ХІХ ғ. 20-ші ж.ж. Кіші және Орта жүздер аумағында барлық билік институттарын реформалау және аумақтық-әкімшілік басқару жүйесіндегі өзгерістерді көрсетіңіз
43.ХІХ ғ. 20-ші ж.ж. Кіші және Орта жүздер аумағында барлық билік институттарын реформалау және аумақтық-әкімшілік басқару жүйесіндегі өзгерістерді көрсетіңіз
.Кіші және Орта жүздер аумағында барлық билік институттарын реформалау және аумақтық-әкімшілік басқару жүйесін енгізу.
Кіші жүз бен Орта жүздің соңғы хандарының тағдыры мынадай болды. 1781 жылы Абылай қайтыс болғаннан кейін, Орта жүздегі хандық билікке оның баласы Уәли тағайындалды. Ол хандық билікке келгеннен кейін Абылайхан саясатын жалғастыруды көздеп, Қытай үкіметімен байланыс орнатуға әрекеттер жасайды. Сол себепті патша үкіметі Үәли ханның билігін әлсірету үшін Орта жүзге Бөкей ханды екінші хан етіп тағайындайды. Бірақ ол 1817 жылы қайтыс болады. Көп ұзамай Үәли ханда 1819 жылы қайтыс болады. Осыдан кейін Орта жүзде хан тағайындалмайды.
Кіші жүзде Әбілқайырдың баласы Айшуақтан кейін 1809 жылы хан тағына Шерғазы тағайындалады. Бұл шешімге наразы болған Кіші жүз ағамандары Арынғазыны хан етіп сайлайды. Бірақ 1821 жылы Арынғазы Петерборға шақырылып, сонда біраз ұсталғаннан кейін оны Калугаға жер аударады. 1830жылы ол сол жақта қайтыс болады. Ал Шерғазы хан болса «Орынбор қырғыздары туралы Жарғы» бойынша Кіші жүзде хандық билік жойылғаннан кейін Орынборға шақырылып ол сол жақта тұрақтап қалады.
1822-1824 жылдары Орта және Кiшi жүзге енгiзiлген ереже бойынша бұл екi жүз де хан үкiметi жойылды. Ресей жаңа әкiмшiлiк жүйесiн енгiздi. Бұл жүйе алдағы уақытта қазақтардағы билiк Ресей чиновниктерiнiң қолына беруге дайындық болды.
Қазақ жерін отарлауда Ресей үкіметі қазақ халқының мемлекеттік тәуелсіздігін жоюды мақсат етіп қойды. Оны Қазақ хандығының басқару жүйесі реформалау арқылы жүзеге асырды. ХҮІІІ ғасырдың 80 жылдарында Сырым Датұлы бастаған көтеріліс барысында Орынбор губернаторы О.Игельстром Кіші жүздегі хандық билікті жоюға әрекеттер жасаған еді. Ол «Игельстром реформасы» деген атқа ие болатын. Бірақ ол жүзеге асырылмай қалды. Бұл саясат ХІХ ғасырдың 20 жылдары қолға алынып, өз нәтижелерін бере бастады. Сонымен қазақ жерін әкімшілік реформалаудың жаңа үлгісі Ресейдің әкімшілік-саяси басқару жүйесіне сай жасалынды. Патша үкiметi 19 ғасырдың басында отаршылдық саясатты тереңдете отырып, қазақ халқының саяси тәуелсiздiгiне қол сұқты. Патша үкiметi 1822 жылы “Сiбiр қазақтары туралы”, 1824 жылы “Орынбор қазақтары туралы” ереже қабылдап аталмыш ережелер бойынша хандық үкiметтi жойды. Қазақтарды қазақтардың өзi билеген “Дала демократиясы” деп аталған хандық үкiмет қазақтардың саяси тәуелсiздiгiнiң белгiсi едi. Сондықтан хандық үкiметтi жою қазақ халқының саяси тәуелсiздiгiн жою болып табылады. Хандық үкiметтi жою патша үкiметiнiң отарлау саясатының тереңдей бастағанын дәлелдеген оның отаршылдық саясатындағы кезектi қадам болды.
Реформа Орта жүзден басталды. Сібір генерал губернаторы М.Сперанскийдің басшылығымен «Сібір қырғыздары (қазақтары) туралы Жарғы» жасалып, ол 1822 жылы қабылданады. (Орыс әкімшілігі сол кезде қазақтарды қырғыздар, ал қырғыздарды қара қырғыздар деп атаған еді). Бұл реформа бойынша Сібір екі бөлікке – Шығыс және Батыс бөліктерге бөлінді. Шығыс бөлімінің басқармасы Иркутскіде, ал Батыс бөлігінің орталығы Тобольскіде, ал 1839 жылдан бастап Омбыда орналасты. Батыс Сібір бөлігіне Тобыл, Томск, Омбы облыстары және Орта жүз бен Ұлы жүздің бір бөлігі енді. Батыс бөлік «Сібір қырғыздарының облысы» деген атқа ие болды.
Жарғы бойынша «Сібір қазақтарының облысы» әкімшілік тұрғыда округ –болыс –ауыл жүйесі бойынша бөлінді. Округке 15-20болыс, болысқа 10-12 ауыл, ауылға 50-70 шаңырақ (үйлер) кірді. Округ басшылығында округтық приказдар болды. Округтық приказдарды қазақтар дуан деп атаған. Округтарды формальды түрде аға сұлтандар басқарды. Болыс басшылығында болыс сұлтаны тұрды, олар округтық приказға бағынды. Ауылды ағаман басқарды. Ағамандарды үш жылда бір рет ауыл тұрғындары сайлап, оны округтық приказ бекітті. Болыстар сұлтанға бағынды. Хандық билік толығымен жойылды.
Реформада сот жүйесінде де үлкен өзгерістер болды. Онда Қазақ жеріне Ресей заңдарын енгізу мақсат тұтты. Дәстүрлі билер соты тек ру арасындағы, ауыл ішіндегі дауларды шешу үшін ғана сақталынды. Қылмыстық істер, мысалы Отанға опасыздық жасау, кісі өлтіру, ұрлық, билікке бағынбау т.б. империялық заңның негізінде шешілді.
«Сібір қырғыздары туралы Жарғыда» сібір қазақтары көшпелі бұратаналарға жатады, сондықтан олармен құқықтары теңестіріледі деп атап көрсетіледі. «Желілер бойындағы қазақтардың қазіргі жағдайы әртүрлі, олар болыстарға, болыстар ауылға бөлінген, кейбірі қазіргі атауларын сақтап қалған». Одан әрі былай делінген: «Олар болыстық басқару ыңғайлы болуы үшін округтерге қосылған. Округтер көбіне бұрыннан қалыптасқан бір рудан және көрші болыстардан құралады. Әр округтің өзіне белгіленіп берілген жері бар және оған басқа округтің адамы жергілікті басшылықтың рұқсатынсыз өте алмайды».
«Басқару құрамы» бөлімінде мыналар анықталып берілген: «Ауылды старшиндар басқарды. Болысты сұлтандар басқарды. Ауыл мен болыстағы сот мәселелерін талқылауда ауыл ақсақалдары мен билер өз билігін сақтайды. Бүкіл округті басқару үшін болыстар аға сұлтанды сайлайды. Әрбір округте округтік приказдар ашылған». Ал «Сайлау тәртібі» бөлімінде: ауылды басқару үшін ағаманды қазақтардың өздері сайлайтын болған және оны округтік приказ бекіткен. Ағамандарды сайлау әр үш жылда сайланып отырған, бір ағаман бірнеше рет қатарынан сайлануға құқылы болған. Ағамандарды сайлау ауылдық жерлерде ауызша өткізілетін. Көпшілік дауысты олар өздері шешті. Сұлтан лауазымы мұрагерлік жолмен жүргізілді. Аға сұлтанды тек сұлтандар ғана сайласа, ал приказ заседательдерін билер мен ағамандар сайлады. Осының барлығын облыс басшысы бекітті. Аға сұлтан үш жылға сайланатын, заседатель екі жылға сайланды»,-деп, сайлау тіртіптері белгіленген. Сондай ақ Жарғыда: «аға сұлтан земство шенеунігі. Ол сайланғаннан кейін жергілікті әкімшілікті басқару үшін Ресей үкіметінің атынан оған өкілеттілік беріледі. Барлық жұмысты ол округтік приказ арқылы жүргізеді» делінген.
Жарғы бойынша қазақ халқы үшін «салық пен міндеткерлік» мөлшері де белгіленеді: «Жасақ малмен өтеледі, жүз бастан біреу алынады. Салық қазақтардан болыс бойынша жиылады. Салық жинау жылына бір рет жазды күні жүргізіледі». Жарғыдағы тағы бір маңызды мәселе, «Медециналық бөлімнің» енгізілуі болды. Әрбір округте екі емдеуші, тұрақты аурухана бөлінетін болды. «Діни және халық ағарту бөлім ережесінде» білім беру жүйесін қалыптастыру бағыттары айқындалды.
«Сібір қырғыздары туралы Жарғы» қабылдау хандық билікті жоюды және Орта жүздің Ресей империясының құрамына толығымен енгенін білдіреді. 1824жылы 8 ақпанда патша өкіметінің жарлығымен бірінші Қарқаралы округтық приказы бекітілді. Оның басшылығына аға сұлтан, подполковник Тұрсын Шыңғысов отырды. Сол жылы Көкшетау округтік приказы құрылды. Бұл приказ патша үкіметінің Қазақ жерін отарлаудағы маңызды әкімшілік ресурсқа айналды. 1832 жылы Ақмола округтік приказы ашылды. Жер таңдауда подполковник Ф.И.Шубин экспедициясы мұқият тексергеннен кейін Қараөткел аймағында Есіл өзенінің оң жағалауына Ақмола бекінісін салу үшін таңдап алды. Бұл Орта жүздің ірі руларының қоныстарының, жалпы қазақ жерінің орталығы ретінде өте ұтымды стратегиялық орын еді.
Ақмола округтік приказы Қазақ жеріне тездетіп енудің мүмкіндіктерін кеңейтті. 1851 жылы мұнда Қазақ жеріндегі Ресейдің 1200солдаты мен офицерлері орналастырылып ең ірі әскери орталыққа айналды.
1824 жылы Ресей үкіметі «Орынбор қырғыздары туралы Жарғы» қабылдады. Ол Орынбор генерал губернаторы П.Эссенің басшылығымен жасалды. Орта жүздегі сияқты енді Кіші жүздеде хандық билік жойылды. Кiшi жүздi билеушi сұлтандар бастаған 3 бөлiкке бөлдi. Бұл үш бөлiк кiшi жүздiң Батыс, Орта, Шығыс бөлiгiнде орналасқан руларға негiзделiп құрылды. Мәселен, Шығыс бөлiк Әлiмұлы, Шөмекей, Қыпшақ руларынан құрылды. Бұл бөлiктер Орынбордағы шекаралық комиссияға бағынатын болды да билеушi сұлтандар шекаралық комиссиясының чиновнигi дәрежесiнде болды. Билеушi сұлтандарды Орынбор әскери губернаторлары, басқа шенеуніктерді шекаралық комиссия тағайындады.
Кiшi жүзде орта жүзде енгiзiлгендей сайлау жүйесi болмады. Кiшi жүзге арналған ережеде қамқоршы деген лауазым енгiзiлдi. Оның мiндетi әскери бекiнiстер мен қазақтардың арасына байланыс орнату болды. Оқиғаның алдағы барысында бұл лауазым Ресейдiң отаршылдық саясатын жүзеге асыратын құралға айналды. Сот жүйесiнде өзгерiстер болды. Қазақтардың арасындағы iрi қылмыстарды Орынбордағы әскери сот шештi. Билерге ұсақ-түйек iстер қалдырылды
Кіші жүзде басқару Орынбордағы Шекаралық комиссия арқылы жүзеге асырылды. Жарғы бойынша Кіші жүз үш бөлікке бөлінді. Бұл бөліктер дистанцияларға бөлінді. Дистанция дегеніміз – бекіністер аралығындағы жерлер болатын. Дистанциялар ауылдарға бөлінді. Дистацияларды дистация бастықтары басқарды, ал ауылдарды ағамандар басқарды. Осының барлығын шекара комиссия тағайындап отырды. Орынбор қазақтары үшін сайлау жүйесі енгізілмеді. Сондай ақ Кіші жүзде әскери бекіністер бойындағы қазақтар үшін арнайы қамқоршы қызметі тағайындалды. Сот жүйесі «Сібір қырғыздары туралы Жарғыдағы» ережелер сияқты жүргізілді. Ауыр қылмыстық істер әскери соттар мен шекаралық комиссияның құзырында болды. Ал маңызы төмен істерді жергілікті билер соты қарайтын болды. Сөйтіп Кіші жүздегі хандық билікте жойылды