Сахиев Жүніс. Су әлемінің саздары. ғылыми-фантастикалық роман. «Фолиант» баспасы, Астана – 2008



бет3/39
Дата26.01.2018
өлшемі9,74 Mb.
#34042
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39

Оянған сезім

Су диірменінің пәресі тәрізді сәуле шаққан кемедегілер жер бетінен келген зерттеу кемесін көптен бері, қарауылға алған. Олар үшін мына мұхит асты қараңғы әлем болса, өздері үшін азғантай ғана кеңістік. Сондықтан да бұл кемедегілер сырттағы су қысымын да, қараңғылық пен суықты да елемейді. Әркім өзінің ісімен айналасып жайбарақат отырған. Бұдан бұрынғы іздеуден кейін жігіт пен қыз да бөтен кемені бақылауда ұстап келді. Онсыз да Жер ғаламшарындағы ғажайып тіршілік жайлы көп мәліметтерді көріп, қызыға андығандардың куәсіндей болып сезініп отырған екеуге бөтен кемедегілер ерекше таңсық болды. Қыз енді тамақ ішуді де сиретті. Дабыл беріліп жатса да естімегендей отыра береді. Басшы қыздың бұл қылығын ұнатпады. Оған қадалғанды да жиілетті. Бөлімге байланыс құралынан жиі хабарлайтыңды шығарды. Ал қыз болса, қара шашын жайып жіберіп, көрініс құралының жанында отырады да қояды. Әншейінде жұмысқа селқос қыз енді тіпті де бірдемеге ұрынғандай. Бәлкім, оның есін су астының бір құдыреті бұрған шығар. Бұл – ауруға жатады. Ендеше тездетіп емдеу жұмыстарын жүргізу керек деген ойға келді басшы.

Осы ойға тоқталған басшы дәліз бойында кілт тоқтап, қайта бұрылып, жылдам басып қызға келді. Бұл кезде де қыз көрініс құралынан көз алмай отыр еді. Ол тіпті басшының қайта айналып келгенің елемейді де. Енді оған мына дүниедеөмір сүру де, сүрмеу де бірдей сияқты. Қыздың мұндай пиғылын басшы да іштей сезінген. Ол қыздың арқа тұсынан біршама уақыт бойы үнсіз қарап тұрды. Қыз да арқа тұсында кімнің тұрғанын сезді. Бірақ сыр бермеген. Отыра берді. Жанындағы жігіт тек қана басшы кіріп келгенде орнынан ұшып түрып «не бұйырасыз?» дегендей, бір орында қалшиып тұрып қалған. Бірақ басшы оған ештеме демеді. Жігіттіңде кыз алдында дәрменсіз екенін іштей сезген. Сөйтіп ол басқа шешім қабылдады. Көкірегінің тұсына ілінген түймедей ғана бірдемені төрт саусағының ең ұзынымен сипап өтті. Сол замат қыз көріп отырған көрініс күрт жоғалды. Тап соның алдында ғана қыз құралдан бөтен кемедегі ір сымбатты жігіттің іс-әрекетін қызықтап қызықтап емес- ау, оган деген сезімін арнап отырған еді. Ол сезіміне басшының келіп килігіп, кедергі жасағаны ызасын тудырды. Одан бетер қырсығып, теріс қараған бойда қозғалмады. Басшыда үн жок, не айтарын білмейді. Негізінде бар жағдайды санасы жоғары қыз айтпаса да түсінуі тиісті еді. Бірақ қырсыққан қыз үндемеді. Ол өзінің алты еркектің арасындағы еркелігін осылайша білдіретін. Оны басшы да біледі. Қызды, оның өзі де осы кезге дейін еркелетіп-ақ келген.

Енді қыз бой жетті. Бойында махаббат сезімі де ояна бастады. Өз елдеріндегі дәстүр-салт бойынша қыз уақыт келгенде өзіне жігіт тандауы тиісті. Өйтпеген күнде жігіттердің арасында жік тумақ. Оның соңының жақсылыққа апарып соқпайтыны болса да белгілі. Бөтен ғаламшарлықтардың әйел баласына деген құрметі ерекше болатын. Әйел - дүниенің, тіршіліктің негізгі көзі. Күллі данышпан да, батыр да анадан туады. Ал адамның қалай жетілетіні өмірдегі тағдырына байланысты. Адам баласы өмір сүру барысында түрлі ортаға қалыптасады. Соған сай оның мінез-құлқы да өзгереді. Ана үшін дүниеге тірі перзент әкелуден өткен маңызды нәрсе жоқ перзентін ақ сүтімен асырайды. Әлпештеп өсіреді. Аяғынан тұрған соң перзент әрі қарай өз күнін кешеді. Жақсы, жаман атануы, одан әрі қарайғы әрекет - тағдырына байланысты. Әлде бір саналы тіршілік иесінің өз таңдауы бар. Осы кемеде келе жатқандардың бәрі де сондай абзал анадан туылған перзенттер. Басшының қанша қырсықса да, қызға қол жұмсамай тұрғанының бір себебі де сол қасиетті анаға деген ерекше құрметтен еді. Оны кыз да іштей сезген. Басшы қыз балаға қол жұмсауды - болашак анаға қол жұмсау деп біледі. Қыз бұл жағынан жігіттерге дән риза. Бірақ қыз бойжеткен кезде дәл осындай бір ғаламат күші бар сезімге боленемін деп ешкашан да ойламаған. Басшының өзі де қыздың не себепті жер беті тұрғындарының біріне соншалықты қызыққанын түсіне алмады. Басшы түгілі қыздың өзі де өз сезіміне ие бола алар емес. Бұл сәтке дейін бұл әлемде дәл осындай ыстық сезім болады деген пікірге ешқайсысы ешқашан да ой бөлген емес. Өздерінде отбасын кұру да, одан ажырап-бөліну де жай бір үйреншікті өмір көрінісі сияқты ғана болатын.

Ал мына кұбылыс ерекше. Басшы жасаған бірнеше реттік ескертулер де қызға еш әсер етер емес. Әсер етсе, бұлайша қасарыспас еді. Жер тұрғындары жайлы көп білгісі келетін қыз соңғы кездері басшының кейбір талап-тілектеріне де қарсылық көрсете бастаған. Қазіргі негізгі іс сол бөтен кеменің қимыл-қозғалысын, оның ішіндегі жерліктердің іс- әрекеттерін қадағалау болғандықтан әңгімені шұбалақтаудың да жөні жоқ еді. Басшы қыздың көріп отырғандарын шектей беруді осы тұрғыдан дұрыс санамаған болатын. Қыз экранның алдына қайтадан отырып іске қосқанда, өздері мұкият бақылауға тырыскан, іздеп жүзіп келе жаткан бөтен кемені көріп басшы жұмсарыпта сала берді. Өйткені, ол ке- менің кұпиясын ашу сезімнен де жоғары еді. Басшы соны ойлады. Ол енді қыздың жанына келді де, үлкен панелден бір түймені нұқыды. Сол замат бірдеме сыр етіп, тілдей саңылау- дан бір қағаз сусып түсті. Басшы суретті қолына алып, олай- бұлай аударып қарады. Содан соң әлгі түймені екінші рет басқан. Артынша тағы да сондай қағаздар шықты. Басшы оларды үстел үстіне жайып тастап барлады. Бөтен кемені жан-жақты анықтап білудің бір жолы осы еді. Оны кезекші жігіт пен қыз да жақсы біледі. Бірақ екеуі де үндемеді. Басшыға қарсы келудің жөні де жоқ-ты.

Басшы суреттерді мұқият карап болған соң, қызға қадалды. Ол жүзін бұрып әкеткен. Содан сезіктенеді ме, әлде қызғаныш оты тұтанды ма басшы енді қыздың сол жағындағы суырмадан кішкене бірдеңені алды. Қыз сол замат селк етіп шошынғандай сыңай танытқан. Ол алуан көрініс жазғы және оп-оңай экранда көрсете алатын тамаша құрал еді. Егер оны жер тұрғыны көрсе, кәдімгі кішкентай қол шамы демек. Расында да содан аумаған. Жұмыс істеу принципі де соған ұқсас. Басшы оны қабырғаға қаратты да, бір түймесін сырт еткізді. Соншалықты кіп-кішкентай құралдан мүншалықты үлкен көрініс пайда болады деп кім ойлаған. Бірақ, бөгде ғаламшарлықтар үшін ол таңсық емес. Мұндағы мәселе де, мақсат та басқа еді. Қыз екі бетін басты. Бір қылмыс жасағандай – ақ ұялып отыр.

Экранды әлгі өздерінің іздеріне түспек болған жер тұрғындарының кемесі пайда болды. Содан соң оның ішкі жағы ондабірнеше жер тұрғыны отыр. Бір – екеуі түрегеп тұр. Үлкен иллюминаторларынан су астын бақылайды. Олар сол көріністің бәрінің құпия бейнетаспаға түсіріліп жатқанынан мүлдем бейхабар. Бейне бір адам асырауындағы балықтар секілді. Балықтар да адамның не істеп, не қойып жатқанын білмейді емес пе? Бірақ адамдардың айырмашылығ көп. Егер жер тұрғындары бөлмені былай шатыстырып жатқанын титей ғана сезсе, қандай да бір әрекетпен жауап берген болар еді. Ал , мұнда олар мүлдем ештеңені сезбеген. Сезбек түгілі, осы кемені анықтап көре алып па?! Басшы мән – жайды бірден түсінді. Мұны осы өзіміздегі қыз бен жігіттің жоғары бағалауға татырлық еңбегі деп бағаламақ та еді. Артынша оның көңілі құлазып сала берген. Қыз сол кемедегі адамдардың бірін анық етіп қайта – қайта суретке түсіре берген. Не үшін екеніңөзі ғана білетін сияқты.басшы мұның мән – жайын айтпаса да іштей түсінді. Қызғаныш оты тұла бойын билеп ала жөнелді. «Мұндағы нардай – нардай жігіттер тұрғанда, жер жігітін таңдағаны несі?!» деген ойға да келді басша. Артынша «өзімізден мәдени дамуы төмен жатқан ғаламшардың жігітіне көз салғаны қалай ?» деген сөзбен намысы оянды. Оның үстіне қыздың махаббат сезімінің әлдекімге аууы бүкіл құрамға зиян. Жоспарланғандары мен мақсаттарына да үлкен кедергі келтірмек бұл қыз сезімі. Осылардың бәрін ойлап келгенде басшының тұла бойы шымырлады. Өзін әзер ұстады.қыздың әдемілігі мен нәзіктігінде шек жоқ десе де болғандай. Осындай аруды өзге адамға қалай қиып беруге болады? Тек өкініштісі, осындай қыздың сезімін оятатын сезім күші жоқ, өз жігіттерінде. Олар қызға жүрек сезімін емес , жай бір әдемі затқа қызығып қарағандай дәрежеде ғана назар аударады. Басшының ұнжырғасын түсіретін де, қыз сезімінің өзгеге қарай ауытқауының да себебі осында болса керек. Ал сезімі ояна бастаған қызға енді бұл ғажап кемедегі ешбір нәрсе қызық та, әсерлі де емес. Осы кезге дейін қыз бұл дүниедегі көзге түсетін ғажайыптардан да ғажайып бір сезімнің болатынын сезіп пе? Енді бойында қандай да бір құдірет сезімі оянған. Қыздын бар мақсаты да бар бақыты да, болашағы да ана бір құпия кемедегі қыз-жігіттер секілді. Енді өзінің басшысы қандай бұйрық берсе де, қандай жаза қолданса да, өзінің сол тамаша махаббат сезімінен арыла емес. Оған қолы жетпеген күнде өзін қа - сірет өлімі күтетін сияқты. Тек солай болмақ. Тіпті қыз өз еліне қайтуды да ойлағысы келмейді.

Басшы көріністі бірнеше рет қайталады. Бөтен кемедегі қыз таңдаған жас жігіттің бет-бейнесін әбден анықтап көріп алды. Қыз да сүйгенін ерекше сезіммен бақылады. Басшының бұл қайталамасы қызға тек қуаныш ұялатқан еді. Іштей тілегені де сол болатын. Бөлме ішінде біршама үнсіздік орнады. Содан соң барып қана басшы сыбызғыша сызылтып дыбыс шығарды:

- Түсінесің бе, сен мені? - дегені еді бұл, - біз өзіміздің ғаламшарымыздан өте қашықтамыз. Өз еліміз бар, жеріміз кешікпей сонда оралуымыз керек. Елдегілер бізді күтіп отыр емес пе? Ал, сенің мына ісің не? Олар саған несімен ұнап қалды?

Қыз үндемеді. Сөзбенен ол сезімді тусіңдіре алмас еді. Егер басшы қызға айналып, осы сезімді басынан кешсе, бәлкім сонда ғана түсінер ме еді мүның мәнісін. Сезім түгілі жаны ауырған адамды екінші дені сау пенде түсіне алмақ емес Өзінің жаны ауырған кезде ғана оның не екенін сезіне алмақ. Ал , мына сезім одан да ауыр сияқты. Қыз бұл кезге дейін басшының бұйрығын бұлтартқан емес-ті. Әуелде «ауру-сырқауға шалдығып қалған емес пе?»деген оймен қызды түрлі дәрігерлік тексеру құралдарынан да өткізіп алған болатын. Жок, дені сау жұмыс қабілеті қалпында болып шықты. Бірақ, өздерінен әлдеқайда төмен жатқан даму сатысындағы жандардан қандай кұдірет шығуы мүмкін?.. Басшыны негізінен ойлантқан дауысы болатын. Ойлатқан да осы болатын. Олар кемелерімен өздерін қуып жете алған жоқ. Егер мықты болса, өздері сияқты алыстан-ақ бақылап зерттеп алмай ма?

- Мен ол жігітпен кездесемін. Кездесуге тиістімін. Онсыз өмір сүре алмаймын енді мен, - деді қыз сыбызғыша дыбыстап.

— Ол кім? Кімді айтып тұрсың?

— Жаңа ғана экраннан көрдіңіз емес пе?

— Олар көп қой!

— Олардың басшысы жалғыз болар...

— Сен оны танымайсың да, білмейсің де. Сөйте тұрып...

— Мен білмеймін. Не болғаның өзім де түсінбеймін. Бірақ...

Басшы да, қасындағы жігіт те аң-таң. Бұл өтіп жаткан оқиғаға басқалар да, бөлек-бөлек бөлмеде өз экрандары арқылы бақылап отырғандар да қайран. «Жер» деп аталатын қарапайым ғана ғаламшарда осындай әсерлі де қатерлі сезім серпілісі болады деп қайсысы ойлапты. Бар жауапкершілік те, ауыртпалықта енді кеме басшысына түскен. Қалғандары сол нені айтса, соны бұлжытпай орындауға әзір. Мұны ақыл - кеңес беретіндер де, айналадағы бөтен құбылыстарды түсініп, түйсінетіндер де осы екеуі ғана еді. Енді одан да айрылып қалатын күн туғандай басшы қызға қайта қарады.

— Сәулем, — деді ол өзінің таныс, үйреншікті дыбысымен, — мұның болмайды! Гүлсің. Сондықтан да біз — жігіттер сені қашан да қорғауымыз, сақтауымыз керек. Бұл - біздің азаматтық, ер-жігіттік парызымыз. Ал сенің бойында пайда болған қате сезімді біз арнайы күрделі жүйемізбен жоямыз.

— Жоқ! — қыз ыршып түсті, — егер сіздер менің бойымдағы бақытты сезімімді жойсаңыздар, онда мен бұдан әрі өмір сүрмеймін. Менің бұл өмірдегі бар үмітім, болашағым, бақытым тек сол ғана.

Басшы не айтарын, не істерін білмей, үнсіз түрып қалған. Қыздың мынау күтпеген мінез-құлқы шын мәнінде ойланарлық еді. Енді қандай да бір қатаң шешім қабылдаудың реті де келген сияқты. Егер оның есі ауысқан болса, онда бір басқа. Ал мына ісі тек қана өздері емес-ау, келген ғаламшардың бүкіл тұрғындары естісе, таңғаларлық қылық болмақ. Басшы енді өз ішінен: «Осы қызды басқа бір бөлімге ауыстырып жіберсем бе екен?» деп те бір ойлады. Бірақ, қайдан?! Қызға лайықты жер осы ғана. Барлық бөлімде — жігіттер. Оның үстіне әркімнің өзіне тән мамандығы мен айналысатын ісі бар. Бірімен-бірін араластырып-құраластырып жіберген де дұрыс емес. Қызға бір ерекше сезімнің әсер еткені анық. Ол жігіттің қандай бақытты екенін тілмен жеткізу қиын шығар. Махаббат сезімі деген, өз елдеріндегі түсініктері бойынша, адамға шақытша тиетін ауру. Басшының ендігі ойлағаны да осы еді. Қасындағы жігіг болса да үндемейді. Басшы не айтса соны орындайды да, қояды. Билігі жоқ болса, қайтсін?!

Бөлім ішінде бір сәтке тыныштық орнаған. Қыз басын көтермейді, басшыға «не деп отырсың?» деп бұрылып қарамайды. Қалай қарасың? Басшыда онысын түсініп тұр. Жаңағы күрделі дәрігерлік жүйеден өткіземіз, сезімін біржола жоямын деген ойынан да айныған. Айнымай қайтсін? Қыз оған да көнер емес. Басшы өмірінде бұйрыққа көнбейтін сезімді кездестірмеген еді. Қолында ескерте беруден аскан шарасы жоқ. Қыздың қасындағы жігітке жағдайды хабарлап тұруды тапсырды да өзі басқа бөлімге кетті.



Мұхит астындағы әуен
Кеме картада белгіленген аймақты шарлап шықты. Пәлендей ештеме байқалмаған. Бірақ су астының небір көріністері адам санасынан бұл тіршілікте кетер емес. Айдынбек бастаған ғалымдар кұрамы осы аз уақыт ішінде тиісті суреттер түсіріп, көптеген бейнефильм дайын етті. Енді осы аймақты сол бейнефильм арқылы мұхиттың не екенін көріп білмеген адам да толық тамашалай алар еді. Айдынбек те соңғы түсірілген көріністерді арнайы бейнефильм залында бірнеше рет қайталап көрген. Оның ендігі іштейгі бір арманы амансау үйіне жетіп, Раушанмен қауышып, оңаша отырып, осы түсіріліп алынған ғылыми бейнефильмді рахаттана тамашалау еді.

Жаңағы көріністерге Раушанның таңданары сөзсіз. Егер су атаулыны ойша алып тастаса, кәдімгі құрлық, кәдімгі кең дала болып шыға келер еді. Толқынданып жөлнеген жерлер құрғап, топырақ пен құмға көмілмек. Біраз заман өткен соң сол далада қылтиып-қылтиып сексеуілдер өсе бастайды. Тағы басқадай шөл мен шөлейттің өсімдіктері шауқап өспек. Сол кезде мұнда неше түрлі аң мен кұстар да сайран салар еді-ау. Бірақ оның есесіне мұндағы су асты тіршілік иелері күрт жойылады. Олардың қанқалары мен тас бетіне түскен қаңқа танбалары күннің ыстык сәулесінен кеуіп құрғап жатпай ма? Бір тіршілік иелері жойылып, оның орнын екінші тіршілік иелері баспай ма? Бұл жер ғаламшары тіршілігінің адам ғұмыры жетпейтін ұзақ тәулігі, мерзімі. Адам өткенің де, алыс болашағын да көре алмайды. Уақыт пен кеңістіктің бір кезеңінде ғана ғұмыр кеше алады. Ұлы жаратушы берген сый солай. Сондықтан да ғұмыр шіркін, әрбір тіршілік иесіне ерекше ыстық. Армандау, болжалдаумен, күнделікті қызықты тіршілігімен жүріп осы ыстық дүниеден өтетін сәтіне қалай жеткенін де аңғара алмай қалады – ау. Азғантай ғана уақытқа созылған үнсіздікте Айдынбек осындай ойларды өткерген. Кеме болса ештемемен жұмысы жоқтай баяу ғана жүзіп келеді. Мұхит табаны алдарындағы иллюминатордан да , арнайы экрандардан да ап-анық көрінеді. Қасындағылар да өздерінше іштей бір ойға батып отыр. Жебеуші ғана ештеме жөнінде ойламайтындай өзінше жайбарақат. Алғашында көп нәрседен седіктенген ол енді кеменің мықтылығына әбден сеніп алғандай тыныш. Кеменің жайын емес, алдағы істерін көбірек ойлайтын секілді. Жаңа ғана өздері тамашалаған бейнефильм оған да ерекше әсер еткен тәрізді. Оның да үйінде жұбайы мен балалары қалған. Өзінше тұйық болғанымен ой тұңғиығында талай – талай жерді шарлап та үлгергендей.

Мұхит түбінің табиғаты қаншалықты таныс болса да, оның қорқынышы естен шыға қоймайды. Ғалымдар іштерінен мұхит тереңінлегі күрделі зерттеулерін тезірек аяқтап, су бетіне маман – есен шығуларын жиі ойлайды. Әрбір тырсыл, әрбір дыбыс олардың қай – қайсысын да жиі- жиі елеңдетеді. Егер кеменің гүрілі мен дірілі болмаса қанша дегенмен де сырттан көп нәрсеніестуге де болар ма еді.бірақ ғалымдарға қазір ондай қажеттілік жоқ, сыртта болып жатқан кез келген құбылысты тіркейтін күрделі жүйелер кемеде молынан жеткілікті. Солар тіркейді. Тек зерттеу жүргізген осы шамалы уақыттың ішінде пәлендей не дыбыс , не құбылыс тіркелмеген . Бейнебір мұхит тереңі мәңгілік тыныш бір терең ұйқыға кенелгендей. Ғалымдар да сол тыныштықпен бірге демалып алғылары келгендей белгілі бір уақыт жарияланған. Бірақ ол жоспарлары күтпеген жерден басқаша сипат алып кетті. Кенеттен сырттан келген оқыс дыбысты тез әрі дәл тіркейтін құралдың шамдары жыпылықтап ала жөнелді. Кезекті демалысқа , қысқа ұйқыға дайын отырған ғалымдар еріксіз елең етіскен.

Артынша кеменің барлық бөлімдеріндегі дыбыс күшейткіштерден ғажайып бір әуен естіле бастады. Кәдімгі сыбызғының үнінен аусайшы. Ғалымдар орын-орындарында үн қатпастан отырып қалған. Жұмсақ орындықтарының биік жақтауларын кейін карай шалқайтып, көздері жұмыла бастағандары да енді еді, селт етіп оянып, айналасын барлай бастаған. Дыбыс өзі тап осы кеменің ішінен шыға ма, қалай?! Ешкім ештемені түсінбейді. Тек әуенді тыңдайды. Айдынбек мұхит тереңінен талай дыбысты естіген. Бұл бірінші жаңалық та емес. Бірақ мұнда бір өзгешелік бар сияқты. Ол енді дереу қосымша жазатын құралды қосты. Әуен әлі естіліп тұр. Ол сыбызғының сазына ұксас болғандықтан қазақ жігіттеріне ерекше әсер еткен. Тек Жебеуші ғана оғаш дыбыс естігендей елең-елең етеді. Бірақ ол ғажайып әуен қанша түсінбесе де, сезінбесе де өзіне баурап әкетіп-ақ барады.

- Достар, бұл неғылған әуен? - деді бір кезде ұзақ үнсіздікке төзбеген Жебеуші тілмаш арқылы.

- Бұл әуен. Сыбызғы сазы. Неткен ғажап! — деді Айдынбек оны тыңдай түскісі келіп, Жебеушінің сөзбастылығын қаламағандай.

Жебеуші оны түсіне қойды. «Жарайды, әуен бітсінші» дегендей қос құлағын тоса түсіп, орындығының биік жақтауына шалқая түсті. Сыбызғы сазы енді бір кезде ғалымдарды маужырата бастады. Мұны сезген Айдынбек басын тез көтеріп, көзін ашып алды. Қараса, жанындағылар да әуенге қатты беріліп, көздерін тарс жұмып алған. Ұйқыға кеткенде түрлері де бар. Бұл Айдынбекке сонау бір замандағы Гомердің «Иллиядасындағы» Одиссейдің гипнозға үшырағанындай болып елестеп кетті. Ол өзін сол Одиссейден кем санаған жоқ қазір. Егер өзі ұйықтап кетсе, әлі қаранғы тағдырлары не болмақ? Айдынбек осыны ойлап, ерекше жігерленіп, ұйкыға берілмеуге тырысты. Жебеуші де әншейінде көп сөйлесе де, осы тұста ерекше батылдық пен жігерлілік танытты. Қазақ ғалымдарының іштерінен не ойлағандарын бір құдайдың өзі ғана білсін, ал Жебеуші мұны өзі жастайынан естіп өскен су перілері жайлы аңызға жорыды. Тап соның дыбысындай, тап соның өзі келе қалғандай көрініп те кеткен оған. Ол орнынан ұшып түрегеліп, үлкен иллюминаторға барды. Бірақ одан не пайда бола қойсын. Мұхит тереңінен не көріне қойсын? Кеменің қуатты шамдарының жарығы жететін жерден әрі қарай тас тұнек, қараңғы дүние. Ең бастысы, кемеге қандай да бір алып мақұлықтың тарпа бас салмауы. Немесе манағы көрінген бейтаныстың қайтып оралмауы. Жебеушінің өзі қатысқан сапарларында ондай жағдайлар да болған. Бірақ ол дәл мұндай терендікте емес-ті. Оның үстіне әрбір ғалымның жеке су асты жедел жүзетін кемесі болатын. Бастарына аса қатер туғанда сол кемемен қашып құтылатын. Ал мынандай терендік пен қараңғылықта, ғаламат су қысымында өйтіп қашып шығу қайда. Мұнда тек өзінді-өзің бір Аллаға тапсырып отырасың. Әуе кемесіндегі сияқты бір жағдай...

Әуен әлі естіліп тұр. Естілгенде де ол бірте-бірте дәл осылай қарай жақындап та келетін сияқты. Бір үрей үстіне үрей қосты. Ғалымдардың арасындағы кей жастардың сыр білдіріп алғандары да болды. Тек ең бастысы, жаңағы ұйқы енді бірте-бірте болса да ашыла берген. Айдынбектің бірінші қуанышы да сол еді. Ол енді шынымен-ақ ұзак ұйқыдан тұрған адамдай меңзең. Тек бір өзі ғана ма екен, күллі құрамның жағдайы солай. Осы бір әуен естілген екі аралықта қазақ жерінен, аралдан берілген іздеу хабарларын да ешқайсысы сезбеген. Соған қарағанда бұл әуенде бір ғажайып сиқырда сыр да бар сияқты.

Біраздан соң Айдынбек есін жиып нақты әрекетке көше бастады. Ол әуелі кемені басқарушылармен хабарласқан. Осы әуен естілген екі аралықта олар да жым-жырт қалған болатын. Кеменің басқарушылары да қатты үйқыдан селт оянғандай болып, өздерінің су асты әлемінің қай маңында келе жатқандарын білмекке ұмтылысты. Кеменің бағыты сол қалпында екен. Пәлендей ауытқу жоқ. Мұхит түбі де әзірге тыптыныш. Қуатты шам жарығы жететін аймақтың бәріде ап-анық көрінеді. Бәз-баяғы теп-тегіс аймак, толқынданған лай ұйықтары, қыртыс-қыртыс жерлер, төбелер. Басқа ештеме де жоқ. Осыны көріп алғаннан кейін кемені басқарушылардың басшысы:

— Бағытымыз дұрыс. Байланыс жүйесі қалпына келді. Енді еш уайымдамаңыздар, - деп Айдынбекке мәлімдеді.

- Рахмет, - деді оған толқулы Айдынбек.

Содан кейін басшылар да сәл де болса жайбарақаттанған. Манағы ғажайып әуен де бәрін шынымен-ақ әбден баурап алғандай. Айдынбектің өзі де қаншама сергекпін десе де, солай ойласа да, бәрібір әлі де болса да біртүрлі мең-зең. Мең- зен болмай қайсін, ондай ғажайып әуенді бұрын-сонды дәл бұлай естіп, одан дәл осылайша терең әсер алмаған болса...

- Жебеуші, сіз қалай қарайсыз, бұл әуенге? — деді ол бір кезде.

- Меніңше, бұл қандай да бір хайуанаттан шыққан әуен емес. - Жебеуші Айдынбекке бұрыла қарап алды.

- Бұл қандай да бір мәдени дамуы жоғары адамдардың біз үшін әзірге құпия құралынан шыққан әуен! Немесе сол адамдардың өз ауыздарынан шыққан....

- Бұл сөзіңіздің жаны бар, - деді Айдынбек жеңіл күрсініп алып, - сонда олар кімдер болды екен? Қандай мәдени даму болуы мүмкін? Су астыныкі ме, әлде өзге жұлдыз жүйесінен келген бе? Біз су астын зерттейміз деп жүріп әлде кімдерге - өзге ғаламшарлықтарға тап болған жоқпыз ба, осы?

- Солай да шығар? Әйтпесе, біз бұл әуенді соншама рахаттана тыңдамаған болар едік! Оның үстіне байланыс атаулы мен шу дегеннің бәрі де, сол мезетте тып-тыныш болып қалды емес пе?

- Иә, иә, дұрыс айтасың. Сен бекер Жебеуші емессің! - деді Айдынбек үлкен иллюминаторға жақындап барып, - әйтеуір бір ғажайып күйге боленгеніміз анық! Оның не күй екенін әзірге ажырата алар да емеспіз. Бірақ, біз қарап отыруға тиісті емеспіз, әрекет жасауымыз қажет! Ал өзіңіз бұл іске қандай шара қолдануды ұсынар едіңіз?

- Меніңше, бұл ғажайып әуен осыдан біраз уақыт бұрын ғана көз алдымыздан жалт берген бөтен кеменін иелерінен шығуы да мүмкін. Шара дегенде, мен соларды меңзер едім?

- Өзім де дәл солай ойлап отыр едім. Тек енді сол құпия су асты кемесін табудың сәті түсе қояр ма екен?

- Неге болмасын? «Үмітсіз — шайтан» демейтін бе еді дана қазақ. Іздесек неге таппаймыз? Меніңше, олар аса қашықта емес бізден, осы маңда жүзіп, бізді бақылап та жүрген болар? Мен солай деп ойлаймын. Мен соны сеземін.

— Ендеше уақыт оздырмайық!

Басқа ғалымдар да дәл осы пікірді бір ауыздан қолдаған. Арада көп уақыт өтпей-ақ кемені басқарушылар Айдынбек пен Жебеушінің нұсқаулары бойынша кеменің бағытын басқа жаққа бұрды. Айдынбек одан бұрын кұрлықтағылармен хабарласып алған. Олар мұндай күтпеген ұсынысқа қарсы болған жок. Өйткені, бұл іс те маңызды саналатын. Су астының кұпия-сырларының мың сан екені де етенеден белгілі еді. Енді ол аймақты мұқият зерттеу басты жоспарға енгізіліп те үлгерген.

Кемедегілер енді сәлден соң арнайы күрделі жүйелермен су асты әлеміне толқын-дабылдар таратты. Ол толқындар кейбір бөтен денелерден кейін шағылысып, қайта келіп жатты. Ондай толқындар әдетте қарап қайтпай, қандай да бір қызықты көріністі ала келетін. Бірақ оны әдемі түрлі-түсті көрініске айналдыратын осындағы күрделі құрал. Ғалымдар оны «Дабылбейне» құралы дейді. Бұл ғалымдарға сонау ерте кезден бір арман болған-ды. Ол енді жүзеге асып, су астын зерттеуге күнделікті қолданыла бастаған соң оның қадір-қасиеті де әуелгіден бәсеңдеген. Адам баласының арман-тілегі ешқашан да таусылған емес. Бірін жасаса, қолын жеткізсе, екіншісі дайын тұрады. Жалпы, саналы адам баласына тән алғашқы арман — денсаулықтың мықты болуы мен сол денсаулықтың арқасында ұзақ ғұмыр кешу. Сол ғүмыры жетіп жатса, бұл әлемнің мың-сан құпиясын ашуға қашан да әзір. Әрбір жаңалық қашан да адам-пендеге қуаныш пен бақыт сыйлайды. Ол адамның өмірге, жақсы да бақытты өмір сүруге деген ынта- ықыласын арттыра түседі.

Кемедегілердіңде өмір сүруге, қызықты жаңалық аша түсуге деген ынта-ықыластары минут санап күшейіп барады. Әсіресе, әлгі әуенңің құдіреттілігі бәрін де ерекше таңдандырған. Сыбызғы үніндей сызылған сол әуеннің ер адам емес, балауса бір қыз баланың аузынан шыққандай болатыны да кемедегілерді ерекше таңдандырған. Тек ол әзірге көрінбейді. Оның мекен- жайы да белгісіз. Ол өзі шын мәнінде кемеде ме, әлде су асты әлемінде ме, ол да әзірге терең бір құпия әрі шешуі жоқ бір жұмбақ. Бар өкініштісі де — осы. «Дыбысбейне» құралының өзі де оған көмек бере алмаған. Бір жаңалықты аша бастадық па дегенде ғалымдардын алдынан осындай бір құпия іс шыға келген. Ол жұмбақ бірінен соң біріне жалғасып кете бермекте. Оның өзі де адам-пенде үшін, әсіресе, ғалымдар үшін ерекше әсерлі де нәрсе. Адам өмірінің ең қызықты, ең бір бақытты сәті де осындай жаңалықтан тұрады. Ертеңге деген үміт, арман мен қиял адам жанына қанат бітіреді. Енді міне, сол арманның алапат күші адам-пендені шалқыған мұхиттын осындай қараңғы да қатерлі бір тереңіне түсіріп те жіберген жоқ па?

Кеме тоқтаусыз зымырап жүзіп келеді. Бекер жүзбей жан - жағына кемені басқарушылардың бұйрығымен тынымсыз радиотолқын таратып келеді. Бірақ оған келер жауап жоқ. Көріністер де экрандарға шығар емес. Осының өзі-ак айналатөңіректегі құпияның жеткілікті екенін айғақтай түскендей еді. Бірақ ғалымдар бала емес. Жастардан басқаларының бәрінін де мұндай құпия-сырлардан мол болмаса да, бір шама тәжіри- белері бар. Солай бола түрғанмен де бұл жөнінде ғалымдар сыртқа көп ақпарат таратқан жоқ. Негізінен бүл істі қатысты адамдар ғана білген. Бір кездері жұлдызды әлемнен қабылданған құпия радиодабылдар да тез арада елге жарияланбаған болатын. Ол жасыру, тіпті, алты айға дейін созылған. Тек содан кейін ғана дүниежүзі білген. Ол дабылдар қандай да бір өркениетті елден емес, қан тамыры сияқты лүпіл жарық тарататын жұлдыздардан болып шыққан. Сөйтіп, әлемнен күні бүгінге дейін ешқандай да бір хабар жетпеген. Ал мына әуеннің мәні одан мүлдем бөлек. Бүкіл киттердін оған ұксас дыбыс шығаратын әдеттері бар еді. Бірақ бұл оған да ұқсайтын емес. Оны ажыратып отырғандары, ғалымдар мінген «Жайын» сүңгуірінің дыбыс қорында су астында тіршілік ететін барлық дерлік тіршілік иелерінін дыбыстары жазылған таспа қоры бар еді. Онын үстіне бүкіл киттер мұндай дыбыс шығара алмайды. Сондықтан да дыбыстың теңіз жануарынан гөрі саналы адам баласына тән екені белгілі де еді. Құрамдағылар енді жаңағы алынған дыбыс пен кеме жүйелеріндегі дыбыстарды салыстыруға кіріскен. Мұндай жұмыстар негізінен Айдынбектің өзіне тікелей байланысты келетін. Сондыктан да ғалымдар оған ерекше назар аудара қараған. Айдынбек ғалымдарға істін мән-жайын түсіндіре айтты. Енді бәрі кеңесе келе кемені баяулатып, болжам-зерттеу жұмыстарымен бірге әлгі дыбыстарды бір-бірімен салыстыру жөніндегі мәселені талқылауға кірісті. Онан кейін ол маңды мұқият бақылаудан өткізді. Осындай ерекше ізденіс қана өз нәтижесін беруі мүмкін. Өйтпеген күнде бұл істің бекер әурешілікке айналуы да ғажап емес.

Айдынбектің бұл шешімін құрамдағылар бір ауыздан қабыл етті. Мұндағы әрбір минут қымбат болғандықтан әркім өз ісіне мұқият кірісіп те кетті. Кемені басқарушыларға айна- ланы мұқият қадағалауды тапсырды. Мұхит тереңінің әрбір метрі қатерлі. Іштегілер қаншалықты батылмын деседе, кей жағдайда сескеніп бас шайқайды. Өйтпей кайтсін, әрбір қадам өмірге оп-оңай қатер төңдіре алады. Ал, кейде зерттеудің нағыз қызығына түскенде ондай қауіп-катерді ғалымдар ұмытып та кетеді. Бұл болса да ғылым құдіреті. Ғалымдар оны жақсы сезінеді де. Қай-қайсысы да ерекше қауіп-қатер төнген кезде тек өзі емес, өзгенің тағдырын да ойлап кетеді. «Кемедегінің жаны бір» деген мәтел де осыдан шықса керек-ті. Тіпті, сол мезетгегі емес, ғалымдар болашақтарын да болжауға ты- рысады. Болашақ тағдырларын көз алдарына елестетіп те үлгереді. Кей жағдайда әркімнің жеке басына байланысты ой-толғамдар да туындап жатады. Кемедегі қатер, қалай дегенде де оның ішіндегілерге ортақ. Ғалымдар мән-жайды тек осы тұрғыдан түсінген. Қалай дегенде де су асты болсын, жер беті немесе әуе кеңістігі болсын, қатерсіз сапар, зерттеу деген болмайды.

Айдынбек мұнда тек ғылым, Раушанын ғана емес, кемедегінің бәрінің де тағдырларын ойлайды. Тек ойлап қоймайды, экипаждың, ғалымдар тобының дін аман болуын қамта- масыз ететін салалы, саналы, салауатты батыл әрекеттер де жасайды. Оның қолынан келмейтін бір ғана қиын нәрсе бар. Ол — уақыт. Егер уақыт өзінің қолында болса, оны тезірек жылжытып та жібере салар еді. Сөйтіп, бәрін де тез бітіріп, жаңалықты да тез ашып, үйге қайтып, Раушанының жанында отырар еді. Үйде жүргенде екеуінің бір-біріне деген қадірі оншалықты біліне бермейтін. Енді оған деген сағынышы минут сайын артып, сол минут пен сағат, тәулік жылдай болып өте баяу, өте баяу өтуде. Ал солай болмас үшін Айдынбек өзіне де, өзгегеде қарап отыруға мүмкіндік бермек емес. Адам қандай да бір қызықты, пайдалы існен айналысқанда ғана өмірін мәнді ете алмақ. Айдынбек те, өзге ғалымдар да су астынан арнайы кұралдармен жазып алған дыбыстарды бір-бірімен салыстыра отырып, айнала-төңіректі зерттей түсуге енді кұлшына кірісіп те кетті.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет