Күнде алшы түсірсең де асығыңды, (гипербола)
Көрмейді жат жұрт сені тасы ғұрлы. (литота)
Шеңгел де өз жерінде дүрілдейді,
Әркімнің өз елінде басы құнды.
Гипербола мен литота қосылып – әсірелеуге жатады.
Антитеза (грекше: antithesis – қарама-қайшы) – бір-біріне қарама-қарсы, қайшы заттарды, ұғымдарды шендестіріп, парлап айту. Мысалы, («Қара өлең»):
Жарқырап жұлдыз біткен ай болмайды,
Есекті қанша күтсең тай болмайды.
Сағызды күндіз-түні шайнасаң да,
Бір тістем жүрек жалғар май болмайды.
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де етім көр.
Қар үстіне қан тамар,
Қанды көр де бетім көр.
(«Ер Тарғын» жырындағы Ақжүністің Қартқожаққа айтқаны. Мысалды А. Байтұрсынов һәм акад. З. Қабдолов та келтірген).
Бауыржан Момышұлы:
Бақаның бағынан сұңқардың соры артық.
Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық.
Мақалдар:
Өтірік – қаңбақ, шын – салмақ.
Есектің еті арам, күші адал.
Сөзге шешен, іске мешел.
Тамыр берген түйеден, Тәңір берген тоқты артық.
Тавтология (грекше: tauto – бірдей, logos – сөз) – анықтауыш сөздің анықталушы сөздің мағынасын қайталауы. Мысалы: қараңғы түн деген сияқты.
Оксюморон (грекше: oxymoron – аңғырт тапқырлық) – бір-біріне қайшы ұғымдардан құралып, образды ұғым тудыратын сөз тіркесі (С.Негимов). Мысалы: тірі өлік, қорқақ батыр, жақсы өлім.
3.2. Фигура
Ф и г у р а (айшықтау) – сөйлем құрлысын безендіріп, оның тартымдылығын арттыру үшін керек болатын нәрсе. Оған жататын, мысалы: инверсия. Сөйлемнің кәдімгі ырғағын бұзып жазу. Фигураға тағы жататындар: аллитерация, ассонанс, градация, эллипсис, анафора, эпифора, т. б.
Аллитерация (латынша: al – іргелес, жалғас, litera – әріп) – өлеңде бірыңғай дауыссыз дыбыстардың қайталанып келуі.
Аллитерацияға мысал: ж әрпінің өлеңді безендіргіш қабілеті.
Оспанға
Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жау жүрек жомарт құбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай,
Жас қуатың тозылмай,
Жалын жүрек суынбай,
Жан біткеннен түңілмей.
Жағалай жайлау дәулетің
Жасыл шөбі қуармай,
Жарқырап жатқан өзенің,
Жайдақ тартып суалмай,
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақтап қашып сабылмай.
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай!
(Абай)
А с с о н а н с (латынша: assonare – үйлесімді дыбыс шығару) деп көркем шығармада дауысты дыбыстардың қайталанып келуін айтады:
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.
Ел жауын зерттеп, өрт боп, тынбай жортқан,
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан.
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!
Мағжан (Батыр Баян)
Градация (латынша: gradatio – біртіндеп) – ой, сөз, құбылыстың барған сайын үдеп, асқақтай беруі:
Шырағым Бурыл, шу! – деді,
Құбылып Бурыл гуледі,
Табаны жерге тимеді,
Тау менен тасты өрледі,
Төрт аяқты сермеді,
Құлақтың түбі терледі,
Тер шыққан соң өрледі,
Адырды көзі көрмеді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі…
Арандай аузын ашады,
Аяғын топ-топ басады,
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады.
Кешке таман Тайбурыл
Жын қаққанға ұсады,
Құлан менен құлжаның
Марал менен бұғының
Ұзатпай алдын тосады.
Көлжағалай отырған
Көкқұтан мен қарабай
Көтеріліп ұшқанша
Белінен қия басады.
(«Қобыланды батыр» жырынан)
Инверсия (латынша: inversio – орын ауыстыру) – сөйлемдегі сөздердің қалыпты ретінің бұзылып келуі, мысал:
А, Бозмұнай, Бозмұнай!
Тілекті берді бір құдай.
Реттісі: Бір құдай тілекті берді болу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |