Жәндіктерді түйреу. Коллекцияларды ұзақ уақыт сақтауда түйреп қоюға қолайлы болу үшін арнайы энтомологиялық түйреуіштерді қолданған абзал. Түйреуіштердің жуандықтары алуан-түрлі болады. №000 болатын түйреуіштер ең жіңішкелері, олардың жуандығы 0,25мм, №00 болатын түйреуіштердің жуандығы 0,3мм, №0 болатын түйреуіштердің жуандығы 0,35мм, ал №1 болатын түйреуіштердің жуандығы 0,4мм, №2 болатын түйреуіштердің жуандығы 0,45мм, №3 болатын түйреуіштердің жуандығы 0,5мм, №4 болатын түйреуіштердің жуандығы 0,55мм және де №5 болатын түйреуіштердің жуандығы 0,6мм болып келеді.
4-сурет. Әр түрлі топтың жәндіктерін қай жерінен түйрейтінін нүкте арқылы көрсетілді.
Коллекцияларды құрғанда көбінесе №3 түйреуіштері қолданылады. Өйткені, олармен көптеген жоғарғы сатылы қабыршаққанаттыларды және көптеген қоңыздарды түйреуге болады. Түйреуіштермен түйреп, орналастырар алдында құрғақ жәндіктерді алдын-ала жібіту керек. Ол үшін жеке түрлерді немесе бүкіл матрасшаны ылғалды камерада ұстау керек. Көбінесе бір тәулік өткен соң, жәндіктер жұмсақ болып, оларды түйреуге болады, қажет етсе кей майысқан жерлерін түйреуіштің көмегімен түзулеп жөндеуге де болады. Жәндіктерді жоғарыда көрсетілген суреттегідей түйрейді. Түйреуішті қадағанда жәндіктің денесінің ұзындығының 2/3 бөлігіне тік бағытта қадайды. Көбінесе кеудесіне (көбелектер, шыбындар, жарғаққанаттылар, т.б.) немесе оң жақ үстіңгі қанатының алдыңғы ширегіне түйрейді. Қалқаны жақсы дамыған қандалаларды суретте көрсетілгендей, қалқанының орта шенінен түйрейді. Жәндіктердің мұртшалары мен аяқтарын денесіне жабыстыра орналастырады, өйткені, жан-жаққа тарап орналастырылған аяқтары мен мұртшалары уақыт өте сынып қалады. Тікқанаттылардың көбелектердің қанаттарын арнайы қондырғы – жазылғы, жаймалағыш қондырғыларында жайып, түзулейді.
5-сурет. Жаймалағыш.
А – жаймалағыш өлшемдері.
Б, В – көбелекті жаймалағышқа орнату үлгісі.
Тікқанаттылардың қанаттарын жайғанда, орынды үнемдеу мақсатында тек қана оң қанатын жаяды. Ал көбелек, жарғақанаттылардың қос жұп қанатын да жайып көрсетеді. Ұсақ жәндіктерді үшбұрыш пішіндес келген тіреуішке немесе бұрыштап кесілген қатты қағазға мұртшалары мен аяқтарын жая отырып жабыстырады.
6-сурет. Ұсақ жәндіктерді картон қағазға желімдеп жабыстырып түйреу үлгісі.
Ұсақ жәндіктерді түйреу үшін минуция деп аталатын қысқа және өте жіңішке энтомологиялық арнайы түйреуіш болады.
Түйреуішке түйрелген әрбір жәндіктер жиналған географиялық орны мен жиналған күні, сонымен қатар, жәндіктің тіршілік ортасының ерекшеліктері және коллекцияны жинаған адамның аты-жөні көрсетілуі тиіс. Мысалы, төмендегі суреттегідей:
7-сурет. Жәндіктерді жинаған мекенжай, және коллекционердің аты жөнін көрсететін анықтауыш қағаз.
Осы мағлұматтарды үшбұрыштап кесілген қатты ақ қағазға тушьпен ұсақ және анық жазумен жазу керек. Ал оның астынан дәл сондай үшбұрышқа жәндіктің түрлік атауы мен жинап, материалды анықтап, жинаған маманның фамилиясы жазылып, түйрелу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |