Осыдан соң 40 күнді тосып қырық қасық суға шомылдырып, қырық күн шілдесінен шығарады. Ит мінезі қалсын деп, ит көйлегін шешіп, оған тәттілер салып итін мойнына байлап балаларға қудырады. Оны балалар қуалап жүріп, тәттіні бөліседі. Кей жағдайда кішкентай
баланың мойнына ит көйлекті байлап, ит сияақты еңбектетіп жүргізеді. Ит көйлекті итке байлау-ит қорғаушы деген сенімнен туған. Қырқыннан шығару ғұрпында қазақтар ұл баланы қырық күнге жеткізбей шығаруға тырысады. Оның мәні ұлдың қалың малы аз болсын десе қызды қырық күнге толтырып, қалың малы қырық болсын деп жатады. Баланың қырқыннан шығару рәсімінде көп адам шақырмай көрші-қолаң, туысқан әйелдерді шақырып ішіндегі сыйлы, жасы үлкен кісіге шомылдырады. Суға күміс білезік сақина немесе қасық салынады. Кей жерлерде қойдың қырық құмалағын салуда кездесіп қалады, бұл бала малды, бай болып өссің деген ырымынан туған. Оларды шомылдырып болғаннан соң, келген әйелдер бізде осындайға жетейік деген ниетпен бөліп алады. Мұнан кейін баланың қарын шашын алу үшін ата-ана өздеріне ұнаған бір адамды дайындап қояды. Ол өздерінің сыйлас достарының бірі болуы мүмкін. Қарын шашты шүберекке тұмарша етіп тігіп, баланың кимінің иығына қадап қояды. Бұл ырым балаға көз тимеу үшін жасалады, ал тырнағын жерге көмеді.
Сүндетке отырғызу ғұрыптары.
Ер баланы сүндетке отырғызып, мұсылмандық парызын өтеу әрбір ата-ананың парызы. Қазақтарда жеті жас пен он екі жасқа дейінгі балалар сүндетке отырғызады, бұл міндет арнайы тәжірибесі бар молдаға жүктеледі. Ол ұстарамен шеткі терісін тіліп алып, киіз үйдің сыртқы тұсына іліп қояды және ол сонда кеуіп кетеді. Баланың мұсылман болғандығына байланысты да жасалатын көптеген жөн- жоралғылар бар. Мәселен, ұлы жүздерде сүндетке отырғызылатын баланың басына әйелдерді кіргізбеу, баланың мүшесінен кесіп алынған етті тумайтын әйелдерге жегізу. Сүндет той Орта Азия халықтарында баланың мұсылман болғандығын көрсететін қадірлі той саналады. Балаға арналған сый-сияпат көбінесе нағашы жақтан болады. Кей жағдайда балаға мінгізетін жылқыдан басқа көрпе төсек, киім-кешек те әкелінеді. Сүндеттелген балаға көрімдігі деп ақша ұстатады. Ел алдынан баланы өткізу біздіңше елді ерте тойға шақыру үшін сүндеттелген баланы сүндет қоржын салынған атқа мінгізіп елді шақыртқызатын ғұрыптан қалған сияқты, нағашы жақтан әкелетін жылқыға да үстіне жабу, басына үкі қадап қоржын салып әкеледі. Оны «тай жасау» деп те атайды. Қоржынның бір басына бір киімдік мата, ішімдік салынады. Оны тайдың алдынан шыққан адам бөліп алады. Қазақтарда ертеде елді тойға шақыру үшін сүндеттелген баланы сүндет қоржын салынған атқа мінгізіп, елді шақыртқызған. Тойға шақырып келген баланы құрметтеп, қарсы алып, үйге кіргізеді. Ауыл әйелдері сүндет қоржындағы тәттілерді ырым қылып бөліп алатын болған. Ал қазіргі кезеңде кешкі тойда әкелінген тайлардың біріне отырып бала келген кісілердің алдынан өтіп шығады. Олар балаға ақша қыстырады. Тойда ауыл
ақсақалдарына шапан кигізіледі. Ол әр ру ақсақалдарына беріледі. Мұны киіт деп атайды. Киіт алған адам тон бау береді. Тойда көкпар, күрес, бәйге, т.б. қазақтың ертеден келе жатқан ойындары жасалынады. Осылардың ішінде көкпар көп беріледі. Көкпарға келген кісілерді алдын-ала дайындалған үйлерге түсіріп, оларды сол үйлер күтіп алады. Қандай той болмасын ертеректе күннің сәтті күні сәрсенбіге қойылатын. Сол күні ақ бата оқылып, мал сойылады. Қандай той өтпесін той өткеннен соң қызмет еткендерге, құдайға шүкір не той мақтар жиынын өткізеді.
Қазақтардың бала туу, оны тәрбиелеуге байланысты жиналған деректеріне қарағанда, жалпы қазақтар мен Орта Азия халықтарының бала туу және оны тәрбиелеуге байланысты ұстайтын салт-дәстүрлері мен наным-сенімдері, ырымдардың ұқсастығы байқалады. Бүгінде қазақ халқында бала туу, өсіруге байланысты жасалатын дәтүрлерді жалғастырып отырғанымен де өмір сүрген ортасына, заманның жаңғыруына байланысты ұлттық дәстүрлердің кейбір элементеріне өзгеше түр, мән бергендігін байқауға болады. Халық арасындағы мұндай ерекшеліктер мен өзгерістер зерттеуді қажет етеді.