Қазақстан республикасы білім және ғылым



бет16/79
Дата06.09.2022
өлшемі462,66 Kb.
#148809
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   79
Байланысты:
ibraimova-kazak-otbasy

Ер жігіт тәрбиесі


Ұл тәрбиесінде ұлдарға болашақ ел мен жұрттың қорғаны, отбасының ұйытқысы, халыққа бақыт- байлық жаратушы екендігін, ер жігіттің қалай болу керек екендігін шынайы ұғындыру басты мақсат етіледі. Ер жігіттің қалай болу керектігі, ел -жұрт, үлкен кіші, кәрі-жас алдында өзін қалай ұстап, әйелдер мен балаларға қалай қамқорлық жасау, отбасы мен ел-жұртына қалай үлгі-өнеге болу, қиын сәттер мен ел басына күн туған сын сағаттарда қалай ерлік көрсетіп, қалай азаматтық таныту секілді істердің барлығы мұқият үйретіледі. «Ұлым жақсы болсын десең, біліктімен ауылдас бол» дейтін халық даналығына сай, ұлдары тайға мініп өз тізгінін өзі ұстап жүруге жарай бастаған соң, адамгершілігі жоғары, білімі терең жақсы адамдармен көрші болып, өнерлі, үлгі-тағылымды кісілермен жиі барыс-келіс жасап, ұрпақтарының тамаша үлгі – өнеге алып өсуіне тамаша шарт-жағдай әзірлеп береді. Арлы, адал, өнерлі, білімді азамат болып шығуға талпындырады, түрлі жиын-тойлар мен үлкен кіші ортасында әдепті, ибалы, тәртіпті, мәдениетті болуға, өзін дұрыс ұстап, жаман мінез, жағымсыз қылық көрсетпеуге дағдыландырады. Үлкен кіші ортасында бей-әдеп сөз сөйлеп, асып-таспауға, ашық-шашық жүгірмеуге үйретеді. Қай жерде жүрсе де, қандай қызмет істесе де кішпейіл, қарапайым, қажырлы болып, ер азаматқа лайық ерлік, серілік танытып, еркектік мінез, азаматтық тұрғыдан жазбауға жетелейді. «Еркек мінезді әйелден, әйел мінезді еркектен без» деп еркекте еркектік, әйелде әйелдік қасиет болуын дәріптейді.
Ер балалардың 7 мен 10 жас аралығын «қозы жасы» деп, бұл жастағы балаларға әр түлік мал мен оның төлдерінің бөгенайын, белгі, қасиеттерін жыға тану талабын қойған. 10 жастан 20 жасқа дейінгі жасты «қой жасы», «қотан жасы» деп атап, осы он мен жиырма жас аралығындағы ер балаларға қойдың қырық қайырымын білу, астық жинаудың «ұрық таңдау, айдау, баптау, ору, жию, қамбалау» сияқты
алты әдісін, бағбандықтың көшет отырғызу, баптау, жалғау, бұтау, үзу, сақтау, сияқты амалдарын толық меңгеру талабы қойылған. 20 жастан
30 жасқа дейінгі жасты «жылқы жасы» деп атап, бұл жастағы азаматтарға ел танып, жер танып, жылқының жиырмаа қасиетін меңгеріп, жеті қараңғыда адаспай жол табатын, қауіп қатерге жолыққанда ерлік көрсете алатын, батыл да батыр болу талабы қойылады. Ұрпақтарды жасына қарай талап қойып тәрбиелеу тәрбиенің жұғымдылығын арттырады. Ар- намысты, атақ –даңқты жеке басы мен өз мүддесін жоғары қоюдай ұлы мұрат, асқақ арман орнатуына тамаша негіз қалайды.
Бұл тәрбие ұл балалардың жауапкершілікке және қожайындық сезімі билей бастайды. Отбасына, балалар мен аналарға, ел-жұртына қамқоршы, қорған болу сезімін арттырады. Есейгенде ақыл-айла, күш- қайрат жағынан ақаусыз есейіп, туған жерге, Отанға, халыққа мол үлес қосу санасын жоғарылатады. Әрқашан өздерін ел алдында ер азаматтық биіктен көрсетуге тырысатын намысқой, батыл, батыр, халықшыл азамат болып шығады.
Ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кең, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелейтін болған. Әр отбасы–жеке мемлекет. Бұл мемлекеттің іргетасын қалаушы, оны басқарушы, отағасы – абыройлы әке. Отбасының мәдени-рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Ұлы күш пен сабырлықтың иесі болып табылатын да – әке. Әке өсиеті мен тәлім-тәрбиесінің маңызы ерекше. Қанша дегенмен, жүрегі жұмсақ аналарымыз кейде тым еркелетіп жібергенде, әкенің салмақты сөзі таза ауадай қажет.
Кей уақытта бала әкесіз өсіп, анасының тәрбиесінде болады. Алайда, баланың жігіт болып өсуі немесе қызға тән кейбір қасиеттерін бойына жинап өсуі де осыдан. Дегенмен, дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ел ағаларына байланысты. Қазақ халқы ер бала тәрбиесіне өте зор мән берген. Қазақ халқы 7 атаға дейін, мүмкін болса өз руының қыздарына үйленбеуге тырысады. Ата-бабамыз қан тазалығына, тектілікке қатаң қараған. Атам замандарда қазақтар ұлдарын 13 жасында отау иесі деп дайындаған. Қазіргі заман басқа, заң бойынша 18 жасқа толғасын некеге отыра алады. Ең дұрысы Отан алдындағы әскери міндетін атқарып келгесін 20-22 жаста ата-баба салт-дәстүрі бойынша үйленген жөн. «Отызында орда бұзбасаң, қырығында қамал ала алмай қаласың» деген сөз бекер айтылмағанын да ескерген дұрыс. Үйленер алдында жастар толық дәрігерлік тексерістен өтеді. Келіншегінің екі қабат кезінде не ішуге болмайды, неден сақ болу керек, үйленгеннен кейін баланы 9 ай көтеру
керектігі, ол үшін анасының денсаулығы зор болуы т.б. сұрақтарын алдын ала дәрігермен кеңесіп шешіп алғандары жөн. Әйел екі қабат екенін білмей, соның кесірінен байқамай арақ-шарап, сыра, беталды дәрі-дәрмектер ішкеннен т.б. ауру балалар пайда болатынын жас ана білгені дұрыс. Бала дүниеге келгенде кіндігін кім кеседі, кім перзентханадан көтеріп алып шығады, бесікке кім бөлейді т.б. сол адамға тартады деген ырымға байланысты әке-шешесі ойластырып, ата- әжелерімен, дәрігерімен ақылдасып беделді, елге сыйлы ел аналарын дайындайды. Бір ғана «баланы жастан» деген сөздің астарынан қазақ халқының бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлгенін аңғаруға болады. Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, адамның бақыты -балада деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Адам ұрпағымен мың жасайды деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні-өз ұрпағы. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер дейді дана халықымыз. Ер баланы алты жасқа дейін хандай көтер, сыйла, алты жастан он алты жасқа дейін құлша жұмса, он алты жасқа толғасын досыңдай сырлас, сыйлас деген қазақ халқында нақыл сөз бар. Бұл сөздің мағынасы бала дүниеге келгеннен бастап қорға, қамқорла, қалауын жаса, мүмкіндігіңше ұнатқан ойыншығын, қажет нәрселерін алып бер, ойын арқылы баланы тәрбиелеуге болатынын есіңнен шығарма дегені.
Қазақтың ұлттық ойындары асық, тоғызқұмалақ т.б. ойындардан бастап, қазіргі заманға сай, балаға қажет деген ойын түрлерін үйрет. Баланың сүйікті ойыны арқылы да, икеміне қарай, болашақта кім болатынын да болжауға болатынын ата-бабаларымыз білген. Баланы бесікке бөлеу, дәрігермен ақылдасып дене шынықтырулар жасау, еңбектеуіне мүмкіндік беру, тәй-тәй басып жүре бастағанда тұсауын кесу – бәрін уақыты жеткенде жасау. Бір ескеретін жай бала еңбектеп жүргенде күштеп жүргізуге болмайды. Еңбектеу арқылы тізесі, аяқ сүйектері әбден дамуы қажет. Ерте жүргізу әрекетін жасасаңыз, баланың аяғының бұлшық еттері өсіп, сүйек, сіңірлері тартылып қалады. Баланы дәрігер 1 жасқа дейін үйге қеліп қарайды, балаң жөнінде дәрігердің берген кеңесін мұқият тыңдап, жазып ал. Баланы ойнап жеңуге болатынын ескеру арқылы кішкентайынан тәртіпке көндіре білу өте маңызды. Баланы жасына қарай тәрбиелеу керектігін
естен шығармау қажет. Тіпті балаға берген тапсырманың аяғына дейін орындаулына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Өстіп баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, теріс ісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді. Орынсыз ұрысу, зеку, сұрақтарына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата-ананың беделін түсіреді. Ата-ана ер бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Ата-ана ұл-қыздармен үй шаруасын істеп жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге де болады. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше, үй ішінің үлкендері әдептілік танытқаны жөн. Ер жігіттің бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау–ата- ананың басты парызы. Ата-анасынан көрмеген сүйіспеншілікті мұғалімнен көрген бала менің ата-анам да осындай болса, деп армандауы мүмкін. Мұғалімін тек жақсы қырынан таныған оқушы үшін оның айтқаны анық, дегені дәл болып көрінеді. Баласын қалай жақсы көретінін дұрыс білдіру кез келген ата-ананың қолынан келе бермейді. Біреу жақсы киіндіріп қояды, біреу тамағы тоқ болса болды деп, қалтасына ақшасын салып бергеніне мәз. Біреулері өте қатал, негізсіз айтқанын орындатады. Бала қорыққаннан уақытша тыңдайды, бірақ ата- анасының уысынан шыққан соң өзін-өзі ұстай алмайтын жағдайға жетеді. Алтын бесік – отбасы болса, алтын ұя–мектеп екенін естен шығармау керек.
16 жасқа, яғни кәмілетке толғасын досыңдай сыйлас, санас, ақылдас дегені. Балаңа еркіндік бер, арман, мақсаттарының орындалуы жөнінде кеңес. Сені сенімді дос санайтын болсын. Сен жақсы дос, үлгі тұтатын әке болсаң, балаң саған адал дос, қолдаушың болады. Мамандық таңдауға көмектес, мамандық таңдағанда баланың нені жақсы көретініне, не қолынан келетініне, неге икемі барына, алған біліміне, таңдаған, яғни жақсы көретін пәніне, нені ұнататына мән берген жөн. Завод, фабрика және әр түрлі мекемелерде қарапайым жұмысшыдан бастап басшысына дейін қандай мамандар жұмыс жасайды, сол жөнінде де ақыл бер. Балаңыз суретті жақсы салатын болса, оған әнші бол деп қыйнап не керегі бар. Немесе мұғалім болғысы келетін балаңызға, дәрігер бол деп, инженер механик болғысы келетін балаңызға, заңгер бол деп, қаржыгер болғысы келетін балаңызға, мал дәрігері бол деген орынсыз екенін түсінген жөн. Қазақша бұны буынсыз жерге пышақ
ұрма дейді. Ер баланың әскер қатарында болып келгені өте жақсы, бірақ, барғысы келмесе, мамандығы бойынша жұмыс жасағысы келсе баланы босқа қыйнамай әскери курстардан өткізіп алса да болады.
Кейінгі жылдары ұлдар арасында тым жұмсақ мінезді, әжелеріміздің сөзімен айтқанда, күн жаумай-ақ үсті су боп жүретін ынжық балалардың жиірек ұшырасуы алаңдатады. Мамандар мұны ер- азаматтардың ұрпақ тәрбиесінен мүлде сырт қалуының салдары деседі. Расында да, үйде анасының ғана тәрбиесін көрсе, мектептегі мұғалімдердің 80-90 пайызы әйелдер болса, ұл бала ерлерге тән ойлау жүйесін, жігіттік болмыс-бітім, мінез-құлықты бойына қайдан сіңіреді? Қашанда қыздардың – анасына, ұлдардың – әкесіне еліктейтіні анық. Бұл қан арқылы келетін ұмтылыс. Кішкентай ұл үшін әкесінен асып түсер мықты жоқ: ол машина айдайды, күші көп, ауыр заттарды оп-оңай көтереді, ештемеден қорықпайды т.б. Бала өзінің де әр қылығы, әр қимылы әкесіне ұқсас болғанын қалайды. Тіпті оның қырынып жатқанына да қызыға қарайды. Егер әке жұмысбастылықты, жеке қызығушылықты, көшедегі ойын-сауықты отбасыдан жоғары қойып, ұрпақ тәрбиесіне ұқыпсыз қарайтын болса осы талпыныс бірте-бірте басылып қалуы да мүмкін. Бала тәрбиесіне – әке де, ана да бірдей айналысуы тиіс күрделі міндет. Балалар есейген сайын ата-ана мойнындағы жауапкершіліктің жүгі ауырлай түспек. Есі кіріп қалған жасөспірімдер енді ата-ана сөзіне, айтқан ақылына ғана емес, істеген ісіне де мән беріп қарайды. Әке мен ананың отбасындағы өзіндік рөлі болатынын да ұмытпаған дұрыс. Әрине, перзент үшін екеуі де–ардақты, ақылшы, қамқоршы. Алайда бәрібір әкенің отбасылық қарым- қатынастағы орны бәрінен биік тұруы қажет. Кей үйлерде осындай табиғи тәртіптің өзі бұзылған. Яғни, түпкі сөздің тізгіні, шаңырақтағы билік әйелдің қолына көшкен. Оның түрлі себептері болуы мүмкін (ері жұмыс істемейді, әйелінің табысы көбірек, күйеуінің иі жұмсақ т.б.), бірақ бұл жағдай сол отбасындағы балалардың психологиясына, өмірлік көзқарастарының қалыптасуына кері әсер етеді. Ертең олар да ата- анасының ізімен жүріп, күйеуін басынған, сыйламайтын, арсыз, ұятсыз әйел, ынжық еркектердің, күшік күйеулердің қатарын толықтырып ағайындарының, ел-жұртының абыройын айрандай төгеді.
Қайсыбір ерлі-зайыптылар балаларының көзінше айқайласып, жанжалдасып, тіпті бір-біріне қол көтеріп жатады. Немесе бір-бірін кемсітіп, мұқатып, бала алдындағы абыройын жұрдай қылады. Бұл перзент санасына соққы боп тиетіні өз алдына, мұндай ата-ананы бірте- бірте балалары өскенде тек амалдың жоқтығынан ғана сыйлайтын болады, не тастап кетеді, не қарттар үйіне өткізіп жібереді. Әке үй-іші немесе әулет басшысы, отағасы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы, қорғаушысы. Отбасындағы бала тәрбиесінде
әкенің орны ерекше. Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті. Әке тәрбиесі арқылы, балалардың өздеріне тән мінез-құлықтарын ерекше сергектікпен қалыптастыратын-дығы да анық. Ұл бала үйдегі де, сырттағы да ер адамға қажет тағылымдарды көбінесе әкесінен үйренуге ұмтылады. Сондықтан әке тәрбиесі дұрыс та, мейірімді болу керек. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой – деп мақтайды. Отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта, ақындықта, мамандықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса назар аударылған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр. Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеуі дей отырып, баласын оқытып, күнін көре алатындай өзі таңдаған мамандық иесі етіп қалдыру, балаларды жақсы көріп, оларға көңіл бөлу, үйленер жасқа келгенде баласын үйлендіру, баласына ат қою, баласын сау етіп өсіру – бұлар әке-шешесінің басты міндеттерінің бірі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   79




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет