Оқу үшін бағалаудың маңызы Кез келген мұғалім «Оқу үшін бағалау» неліктен оқыту мен оқуды жетілдіру проблемаларын шешудің маңызды мәселесіне айналып отыр деген сұрақ қоюы мүмкін, онысы орынды да. Өздерінің бұрынғы тәжірибесі бойынша көптеген мұғалімдер, оқушылар және олардың ата-аналары бағалауды оқыту және оқудан кейін болатын нәрсе ретінде қарастырады. Бағалау оқыту мен оқудың ажырамас бөлігі болуы мүмкін деген ойды қабылдау үшін біздің түсінігімізді едәуір өзгерту қажет болады, ал Оқу үшін бағалау ұғымы дегеніміз де осы болып табылады.
Оқу үшін бағалау негізінде жататын негізгі қағидаттар:
Оны әзірлеудегі және тәжірибеде қолданудағы бірінші басымдық бағалауды оқушылардың оқуына ықпал ету мақсатына бағындыру болып табылады.
Бағалау ақпарат беру арқылы оқуға көмектесе алады, ол ақпаратты мұғалімдер мен оқушылар өзін-өзі және өзара бағалауға арналған кері байланыс ретінде пайдаланады.
Блэк пен Уильямның бастапқы зерттеулерінде сыныптың «қара жәшік»сияқты техникалық метафорасы қолданылған және сол арқылы оқу үшін бағалауды қолдану «қара жәшік ішіндегі жұмыс» ретінде белгілі болды (18-сурет). Блэк пен Уильямның Ұлыбританиядағы Бағалауды Реформалау Тобымен бірлесіп жүргізген зерттеулері бағалаудың көмегімен оқуды жақсарту бір қарағанда қарапайым болып көрінетін, бірақ оқытуға енгізілуі тиіс бес түйінді факторға байланысты екенін көрсетті:
Оқушыларға тиімді кері байланыс ұсыну.
Оқушылардың өзіндік оқуға белсенді қатысуы, бұл өз кезегінде оқушыларды өзін-өзі бағалауға қатыстырады.
Бағалау нәтижелерін ескере отырып, оқытуды түрлендіру.
Бағалаудың оқушылардың оқуға деген ынтасы мен өзін-өзі бағалауына терең ықпал ететіндігін мойындау, себебі бұлардың екеуі де оқуға түбегейлі түрде ықпал етеді.
Оқушылардың өз оқуын қалай жетілдіру керектігін түсіну үшін өздерін өздері бағалай алуын қамтамасыз ету және өзара бағалау арқылы бірге оқитын оқушылармен бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру.
Оқушылар тобынан жүйелі түрде жиналатын балдары мен деңгейлері туралы мәліметтер әдетте «деректер» деп аталады. Жинақталған жиынтық деректер мұғалімдердің жұмыс үлгісін сәйкестендіруіне және күтілетін деңгейден жоғары немесе төмен дәрежеде жұмыс істейтін топтарға ерекше назар аударуына ықпал етеді. Оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама (PISA) және ЭЫДҰ сияқты халықаралық зерттеулер қатысушы-елдерден оқушылар міндетті оқыту курсын аяқтаған соң игерген, қоғам өміріне толыққанды қатысу үшін қажетті білім мен икемділік қандай дәрежеде екендігі туралы «деректерді» жинақтауға бағытталған. Дегенмен, мұндай «деректерді» жинақтау әдістемесін біліп, келтірілген қорытындыларға қайтадан талдау жүргізу қажет.
Сонымен қатар, алдағы нәтижелерге қалай қол жеткізілгенін біліп, одан кейінгі іс- әрекеттерін жоспарлау үшін де мектептер «деректерді» жинайды. Осылайша, жеке оқушы деңгейінде жиынтық бағалау жетістіктер деңгейін және оқушының әрі қарай дамуы үшін мақсат ретінде берілетін кейінгі деңгейлерді анықтау үшін қолданылады. Бірақ, бұдан кейінгі кезеңдерде оқушыларды қолдауды қамтамасыз ету басты міндет болатын болса, онда балл мен деңгейлерді анықтау үшін ұсынылатын негіздемелер мен өлшемдер міндетті түрде аса мұқият зерделенуге тиіс. Орындалған тапсырманың негізгі аспектілеріне қатысты сапалы ақпарат оқушылармен кері байланыс үшін қолданылу мүмкін екендігін ұмытпау керек. Мысалы, егер балаға оның белгілі деңгейге жеткендігін айтса, бұл оған үздік нәтижеге жету үшін не істеу керектігін түсінуге көмектеспейді; ал баламен бірлесіп ненің нәтижесінде мұндай баға алғандығын және бағалау критерийлерін түсіндіріп, талдау жасаса, бұл балаға өзінің нәтижесін жақсарту үшін кейін не істеу керектігін түсінуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, (сандық түрдегі) жиынтық бағалау басты мәселе емес, сондықтан мұғалім оларға негіз болған деректерге (қадағалау және интерпретация) қайтып оралады. Осыдан кейін мұғалім бұл деректер оқушының оқу деңгейін қалай анықтайтындығы туралы, оған қандай деңгейге жету керек және мұны қалай жасау керек екендігі туралы қалыптастырушы бағалау (ауызша түрде) жүргізеді. Бағалау сипатын өзгерту арқылы оқуды бағалау оқу үшін бағалауға ауыстырылуы мүмкін. Алайда бұл тікелей оқуға үлес қосатын мәліметтерді алу үшін жоспарланбағандықтан, оқу үшін бағалауды ескере отырып жоспарланған бағалаумен салыстырғанда, бұл бағалау қолданылған мақсат үшін онша сәйкес келмеуі мүмкін. Мұғалім жүргізетін жиынтық бағалауға қарағанда сыртқы тестілеу одан да күрделі болып табылады, себебі мұғалімдердің бұл балдар мен деңгейлерге негіз болған деректерді алуға үнемі мүмкіндігі бола бермейді, дегенмен, мұғалім жиі кездесетін қателерге талдау жасай алады.