Жеке тұлғалардың конституциялық міндеттері: Адам және азаматтың міндеттерінің конституциялық-құқықтық институты тұлғаның конституциялық-құқықтық қатынастарының субъектісі ретіндегі міндеттер көлемін бекітеді.
Адам және азаматтың негізгі міндеттері жалпыға ортақ сипатқа ие, тұлғаның нақтылы мәртебесіне қатысты емес және жоғары, конституциялық деңгейде бекітіледі. Конституциялық міндеттер тиянақталған талаптар тізімін құрайды, оларды орындаудан тұлғаның қоғам алдындағы, азаматтың мемлекет алдындағы жауапкершілік көрініс табады.
Конституция «әркім» және «азамат» терминдерін пайдалана отырып, адам және азаматтың конституциялық міндеттерін белгілейді. Конституция «әркім» ұғымын қолданған кезде Қазақстан Республикасының азаматтарымен қоса республика аумағына тұрақтаған шетелдіктерді және азаматтығы жоқ тұлғаларды есепке алады. Әркімнің конституциялық міндеттері мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтау;
басқа тұлғалардың құқықтары, бостандықтары, ар-ожданы мен қадір-қасиетін құрметтеу;
Республиканың мемлекеттік рәміздерін қырметтеу;
заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу.
Азаматтардың конституциялық міндеттеріне мыналар енгізіледі:
Қазақстан Республикасын қорғау және қызмет атқару;
тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасау;
тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау және оларға ұқыпты қарау;
табиғатты сақтау және табиғат байлықтарына ұқыпты қарау.
Конституцияда адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін деп белгіленген. Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституиялық емес деп танылады.
Бір қарағанда конституциялық міндеттер соншалықты көп емес сияқты көрінуі мүмкін, дегенмен олар қоғам мен мемлекеттің қалыпты дамуы үшін қажетті негізгі, маңызды салаларды қамтиды.
Заңдылық режимі құқықтық деп танылған мемлекеттің тұрақтылығы, тәртібінің бұлжымайтын негізі болып табылады. Осыған байланысты әркімнің Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарын сақтауы конституциялық түрде бекітілген.
Кез келген қоғамдағы құқық тәртібінің негізі Республика аумағында тұрып жатқан азаматтардың және басқа кез келген адамдардың құқыққа сай мінез-құлық әрекеті екендігі даусыз. Құқық мәдениетіне тәрбиелеуге басқа тұлғалардың құқықтарын,бостандықтарын, абыройы мен ар- намысын құрметтеу жөніндегі конституциялық талап ықпал етеді.
Өркениетті қоғамның өзіндік бір ерекшелігі баршаның өздерінің салықтық міндеттерін ерікті түрде орындауы болып табылады. Нарықтық қатынастарға көшу, кәсіпкерлік және басқа да экономикалық қызмет нысандарына кең жол ашу мемлекет есебінде болмайтын көптеген кіріс көздерінің пайда болуына әкеп соғады. Аталған себептерге орай заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеу міндетіне конституциялық мәртебе берілген.
Әркімнің конституциялық міндетіне Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеу міндеті жатады.
Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық міндеттері Отанды қорғау көрініс тапқан, ол оның әрбір азаматының қасиетті борышы және парызы болып табылады. Республика азаматтары әскери қызметті заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша атқарады.
Республикада азаматтардың міндеттеріне табиғатты сақтау және табиғат байлықтарына ұқыпты қарау міндеті де енгізіледі. Табиғатты қорғау заңдылықтары азаматтардың табиғат байлықтарын пайдалану кезіндегі мінез-құлықтарын белгілейді.
Қазақстан Республикасының қызметі принциптерінің бірі қазақстандық патриотизм болып табылады, ол Қазақстан тарихын білу, Республиканың мәдени мұраларын зерттеп-тану міндетін алдыға тартады. Қазақстандық патриотизммен тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасау, тарихи және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі азаматтардың конституциялық міндеттері тығыз байланысты.