5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті



бет3/8
Дата05.11.2016
өлшемі1,79 Mb.
#1042
1   2   3   4   5   6   7   8

2. Сүйінбай ақын ретінде өзінің бар жан – тәнімен ақиқатты, шындықты жақтады. Ол сараңдыққа, мейірімсіз жандарға, қатыгездікке, дүниеқоңыздыққа қарсы сөйледі. Феодалдық дәуірдің ру аралық тартысые сынап, төрелердің іс – әрекетін ащы мысқылмен әжуалай білді. Біз оның әлеуметтік ішкі қатынасты қатты шенеп айтқан мұндай өлеңдерінің қатарына «Сөк төренің баласы хан Абылай», «Сарыбайға», «Момын малын зұлымға алып беріп», «Төрт биге», Мақсұтқа», сияқты өлеңдерін жатқызамыз.Сүйінбай Аронұлы халқымыздың поэтикасына шебер тілді, жүйрік ақыны. Бұған оның билер мен төрелерді сынап, мысқылдап айтқан өлеңдері дәлел бола алады.Ақынның шығармаларындағы тақырып тынысы кең, ойтаным тереңдігі тіршіліктің алуан құбылыстарын қамтиды.Жеке адамдардың мінез – құлық , тұрмыс ерекшеліктерінен бастап өмір заңдылықтарын тереңнен түйіп тербеген ойшылдыққа ұласып отырады.

Сүйінбай Аронұлы – өмір, заман жайлы толғанып, философиялық қорытындылар жасаған терең ойлы өлеңдердің авторы. Ақынның «Әділеттік орнаса», «Надандық», «Жақсы менен жаманның айырмасы», «Жақсы болса ағайын», «Нақылдар», «Өсиет», «Ақын боп жиырмамда», «Дүние ойлап тұрсам баяны жоқ», т.б өлеңдерінде халықтық, философиялық мәселелер қозғалады. Бұл өлеңдерінде негізінен, ел басқару, халық тағдыры мен адам бойындағы жақсы, жаман дағдылар сараланады және өмірдің бағасы мен өткіншілігі жайлы ой – толғамдар, ақыл – өсиет айтылады.



3. Сүйінбай Аронұлы – әлеуметтік мәні бар өлеңдермен қоса, ірі сюжетті толғау, жырларында елді бірлікке, ерлікке шақырады. Мәселен, «Бөрілі менің байрағым», «Барша жұрттың бағы үшін» тәрізді шығармалары осындай азаматтық үні басым, патриоттық толғаулар болып саналады.

Академик жазушы Ғ.Мүсірепов бір сөзінде: «Бөрілі менің байрағым (бөрілі байрақ – қасқырдың бас суреті салынған шапыраштылардың жебелі туы мен найзасы) деген Шапырашты елінің жауға аттанғанда айтатын ұран өлеңдері болған», - деген. Ал бұл өлең жайында профессор С.Садырбаев Сүйінбай Аронұлының шығармалар жинағының алғы сөзінде: «Бұл өлең Сүйінбайдың азаттыққа арнап айтқан ұлы шығармасының бірі.Ұран түрінде айтылатын бұл өлеңнің идеялық мазмұны: жердүниені сілкіндіріп, тау мен тасты теңселтіп, тау мен тасты теңселтіп, жауға қарсы аттанып бара жатқан Сүйінбай елінің, қазақ халқының қаһармандық бейнесі көрсетілген, - деп жазған

Бөрілі байрақ астында

Бөгеліп көрген жан емен.

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен, -

деген жолдардан дыбыс үндестігін өленің күш – қуатын одан ары еселеп тұр.

Бөрілі найза ұстаса,

Түйремей кеткен жан емен,

Бөрілі байрақ құласа,

Күйремей кеткен жан емен, -

деген сөздер адамның рухын көтеріп, ерік, жігерін жинайды. Батырлар жорық алдында айтатын жырға сұранып тұрғандай.Бұл өлеңдерде замандар бойы халықпен бірге жасасып келе жатқан ерлік, батырлық дәстүрлер дәріптелінеді.Мұнда ақын өз атынан сөйлей отырып, жеке адамның табанды жауынгерлік ерлік жолын көптің мұрат – мақсатымен үндестіреді.

Бөрілі байрақ астында,

Ту түсіріп, жау алған,

Қазыбек, Қастек атамыз –

деген жолдардағы Қазыбек, Қастек - XVI – XVII ғасырларда қоқандықтарға қарсы тұрып, жауынгерлерді күреске бастаған батырлар.

Сүйінбай « Ту алып. Жауға шықсаң сен» деген толғауында:

Батыр елден шығады –

Ұрандап жауға шабатын,

Жауына орай салатын.

Ақын елден шығады –

Айтыста жығып шалатын, -

деп қол бастаған халық батырларының ерлік ісіне сүйсінеді.Ондай атақты ерлердің ел намысын қорғап, жау қолына тосқауыл бола алған қаһармандық сипаттарына тоқталады. Жауынгер ақын азаттық үшін жүріп жатқан шайқастың бел ортасында болып, халықтың еркіндікті қалаған ұранына үн қосқандығын орынды мақтап етеді.

Ей Сұраншы, Саурық!

Қоқанның қолы қаптады,

Қасиетті жерімді,

Тозаң қылып таптады.

Қыспақта қалған елің бар,

Құтылар жолды таппады, -

деп жаудың елге көрсеткен зәбір –зорлығын, қиянатын айту арқылы ақын батырлардың Қоқан билеушілеріне деген ашу – ыза -кегін өршітіп, оларға жаңа күш, тың қайрат береді.Сүйінбай мұндай батырлық толғауларында әрқашан езілуші ел атынан сөйлеп,халықтың сенім артқан батырлары Сұраншы мен Саурыққа үнемі қайырылып отырады. Саурық, Сұраншы батырлардың көптеген ірі шайқастарына қатысқан даңқты Сүйінбай ақын ел еркіндігі үшін жан аямай күрескен ерлерді өмір шындығына сүйене отырып, лайықты бағалайды. Осындай толғаулардан басқа Сүйінбай ақынның көлемді, желілі жыр, дастандары болған. Мысалы, «Жабай батыр», «Қарасай батыр», «Өтеген батыр» атты эпостық жырларында ақын елдік, ерлік, азаматтық мәселелерді кеңінен қамтып, эпикалық сарында жырланған.Аталған шығармалардың ішінде сюжеттік, копозициялық құрылымы жағынан тұтас та толық сақталғаны - «Өтеген батыр» жыры. Ал «Жабай батыр», «Қарасай батыр», дастаңдарының бас-аяғы түгел емес. Бір кездерде ұзақ жырланып айтылған бұл шығармалар біздің заманымызға тек үзінді күйінде ғана жеткен.

Қазақ халқы бастан кешкен үлкен тарихтың тұтас бір кезеңі Сүйінбай айтқан «Өтеген батыр» дастаны арқылы елес берген.Сүйінбай бұл шығармада қазақ халқының Жетісу өлкесіндегі атамекен қоныс жайын, ағынды өзендері мен көлдерін, жайқалған егінді аймақтары мен сылдырап аққан бұлақтарын, орман, тоғай, тауларын, жау қолынан азат еткен Өтеген батырдың ерлік істерін суреттеген. Патриоттық жырда халықтың азаттық пен бостандық жолындағы қаһармандық күресі, мұқалмас айбынды мінезі шыншылдықпен бейнеленген.

Сүйінбайдың ерекше туындыларының бірі – «Сұраншы батыр» толғауы. Толғауда Сұраншының ерлік істерін суреттеуге көп орын берілген. Жаудың он мың қолына қарсы барған батырдың батылдығы, жүректілігі және алған бетінен қайтпайтын табанды образы бейнеленген. Ақырында жау қолымен болған қырғын соғыста жеңіске жеткен Сұраншының халыққа бостандық әпергені айтылады. Сұраншы батыр бастаған қазақ жасағына төтеп бере алмай шегінген Қоқан қолы билеп, төстеп отырған жерлерінен айырыла бастайды.


Он мың қолдан қаймықпай,

Суырды, найза қылышты.

Таң сарғайып атқанда,

Қалың жауды қашырды.

Алдына салып қуалап,

Шоқпардан әрі асырды...

Сүйінбай сүйсіне жырлаған Сұраншы Ақынбекұлы батырлығына қоса ақылды, жағдайды тез сараптағыш және соғыстың әдіс-амалдарын жете білетін қолбасшы.Толғауда айтылатын атақты шайқаста Сұраншы батыр жауға жақындап, тұс- тұстан от жақтырған, сол арқылы қоқандықтарға қалың әскердің қоршауында қалғандай әсер еткен.

Ақын батырдың жанкешті мінезін, ерлігін сипаттайды. Сұраншының елжандылығын, ұлтжандылығын ұрпаққа үлгі қылады.

Халықтың бірлік – берекесін сақтаған батырлыарды ақын ел тарихында өзіндік орны бар азаматтар деп таныған.

4. Сүйінбай Аронұлы шығармашылығындағы орны бөлек өлеңдерінің бірі – «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері». Бұл өміршең өлеңі. Өйткені, жақсы мен жаман адам қай заманды да, қай қоғамды да алып қарасаң табылады.жақсы мен жаманды ажырата білу үлкен таным тәжірибені керек етеді. Ақынның бұл өлеңі бізге жақсы адам мен жаман адамның арасы жер мен көктй екенін ұқтырып қана қоймай, бізге адамдарды қандай қасиетеріне қарап айыратынымызды үйретеді.
Жақсы жігіт ел-жұртының баласындай,
Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай.
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай.
Жақсы жігіт сөзіне сақ тұрады,
Қыранның қырдан байқар баласындай.
Жаман парқы жақсымен бірдей емес,
Жақсы жігіт елінің ағасындай.
Жақсының сөзін әркім пайдаланар,
Миуалы алма, өріктің ағашындай, -

деп жырлайды ақын.

Байқағанымыздай, ақын жақсы адам жайында шабыттана тебіренеді. Жақсы адамның сөзін халық бағалап, оны қолданады. Демек, жақсы жан өмірде өзінің өнегелі сөзімен мәңгі жасайды. Сүйінбай жақсы мен жамандықтың қоғам тірлігінен және жеке адамның өмір ағымындағы іс – әрекетінен туып отырғандығын анықтайды.
Жаманның көкірегі-көр, көзі-соқыр,
Жүрер жолдан тал түсте адасып-ай.
Жақсы адам қай жерден ажырайды,
Жақсымын деп бәрі жүр таласып-ай.
Жамандар-өтірікші, өсегі көп,
Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай.
Жалған сөзбен бықсытар ел арасын,
Жанбай қалған ағаштың шаласындай.
Соқтығып әркімге бір ұрынады,
Сиырдың тентек болған танасындай.
Сондай жанның ешкімге сүйкімі жоқ,
Жылқының қотыр болған аласындай, -

деп ақын жаман адамдардан жирендіреді. Жаман адамның айналасына, халыққа, қоғамға қандай қиянат жасайтынын түсіндіргісі келген ақынның сөз қолданысы өте шебер. Теңеулерді өзінің орнымен, ретімен тапқыр да ұтымды қолданады.

Ақын жақсы мен жаманды салыстыру арқылы елге үлгі көрсетеді. Сүйінбай:
Екеуін салыстырып әдейі айттым,
Қажетін қолданарсың тұрмысыңа-ай, -

деп ойын түйіндейді. Бұл өлеңнің, әсіресе, жас ұрпаққа берері мол. Оң мен солын, жақсы мен жаман адамды ажырата білу үшін олар осы өлеңді оқыса, көп ой алары анық.



5. Сүйінбай ақын «Кәрілік» өлеңінде:

Ақын боп жиырмада желдей болдым,

Отызда асқар биік белдей болдым.

Отыз асып қырыққа келгеннен соң,

Қаптаған жердің жүзін селдей болдым.

Қырықтан асып, елуге келгеннен соң,

Түбім терең, құрақты көлдей болдым.

Елу асып, алпысқа келгеннен соң,

Салыңды суға ілінген сеңдей болдым.

Алпыс асып, жетпіске елгеннен соң,

Тап – тақыр ел жайлаған жердей болдым, - дейді.

Ақын адам өмірінің белестерін бейнелі тілмен шебер жеткізеді. Ақын шығармаларының ішінде осы өлеңнің орны өзгелерден бөлек тұр. Бұл өлеңде Сүйінбай адам өмірін кезеңдерге бөліп, әр өмір белестерінің ерекшеліктеріне тоқталады. Жылдан – жылға адамның өзгеретініне, кәріліктің келіп, өз белгілерін танытатынына, оған қарсы адамның шарасыздығын білдіреді. Нақты тақырыпты толғаған туынды біртіндеп адам өмірінің мәні, жеке адам мен тіршілік хақындағы философиялық ойларға бастайды.Жиырмада желдей ескен ақын,отызда селдей тасыған,елуде құрақты терең көлдей ақын, лирикалық қаһарман тоқсанда ақ үрпек балапандай дәрменсіз, бейкүнә жан. Өнердің мәні қайратыңның барында дегенді меңзегендей.

Бұл өзі көне түркі жазбаларынан, орта ғасырлардағы қазақ – ноғай жырларынан желі тартқан дәстүрлі сарын. Сүйінбай Аронұлы ол дәстүрлі толғамға өз заманының сазы мен нақышын қосады. Дәстүрді жаңғырта жалғастырады.

6. Сүйінбай айтыстары XIX ғасыр айтыстарының ішінде өз алдына дараланып жоғары тұрады. Бұл оның айтыстарының мәнділігі мен тіл өткірлігінен байқалады, Ол өзінің өлеңдерінде кейбір ақындарша өз елінің байларын бедел тұтып, айтар сөзді сол бай мен төрелер мәртебесін мадақтауан қарастырмайды. Ақынның сүйеніші қалың ел және Өтеген, Сұраншы, Сыпатай сияқты батыр атанған ел азаматтары болады. Осындай әйгілі азаматтарды тірек тұтқан ақынды қарсыластары «кедейсің» деп қанша тиіссе де жеңе алмайды.

Сүйінбай Аронұлының ең шоқтығы биік айтыстарының бірі – Тезек төремен айтысы. Тезек төре Абылайханның ұрпағы, Ұлы жүз қазақтарының албан руының аға сұлтаны. Тезек төре әлеуметтік тегіне бола қоғамдағы тарихи орны, қабілеті , еңбегі бағаланбай кеткен ауқатты зиялылардың қатарындағы адам. Сүйінбай мен Тезек Төренің айтысын әлеуметтік мәні жағынан екі ақынның айтысы деуден гөрі, қоғамдық екі тап өкілінің саяси тартысы деуге тұрарлықтай. Себебі, айтыста екі ақын жарысқа түспейді, мұнда бір – бірінен жыр өнерін асыру мақсаты қойылмайды. Ашықтан – ашық қоғамдық екі тап өкілі егеседі. Қара халық атынан бұқара тілегін көтере Сүйінбай шықса, Абылайдай атақты атаның баласы, текті төре Тезек өз табының туын осылайша тіл безейді. Қоғамдық екі таптың өкілі белдесіп, саяси сайысқа түседі.

Сүйінбайдың тағы бір ерекше айтысы – қырғыз ақыны Қатағанмен болған сайысы. Екеуінің сөз сайысы – ел аралық, ұлтаралық айтыс. Ұлт ретінде тілдік, мемлекеттік-территориялық, психикалық пішін, әлемдік қауымдастыққа танымал белгілерінің бәрі толық келетін осы екі ұлттың мәдени қазыналары өздеріне меншікті қалпымен бағаланады.

Сүйінбай өлеңдері – өзінің формасы жағынан халық поэзиясы үлгісіндегі шығармалар. Ақын шығармалары ырғақты ұйқас, асқан шеберлігімен, өзіндік көркемдік бітімімен құнды. Сүйінбайдың өлеңдері тау сусындай тасқындап, талай жандардың жүрегінің түбінен орын алады. Халық рухын биіктетіп, өлең жолдармен ел еңсесін тіктеген Сүйінбай Аронұлы XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің аса ірі тұлғалы дарыны.


Дәрісті бекіту сұрақтары:

  1. Сүйінбайды жастық шағы қалай өтті?

  2. Ақынның айтыстарының ішіндегі ең іргелісі қайсы?

  3. Сүйінбайдың «Жақсы мен жаман адам» туралы, «Кәрілік» өлеңдерінң негізгі идеясы не?


Әдебиеттер:
Негізгі әдебиеттер: 12, 13, 14, 15. Қосымша әдебиеттер: 2, 6.

Тапсырма:1.Сүйінбайдың айтыстарына талдау.

2.Түре айтыс пен сүре айтыс үлгілері туралы жазыңыз

ДӘРІС 7. МАЙЛЫҚОЖА СҰЛТАНҚОЖАҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИ МҰРАСЫ

Дәрістің мақсаты: Майлықожа Сұлтанқожаұлының өмірі, шығармашылығымен студенттерді таныстыра отырып, толғауларынан ғибрат алуға шақыру.

Тірек сөздер: Ақын, толғау, адамгершілік, қанатты сөздер, болыс, билер, нақыл сөз, мысал, айтыс.

Дәрістің жоспары:


  1. М.Сұлтанқожаұлының өмірі,шығармашылығы

  2. «Майлықожа, Сүйінбай, пірім еді сиынған»

  3. Майлықожаның әдеби мұрасы.

  4. Майлықожаның айтыстары

Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835-1898) - қазақтың халық ақыны (суырып салма ақын). Қазiргi Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының Қожатоғай ауылында дүниеге келген.

Ауыл молласынан сауат ашып, ескіше хат таныған. 14 жасында әкесiнен айырылған ақын тағдыр тауқыметiн көп көрiп, терме-толғаулар шығарып,айтыс өнерiне бет бұрады. Ұлдары Асан, Жолбарыс, Исабек әке жолын қуған сөз шеберi апайтөс ақындар болып өмiрден өткен.

Майлықожа Сұлтанқожаұлы XIX ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішінде өзіндік орны ерекше, артына мол мұра қалдырып, халықтың ықыласына бөленген ақын. Атақты Жамбыл ақынның өзі оның ақындығына, ғибраты мол өлең-термелеріне «Майлықожа, Сүйінбай, пірім еді сиынған» деп бағасын да беріп кеткен.

Майлықожа Сұлтанқожаұлы өлеңдерін ауызша шығарған, өзі жазып қалдырған мұралары да кездеседі. Майлықожаның әдеби мұрасын жанры мен мазмұнына қарай бірнеше тақырыптарға бөлуге болады: ғибрат, нақылдар («Ер көгерер дұғамен», «Жолдас болсаң жақсымен», «Жақсы адам қартайса»), арнау өлеңдер («Ахмет төреге», «Тұрлыбекке», тағы басқалар), дастан- мысалдар («Қасқыр», «Тотынама», «Аңқау мен қу», «Шора батыр», «Үш жігіт»), айтыстар.

«Қасқыр» атты өлеңінде адамдардың өзі тойса да, көзі тоймайтын қасқырдың бойында болатын көрсеқызарлық,ашкөздік қасиеттерді сынап,қасқыр мінезді болмауға шақырады.

« Үш жігіт» деген өлеңде адал еңбекпен тапқан табысқа қанағат қылмай, байыған үстіне баю жолдарын көздеген ағайынды үш жігіт туралы айтылады.

« Райымқұлға», « Ноғай мырзаға», « Үш жігіт» , « Қасқыр» өлеңдерінің жалпы мазмұны адамгершілікке шақыратын, ғибраты мол сөздер.

Майлықожаның өлеңдерінен, ғибратты сөздерінен басқа айтыстары да бар.

Майлықожа ақынның Сүйiнбай, Мәделқожа Жүсіпқожаұлы, Күдеріқожа, Құлыншақ, Айман-Гүлханым, Ұлбике, қырғыз ақыны Жаныстармен сөз сайыстыруы ақынның терең ойлы шындықты ту еткен бiлiмдi шайыр екенiне көз жеткiземiз.

Мысалы, замандасы Құлыншақ ақынның:

«Майлы, Майлы дегенмен май болмадың,

Жұрттан алып жегенмен бай болмадың» - дегенiне лезде сөз тауып:

Сен Құлыншақ болғалы талай болды.

Не құлын, не жабағы тай болмадың.

Немесе Гүлханым арудың:

Кедейсiң қызды жылқысы көп бай алады-деген әзiлiне:

Бибiмiз тегiн қызды күндемейдi,

Алдың деп мұны қайдан үндемейдi.

Батыр бiр оқ, бай бiр жұрт бәрi бекер,

Дүниенiң байлығы тiлде дейдi, - деп орнықты, ойлы жауап бердi.

Қырғыздың Асыл деген байының тойында қазақ ақындары бет қаратпаған Жанысты тарих жолымен жiпсiз байлап:

Молдалар кiтап оқып мән айтады.

Бiлмесе бекер сөздi неге айтады.

«Қыс-асыл әмбиенiң» кiтабында

Қырғыздың ата тегiн ит деп айтады - деп иттей қапқан Жаныc ақынды Жолбарыстай талауы Майлының мықтылығы Бұхара - Самарқанда бiлiм алғандығының септiгi.

Майлықожа өлеңдерінде оның өзіндік поэтикалық тілі- эпитет,теңдеулер де аз кездеспейді.

Ер едің сұңқар текті,бүркіт кекті...

Дүбірдің тұлпар жылқы жарысқандай,

Үмітің айға шабар арыстандай,

Қират бүркіт секілді тұтымың бар.

Ұстасып жібермейсің қарысқандай...

Ақбөкен қара құйрық қырда жатқан,

Мылтығын мергеншілер қырлап жатқан.

Сонымен, жоғарыда келтірілген өлеңдердің өзінен-ақ Майлықожаның әдебиет тарихынан орын аларлық өз заманының көрнекті ақыны болғанын тану қиын емес.



Дәрісті бекіту сұрақтары:

  1. Майлықожаның қандай толғауларын білесің?

  2. Ақынның шығармашылығын зерттеген ғалымдар?

  3. Майлының табиғатты жырлауы

  4. Шығармаларының жанрлық түрлері.

Әдебиеттер тізімі.

Негізгі әдебиеттер: 16, 17, 18. Қосымша әдебиеттер: 6, 7.

Тапсырма:

  1. Ақынның « Қасқыр», «Тотықұс» т.б өлеңіне талдау жасаңыз.

  2. Майлықожаның айтыстары

  3. Өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері



ДӘРІС 8. БАЗАР ОҢДАСҰЛЫНЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Мақсаты: Базар Оңдасұлының өмірі,шығармашылығымен студенттерді таныстыра отырып,толғауларынан ғибрат алуға шақыру.

Тірек сөздер: Ақын,толғау, адамгершілік, қанатты сөздер, болыс,билер, нақыл сөз.

Дәрістің жоспары:

1 .Өмірінен мәлімет.

2 .Мұрасының зерттелуі, жариялануы.

3.Базардың толғау- термелері.



4.Базардың дастандары

Оңдасұлы Базар, Балқы Базар (1842–1911) — жырау. Қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданында туған. Руы —шөмекей ішіндегі Балқы, сондықтан ел арасын­да Балқы Базар аталып кеткен. Болашақ жырау әкесінен ерте жетім қалып, есейгенше нағашысы Өтемістің қолында тәрбиеленеді. Тоғыз жасында Тәспен би оны өз қолына алады. Тәспен бидің ауылына сол кездегі Сыр бойы, Арқа өңіріне белгілі жыраулар жиі келіп, апталап-айлап жатады екен. Бұл Базардың жыраулық жолға түсуіне бірден бір себеп, үлкен мектеп болды. Базар жырау 15–16 жасында бала жырау атанады. 1858 жылы Тәспен би Қызылқұмдағы игі жақсыларды шақырып, ұланғайыр той жасап, Базардың астына жүйрік ат мінгізіп, үстіне шапан жауып, жыраулық жолына сәт сапар тілейді. Базар осы кезден бастап Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жағын жырау ретінде аралайды. Осы төңіректе кеңінен жайылған Ноғайлы дәуірінің қиссалары­мен танысып, оларды жаттап, халық арасында жырлайды. Хорезм жағында болған кездерінде Орта Азия жұртшылығы арасында кеңінен мәлім дастандар­ды («Көрұғылы», «Жүсіп — Ахмет», т. б.) қазақ тілінде, өзінше жаңадан жырлап, Сыр бойына таратады. Сонымен қатар шығыс аңыздарының ізімен «Әминә қыз», «Айна — тарақ» дейтін шағын дастандар да шығарады. 1907 жылы Базар жырау Қазан қаласынан тасқа басылып шыққан «Айман — Шолпан» жырын қайтадан жаңғырта жырлайды. Кейіннен «Қыз Жібек» жырына да көп өзгеріс енгізіп, қайта жырлап ел арасына таратады. Мұның өзі Базар жыраудың нәзирашыл­дық жолды ұстанғанын байқатады. Жыраудың сол кездегі шығыс және ислам философиясымен жақсы таныс болғандығы анық. «Әр кемелге — бір зауал», «Тіршіліктің түрлері», «Керқұлан», «Кермиық», т. б. іргелі толғауларында ол өмірдің мән-мағынасына көз жүгіртеді, тіршілікте кездесетін жақсылық пен жамандық, адамшылық пен зұлымдық хақында тереңнен ой толғайды. Оның жырлары афоризмге толы, жырау ел аузында айтылып жүрген мақалдарды өз елегінен өткізіп, қайтадан түрлендіріп, әрлеп, кейде тіптен басқаша мағына беріп, асқан шеберлікпен қолданады. Сонымен қатар Лұқпан хакім, Қорқыт бабалардың да өнегелі сөздерін ретті жерінде жырға қосып отырады. Жыраудың жастық шақ, табиғаттың әр түрлі маусымы, туып-өскен жер, т. б. жайлы шығарған толғау-термелері де көп. Сараң байларға, әділетсіз әкімдер­ге, қиянатшыл кісілерге арнаған сын-сықаққа толы, қазақтың ауыз екі поэзиясындағы арнау-эпиграмма жанрында шығарылған бірқақпайлары да жетерлік. Базар жырау домбыраны өте жақсы тартқан, Сыр бойында таралып жүрген, көпке ортақ әуендерді өз даусына лайықтап, өлеңінің ырғағына орай өңдеп, өзгертіп қолданған. Оның жырлау сазы өте әсем, қисса мен толғаулар­ды орындағанда неше түрлі құбылып отырады. Бұдан жыраудың композитор­лық қабілетінің де болғанын аңдаймыз. Жырау көзі тірісінде, әсіресе, қар­тайған шағында құрдасы әрі туысы Нұрымбеттің Төремұрат деген оқыған ба­ласына ауызша айтып отырып, көп толғау-жырларын, дастандарын хатқа түсірткен. Оның бұдан да басқа хатшылары болған. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған. Базар жырауды көзі тірісінде-ақ Сыр бойының жыраулары мен шайырлары өздеріне ұстаз тұтқан, оның өнегесін ұстанған. Базар жыраудың өлеңдері 20 ғасырда ғана баспа бетін көре бастады. 1925 жылы Ташкенттен шыққан «Терме» жинағына, 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың әдебиет нұсқалары» атты кітаптарға енген. Оның шығармаларына С. Сейфуллин, М. Жұмабаевтар аса жоғары баға беріп, Бұхар жырау мен Махамбеттен кейінгі толғау алыбы деп таныған. Жырау шығармаларын жинастыруда Ә. Диваев, С. Сейфуллин, Ә. Марғұлан, Ә. Қайнарбаевтар үлкен еңбек сіңірді.

Дәрісті бекіту сұрақтары:

  1. Базардың қандай толғауларын білесің?

  2. Ақынның шығармашылығын зерттеген ғалымдар?

  3. Базардың өлеңдеріне талдау жасаңыз.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі.

Негізгі әдебиеттер: 2, 7, 9, 16. Қосымша әдебиеттер: 6, 7, 8.

Тапсырма:1.Шығармашылығындағы басты жанрларға тоқталыңыз

2.Сатиралық өлеңдеріндегі өткір ойлы,сыншыл-сықақшыл тіл өрнектеріне талдау

3.Дастандарын талдаңыз.



ДӘРІС 9. МҰРАТ МӨҢКЕҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИ ТУЫНДЫЛАРЫ

Мақсаты: Зар заман ақындарының бірі Мұрат Мөңкеұлының өмірімен танстыру. Шығармаларын оқыту арқылы ақынның жаңа қырларын ашу. Мұраттың шығармалары арқылы сезіміне әсер ету, рухын ояту.

Тірек сөздер: Ақын, жазушы, айтыскер ақын, жыршы ақын.

Дәрістің жоспары:

  1. Мұрат Мөңкеұлының әдеби туындылары.

  2. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларының зерттелуі.

  3. Мұрат толғаулары "Үш қиян", "Қарасай-Қази", "Қазтуған"

  4. Мұраттың айтыс өнері

  5. Мұрат жайында айтылған жазушылар пікірі

Кеңес кезінде “зар заман” ақындарының ішінде жеткіліксіз зерттеген ақындардың бірі – Мұрат Мөңкеұлы. Мұрат Мөңкеұлы 1843 жылы Атырау облысы, Қызыл қоға ауданы, Қарабау ауылында дүниеге келген.Мұраттың әкесі Мөңке кедей шаруа болған деп жазылады кейбір деректерде. Мұраттың жалғыз інісі болған, аты Матай. Мұрат өмірі көп зерттелмеген бірақ аз да болса өз үлестерін қосқан адамдар да бар олар: Х Сүйіншалиев, Ы Дүйсенбаев, С Мұқанов, Қ Жұмалиев.1940-50 жылдар арасында жарық көрген мектеп оқулықтарында енгізіліп жүрген Мұрат ақын 1947 жылғы атышулы қаулыдан кейін зерттеу объектісінен мүлде түсіп қалды десе де болады. Тіпті 1959 жылғы конференцияда Мұрат туралы арнайы баяндама болған жоқ. Осы конференцияның ұсыныстарында Мұраттың шығармашылығын орта мектепте оқыту қажетсіз деп саналсын, ал жоғары оқу орындарында әдебиеттің қайшылықта дамығанын көрсету үшін ғана аталсын деп айтылды. Соның салдарынан Мұрат Мөңкеұлы 6 кітаптан тұратын әдебиет тарихынан да орын таба алмады. Оның шығармалары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 1962 жылы шығарған “XVІІІ-XІX ғасырлардағы қазақ ақындары шығармаларының жинағына” да енбеді.
Тек жинақтың “Кіріспесіндегі” шолуға Ы.Дүйсенбаев ақынның атын атап, оған бірнеше жол арнайды, және оған берген мінездемесі 1959 жылғы конференцияда айтылған бағамен үндес. Осы бір “әттегенайын” түзейін деген болу керек, Ысқақ Тәкімұлы Мұрат ақынның төрт шығармасын өзі құрастырып, алғы сөзін жазған “Үш ғасыр жырлайды” деген жинаққа енгізген Алайда, алғы сөзінде Мұратқа берген ескі бағасын қайталайды, бірақ шығармаларының алдында берген қысқаша мәліметінде былай деп жазады: “Мұрат жас кезінен жиын тойға үнемі араласып, өлең айтуға машықтана бастайды, ел ішінде: “шешен, тапқыр бала" атанып жүреді. Көп ұзамай ол айтысқа да түседі. Мұрат айтыстың асқан шебері болумен қатар үлкен эпик ақын. Оның шығармаларындағы қайшылықтары мен қателіктеріне байланысты дарынды ақынның творчествосы соңғы кезде жөнді бағаланбай келді».

Міне, өзі көрсеткен осы олқылықты Ы.Дүйсенбаев өзінің докторлық диссертациясында, кейінірек шыққан “Ғасырлар сыры” кітабында біршама толтырды десек болады.Еңбегінің 20 бетін түгелімен Мұрат ақынға арнап, Ысқақ Тәкімұлы оның шығармашылығын тұңғыш рет мол қамтып, кең түрде, жан-жақты талдаған. Ең әуелі ғалым ақынның ғұмыры жөнінде бірсыпыра жаңа деректер келтіреді, оның ақын ретінде қалыптасқан ортасын көрсетеді, жекелеген адамдар туралы баян етеді. Сөйтіп, Ысқақ Тәкімұлы ақынның жастай өлеңге үйір, тапқырлығы мен өскен ортасын, көзқарас-танымының қалыптасу, кемелдену кезеңдерін сөз етеді. Артына елеулі әлеуметтік мәні зор мұра қалдырған ірі тұлғаның екі түрлі мәселеге орай кейінгі кезге дейін орынсыз ауызға алынбай, зерттелмей келгенін айтады.Зерттеушінің пікірінше, оның біріншісі -патша үкіметінің қазақ даласындағы отарлау саясатының күшеюі әсерінен кейбір шығармаларындағы жалпы орысқа деген қарсылығы болса, екіншісі- ірі туындыларының дені әйгілі Едіге ұрпақтарына байланысты болуы – делінеді. Ы.Дүйсенбаев Едіге туралы теріс түсінік тарихшылардың жаңсақ бағасынан екенін айта келіп, былайша тұжырым жасайды: “Соның өзінде ақынға көзқарасың теріс екен деп, оны үзілді-кесілді тарихтан шығарып тастауға болмайды, оның үстіне Мұрат ақынды жан түңілерлік құбыжық, тұрған бойымен қап-қара, бастан-аяқ кертартпа деп қараудың өзі шындықтан мүлде алшақ жатыр.


Сонан соң, орыс халқы мен қазақ халқының ежелден келе жатқан достық қарым-қатынасын сөз еткенде, біз әдетте тарихшылардың осы мәселе жөнінде қалыптасып үлгірген сыңар жақ, кейде қате тұжырымдарына еріп кетемі Өзіміз тексеріп, зерттеп отырған дәуірдің ерекшеліктерін яғни ондағы қайшылықтар мен игі нышандарды тереңірек тануға, дұрысырақ ұғынуға үнемі бара бермейміз ал, мұның ақыры неге апарып соғатыны айтпаса да белгілі Ал, енді Едігеге келсек, ақиқатта тіпті басқаша, құр Едіге деген аты болмаса, қазақ жырында мүлде бір өзге жанның бейнесі беріледі емес пе? Қалай болғанда, қазақ фольклорының ең бір бай саласынан Едіге мен оның ұрпақтарына бола безіп, мансұқ ету, зерттемей тастау дұрыс па? Ендеше, осы тақырыпты азды-көпті қамтитын Мұрат ақынның шығармаларындағы қайшылықтар мен кемшіліктерді әділ көрсете отырып, оларға ғылыми талдау жасауымыз қажет, онсыз ақынның творчествосына толық баға беру өте қиын”.Осылайша өзіндік бағыт ұстанған зерттеуші Мұрат ақынның өлең, толғауларына, атап айтсақ, “Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Қарасай-Қази” поэмалары мен “Байұлы Байбақты Ғұмар Қазыұлына Мұрат ақынның айтқаны” секілді өлеңдеріне, әр кездегі айтыстарына тоқталады. Мұрат ақынның шығармаларын Ысқақ Дүйсенбаев тұңғыш рет жүйелеп, үш салаға бөліп қарастырады. Біріншісі - ақынның өлеңдері мен толғаулары, екіншісі - дастандары (“Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Қарасай-Қази”), үшіншісі - ақынның айтыстары. Біз де зерттеушінің ізімен жүруді жөн көрдік. Өлең, жырлары онша көп емес, бар болғаны 15 шақты ғана жыр, соған қарағанда, қысқа өлеңдері бізге түгел жете қоймаған тәрізді. Ақын Қаражанға, Есентемір, Тұрабай, Есенғалиға арнаған өлеңдерінде (Қазиға, Бегалыға арнауларында) оларды жер-көкке сыйғызбай мақтаса, қалған өлеңдерінде болыстықпен кеудесіне нан піскендерді сын садағына алады,- дей келе, зерттеуші бұған Қашқыншы Қаражан Құлбас баласын мақташы дегенде айтқан ақын сынын айқын дәлелге келтіреді. Мұрат тек Құлбас баласы Қаражанды ғана емес, болыс болып елді жеген, ел-жұртқа сонысымен ылаң салған кісілерді аяусыз сынап, кесірлі-кесапат мінезділерді тезге салып жөндеуді көздейді. Ақынның әлеуметтік өмір туралы, сондағы адамдар қарым-қатынасы, өткен даналар мен бүгінгі жастардың бірлік-байланысы, әсіресе, ер жігіттің халық алдындағы міндет-борышы мен ең ақыры, ақындық өнер жайындағы ой-толғаныстары да аса елеулі. Ақын өткен өмірге қарағанда, бұрынғы даналардың халық қамы үшін еткен іс-әрекеттерін кейінгілерге үлгі ете сөйлеп:

Дүниенің төрт бұрышын,

Қорқыт атаң шайқады.

Ажалға айла таба алмай,

Қайта айналып келді деп,

Бұрынғылар айтады.

Заманның болар тәрізін.

Асан қайғы әулие,

Көзі көрмей байқады,

Қанша дәулет бітсе де,

Басыңнан аумас бақытың.

Алпыс күн асқан дария ,

Алты күнде қайтады –

деп дүниенің баянсыздығына орай айтқан ақын ойының байыптылығына көңіл аударады. Мұраттың сөз өнерінің сұлу сиқырлығы мен әсемдігін көркем бейнелеген мына бір жыры да жоғарыдағы пікірімізге дәлел болғандай:


Жылы қылып сөйлейін,
Ақ теңгенің мөріндей.
Шалқақтатып сөйлейін,
Айдынның шалқар көліндей.
Асыл қылып сөйлейін,
Базардың алтын беріндей
Жабыстырып сөйлейін,
Тұтқыр сары желімдей.
Сұлу қылып сөйлейін,
Қос жорғаны мініп ап,
Түскен жаңа келіндей !

"Үш қиян” толғау-дастанында акын "Үш қиян” деп — үш өзен салаларын айтады. Олар: Батыс Қазақстан өлкесі, Атырау аңғары, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз өзендерінің айналасы. Олардьщ отаршылдардьщ колында кеткені, елдің өрісінен айырылып торыққаны жырланады. Соның салдарынан "заман” бүзылды: ақшалыньщ күні туды, пара-пәле көбейді, арамзалар болыс болып, ел биледі, ағайындық пен татулыққа жік түсті, ел ішін жылпостар жайлады, Дәулеттіден бақ тайды деп күңіренеді:

Заманы қайтіп түзелсін, Ақшасына сүйеніп,

Қоңсыдан туған би болды... Айтқан сөзі пұл болды,

Акылсыздың баласы Заманың мұндай сұм болды.

Заманның болашағы — жастар. Акын сол жастарды заман бұза ма деп те кауіп ойлайды.

Ақ борықтай иілген, Ащы суға тойдырып,

Кейінгі туған баланың Бұза ма деп іреңін.

Ұстай ма деп білегін, Адыра қалғыр заманың

Шая ма деп жүрегін... Мен жаратпаймьн сүреңін.

Тәуелсіздігінен, жерінен айырылған казақ кайда бармақ? Мұрат осыны ойлап түңғиық ойға батады. Баяғы заманның Асан қайғы, Қазтуған, Орақ, Телағыс сынды ірі тұлғалар өскен жерден айырылған ендігі ұрпақ қайтпек?

Еділдің бойы — қанды қиян,

Жайықтың бойы — майлы қиян,

Маңғыстаудын бойы — шаңды қиян,

Адыра қалғыр Ү ш қиян!..

Жеті жұрттың кеткен жер,

Қайырсыз болған неткен жер?

Адыра қалрыр, көк Жайық,

Көпір салып өткен жер.

Асан қайғы, Қазтуған,

Орақ, Мамай, Телағыс,

Шоралар шұбап кеткен жер!

"Үш қиян” — тілі көркем толғау. Онда бейнелі сөздер, әсерлі суреттер мол. Теңеу, эпитеттердің шебер қолданыстары көптеп кездеседі.

Емендей белін бүгілтіп,

Жібектей жалын төгілтіп.

Еріні төмен салпиған,

Құйрығы гүлдей малынған.

Күдері бел, күшнек сан,

Бедеу атқа мінген жер.

Мұрат шығармаларының екінші саласына жататын шоқтығы биік – “Үш қиян” дастаны. Мұнда оның ел тағдырына байланысты көкейтесті ойлары: халықтың тұрмыс-тіршілігі, өкініші мен күдігі, арманы мен үміті, жұрт бақыты мен ертеңі, жер, қоныс туралы толғаныстары үлкен күңіреніспен сипатталады. Ақын пайымдауынша, ел болашағы барынша бұлдыр, мұнартқан сағым секілді болып көрінеді, сол себепті ол өткенді ойлап, соның қаймағы бұзылмай қайта оралуын көксейді. Бұл жырлар Шортанбай, Дулат шығармаларымен терең үндесіп өзара астасып отырады. Дәл осы сарынды Мұраттың “Сарыарқа” туындысына да тән деген жөн. Мұнда да “Үш қияндағы” секілді Ресей империясының қанау-тонау саясаты туралы ой ашып айтылады.

"Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны –
Ойындағысы болғаны",

Бұлардан басқа Мұрат ақынның мұраларында "Қазтуған" "Шәлгез" "Қарасай-Қази" бірнеше толғау-термелері бар. "Қазтуған”, "Қарасай—Қази”, "Шәлгез” жырларында ноғайлы жұртының аңыздарын баян етеді.

”Қазтуған” толғауының басты кейіпкері — XV ғасырда өмір сүрген, әрі батыр, әрі шешен жырау, Еділ мен Жайык алқабын жайлаған Сүйінішұлы Қазтуған. Оқиға Қазтуған аузымен монолог ретінде баяндалады.

Елдің Еділ-Жайық аралығындағы шұрайлы жерлерінен айырылған күнін толғайды:

Еділді алса, елді алар,

Енді алмаған нең калар,

Жайықты алса, жанды алар,

Жанды алған соң нең қалар?..

"Қарасай — Қази” жыры — Мұрат шығармаларының ең көлемдісі, оны нағыз эпостық поэма деуге болады. Жырдың сюжеті — тартымды, ширак, жинақы құрылған. Ноғай-қазақтың батыры Орақ екіжүзді, күншіл ағайындардың арамза істерінен қапияда қаза табады. Жырда батырдың қазасы ел-жұртына ауыр тигені — оның досы Ақмырзаның, шешесі Көрібоздың, қария Қараүлектің жоқтаулары арқылы үлкен психологиялык тебіреніспен беріледі. Әкеден айырылып жетім калған екі жас Қарасай мен Қази толғаныстары сай-сүйекті сыркыратады.

Жырдағы бөлекше әсер калдыратын бейне — Қарасай мен Қазидың анасы. Ол — қос батыр ұлан өсірген асыл ана, мейірімді де адал жар. Батырлар жырындағыдай "көркіне ақылы сай” әйел деп суреттелмейді, оның аяғы аксақ, көзі сокыр. Жырда бұл кемдікке саналмайды. Орақтың сүйкімді жары ерін қалай сүйсе, елін де солай адал сүйеді.

Ол батырға сай — жар, әрі ана ретінде көрінеді:

Қарсыласқан дұшпанды Қабыландай соғып жер еді.

Маңдайы күндей балқыған,

Көзі судай толқыган,

Иісі запырандай аңқыған,

Бір патшадай неме еді,

Өтіп кетті демесең,

Қай батырдан кем еді?.. —

деп, жары Орақ батырды аса жоғары бағалайды.

Ақынның көлемді де көркем шығармасы -“Қарасай-Қази” дастанында күрделі де шытырман оқиға жоқ, өзімізде бұрыннан бар батырлар жырындағы тәсілдер; диалогтың молдығы, аттың адамша сөйлеуі, түс көру, аян беру секілді жәйттар кеңінен қолданылады. Жыр арасында батырлар жырында жиі кездесетін қара сөзді пайдалануға да орын берілген. Жырдың қысқаша фабуласы: Мұса бидің Мамайы мен Орағы бірі би, бірі батыр болып елді билесе, қалған 28 ұлының бір тобы бұларды күндейді. Орақтың есігінің алдына өзінің алмас қылышын құрып қойып, жылқыны дүсірлетіп қуып, “жау келді, Орақ, шық” деп айқайлайды. Орақ есіктегі қылышқа түсіп қалып, жараланып қайтыс болады. Оның шешесі Қараүлек, әйелі, Қарасай, Қази деген екі баласы артында қалып, батыр болып жетіледі. Он жеті жастағы Қарасай мен он бестегі Қазидың өсіп ер жетуін негізгі оқиға етіп жырласа да, Орақтың ерлігі, Қарабатыр, Тілеке, Алшы, Смайыл, Тобаяқтардың зұлымдықтары диалог арқылы ашылып отырады. Әсіресе, Орақтың елі үшін жасаған сансыз ерлік істері досы Ақмырзаның, шешесі Қараүлектің сөздері, әйелінің жоқтауынан айқын көрініс тапқан. Ал, Орақтың өлуіне себеп болған бақастар тобы өз айыптарын өздері мойындап, “ақырында күндей, күндей жоғалттық” деуге мәжбүр болады. Ел шетіне жау келгенде, баяғы “бес батыр” қарсы аттанады да, Қарасай жорыққа бармай қалады. Қарасай шешесінің сөзінен кейін әкесінің асын беріп, өзіне лайық ат іздейді. Қарындасы Қибатты Ноғайлының қарт батыры Көкшеге бермекші болып, оның Көкбұйра атын мініп жауға аттанады. Қырық күн бұрын кеткен әскерді қуып жетеді. Жау қарасынан қорқып Қарабатыр, Тілекелер кейін қайтып, Қарасай мен Естерекұлы Ер Тарғын ғана қалады, кейін Қази келіп қосылады. Үш батыр жауды жеңіп, еліне оралады. Мұнда үш батырдың қажыр-қайраты, шексіз ерлігі әсем суреттеліп, Қарабатыр тобының пасық-зұлымдығы, опасыздығы шебер сипатталады.

Зерттеуші Мұраттың айтыстағы шеберлігі мен тапқырлығын оның бес айтысын талдау арқылы көрсете алған. Жылқышы, Бала Ораз, Кете Жаскелең ақындармен және әйел ақындар Жантолы, Тыныштықпен айтыстарының көбінде рулық сипат орын алса да, Мұраттың айтыста төселген алғырлығы, сөз өрнегін келістіре білетін шешендігі зерттеуші тарапынан жоғары бағаланады. Мұрат бала кезінен атыс өнеріңде көрінген болатын. Мұратың ең алғашқы айтысы Жылқышымен айтысы болатын. Және ол осы айтыста жеңіске жеткен болатын. Мұратты айтыс өнеріне дайыдаған Есет Қараұлы болатын. Мұраттың бұл жолда еңбегі зор. Мұарттың Жылқышымен айтысар алдында осы Есеттен барып бата алады. Есет ақын Мұратқа шежірелер жататып айтысқа өзі дайындайды. Ал сондай айтыстардың бірі 1863 жылы Бала Оразбен айтысы. Ы.Дүйсенбаев өз ой-пікірлерін қорыта отырып, мынадай тұжырым ұсынады: “Әдетте Мұрат шығармаларына баға бергенде, отаршылыққа қарсы реакция ретінде туған оның ащы сөздерінің парқына бармай бұлары жалпы орыс атаулыға айтылған наразылық деп танып келдік. Сонда Мұрат ақынды бастан-ақ ескішіл, әдебиетіміздің қорына қосқан ешбір үлесі жоқ деп кесіп айта аламыз ба? Ақынның ізгі ізденістері, туған халқының тағдыры туралы толғаныстары мен өмір шындығы екі арасындағы қабыспас қайшылықтардың себептерін неге ашпаймыз? Қайткен күнде де “кертартпа” деген ұғымды тым тар көлемде қарамай, бір жағы замана қайшылықтары ескерілсе. Қай ақынның болсын творчествосындағы барлық ерекшеліктерді түгелдей қамтып барып, терең топшылау, әділ қорытынды жасаған дұрыс”.Бұл – шын мәнісінде әділ баға еді, себебі қашан да, қай ақын болса да әдебиетімізге қосқан өзіндік үлесімен,тың жаңалығымен өлшенсе керек. Мұрат Мөңкеұлы шығармалары халық аузынан, Ғылым академиясының қолжазба қорынан жинақталып, халыққа танылуына, оның шығармашылығының ғылыми айналымға түскеніне көп уақыт өткен жоқ. Қазір ол республика халқына танылды. Совет үкіметі кезінде кертартпа ақын деп, шығармалары баспа орындарында жарияланбай, халық санасынан аластатылса, қазір оқу орындарының бағдарламаларына енгізіліп, толғаулары мен дастандары әртүрлі жинақтарда жариялануда. Мұратты қаншама халыққа танылды дегенмен, Абай мен Махамбеттей, Ақтамберді мен Бұқардай мол орнығып, санаға сіңе қойған жоқ. Махамбет жырлары халыққа Мұрат арқылы мәңгілік ғұмырға ие болды. "Қырымның қырық батырын", Ноғайлы жырауларының толғауларын, көптеген батырлар жырларын Мұрын жыраудың Мұрат ақыннан үйренгендігі шындық. Қазақ елі ақынның я батырдың қай өлкеден екендігіне қарамастан, бәріне де ортақ болса, атақты ақындар да, батырлар да күллі қазақтың құрметтісі. Есет би мен Абыл ақыннан өнеге алып, өзі Мұрын жырау Сеңгірбайұлына ұстаздық еткен. Мұрат Мөңкеұлы 17 жасында Жылқышы, 20 жасында бала Ораз, 25-інде Жаскелең, Жантолы, Шолпан, Тыныштық сынды ақындармен айтысып, жеңіп шыққан. Ол өзінің өжет мінезі, қағытпаға жүйріктігі, тапқырлығымен әрдайым жеңіске жеткен.

Мұрат Мөңкеұлының өзіндік ерекшелігі — заманның бұзылуы себептеріне терендей үңіліп шешімін табуы. Мұны М.Әуезовтің сөзімен айтсақ: "Бұл да азған заманның белгісін айтьш келіп, заман неден бұзылғанына шешу айтады.

Шешуі: Заманды бұзған қазақтың өз қалауы.”


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет