдар бар. И. Кашкин анықтамасында: “Жалпы аудармашылық сауаттылық – бұл аударманың қандайда дұрыстығының, өз жанынан қосып жібермеушіліктің сенімді кепілі”. Аудармашылық сауаттылық үнемі іздену, дағдылану, тәжірибе толықтырумен келеді. Ол аудармаға деген сезімталдық пен талғам арқылы қалыптасады. Аудармашы нағыз шеберлікке жету үшін өзіне жоғары талап қоя білуі тиіс.
Аудармашы еңбегі – тауқыметті тірлік. Азабы да мол, ауырлығы да зор. Ол көп жағдайда елене бермейтін, бағалануы қиын жұмыс. Нағыз төзімділер, табандыларды таңдайтын, таланттылардың таланттысын таразылайтын үлкен өнер, ғажап шығармашылық іс. Аудармамен кез келген адамның араласуына болмайтынын кезінде С. Талжанов та, Р. Хайруллин де жақсы айтты.
В. Жуковский пайымдауынша аудармашы көркемдік таланты бойынша, автормен тең дәрежеде болуы тиіс, аудармашы ақын-жазушымен бірдей дәрежеде елестетуге, сөз саптау мәнеріне ие болу тиіс. Ой қабілеті мен сезімі жағынан да тең дәрежеде болуын, түпнұсқадағы сұлулықты сондай сезіне білуін, керек болса онымен теңдесетін немесе асып түсетін өзіндік сөз байлығын, ой тереңділігін талап етеді. Қысқасы, аударманы бар қырынан жарқырата, көрсете алатын талантты шебер болу қажеттілігін ұсынады. Аудармашылық талант биік болған сайын шығарма аудармасының көркемдік мазмұны, әдемі тілі сол биіктен көрінеді. Аудармашы талантымен, тәжірибесімен, шеберлігімен ақынның жүрегінен, ой-түйсігінен шыққан өлеңдегі көркемділік пен рухты, бейнелеулер мен әсерлілікті жоғалтуға құқылы емес. Көркемдік елестету, шығармашылық сезімталдық, терең түйсік көркем аударманың қай түріне де тән.
А.С. Тургенев А. Шлегель, В. Жуковский, Фоссты идеалды аудармашы деп санады. “Мұндай болмыстар мейлінше сирек кездеседі. Оларды дара таланттар деп атауға болмайды, бірақ олар тіпті басқалар жеткізген сұлулықты терең де дәл түсінуге қабілетті” дейді. Олар өздері аударып отырған сүйікті ақындарының шығармаларын поэтикалық тұрғыдан бастапқы әсерімен қайта жеткізудің жолдарын үнемі іздеген.
Кез келген жақсы аударма сүйіспеншілікпен, ынта-ықыласпен жасалады. Бұл сүйіспеншілік шығармаға, авторға деген құрмет сезімінен туындайды. Аударманы оқып, үлкен әсер алған оқырман, біріншіден, шығарма авторына деген ризашылығын байқатса, екіншіден, аудармашыға да сүйсінеді. Автор мен аудармашы бірін-бірі көрмеуі де, білмеуі де мүмкін. Алайда шығарма иесіне деген сүйіспеншілікті аудармада құштарлық сезіммен көрсеткен аудармашы өзге ұлт әдебиеті алдында қоғамдық, адамгершілік, рухани парызын өтейді.



  1. Аударма қандай үдеріс? Басты сипаттамалары қандай?

  2. Аудармашы. Аударма ісі. Аударма шығармасы туралы түсінік.

  3. Аударма теориясы, аударма және аудару ғылымы ұғымдарының мәні неде?

  4. Аудармашы мамандығының басты ерекшеліктері.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет