Қазақ мемлекеттік қыздар


СЫРДЫҢ ТӨМЕНГІ АҒЫСЫ ӨҢІРІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ МИФОЛОГИЯЛЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫ



бет13/20
Дата05.11.2016
өлшемі4,28 Mb.
#400
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   20

СЫРДЫҢ ТӨМЕНГІ АҒЫСЫ ӨҢІРІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ МИФОЛОГИЯЛЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫ
Картаева Т.Е.-т.ғ.т.доцент (ҚазмемқызПУ)
Қазақ халқының рухани мәдениетінің ерекшелігі наным-сенімдерінен, ырым-тиымдарынан көрінеді. Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойындағы қазақтар ата-бабаларынан қалыптасып келе жатқан наным-сенімдердің негізгі денін әлі күнге дейін берік ұстанып келеді. Қазақтардың наным-сенімдері күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қалыптасқан тәжірибеден келіп туындаған деуге болады. Сыр өңірінің қазақтарының наным-сенімдеріндегі ерекшеліктерінің бір жүйесі олардың тылсым күштерге, аңыз кейіпкерлерге сенуінен көрінеді. Сыр қазақтарының осы ерекшеліктеріне И.Кастанье, Ә.Диваев, Қ.Қостанаев, М.Миропиев сияқты зерттеуші ғалымдар ерекше ден қойған. Қазақтардың тылсым күштерге сенуі әсіресе бақсылар сеансы кезінде көрінген.

Бақсылар науқасты емдеу үшін шақыратын тылсым күш иелері – жын болған. Жын иесін бақсылар сарынын орындар алдында немесе орындаған соң науқастың ауруының күштілігіне қарай шақырған. Жын көзге көрінбейтін тылсым күш. Қазақ мифологиясында Шарабас, Қорабай, Көкаман, Досыбай, Жирентай деген жын иелері болған.

«... Кей-қаптан қылша Шарабас

Тоқсан қойдың терісі,

Топ шықпаған Шарабас.

Сексен қойдың терісі

Бөрік шықпаған Шарабас...»

«..Сексен қойдың терісі

Тең шықпаған Көкаман,

Келші бермен Көкаман,

...Көкаман деген жын келді,

Айқайлап барып алдына сал»

«...Жынның басы Досыбай,

Жын шақырдым осындай

Жын әулие келе ме

Бір-біріне қосылмай...»

«...Жын атасы Қараман

Енді қайда барамын

Айтқанымда келмесең,

Алдыңа сірә түспеймін...»

«Жын атасы Жирентай

Қолына жасыл ту алар

Найзаны қанға суардың

Дертті күреп қуандың», - деген сияқты өлеңдермен белгілі бір жынды шақырған. И.Кастаньенің бақылауында жындарды шақырып болған соң бақсы орнынан тұрып, отқа қызып тұрған кетпенді жерге қойғызып, жалаң-аяқпен темірлерді басып жүрген, бақсының аяғы темірге тиген кезде быж-быж еткен күйген дабыстарды естіген. Күйген аяқтарын науқастың денесіне тигізген. Содан кейін майшам алып, оны жағып, аузына бірнеше рет салып, ақырында ауызында өшірген. Өзін-өзі және науқасты, болмаса қатысып отырған басқа адамдарды қамшымен, шоқпармен ұрғылайды. Соққы тиген жер ауырмайды, себебі жындар ұстап қалады. Жындар күшейгенде киіз үйдің туырлығы тілініп, тұрған заттар жарылып кеткен дейді.

Бақсыға жын қонғанда шегіне жете құтырып, жынданып кеткен, аузынан ақ көбік атқылап, жылқы болып кісінеп, ит болып үріп, сиыр болып мөңіреп, шошқа болып қорсылдап әр түрлі жануарлардың дауысын салған. Екі қылыштың жүзін жоғары қаратып қойып, жүзінде тұрған, жұмсарған аяғын науқас денесіне қайта басқан. Бақсы өзіне жын қона бастағаннан-ақ өз денесін өзі тістелей бастайды, көзі шарасынан шығып кетеді /1/. Қазақта «жын қаққандай», «жын ұрғандай» деген теңеулер осыған байланысты қалыптасса керек. Қазақ мифологиясында Шарабас жынның басы үлкен, бойы өте ұзын, денесі зор болып келген, оны кейбір бақсылар “Қорабай” деп шақырған екен. Көкаман болса, қазақ даласының барлық жерінде жүретін жиі кездесетін жын, оны бақсылардың барлығы дерлік шақырған.

Албасты – байырғы қазақ дүниетанымындағы әйел жынысты қаскүнем рух, тылсым бейне. Албастыны «марту» деп те атайды. Қазақтар нанымында албасты босанғалы жатқан екіқабат әйелге келіп, қылғындарған. Ол толғатып жатқан әйелдің өкпесін суырып алып, өзенге ағызған, содан әйел босана алмай немесе босанған соң қансырап өліп кеткен. Толғатқан әйелден албастыны бақсы көмегімен қуған. Ертегілерде қазақтар албастыны жуан, сабалақ жүнді, өткір азулы тісті, кеудесі ебедейсіз бейне ретінде көрсеткен. Ә.Диваевтың Шымкент өңірінен жазып алған әңгімелерінде албасты сұлу әйел ретінде кездессе /2/, М.Миропиев, Қ.Қостанаев жазбаларынан Сыр өңірі қазақтарының оны көбіне ауызына әйел өкпесін тістеген түлкі, ұзын емшектері жерге тиген ешкі, басы үлкен мақұлық немесе қаншық ретінде танығандығын көреміз /3/. О.Полярков өзінің «Из области киргизских веровании» атты еңбегінде Семей, Ақмола, Ферғана қазақтары албастыны бойы ұзын, басы үлкен, емшегі тізесіне дейін салбырап өскен, шашы жерге дейін түсетін, тырнақтары ұзын өткір болып келетін әйел бейнесінде елестеткен, -деп көрсетеді /4/. Ферғана сарттары болса албасты шашы ұйпа-тұйпа кәрі кемпір ретінде қабылдаған /5/.

Толғағы қысқан әйелді босандырар кезде албастымен күресу үшін қазақтар бақсыны көмекке шақырған. И.Ибрагимов жазбасындағы дерек бойынша бақсы толғақ қысқан әйелдің жанына кірген албастыны қамшының көмегімен қуады. Ол көмектеспесе үйір ішінен көзі үлкен, реңді (ақбоз ат, сары, жирен ат, т.б.) жылқыны ұстап әкеліп киіз үй ішіне кіргізіп, әйелдің кеудесін иіскетіп, үркітеді. Болса үкіні әкеліп бақыртады. Бақсы зиянкеспен күреспеген жағдайда албасты әйелдің өкпесін ұрлап алады немесе жолдасын тоқтатып қоюы мүмкін деген ұғым қалыптасқан /6/.

Құдабай Қостанаевтың Сыр өңірінде болған сапарынан жазып алған дерегі бойынша, бұл өңірде де әйелдің толғағы қиындаған жағдайда, оны албасты басып жатыр деген түсінік қалыптасқан. Албастыдан қорғау үшін босанатын әйел қасына үкі қадалған бас киімді қояды. Молда келіп, құран оқып, босанатын әйелдің бетіне ұшықтап түкіреді. Бұлардың барлығы көмектеспеген жағдайда бақсы шақырады. Бақсы үйге жақындағаннан “әй, шық”, - деп айқайға салады, албастыны қуалап, қамшысымен киіз үйдің ішін ұрғылайды, мылтықты алып, киіз үйдің үстіне қарай атады.

Н.Гродековке Е.А.Александровтың Қазалы уезінен жеткізген дерегі бойынша босанатын әйелге толғағының ауыр, жеңілдігіне қарамастан міндетті түрде бақсы шақырылады, себебі албасты-марту тек әйелге келеді, ер адамнан қорқады. Албасты-марту жұқпалы деп босанатын әйел жатқан киіз үйге жас келіншектерді кіргізбеген.

Сыр бойындағы қазақтар арасында “албасты” мен бақсының күресі жайында аңыз әңгімелер кең таралған. Солардың кейбірін М.Миропиев Жүсіп Қасымов деген қазақтың айтуы бойынша жазып алып айналымға ендірген. “Молжігіт атты атақты бақсы көп адаммен бірге жолда келе жатып, алыстан аузында өкпесі бар, өкпені суға тастауға асығып бара жатқан итті көреді. Молжігіт жалма-жан албастыға қарай шабады. Біраз жер қуалаған соң, атынан түсіп қалып, жерді ұрғылап, жүгіре береді. Соңынан қасындағы адамдар қуып жетіп, олар да бақсының ісін қайталайды. Біраздан соң алдарынан ауыл көрінеді. Бақсы ауылға келіп: “өлген адам қай үйде”? - деп сұрайды. Бақсы өлік жатқан үйге келіп қобызын қолына алып, тоғыз жынын шақырады.

“Ей албасты, залым, салшы өкпесін орнына,

Жанын берші бишараның қолына,

Тыңдамасаң сөзімді,

Сыйламасаң өзімді,

Алармын ойып көзіңді,

Жоқ қылармын өзіңді” – бұйыру сарынын орындайды. Сонда өліп жатқан әйелге жан бітіп, басын көтерген екен. Әйелдің ағайындары Молжігіт бақсыға мал дүние беріп аттандырады. Бақсының ерлігі “албасты бақсыдан қорқып әйелдің жанын орнына салды”, - деп түсіндіріледі. Бұл әңгімедегі өкпе тістеген ит бейнесіндегі албастыны бақсымен бірге қуалаған адамдардың ешқайсысы көрмеген. М.Миропиевтің Перовск қазағы Кенжебай Мәтеновтен жазып алған әңгімелерінде албасты түлкі, ешкі түрінде кездескен. Оның айтуынша Ақмешітте тұрған Нүрпейіс деген бидің әйелі толғатып, бала тапқаннан кейін талып қалады. Сол кезде бір түлкі келіп, әйелдің жанына барады. Бір кісіні түлкіні көріп “албасты” деп қуғанымен жете алмайды. Түлкі әйелдің өкпесін суға тастаған кезде әйел өліп кеткен.

М.Миропиевтің 1880 жылдары Кенжебай Мәтеновтің жазып алған екінші әңгімесінде «үш жолаушы жігіт келе жатып аузына өкпе тістеген ешкіні көреді. Жолаушы жігіттің біреуі бірінші қуып жетіп ешкіні қамсымен сабап, «мына өкпені қай жерден, сол жерге апарып сал» - дейді. Ешкімен кері қайтып, бір үйге кіреді. Ешкі-албасты келмей тұрғанда келіншек баласын тауып, өзі өліп қалған екен. Өкпесін орнына салғасын келіншек басын көтеріпті. Әлгі жігіт албастына енді келместей етіп, ұрып-соғып жіберген. Үй иесі әлгі жігітке мол мал беріп аттандырған», - дейді /7/. Бұл әңгімеден албастымен тек ерекше күшке ие бақсылар ғана емес, қара күшке ие ерлер де күресе алғандығын көреміз. Дегенмен де албастыны тек бақсы сияқты ерекше қасиетке ие адамдар ғана көре алған.

Жүсіп Қасымовтың айтуы бойынша “албасты” тек босанатын әйелге ғана емес, қыз-келіншектерге де келеді. Әрі албастының екі түрі болады, бірі - қара албасты, бірі - сары албасты. Сары албастыны қашыру бақсы, молдалардың қолынан келеді, ал қара албастыны қашыру қолдарынан келмейді, -дейді. Қара албасты адам бейнесінде түнде келіп, бір қыздың өкпесін қысып, басып тыныштық бермейді. Қара албастыны жол-жөнекей сол ауру қыз үйіне түнеген қонақ танып, өлтірген екен /8/. Сыр өңірі қазақтары арасында “албасты басқыр”, - деген сөздің кездесуі “қиналған әйелді албасты басып жатыр” – деген нанымнан туындаса керек. Қ.Қостанаев та албастының қара албасты, сары албасты деген түрлерінің кездесетіндігін айта отырып, олар мінез-құлқы жағынан бір-біріне өте жақын екендігін, сары албастының өте қу, ол адамға ілесе жүріп, залалын тигізуге оңтайлы уақытты күтетіндігін көрсеткен /9/. Сыр қазақтары ашуы түскен адамға “албасты басқыр”, “қара басқыр”, “қара бассын сені”, “албасты неме” деп айтып, налығандықтарын білдірген немесе осылай қарғаған. Қарғыстың немесе налудың бұл түрі Сыр қазақтарының тілінде қазір де жиі кездесетін сөз.

Албастыға сену ауруханалардың салынуымен байланысты, медицинаның өркендеуімен байланысты жойылған, осы кезеңнен бастап әйелді үйде қолдан тудыру да жойылған.

Сыр қазақтары шайтан мен үббенің барына қазір де сенеді. Оған экспедиция кезінде көз жеткіздік. Үббе - өзен, көлдердің терең тұстары мен иірімдерінде су астында, тұңғиықта өмір сүретін қаскүнем, тылсым күш, рух. Қазақтардың байырғы дүниетанымында Үббенің мақсаты адамдарды суға батырып, ағызып өлтіру. Оны қазақтар ұзын қап-қара, қастары түйілген адамға ұқсас деп таныған. Үббе өзенге жақындаған адамды өзіне оның атын атап шақырған. Өз атын естігенмен, шақырып тұрған адамды көрмеген соң, ол таң қалып, суға шомылғысы келіп ұмтылған. Суға түскен адамды Үббе өзіне тартып, батырып жіберген. Үббе туралы әңгімелер Сыр қазақтары арасында жиі кездеседі. Жаз айларында Сырдарияның суына кетіп өлген жиі кездеседі. Сыр қазақтары нанымында оларды «су иесі тартып тұрған» деп сенеді. Су иесі жайында Сыр қазақтары арасында таралған аңыз-әңгімелердің бірқатарын М.Миропиев Перовск қазағы Ишмұхамед Букиннен жазып алып жариялаған. Оның айтуынша, бір кісі дария жағалап келе жатып, су ішінен бір кісінің атын айтып шақырған дауысты естиді. Ол оның үббе екенін сезіп, шақырған адамы келсе суға жібермеймін деп дария жағасында отырады. Сол жерде әлгі кісі үш күнге шейін жүреді. Үш күннен соң бір атты жігіт келіп, суға түсуге шешіне бастайды. Әлгі кісі «сен суға түспе, түссең өлесің», - дейді. Ол мен өлмеймін, деп тыңдамай өзеннің арғы бетінен, біргі бетіне алма кезек жүзіп шығады. Тағы түсемін дегенде әлгі кісі арқан байлап жібереді. Өзеннің ортасына келгенде әлгі жігіт батып кетеді. Әлгі кісі арқаннан тартып шығарса, жігіт өліп қалған. Екі аяғы қып-қызыл екен. Бұны Үббенің ұстаған жері деп ұйғарады. Ал, Ерғали Қасымов деген қазақтың айтуынша, бұрынырақта Сырдария жағасында балық аулауды кәсіп еткен Зор-Теке деген кісі болған. Ол әрі жүзгіш болған, бес пұт астықты арқасына салып, Сырдариядан оп-оңай жүзіп өте берген. Бір күні Зор-Теке астығын арқалап, Сырдариядан жүзіп өтейін дегенде бір қария келіп, «балам, суға түспе, бағана сенің атыңды айтып, шақырды», - депті. Зор-Теке тыңдамай дарияға түсіп кетеді. Дарияның ортасына таман келгенде бір батып, бір шығып содан арғы бетке өтеді. Арқасындағы қабын жерге қойып, әлгі қарияға дауыстап «Ата, менің қатын балама сәлем айтыңыз, мына қаптағы астықты алып барып беріңіз», - деп қайта суға түсіп, батып кетеді. Зор-Текенің сүйегін халық таба алмаған соң, Қармақшы тұсындағы, Абла деген өткелдің аузына биік мұнара түрінде белгі орнатады. Қазақтар суға түскенде қорқыныш сезімде болса, Үббеге «маған тиме» деп айқайлаған. Сыр қазақтары арасында суға кеткен адамның сүйегін табу қиынға соққан жағдайда, суға кеткен адамның отбасынан әйел адамдар шашын жайып, өзен жағасына отырған. Бұл Үббені үркіту, сол арқылы сүйегін алу деген нанымнан туындаған. Болмаса, тапаға пісірілген нанды үгітіп, өзенге ағызған, нанға тойған Үббе суға алған адамның сүйегін қайтарады, - деген. Бұл ырымдар кейін келе жойылып кеткен. Сыр қазақтары Үббені «ұйықта» өмір сүреді деп сенген /10/.

Шайтанды да адам кейпінде қабылдаған. Үлкен кісілер осы күні де құдықтан су алуға барғанда алдымен суға тас лақтырады, сонда су ішіндегі шайтандар ұшып кетеді. Шайтан үйір болады деп, түнде су құйылған шелектердің бетін жауып жүреді.. Ертеректе күйеуі жолаушылап кеткен бір әйел, түнде есікті ілмей, іс тігіп отырған кезінде бір ер адам кіріп келіп: «жолаушы едік әйелім жолда босанғалы жатыр», - деп әлгі әйелді мола жаққа ертіп кетеді. Шындығында мола жақтағы жолда бір әйел босанғалы жатыр екен. Әлгі әйел толғақ қабылдайды. Баланы жуындыратын су жоқ болғасын әлгі еркекті үйінен су әкелуге жұмсайды. Ол беті ашық тұрған бір шелек суды алып келеді. Босанған әйел босандырған әйел қолына білезік салып, «сен мұны қайдан алғаныңды ешкімге айтпа, айтсаң өмірден кетесің», - дейді. Әлгі әйел күндердің күнінде қолындағы білезікке қызығушыларға қайдан алғанын айтқан. Сол күні әлгі әйел қысылып, қайтыс болған. Олар шайтандар екен. Бұл аңыз Сырдың төменгі ағысындағы Арал қазақтары арасында кең таралған. Осыған байланысты түнде судың бетін және есікті ашық қалдырмайды. Шайтан азғырады деп, әйел адамдар түнде жалғыз жүрмейді. Жын-шайтандар естіп қойса, ауру шықпай қояды, - деп қызылша, ісік сияқты аурулардың атын айтпайды /11/.

Сыр өңірі қазақтарының арасында тараған «демонологиялық» әңгімелердің қатарында Әзірейіл мен Жебірейіл туралы оқиғалар да көңіл аудартады. Соның бірін Қазалы ауданы, Құмжиек ауылының тұрғыны қарасақал Әбілтай Ерназаровтан экспедиция кезінде этнограф Досымбек Хатран мен әдебиетші Ақеділ Тойшанұлы жазып алған: «Әзірейіл, Жәбірейіл екеуі ел аралап жүріпті. Олар Алла тағаланың оң қолы ғой. Яғни, Алла тағаланың хақ бұйрығын орындаушылар. Екеуіне жолай бір ауылдан шыққан жігіт кездеседі. Әзірлейіл, Жәбірейіл, жолаушы жігіт үшеуі сапарлас болады. Амандық сұрасқан соң екеуі жігітке «Мына ауылда, екі бала бар, соның жанын аламыз, соған «барамыз» дейді. Ауылдың шетіне келсе, бір топ бала тақырда асық ойнап жатады. Асыққа таласып, бірі келесі баланы кенеттен ұрып қалады. Асық басына тиеді де, тиген бала тіл тартпай өліп қалады. Ол баланың шешесі келеді де ұрған баланы көсеумен қойып қалады. Ол бала да өліп қалады.

– Екеуі өлді ме?

– Екеуі де өлді!

– Онда, ал, қайттық – деп Әзірейіл мен Жебірейіл бұйымтайы біткен соң тағы да жолға түседі. «Енді алдыда бір ұл бар. Соның жанын аламыз” – дейді. Ауылға жақындағанда еріп келе жатқан жігіт «Менің жанымды қашан аласыңдар?», - дейді. «Сенің жаныңды айттырып қойған қызың бар. Соған үйленіп, той жасап, қасына жатқан күні аламыз!», - дейді. Жігіт «Ойбай, онда неғып тірі жүрейін. Қазір алыңдар», - дейді. Әлгі екеуі «Жоқ, алмаймыз. Сызығың біткен жоқ», - дейді. Кете береді. Сол күннен бастап жігіт санадан солады. Әке-шешесі айттырған қызды ал десе, алмай, қашқақтап жүре береді. «Шырағым-ау, алсаңшы, айттырып қойған қаншама қалың мал күйіп кетеді ғой», - дейді ата-анасы. Жігіт көнбейді. Бұл жайтты қыз да естиді. Ақыры жігітті шақырып алып, себебін сұрайды да «Сен қорықпа ол екеуінен, мені ала бер. Бір есебін табармыз», - дейді. Ақыры тойды жасап, келіннің бетін ашады, кешке қасына жатып құшақтаған кезде есікті «тық-тық» еткізіп әлгілер де қағады. Жігіт «Жаналғыш келді», - дейді үрейленіп. «А, жаналғыш келіп тұр дейсің бе? Барып аша ғой. Сіздерден бір тілегім бар, сол тілегімді орында да жанымды ала бер деп айт», - дейді келіншегі. Барып ашқан соң әлгілер «Жаныңды алғалы келдік», - дейді. «Ал, онда, жанымды алатын болсаңдар, мен сіздерден бір сұрақ сұрайын. Содан кейін жанымды ала беріңдер», - деген екен. «Сұрағың не?» дейді екеуі. Жігіт «Кеше жолдас болдық ғой біз. Менің жолдасақымды бер», - деген екен. “Не дейді?” депті де Тәңірге осы жайтты хабарлайды екеуі. Сонда Құдайтағала “Жолдасақыға ол не сұрайды?”, - деген екен. Сонда жігіт үйіне кіріп шығайын дейді де әйеліне келіп «Жолдасақыға не сұраймын?», - деген екен. Әйелі «Жүз жас сұра» деген екен. Содан жігіт қайта шығып «Жолдасақыға жүз жас бер!» , - деген екен. Әлгілер «Әумин» деп, жүз жас берген екен дейді. Содан бастап осы мысалдағыдай біздің аталарымыз жүз жасайтын болыпты. Біздің бір Қарасақал атамыз 105 жас жасап, қайтыс болды. Менің әкем 1993 жылы 99 жасында дүниеден өтті» - дейді Әбілтай Ерназаров қария /12/.

Сыр бойы қазақтарының табиғат күштеріне деген наным-сенімдерінен байырғы көне мифтік, анимистік сенімнің барын табиғат күшіне қарсы «тасаттық» берулерінен байқауға болады. Тасаттықты ауыл ақсақалдары ұйымдастырған. Қазақтардың байырғы нанымындағы желдің иесі саналған тылсым күш Жалаңаш ата. Қазақтар нанымында ол үстіне киім кимей жалаңаш жүріп, ылғи жортып жүретін ыстыққа күймейтін, суыққа тоңбайтын, қыста қарды оранып жатып, жазда ағаш-шөпті тасалайтын күш. Астық дәнін суырып, тазалайтын уақытта жел болмаса қазақтар Жалаңаш атаға ысқырып хабар берген. Қатты қуаңшылық, тымырсық болып, жаңбыр жаумай, жаздың аптабы өтіп кетердей болған жағдайда да қазақтар тасаттық беріп, желді шақыру мақсатында Жалаңаш атаға сыйынып өлең оқыған. Желді шақыру мақсатында оқылатын өлең үлгісін Ә.Диваев шамамен 1883 жылдары Перовск уезі, Қысбөгет болысының қазағы Пірмұхамед Тойтановтан жазып алып жариялаған.

«..Уа Жалаңаш ата, шақыр, шақыр,

Қара боран күшімен, желді шақыр.

Қара бұлтты қақ жарған

Тау басындағы қалпақты ұшырған,

Ұйытқып соққан желді шақыр

Уа, Жалаңаш ата,

Ысқырып та шақырамын,

Шығыс, батыстан ұйытқып соқ.

Тау шыңынан ұйытқып соқ.

Қаһарланып шығыстан соқ.

Сен келмасең көмекке,

Сабаным қалды ұшырылмай

Үпелек та қалды ұшпай

Жемім қалды желпінбей...»,- деп дауыл соқтырушы күш Жалаңаш атаны шақырған /13/.

Сыр бойында үздіксіз соққан жел құмды аспанға дейін ұшыратын кездері қазір де болып тұрады. Оңтүстік қазақтарының байырғы нанымындағы боран соқтырғыш тылсым күш иесі - Ақшаш кемпір. Ә.Диваев «Поверье» атты мақаласында «чал-мама» деп аударып берген. Үздіксіз бірнеше күн жел соққан кезде халық боран иесіне қарсы күрескен. Ә.Диваев 1891 жылы Шымкент уезінде болған сапарында үздіксіз соққан желді тоқтату мақсатында оқылатын өлең үлгісін жазып алып жариялаған. Әйелдер, кемпірлер ұйытқып соққан боран егін басын қисайтып, тіпті ұшырып әкетуін тоқтату мақсатында қолдарына түрлі-түсті мата байланған таяқ алып, дауыл соқтырушы көрінбейтін шашы жалбыраған ақ шашты кемпірге қарсы шығады.

«Ақшаш кемпір, ақшаш кемпір,

Орын таппай тыпырлайсың ақшаш кемпір,

Жыра-жылғаға қуалап әкетесің

Ақшаш кемпір, ақшаш кемпір.

Жерге берік тұрған тасты қозғалтасың,

Бұршақтың гүлін ұшырасың,

Мен сенің ашуыңды басайын,

Соқпа қатты, бораныңды басайын

Жиналыңдар, халайық,

Құдай көмегімен желді қуайық»- деп халық «құдай жолына» тамақ үлестіріп, тасаттық жасайды /14/. Тасаттық берілгеннен соң әдетте боран басылып, желдің соғуы баяулаған.

Әскери саяхатшы П.И.Пашино Жөлектен 20 шақырым жердегі Сырдарияның Көкиірім атты жерінде болып, сол жердегі қазақтардың қаскүнем күштерге сенушіліктерін бақылай отырып, жергілікті қазақтардың су перісі, боран, дауыл иесіне, түнде жүретін қаскүнемдерге сенуін, олардың күнделікті өмірінен көрініс тауып жататындығын, ескі шамандық діннің қалдықтарының өмір сүруімен байланыстырады /15/.

Сыр қазақтарының этнографиясындағы ерекшеліктер хайуанаттардың қасиеті мен кеселі туралы аңыздардың ұрпақтан-ұрпаққа тарап, олардың осықасиеті мен кеселіне сенуі болып табылады. Сыр қазақтарының сеніміндегі мифологиялық аңның бірі - зарап. «Зарап деген аңның сідігі у екен. Ол бір ормандағы бүкіл аңның бәрін құртады екен. Зарап аңдарға шабуыл жасарда ұзын құйрығын жиырып бүктейді екен. Сол кезде құйрығының ұшында шұқыршақ пайда болады. Сол шұқыршаққа сиеді екен де ана уды төкпей-шашпай айуанаттарды қуады екен. Жеткеніне шашып жіберсе, бір тамшысы тисе, сеспей қатады. Сондай заһарлы аңды Зарап деп үлкендер айтып отырғанын естідік. Ол бірдеңеге жамандық жасағысы келсе, құйрығын ширатып, орайды да шұқыр жасап, соған зәрін құяды да қуады»; «Жауырыны, арқасы биік нардың арқасы тәрізді атты мұзбел дейді. Мұзбел ұзақ шабысқа жарайтын жылқы дейді»,- деген әңгімелерді Қосан Әуесбаев ақсақал жеткізді.

Сыр қазақтары өрмекші қонақтың келуінен белгі береді, деп өлтірмеуге тырысады. Сондай-ақ, үйге кірген жыланды көрсе, қарғысқа ұшыраймыз, - деп ақ құйып шығарады. Сыр қазақтарының сенімінде жылан ордалы болады. Өлтірген күнде жетіге бөліп жеті жерге көмсе де, жер астынан бір-біріне қосылып алады, - дейді. Бұл наным өрмекші мен жылан пайғамбардың жүзін көрген айуандар болуымен байланысты туындаған. Бұл жайында информатор Қосан Әуесбаев келесідей аңызды айтады: «Діни кітаптарда Мұхаммед пайғамбардың жүзін көрген адамдар мен айуандар тозақ отына күймейді деген тәмсіл бар. Бір жылан Алла тағалаға мінәжат еткен: «Ақырғы пайғамбардың жүзін көрсем» деген соның тілегін қабыл етіп, Алла тағала «Пәлен жердің пәлен деген тауында үңгір бар. Пайғамбар қасында бір жолдасымен сол тауға түбінде бір кіреді» деген екен. Жылан сол үңгірде күтіп жатып, пайғамбардың жүзін көру үшін көптеген тесік тесіп, ін жасаған екен. Күндердің күнінде пайғамбар үңгірге келіп кіреді. Қасында бір досы бар. Екеуі келіп кірсе, артында бір қуғыншы келе жатыр. Қуғыншының құмырсқаның ізін шығаратын ізшісі бар екен. Айтады, осы үңгірге кірді деп. Өрмекші деген жәндік бар. Ол да Мұхаммед пайғамбардың жүзін көрмекші-ау, енді. Пайғамбар кірісімен, өрмекші үңгірдің аузына өрмегін тоқып жөнеледі. Ізші келіп, көріп: «Мұхаммед пайғамбар осы үңгірде» дейді. Сонда жаудың патшасы айтады: «Әй, ол осында болса, анау өрмекшінің өрмегін бұзып кірмей ме?! Сенікі өтірік”- деп ананың сөзіне сенбейді. Баяғы жылан сол үңгірге адам кіргенін байқайды. Ол «Пайғамбар келген шығар” деп, көруге ниет етіп, баяғы дайындап кеткен тесіктің бәріне барса, бәрі шүберекпен тығындалған екен. Себебі, пайғамбардың қасындағы досы тесіктің бәрін киімін жыртып, бітеп, сақтық жасаған екен дейді. Сонда бір тесікті бітеуге киімдері жетпей қалған екен де, сол тесікті алақанмен жауып тұр екен дейді. Барлық тесікті жылан тіміскілесе, бітеу. Ақыры жылан бостау тесік осы деп шағып алса, ол әлгі пайғамбардың досының алақаны болады. Жыланның уы тиген соң, жолдасы шырқырап, дамылсызданғанда пайғамбар шаққан жарақатты сорып ап, жерге түкіре берген екен. Сол жерге соңынан көкнәр деген шөп шыққан деп үлкендер айтып отырады. Әлгі жылан пайғамбардың жүзін көрмек-ау, шамасы, бірақ «Мен өмір бойы күткен қонағыма қастық қылдым» деп өкініп, басын тасқа ұрыпты деседі /16/

Сыр қазақтарының арасында «Суырды «балпық» деп атап, кірпік шешен, тасбақа (қайырымсыз адам болып тас төңкеріліпті) үшеуі адам екен, қарғыс алғаннан болып, қайуанға айналған», - деген де әңгіме бар, яғни бұлар бұрын адам болғаннан соң, олар адамға еш зиянсыз, дейді.

Ертедегі адамдардың дүниетанымында құс – жоғары әлемнің бейнесі, аспан тәңірімен тілдесіп тұратын, көк пен жерді байланыстыратын күш ретінде қаралған. Сондықтан ертедегі адамдар оны өзіне тотем санап табынған. Мәселен, қазақ қыздарының, сал-серілерінің тақиясына тағылатын үкі қауырсыны, көктің, яғни үстіңгі әлемнің көрінісінің белгісі. Жалпы құс қауырсындарын төбеге қадау арқылы ертедегі адамдар аспан әлемін шартты түрде кескіндеген, өзінің көкке, тотем санаған объектісіне деген құрметін білдірген. Сыр қазақтары үкі шоғын бесікке, кілемге, шымылдырыққа, үкі қанатын қабырғаға ілінген кілемнің жоғарғы жағына іліп қоюы да үкінің қасиетіне сенумен тығыз байланысты. Жыртқыш құстың белгілері адамға күш-қайрат берумен қатар тіл-көзден, біреудің сұқтануынан сақтайды. Ертеректердегі адам аттарының Қаршыға, Бүркітбай, Лашын, Сұңқар, Үкібай, т.б деп қойылуы да көне сеніммен байланысты.

Қорыта айтқанда, қазақ жерінің басқа өңіріне қарағанда Сырдың төменгі ағысы бойын алып жатқан Тереңөзек, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Арал өңірлерін қоныстанған қазақтар арасында байырғы салт-дәстүрлердің көпшілігінің қаймағы әлі бұзылмаған. Мұның себебі - Сырдың төменгі ағысында негізінен қазақтар қоныстанып, басқа ұлт өкілдерінің санының өте аз болуымен, орыс отаршылдығының тісі батса да, қазақы дәстүрін мықты сақтап қалғандықтарында. Сыр қазақтарының наным-сенім, ырым-тиымдары күрделі, олардың қайсысы болмасын күнделікті өмірмен тығыз байланысты қалыптасқан. Қызылорда, Шымкент қазақтарын, яғни оңтүстіктің қазақтарын басқа өңірдің адамдарының «ырымшыл» деп танитындықтары жасырын емес.


ӘДЕБИЕТТЕР

1. Диваев А. Баксы. Этнографические материалы. Вып. Ү. Ташкент. 1896.; Кастанье И. Из области киргизских верований // Вестник Оренбургского учебного корпуса. – Оренбург. 1913. №4, 112-124 бб, №5, 149-166 бб, №6 187-196 бб.

2. Миропиев М. Демонологические рассказы киргизов собраные и переведенные Том Х. Вып ІІІ. – Спб. 1888.; Кустанаев Худабай. Этнографические очерки киргиз Перовского и Казалинского уездов. – Ташкент. 1894. – 52 стр.

3. Полярков О. Из области киргизских верований. Этнографическое обозрение. Книга ХІ. – С. 41.

4. Наливкин В., Наливкина М. Очерк быта женщины оседлаго туземного населения Ферганы. – С. 146.

5. Ибрагимов И. Киргизы: этнографические очерки // Туркестанские ведомости. 1872. №1, 7, 8.

6. Миропиев М. Демонологические рассказы.... - С. 13-14.

7. Костанаев Х. Этнографические очерки киргиз Перовского и Казалинского уездов... – С.42.

8. Диваев А. Баксы в жизне киргиз // Известия Общества Археологии, Истории и Этнографии при Императорском Казанском Университете. Т.ХҮ. Вып. 3. Казан. 1899.; Демонологические рассказы киргизов. Собранные и переведенные М.Миролиевым ..... - С.15-16.

9. Дерек беруші: Аязбаева Үрімхан. Арал қаласы, 1932 жылы туылған, руы жақайым.

10. Дерек беруші: Әбілтай Ерназаров. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Құмжиек ауылы. 1939 жылы туылған, руы қарасақал.

11. Диваев А. Поверье, призыв ветра // Туркестанские ведомости. 1892. №41. – С.201.Диваев А. Поверье // Туркестанские ведомости. 1891. №25. – С.98.

12. Диваев А. Поверье // Туркестанские ведомости. 1891. №25. – С.98.

13. Пашино П.И. Туркестанский край в 1866 году. Путевые заметки. – СПб. 1868. – 55 б.

14. Дерек беруші: Қосан Әуесбаев. Қызылорда облысы, Тереңөзек кенті, 1931 жылы туған, руы табын.
ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы қазақтардың тылсым күштер мен қаскүнем күштерге қатысты наным-сенімдері, сондай-ақ мифологиялық аң-құстардың адамдарға тигізетін әсерлері мен кеселдері қарастырылған.


РЕЗЮМЕ

В статье расматриваются поверъя казахов нижнего течения Сырдарьий о духоах и небесных силах как албасты, джин, уббе и т.д., и распространении рассказов и легенд, связанных с демонологическими силами.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет