Л е й к о п е н и я. Лейкоциттер мөлшерінің кемуімен сипатталады.
Лейкопенияның пайда болуына мынадай факторлар ықпал етеді: а) лейкоциттердің қан арнасына бөлінуі;
б) лейкоциттердің тез бүлініп, олардың теңбе-тең (адекватты) өнімдерінің толықпауы;
в) лейкопоэздің бәсеңдеуі.
Қандағы лейкопениялық көрініс шошқа обасында, бұзау сальмонеллезінде, өкпе қабынғанда, мышьякпен, бензолмен, сульфаниламидтермен уланғанда, рентген сәулесінің көп дозасы сәулелендіргенде, ионды радиация әсер еткенде байқалады.
Лейкоциттердің сапалық өзгеруі. Лейкоцитоз бен лейкопенияның әр түрлі формаларына баға бергенде-ақ денешіктердің жекелеген формаларының проценттік қатынасына ғана емес, олардың сапасына да, атап айтқанда, нейтрофильдер ядросының сегменттелуіне де көңіл бөледі.
Нейтрофильдердің негізгі массасы сегментті-ядролы болады. Нейтрофильдер саны көбеюмен ұласатын патологиялық лейкоцитоз кезінде таяқша ядролар саны, нейтрофильдердің жас формалары көбейеді, миэлоциттер пайда болады, яғни нейтрофильдер солға қарай ығысады.
Сонымен, ақ қандағы сапалық өзгерістердің басталу белгілері қан арнасында гранулоциттердің неғұрлым ерте формасының пайда болуы деп есептеу қажет.
Лейкоздар. Лейкоз – қанның ісік сипатындағы ауруы. Мұндайда қан құрайтын органдар зақымданады.
Кәдімгі патологиялық лейкоздардан лейкоздың ерекшелік сипаты мынада: қан құрайтын органдар өзгереді, лейкоциттер саны едәуір, оның үстіне үдемелі, әрі тұрақты көбейеді, қанда лейкоциттердің жетілмеген формалары, мәселен, миеолоциттер, миелобласатар, лимфобластар т.б. пайда болады.
Лейкоз түрлері. Лейкозға гемобластоздар жатады.
Гемобластоздар деп ісік ауруларын айтады, оның негізгі белгілері – қан құрайтын және лимфоидтық тканьдерде қатерлі ісіктің көбеюі, сонымен бір мезетте клеткалық жіктелудің бұзылуы (бластома-ісік).
Пролиферацияланатын (ұлғаятын) тканьдердің клеткалық морфологиясына байланысты лейкоздар – миелолейкоз, лимфолейкоз, эритромиелоз, ретикулоз т.б. болып бөлінеді.
Клиникалық белгісіне қарай лейкоздар жіті және созылмалы болып бөлінеді.
Шеткі қан көрінісінің және лейкоциттер санының өзгеруіне қарай лейкемиялық, сублейкемиялық, алейкимиялық лейкоз формалары болып бөлінеді (лейкемия — ақшыл қан — лейкоздар).
Лейкоз кезінде, әсіресе оның жіті түрінде малдың зат алмасуы бұзылып, өнімділігі кемиді, анемияға шалдығады, күн санап арықтайды. Лейкоз созылмалы түрге айналғанда мал ұзақ уақытбойы дені сау секілді жүреді. Малдар көпшілік жағдайда арықтағандықтан және әр түрлі аурулардың әсерінен (қарсы тұру қабілетінің төмендеуінен) өледі.
Тромбоциттер патологиясы. Қан пластинкаларында қан құрамының өзгеруі қанның біркелкі орналаспауынан, олардың көптеп бүлінуінен, сондай-ақ қан құрайтын аппарат функциясының бұзылуынан болуы мүмкін.
Тромбоциттер санының азаюы (тромбопения) зілді лейкемиядан, қатерлі анемиядан және кейбір инфекциялық аурулардан (инан, қан теңбілді ауру) пайда болады. Тромбопения бензолмен уланғанда, сәуле ауруларында да өршиді. Тромбопенияда, әсіресе оның қатерлі түрінде қанның ұйығыштығы кемиді, тері және асқазан-ішек жолдарының кілегей қабықтары қанталайды.
Тромбоциттер мөлшерінің көбеюі – тромбоцитоз қан қоюланғанда, полицитемияда, кейбір гипохромды регенеративтік анемияда, инфекциялық аурулардан айыға бастаған кезде байқалады.
Дамуы. Пайда болған қан ұйылымы кейде жұмсарып қайта таралып кетеді, кейде тығыздалып қан тамырының қабырғасын қабындыруы мүмкін. Венадағы қанның ұйылмалы бекітілуі, көп жағдайларда тиісті ағзалар мен ұлпалардың қызметін бұзып, оларды шірітіп, ыдыратуға дейін апарады. Осындай жағдайларда малдың жұмысқа қабілеттілігі мен өнімділігі күрт төмендейді. Ірі қан тамырлардың, мәселен іш қолқасының, мықын артериясының бекітулері, әдетте, малдарды тез арада өлтіреді.
Өлекседегі өзгерістер. Ірі тамырлардың ішіне қабырғаларына бірігіп өсіп кеткен тромбоциттер, лейкоциттер, фибрин талшықтарынан, эритроциттерден құралған ақ түсті қан ұйығын көруге болады. Олардың құрылысы ерекше қабаттылықпен бейнеленеді, шеміршектеніп кетуі де мүмкін. Майда қан тамырларда қан ұйығы көбінесе фибрин талшықтарынан, эритроциттерден, лейкоциттерден, тромбоциттерден тұрады.
Белгілері. Қан ұйығының орналасқан жерлері мен зақымдалынған тамырдың көлеміне байланысты болады. Мысалы, жүрек етінің күре тамыры қан ұйылуынан бітелінсе, оның қай жері жансызданып тиісті белгілер жиынтығымен көзге түседі, бүйректер артериясы бекітілсе «бүйрек шаншуы» пайда болып, қан қысымы көтеріледі, эритроциттердің тұну жылдамдығы да тездетіледі және дақты лейкоциттер көбейеді.
Аяқтарының ірі веналарында қан ұйыса малдар орындарынан тұра алмай қалады. Аяқтары суып, сезімталдығы жоғалып кетеді. Ауру малдар қалтырайды, тырысады, терлейді, ентігеді, жүрек соғуы жиіленеді. Алдыңғы қуыс көк тамыр бітелсе мойындағы, бас пен алдыңғы аяқтарындағы веналар қанға толып кетеді. Кеуде шемені дамуы мүмкін. Артқы қуыс көк тамыр бітелсе дененің артқы жақ веналарында қан іркіліп, іш шемені дамуы мүмкін. Қақпа көк тамырының бітелуі асқазан мен ішек-қарында қанды іркілтіп жалпы қоректенуді бұзады. Туғаннан кейін кездесіп тұратын жатырдың қабынуынан қоздырғыштық қабілеті артқан микробтар денеге жайылып веналарды қабындырып, қуыстарын бекітіп тастауы мүмкін. Сол себептен, ауру, жамбас веаларынан артқы аяқ веналарына жайылады. Ондай малдарда қызба қайталамалы түрде өтеді. Кей кездерде, тамырлардың бекітілуінің, әсіресе майда тамырлардың бекітілуінің сырт белгілері онша білінбей өтеді.
Барысы. Тамырдағы қанның ұюы көбінесе созылмалы түрде өтеді. Егер де ұйыған қан таралып кетсе қанның ағымы қайтадан қалпына келеді, ал ұйыған қан қатайып, тамырмен бітісіп өсіп кетсе, қан айналымы қосымша майда тамырлар арқылы жүреді. Ауру қайталануы мүмкін. Жүрек, ми, бүйрек, өкпе тамырлары бекітілсе, мал тез арада өліп қалады.