ОТБАСЫНДАҒЫ ТУЫСҚАНДЫҚ БАЙЛАНЫСТАР
Жолдасбаева Ж.А.,-3 курс студенті (Алматы қ., ҚазмемқызПУ)
Дәстүрлі қазақ қоғамын саяси – экономикалық, идеологиялық біртұтас организм ретінде қалыптастырған маңызды институттың бірі – туыстық қарым-қатынастың алатын орны мен беретін тәрбиесі және оның әлеуметтік саяси мәнінің қазіргі қоғамдағы ролі өте маңызды. Ата-бабаларымыз «адам - адаммен бай», «кісі болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі бар» деп арасындағы қарым-қатынасқа зор мән берген.
Үлкенді сыйлау, кішіге қамқоршы болу, тіпті бейтаныс жолаушыға қой сойып, дастарқан жаю, сот абақтысыз-ақ ел арасында түрлі жан-жалдың әділетті шешімін табу және т.б. Бұның бәрі қазақтың қарым-қатынасының имандылыққа, жалпы адамгершілікке сүйенген негізін,бір тәртіпке бағынған жүйелілігін дәлелдейді.
Қоғамдағы қарым-қатынастың бір бөлшегі – туыстық қарым-қатынас. Соның ішінде отбасылық қарым-қатынас. Қазақ халқында туыстық қарым-қатынас (еркек тарапынан) жеті атаға, яғни ұрпаққа созылады. Жетінші ұрпақты қазақтар «немене» немесе «туажат» деп атайды. Мұның өзіндік мәні бар. «Немене» деген атаудың өзі беймәлім, түсініксіз деп сұрақ қойып тұрған сияқты. Ал «шөпшек» шөбереден кейін. Шөпшек деп қазақтар ағаштың қурап, сынып түскен жіңішке бұтақтарын айтады. Осыған қарағанда, жеті атаға толғанда сегізінші ұрпақтың туыстық мәні жойылып, туажат (бөтен) елге саналады да, қыз алысуға жол ашылады.
Адамның туып-өскен үйі, әке шаңырағы ер жетіп, бөлек отауға шыққан кезде «қара шаңырақ», «үлкен үй» атанады. Ағайынды жігіттердің әке-шешелері қайтыс болса «қара шаңыраққа» кенже бала ие болады. Кенже балаға ауысқан киелі шаңырақ бұл ата-анасының түтін түтеткен орны, барлық ұрпақ үшін қадірлі, қасиетті орда есебінде қастерлі. Оған барлық отаулар, ұзатылған қыздар, құда-жекжаттар ырым қылып әр түрлі киіт, сыйлықтар, соғым сойғанда мүшелеп сыбағалар әкеліп тұрады. Қара шаңырақты қадірлеу – ата-баба аруағын қадірлеу болып табылады. Ата-ананың басқа балаларына енші, жасау бөліп беруде қалған барлық мал-мүлкі де осы «қара шаңырақта» - кенже балада қалады. Кенже баласын әке-шешесі «Шаңырағымның, барлық жиған-тергенімнің иесі, анық мұрагерім» - деп те еркелетіп жақсы көретін болған.
Туыстық қарым-қатынас қазақта бір-біріне қол ұшын беріп, көмек көрсету тұрғысында да өзінің кең пейіл бауырмалдығымен, дарқандылығымен, жомарттылығымен, білек түре белсенді кірісіп кетер қауымшыл аралас-құраласшылдығымен айқын байқалады. Мәселен, қыз ұзату, келін түсіру, енші беру сияқты қуаныш кезінде немесе кісісі өлген үйге аза салу, оның жетісін, қырқын, жылын беру, яки кездейсоқ апатқа, жұтқа, өртке ұшырап, мал-мүліктен жұрдай болған, ақшадан-дүние қаржаттан қысылған туысқа туыстық жақындығымен өз шама-шарқынша «қосқаным» деп көмек көрсету әдеті бұған дәлел. Мұндай көмек халық арасында әр жерде әр түрлі «жылу», «немеурін», «үме» деп аталады.
Отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға, бекітуге байланысты «Салт-дәстүрлер халықтардың тіршілік кәсібіне, наным-сеніміне, өмірге деген көзқарасына байланысты туып, қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады. Оның жаңа қоғамдық қатынасқа қайшы келетіндері жойылып, өмірге қажеттері дамып, жетіліп жаңа мағынаға ие болады». Ендеше, қоғамның мүшесі, ұлт өкілі сол қоғам қабылдаған жүріс-тұрыс ережелерін өз бойына дарытады.
Қандай қоғам болмасын оның құрылымдық ерекшеліктері, ортақ заңдылықтары алдымен отбасында, қауым ішінде қалыптасатыны заңды.
Қазақ этносының тіршілігіне қарай отырып қауым мен отбасының ортақ моделі болуы мүмкін бе деген сауал ойға келеді. Оның себебі қазақ қоғамы біртұтас болғанымен оның құрамдас бөліктері әр түрлі екендігі. Біз бұл жерде қазақтың әр түрлі рулардан құралғандығын емес, этноәлеуметтік құрамындағы әр түрлі этнографиялық топтарды айтамыз. Әрине, жалпы ел тұтас көшпелі болғандықтан оның ортақ қасиеттері болмай қоймайды, дегенмен де қоғамнан оқшау шаруашылық-мәдени типтері, субэтникалық топтар отбасы мен қауымның қандай үлгісін құрды екен, осы мәселеде қызықты болып есептеледі.
XVIII ғасырдың бірінші жартысында, қазақтың ірі рулары өз ішінде қыз алып, қыз берісуге үзілді-кесілді қарсы болатыны да оңайлықпен ыдырамауының кепілі. Қазақ өзінің отбасын қатты қадірлейді. «Өзімнің үйім - өзіме мешіт» деген сөз қазақтың ұғымына сәйкес. Сонымен қатар, бала асырап алуы өте жиі кездеседі. Қазіргі таңда, яғни XXI ғасырда бала асырап алу салты бойынша тастанды балалар үйінен бала асырап алу санының өскенін статистикалық мәліметтер көрсетеді. Қазақ шежіресінде осы құбылысты әр қырынан, әр түрлі мысалдармен суреттейді. Қазақ арасында жиі кездесетін қалмақ немесе жетімдер, мамадайыр, құсшы, сабашы, естек, ноғай, сарт атауына қатысты рулардың көпшілігі қазақ ішіне асырап алу арқылы сіңген.
Қазақ халқы да барша халықтар сияқты, еңсесін сала еңбек ете білетін, жұрттарды озық өнерімен тамсандырған, думаншыл, сауықшыл елдердің бірі. «Той десе қу бас домалайды» деп бекерге айтылмаған.
Той – өткендегі ізгіліктер мен жақсылықтарды, озық дәстүрлерді жаңғыртып, жалғастырып отыратын тәлімі мол мереке.
Той – аға ұрпақ пен бала ұрпақ арсындағы дәнекер көпір.
Ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып ерекшеліктері адамның дүниеге келуімен, өмірінің әр кезеңдегі түрлі оқиғалармен (шілдехана, бесікке бөлеу, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, атқа міну, мектепке бару, үйлену немесе тұрмысқа шығу т.б) байланысты туындаған және баланың дүниеге келуін ерекше бағалап, қуанышпен атап өтетін болған.
Қазақ халқының жалпы өмірінде қарым-қатынасты реттеп отыратын, туыс-туғандардың, құда-жегжаттардың, дос-жарандардың басын қосып, тығыз байланыс орнатып отыратын тойлардың түрі өте көп.
Шаңырақ көтеру (салт). Жас отаудың алғаш рет шаңырағын көтерудің өзі қазақ үшін тағы бір қызықты, ерекше сәт. Әдетте киіз үйдің шаңырағын ер адамдар көтереді. Ал, жас отаудың шаңырағын кәрі күйеуге көтертуде үлкен мән, ырым бар. Өйткені жасы үлкен күйеу қашанда елге сыйлы және тілектес адам. Қазақ елі осы жолдан әлі айрылған жоқ.
Қапқа салар. Қалыңдығын алуға келген күйеу барлық жол жоралғыларымен, яғни құдалық кәделерімен, үлкендерге арналған сый-сияпатымен, той малымен келеді. Той басталды. Қыз өз үйінен аттанар алдында оның әкесі барлық құдаларға киіт кигізеді. Күйеу баласына да сыйлық береді. Бірақ ол киіт емес «қапқа салар» деп аталады. Ол бағалы киім, қымбат ер тоқым, жігіт жарақтары немесе мал болуы мүмкін.
Қыз ұзату (салт, той). «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру» ата-ананың тілегі әрі парызы. Соның ішінде қыз ұзату үлкен той, думан әрі қызық. Қызды алуға құда (тақ санмен) бес не жеті кейде одан да көп адам келеді. Мұның ішінде бас құда, құдалар және күйеу жолдас болады. Құдалар әдетте кешкілік баруы керек. Мұнда ойын сауық, құдалық рәсімдер мен кәде жоралар жасалады. Жақын адамдар құданы үйіне шақырады. Ұзатылған қызды дәстүр бойынша таң ата, күн шыға жөнелтеді. Оның алдында қыз «Қоштасу жырын», жастар «Жар жар», «Аушадияр» айтылады.
Аушадияр (дәстүр). Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жай өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше тұлттық маңызы бар. Мұны іздеп тауып, өмірге әкелген көп жасағыр жазушы Уахап Қыдырханов екен. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек бұл қазіргіт қазақстан елінде айтылмайды.
Есік ашар (дәстүр). Күйеу жігіт келіншегін алып, үйлену тойы өткен соң келісілген уақытта өзі қатарлас жас жігіттермен ата-енесінің үйіне келеді.Мұны халық әдебиетінде күйеудің алғаш яғни есік аша келуі дейді. Демек бұл жауапкершілігі мол, бұрын ел жұрт көрмеген күйеуді сынайтын келіс. Күйеу бұл жолы да кәде жорасымен, әдет салтымен келеді.
Беташар (дәстүр). «Уә әлеумет! Енді беташар тыңдайық!». Жаңа түскен келінді «беташар» дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі «беташар» жасалады. Оған тойға жиналған туыс-туғандар тегіс қатынасады. Жас келіннің екі жағында екі көргенді келіндері тұрады. Мұнда «Беташар» жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, оның басқа туысқандары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адамдар көрімдік береді.
Егіншілікпен айналысқан жиқандар қауымының күзгі жиын-терімнен кейінгі еңбек жемісін атап өтетін той, мереке – сабантой. Уақыт өте келе өмірімізге терең бойлап, кең тараған бұл дәстүр әрбір игі істің сәтті аяқталуына орай да жалғасып жатты. Әр халық сабантойды өзінше атйды және өткізу тәртібі деәр қилы. Алайда, оның мазмұны «қашанда астық мол, ел тоқ болсын» деген ізгі тілекке ұласып жатады.
«Тумақ болған соң, өлмек парыз» деп, қазақ халқы өлімді шамасы келгенше туған-туыс ауыл аймақ, ел-жұрт болып аса құрметпен аттандыруға ат салысады. Әрине, әрбір өлген адамды соңғы рет алыс жолға аттандыру оның жасына, жынысына, дәулетіне, қоғамдағы орнына және жеке басының беделіне, адамдық қасиетіне, қала берді артында қалып бара жатқан әке, бала, туған-туыстардың дәулетіне, олардың беделіне, қоғамдағы орнына байланысты.
Халық дәстүрі бойынша науқас адам әлсіреп, өлім халіне жеткен кезде ағайын туғандар жиналып арыздасып, бір-біріне кешірім айтысып, дүниеден өтер алдындағы өсиетін, тілегін сұрап қалуға тырысады. Әдетте өмірде айтқан өсиет, тілек әр уақытта орындалады.
Адам өлісімен, жанында отырған ақсақалдар, оған иман тілеп, бетін жауып, үйдің оң жағына құрылған шымылдық ішіне кіргізіп, басын солтүстікке бетін құбылаға қаратып шалқасынан жатқызады да, үстіндегі киімдерін шешіп, үстін ақ шүберекпен жабады.
Мүмкіндігі бар ауқатты адамдар дер кезінде мәйітке арнап үй тіккізеді де оның денесін сол үйге щығарып, онда да шымылдық ішіне қояды. Мәйітті жерлегенше жеке қалдырмай, ауыл ақсақалдары кезектесіп күзетеді, әсіресе түнге қарай шырақты сөндірмей, мәйітті күзетушілер көз ілмей, әңгімелесіп таң атқанша отыруы керек.
Мәйіт шығатын үй иелері мен ауыл ақсақалдары кеңесіп, жаназаға қай ауылдардан кімдерді шақыру керек екенін шешеді. Халық жаназаға жиналып болғанша өлікті жөнелту қамы жасалып бітеді. Шығарылатын мал, киім, жыртыс, ақша, берілетін ас бәрі ескеріледі. Ауыл адамдары бірінен соң бірі түгел келіп, өлген адамға иман тілеп, үй ішіне, туған туыстарына көңіл айтып жұбатқан болады. Ауыл әйелдері өлген кісінің әйеліне, қыздарына көрісіп жылайды.
Жаназаға шақырылған адамдардан басты-басты адамдар, қожа молдалардың бас аяғы жиналып болған соң өлік иелері ақылдасып 5-7 атаның ұрпағынан бір-бір адамның сүйекке түсуін сұрайды. Бұл арада айтып кететін бір жайт кейбір адамдар өлер алдында сүйегін кімдерге ұстатындықтарын айтып кетеді. Бұл өсиет міндетті түрде орындалады. Ер адамның сүйегіне еркектер түссе, әйел адамның сүйегіне әйелдер түсіріледі. Мәйітті жуып болған соң оны ақыретке (кебінге) орайды. Әдетте әйел кебіні бес, еркек кебіні үш қабат болатындай етіліп пішіледі. Мәйітті үйден шығарарда әйелдер міндетті түрде дауыс шығарып жылайды. Қабір басына әйел адамдар бармайды, тек ер азаматтар ғана барады. Қабір басына жетісімен мәйіт оралған кілемді шешіп алып, алты қабірші мәйітті қабірге түсіріп, жайлап жатқызады. Лақат ауызы жабылмай тұрып жиылған халықтың әрқайсысы бір-бір уыс топырақ тастаған соң қабір шұңқырын көмеді. Қабірге топырақ тастау тек қазақ халқына ғана тән емес, ол басқа да көптеген халықтарға кеңінен тараған көне әдеттің бірі.
Көміп болған соң молда құран оқиды. Жасы келген адамның өлімінде бейіт басында тәбәрік ретінде жыртыс жыртылады. Ауыл әйелдері мәйіт шыққан үйді дереу басқа жерге ауыстырып, оның орнын тазалап, от қойып арулайды. Ал мәйітті жуып шығарған мұндай орынды «аруланған жер» деп атайды.
Мәйіт жерленіп қонақасы берілген соң жетісі, қырқы, жүзі және жылы өткізіледі. Бұл ырымдарды әркім шамасына қарай мал сойып, құран оқытып, марқұмға тие берсінін айтып, еске түсіреді.
Қауымдық дәстүр күшеюі қазақ халқында шаруашылық мәдени өмірінің маңызды жағы болды. Қауымдық өмір салт тек қазаққа ғана тән емес, сонымен бірге басқа да Орта Азия халықтарының яғни өзбек, түрік, қырғыз, тәжіктердің де қоғамдық шаруашылық өмірінде жетекші және топтастырушы қызметін атқарады.
Әр халықта тарихи қалыптасқан өз алдына ежелгі шаруашылық кәсібі бар. Біреулері малшылық кәсіп етсе, екіншісі диқаншылықты т.б. түрлерін кәсіп еткен.
Қоғамдық әрекеттердің көп тараған түрі – асар. Асар – көлемді, үлкен жұмыстарды адамдардың бірігіп атқаруы. Былайша айтқанда, ағайын, туыс, руластар арасында болатын туысқандық жәрдем. Бұл үшін асар жасаған адам еңбектенгені үшін, ақы емес, қой сойып беретін болған. Осы дәстүр күні бүгінге дейін сақталып келеді. Асар терминінің мағынасына тоқтала кеткен жөн. И.Петрушевскийдің ғылыми еңбектерінде асар сөзіне берілген «0алы4 топ» деген мағынада тұжырымдалған. Ал өзбек тілінде асар сөзі «қорған» деген мағынаны береді.
Жалпы түркі халықтары алғашқы егіншілік жұмыстарын көктемгі мереке – Наурызды қарсы алудан бастайды. Қазақ диқаншылары егіншілікті әдеттен тыс күштің құдіреті Тәңірдің ісі деп санаған.
Егінді егіп болған соң шілде айында жаңбырдың жаумай қалатын кезі болады. Ол кейде екі-үш жыл сайын, кей кезде төрт-бес жыл сайын қайталанып отырады. Жаңбырдың жаумауынан егістік алқап қурап қалады. Осы кезде қазақ халқында «тасаттық» деп аталатын ырым бар. Тасаттық кезінде қария адамның арықтағы сумен беті-қолын айналасына су шашу ырымын жасайды. Сонымен қатар тасаттықта адамдарды суға лақтырады. Аспан тәңірісінің рухы және оның бір бөлігі деп есептелген «Жайық» суда өмір сүреді. Сонда ғана лақтырылған адам Жайықтан (Жайық өзені) «құт» алып шыққан болады.
Қорыта келе, қазақ халқының тұлға аралық қарым-қатынас мәселесі ерекше жіктелетін, арнаулы зерттеуді талап ететін, сонымен қатар қазақ мінез бітісінің генезисін анықтау факторы болатын психологиялық феномен деуге болады.
Қазақ этникалық бет-бейнесінің, менталитетінің түп қазығы – көшпелілік. Ғасырдың алғашқы ширегінде қазақтар Орта Азияның шаһарлы өлкесіне қанша байланысты болса да негізгі кәсібі мал шаруашылығы, мал өнімін базарға шығарудан ажыраған жоқ. Қазіргі XXI ғасырда қазақ халқы осы кәсібін дамытуда. Қазақ халқының шаруашылығын қолға Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2003-2005 жылдарды «Ауыл жылдары» деп атап көрсетіп, мәдени тұрмысты жақсарту мақсатында пайдалы істерді жүзеге асырды, әлі де жүзегеь асыруда.
«Атадан ұл тумас па, ата жолын қумас па» - дейді атамыз қазақ кейінгі ұрпаққа, елдігімізді сақтап, жерімізді қорғап, атымызды жаңғыртып, есімізді жалғастырар деген ниет, үмітпен. Ал қазір жастар арғы ата-тегін білмек түгіл, әкесінің атын да бұзып, тілін бұрап, орысшаға бұрмалап айтады. Бабаларының жөнін білмейтін жеткіншектен не үміт, ата жолын қайтіп қуады. Айта берсек, бұл да бүгінгі күнгі халқымыздың көкейінде жүрген өзекті мәселе. Осынау өзекті мәселені жойып, келешек жеткіншектерімізді бабалар дәстүрімен тәрбиелеп, бауырмалдыққа баулуымыз керек. Осы туысқандық қатынастардың ара жігін танып, тармақтап ажырата білу, ғасырлар бойы тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, бүгінге дейін жалғасып келген ата дәстүрімізді сақтап, жалғастыру біздің міндетіміз деп санасақ артық болмас.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.Арғынбаев Х.А. Қазақ халқындағы семья мен неке. – Алматы, 1973.
2.Адамбаев Б. Халық даналығы. – Алматы, 1976.
3.Қалиев С., Оразбаев М., Смайылова М. Қазақ халқының салт – дәстүрлері. – Алматы, 1994.
4.Абдраимова Б.Ж. Халық дәстүріндегі әлеуметтік көмектің қолдауы // ПМУ хабаршысы. Гуманитарлық сериясы. – 2006. – №2.
5.Катанов Н.Ф. О погребальных обрядах у тюркских племен с древнейших времен до наших дней // Известия Общества археологии и этнографии при Казанском университете. – 1984. –Т.XII. – Вып.II.
Резюме
В статье рассматривается особенность родственных взаимоотношений и взаимопомощи казахского народа, которые во многом сохраняют традиционные черты.
Түйіндеме
Мақалада қазақ халқының отбасылық жағдайындағы туысқандық қарым-қатынастардағы өз-ара көмек пен байланыстағы әдет-ғұрыптың сақталуы қарастырылған.
ҚАЗАҚТАРДЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАРЫ
Кайдаулова Н.К.-3 курс студенті (Алматы қ.,ҚазмемқызПУ)
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда төл тарихымызды, ұлттық мәдениетімізді жаңаша көзқарастар тұрғысынан зерделеудің мәні арта түскені заман талабынан туындаған үрдіс.Осы тұрғыда мәдени құндылықтардың әрқайсысын талдап, жеке зерттеудің берер нәтижесі мол болары сөзсіз.
Қазақ халқының ұлттық тағамдары ғасырлар қойнауынан қалыптасып, дамып, жетіліп келген негізгі байлығының бірі. Күнделікті тіршілікте дайындалатын немесе ғұрыптық тағамдар, оны қабылдаудың дәстүрлі реті, дастархан басындағы түрлі ұсыныстарды, тартылатын кәделі ет сыбағалары қазақ халқының қоғамдық қатынастарын бейнелейтін негізгі элементтерінің бірі болып табылатын мәдени көрініс.
«Ас адамның арқауы» деп қазақтар тағам адамның өміріне қаншалықты қажет екенін бір ауыздан түйіп айтқан. Қазақтың ас-тағамы: «ас», «ауқат», «дәм», «қорек», «нәр», «тағам», «тамақ» болып әр аймақта түрліше аталады.
Қазақтардың тағам түрлері мен тамақтануды жергілікті табиғатқа, ауа-райы жағдайына және осы ерекшелікке негізделген шаруашылыққа тікелей байланысты болып келеді. Қазақтардың тағамы,заттай мәдениеттінің басқа элементтеріндей, халықтың шаруашылығына, экономикалық жағдайына, сауда-саттық және этникалық байланыстарына, отбасының қаржылық қорына, табиғи-жағрафиялық жағдайына тікелей қатыста болып келе, өзіндік белгілермен ерекшелінеді. Тағам ата салтымен, әдет-ғұрпымен, діни-нанымдарымен біте қайнасып, сол халықтың жанды өзегі, ұлттық генетикалық негізгі ерекшелігі болып қала береді. Қазақ халқының шаруашылығы көп салалы болған. Кең – байтақ ата қонысымыздың табиғи- жағырафиялық жағдайына икемделініп, қазақ халқы ежелден егіншілікпен, мал шаруашылығымен, қол өнер кәсібімен және қосалқы кәсіптің түрлері болып табылатын аңшылықпен, балық аулаумен айналысқан.
Ұлттық тағамдардың еттен дайындалатын түрлері көбінесе ауылдық жерлер есебінен ғана сақталып келеді. Кейінгі жас ұрпақ өзінің ұлттық тағамдарын жетік біліп, оларды өздерінің күнделікті тағамдарына айналдырып, оның санын, сапасын арттыра беруі керек.
Төл мәдинетімізді ғылыми тұрғыдан саралау-ұлттық өркендеудің ең басты факторының бірі.
Ежелгі және ортағасырлық кезеңдерден жеткен жазба деректерден қазақ халқының этникалық тарихын, шаруашылығын, материалдық мәдениетін тарихи этнографиясын қарастырған біршама еңбектер бар. Алғашқы мәлімметтер П.Паллас, И.Георги. А.И.Левшиннің (1832) үш томдық еңбектерінде бар. 1771 жылы әскери экспедиция сапарында Қазақтаның солтүстік, батыс өңірлелін аралаған белгілі шығыстанушылардың бірі капитан Н.П.Рычков. И.Р.Андреевтің «Орта жүз қазақтарының сипаттамасы» атты еңбегінде қазақтардың негізгі тағамы мал өнімдері жылқы, түйе т.б адал малдың еті болды деген мәліметермен шектелді /1/.
XIX ғасырдың бас кезегінде Қазақстан жеріндегі отырықшы және көшпелі қазақтардың шаруашылығын зерттеу үшін әрбір облыстарда шолу жұмыстары жүргізілді. Жарық көрген алуан санды еңбектерде жергілікті халықтардың тағамдары туралы деректер жиналған.
Жалпы, этнология және этнография ғылымы Қазақстанда тек Ұлы Отан соғысынан кейін ғана даму жолына түсті. 1946 жылы Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының ұйымдасуы елімізді жан-жақты зерттуге жол ашты. Белгілі этнограф Х.А.Арғынбаевтың еңбектерінде қазақтың ұлттық тағамдары туралы, дәстүрлі тамақтанудағы атқарылатын әдет-ғұрыптарына байланысты ырымдар мен тыйымдар жайлы құнды деректер мол кездеседі /2-3/. XIX-XX ғғ. қазақтардың шаруашылығы туралы монографияда Р. Ходжаеваның тек сүт тағамдары туралы ғана мақаласы орын алған /4/. Т.А.Мұқанова « Революцияға дейінгі сүт шаруашылығы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.Осы тақырыпқа арналған мақаласы қазақтың сүт тағамдарына арналған /5/. Д.Қатранның «Қазақтың дәстүрлі ас-тағам мәдениеті » атты монографиясында қазақтың дәстүрлі тағамдары және оған байланысты атқарылатын байырғы әдет-ғұрыптар, наным-сенімдер жүйесі мен ұстанымдары зерделенеді, атап айқанда, табақ тарту, сыйлы, кәделі, сыбағалы ас қаттарлы ұғымдар баяндалады /6/.
Ет пен сүт тағамдарының қолданылуы ара салмағы көшпелінің шаруашылықты ұйымдастыруының науқандық маусымына тікелей байланысты болды. Бір жылдағы тамақтану режимі жазғы және қысқы деп екіге бөлді. Жазғы тамақтану-сәуірден қазан айына дейін яғни мал төлдеген уақыттан бастап, мал суалып сүті азайған, соғым сояр кезге дейінгі аралық. Ал қысқы ас мәзірі соғымға сойған мал еті мен қысқа деп кептірілген, қатырып сақталған ет, сүт өнімдерінен құралады. Дән дақылы, егіншілік өнімдерінен дайындалатын ас-сусын түрлері қысы-жазы ас мәзірін қосымша толықтырып отырады.
Көшпелі қазақтардың тамақтану жүйесінің жылдың маусымдық ерекшелігіне сәйкес бөлініуі олардың тіршілік еткен ортасының биоэкологиялық жағдайы мен шаруашылықты ұйымдастыру факторларына ғана байланысты емес, сонымен қатар, көшпелі организмнің биохимиялық қажетілігінен туындаған. Атап айтсақ, қыс бойы негізінен алғанда ет тағамдарымен ғана тамақтану салдарынан организмің биохимиялық балансы қышқылдыққа қарай ауытқыса, ақ молайған шақта сүт өнімдерінен жасалған тағамдар арқылы қалыпқа келтірген.
Алты ай қыста қатал табиғат сынына, өмірі аттың жалы, түйенің қомында жүрген көшпелінің тұрмыс тауқыметіне төтеп беруге нәрлі де, қуатты ет, сүт, тағамдарының негізгі азық болуы-табиғи қажеттілік.
Қыста және мал төлдеген жазғытұрымға дейін малдың арықтауына байланысты мал союға болмайтындықтан, осы аталған мерзім ішінде тұтынатын азық қорына арнап, қарашаның соңғы, желтоқсанның басында соғым сояды. Көшпелілердің тағамдар жүйесінің көне болмысы мен кейінгі, яғни қазірге дейінгі кезеңдердегі тағамдар жүйесіндегі ет, сүт тағамдарының алар орны мен маңызының айырмашылығы-жергілікті этномәдени дамулардың ерекшелігіне сай шаруашылық мәдени типтің өзгеше сипат ала бастауына байланысты, тағамдар жүйесінде шаруашылықтың қосалқы салаларының өнімдерінің де мол орын ала бастауымен байланысты. Егіншілік өнімдерін ежелден тұрақты пайдаланып келе жатқан Оңтүстік Қазақстан аймағының өзіне тән табиғи-жағрафиялық ерекшелігіне байланысты осы аймақ құрайтын үш облыстың өзара айтарлықтай ерекшелігі бар. Күнделікті тағамдардың негізін бидай, тары, күріш, жасымық, ноққат, маштан жасалған тағамдар құрайды. Қазақ жеріндегі тайпалардың ежелгі мекендері мен қола дәуірінде өмір сүрген сақ тайпаларының көсемдерінің обаларын, қоныстарын, ерте және орта ғасырлық қалалар мен қорғандарды қазу кезінде тары сабаны мен дәнің көптеп табылыуы қазақтардың егіншілік кәсіппен сонау ертеден-ақ айналысқанын, егетін дәні жер шарына кең таралған, көп бағым-күтім тілемейтін ең көне дақыл- тары екенін дәлелдейді /7-8/
Бидай бүкіл әлемде 148 елдің негізгі азық-түлігі болып табылады. Бүкіл дәнді-дақылдар өнімнің 60% мөлшерін бидайдан алады. Бидай дәні аса құнарлы да, қуатты азық. Сақтау қиын емес, оңай өңдеп, алуан түрлі өнім алуға болады. Адам ағзасына қажетті ақ уыздардың жарымына жуығын, В витаминінің 70-80%- ын, РР және Е витаминінің едәуір бөлігін, миниралдық тұздарды және т.б. қажеті заттарды бидай өнімі береді.
Дүниеге кең тараған дәннің бірі – күріш Әмудария мен Сырдария сияқты өзендердің бойында б.з.д. ІІІ мың жылдықтарда егілгендігін археологтар еңбектерінде қазба кезінде табылумен дәлелденген /9-10/. Кеңес өкіметі жылдарында Қызылорда өңірінде күріш егуге қолға алынып, күріш дақылының «ақмаржан» аталатын сорты сапалы өнім берді.
Аңшылықтан алынатын аң еттері (арқар, тауешкі, киік, бұғы т.б. қоңыр аңдар) таңсық ас ретінде, күзде пайдаланды, балық тағам ретінде өте аз тұтылды. Қазақстанда орыс ұлтының көбейіп, Ресеймен сауда-саттық қатынастарының қатарында балық және балық өнімдеріне сұраныс болуымен байланысты ХІХ ғ.мен ХХ ғасыр басынан Жайық өзені мен Каспий жағалауларында, Шалқар, Имантау, Шортанды, Шабақты, Зайсан, Балқаш көлдерінде балық аулау кәсіпке айнала бастады. Сырдария, Іле, Шу өзендерінің бойындағы көптеген малшылық, егіншілік шаруашылықтарында балық аулау қосалқы кәсіпке айналды.
Қысқы азық қорының негізгі болатын ет тағамын мол етіп дайындау үшін қараша айының басынан соңына дейін, яғни суық әбден түскен кезде соғым науқаны басталады. Күздің соңғы айларында мал қоңы төмендей бастайды. Осы кезде ет пен тері арасында көбік пайда болуына жол бермеу жағын қарастыра отырып, отбасындағы жан есебіне қарай белгілі түлік малы сойылады. Соғымға міндетті түрде қара мал мен ұсақ мал арастырыла сойылады. Көбіне жылқы, сиыр, қой сойылса, түйені сою сирек. Малды ыстық райлы, суық райлы деп бөледі. Жылқы мен қой ыстық райлы малға. Сиыр, түйе, ешкі суық райлы мал етіне жатады. Ыстық райлы мал етін өте жоғары бағалап, жұғымды, нәрлі болады деп есептеген. Суық райлы малдың астық қасиеті төмен, майы тез қатады. Мал етінің қасиетін, ерекшелігін, сіңімділігін- «жылқы еті татқанша, қой еті жатқанша, сиыр еті таң атқанша» деген қазақ мәтелі ерекше айғақтайды.
С.А.Артутюнов ұсынған азық-түлік өнімдерін өңдеудің негізгі классификациялық сатыларын еске алған жөн. Олар мына топқа бөлінеді:
1 ) азық-түлік өнімдерінің шикізаты;
2) белгілі деңгейде өңделген, бірақ жеуге әлі дайын емес азық-түлік
3) (полуфабрикат);
4)сақтауға болатын, ары қарай өңдеуді талап етпей жеуге болатын азық;
5)ұзақ сақтауға келмейтін, бірақ жеуге дайын ас.
Ет сақтаудың бірнеше тәсілі бар. Олар – қатыру, кептіру, сүрлеу, ыстау амалдары. Қыста соғымға сойылған етті аздап сорғытып, дегіген соң тошалаға апарып арсаға іледі де, тобылғы, изен, қурайды бықсыта жағып, түтінмен ыстайды еттің сақталу мерзімі ұзартылып қана қоймай, оған ерекше дәм береді,әрі үсітпеді. Жаз айларында ет сақтаудың да өзіндік тәсілдері бар. Жіліктелген етті қандыра тұздап, малдың өз терісіне орап тастап, күн бата ет пен теріне арсаға іліп сорғытады. Таңертең ет пен теріні жинап алып, етті теріге орап көлеңкеге қояды. Келесі түні қайта іліп, етті желге қақтырады. Осылайша бірнеше күн кепкенше желге ашық ауаға ұстайды. Егер бірден аңызық желге ілсе, сырты бірден кеуіп, іші болси бастайды. Ал теріге орап отырып, бірнеше рет кептіру еттің қан сөлінің түгел сыртқа шығуына мүмкіндік береді.
Қазақтың «ет етке, сорпа бетке» деуінде сорпаның денсаулыққа пайдалы екендігін, сорпа ішкен адамның реңі кіретінін айтқан халықтық тәжірибе жатыр. Ас пісіретін ыдыс-аяқ түрлерінің пайда болмаған адамзат дамуының алғашқы дәуірлерінде осындай тәсілдермен қатар ешқандай ыдыссыз-ақ, асты малдың немесе жануардың терісіне, іш құрлыстарын пайдаланыу арқылы пісіру жолдары дүниеге келді. «Мұндай тәсілдер-мал шаруашылығына дейінгі аңшылық шаруашылық-мәдени тип дәуірінің жемісі».
Малды союдың белгілі тәртібі бар. Аяғын байлап басын құбылаға қаратып, малдан кешірім сұрап, « Бісіміллә, Аллаһ әкбәр сенде жазық жоқ, менде азық жоқ » деп құдайға табынып, малдың тамағын бауыздайды. Қойды сойып мүшелегенде жамбас, ортан жілік, асықты жілік, бел омыртқа, сүбе, қабырға, төс, жауырын, тоқпан жілік, мойын бас, ішкі құрлысы-ішек-қарын, жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе деп бөлінеді.
Дәстүр бойынша сиырды 12 жілікке бөледі: бас, мойын, бұғана, екі қолы мен саны, төс жиегі, жалпақ омыртқа.
Жылқы малы да осылай мүшеленіледі. Тек дене тұрқы мен салмағына қарай мүшеленуінде ерекшеліктер болады. Жамбас – 4–8 бөлікке, ортан жілік 2–4-ке, омырқа 16 бөлікке оның ішінде сегіз үлкен, сегіз кіші омыртқаға бөлінеді. Белдеме 6 омыртқадан тұрады, жылқыда 24 қабырға болады, әр қабірға екіге бөлінеді. Ет тағамы – «ет дегенде бет барма ма» дегендей, қазақтардың ең жеңістік асы болуымен қатар, күнделікті тұрмыс-тіршілік әрекетін атқару үшін жұмсалған энергияның орнын толтыратын құнарлы азық.
Түйенің сүтінен шұбат жасайды. Жылқының сүтінен қымыз жасайды. Сиырдың сүтін ішеді, айран, ірімшік, құрт, май, қаймақ, сыр жасайды.
Қазіргі кезде қазақ дастарханына әр түрлі тағамдар еніп, азық-түлік өнімдерінің есебінен молаюмен ерекшеленеді.жалпы алғанда ежелгі қазақтың ұлттық тағамдарының қажеттілігі қазірде кеміген жоқ қайта түр-түрі көбейді. Жаңа мен байырғыны байланыстырып жаңа тағамдар жаңа ас мәзірі пайда болды.
Ұлттық тағамдардың қадыр-қасиетін білу отбасынан басталуы қажет. Отбасынан алған тәрбие жастардың азамат болып өсуіне негіз салады. Қазақ халқында «ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың » деген қанатты сөз текке айтылмаған. Қалада, ауылда тұратын қазақтар ұлттық тағамға айрықша мән беретін болуы тиіс. Үлкендер жастарды сол қасиетке негіздеп тәрбиелеп,оларға ұлттық тағамдарды жоғары дәрежеде дайындайтын тәрбие бере алуымыз керек.
Әдебиеттер
1. Андреев И.Г. Описание Средней Орды киргиз- кайсаков. Алматы, 1998.280с.
2.Арғынбаев Х.А Қазақ халқындағы семья мен неке. Алматы, 1973. 326 б.
3. Арғынбаев Х.А. Қазақ отбасы. Алматы, 1996. –286 б.
4. Хозяйство казахов на рубеже ХІХ-ХХ веков. Алматы, 1980. – 253 с.
5. Муканова Т.А. Молочная пища казахов ( по материалом 19-20 в.) // Известия АН КазССР. Серия общественных наук. 1968. №5. С. 35-39.
6. Қатран Д. Қазақтың дәстүрлі ас-тағам мәдениеті (тарихи-этнологиялық зерттеу). Алматы, 2002.–208 б.
7. Масанов Н.Э. Кочевая цивилизация казахов. Алматы-Москва, 1995. –320 с.
8. Алимбай Н., Муканов М.С., Арғынбаев Х. Традицонная культура жизнеобеспечения казахов. Очерки теории и истории. Алматы, 1998. 234 с.
9.Толеубаев А.Т. Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов. Алматы, 1991. 272 с.
10. Кадарова Р.Х., Жангабылов А.Х. Национальные молочные продукты в лечебном питании. Алма-Ата, 1981. 126 с.
Резюме
В статье на основе специальных исследований рассматривается традиционная система питания казахского народа, которая состоит из следующих трех взаимосвязанных элементов – мясного, молочного и растительно-злакового.
Түйіндеме
Мақалада қазақ халқының ұлттық тағамдары ғасырлар қойнауынан қалыптасу мен даму тарихымен қатар, олардың негізгі түрлері: ет, сүт және дәнді дақылдар өнімінен дайындалатыны қарастырылған.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ
Мұхтаров К.Т – магистрант (Қызылорда қ., Қорқыт Ата атын. ҚМУ)
ХХ ғасырда Қазақстан күрделі демографиялық дамуды бастан кешті. Ғасыр басында тұрғындардың негізі көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын ауыл адамдары ғасыр соңында қала халқы көпшілік болған мемлекетке айналды.
Қазақ халқы талай «тар жол – тайғақ кешулерге» душар болды. Бұл қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі кезеңдердегі тарихи жағдайларға тікелей байланысты. Патша үкіметінің Қазақстанға шаруалар мен казактарды қоныстандыру саясатының жеделдете жүзеге асырылуы, 1916жылғы ұлт-азаттық қозғалысы мен қазан төңкерісінен кейінгі «кіші қазан төңкерісінің» салдары, 1921-1922 ж.ж, 1931-1933 ж.ж аштықтары мен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының зардаптары, өндірістің ірі «алыптарын» тұрғызу мақсатында республикаға жан-жақтан мыңдаған жұмысшылар мен мамандардың әкелінуі, тың және тыңайған жерлерді игеру, «комсомолдық бауырластық жолдамалар» нәтижелері көңілді қыңжылтатын демографиялық ахуалға еріксіз әкеліп тіреді /1,3б/.
Қазақстанның тәуелсіздік алуымен қатар, отандық тарихтың жаңа беттері мұрағат қорларындағы жаңа деректермен толығып, жаңаша көзқарастар тұрғысынан қарастырылуда, соның қатарында тарихи демография мәселесінің алатын орны бөлек.
Демографиялық тарихнамада облыс халқының құрамындағы өзгерістер толық зерттеле қойған жоқ. Сондықтан да, облыс тарихын, халық санындағы өзгерістерді, оған әсер еткен факторларды зерттеудің маңызы зор, әрі ғылыми сұранысқа ие болып отыр. Қызылорда облысы халқының саны 1999 жылғы санақ нәтижесінде 595,5 мың адамды құрады. Оның ішінде аудан орталықтары мен Қызылорда қаласы халқын қоса есептегенде қала халқы 360,7, ал ауыл халқы 234,8 мың адам. Олардың 297,2 мыңы ер адамдар, 298,3 мыңы әйелдер. Ал, 2006 жылғы көрсеткіш бойынша облысымызда 618 249 адам өмір сүрген. Аудан орталықтары мен Қызылорда қаласы халқын қоса есептегенде қала халқы 368 118 адамды құрап, ауыл халқы 250 131 адамға жетті. Тұрғындардың 307 912 ерлер, 310 337 әйелдер /2, 2б/ Облыстағы тұрғындар саны 2009 жылдың желтоқсанында ағымдағы деректер бойынша 650,8 мың адамды құрады. 2008 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 пайызға артты, бұл туғандар санының артуына ықпал етті,
Жоғарыда көрсетілген мәліметтерден байқайтынымыз облысымыздағы халықтың жыныстық жіктелуіне байланысты ер адамдар әйел адамдарға қарағанда аз екенін көреміз. Бұл жағдайға негізгі себеп: біріншіден туылуы жағынан ер балалардың саны көп болғанымен өлім-жітім жағынан жоғары болып отыр. Мәселен, 2007 жылы барлық дүниеге келген сәбилер саны 16 491 болса, оның ішінде ер балалар 8 521, ал қыз балалар саны 7 970. Ал, қайтыс болғандарының саны - 4 839, оның ішінде ер балалар - 2 787, қыз балалар - 2 052. Сонымен бірге ер адам мен әйел адам арасындағы орташа өмір сүру ұзақтығын, ер адамдардың ауыр жұмыстарға (мұнай компаниялары, құрылыс т.б) көптеп тартылуынан екендігін ескерген жөн.
Аудан орталықтары мен қала халқының ауыл халқынан басым болуының себебі: ауылдық жерлердегі егін, мал шаруашылықтарының, сонымен қатар басқа да жұмыстардың тоқтауы, ал жұмысы болған жағдайдың өзінде жалақының төмендігі, ауыл халқының қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмауы әсер етуде. Қалалық жерлерде құрылыстың қарқындап дамуы, шетелдік компаниялардың мұнай саласына келіп, өндіріс орындарын ашуы ауыл халқының қалаға қоныс аударуына бірден-бір себеп болып отыр
Қазіргі кездегі отбасын және ондағы процестерді зерттеу тек қана ғылыми-теориялық сипат емес, сонымен қатар тәжірибелік мазмұнға ие болып отыр. Отбасы мәселесі, неке-отбасылық қатынастың нығаюы қоғамды да, мемлекетті де ойландырады. Ол адам баласының дүниеге келуімен, оның өсіп, қалыптасуын қамтамасыз етіп отырғандықтан, адамзат тарихының даму кезеңдеріндегі шешуші факторлардың бірі болып табылады. Отбасы мен неке тағдыры қандай да болмасын қоғамдық құрылыспен, ондағы өндірістік қатынаспен тығыз байланыста болады да, әлеуметтік өзгерістер отбасы мен неке сипатына әсер етіп, жаңарып отырады. Мұның өзі отбасы мен неке мәселесінің үлкен қоғамдық мәселе екендігін айқындайды.Отбасы және отбасы-некелік қатынас көптеген қоғамдық ғылымдардың этнология, демография, социология, экономика, педагогика және т.б. зерттеу обьектісі. Қазіргі отбасын анықтауда этнографтар мен этносоциологтар отбасы құрылымы мен отбасы-тұрмыстық қатынаста этникалық ерекшеліктің белгілі мөлшерде сақталатындығына көңіл бөліп отыр /3,481б/.
Отбасы-қоғамның алғашқы ұясы. Оның негізін неке құрайды. Ал неке дегеніміз ер адам мен әйел адамның арасындағы құрылған одақ, материалдық және рухани қажеттілік. Неке тірегінің берік болуына жұбайлардың арасындағы түсіністік, психологиялық сәйкестік, яғни бір сөзбен айтқанда ішкі отбасылық факторлар әсер етеді. 1999 жылы облысымызда некеге тұрғандар саны 3 867 болса, ал некелік одақтары бұзылып, яғни ажырасқандар саны 732 болды. 2007 жылы отбасы құрғандар саны 5 749-ға жетсе, ал ажырасқан отбасы 939-ға жетті.2008 жылы отбасы құрғандар саны 5 111 болса, ал ажырасқан отбасы 809 болды. Ал 2009 жылы отбасы құрғандар саны 5 259 болса, ажырасқан отбасы 1029 болды. Некелердің бұзылуына негізгі себепші болатын төмендегідей жағдайлар мыналар: әлеуметтік жағдайдың қиындығы, яғни жұмыссыздық, жалақының отбасы мүшелерін қамтамасыз етуге жетпеуі. Сонымен қатар отбасы құрған екі жастың бір-бірін жете танысып барып, шешім қабылдамауы, яғни аяқ асты некелесу. Статистикалық зерттеулерге қарағанда үйленгеннен кейін 2-3 жыл аралығында ажырасу саны көбейеді. Дегенмен, облыстармен салыстырмалы түрде біздің аймақта некелік қатынсатарды бұзу жағдайының аздығы бізді қуантады. Қазіргі жанұялардың берік болуының негізгі себебі, облысымыздағы қаймағы бұзылмаған қазақи ортаның, қазақы салт- дәстүрдің, әдет-ғұрыптың сақталуы мен қайта жаңғыруы екені шындық.
Көші – қон адамзат тарихының өн бойында жүріп отырып, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси даму барысында өзіндік орын алады. Адамдардың көші-қоны мен олардың орналасуының шыққан және барған жерлеріндегі этодемографиялық процестердің дамуына әсері зор. Көші-қон деп халықтың барлық әлеуметтік мәнді орын ауыстыруларын, территориялық жылжуларын айтамыз. Халықтың қолайлы көші-қоны экономикалық және әлеуметтік қозғалысының міндетті шарты болып табылады /1,73б/ 2007 жылы 7646 адам аймағымызға келсе, 12 136 адам облысымыздан көшіп кеткен.2009 жылы облысымызға барлығы 8299 адам келсе, 10377 адам қоныс аударған.Оның ішінде сыртқы көші-қон бойынша 341адам келсе 366адам сыртқа қоныс аударған, ішкі көші-қон бойынша 3473 тұрғын өңірімізге келсе, 5526 адам кеткен /4.8-9б/.
Тарихшы, демографтардың пайымдауынша тәуелсіздік алған он - он бес жыл .ішінде облысымызда тұруға тиіс 300 мыңдай адам сыртқа көшіп кеткен /5/. 2009 жылдың қаңтар қарашасында табиғи өсім 11 991 адамды құраған, ал 2008 жылдың қаңтар қарашасында 12 167 адам болған. Облыс бойынша өлім көрсеткіші – 4 292 адам (2008ж. қаңтар қарашасында 4 326 адам) бұл өткен жылмен салыстырғанда 34 адамға кеміген. Ал жалпы өлім көрсеткішінің коэффициенті әрбір мың тұрғынға шаққанда 7,37 ден 7,13 ке дейін кеміген /4.8 б/ Халықтық өлімінің негізгі себептері ішінде ең үлкен меншікті салмаққа қан айналымы жүйесі аурулары (45,2%) ие болып отыр.
Қорыта келгенде, мәселен облысымызда 1979 жылы ауылдағы жанұялардың 46 пайызының әрбірінде 7-ден артық адам болған. 1999 жылғы есеп бойынша ауылдық жерлердегі 7адамнан артық жаны бар отбасы 33 пайызды құраған /5/. Белгілі демограф – ғалым Мақаш Тәтімовтің пікірінше «тағы да аналарымызға қарапайым тілмен айтқанда бірінші бала, егер ол ұл бала болса, әкесінің орнын,екінші бала, егер ол қыз бала болса, шешесінің орнын ғана басады. Ал, үшінші бала халықта болып жатқан әртүрлі шығындардың орнын толтырады, яғни, үшінші баланы әйелдер құрбандық үшін туады. Бұл үш баладан халықтың саны не өспейді, не кемімейді, тек төртінші бала ғана халықтың өсіміне бір ақ сан қосады. Сондықтан төртінші перзентті қазақ әйелі ұлт үшін өмірге алып келуі қажет.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Асылбеков.М,Құдайбергенова.А Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық жағдайы (1939-1959 жж). Алматы 2005 159 б.
2. О демографической ситуаций в Кызылординской области. Қызылорда облысының статистика басқармасы. Қызылорда, 2004. 19 б.
3. Қ.Б.Баудиярова Қазақстан жалпы адамзаттық тарихи ойлау аясында. Халықаралық Бекмаханов оқуларының материалдары. Алматы, 2005.
4. Қызылорда облысының әлеуметтік – экономикалық дамуы. Қызылорда облысының статистика басқарамасы. Қызылорда, 2010.
5. Оразбақов А.Ж. Аналарымыз жасанды түсік жасатудан аулақ болса екен. //Ақмешіт апталығы 2009 жыл 15-сәуір.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада Қызылорда облысы тұрғындарының әлеуметтік-демографиялық ахуалі қарастырылған.
РЕЗЮМЕ
В статье рассмотривается социально-демографическое положение Кзыл-ординской области на современном этапе.
САУАТСЫЗДЫҚТЫ ЖОЮ НАУҚАНЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ
АҒАРТУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ
Сахимова А.М – магистрант (Қызылорда қ., Қорқыт Ата атын.ҚМУ)
Патшалық Ресейдің отарлауынан құтылып, большевиктер үкімет басына келген кезде қазақ қоғамы мен халқының саяси жағынан белсенді жұмыстары негізінен Ташкент пен Омбы қалаларында, сонан соң Орынбор мен Қызылордада өткені бәрімізге белгілі. Қазіргі кезеңде бұл шеткері жатқан қалалардың мұрағат құжаттары аз зерттелген. Әсіресе Қазақ халық ағарту институты жайында және де сауатсыздықты жою туралы мұрағат парақтары жарыққа шықпай отыр. Мәдени құрылыс атауына ие болған бұл құрылыстың бір тармағы республикамыздағы сауатсыздықты жою болып табылады./1/
Кеңес өкіметі орнатылғаннан кейін, нақтыласақ 1920 жылы РКФСР ХКК-нің шешіміне орай Өлкелік Халық ағарту бөлімдерінің жанынан сауатсыздардың есебін алуды ұйымдастырумен, педагог мамандарды даярлаумен, курстар мен мектептерді ашумен, оқу құралдарын басып шығару мен шұғылданатын сауатсыздық жөнінде комиссиялар құрылды.
1924 жылдың қаңтар айында Қазақстанда "Сауатсыздық жойылсын" ұйымын құру жөнінде жұмыстар жүргізілді. Осы жылдың 17 ақпанында өткен алғашқы ұйымдастырушылық жиналыста Қазақстандағы сауатсыздықты жою ұйымы (СЖҰ) рәсімделді. Олардың негізгі мақсаты сауатсыздықты жою болғанымен олар жергілікті жерлерде жұмысшы, шаруа, малшылар қатарын социалистік құрылысқа тартумен және сауатсыз село халқын бар күш жігері мен қаражаттарын қоғамдық іске жұмсауға үйрету сияқты коммунистік идеологияның принциптерін насихаттаумен де айналысты./2, 113 б/
Қазақ халық ағарту институты сауатсыздықты жоюға айтарлықтай үлес қосты. Институт Орынборда 1919 жылы ашылған. Орынборда ашылған институт алғашқыда Қырғыз халық ағарту институты деп аталды. Тарихы 1919 жылы басталатын бұл институтта қазақ мектептеріне мұғалімдер даярлаған.1921 жылдың өзінде 140 оқушы оқыған. Оқу жоспары бойынша институтта сабақ тек қазақ тілінде жүргізілді.Институт оқушылары мен студенттері елде сауатсыздықты жою ісіне белсене араласты./3, 433 б/
Ең алдымен хат танытудан басталған жұмыс 1925 жылы шақырылған Қазақ АКСР Кеңестерінің Ү съезінің негізгі құжатының бірі Қырғыз халқының тарихи дұрыс атын қалпына келтіруі еді. Яғни, Кеңестердің Бүкіл Қазақтық Ү съезі "бұдан былайғы жерде "киргиз" деген атау "қазақ" деп аталсын" деп қаулы қабылданды. Сонымен бірге съезд "Киргиз Республикасын" "Қазақ Республикасы" деп атауға,ал оның астанасы Ақмешітті Қызылорда деп атауға қаулы алды./4/ Осы съездің күн тәртібінде халық ағарту ісі де қаралды. Қазақ АКСР-нің астанасы болған Қызылорда қаласына 1925 жылы Орынбордан Қазақ ағарту институты (КазИнПрос) көшірілді.1924-1925 жылдары Сырдария облысының Ақмешіт халық ағарту бөлімі, 1925-1927 жылдары Сырдария губерниясы Қызылорда уездік-қалалық халық ағарту бөлімі жұмыс істеді.1927 жылы Кеңес үкіметінің 10 жылдығында мектептер саны облыс көлемімен есептегенде 149-ға жетіп, ондағы оқушылар саны 12495 болған.
1927 жылы 29 мамырында БК(Б)П Орталық Комитеті қабылдаған сауатсыздықты жою туралы қаулы "Сауатсыздықты жоюдың мұнан былайғы жұмысына батыл өзгеріс жасау", бұл жұмысты "бірыңғай жоспар, күштер мен қаражатты біріктіру, сауатсыздықты жоюға қатысатын барлық ұйымдарға кең ықтияр беру негізінде" жүргізу қажеттілігі көрсетілді /5, 13-17 б/Т
Кеңестік биліктің алғашқы жылдарында ағарту саласына зор үлес қосқан қазақ зиялыларының қатарында Сәкен Сейфуллин болды. Ол 1925 жылы 7 сәуірде Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым орталығының төрағасы, 12 шілдеде қазақтың пролетар жазушылары ассоциациасының басшысы болып тағайындалады. Сәкен Сейфуллин 1926 жылы БКП Өлкелік комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, 1927 жылы Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының директоры болып жұмыс істеді және,1925-1928 жылдар аралығында дәрістер оқып, сабақ берген. Сәкен- Қазақ Кеңес ағарту жұмысының қарыштап дамуына үлкен роль атқарған жаңашыл азамат. Оның поэзиясы- Абай мен Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығының заңды жалғасы бола тұрса да, идеялық-шығармашылық принципі жағынан айрықша ерекшелігі бар үлкен дүние. Сәкен шығармаларының идеялық нысанасы жаңа дәуірдің, кеңестік заманның көкейкесті мәселелерімен тығыз ұштасып жатты.Сәкен шығармашылығын сөз еткенде, ерекше назар аударатын мәселе – оның замана бейнесін жасауы және де өз білімімен жас ұрпақтың сауатын ашуы болды. Тәжірибелі педагогтар, республикада жұмысын ұйымдастырушы қайраткерлер – С.Меңдешев, Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов, М.Жолдыбаев т.б.институтта дәріс берді./6/
Осы жылдары мектеп жасындағы балалардың оқуға жалпы қамтылуы 83,6 пайыз болса, оның ішінде қазақтардың жалпы үлесі 45 пайызды құрады. Жоғары мектептерде оқитын қазақтардың санына келсек, ол тіптен төмен деңгейде болатын. Жоғары мектептерде оқығандар және оның ішіндегі қазақтар туралы мәлімет төмендегідей:
Жылдары
|
Жоғары тұрғыдағы мектеп оқушылары
|
Оның ішіндегі қазақтар
|
1928-1929жж
|
30560
|
мәлімет жоқ
|
1929-1930жж
|
36000
|
мәлімет жоқ
|
1930-1931жж
|
39161
|
4521
|
1931-1932жж
|
50720
|
6020
|
Осы статистикалық мәліметтер 1930-1931 оқу жылындағы қазақтардың бұл мектептерге оқуға қамтылуы біршама жақсарған. Мысалы: 1928-1929 оқу жылында 14 педагогтық техникумда оқыған 2198 оқушының 1363-і қазақ болса, 1931-1932 оқу жылында 29 педтехникумның 5816 оқушысының 3978-і қазақ болды.
Кеңестік жүйе жағдайында орыс тілінен хабары шамалы бұқараны "таптық" және "большевиктік" рухта тәрбиелеу басты назарға алынды. Оның құралы – жергілікті ұлт тіліндегі басылымдарды және әдебиеттерді көбейту ауадай қажет болды. Мұны Кеңес өкіметінің алғашқы онжылдығында қазақ тілінде жарық көрген жалпы әдебиеттерді басып шығару сипатынан байқауға болады:
Жылдар
|
1925жыл
|
1926жыл
|
1927жыл
|
1928жыл
|
1929жыл
|
Қазақша әдебиеттердің алатын саны
|
46
|
56
|
49
|
127
|
127
|
Таралымы
(мың)
|
408.000
|
434.000
|
420.400
|
1.054.500
|
1.412,7
|
Қазақстан үкіметі де, орталықтағылар да республикадағы білім беру ісін қаржыландыруға ұмтылмады. Қазақстан халыққа білім беру ісіне жұмсалатын шығын жөнінен басқа Кеңестік республикалардан бәрінен төменгі орында болды. Халыққа – білім беру ісінде 1927 жылы жан басына шаққанда жұмсалған шығын Қазақстанда небәрі 1 сом 35 тиын болса, ал бұл көрсеткіш РКФСР-да 2 сом 61 тиын, Түркменстанда – 3 сом 88 тиын, Бурятияда – 4 сом 24 тиын, Закавказье Федеративтік Республикасында – 5 сом 26 тиын болды. Бұл мәселеге мән бергісі келмеген Ф.Голощекин, 1927 жылғы ҮІ Бүкілқазақтық партия конференциясында "менің өзім әрқашан аударып отырған халыққа білім беру бюджеті үш жыл ішінде өсіп кетті...", - деп біржақты мақтанды.
1929 жылдың 25 шілдесінде "Жаңа қазақ орфографиясын бекіту туралы" қаулы жарық көрді. Жаңа қазақ орфографиясы Халық ағарту Комиссариатының Қызылордада 1929 жылдың 2-4 маусымында өткізілген ғылыми конференциясында қабылданып, ал 20 шілдеде Орталық Атқару Комитеті оны бекітті./7, 29 б/
Сауат ашу науқанының тағы бір осал тұсы оқулықтардың жетіспеуі еді. Ресми мәлімет бойынша 1928 жылы қазақ тілінде 22 оқулық атауы (жалпы данасы 732.000) бар болатын. Жаңа әріпке сәйкес келетін жаңа оқулықтар дайындау қажет бола бастады. Қазақ тілінде оқулықтарды жазуға даярлығы бар топ Алаш қозғалысының қайраткерлері еді. Бірақ та алаш қайраткерлерін жазықсыз 1928-1929 жылдары жаппай тұтқындалып, жер аударылды. Сол қазақ зиялыларының бірі әйгілі ғалым-теоретик, эстетик сыншы Ахмет Байтұрсынов болатын. Оның жаңашыл туындысы Ташкентте 1926 жылы "Әдебиет танытқыш" ("Теория словестности") деген атпен басылған. Араға екі-үш жыл салып, авторы ұсталып кеткен соң, бұл еңбек көпшілік арасына мол тарап үлгермеді.Бірақ қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған./8, 30 б/
“Әдебиет танытқыш” кітабындағы термин, ұғым, категория әдеби тілімізге, ғылыми оралымға кезінде кіргенін айта отырып, бұл еңбекте эстетикалық ойлау жүйемізді әлі де байыта түсетін тамаша қазына, ересен тапқырлықтар бар екенін көрсетуіміз қажет. Сонымен Ахмет Байтұрсынов қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым екендігін мойындамау шындық алдындағы қиянат болар еді Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-ғылыми мұрасының ішіндегі ең көлемді және айрықша тиянақталған тұжырымды еңбегі – “Әдебиет танытқыш”. Шолу ретінде, атүсті айтылғанмен, бұл еңбек дәлді зерттеліп, әділ бағасын әлі алған жоқ./9/ Қазақ тіліндегі әдебиеттер Ташкентте, сондай-ақ, 1925-1929 жылдары Қызылорда астана болып тұрған кезде көптеп шығарылған. Мысалы, қомақтысы Сәкен Сейфуллиннің "Тар жол тайғақ кешу" романын айтуға болады.1930 жылдары республикада педагогтар мен мұғалімдер даярлайтын институттар көбейді. Соған байланысты 1933 жылы 15 қазанда Қазақ халық ағарту институты қызметін тоқтатты.
Әдебиеттер
1.Самрат Ж.Қазақтың тұңғыш жоғарғы оқу орны біз айтып жүргеннен әлдеқайда ертерек ашылыпты.// Егемен Қазақстан, 2010жыл, 1 қаңтар, №1.
2.Сайлан Б.С. Қазақстан жастарының 1920-30 жылдардағы сауатсыздықты жою науқанына қатысуы.//Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті Хабаршысы-2008.№1.
3."Қазақстан" Ұлттық энциклопедиясы/Қазақ халық ағарту институты. Алматы.,2003.
4.Қалиев Ы., Шілдебаев Е.Дария жағасындағы қала.//Оқу ордалары. Алматы; 1980.
5.Ақпанов Қ.А., Нұрғалиев Н.С. Қызылорда - халық ағарту мекені// Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Хабаршысы–2006.№ 2.
6.Интернет. http: //www.google.kz/. Сәкен Сейфуллин.
7.Омарбеков Т. Мәдени құрылыс тарихы: тапшыл көзқарас сабақтары..// Ақиқат, 1996. № 3.
8.Омарбеков Т. Сауатсыздықты жою: науқаншылақ және оның .//Ақиқат, 1996. №2.
9. http: //www.google.kz/. Ахмет Байтұрсынұлы – бес арыстың бірі.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада 1930 жылдардағы сауатсыздықты жою науқаны мен халық ағарту саласындағы атқарылған ісшаралар қамтылған.
РЕЗЮМЕ
Статья посвещена ликвидации неграмотности население Казахстана и образованию Института просвещение.
Достарыңызбен бөлісу: |