Жадыңда ұста! Толық мағыналы кемінде екі сөздің тұлғалық және мағыналық жағынан байланысқан тобы сөз тіркесі деп аталады. Сөз тіркесінің негізгі белгілері:
● сөздердің байланысуы сөйлем ішінде анықталатындықтан, сөз тіркесі сөйлем ішінде танылады;
● кем дегенде екі толық мағыналы сөзден тұрады;
● сөз тіркесінің құрамындағы сөздер бір-бірімен белгілі бір грамматикалық тәсілдер арқылы байланысады;
Айтылым:Өзіңіз туралы мәтін құрастырыңыз. Мәтіннің мазмұнын айтыңыз:
Мен 2006 жылы дүниеге келіппін. Атам мен әжем қатты қуанған екен.
Ой таразы: "Гүл сыйлаймын" ойыны арқылы гүлдерді тақтаға жапсырып, жақсы тілек жазу.
Сабақ №17
Оқылым.Мәтінді түсініп оқы.
Таза бұлақ
Үш жолаушы бір бұлақтың басында кез болыпты. Бұлақ бір тастақ жерде екен. Суы мұздай салқын, жылтылдап тұрған таза бұлақ екен.
Бұлақтың көзіне жақын бір тасты қойып, тасқа: «Ей, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол!», - деп жазыпты.
Үш жолаушы бұлақтан шөлдері қанғанша ішеді, тастағы жазуға көздері түседі. Сонда бір жолаушы тұрып былай дейді:
-Бұлақ күні-түні тынбай ағып, алыс жерлерге барады. Бара-бара кеңейіп, үлкейеді. Бұған бөтен бұлақтар құйып, үлкен өзен болады. Мұнан мынадай ғибрат алуға болады. Адал қызмет қыл, ешқашан жалқауланып тоқталып қалма. Сөйтсең, ақырында, мұратыңа жетесің дегені деп білем, – деді.
Екінші жолаушы:
- Жоқ, мен олай ойламаймын, – дейді.
- Бұл жазудың мағынасы сіз ойлағаннан гөрі тереңірек соқса керек: бұл бұлақ кім-кімге болса да даяр, ыстықтағанда салқындатып, рақаттандырады. Сусағанның шөлін қандырады. Онысы үшін ешкімнен ақы дәметпейді. Олай болса бұл: «біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе» деген ақыл болады.
Жолаушының үшіншісі – жас жігіт үндемей тұрды. Жоладастары: «Сен не ойлайсың?» - деп сұрады.
Жігіт айтты:
- Менің ойыма бөтен бір нәрсе келді. Бұлақ күні-түні тынбай ағып, тазаланып тұрғаны үшін бәрі ынтық. Бұл жазудың мағынасы мынау: көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта. Бұлаққа қарасаң: күн түссе – күннің, шөп түссе – шөптің сәулесін көреміз. Көңілің де сондай сыртқа ашық көрініп тұрсын деген ғой деймін, - депті
Ой түрткі:
Мәтін несімен ұнады?
«Бұлаққа қарасаң: күн түссе – күннің, шөп түссе – шөптің сәулесін көреміз. Көңілің де сондай сыртқа ашық көрініп тұрсын деген ғой деймін» сөзіне түсінік беріңіз.