Натрий мен калийдің физикалық қасиеттері
Ауада тез тотығатындықтан натрий мен калий күміс түстес жылтыр, жұмсақ металдар. Осы айтылған физикалық қасиетімен танысу үшін мынадай тәжірибе жасаңдар. Тәжірибені тек натриймен жасасаңдар да болады. Натрийді керосиннен алып, сүзгі қағаздың арасына салып құрғатыңдар. Диаметрі 5-7 мм, ұзындығы 10-14 см шамасындай шыны түтік алыңдар. Тазартылған натрийді таза қағазға салып, үстінен шыны түтікті бұрай отырып басыңдар. Натрийді шыны таяқшамен сырғытып, түтіктің ортасына дейін апарыңдар. Түтіктің екінші жағынан басқа түтік сұғып, екі жағынан итеріп қысыңдар. Осындай етіп тығыз қысылған натрийдің түтіктегі бөлігі шынының қабырғасынан жылтырап жақсы көрінеді. Оны осылай ұзақ сақтауға болады, себебі шынының ішкі керегесіндегі натрий ауамен жанаса алмайды. Ал ауамен жанасатын екі жағы тотыға бастайды. Екі шеткі беті де тотықпас үшін балауызды (парафин) балқытып құйып, бекітіп тастаған жөн (9-сурет).
9-сурет. Натрий мен калийдің физикалық қасиеттерін анықтау
Калий және натрийдің оңай балқығыштығы
Калий мен натрий 100°С төмен температурада балқиды. Калийдің балқу температурасы +63,5°С, ал натрийдің балқу температурасы +98°С. Бұлардың осы қасиетін көру үшін мынадай тәжірибе жасаңдар. Құрғақ сынауыққа бір түйір калий салып, алдын ала қайнатылған стакандағы ыстық суға сынауықты батырыңдар. Калийдің балқығанына назар аударыңдар.
Натрий және калийдің сумен әрекеттесуі
10-сурет. Натрийдің сумен реакцияласуы.
а) Сынауықтың жартысына дейін су құйып, темір штативке тік етіп бекітіңдер. Одан кейін керосиннен бір түйір натрийді алып, құрғатып, сынауықтағы суға салыңдар. Сынауықтың бетін құйғыштың кең жағымен жабыңдар (10-сурет). Натрий сумен өте тез әрекеттесетіндіктен, ол домалақ шар тәрізді түйірге айналып, балқып кетеді де, су бетінде қозғалып, соңында «суға сіңіп жоқ болады». Кейде натрий сынауықтың кабырғасына жабысып қалып, от алып жануы мүмкін. Натрийдің сумен реакцияласуы нәтижесінде сутегі бөлінеді, оны құйғыштың аузынан жағып көруге болады. Реакция теңдеуін жазыңдар.
ә) Кристалдағыштың 1/3 бөлігіне дейін су құйыңдар. Бір түйір калийді керосиннен алып, құрғатып, пышақтың ұшымен ыдыстағы суға салыңдар. Өздерің тәжірибе жасаған жерден алысырақ тұрыңдар. Калий сумен әрекеттескенде өзіне тән күлгін түсті жалын шығарып жанады. Кристалдағыштағы суға фенолфталеиннің бірнеше тамшысын тамызып, ерітіндінің түсіне назар аударыңдар. Реакция теңдеуін жазыңдар.
Достарыңызбен бөлісу: |