Өткізгіш ұлпаларжоғары сатыдағы өсімдіктерде, олардың құрлықта тіршілік етуге бейімделуіне байланысты эволюциялық дамуды өткерген. Сол себептен де папоротник тәрізділерді, ашық тұқымдылар мен жабық тұқымдыларды жоғары сатыдағы өсімдіктердің жоғары үлкен бір тобына түтікшелі (сосудистые) өсімдіктер деп біріктіреді. Төменгі сатыдағы өсімдіктерден кейбір балдырларға, мысалы, қоңыр балдырларға ғана қарапайым өткізгіш шоқтар тән.
Ксилема (сүрек) (грекше «ксилос» - ағаш). Ксилема құрамына: трахеялар (сосудтар), трахеидалар, тірі паренхималық клеткалар және механикалық талшықтар енеді. Трахеялар мен трахеидалардан түзілген түтікшелер жүйесі тамыр арқылы қабылданған қоректік заттарды өсімдіктердің жер бетіндегі өркен бөлігне, яғни сабағына, одан жапырағына қарай өткізеді. Сондықтан өткізгіш ұлпалардың бұл жолын «жоғары ағыс жолы» деп атайды. Жоғары ағы жолы арқылы ерте көктемде ағаштарда жас өркендер пайда болғанға дейін қорға жиналған органикалық заттардың ерітіндісі бүршіктерге ағып келеді. Кейде қоректік заттар басқада тірі клеткалар арқылы жылжиды, яғни жыл мезгілдеріне, өсімдіктердің құрылыс ерекшеліктеріне байланысты бұл жолдардың өткізетін заттардың ауысатынкездері де болады. Пайда болуына қарай ксилема алғашқы ксилема және соңғы ксилема деп бөлінеді. Алғашқы ксилема төбе меритемасының прокамбийінен пайда болады. Алғашқы ксилеманың бұрын пайда болған элементтері протоксилема, кейінгісі – метаксилема деп аталады. Ксилеманың су өткізуші элементтерінінң бірі – трахеидалар. Әрбір трахеида бір ұшы сүйірленіп келген өзі прозенхималық клеткадан түрады. Клетка қабырғалары негізінен жиекті поралы болып келеді. Трахеиданың ұзындығы мен көлденеңі әр түрлі, мысалы, еменде ұзындығы 1-4 мм болса, көлденеңі миллиметрдің оннан, тіпті жүзден бір бөлігі шамасында; бананда, каннада ұзындығы 10 мм, көлденеңі 0,08-0,1 мм, лотоста ұзындығы 120 мм, көлденеңі 0,5 мм т.с.с. Трахеидаларға сүйір ұштарымен бір-біріне сыналанып ену арқылы өсу тән. Осы арқылы олар тығыз орналасып тұтасып жатады.
Трахеялар өсімдік мүшелеріне бойлар тік бағытта бір-бірімен түйісіп орналасқан тірі паренхималық клеткалардан пайда болады. Ол клеткалардың жас кезінде клетка қабықшалары жұқа, ядролары ірі, клетка іші протоплазмаға толы болады. Клеткалар біртіндеп ұзарып өседі, протоплазма қабықшаның ішкі қабырғаларына қарай ығысады, клетканың бүйір қабырғалары поралар қалдырып қалыңдайды және сүректенеді. Мұндай клеткалар арқылы су және онда еріген заттар қозғала бастайды. Клеткалар тез тозады, оларда ірі вакуольдер пайда болады. Бір-біріне тіркесіп жатқан клеткалардың қалыңдамаған көлденең қабырғаларында саңылаулар (перфорация) пайда болады, кейде ол қабырғалар тегіс еріп кетеді де тұтас түтікке, яғни трахеяға айналады. Мұндай трахеялардың бойымен заттардың қозғалуы күшейеді, клеткалардың протопласт бөлімі өледі. Кейбір әдебиетте протопласт бір жылға дейін сақталады деген мәлімет бар.
Флоэма (тін). (Грекше «флоэтос» - қабық). Өсімдіктердің өстік мүшелерінде флоэма ксилеманың сырт жағында, яғни қабық бөлімінде орналасады. Флоэма арқылы фотосинтез процесінің нәтижесінде жапырақтағы органикалық заттар өсімдіктердің барлық мүшелеріне тарап, қоректік қорға жиналады. Қоректік заттар негізінен жапырақтан төмен қарай жылжитындықтан, өткізгіш ұлпаның флоэма элементтерінен тұратын тармағын төменгі ағыс жолы деп атайды. Флоэма өзінің жаратылысына қарай алғашқы флоэма және соңғы флоэма (протофлоэма және метафлоэма) деп бөлінеді. Алғашқы флоэма бой конусынан төмен төбе меристемасының прокамбий шоқтарынан, ал соңғы флоэма камбийден қалыптасады. Флоэма күрделі ұлпа, оның құрамына бірнеше гистологиялық бөліктер енеді. Олар: сүзгілі түтік және оның серік клеткалары, тін талшықтары және тін паренхимасы. Флоэманың басты бөлігі – сүзгілі түтіктер. Әрбір сүзгілі түтік бір-бірімен көлденең қабырғалары арқылы түйіскен жеке клеткалардың (бунақтардың – членики) тізбегінен тұрады. Мұндай түтіктер, әдетте, өсімдік мүшелерінің ұзына бойына созылып орналасады. Сонымен қатар көлбеу орналасатын сүзгілі түтіктер де бар. Сүзгілі түтіктер тірі клеткалардан тұрады. Электрондық микроскоп арқылы жүргізілген зерттеулерден бұл клеткалардың протопласт бөлімінде біртіндеп құрылымдық өзгерістер жүретіндігі байқалды.
Қор жинаушы ұлпалар - өсімдіктер денесінде жүретін зат алмасудың нәтижесінде пайда болған органикалық заттар мен су қорын жинауға бейімделген клеткалардың тобы. Қор заттары қатты және еріген күйінде болады. Қатты күйінде – крахмал, еріген күйіне қант жатады. Су тапшылығына ұшырап тұратын аймақтардың өсімдіктері су қорына бай. Қор заттарын жинау барлық тірі клеткаларға тән. Қор заттарын жинау өсімдіктердің белгілі бір бөліктерінің үлесіне тиесілі. Мысалы, бұған ағаштар мен бұталардың қабығы мен өзек сәулелерінің паренхималық клеткалары, тамырлары мен діндерінің сүрек паренхималары ал жас өркендерінің өзек клеткалары жатады. Жазда жиналған органикалық заттардың (белок, май, көмірсулары) қоры көктемде бүршіктер мен жас өркендердің өсуін тездетеді. Қос жарнақты шөптесін өсімдіктерде органикалық заттар негізінен сабақтың паренхимасына (өзек сәулелерінде) жиналады. Көпжылдық өсімдіктердің қор заттарын жинайтын арнаулы мүшелері: жемтамыр, жуашық, тамыр және сабақ түйнектері, тамырсабақ осындай мүшелерге мысал. Қант қызылшасының жемтамырында – сахароза, картоп түйнегінде – крахмал, жер алмұрты түйнегінде – инулин сияқты заттар түзіледі.
Қабылдаушы (сорушы) паренхимаға жататын ұлпалардың өсімдік тіршілігінде маңызы зор. Сыртқы ортадан өсімдіктердің денесіне су және онда еріген заттар осы ұлпалар арқылы қабалданады. Қабылдаушы ұлпалардың құрылысы қабылдайтын заттарына және өсімдіктердің денесіне орналасуына қарай әр түрлі. Соның біреуі – ризодерма (грекше «риза» - тамыр, «дерма» - тері) жас тамыр ұшы клеткаларының сыртқы қабаты. Өсімдік тамырына сыртқы ортадан су және онда еріген заттар осы ризодермадан өсіп шығатын тамыр түктері арқылы енеді.
Бөліп шығарушы ұлпалар.Тіршілік әрекетінің нәтижесінде өсімдік мүшелерінде ақырғы өнімдерді (қалдық заттар) бөліп шығаратын және жиналатын орындар бар, олар: безді түктер, безді қабыршақтар, шайыр жолдары, сүт жолдары, шірнеліктер, жасушааралық кеңістіктер, су жанаспалы жасушалар, т.б. Осылардың барлығын қосып бөліп шығарушы ұлпа дейді. Зат алмасудың ақырғы өнімі жасушаның ішінде немесе арайы орында жиналады. Орналасқан орынына, физиологиялық қасиетіне, сұйық және қатты түріде болуына қарай бөліп шығарушы ұлпалар екі түрлі жолмен пайда болады: а)схизогенді; ә)лизегенді.
Схизогенді жолмен бөліп шығарушы ұлпа ең алдымен бір жасушаның бөлінуі нәтижесінде түзілген жасушалардың бір-бірінен ажырауынан жасушааралық кеңістіктер пайда болып әрі қарай кеңи береді. Жан-жағында орналасқан жасушалардан бөлінген шырыш, шайыр, эфир майы жасушааралық кеңістікте (кейде бөліп шығаратын заттардың «арнаулы орын» деп те атайды) жинала береді, мысалы: қылқан жапырақты ағаштардан (қарағай, балқарағай, шырша, самырсын, т.б.) бөлінетін шайыр жолы созылып едәуір жолды алып жатады. Шайыр жолы қабықтан сыртқа шықпайды. Бірақ көп жағдайда қарағай діңінен мөлдір сарғылт түсті шайырдың ағып, тамшылып тұрғанын жиі көруге болады. Бұл тек шайыр жолы тесіліп, жарақаттанған кезде ғана болатын құбылыс. Қабығы тұтасып жатқан жерден шайыр ақпайды, шайыр сыртқа шығысымен дереу қатып қалады. Шайырдан скипидар камифоль дайындау үшін шайыр жолын кез келген жерінен кесіп барып шайырды ағызып алады. Шайыр жолы сүрек пен қабық бөлімінде ұзындығынан бойлап та, көлденең бағытталып та, кейде өзара бір-бірімен қосылып күрделеніп кетеді.
Сүт жолы бөліп шығарушы ұлпаның ерекше типіне жатады. Ол өсімдіктің барлық мүшелерін қамтиды. Сүт жолын құрайтын жасушалардың вакуольінеде сүт шырыны (латекс) бар. Өсімдік түріне байланысты сүтті шырын ақ (сүттіген, таусағыз, бақбақ, жер сағыз, т.б.), қызғылт-сары (сүйелшөп) түсті болады. Сүтті шырының құрамында алколоидтар, иілік заттар, көмірсулар, майлар, нәруыздар бар. Сондықтан резңке, каучук жасау өнеркәсібіне кеңінен қолданылады.
Лизигенді (еру) жолымен пайда болу кезінде алдымен жасушалар тобы ақырғы өнімдерді (шайыр, эфир майы, т.б.) көп бөледі де ақырында жасушалр тобы еріп бос орын түзіледі. Безді жасушалар өсімдік түріне қарай әр түрлі болғандықтан ішкі және сыртқы бездер деп екіге бөлінеді. Ішкі бездер өсімдік мүшелерінің ішкі бетінде орналасатын безді жасушалар, оған шірнелік (нектарник) жатады. Шірнеліктер көбінесе гүл тостағанша мен күлтесінің түбінде, аналақ жатынның қабырғасында, гүл табанында, кейде вегетативтік (өсу) мүшелерінде де кездесіп қалады. Пішіні мен құрылысы түтік тәрізді, безді төмпешік жапырықша тәрізді жалпақ, т.б. болады. Шірнеліктен бөлінетін шірне аздаған нәруызы бар қант, спирт, хош иісті зат орналасқан қанттың сұйық ерітіндісі. Шірне тек тозаңдандыратын жәндіктерді ғана еліктірмей, өсімдіктер ондағы қорекік заттарды зат алмасу процесінде пайдаланады.
Эфир майын түзетін безді жасушалар өсімдіктердің жапырақтарында, гүлдерінде (жалбыз, раушан, шайшөп, шалфей, т.б.), жеміс қабығында (лимон, апельсин, манарин) көп болады. Тамақ, парфюмерия өнеркәсібінде кеңінен қолданылады.
Сыртқы бездерге өсімдіктердің жер бетіндегі мүшелерінде кездесетін түктер жатады. Сыртқы бездердің жасушалары тірі, түзілген затты эфир майы немесе эфир майына еріген шайыр. Эфир майы мен шайыр ерітіндісі жасуша қабықша мен өңездің арасына жиналып көпіршіктеніп тұрады. Егер оған бір нәрсе тисе жарылып, іштегі сұйықтық сыртқа ағады да өсімдіктен аңқыған иіс шығады. Жәндіктермен қоректенетін өсімдіктердің жапырақтарында ас қорыту бездері болады. Ол безді түктері желім тәрізді сұйықтық пен нәруызды қорытатын фермент бөледі. Жапырақтарына қонған майда жәндіктер (шыбын, маса, шіркей, т.б.) түктен бөлінген желімтек сұйыққа жабысып қалады да фермент жәндіктің құрамындағы нәруызды қорытады, жапырақ жасушаларына сіңеді. Азот жетіспейтін жерде өсетін өсімдіктер осылайша өзін азотпен қамтамасыз етеді. Жәндіктермен қоректенітін өсімдіктерге непентез, шықшылдық, альдрованда, т.б. жатады.