Орта білім беру жүйесін жетілдіру үзілмейтін үрдіс және оның өткені, бүгіні және болашағы бар. Қазақстандағы білім беру саласының дамуы Кеңес одағы тарихымен тығыз байланысты.
Сол заманға көз жүгіртетін болсақ, білім мазмұнын анықтаудың жүйелі және ғылыми негіздемесін 1920 жылы С. И. Гессен жасаған. Ол білім мазмұнының алты түрін белгілеген: тәрбиелік, ғылыми, көркемдік, құқылық, діни, шаруашылық. 1970- 1980-ші жылдары Ресей ғалымдары И. Я.Лернер мен И.С.Леднев осы бағыттағы жұмыстарын жалғастырды. С.И.Гессен мен В.С.Леднев те білім мазмұнын алты түрін атайды: ғылыми (ақыл-ой), рухани-тәрбиелік, көркемдік (эстетиқалық); құқылық, діни және шаруашылық (С.И.Гессен); коммуникативтік, еңбек және дене шынықтыру (В.С.Леднев). Осы зерттеулерді В.В.Фирсов бастаған ғалымдар Ресей педагогикалық ғылым академиясының «Оқытудың мазмұны және әдістемесі ғылыми-зерттеу» институтында 1988 жылы жалғастырған. Тәуелсіздік алғанға дейін Ы.Алтынсарин атындағы педагогика ғылымдары институты Ресей ғалымдарымен тығыз байланыста болып, бірге жұмыс жасаған.
Осы зерттеулер негізінде 1990 жылы Ы.Алтынсарин атындағы білім беру проблемалары институтында білім мазмұнының алты түрі анықталған:
1. Әлемді және адамды тану (химия, география, биология, астрономия, физика). 2. Қоғамды және адамды тану (адам, қоғам, тарих). 3. Ана тілін және басқа тілдерді білу және үйрену. 4.Математиканы тану (математика, информатика). 5. Өнертану (көркем сурет, музыка, әдебиет). 6. Тіршілік жасау және өзін-өзі тану (еңбек, дене шынықтыру). 2012,2015жылдардағы «Бастауыш, негізгі және жалпы білім беру» Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында жеті білім салалары белгіленген, «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Жаратылыстану», «Адам және қоғам», «Өнер», «Технология», «Дене шынықтыру». Білім беру салалары ма, пәндер ме?
Біздің ойымызша, «Жаратылыстану» (химия-заттың қасиеті, физика-заттың болмысы, география, биология) және «Өнер» (сурет, музыка) сала, ал басқалары пәндер.
Осы стандарттағы керемет идея және үлкен жаңалық - ол құзыреттілік, немесе біліктілік. Бұл түсінік бізге таңсық емес, себебі 1920 жылы А.Байтұрсынов жазғандай: «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік –сол білімді іске асыра білу дағдысы» .