Сұхбаттасу әдісі. Танымның кеңінен таралған құралдарының түріне психологияда сұхбаттасу әдісі жатады. Сұхбаттың мақсаты - жауап берушінің сөзінен объективтік және субъективтік деректер туралы ақпарат алу. Психологияда қоланылатын сұхбаттасу әдісін екі түрге бөлуге болады:
1.«Бетпе-бет» - сұхбаттасу, арнайы жоспармен зерттеушінің жүргізетін сұхбаты;
2.Сырттай сұхбат - анкета, ол өз бетінше толтырылады. Ауызша сұхбат психологиялық зерттеулер үшін дәстүрлі әдіс болып табылады. Оны әртүрлі ғылыми мектептер мен бағыттардың психологтары ертеден бері пайдаланып келеді. Бірақ сұхбаттасуға алғашқы ақпаратты жинау әдісі ретінде біршама шектеулік тән.
Психологиялық зерттеулерде сұхбаттасуды қолданудың аясы жан-жақты:
- зерттеулердің алғашқы кезеңдерінде бақылау жоспарымен жұмыс істеу үрдісінде тек қана сұхбаттасу пайдаланылады. Сұхбаттасу мәліметтерінің көмегімен зерттеу проблемасы бойынша өзгерістер анықталады, жұмыс гипотезасы ұсынылады;
- сұхбаттасу анкета әдістердің көмегімен алынған мәліметтерді анықтау, кеңейту және бақылау үшін қызмет етеді. Сұхбаттасудың екі түрі кездеседі: қалыпты және қалыптан тыс.
Қалыпты сұхбаттасуда қойылатын сұрақтар және олардың бірізділігі алдын ала анықталып, барлық жауап берушілерге мазмұны бірдей болады. Зерттеушіге кейбір сұрақтардың мазмұнын өзгертуге немесе жаңа сұрақтар енгізуге, сұрақ беру тәртібін өзгертуге болмайды.
Қалыптан тыс сұхбаттың әдістемесі керісінше, толық икемді, кейбір өзгерістерді енгізуге болтындығымен сипатталады. Зерттеуші сұхбаттың жалпы жоспарын басшылыққа алады, нақты жағдайларға сәйкес сұрақтың атын, сұрақтың қойылу тәртібін өзгертуге құқы бар.
Анкета әдісі- арнайы жасалынған сұрақтардың көмегімен жаппай материал жинау әдісі. Соңғы кезде психологияда бұл әдіске ерекше мән беріліп, тез арада респонденттерді жаппай сұрауға мүмкіншілік туды, әдістемесі тиімді және жиналған материалды автоматты түрде өндеуге мүмкіндік береді.
Анкета әдісінің (сырттай сауал жүргізу) өзінің ерекшеліктері бар. Сырттай сауал жүргізу кейде адамдардың өткір пікірталасын туғызатын мәселелерге олардың қатынасын анықтау немесе қысқа мерзімнің ішінде көп адамға жаппай сұрау жүргізу қажет болғанда ғана анкета әдісі қолданылады. Анкета қалыпты сұхбаттасуға қарағанда көп жағдайда құпиялылығына толықтай кепілдік береді, сондықтан да сұралғандар шын көңілден ешқандай бүкпесіз жауап береді. Бірақ анкетаны белгілі бір жұмыс гипотезасынсыз жүргізуге болмайды.