Әдеби KZ
Оның сыртқы биік тас баспалдағына көтерілгеннің өзіне тау болмаса да, төбе
басына шыққандай көңілім биіктеп сала береді. Маған редакция
адамдарының бәрі ерекше жаралған жан боп көрінеді. Олар шетінен жақсы,
шетінен сүйкімді сияқтанды. Шалдуар Шалғынбаевтай боп олардың
ортасында жүруден артық бақыт жоқ іспеттенді. Өстіп, редакция үйінің әр
бұрышына аса зор құрметпен қарап, дәлізде кездескен әр адамына, ол мені
елемесе де, иіле сәлем беріп, жаңа түскен жас келіндей сызылып келе
жатсам, Шалдуар машина бюросынан шығып барады екен.
– Шәке, – дедім оны көргенде әкемді кездестіргендей қуанып.
Шалдуар жалт бұрылып, қалбалаңдай ұмтылған маған таңданғандай, сүзе
қарап қалды.
– Шәке, сәлеметсіз бе?
– Сені кім шақырды, аһ? - деді ол қасына келген менің қолымды да,
сәлемімді де алмастан.
– Сіз бүгін кел деп едіңіз ғой.
– Қашан?
– Кеше, сіздің үйге отын түсіргенде.
Шалдуар қабағын тыржитты.
– Отын, отын!...» – деді ол әлденеге мені кекеткендей. – Жұмыс жайында
десеңші одан да.
– Иә, жұмыс жайында ғой, Шәке. Курьер алып қойған жоқ па едіңіздер?
Шалғынбаев менің бұл сұрағыма жауап бермеді.
268
Достарыңызбен бөлісу: |