«Тұран» Университі



бет1/212
Дата15.03.2022
өлшемі2,53 Mb.
#135460
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   212
Байланысты:
философия лекция (7)
философия сил 2021 қазақша (1), Әдіс.ұсыным, 6. ОКС комм, 8 сынып бжб

Дәрістер.
1 тақырып. Философия, оның пәні мен қоғамдық маңызы.
Философия және оның адам мен қоғам өміріндегі алатын орны.
Адам басқа тіршіліктерге қарағанда ерекше пенде - ол өзін бүкіл Дүниеден бөліп алып, оған қарсы қоя алады. Менің осы Дүниедегі орным қандай? Мен бұл өмірге не істеу үшін келдім? Адамды Құдай, я болмаса ²ұлы мәртебелі Табиғат² неге жаратты? Бұл Дүниені адам танып түбіне жете алар ма екен? Егер мен бұл Дүниеге уақытша ғана келсем, онда бұл өмірдің мәні неде?, - деген осындай және мыңдаған басқа сұрақтар адамның ойына оқтын-оқтын келеді. Әрбір адам өзінің ой-өрісі, өмірден алған тәжрибесі, жалпы мәдениетінің деңгейіне қарай бұл сауалдарға жауап беріп, өзіне тән дүниеге деген көзқарас қалыптастырады.
Алайда, қайсыбір Дүниеге деген көзқарасты философияға жатқызуға болмайды, өйткені, соңғыға тек қана абстрактылық ой-өріс дамуының негізінде Дүниені ұғымдармен бейнелеу түрі жатады (abstractіo – латын сөзі, -ой арқылы заттың, құбылыстың әр-түрлі жақтарын бір-бірінен бөліп алып қарау). Олай болса, философия – Дүниеге деген дамыған көзқарас түрі.
Тарихи дүниеге деген көзқарастың тұрпайы түрі алғашқы қауымдық қоғамның шеңберінде Дүниеге келеді. Оны біз мифология дейміз. (mіthos - грек сөзі, - баян, аңыз, logos – грек сөзі, ілім деген мағна береді).
Миф – табиғат, қоғам және адам жөніндегі алғашқы тұрпайы фантастикалық түсініктер (phantasіa – грек сөзі, -қиял, елес). Алғашқы қауымдық қоғамдағы әлеуметтік дамудың тым төмендігі, адамның табиғаттың әр-түрлі күштеріне қарсы тұра алмауы, сонымен қатар, өзінің өмірге деген қажеттіктерін өтеу жолындағы сол табиғат құбылыстарын сезіну және түсіну – мифтердің Дүниеге келуінің қайнар көзі болып табылады.
Әрине, бұл сұрақтарға берілген жауаптар бүгінгі адамдарды қанағаттандырмайды, оған ол тұрпайы болып көрінеді, өйткені, мифтерде табиғаттың құбылыстары сиқырлы күштер арқылы түсіндіріледі. Мифтер – адамзаттың “балалық тарихындағы“ туындылары. Сол кездегі адамдар мифтердегі айтылатын сиқырлы күштерге адам өзінің ықпалын тигізе алатынына кәміл сенді. Сонымен, олар жағалай қоршаған ортаны, табиғаттың зор күштерін қиялдық жолмен түсінуге және игеруге тырысты.
Дүниеге деген жалған көзқарас ретінде мифтің қандай ерекшеліктерін атап өтуге болады?
Біріншіден, миф алғашқы пайда болған қоғамдық сананың формасы ретінде өзінің ішінде болашақта дүниеге келетін өнер, дін, саясат, мораль сияқты құбылыстардың элементтерін бойында сақтайды. Сондықтан мифті ғалымдар қоғамдық сананың синкретикалық түрі деп есептейді (synkretіsmos – грек сөзі, -қосылған, араласқан, бөлінбеген деген мағна береді).
Екінші ерекшелігі – мифтегі адам мен табиғаттың бірлігі, жағалай қоршаған ортаны антропоморфизациялау, адамның өзіндік мәндік қасиеттерін бүкіл табиғатқа таратуы, табиғаттың құбылыстары мен заттарын олардың адам сияқты жаны, ойы, сезімі, іңкәрі бар деп түсінуі. Мысалы, жерге нәр беретін аспаннан жауған нөсерді мифте Құдайлардың жыныс қатынасынан шығатыны жөніндегі қиали ойлары.
Үшіншіден – мифте әлі ғылыми ұғымдар жоқ, онда қоршаған орта, әлеуметтік қатынастар көркем сөз арқылы бейнеленеді.
Бүгінгі өмірде ғылым мен техниканың, гуманитарлық пәндердің дамуына қарамастан (humanіtas - латын сөзі, -адамгершілік, адамзаты) мифтерге сену, олардың жаңа түрлерін тудыру осы уақытқа шейін жалғасып келе жатыр. Мысалы, адамдардың ғарыштағы басқа саналы пеенделерге кездесуге деген бітпес іңкәрі неше-түрлі аспаннан ұшып келген тарелкалар жөнінде, ондағы жандардың адамға ұқсас екені, жердің қызының ғарыштан келген жігітке ғашық болғаны жөніндегі мифтерді атап өтуге болады. Сонымен, бүгінгі таңда, сонау мыңдаған жылдар өткен замандағы сияқты, қазіргі мифтің мазмұнынан біз жоғарыда көрсетілген антропоморфизациялауды байқаймыз.
Уақыт өте келе мифологияның шеңберінен дін бөлініп шықты, - сонымен дүниеге деген көзқарас, дүниесезімінің жаңа түрі қоғамға келді. Дін де, мифологияға ұқсас синкретикалық табиғатымен, сонымен қатар Дүниені фантастикалық бейнелеуімен ерекшеленеді.
Сонымен қатар бұл құбылыстардың негізгі айырмашылықтары – мифте шынайы өмір мен қиял бір-бірімен араласып жатса, дінде “бұл Дүние“ мен “о Дүние“ бір-бірінен анағұрлым алшақ жатыр. Өйткені, егер бұл Дүниедегінің бәрі де өтпелі, кемшілікті, өз-өзіне жеткіліксіз болатын болса, о Дүние – мәңгі, әсем, бақытты, жетілген т.с.с.
Дінде ең құдіретті жасампаз - Құдай – табиғаттан жоғары және бөлек тұр. Оны ғылыми жолмен танып-білу мүмкін емес, ол адамға аян арқылы беріледі де адамның жан-дүниесінде терең сенім сезімін туғызады.
Сенім дегеніміз – белгілі бір қоғамдағы уағыздалатын пікірлерге, нәрселерге берілу, олардың шындығын тексеру, я болмаса дәлелдеуді қажет етпеу. Осы тұрғыдан алғанда сенімді екіге бөлуге болады. Олардың бірі - ғылыми сенімдік. Оған қазіргі адамдардың ғылым мен техниканың жетістіктеріне, олардың болашақта адамзат өмірін түбегейлі өзгертетіне сену. Оны философияда сциентизм ия болмаса технократизм дейді. (scіentіa - латын сөзі, -білім, ғылым, techne- грек сөзі, -өнер, жасай білу, шеберлік, cratos - грек сөзі, -билік).
Сенімнің екінші түріне адамзаттың күнделікті тәжірибесінен, я болмаса ғылыми деректерден шықпайтын, тіпті оған қайшы келетін қиялдарға нандыру және соларды адамның өз - өзіне нандыруы жатады. Міне, осы соңғы сенімдік түрі қайсыбір діннің негізін құрайды. Діни сенімнің қайнар көзі – адамның дүниені сезімдік-құндылық тұрғыдан игеруінде, ал Дүниеге деген ақыл-ой, парасат арқылы келген көзқарастарға дін қарсы келеді. Ғасырлар бойы жиналып келе жатқан ғылыми деректер жағалай ортадағы білім мен ақыл-ойдың негізіндегі жасалған күрделі өзгерістер діннің өрісін тарытып, оның ғылымға жақын түрлерін тудырады. Негізінен біз оларды пантеизм және деизм дейміз (pan- грек сөзі, -бәрі, theos - құдай, deus - латын сөзі, -құдай).
Діннің дүниеге келуінен бастап оның негізгі қағидаларына күмәнданған атеистік көзқарастар да туды. (atheos - құдайсыз, құдайға қарсы, грек сөзі). Бүгінгі заманда Дүниеге деген атеистік көзқарас ұстаған адамдардың саны да аз емес.
Діннің пайда болып даму жолында біршама себептер бар.
Біріншіден, дін мифологиялық санаға қарағанда адамның абстрактылық ойлау қабілетінің анағұрлым биік дәрежеде дамуын талап етеді (о дүние, мәңгілік, шексіздік, әсемдік, ізгілік т.б. ұғымдардың пайда болуы).
Екіншіден, адамның реалдық Дүниедегі, әсіресе, қоғам өміріндегі себептік-салдарлық, қажеттік және кездейсоқтық т.с.с. байланыстар мен қатынастарды сезініп, соларды түсінуге деген өшпес іңкәрі. Бірақ, олардың мәнін дұрыс түсіне алмағаннан кейін, адамдар табиғаттағы заңдылықтарды неше-түрлі құдіретті күштерге теңеп, соларға табыну арқылы оларды адамға керек бағытта өзгертуге ықпал жасауға болатынына сенді.
Үшіншіден, адамның әлеуметтік өмірдегі зардап шегуі, езілуі, зорлық-зомбылықтың жақсылық пен ізгілікке қарағанда басымдылығы оның көкейінде бұл Дүниедегі өзінің өміріне қанағаттанбай, әрдайым шынайы құндылықтарды армандап, оның әлемін о Дүниемен теңеуге әкеліп соқты.
Төртіншіден, адамның өз өмірінің уақытшылығы, әрдайым оның өлместікке деген қиялын оятып, оның мәңгілік, кемеліне келген бақытты Дүние болуы керек,- деген ойын туғызды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Дүниеге деген діни көзқарасқа қанағаттанбаушылық сонау көне заманның өзінде-ақ пайда болып, аса ұлы тұлғалардың дүние мен адам қарым-қатынасы жөніндегі ақыл-ойға негізделген сұрақтар мен жауаптарының дүниеге келуіне себеп болды.
Осы тұрғыдан алғанда “Философия – ақыл-оймен ұстап қалынған тарихи дәуір² деген Гегельдің берген анықтамасында терең сыр жатса керек.
Әрине, дін де философия сияқты шынайы ең биік рухани құндылықтарды, адамның өмір жолының адалдығын уағыздайды, бірақ олардың қайнар көзін ²о Дүниеден² табады. Философияның басқа өмірге деген көзқарастардан айырмашылығы – оның рационалдығында (ratіo - латын сөзі, -ақыл-ой). Жалпы алғанда, философия қоғамдық сананың ғылыми саласының шеңберінен шығып кетпеуге тырысады, осы мақсатқа жету үшін өзінің категориалық (categorіa - грек сөзі, белгі, пікір айту, айыптау) бүкіл ғылымның жетістіктеріне, адамзаттың мыңдаған жылдық өмірден алған тәлім-тәжрибесіне негізделген жүйесін қалыптастырады.
Сонымен қатар, философияны басқа жаратылыстану және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдармен салыстырсақ, оның ерекшеліктерін де байқауға болады (humanus - латын сөзі, -адамдық, адамгершілік).
Біріншіден, философиялық категориялардың (ұғымдардың) шегіне жеткенше жалпылығын атап өтуге болар еді. Олар болмыс пен ойлаудың ең маңызды және мәнді терең байланыстары мен қатынастарын көрсетеді. Жеке ғылымдар тек қана Дүниенің белгілі бір бөлігін ерекше объект ретінде қарап, соның мәнді байланыстары мен қатынастарын зерттейді (objectum - латын сөзі, -зат).
Екіншіден, философия басқа ғылымдар сияқты ғылыми деректерді пайдаланады. Бірақ, философиялық деректердің айырмашылығы – ол жеке ғылымдарда сарапталған, белгілі бір теоретикалық орта деңгейге көтерілген білімді дерек ретінде қорытады. әсіресе, бұл философияның онтология және гносеология салаларына тән нәрсе (ontos - грек сөзі, -болу, өмір сүру), (gnosіs – грек сөзі, -білім, таным).
үшіншіден, философияда ғасырлар бойы жиналған сан-алуан теоретикалық жүйеге келтірілген көзқарастарды кездестіруге болады. Бірақ, соған қарамастан, бұл ғылымның саласында үзілді-кесілді шешілген барлық философиялық қауымның бір ойынан шығатын бірде-бір тұжырымдамасы жоқ сынайлы. Философия саласында қызмет еткен ірі тұлғаның өзіндік дүние сезімі, түсінігі, көзқарасы қалыптасады. Сондықтан біз Платон, Спиноза т.с.с. ірі тұлғалардың философиясын ерекше түрде басқалардан бөліп алып зерттейміз.
Шынайы философиялық шығармалар көркемөнердегі ұлы туындылар сияқты адамның жүрегінде, ой-өрісінде өшпес із қалдырады, оның жан-дүниесін ұлылық, құлаштап жетпес биіктік, әсемдік, гармониялық сезім билейді. (harmonіa – грек сөзі, -үйлесімді, қарама-қарсылықтың бірлігі).
Философияны өнерге жақындататын келесі мәселе – Дүниенің біртұтастығын көрсету, ішке және сыртқа қарай шексіз Дүниенің суретін жасау – философия саласындағы ең қиын істің бірі. Өйткені, Дүние жөніндегі ғылыми деректер әр уақытта өзінше шектелген. Олай болса, тек қана ғылыми жолмен шексіз Дүниені шектелген білім арқылы біртұтас ретінде суреттеу мүмкін емес. Ал, бірақ, адамның жүрегінде Дүниені толығынан түсіну ұмтылысы ешқашанда бітпес іңкәр болып қала береді де, әртүрлі Дүние суретін тудырады. Ол үшін философ өзінің Дүниесуретін ғылыми деректер жетіспеген жағдайда қиял арқылы толықтырады, сезім толқындарымен бояйды. Олай болса, философия өзін тудырған мифологиядан толығынан бөліне алмайдыФилософиялық білімді тек қана Дүние мен танымның ең жалпы заңдылықтарына, универсалияларына теңеуге болмайды (unіversalіs - латын сөзі, -жалпы ұғым).
Өйткені, көне заманда бұл пәнге берілген аттың өзі - философия (phіleo – грек сөзі, -сүю, sophіa – даналық) оның практикалық, өмірге лайықтылық жағын көрсетеді. Шығыс пен Батыстағы философия бастауындағы тұлғаларды (қытайдағы Кон-Фу-Цзы, Лао-Цзы, гректердің “Жеті данасы², парсы елінің Заратустрасын алсақ , олар, негізінен алғанда, адам бұл тіршілікте қалай өмір сүруі керек , қандай құндылықтарды сыйлауы керек, жақсылық пен зұлымдық, сұлулық пен түрсіздік дегеніміз не, адам өмірінің мән-мағнасы неде?,- деген сұрақтарды қойып, соларға жауап беруге тырысқан.
Шынында да, даналық дегеніміздің өзі білімділік пен тепе-тең емес. Оның өзегі – адам өмірінің мән-мағнасын анықтайтын мыңдаған жылдардағы жиналған өмір тәжрибесі мен моральдық құндылықтар мен ережелерінің біртұтастығында.
Философиядағы құндылықтар адамды жағалай қоршап шектелген, толымсыз болмыстан тиістілік әлеміне ұмтылдырады. Қазақстанның белгілі ғалымы профессор Абишев К. философияның ерекшелігін оның үсынатын бағытын болуға қажетті, болуға лайықты, болуы мүмкін, тіпті болуы парыз нәрселерден көреді. Мұндай пікірмен толығымен келісуге болады. Өйткені адамның рухани өмірі сан-алуан ойлар мен болжамдарға, күнгірт және әсем сезімдерге, жоспарлар мен үміттерге т.с.с. толы. Адам өзін қоршаған нақтылы болмыстың шеңберінен әрқашанда шығып кетіп, әлі өмірде жоқ, бірақ тиісті болуы керек Дүниеге жетуге тырысады. Сонымен құндылық әлемі оның өмірінің мақсат-мұраты мен мән-мазмұнына айналады. Бұл күрделі мәселелерді философияның аксиологиялық жағы деуге болар еді (aksіos - құндылық, құндылықтар ілімі(.
Адам өмірінің құндылықтары сан-алуан. Оларды негізінен алғанда екі үлкен топқа – материалдық және рухани құндылықтарға бөлуге болады. Бұл тұрғыдан алғандағы философияның негізгі қызметі - құндылықтар әлемін сараптау, әлеуметтік өмірде қандай құндылықтар болуы керек, болуы тиіс, - соларды негіздеу болып табылады.
Қорытындылай келе, философиялық Дүниеге көзқарастың мәнін ашу жолында біз оның көп қырлы, көпсырлылығын байқадық. Бір жағынан алып қарағанда, философия ғылымменен ұштасып жатса, екінші жағынан оның көркем өнермен, идеологиямен, гуманитарлық біліммен, күнбе-күнгі сана мен моральдық рухани құндылықтармен, тіпті мистикалық діни сезімдермен байланысты екенін байқадық.
Әрине, әрбір үлкен тарихи философиялық тұлғалардың шығармашылығында олардың алатын үлестері әр-түрлі, біреулерінде ғылыми жағы басым болса, екіншілерде – көркемөнерлік, үшіншілерде – нақылдық-моральдық, төртіншілерде – діндік-мистикалық жақтары басым болуы мүмкін.
Оның өзі көп жағдайлармен, әсіресе белгілі тұлғаның өмір сүрген дәуірімен, сол тұлғаны түдырған халықтың тілі мен ділімен (менталитет) оның тәрбие, білім алған жағалай ортасымен, тіпті, жеке мінез-құлқы темпераментімен байланысты болса керек (temperamentum – латын сөзі, -жеке адамның жан-дүниесінің табиғи ерекшеліктері; mental – ағылшын сөзі, -ой-өрісі).
Бірақ, қалай дегенде де, философияның әр-түрлі жақтарын бір-бірінен ажыратып бөлек алуға болмайды. Философия – біртұтас ерекше Дүниеге деген көзқарастық білім. Философия – адамзат мәдениетінің өзегі.
Көне грек топырағында бұл алғашқы білімге философия деген атақ беріліп, ол шынында сол кездегі барлық дүние зерттеудегі пайда болған ғылымның алғашқы деректері мен тұжырымдамаларын өз бойына сіңірді. Сонымен қатар, философияның өз табиғатына тән сұрақтары да пайда бола бастайды. Олар – Дүниенің негізінде не жатыр? Адам – ол кім? Ақиқат, қзгілік, Әсемдік дегеніміз не? т.с.с. сұрақтар. Бұл Дүние жөніндегі шегіне жеткен ең жалпы сұрақтар пайда болып, өзінің мазмұнын ғасырлар өткен сайын тереңдете түсті.
Қорыта келе, мына пікірді айтуға болады. Философия өзінің тарихи бастауынан бастап, осы заманға дейін – 2,5 мыңжылдық шеңберінде - өзінің пәнін, айналысатын мәселелерін өзгерткен жоқ. Жеке ғылымдардың қалыптасуы философияның өрісін тарылтқан жоқ және тарылта алмайды да, өйткені, ешбір жеке ғылым дүниенің ең жалпы байланыстары мен қатынастарын зерттемейді. Керісінше, философия өз пәнін ғылыми деректер өскен сайын дамытып, өз өрісін кеңейтіп және тереңдеу үстінде.
Философия пәнінің қайнар көзі – жеке адам, я болмаса әлеуметтік топ, қоғамның Дүние мен адам және олардың ара-қатынасы жөніндегі жалпы мағлұматты қажет етуінде. Басқаша айтқанда, homo sapіens (саналы адам) Дүниені біртұтас ретінде және сол дүниедегі өзінің кім екені, ондағы алатын орны жөніндегі ойлар мен сезім тебіреністерін тудырады.
Философияның пәні Дүние мен адам арасындағы жүйедегі шегіне жеткен ең жалпы байланыстар мен қатынастар жиынтығын құрайды. Бұл ең жалпы жақындағанда ғана. Бұл қатынастар мен байланыстарды әрі қарай сараптап тереңдетсек, онда оның көп қырлылығын көреміз.
Философия – Дүниеге деген адамның көзқарасын қалыптастырады. Бұл осы пәннің ең негізгі функцияларының бірі.
Философияның келесі функциясы – оның методологиялық қызметінде. Әр ғылымның саласында өзінің пәнін зерттеуде белгілі бір іс-әрекеттер, әдістемелер қолданылады (methodos –грек сөзі, -зерттеу жолы). Әртүрлі методтар (әдістемелер) жеке, жалпы, ең жалпылық (философиялық) болып бөлінеді. Методтар жөніндегі жалпы ілімді біз методология дейміз.
Бірде-бір таным, әсіресе, философиялық, қайсыбір саналы адамның іс-әрекеті белгілі бір методтар, әдістемелерсіз, олар арқылы соған сәйкес методологиялық түсініктерсіз болуы мүмкін емес. Бүгінгі таңда бір жағынан, жаңа ғылым салалары пайда болып жатса, екінші жағынан әртүрлі ғылым салаларын жақындататын “шекаралық² пәндер дүниеге келіп жатыр. Қазір адамзаттың алдында неше түрлі экологиялық, демографиялық, урбанизациялық, ғарыштық т.с.с. мәселелер тұр. Оларды шешу үшін әртүрлі жеке ғылымдардың басын біріктіріп үлкен күрделі ғылыми бағдарламаларды жасау керек. Ал мұның өзі белгілі философиялық көзқарастың, методологиялық принциптердің негізінде ғана іске аспақ.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   212




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет