6 аталатын, тұлабойында жарқырауығы
көп асты секіртпелі темір төсек керек. Ондай төсек қазақ ауылдарынан
табылмаған соң, Шөпек əдейілеп Көкшетау қаласына барып, татардың бір
байынан қолқалап əкелді. Оның төңірегіне «масақана» аталатын түсі
құлпырған көгілдір торғын шымылдық құрылды.
Тəртібі осылай жасалған ауылға, Шоқан жəне оны қарсы алған топ, түс
ауа жетті. Сонда:
– Қанашың келіп қалды, Əя-апа! – деп, Аба есіктен кіре бергенде, «не
дейді?!» деп жер таяна түрегелуге ұмтылған Зейнеп, етбетінен құлады. Ол
ауыр денесін билегенше, босағаға соқтыққан қылышы жалтылдап, Шоқан
да кіре берді.
– Апа! – деп кірді, шешесі осында екенін естіген ол, құшағын жая, бар
даусымен!
Зейнеп тұрып үлгермей, қасына келіп тізесінен отыра қалған Шоқан оны
құшақтап үлгерді...
Қатты қимылдан ба, өлшеусіз қуаныштан ба, Зейнептің тепеңдей соққан
жүрегі алқымына тығылып, желпілдеген өкпесі демін əрең алғызды. Оның
қақала-шашала шыққан үнінен: «Қанаш!.. Қанашжаным!.. Жүрегім!..
Қолқам!.. Шыбын жаным!»–деген сөздер ғана естілді.
Дене күші азайғанмен, Зейнептің қолдары қарулы еді. Сол қарумен
қаусырған Шоқанның денесін қатты қысқанда, нəзік бойындағы əлсіз
сүйектері күтірлеп сынып жатқан тəрізденді. Оның үстіне көзінен бұлақтай
саулаған жастары, Шоқанның аймалаған бетіне нөсердей төгіліп, қысаңқы
демін тарылтып барады. Сондай ыңғайсыздығы бола тұра, көп жылдан бері
көрмеген шешесінің құшағынан шығуға Шоқан тырмысқан жоқ. Шеше
қысқан сайын ол жабыса түсті. Ол:
– Соншама неге егілдің, апа?!.. Қойсайшы, апа!..– дей берді.
Ана мен бала сол қалыптарында ұзақ тұрар ма еді, қайтер еді, егер
құлақтарына Аппастың:
– Ке-ле-е-ен, жетер енді! Жолдан қалжырап келген баланы шаршатпа! –
деген үні естілмесе.
Аппас Уəліден туған он төрт ұлдың үлкені. Жұрт оны «момын, бір сөзді,
тоқтаулы кісі» деп сыйлайды, Уəлі нəсілдері де «Үлкен аға» деп қадыр
тұтады, өзгеге өктем – Зейнеп те келіншек күнінен именіп жүреді...
Сондай адамның даусы құлағына шалынған соң, Зейнеп Шоқаннан
құшағын жазды да, арқасын жауып жүретін торғын шаршысының етегімен
бетін сүртіп, демі денесін селкілдете ықылық атты. Көпке дейін ықылығы
басылмаған Зейнепке құттықтау сөздер айтқан Аппас:
– Ал, келін, өзгеміз кетейік, көп жылдар бойы көрмеген шеше мен бала,
бір-біріңді сағынған шығарсыңдар оңаша қалып мауықтарыңды басыңдар!
– деді.
Аппас жəне қасындағы бірер адам шығып, Зейнеп пен Шоқан
оңашаланды.
Үлкен ағасының «басыңдар»деп кеткен мауқы, Зейнепке белгілі, ол
Шоқанды қайткенде де Айжан мəселесінде ырқына көндіру. Өйтуге күші
жетер-жетпесіне сенімі жоқ Зейнеп «шамам келгенше айналдырып
көрейін» деп, ордада бас қосқан Уəлі тұқымдарына уəде берген.
Енді баласымен оңаша қалғанда не істеу керек? Сағынған баласымен
көріспей жатып, кеңірдектен ала кету керек пе, болмаса, тапсырмаға
аналық мауқын басып ап кірісу керек пе?
Сол оймен қинала қалған Зейнепті бұл тұйықтан Шиқан шығарды.
Анасының ойын сезгендей, өзінің де сөзді неден бастарын білмегендей,
«балта көтерілгенше ағаш жал табадының» керімен, ол:
– Апа, мен аздап дем алсам қайтеді?– деді.
– Ал, құлыным! – Зейнеп, көне кетті. – Анау салып қойған төсегіңе жат!
«Сөйтейін» деп төсекке беттеген Шоқан, шешесі кетіп қалар деп
ойлаған еді. Өйтпеді Зейнеп. Шешесінің кетпеу қалпын байқаған Шоқан:
– Апа, өзің де тынықпаймысың? – деді.
– Мені қай құдай алар дейсің, Қанашжан. Жайланып жата бер!
Қисайғым келсе, осы арадан да орын табылар, – деді Зейнеп.
Шымылдықтың алдын түсіріп, сыртқы киімдерін шешінген, жолға арнап
тіктірген пижамасын киген Шоқан, сыбдырға қараса, оң жағында бүктелген
шыт көрпемен, көлемді жастықты көтеріп шымылдық ішіне шешесі кіріп
келеді екен. Ол:
– Қанашжан! Көзіңнің шырымын ал, мен төсегіңнің алдына қисаям, –
деп еді:
– Мен онда, қасыңа қисаям, – деді Шоқан.
– Неге, құлыным-ау?! Жамбасыңа жер батар.
– Құшағыңды сағындым, апа!..
– Ендеше, келе ғой, күнім!
Шоқан төсектен домалай түсті.
Көрпе үлкен де, қалың да еді. Жастық та көлемді болатын. Соларды
темір төсек алдындағы түкті кілем үстіне төсегінде, шеше мен баланың
құшақтасып қисаюына мол жетті.
– Зейнеп сол жақ білегін Шоқанның мойны астына төсей жатты. Шоқан
сонда шамаласа, көрмеген көп жылдардың ішінде, шешесінің бұрын сыла
ғана семіз денесі, қазір тіпті жуандап, құшақ қаусыра алмастай болып
кеткен екен. Тек, қызыл шырайлы беті ғана жалпаймай, бұрынғы сопақтау,
көркем келбетін сақтап қапты. Зейнептің сынауынша, – бала шағында
«шарға бола ма» деп жоритын денесі, қазір сұңғақтана өсіп, ортадан
жоғарырақ бойлы жігіт бопты; бет бейнесі де бірталай өзгеріп, көз аумағы
кеңи мұрын үсті көтеріле, қастары қалыңдай, өңі қоңырлана түскен сияқты,
жоғарғы ерніне қырбық қара мұрт түбіттене бастаған...
Шешесісінің құшағына бөленген Шоқанның есіне, Айжанның «араб
ақындарының бірінен» деп айтып берген бір ауыз өлеңі түсті:
Қыздар неге өседі, əкесінің
Бауырында бөбек боп мəңгі жатпай?!
Ұлдар неге өседі, əкесінің
Мəңгі ембей ақ сүтін бал-бұлақтай?!..
Өлең есіне түсе, Шоқан ауыр күрсінді. Өйтпегенде ше?.. Омбыға
аттанардан бір-ақ жыл бұрын доғарған жоқ па еді шешесінің мамасын
соруын?.. Өйтпей ұйқыға кете алып па еді?.. Ұйқысын аша алып па еді?..
Қымс етсе «апа!» деп бауырына жабыса кететін ғой.
Жастыққа бастары тие, шеше мен баланың арасында қызық арбасу
басталды: жолдан шаршап келді деген баласын тынықтыру оймен, Зейнеп
тез қалғыған бейне білдірмек болып, мұрнын пысылдата қойды; «ұйқы-
күлкі көрмей күткен болар» деген ойдағы Шоқан да сөйтті. Бірақ, ұзақ
арбасуға шыдамады олар.
Қимылды ең алдымен, Шоқан сездірді. Айжан туралы бекіген сертін сол
қалпынан бұлжытпаған ол, Сырымбеттен, шыға кездестірген Көкшетау
өлкесінің бірінен бірі асып түсетін ғажайып сұлу бейнелерін жұмған
көзінің, алдынан біраз уақыт өткізіп жатты да, əлдене шақта, есіне
шешесінің мойнына жастаған білегі түсіп, «ұйытып алдым ба» дегендей,
басын еппен көтеріп, қолын өз денесіне қарай ақырын икемдеді. Зейнеп
оянып кеткен болып:
– Жайша ма, Қанаш? – деді көзін ашып.
– Жəй, «қолың ұйыды ма» деп...
– Ойбой, күнім-ай, ұйыса қайтуші еді? Он ай көтеріп, омыртқам
үзілгендей болғанда да ауырсынбаған қалқам-ау, құшақтағанда неге
ауырсынайын!.. Түр-тұлғаңа қаншама қадалып қарағанмен, құмарым қанар
емес, құлыным; еңкейші, бері қарай, тағы да сүйейін!..
Басын иген Шоқанды бауырына басқан Зейнеп, ағыл-тегіл жылады кеп...
– Апа, мұның не?!..
– «Не» дегенің не, сəулем-ау!.. Жұрт сені «өсіп кетті, пəлен боп, түген
боп кетті...» дегенмен, өзіме ауылдан аттанған қалпың сияқтанасың да
тұрасың!..
Жүрегі елжіреген Шоқан жылап жібере жаздады. Оның есіне бала
шағында Жаманқұл ақыннан естіген, желісін əлі ұмытпаған «Көр-ұғылы»
жыры түсіп кетті: шешесі өлгенде, Көрұғылы құрсағында кетеді де, біраз
күннен кейін қабырда туады; алып жəне батыр боп туған бала өлік анасын
емсе, мамасынан сүт шығады; бала үш күнде торалып аяқтанады да,
қабырды тесіп сыртқа шығып ойнайды; сол маңға жайылған жылқы
келгенде бір əдемі құлынды ұстап мінеді, ол да баладай тез есіп, аз күнде
бала – балуан жігіт, құлын – ірі тұлпар болады; бала енді ат үстінде ойнай
бастайды, бірақ, мекені – қабыр, елік анасының қасы; анасын баласы қанша
емсе де саулаған сүті сарқылмайды; сөйтіп жүргенде бала қырқынан
шығып, ойыннан мекеніне келсе, қабыр тесігінің аузында адам айтқысыз
үлкен айдаһар оталып жатыр!.. Ысқырып айбат шеккен айдаһар
Көрұғылыны жуытпайды; айдаһарға шамасы келмеуін байқаған батыр,
«тым болмаса, анамның ақ сүтіне ақтық рет мейірімді қандырайын!..» деп
зарланады; мейірімсіз айдаһар зарға құлақ аспайды, меселі қайтқан Көр-
ұғылы жортуыл жолына түсіп кете барады...»
Есіне түскен осы ертегі-жырдың мəніне Шоқан енді ғана түсінгендей
болды.
Олардың сол қалыпта қанша жатарын «аллам» білер еді,– есік жақтан
сыбдыр естіле қалмаса. Екеуі де сығалай қараса, біреу киіз есікті көтеріп,
ағаш есікті ашып жатыр. Зейнеп тани кетті, – Шоқанға қызмет етуге
белгіленген Тақырбас екен.
Хандық заманда «төре», «төлеңгіт» болып бөлінетін, «төресі» – хан
тұқымы, «төлеңгіті» – келімсектер болатын, төлеңгіт төренің ішкі-сыртқы
күту жабдықтарын атқаратын əдет, хандық дəурені өткенмен, олардың
арасында əлі де жүріп жататын еді. Төлеңгіттерден Шыңғыстың соңғы
кездегі жəрдемшісі – Кірқабақтың Тақырбасы, Зейнептің жəрдемшісі, оның
пысық таза əйелі – Асыл болатын.
X. АЛАУЫЗДЫҚ
Шоқан Ақан басында болған күндерде, жабдығын түгелдеу Аппасқа
тапсырылған. Ол –Уəлінің жеті əйелінен туған он төрт ұлының қазіргі
үлкені екендігі жоғарыда айтылды. Одан үлкені – Əбəйділдə еді. Россия
патшасына қарсы болған оны хандық құрған Айғаным Итжеккенге жер
аударып жіберген. Содан ол Айғаным өлген шақта жүдеп-жадап қайтқан.
Көкшетау дуанының аға сұлтаны болып, Шыңғыс «шешеммен араз» демей,
Əбəйділдəні құрметтеп қарсы алып, аз уақыт қана тұрып өлгенде, жылы
толған асын өзі басқарып, жер күңіренте, ұлан-байтақ қып өткізген. Осы
қылықтарына риза болған Аппас, Шыңғысты қадір тұтып, сыртынан–
жидашы, ішінен – ақылшы болатын.
Шыңғыс та борышта қалмай, Аппасты Абылай тұқымының ақсақалы
ғып ұстаған. Бурабайдың ар жағында Шарықтас өзенін жайлап жатқан оны,
Шоқан келеді деген хабарды естіген Шыңғыс əдейілеп шақыртып алған.
Шоқанның алдынан Шыңғыстың өзі шықпай, Аппасты жібергені –
Жаман Жалғызтаудағы, Сырымбеттегі қылықтарын естіп отырғандықтан,
«көре сала көрісіп қалармын» қорыққандық, Аппас Шоқанды мойытып
əкелер деп сенгендік еді.
«Қызыл тілден жүлде алады» деген шешен Аппас, қарсы алған
Шоқанның алдынан бір саба қымыз бен бір семіз тоқтының етін пісіріп ала
шыққан. Сол дəмін бір бұлақтың жағасында беріп отырып, серіктеріне
«Шоқанжанда оңаша сөзім бар еді» деп, жекеленді де, ордада күтіп
отырған əкесіне сəлемдесе кетуін ескертті.
– Өзі неге келмеді?! – деп сұрады Шоқан. – «Алты жасар бала алыстан
келсе, алпыстағы атасы алдынан шығады» дейтіндеріңіз қайда?
– Əкелігін сатқаны да жəне ол əкең бірер жылдан беpi «құяң» деген
сырқатқа ұшырап, ара-тұра белін баса алмай қалады; мен барсам сонысы
ұстай ғап, төсектен тұра алмай жатыр екен, – дей салды. – Ол – əке, сен –
бала екен, келмесе, сен бар!
Қайдан барады, Шоқан; əкесінің ұстап жатқан «құяңы» тəндікі емес,
жандікі екенін Шоқан Аппас айтпаса да шамалайды. Жаман Жалғызтау мен
Сырымбеттен ескен өсек желі оған жетіп жатқан болу керек, сол жел
үрлеген хандық намысы кəзір жалын атып жатуға тиісті; сондай
лапылдаған шағында көріне қалса, бұны да шарпуы сөзсіз; олай өртенгенде
не болады?.. «Ақылсыз емес» деп санай» тын əкесінің, алдынан өзі
тосқауылдамай, шешесін кесе-көлденең тартуын, Шоқан өртелмеудің
амалы деп ұғады; түсінісу үшін, оған əкеден шеше жеңіл; ол «құтырған
бурадай зіркілдеп отыр» деп санаған əкесін «бұйда боп шегерер» деп
шешесіне сенеді, сондықтан шешесіне тез жетуге асығады...
Шоқанның əкесіне бара қойғысы келмеуін сөз əлпетінен аңғарған Аппас
өткеріле түсейін деген ойымен өтінішін қайталап еді:
– Жалынба, Үлкен аға, – деді қарсы алған топпен бірге келген, көргеннен
бері Шоқанның мінез-қылығын ұнатпай отырған Жақып,– сəлемді сатып
алмайды кісі. Берсе берер, бермесе қояр.
Жақыптың сөздерін кідің алған Шоқан, оған түйіле бір қарап қойды да
үндемеді. Тетелес ескен ол екеуі, Шоқан оқуға кеткенге дейін бірі мен бірі
ұрсыса, төбелесе беретің өш те.
Шоқанмен көріскен жерде, өзгелері шапыр-шұпыр қолдасып, жамырай
амандасқанда Жақып іркіліп оңашарақ тұрды. Сонысын ұнатпаған Шоқан
кішірейіп бара қоймады. Бұл қылықтарын ұнатпаған өзгелері көрсе де
көрмеген болды.
Жақып ауылдың сал жігіттеріндей сəнді киінген екен. Бала кезінде де
бойшаңдау ол екі жас үлкен Шоқаннан биік болмаса, аласа емес. Имек
мұрындау, кем иектеу қызыл шырайлы кескіні көркем жігітке таңдық.
Сақаның сырттай таныстыруынша: Жақып мейлінше əйел құмар, қызыл
бетті қыз-келіншекте, оның құрық салмағаны жоқ, егер көнбесе,
қастандығы даяр тұрады. Орда ауылдан балағандағы əкесіне барған
Айжанға да сол бейбастақтығын көрсетем деп, Ақпан оны балтамен шауып
өлтіре жаздаған. Сол жайларын естіген Шоқан, оған сырттай өшіккен,
амандаспау себебі де содан...
Шоқан Аппастан даярлаған отауына тура тартуын өтінді. Аппас сөзін
жықпады. Онда жете, тыста амандасқан көпке:
– Бұнда Шоқан мен шешесі ғана болсын, өзгелерің кірмеңдер, – деді
Аппас.
Жиналған жұрт қонақтарға арналған ауылға кетіп, отауда шешесі мен
баласы ғана қалды. Олардың қандай халде екендігін жоғарыда баяндадық.
Шоқанның жəне оның қонақтарының бүгінгі сыбағасына бір ту бие, бір
семіз құлын сойылып, еттері жерошақтарға қазан-қазан асылып жатты.
Ұсақ тамақтардан нелерді даярлау керектігін Зейнеп Мықияға күн бұрын
ескерткен. Отау мен қонақ үйлердің, арасын тек Тақырбас қана
байланыстырады өзгеге ұлықсат жоқ.
Бұл ол отауға орналасқан Шоқан мен шешесінің ұйқыға кеткенін
хабарлады. Аппас «оятып алармыз» деп жұртты сыбырмен ғана
сөйлестірді. «Кісінейді» деп аттарды алысқа айдатты... Тақырбас отауды
іргеден ғана тыңдап кеп жүрді...
– Оянды, сөйлесіп жатыр, – деп хабарлады Тақырбас, отауға кеш құрым
барып қайтқанда.
Бұл кезде «Шоқан жақсы көреді» деген құлын етінің қуырдағы даяр
болған еді. Мана төсекке қисаярда, ол «бұлақ басындағы тоқтығым
басылған жоқ, аздап қана сусадым, бірер аяқ қана қымыз сімірген. Енді
«оянды» деген хабарды естіген Аппас Тақырбасқа:
– Бар, дəм даяр болғанын айт, – деді.
Бұл шеше мен баланың аймаласып жатқан шағы еді. Үйге кірген
адамның сыбдырын естіген олар қараса, – Тақырбас. Шоқанның жас бала
шағында, ол ересек еді. Балалар ойнаған шақта, біреуде Шоқанның есесі
кетіп бара жатсa, сөзін де, күшін де жұмсап алып беретің үнемі қамқоры
болып жүретін. Шоқан оның «басын» қойып, «Тақыр» деп атайтын. Сол
«Тақыры» енді сақалы, мұрты бар, сыпайы киінген, əсем жігіт – ағасы
болыпты!..
Алғаш көргенде, даурыққан көптің ішінде, Шоқан оны» мен жөндеп
амандаса алмаған. Енді оңаша отауға кіргенде, Шоқан жатқан орнынан
атып тұрып:
– Уау, Тақырым!.. Аман-саумысың?–деп, жүгіріп кеп құшақтай алды.
Тақырбас та Шоқанды айқара құшақтап кеуделерін жапсырған олар,
арқаларынан қағысып, аз уақыт тұрды. Зейнеп төренің төлеңгітке
жалпақтауын ұнатпайтын кісі еді, сондықтан:
– Болды, Қанаш!.. Екі туып бір қалғаның ба еді, сонша жабысып?! –
деді, ұнатпауын даусынан аңғартып.
– Тақыр ғой бұл, апа!.. Тақырбас қой!.. Бала кездегі досым!..
– Ол – бала кезің. Енді ер жеттің...
– Ересекке достың керегі жоқ па?
– Болды, қайымдаспай! – деді сөзден жеңілген Зейнеп, Тақырбасқа
«балама əлі де бұйрығым өтеді» дегенді ескертпек болған дауыспен.
Достар құшақтарын жазған шақта:
– Ие, Тақыр, жайша келдің бе? – деді Зейнеп.
Ол «Тақыр» дегенді Шоқан солай атағандықтан емес, «төлеңгіт» деп
менсінбей, «кедей» мағынасында қолданатын Зейнепті «ханша» көретін
Тақырбас, олай атауына мəн бермейтін. Əлі де сөйтті де:
– Үлкен ағаң жіберді, «Қанаштың ас ішер уақыты болды, қуырдақ даяр»
деп, – деді.
– Мен қуырдақты жей алмаспын, апа, – деді Шоқан.
– Неге, Қанашжан?!
– Оқудағы күндерде, қазына бізді шөпке қамаған...
– Қайдағы шөп? – деді Зейнеп, тура мағынасында түсініп.
– Жейтін де шөп болады, апа,– деді, «овощи» дегенді білмейтін
шешесіне, не екенін түсіндіріп жатуды қажет көрмеген Шоқан, – соған
үйреніп қалған іш, Жаман Жалғызтаудан бастап жеген етті көтере алмай
жүр, апа.
– Ондай шөбіңді қайдан табамыз, қалқам-ау?
– Оның орнына: сүт, айран, ірімшік, құрт сияқты ақ болса!
– Онда оңай болды ғой. Қайсысын əзірлесін?
– Жаңадан іріткен ақ ішімдік теріс болмас еді! Піскен қаймаққа бөктірсе
тіпті жақсы!..
– Бар, Тақыр, Асыл келінге айт, тездетсін!..
– Тым тез болмасын, – деді Шоқан, – күн жаңа ғана кешкіріп келеді.
Қазір асқа зауқым жоқ. Іңірсіз əкелмеңдер.
– Оған дейін қарның ашпай ма, күнім-ау?
– Тəтті қымыздың тоқтығы əлі басылған жоқ, апа.
Зейнеп шығуға ыңғайланған Тақырбасқа:
– Астан бұрын келіп, жарық жағып кетерсің, – деді.
Тақырбас шығып кетті.
Ac уақытын кешіктіруде Шоқанның да, Зейнептің де өзінше есептері
бар. Мана жыласып көрісуден бері, олар бір-бірімен іштей аңдысуда,
сондағы айтарлары Айжан жайындағы сөздер: Шоқанның мақсаты –
үйленуге шешесін көндіpy; Зейнептің мақсаты – баласын үйленбеуге
көндіру; сондықтан мана бір-біріне түскен мейірімдерін мас болып жатқан
сəтте де, ойларынан бұл мəселе шықпаған. Қазір де екеуінің ойы – ас
əкелгенге дейін мəселенің басын ашып алмақ.
– Тақырбас шыға сөзді Шоқан бастап кетті.
– Апа! – деді ол.
– Əу, күнім!
– «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені, емен ағаштың иілгені – сынғаны»
деген мəтел неге айтылған?
– Қайдам, Қанашжан – деді Зейнеп, бұл сұраудың неге берілуін шамалай
тұра.
– «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген
мəтел ше?
– Мені неге мəтелдермен қамалап жатырсың, күнішегім? – деді Зейнеп,
баласының сөз төркінін аңғара түсіп
– Тағы бір мақал айтайын, апа?
– Айт. «Ауызға келген түкірік, қайта жұтса мəкүрік» деген.
– Қазақ – «алты жасар бала атқа шапса, алпыстағы анасы тақымын
қысады» дей ме?
– Дейді...
– «Шеше – кеме, əке – жезде» дей ме?
– Дейді!.. Неге үймелетіп кеттің бұл мақалдарды?!
– Мəні бар, апа.
– Қандай?
– Қазір айтам. Сонымен, апа, «халық данышпандығы» дейтін мақал-
мəтелдерге қарағанда, шешенің балаға жақындығы əкеден артық болғаны
да!
«Сөйткені де» деп қала жаздап, əке мен баланың арасын ашу емес, қосу
ойындағы Зейнеп:
– Əрқайсысы өз орнында қадырлы шығар, балам, – деді.
– Оған əзірге таласпай-ақ қояйық, – деді Шоқан. Баяғыда данышпан
біреуден, əлдекім, қазақта «жігіт-мігіт» деп қосақтала айтатын сөздер бар,
солардың «жігіті» кім? мігіті» кім? деп сұрапты; сонда, данышпан, –
«жігіт» деп сөзіне тұрақты, ойға алғанын орындамай тынбайтын, сол
бетінде өжет, қайратты, өлмей ар-намысын жібермейтін адамды айтады; ал,
«мігіт» деп күн көргіш еркекті айтады депті. Маған осы екеуінің қайсысы
болған жөн, апа?..
Зейнеп не дерін білмей жалтақтайын деп еді:
– Сені «шешем» деп, «туған баласына турасын айтады» деп сұрап
отырмын, апа!
«Мігіт бол» деуге аузы бармаған Зейнеп:
– «Жігіт» боласың да, сəулем! – деді.
– Онда, сертіме жетуім керек пе менің?
– Қайдам, қандай серт екенін?
Ендігі оспақтауды қажет көрмеген Шоқан:
– Ап-п-а-а!..– деді еркелеген үнмен даусын соза, мойнынан құшақтап.
– Ə-ə-əу, құлыным! – деді Зейнеп те аналық мейірімі ұстап кетіп, бетінен
құшырлана иіскеп.
– Апа, – деді еркелей түскен дауыспен, құшағын жазып алдына шеке
түсіп отыра қалған Шоқан, – менің туысым ауылда болғанмен, тəрбием
орыста болды ғой?
– Ие?
– Орыста қыз бен жігіт бірін-бірі таңдап қосылады...
– Ол орыс қой?..
– Орыстан басқа мəдениетті елдердің қыз-жігіттері де сөйтеді...
– «Қазақтың қыз-жігіттері де сөйтсін» дегің келе ме?
– Əрине.
– Балам-ау, болмайтын жұмыс қой оның!
– Неге?
– Елдің сүйегіне атам заманнан сіңіп қалған ғұрып қой. Оны кім бұза
алады?
– Мен!..
– Сен?!.. Қанаш?!..
– Иə, мен Шоқан Шыңғысұлы Уəлиханов!
– Қалай?
– «Құл», «күң» деген сөз қазақта кемсініп айтылатын сөз екені рас қой,
апа?
– Солай айтылуға тиісті!
– Неге?
– Олар, не жаугершілікте тұтқын болып келеді де, не біреуден біреу
сатып алады.
– Сатып алмай құл да, күң де болмайтыны рас қой, апа? – деді Шоқан
əдейі шегелеп.
– Оның несін қайталап сұрай бересің?
– Сұрайтыным: біз – «қазақ» атаулы күңнен туғандарыңыз!
– Астапыралда!.. Неге?..
– Қазақта қалың малға сатылмайтын қыз жоқ. Солардың бірі – өзіңсің!
– Мен де күңмін бе сонда?
– Əрине! – деді Шоқан түрегеп, ерсілі-қарсылы жүре бастап.
– Балам-ау,– деді Зейнеп, Шоқанның бұлай деуін күлкі көріп,– мендей
күң бола ма?!
– Тұрмыс жағынан сенің күң емесің рас, апа! Өйткені, сен хан тұқымы –
аға сұлтан Шыңғыстың əйелісің, атақты Шорман бидің қызысың...
– Ендеше, не айтып отырсың? Əкең маған да қалың мал төлеген!..
– Айтатыным: қазақ əйелдерінің бəрінің маңдайы, сен сияқты теңін
тауып жарқырай бермейді. Қалың малдың күшімен, көп қатынның бірі
болып кете баратын, кəрі шалға, кемтарларға сатылатындар аз ба?
– Құдайдың бұйрығы ол! – деді, бұл сөзден тосылған Зейнеп.
– Құдайдың емес, қалың малдың бұйрығы, апа! Осы бұйрықтың
тамырына балта шабу керек.
– Кім шабады оны?
– Мен!
– Қалай, ақымақ балам-ау?!
– Қалың малсыз қатын алуды, сүйгеніме қосылуды қазақта бірінші
болып бастаймын да, өзгеге үлгі көрсетем!
Шоқанды көргелі жолағысы келмей қашқалақтап отырған сөзіне, Зейнеп
амалсыз кідіріп, «қайдағы қатын?» деген сұрауды еріксіз берді.
– Мақсатты сөзге жаңа жеттік, апа! – деді Шоқан, шешесінің алдына
тағы да жүгіне ғап, өзі бастай алмай отырған сөзін, шешесі бастағанға
қуанып.
– Апа,– деді ол жалбарынған дауыспен,– «шеше – кеме», деген қазақ
мəтелін, мана саған бекерге ескерткен жоқ едім...
– Неге ескерткен едің? – деді Зейнеп андауси ғап.
– «Қалың малдың тамырына қазақтан бірінші болып балта шабам» дедім
ғой жаңа?
– Қолыңнан келмейтін іс қой, құлыным, бұл! Елдің бойына атам
заманнан, ата, бабасынан сүйегіне сіңіп, атадан балаға мирас болып келе
жатқан əдет қой!..
– Рас айтасың, апа! – деді Шоқан ауыр күрсініп, – бұл бір шеті-шегі
алысқа жайылып кеткен, түбі терең телегей-теңіз. Оны кешіп өтуге, күш-
қуаты зор, берік кеме керек.
– Оны қайдан табасың, балам-ау! – деді Зейнеп, баласының берер
жауабын шамалай алмай ғап.
– Бар, апа, ондай кеме!..
– Қайда?
– Қасымда!
– «Қасымда?»
– Ие, апа! Ол – өзіңсің.
Енді ғана түсінген Зейнеп, не дерін білмей тоқырап қалғанда, оған
тыныс бермей жеңуге талаптанған Шоқан, жеппелетіп кетті:
– «Шеше – кеме!» дегенді қазақ сондықтан айтқан, апа!.. Ол – «екіталай
жерде, шеше баласын суға батырмайды, не өзі бұрын батады, не алып
шығады» деген мағынада айтылған сөз. Ата-бабаның қаймағы бұзылмай,
қаспағы қырылмай келе жатқан, өзің айтқандай, қазақ атаулы елдің
сүйегіне сіңіп болған телегей-теңіз сияқты ескі əдет-ғұрыптан мені алып,
өтетін жалғыз кеме – өзіңсің, апа!.. Сен өйтпесең, мен ескілік теңізіне
тұншықтым, апа!.. Апа!.. Апажан! – деді Шоқан, жалбарынған үнмен,
шешесін тағы құшақтап бетінен сүйіп!..– Ая, апа, құлыныңды!..
Қасқырларға талатпа оны!
Зейнептің əлгі бір шақта қатайып алған көңілі, баласының лебінен
денесіне тараған қызуға тағы да балқып кетті. Əлгінде үп-үлкен кісі боп
салғыласқан баласының, тағы да жалынышты сəби бола қалуы, оның сай-
сүйегін сырқыратып жіберді. Сол сөзімнің екпінімен:
– Күнім-ау! – деді жасқа булыққан Зейнеп, – маған не істе дейсің, кеме
болғанда?
– Өзіңнің көнуіңде күдігім жоқ, апа! – деді Шоқан, шешесін мойнынан
қаусырған құшағын жазып, – өйткені, сен кемедей шешесің. Ал, əкемнің
жақындығы қазақ айтқан – «жездедей-ақ». Оның да маған жаны ашиды,
бірақ, нақ сендей ашымайды. Оның үстіне «хан тұқымы!» деген, «аға
сұлтан!» деген, «Шыңғыс!» деген атақтары бар. «Сондай адамның баласы,
атастырып қойған ақсүйектердің, билердің, байлардың қыздарына
үйленбей, қарашысының қызына үйленді» дегенді намыс та, қорлық та
көреді...
– Бəсе, деймін-ау! – деді Зейнеп, Шыңғыстың бұл ойларын
мақұлдағандай.
– Немене «бəсе?» – деді Шоқан, шешесінің кімді қолдап отырғанын
абайлай алмай ғап.
– «Бəсе» дейтінім: қандай жерлерден құда түсіп жүр əкең саған!.. Баяғы
бала кезіңде құда түсіп қойған Жантөре ханның аға сұлтаны Ахметі,
«балалар ер жетті, енді келінім түсірсін» деп əкеңе дамылсыз кісі жібереді;
Күнтиместен Сырымбетке көшерде, қалың, малына жер-суын беріп, əкең
Сибанда Есенейден соңғы байы да, қадырлысы да болып жүрген
Өзденбайдың Өсібіне құда түскен ғой, оның қызы да ер жетіп отыр дейді
жəне сымбатты да, көрікті де деді; «жақын жер» деп, «жауықса да, жақын
болса да салмағы күшті» деп, Ұлытау, Кішітау бойындағы қалың Бағаналы-
Балталыны ашса – аясында, жұмса – жұмырында ұстап отырған
Сандайдыбайдың Ерденіне де құда түсіп қойды; қызы Ерденнің шешесіне
тартқан, жалқын сары бəйбіше болатын түрі бар дейді....
– Мен де естідім бұларды, – деді.... Шоқан, қуланған кескінмен,
шешесінің тағы да атайтын адамдары барын біліп, ар жағын тыңдағысы
келмей, – бəрін де алдырмақ па əкем солардың?
– Несі бар, алдырса? Ала тулы арғы атаң жиырма бес қатын алған, бергі
атаң – Уəлиде жеті қатын болған.
– Өз əкемде ше? – деді Шоқан қулана түсіп
Тосылған Зейнеп күліп жіберді.
– Əкеден асып қайда барам, апа? – деді Шоқан, шешесіне сынай қарап, –
ол біреу ғана алса, мен де сөйтем.
– Мейлің, атағандардың, немесе атамағандардың біреуіңе ғана құрық сал
онда.
– Менің құрығым түсіп болған, апа!
– Кімге? – деген сөз шығып кетті Зейнептің аузынан аңдаусызда.
– Айжанға! – деді Шоқан, «енді жасырудың жөні жоқ» деген ұғыммен.
– Аллау, Қанашжан! – деді дəл бұл есімді осы арада атай қояды деп
ойламаған Зейнеп, үрейлі кескінмен. – Не дедің?!
– «Айжан» дедім, апа! – Шоқан шегелеп.
– Аллау, күнім-ау, жастықтың əуесқойлығына жорып жүр едім ғой,
құлағым шалған бұл қауесетті?
– Əуесқойлығым емес, шыным, сүйікті апа! Ол мені көркімен де,
сымбатымен де, ақылымен де, білімімен де қызықтырады. «Ұлы сөзде
ұяттық жоқ» дегендей, ол – менің əйелім!...
– Некелеріңді кім қиып еді? – деді Зейнеп сасқанынан.
– Екеуміздің де арымыз!.. «Жаным – арымның садағасы» деген мақалды
мана тегін айтқан жоқпын да, мен не үйлену сертіме жетем, не өлем!..
– Соңғы сөзіңді айта көрме, Қанашжан!
– Айтпайын, апа!.. Өлмейін!.. Өлудің керегі де жоқ. Қолдан келіп тұрған
іске неге өледі адам? Ол – арзан өлім болар еді. Мен өзімді ондай арзан
өлімге қимаймын. «Арзан» дейтінім: маған сүйгеніме үйленудегі оңай
нəрсе жоқ. Бұл жайда қазақшылық қамалап бара жатса, өзім жақсы білетін
орыс заңына иек арта қоям. Оған қарсы тұруға бір Шыңғыс түгіл, мың
Шыңғыстың əлі келмейді!
– Ендеше неге қиналып отырсың?
– Əкемді де, сені де сыйлағандықтан. Əсіресе, сені. Маған сендердің
ұлықсаттарың, баталарың қымбат!
– Мені қойшы! – деді Зейнеп,– «пəлен-түген» дегенмен, мен от басында
отырған қатынмын ғой. «Қатынның, қаруы – қарға адым жерге» деген,
«қатынның ашуы қазан қайнатуға ғана жетеді» деген. Бұл жұмыста барлық
салмақ анау əкеңе түседі. Сені қойшы, сен сүйгеніңді аларсың да, Омбыңа
ма, одан əрі ме, кете барарсың. Əкең ел ішінде, бүгінге дейін елде оның
досы да, қасы да болып келді. Сен сөзіңді орындар болсаң, бұдан кейін дос
азаяды да, қас көбейеді.
– Білем, – деді Шоқан. – Мен оған пана бола алам!
– Қалай?
– Солай боларын күн бұрын болжап, Омбының ең үлкен ұлығына
айтқанымда: «Қорықпа! Əкең де қорықпасын! Мен барда сендерге
ешкімнің, тісі бата алмайды» деген...
– Ойбой, күнім-ай! «Алыстағы жанаралдан, жақындағы генерал» демей
ме? «Ел итінің құйрығы жуан» демей ме?
– Дей берсін, «Тышқанға мысықтан күшті жоқ» дегендей, елде дүр
болып жүретін аға сұлтандарың, өзің айтқан капралдардың алдында құрдай
жорғалайды. Білемісің «капралдың» кім екенін?
– Қайдам. Ел аузындағы сөз болған соң айтам да.
– Ол, орыс шендерінің ең кішкентайы. Сонымен, апа, – деді Шоқан,
сөйлеуге ыңғайланған шешесін бөгеп, – ұзын сөздің қысқасы, əкем көнсе –
көнді, көнбесе ырқыма көшем де, Айжанға берген сертімді орындаймын!
– Əкең оған көнсе!..
– Бір-ақ адам бар, оны көндіре алатын...
– Кім?
– Сен»!...
– Мен?!..
– Ие, сен!.. Əкем сыртқа «Шыңғыспын!» деп күпілдегенмен үйдегі биі –
сенсің. «Еркек–бас, əйел – мойын» дегенді қазақ бекерге айтпаған. Мойын
қайда бұрылса, бас сонда. Сен күшті мойынсың, апа!.. Оған оқуға кеткенше
көзім жеткен, кеткеннен кейін де солайын естіп жатам. Сонымен, сүйікті
апа, əкем көнсін, көнбесін, мен айтқанымды орындамай қоймаймын.
Ендеше, əкем мені қастарының қатарына итермесін, əкелік мейір көрсетсін,
содан кейін, өзім өлмей, оны жауларына қорлатпаймын. Осыны өзім айтуға,
арандап қалам ба деп қорқам. Сен оның адал жарысың, əрі сөзіңді өткізе
алатын адамысың. Саған салмақ салуым осыдан, апа!
– Зейнеп үндемей қалды, онысы – баласының өтінішін орындауға іштей
көнуі еді; бірақ, еріне сөзі өтер-өтпесіне көзі жетпеген ол, баласының:
– Кəне, не дейсің, апа? – деуіне, аз уақыт мелшиіп тұрғаннан кейін:
– Көрейін, балам! – деді.
– Көрме, апа, осылай істе!
– Қайдам! Əкең көнсе!..
– Өзің көндің ғой, апа?
– Көнбегенде қайда барайын!..
– О, апа!.. Апажан! – деп Шоқан шешесін бас сап, аймалай бастады...
Сол сəтте, үйге Тақырбас кіріп, шеше мен баланың бірігіп кеткендей
болған тəн-жаны бөліне берді..
– Ас даяр, – деген оған, Зейнеп:
– Əкеле беріңдер! – деді де, ол шыға Шоқанға: – Meні бір қиын
қыспаққа салдың, балам, ана болған соң түспеуге амалым жоқ; несіне болса
да шыдадым. Бірақ, бұл іске ыстықтай сұғынбай, ақыл-айла қолданайық.
– Қандай?
– Сен Атбасарыңа аттана бер! Шиыршық атып отырып əкеңді мен еппен
июге тырысайын; не жайы болғанын артыңнан шапқыншы жіберіп
хабарлармын!
Іңір асынан Шоқан піскен қаймаққа езген ақ ірімшікті ғана жеді де,
салқын сары қымыздан бірер аяғын ғана сіміріп, содан кейін салт атпен
серуендеп қайтар ойын білдірді.
– Бірақ, – деді ол Тақырбасқа, – қасыма өзіңнен басқа жан ермесін. Ат
жүрісі тиышты жорға болсын.
Ерттеулі екі атпен олар көл жағалап кетті. Бірге жүргісі келген Тоқбетке,
Шоқан ермеуді бұйырды. Зейнеп:
– Сендер оралғанша осы үйде қаза намаздарымды оқып отырам, – деп
қалды баласына. Оған дейін қасында Асыл отырмақ болды.
Құманын Асылға көтерткен Зейнеп те дəрет алғысы кеп, тысқа шығуға
есіктен аттай бергенде, əлдекіммен кеудесі қақтығып қалды.
– Бұ қай қанжауғыр?! – деді шалқасынан түсе жаздап оңалған Зейнеп.
– Мен, апа!
Даусынан тани кетті, – Жақып.
– Сен қайдан жүрсің?
– Өзің қайда барасың?
– Дəретке.
– Ендеше, сен оралғанша, мен осы үйде отыра тұрам. Асыл, сен келмей-
ақ қоярсың.
– Неге?
– Апаммен сөздерім бар.
«Сөздері» Шоқан мен Зейнеп оңашаланған шақтан бастап, оның уақыты
осы үйдің іргесінен тың тыңдаумен өткен. Ірге оған қолайлы да. О шеті мен
бұ шетіне көз жетпейтін Ақан көлінің батыс жағын орманға бөленген тау
қоршап тұратын да, қалған үш жағы белесті жалаңаш дала болып кететін.
Шоқанға арналған үй шығыс жақтан көлге құлап жататын өзенсымақтың
биіктеу жарқабағына тігілген. Қонаққа арналған ауыл арғы жарқабақта.
Жаз суы сарқылып жылап қана ағатын өзеннің тұла бойы түптеле өскен
бұйра тал.
Жақып іргені осы талдардың арасында, жарқабақтың жиегінде жатып
тыңдады. Онысын сырлас санайтын Тақырбастан жасырмай, неге тыңдау
себебін айта кеп, «бұ маңайға жан жолатпа» деп тапсырды. Оның қояннан
да сақ құлағы қиядағы сыбдыр мен сыбысты еркін еститін еді. Сондықтан,
шешесі мен ағасының ауыздарынан шыққан үннің ақырынын да, қаттысын
да түгел естіді.
Əкесінің Шоқанға шешесін неге жұмсауын білетін ол, əкесі де баяғыда
Омбыда оқып жүрген кезінде, бір бай татардың қызымен əулігіп, соны алам
дегенде, əжесі – Айғанымның оны райынан күшпен қайтарғанын естіген
ол, Зейнеп те Шоқанды сөйтер деген үмітте еді. Онысы босқа шықты.
Қайраты əжесінен артық болмаса кем емес дейтін шешесі, Шоқанға бірден
құлап, алдына түсіп ап, айдаусыз жортты да отырды. Аяғы, Шоқанның
ырқына шешесінің көнуімен тынды.
Енді не болады?
Жақыптың жорамалынша, Уəлихан тұқымдарының былай да қырсық
шалудан құтылмай келе жатқан абыройы, енді біржола бүлінеді:
бағынышты елдері бұған дейін қақ жарлы болып, біреулері қастасса,
біреулері достасып жатушы еді, енді достары да қастасады. Мысалы,
Бағаналы Ерден.
Қалың ел: Бағаналы-Балталыны ашса – аясында, жұмса жұмырында
ұстап отырған ол, қызын Шоқан алжаса намыстанады да, Көкшетау
дуанының күнгей жағындағы дүйім жұртын Шыңғысқа жауықтырады. Ол
сияқтылар əр рудан бар. Жапа-тармағай көтерілген соларды Малтабардың
мол ақшасы қолтықтап жіберсе, алақанның аясындай аз ғана төре төтеп
бола ала ма? Олардың өздері де сиырдың бүйрегіндей бытырап жатқандар
ғой!..
Жақыптың осы ойлармен басы қатып отырған шақта, сырттан Асыл
қолтықтаған шешесі кірді де, терге төсеген тай терісінің жұмсақ бөстегіне
орнықты. Жақыптың манағы сөзі есінде, Асыл кетіп қалды. «Ол да ірге
тыңдамасын» дегендей, Жақып тысқа бірге шығып, көзімен жөнелтіп
салды.
Шешесінің қасына отырған Жақып, естіген-білгенін жəне болашақтан не
күтетінін қысқаша түп-түгел баяндап берді. Зейнеп оны «сұңғыла» Достарыңызбен бөлісу: |