Қазақ мемлекеттік қыздар


ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ КИІЗ ҮЙ ӨҢДЕУ КӘСІБІ



бет14/20
Дата05.11.2016
өлшемі4,28 Mb.
#400
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   20

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ КИІЗ ҮЙ ӨҢДЕУ КӘСІБІ
Кенжетаева Г.Ж.-ізденуші(Алматы қ., ҚазмемқызПУ)
Ағаш өңдеуді кәсіп еткен шеберлердің ішіндегі аса іскерлік пен қыруар еңбекті керек ететін түрі – киіз үй сүйегін жасайтын үйшілер ісі.

Киіз үй сүйегі, яғни керегесі мен уықтары, көбінесе, өзен жағасында өсетін әр түрлі талдан жасалады. Мәселен, оған республикамыздың әр өңірлерінде өсетін талдардың көк, қара, боз, құба, сәмбі сияқты түрлері пайдаланды. Тал, халық тәжірибесі бойынша, киіз үй сүйегін жасауға ең қолайлы ағаш түрі деп танылған. Біріншіден, жиі өсетін тал тоғай ішінен кереге мен уыққа жарайтындарын таңдап алу қиынға түспейді; екіншіден, өңдеуге өте қолайлы және одан бабымен кептіріліп жасалған уық-керегелер өте жеңіл және берік болады. Сонымен қатар қалаталы қазақтар үйшілерге киіз үй сүйегін түгелдей қайыңнан жасатқан. Әдетте, қайыңнан жасалатын үйлердің көлемі үлкен болумен бірге, оның сүйегі де салмақты және өте берік. Қайыңнан жасалған кереге-уықтарды мұқият өңдеген соң, оны боямайды. Өйткені, ағаштың жылтырата өңделген табиғи түсі үй ішіне аса ұнамды рең беріп тұрады.

Киіз сүйегіне жарайтын ағашты, көбенесе үйшілердің өздері ерте көктемнен бастап әзірлеп, кемінде бес-алты ай, кейде, тіпті жыл бойы көлеңкеде кептіреді. Киіз үй сүйегіне арналып дайындалатын ағаштың ұзындығы мен жуандығы кереге-уық жасауға жарамды болуы қажет, ал олардың қисықтығына онша мән берілмейді. Шаңырақ үшін дайындалатын қайың мүмкіндігінше түзу, бұтақсыз болуы қажет. Кейде, мұндай ағаштар тым жуан болса, оларды кесіп, ұзынынан жарып, ыңғайлап шауып қояды. Үй ағашын кесіп, бұтақтап, қабығын сыдырады. Бұлай етудің өзіндік себептері бар. Біріншіден, жаңа кесілген жас тал мен қайыңның қабығы оңай сыдырылады, көп еңбекті қажет етпейді; екіншіден, қабығы алынбаған ағашты көлеңкеге жиып қойса, ол дұрыс кеппей, қабық астында құрт пайда болып, ағаш борсып, шіри бастауы ықтимал. Сондықтан, кесілген ағашты жылдам аршып, бас-аяғын тегістеп отап, керегеге жарайтындарын бір бөлек, уыққа арналған әлдіректерін бір бөлек 20-30 ағаштан бір-бір бума жасап, көлеңкеге бірінің үстіне бірін жинай береді. Мұндай бумаларды, әдетте, сыдырылған тал қабығының өзімен-ақ буады. Үй ағашын осылайша бумалап кептірудің де өзіндік себебі бар. Біріншіден, тасымалдауға ыңғайлы; екіншіден, көлеңкеге жиналған көп бумалардың бәрін дұрыс, біркелкі кептіру үшін оларды әлсін-әлсін аударып, астын үстіне, ортасындағысын шетіне шығарып қозғап отырады. Ал, барлық бумаларды бір шамада жел қақтырып отыруға немесе шыжыған ыстықтарда ағаш тез қурап, жарылып кетпеу үшін оларға су бүркетіндей етіп бумалап жинау тым қолайлы болады. Осындай әдіспен әбден кепкен үй ағашын үйшілер «қақсал кепкен ағаш», – дейді және ол жоғары бағаланады /1/.

Үйшіге қажетті жабдықтар: тез, сықырауын, жонғы, қуыс жонғы, тісті жонғы (сызғы, ыруыш), тесе шот, шапашот, балта, қашау, қол ара, ою пышақ, үскі сияқты саймандармен бірге кереге, уық, және шаңырақ жасауға арналған әр түрлі қарапайым қалыптар мен кепкен ағашты жібітуге арналған қоз, мор, обын атанатын ыстық «пештердің» де болуы аса қажет. Осы айтылған саймандар мен жабдықтардың барлығын да тәжірибелі шебер үйшілер, көбінесе, талғамдарына сай етіп, өздері жасап алады.

Тез - үйшінің ең басты, негізгі құралдарының бірі. Тезді, көбінесе, сүйегі ауыр, тығыз және жарыла қоймайтын мықты қарағаш, қайың және жиде ағаштарының (ұзындығы 80-100 см) жуан кесінділерден жасайды. Тез жасау үшін мүмкіндігінше ағаштың қатар өскен екі мықты бұтағы бар түсын таңдайды. Өйткені, бір метрдей жерінен кесілген екі бұтақ сүйірлеу ұштарымен жерге кіре тездің бір басындағы екі аяғының рөлін атақарады. Ал, екінші басын қолдан жасалған, жерге мықтап орнатылған арнайы аша ағашқа жатқызады.

Сықырауын – міндетті түрде әбден кепкен, жуандығы білектей, ұзындыгы 1,5 метр шамасындағы қайыңнан жасалады. Сықырауынның бір жақ тегістелген жуан басын «алақан», үйшінің жамбасына дәл келетін орта тұсын «жамбастық», ал, жіңішке ұшын «тұтқалық» деп атайды /2/

Әбден кепкен үй ағашын тезге салып түзету үшін, ең алдымен, оларды от қызуына қақтап, балқытып алу керек. Ол үшін үй ағаштарын арнайы жасалатын «мор», «обын», «қоз», сияқты «пештерге» салады.

Үйші жұмысқа кіріспес бұрын неше қанат үйдің сүйегін жасайтынын біліп, соған қарай дайындалған ағаштарының қажеттерін іріктеп, ыңғайлайды. Біреулерге тым сәнді, әшекейлі үй қажет болса, енді біреулерге қарапайым баспана болса болғаны. Осы жағдайлардың бәрі үйші еңбегіне айтарлықтай әсерін тигізеді.

Киіз үй сүйегінің ең күрделісі де, қыруар еңбекті қажет ететін де кереге болғандықтан, үйші ең алдымен кереге сағаналарын дайындауға кіріседі. Ол үшін алдын ала дайындалған қозға немесе мор мен обынға, керегеге арналған ағаштардың он шақтысын салып, әбден жұмсартады. Қозда жатқан ағаштарды біртіндеп алып өңдеуге кіріседі. Одан соң ағаштың жуан басының екі жағын түзу жонғымен тегістейді, тісті жонғымен ыру сызықтарын жүргізеді. Кереге сағаналарының қалғандарын түгелдей қуыс не ойыс жонғымен жұмырлай жонады. Жону, түзеу жұмысы біткен соң тезге салу арқылы кереге сағаналарына арнайы мүсін беріп, әр жерінен белгілі мөлшерде иіндер жасайды. Осының нәтижесінде кереге сағанасының басы сәл шалқақтау болады, мойын тұсы ішке еніңкі, бүйірі сыртқа теуіп шығыңқы келеді. Ал, бір жағы біртіндеп ішке тартып, төменгі ұшы тіп-тік келуі қажет. Кереге сағанасын тігінен қойғанда оның басы мен етегінің ең төменгі ұшы бір түзу бойында болуы шарт. Мұның өзі киіз үй сүйегінің орнықты және берік, әсіресе, киіз үйдің салмағына керегенің шыдамды болуының басты шарты.

Қазақстанның барлық аймақтарында киіз үйдің ең көп тараған негізгі түрі – алты қанат үй. Алты қанат үй дегеніміз – алты керегелі үй деген сөз. Сонда үйдің үлкен-кішілігі оның қанат санымен анықталады. Қанат санына қарай кереге бастарының саны, кереге басына қарай уық саны әр түрлі болып келеді. Мұнымен бірге, кереге көздерінің үлкен-кішілігіне қарай тор көз кереге (жұдырық сиярлықтай ғана) және жел көз кереге (қос жұдырық сыярлық кең көзді) болып екіге бөлінеді. Олай болса, тор көз және жел көз керегелі киіз үй сүйегінің кереге басы, оған қарай уық саны да әр түрлі болады /3/.

Көп қанатты үлкен үйлердің сүйегі салмақтырақ болады. Үйдің көлемі үлкейген сайын жауын-шашын, дауыл, құйын кездерінде үй сүйегіне сырттан түсетін күш те көбірек. Сондықтан, өз салмағы мен сырттан түсетін табиғи күштердің тегеурініне үлкен үйлердің сүйегі төтеп беретіндей орнықты, әлді болуы қажет. Тор көзді үлкен үйлердің сүйегінің жасалуы күрделі, бағасы да қымбатқа түсетіндіктен, оларды кезінде ауқатты адамдар ғана жасатты. Ал, жел көзді шағын үйлердің сүйегі жеңіл, жасалуы оңай, бағасы да арзан болғандықтан, орта шаруалар қауымының басым көпшілігі осыны қанағат етті. Алты қанат киіз үйдің бір тор көз керегесіне жұмсалатын сағаналардың үлкенді-кішісін түгел қосқандағы жалпы саны 42 шыбықтан тұрады. Оның ең ұзын ерісінің саны 18 болса, қалғандары сағанақ атанады да, қос-қостан барған сайын қысқара береді. Оның жалпы саны 24-ке жетеді. Кереге ерісінің ұзындығы 2 метр болса, сағанақтың ең ұзындары 1,6 метр, ең қысқалары 30 сантиметр шамасында болады 4, 28 б./.

Жасалып жатқан киіз үй сүйегінің керегелеріне жетерліктей түгел сағаналар түзетіліп, жонылып, мүсінделіп, ырулар жүргізіліп болған соң, олардың барлығына да көк өткізетін көздер тесіп шығу қажет. Әрбір кереге сағасына қанша тесік жасалатындығы керегенің тор көз не жел көз болып жасалуына байланысты. Керегенің басы қанша болса, кереге қанатында жоғарыдан төмен қарай сонша көз бар, ал әрбір кереге ерісінің соншама көк тесігі жасалады.

Кереге сағаналарының көгі мен уық алақандары тесіліп болған соң, оның әрқайсысы майда түрпі, темір қырнауыш немесе шыны сынықтарымен мұқият өңделіп, көбінесе, жосамен боялады. Ал, шамасы келгендер кереге мен уықтарды түгелдей қызыл, жасыл, көк түсті май бояулармен боятады, содан олар сырлы үй атанады. Тек қайыңнан жасалған киіз үй сүйегін мұқият өңдегеннен соң өсімдік майын неше қайтара сіңіре жағады.

Кереге мен шаңырақ арасын біріктіріп, киіз үйдің төбесін шығарып тұратын иінді ұзын ағаштарды уық деп атайды. Бір үй сүйегіне арналған уық саны кереге бастарының жалпы санына тең болады. Олай болса, уықтың саны да, әрқайсысының ұзындығы да, әлділігі де, киіз үйдің көлеміне, яки қанат санына, керегенің тор көз не жел көзділігіне тікелей байланысты болады. Әдетте киіз үйдің маңдайшасына алты уық байланады. Сонда, кереге бастарының санына 6 маңдайша ұяларын қосып, жалпы уық санын есептеп шығару қиынға түспейді. Орта есеппен 6 қанат үйдің уығының ұзындығы 12-13 қарыстай болады. Қанат саны өскен сайын уықтың ұзындығы да арта түседі. Мәселен, 8 қанат үйдің уықтары 15-16 қарысқа дейін барады. Уық иіні иінділеу келсе, яғни 130°–135° доғал бұрыш шамасында болса, үй төбесі күмбезделіп шығады, ал иіні аздау болса, яғни 145°–150° доғал бұрыш шамасында болып, уық алақаны қысқалау келсе, үй төбесі конус тәрізді шошақтау болады. Жетісу өңірінің киіз үй уықтары иінсіздеу, шаңырағы шағындау келеді де, үй төбесі қалмақ үйі тәрізді шошақтау болады екен, ал республикамыздың қалған өңірінде уық иіндірек, шаңырақ көлемділеу болады да, үй төбесі күмбез тәрізді жалпақтау келеді /5/.

Уықтың ұзынына қарай оны қазақ халқы төртке бөледі: алақаны – кереге басына байланып бекітілетін жалпақтау түбі; иіні – алақанға жалғаса иірілетін тұсы; қары - иіннен ұшына дейінгі оқтығы; қаламы – шаңырақ тесігіне еніп тұратын уықтың төрт қырлы ұшы. Төрт қырлы уық қаламын шапашот және түзу жоңғы арқылы теп-тегіс етіп шығарады. Оның біркелкілігіне мұқият көңіл бөледі.

Қалыптасқан қазақ шаңырағы – киіз үйдің төбесін шығарып тұратын шеңбер. Шаңырақты, көбінесе, тұтас немесе 2-3 бөлек қайың кесіндісінен, кей жерлерде қара талдан да жасайды. Шебер үйшілер шаңырақты тұтас ағаштан да, екі не үш бөлек кесінділерден де жымын білдірмей, дөп-дөңгелек етіп иіп жасайды. Ел арасында ең жиі кезедесетін шаңырақтардың диаметрі 1-1,8 метрдей, кейде 2 метрге де жететін шаңырақтар болады. Шаңырақ ағашын шаппа шотпен ыңғайлап, астыңғы бетін шығара шауып, жоңғымен мұқият тегістеп болған соң, оны құрым киізге орап, дымқыл жерге көмеді, содан он шақты тәуліктен соң, шаңырақ ағашы өз бойына жеткілікті ылғал тартып үлгерді-ау дегенде, оны қазып алады. Осыдан кейін үстіне себілген су бойына сіңген кезде дайын тұрған қозға көмеді. Ыстық қозда бие сауым уақыт (1-1,5 сағаттай) жатып әбден жібіген шаңырақ ағашын кірпіштен не ағаштан арнайы жасалатын қалыпқа салып иеді. Мұндай арнайы шаңырақ қалпын байтес дейді. Шаңырақ тоғынының жалғасатын екі басын астастыру ісі де осы қалыпқа кигізіп қойып жасалғанда оңай орындалады /4, 25 б./.

Шаңырақтың төбесін шығарғанда түндікті төмен түсіріп алмас үшін оған күлдіреуіш орнатады. Шаңырақ шеңберінің диаметрімен бірге жоғары қарай көтеріле иіліп, бір-бірін дәл ортасынан кесе өтетін шыбықтарды күлдіреуіш дейді. Күлдіреуіштің әр қатарында 3-тен 8-ге дейін шыбықтар орнатылады, оларды арнайы жасалған қарғаша немесе бақалақ деп аталатын кепіл ағаш тесіктерінен өткізеді. Кепіл ағаш саны әр күлдіреуіштер тобында екіден не төрттен жасалады. Күлдіреуіштің бұлайша жасалу тәсілі – қазақ арасында ертеден келе жатқан дәстүрлі өнер.

Оңтүстік Қазақстанда шаңырақ күлдіреуішін жасау тәсілінің кейінірек қалыптасқан басқаша түрі де кездеседі. Оны халық табақты күлдіреуіш дейді. Шаңырақтың төбесін алақандай табақ тәрізденген қалың дөңгелек тақтай шығарып тұрады, 5-6 имектеу күлдіреуіштер оны шаңырақ шеңберімен біріктіреді. Табақтың төменгі бетінің ортасында шаңырақ көтергенде бақанның басын тірейтін саяздау ұя жасалады, оның айналасына ою-өрнек ойылады. Күлдіреуіштің мұндай түрін жасау оңай-ақ, бірақ көркемдік және беріктік жағынан дәстүрлі күлдіреуіш түрінен әлде-қайда төмен. Көпішілік бұқараға арналған шаңырақтарға еш қандай әшекей жасалмайды, тек жосалаумен ғана шектеледі. Ою-өрнектер, негізінен, геометриялық, символдық, өсімдік және зооморфтық мотивтер элементтерінен тұрады. Шаңыраққа ою-өрнек жүргізетін құралдың негізгісі үшкір пышақ сияқтанып темірден соғылатын арнайы аспапты қобы дейді. Шаңырық бөлшектерін сырлау, оюлаумен бірге күмістеу, сүйектеу тәсілдерімен де көркемдейді /6/.

Киіз үйге арналған дәстүрлі «сықырлауық» ағаш-есік: екі ашпалы есіктен, маңдайшадан, екі босағадан және табалдырықтан тұрады. Осы есік бөлшектері бөлек-бөлек жасалады, керек болған жағдайда арнайы жасалған тетіктері арқылы үйлесе бірігіп, біртұтас «сықырлауық» есік болып шыға келеді. Аталмыш есік бөлшектерінің бір-бірімен шегесіз біріктірілетіндігі көші-қон кезінде қолайлылық туғызады. Киіз үй есігінің биіктігі тігілген үйдің керегесінің биіктігіндей, яғни орта есеппен 170-175 см, ал ені 120-122 см шамасында болады. Маңдайшаның ені 10-12 см, екі босаға мен табалдырық ендері 7-8 см. Маңдайша, босаға және табалдырық ағаштары жарылмай кеткен, бұтақсыз қайыңнан шабылады. Оның астыңғы жағының, табалдырықтың үстінгі жағының екі бастарынан қос босағаның бас-аяқтары сұғынып тұратын түзу бұрышты екі ұя болады. Ал, екі ашпалы есіктердің топсасы есебінде олардың босаға жағының, жоғарғы және төменгі шеттерінен маңдайша мен табалдырықта арнайы жасалған дөңгелек ұяларға кіріп тұратын «сықырлауық» атты жұмыр дөңестер шығарылады. Бұл жұмыр дөңестер маңдайша мен табалдырық ұяларына кіріп тұрады, есікті ашып-жапқанда сықырлаған дыбыс шығарады. Киіз үйдің екі ашпалы ағаш есігінің «сықырлауық» атануы, бәлкім, осыдан да болар /4, с.95/.

Дәстүрлі киіз үй сүйегінің құрамына тікелей енбегенімен, міндетті түрде шебер жасайтын қажетті бөлшектің бірі – адалбақан. Оны үйшілер ағаштан жасаса, ұсталар темірден жасайды. Кейде, ағаштан жасалған адалбақанды күмістелген темір ілгектермен, тағы басқа әшекейлермен де безендіреді. Оның металдан жасалатын қосымша бөлшектерін, көбінесе, үйшілердің өздері-ақ, кейде ұста-зергерлер де істейді. Адалбақанның ағаштан жасалатын негізгі бөлігінің ішкі беттеріне ою-өрнек жүргізіліп көркемделеді. Ауқатты адамдар жұмырланып шабылған адалбақанның сыртын түгелдей былғарымен қаптатып, ілгектермен күмістеп, темірден салғызады.

Сөйтіп қазақтағы үйшілер өнері сонау көне замандардағы көшпелілік өмір салтына байланысты қалыптасып, ғасырлар бойы даму, жақсару үрдісінің нәтижесінде шынайы халықтық өнер дәрежесіне жеткен. Үйші өнері XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында нағыз үй кәсібіне айналды. Онда еңбек бөлісінің нышаны да бой көрсете бастады. Арнайы зерттеулеріне қарағанда, XIX ғасырдың соңында жәрмеңкесі жақын немесе қалалар төңірегіндегі ел арасында, әсіресе, ағашы мол жерлерде киіз үй сүйегін жасаудың өзі – «керегеші», «уықшы» және «шаңырақшы» сияқты мамандықтарға бөлінген. Киіз үйдің жоғарыда көрсетілген негізгі құрамдарын жасауда көп өзгешеліктер болмаған.
ӘДЕБИЕТТЕР

1.Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. Алматы, 1969. 26 б.

2.Муканов М.С. Казахская юрта. Алматы, 1981. С.47-48.

3.Тәжімұратов Ә.С. Шебердің қолы ортақ. Алматы, 1977. 96 б.

4.Арғынбаев Х.А. Қазақ халқының қолөнері. Алматы, 1987. 128 б.

5.Маргулан А.Х. Казахская юрта и ее убранство. М., 1961. С.5.

6.Муканов М.С. Казахские домашние художественные ремесла. Алматы, 1979. С. 48.
РЕЗЮМЕ

В статье рассматривается особенность производства традиционного казахского переносного жилища – юрты. Показывается также процесс изготовления всех ее составных частей народными мастерами.


ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада қазақ халқының көшпелі өміріндегі киіз үйдің орны және оның құрылымындағы ерекшеліктермен қатар оны жасаудағы ағаш шеберлердің жұмыстары қамтылған.




ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЗАҢДАРЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ
Қозғамбаева Г.Б. т.ғ.к., доцент м.а.(Алматы қ., ҚазқызмемПУ)
Қазақ әдет-ғұрып заңдарының жалпы мазмұнынан көне дәуірлер туралы елес береді. Евразия көшпелілерінің мемлеттілігі тарихта талай рет өрлеу, талай рет құлдырау дәуірін бастан кешті. Тарихи уақытты қабылдау циклдік жүйеге құрылғандықтан белгілі бір уақытты бір адаммен байланыстырады. Ерте дәуір сақ-ғұн кезеңіндегі тарихи уақиғалар, орта ғасырлар Жошы, Әз Жәнібек, Асан қайғы, Едіге аттарымен, бертінгі уақытта Қасым хан, Есім хан, Тәуке ханмен тікелей байланысты жүйеленеді.

Түп тамыры көне дәуірге бастайтын қазақ мемлекеттік құрлысы да, заңдары да ХVIII ғасырда Тәуке хан атымен байланыстыратыны сол себепті.

Қазақ шежіресі сақ, ғұн, ашина-түркілері өз-ара жалғасқан байланыстардан тұрады. Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих», Әбілғазы бахадұр ханның «Түрік шежіресі» және «Оғыз нама» дастанына қарасақ, бұл заман Евразия даласында көшпелілердің империя құрған, тұтас билігі жүрген, әлем халықтарын тізе бүктірген /1/.

Орталық Азия мен қазақ даласындағы халықтардың әдет-ғұрып заңдары туралы алғашқы жазба деректер ғұн дәуірінен бастау алады. Қытай жылнамаларын қарап отырып б.э.д. III – II мың жылдар бұрын Арқа мен Алтай арасында көшпелі тайпалардың тұрмыс – тіршілігі мемлекет пен құқық туралы түсініктері туралы хабар аламыз.

Мөде шаньюйдің баласы Лаушан-гию Қытай патшасына жазған хатында ғұндардың қолдануға жеңіл және ыңғайлы заңдары бар. Көшпелілердің заңын орындаудан бас тартқандары, өлім жазасына кесіледі, ал ұрлық, адам өлтіру сияқты қылмыстарды билердің өздері құн төлеу, немесе кек қайтару арқылы шаньюйге жеткізбей шешті. Құн орнына жылқы мен қойдан төледі. Ал енді қашқындар мен сатқындарды ешкім де өз көшінде сақтауға болмайды. Оларды құмға қарай қуады, ол жерден тірі қайту мүмкін емес /2/.

Ғұн заңдарының көпшілігі қылмысқа қарсы өлім жазасын ұсынғанымен, ұрлықтың өзін кісі өлтірумен қатар қойып, өлім жазасын талап етсе де, бұл жазаның бәрінен де құн төлеу арқылы құтылу мүмкіндігін қарастырады. Қылмыс жазасы қашанда малға шағылады, - бұл да көшпелілер өміріндегі шаруашылық қауымның орнын күшейтеді. Ғұн заңдарының екінші ерекшілігі, барымтаға рұқсат берілуі. Өз ішінде қалыптасқан тәртіпке байланысты есесі кетіп бара жатқан ғұн өзінің билерімен келісіп , қарсы жақты шауып есесін қайтаруға хақылы. Ғұн заңдарынан аңғарылатын бір басты ерекшелік мемлекеттік тәртіптің күші. Әкімшілік жүйенің басты ерекшелігі әскери қосын заңы, әр адам, әр ру, әр халық өзіне арналған орынды, алатын үлесін, олжа сын алдын-ала біледі. Соғыс жағдайында, бейбіт уақытта қанша әскер шығару керек екенін, оның азығы , көлігі бәрі де алдын- ала есептелген.

Көне түріктің салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары көшпелілердің әлеуметтікөмірін реттейтін басты құрал есебінде қызмет жасады. Осы әдеп-ғұрыптық құқықтық қызметін атқаратын өкілдерін түріктер бектер, билер атайтын. Оларда тасқа басылған, қағазға жазылған заң болмаған сияқты. Бәрі де тұтас руханияттың құрамдас бөлігі есебінде өмір сүрді. Қарапайым өмір салты, күнделікті тіршілік заңдылығы әдет-ғұрып заңдарының өміршеңдігін қамтамасыз етті.

Түріктің тұрмыс-тіршілігі киіз үйлерде, шатырларда өмір сүрді, шөптің шығымына, суға қарай көшіп қонып жүрді, мал шаруашылығымен, аң аулаумен айналысты, жейтіні ет, ішетіні қымыз, теріден, жүннен жасалған киімді киді. Билеушісін таққа отырғызарда ең жақын бектері киізге отырғызып, күннің бағытымен тоғыз рет айналды. Қару-жарақтары мүйізден жасалған жақ пен ысқырғыш жебе қолданады, сауыт-сайман, найза-сүнгі, қылыш-қанжар бар, ал туларының сабына алтын басты қасқыр орнатыды. Ат үстінде садақпен дәл тигізіп атады, табиғаты қатал, аяусыз. Керек болған жағдайда адам, жылқы санын, алым-салық пен малға байланысты ағашқа кертік жасап санайды. Қағаздың орындаған бұйрық райын алтын басты садақ жебесі, балауыз белгімен қоса атқарады. Олардың қылмыс заңдары бойынша: адам өлімі, ханға қарсылық, қарсы жауға өту, бөтеннің әйелінің қойнына бару,тұсаулы тұрған атты ұрлау өлім жазасына кесіледі. Төбелесте болған жазым үшін құн төледі.Көзін шығарса кінәлі жақ қыз береді, қызы жоқ болса әйелінің жасауын берді. Дененің бір жеріне зақым келтірсе айыпқа ат төледі, басқа бір затты ұрлаған адам, ұрланған дүниенің құнын он есе айып төледі. Өлген адамның мәйітін шатырға сақтайды. Ұлдары, немерелері,екі жақтың туысқандары жылқы мен қой сойып, оны шатырдың алдына жайып тастайды құрбандық деп, өздері атқа мініп шатырды жеті рет айналады, осыдан кейін шатырға кірерде беттерін пышақпен жаралап, дауыс салады, қан мен жас қатар ағады. Осылай жеті рет жасайды да аяқтайды.

Белгіленген күні марқұмның мінген атын, тіршілікте қолданған заттарын мәйітпен бірге жағып жібереді, күлін жинап жылдың келісілген мерзімінде бейітке көмеді /3/.

Қытайдың Хань әулетінің тарихында , түркілердің құқықтық көзқарастарын толықтыра түседі. Көтеріліс, сатқындық, адам өлімі, өзгенің әйелімен болған ойнас сияқты қылмысқа өлім жазасы кесілді. Көзін шығарса - қызын береді қызы жоқ болса әйелінің жасауын береді денесінің бір жеріне зақым келсе жылқымен төлейді, жылқы немесе басқа бір зат ұрлағаны үшін оның өз құнынан он есе артық қылып қайтарады. Міне, қазақ билігі немесе «Жеті жарғы» аталатын жолдын түп-тамыры осындай тереңде жатыр.

Н.Я.Бичуриннің аудармасында көне түріктің заң негіздері берілген, олар: Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын; Түрік жұртының мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын; Қағанат ішінде жазықсыз кісі өлтірген кісілер өлім жазасына бұйырылсын; Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзған адамға өлім жазасы бұйырылсын; Өреде тұрған атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын; Төбелесте мертігудің түріне қарай мүлік түрінде құн төленсін; Ұрланған жылқы және өзге де құнды мүлік үшін ұрыдан он есе артық айып төлеттірілсін /4/.

Өзіміздің тегімізді шын мәнінде түрік халқынан деп есептесек, мемлекетімізді бір кездегі Түрік қағанатының жұртында шаңырақ көтерген, соның мемлекеттік құрылымын мұра тұтқан далалық көп хандықтарды санайтын болсақ, «Қасым хан, Есім хан, Тәуке хандарымыздың да шығарған заңдарын сол түрік дәуірінде қалыптасқан заң-тәртіптік, жетіліп дамытылған табиғи жалғасы дей аламыз» дейді Қ. Салғараұлы /5/. Бірі ,ҮІ ғасырдың екінші жартысының басында, келесісі қазақ хандарының тұсында ХҮІ-ХҮІІІ ғ.б.өмірге келген көшпелілердің саяси-құқықтық заңдарының бізге жеткен нұсқалары осындай. Мұнда олардың түпнұсқалық қалпын қаншалықты сақтағаны да бізге беймәлім. Халық жадында сақталып, ауыздан-ауызға көшкенде ұмытылу салдарынан түсіп қалатын,уақыт талабына сай жүре келе енетін өзгерістердің сыртында,сол заңды тудырушының ана тілінде емес, басқа тілдер арқылы қағазға түсіп,бізге жетіп отыр.

Ғұн дәуіріндегі заңда үрейлі өлім жазасы басым. Қоғамдық формацияның рулық, тайпалық кезеңінде бірлікті сақтап, ел басқаруды қамтамасыз ету үшін аяушылығы жоқ қатаң жаза қолдану өмір қажеттілігінен туған. Кейіннен қоғамның дамуының, ондағы ойлау сана-сезімнің жетілуінің, ел басқарудағы мемлекеттік жүйенің қалыптасуының кезеңдік сатыларында бұрынғы қатаң жазалар уақыт талабына сай бірте-бірте жеңілдетіліп, жазаның басқа түрімен ауыстырылып отырған, соған қоса жаңа баптар да қосылып отырған.

Жалпы бұл заңдарды салыстыра зерттеп білу арқылы өз дәрежесіне қарай қазақ халқының этникалық тұрмыс-тіршілігімен санасу және шаруашылық-мәдени жағдайын ескеру және елдің географиялық орналасу ерекшелігіне орай жасалған мемлекеттік саяси-құқықтық заңы.

Мемлекет және құқық туралы Евразия көшпелілерінің өмірінде іргелі өзгерістерді Шыңғыс хан заманы енгізді. Бірақ зерттеушілер Шыңғыс ханның көшпелілерге енгізген тәртібі өзіне дейінгі дәстүрге сүйеніп жасалғанын ескереді. Шыңғыс ханның «Яса», немесе «Жасақ» заңдарының мәтіні толықтай жиналған жоқ, дегенімен араб-парсы тарихшыларынан еңбектерінде моңғолдардың, өзінде жазу-сызу болмағандықтан, балаларын сауаттылыққа үйренсін деген мақсатпен ұйғырдың ұстаздарын алдырғандығы туралы мәліметтерді келтіреді. «Жасақ» бойынша мемлекет басшысының әр түрлі жарлықтары хатқа түсіріліп және әр түрлі құрылтай кезінде әсіресе бір жорық жасарда, көрші елдерді бағындырарда басшылыққа алынды. Шыңғысханның заңдары мен қаулылары орамалдарға тұмар жазылып, «Ясаны» терең білетін неғұрлым беделді ханзадаларда сақталған. Моңғолдың заңы түп-нұсқада сақталмаған, ол үзінділер мен мазмұны қысқаша баяндамалар түрінде ғана белгілі /6/.

Мемлекеттік құрлысты нығайту үшін Шыңғыс хан түркі дәуірінен қалған әскери-әкімшілік жүйе ондықты пайдаланды. Ол үшін әр он адамның ішінен ондық басшы, сайлатып, оны жүздің ішіне, жүздің мыңның ішіне мыңдық еңгізді. Он мыңдықты түркі дәстүрімен түмен атады. Әр адам өз ондығына жауап беретін ,олардың ішінен бір адам қашса, қылмыс істесе қалған тоғызы жауап беретін болды .Ұлы империяның бір шеті мен екінші шетін байланыстыратын сауда және керуен жолдарын, хат-хабар қызметін реттеді. Ұзын жолдың бойына жәмші, ашып, ол жерде жолаушылар демалып, ат ауыстыратын, ас-ауқат ішіп алатын мүмкіндік жасады. Осындай шаралардың арқасында мемлекеттік билік күшейіп, жергілікті келте билеушілердің менмендігі тиылды. Кең байтақ империя ішінде бейбіт тәртіп қалыптасты. «Жасақ» өзіне дейінгі рулық – көсемдік билік жүйесіне аса күшті соққы берді. Шыңғысхан өзінің жарлықтарымен Жасақ – деп аталатын кітап қалдырады, – деп жазады араб саяхатшысы Ибн Баттута 1350-шы жылдары. «Кімде – кім Жасақтың ережесін қолдамаса, орындамаса орнынан алынады. Жасақтың талабы бойынша, олар жылына бір рет жиналады, оны той немесе мереке деп атады /7/. Жер шарының әрбір қиырынан Шыңғысханның тұқымдары, әмірлері, қатындары, әскер басылары бас қосады. Егер сұлтан, Шыңғыс ханның ережелерін бұзса, басқалары орнынан тұрып тәртіпті бұзғаны үшін оны орнынан алып, оның орнына ханның тұқымынан өзге бір адамды отырғызады.

Белгілі әмірлердің бірі ережені бұзса ,қылмысына қарай сол елдің өз ішінде жазасын береді. Шыңғыс заманында елдің тәртібін қатаң ұстайтын жаугершілік заңдар күшейіп, жау әскерінен қорқу қашу үлкен қылмыс саналатын, сүйекке таңба деп есептелінетін еді. Оның бір жарқын мысалын Жошының өмірбаянынан кездестіреміз. 1216 жылы меркіт пен найман елдерін қуа келген Жошы Ырғыз – Торғай даласында Хорезм шах әскерлерімен жолықты. Құпия шежіреде – «Жошы хан Сұлтан Мұхаммедтің қуып жететін көріп бектерімен ақылдасты. Олар: Шыңғыс хан бізді Сұлтан Мұхаммедпен соғысуға жіберген жоқ, шап деген елін шаптық. Жау көп, біз азбыз, сондықтан біз жүре берейік, егер бізді қуып азғана әскер жетсе, онымен соғысайық.. Сонда Жошы тұрып «ертең елге барғанда әкеме, ағаларыма не айтамын. Алыстан жауды көріп қаштық деймін бе?» – деп бектерінің сөзін тындамай, жаумен соғысуға дайындалды. Жошы хан алдыңғы әскермен Сұлтан Мұхаммед әскеріне қарсы шабуыл жасап, Тушыға дейін жетіп, оның қалқанын үш рет шапты. Шах әскері шегінуге жақын еді…» – деп баяндайды /8/.

Хорезм шахтың жүрегіне мәңгі жазылмас үрей салып кеткен соғыс осылай көзсіз ерліктің арқасында болған еді. Монғолдың мемлекет басшылары үшін аталмыш заң ұзақ уақыт бойы билік беделі болып қалды. Ясаның талабын орындамаған хан тұқымының мүшелері билік деген түрік сөзімен аталған Шынғысханның нақыл сөздеріне сәйкес қатаң жазаланатын еді. Шынғысханның «Ясасы » көшпелі өмірдің нормаларын ғана реттестірді. Көшпелілердің әдеттегі құқықтық негізінде әрбір, көбіне көшпелілер үшін қалыптасқан монғолдардың құқық жүйесі басқа жағдайларға мейлінше қолайсыз болды. Әлеуметтік тұрмыстық және қоғамдық өмірдің , оның ішінде Қазақстанның оңтүстігі мен Оңтүстік шығысының әлеуметтік- тұрмыстық және қоғамдық өмірдің көптеген жақтары Ясада реттестірілген жоқ. Ал оның жекелеген қағидалары мұсылманның діни құқығына және жергілікті халықтың әдет-құрпына қайшы келіп отырды. Осының негізінде «Яса» заңын сақтаушылар мен жергілікті халықтың арасында қақтығыстар болып тұрды, ал бұл қақтығыстар әдетте жергілікті халықты қайғы-қасіретке душар етті.Алайда уақыт өткен сайын Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі- әскери үстем тап мұсылман мәдениеті мен мемлекеттігінің дәстүрлерін көбірек қабылдап өз өмірінде «Ясының» қағидаларын орындауы кеми берді.

Тәуелсіздікті аңсаған елге мемлекет құру үшін де ел намысы деп басын өлімге қиятын ерлер қажет болды. Евразия тарихына Жошы ұлысы, немесе Алтын Орда деген атақпен енген ұлыс та ерлік жолын тұтынған азаматтардың қажыр – қайратымен құрылды. Қазақ сахарасында өмірге келген бұл ірі мемлекеттік құрылым осы кезеңге дейін қордаланған әдет – ғұрып заңдарына одан қалды соның құнарлы бөлігі жинақталған «Жасаққа» сүйенді. Алтын Орда хандарының жанынан қара сүйек ішінен шыққан ірі жыраулар мен билерді көреміз. Олардың ішінде Әз Жәнібек ханның ақылшысы Асан қайғы, Тоқтамыспен ренжісетін Едіге би тағы басқалары бар. Шығыс хан тұқымының билігі әлсіреген тұста қара сүйектен шыққан ел билеушілерінің күшейгенін Қият Мамай, Теңіз Бұқа, Жыр Құтлы, тағы басқа мысалынан көреміз. Осылардың ішінде қазақ әдет – ғұрып заңдарының одан әрі даму процесіне тікелей ықпал еткен Едіге би (Ел қамын жеген Едіге) бар. Едіге тек Ноғай Ордасының негізін салған ел басшысы емес, ол көшпелілердің құқықтық көзқарасын әрі қарай дамытқан заңгері /9/. Қазақ халқының аңыздарында Едіге жас күнінде-ақ билік айта бастапты – мыс, оның билік айта жүріп үлкен беделге ие болуының арқасында мемлекет қайраткеріне дейін көтерілетіндігі айтылады. Қазақ хандарының заңдарының шығу тарихы туралы пікірлер де сан алуан. Кейбір ғалымдар оның негізін Шыңғыс ханның атақты Ясасынан іздейді, енді біреулер одан бөлек, өзінше жеке жазылғанды дегенді айтады. Ал, енді біраз ғалымдар қазақ хандарының заңдары сонау түркі дәуірінен бастау алып, бүкіл далалықтарға тән әдеттегі желісі үзілмеген сабақтастығы жатыр дегендей пікірлер білдіреді. Ясамен ауызданып, соның жөн-жосығының бұзылмауы жолында күресіп өскен Дешті Қыпшақ хандарының бірінің ұрпағы ХV ғасырда өмір сүрген Қасым ханның да, ХVІ ғасырдың перзенті Есім ханның да заңдарының ойдан шығарылмағаны, көктен алмағаны, керісінше барды байыптап, оны өз заманына, кезең жағдайына қарай бейімдеп жетілдіргені, өзіндік өзгерістер еңгізгені қазір ешкімге де күдік тудырмаса керек. Олай болса, бұл заңдылықты Тәуке ханның да сақтағанына дау жоқ.

Қазақтың ежелден ғасырлар бойы қалыптасқан, құқық дәрежесіне ие болған әдет-ғұрып қағидалары, солармен бітіскен хан-би ережелері талай дәуірді басынан кешірді. Соған қарамастан өзіндік алғашқы ішкі қасиеттері мен құрылымдарын сақтап қалды, жаңа дәуірге шейін жеткізді. Айнала дүние өзгеріп жатса да, дамыған көрші елдердің ықпалы күшейе түссе де қазақ құқық ережелерінің өмірі ұзақ болды. Ертедегі тұғыры мен қасиеттерін сақтап қалған ата-баба заңдары қазақ қоғамы тарихының ажырамас бөлігі.


ӘДЕБИЕТТЕР

1.Қазақстан тарихы. ІІІ том. Алматы,2002. – 432-433-бб.

2.Көпейұлы М. Қазақ шежіресі . Алматы, 1998. – 126-127-бб.

3.Қазақтың мемлекеттік құрылымы. Алматы, 1987. – 162-164-бб.

4.Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. Т.1. М.–Л., 1987. 296 б.

5.Салғараұлы Қ. Жеті-жарғы жөнінде – қазақтар. Роман-эссе. Алматы, 995. – 311-312-бб.

6.Аманжолов К. Қазақстан тарихы. Алматы, 2004. –172-174-бб.

7.Жақыпов Е.Қ. Шыңғысхан және ол құрған жаулап алу жорықтары (ХІІ- ХІІІ ғасырдың бірінші жартысы): Т.ғ.к. дисс. авторефераты. Алматы, 1999. – 12 б.

8.Монғолдың құпия шежіресі. Өлгей, 1979. –36-38-бб.

9.Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарихи- Рашиди. Алматы, 1999. –106-108-бб.

РЕЗЮМЕ

В статье на основе специальных исследований рассматривается история и особенности происхождения степного законодательства, начиная с эпохи гуннов и вплоть до Казахского ханства.


ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада ғұн дәуірінен Қазақ хандығына дейінгі дала заңдарының қалыптасу тарихы қарастырылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет