Тақырып: Жүктілік физиологиясы
тапсырма: Лекцияны түсініп оқы, дәптерге көшіріп жаз
Жоспар:
1. Ұрықтану және эмбрионның дамуы,
2. Имплантация, органогенез, плацентация және нәрестенің дамуы туралы түсінік
3. Плацента, ұрық қабықтары, кіндіктің құрлысы, қызметі, қағанақ суының құрамы мен маңызы.
4. Жетілген және шала туылған сәби белгілері
5. Жүкті әйел организміндегі өзгерістер
1.Ұрықтану деп аталық және аналық жыныс жасушаларының қосылуынан жаңа организм бастамасы – зиготаның пайда болуын айтамыз.
Овуляция кезінде аналық безден шыққан аналық жасуша, жатыр түтігінің ампулярлы бөлігіне тартылып түседі. Осы кезеңде жыныстық қатынас болса, сперматозоидтар қынаптан жатырға, одан жатыр түтіктеріне өтіп, ондағы аналық жасушаны айнала қоршайды. Осы миллион сперматозоидтың біреуі аналық жасуша қабығын тесіп, ішіне енеді де, екеуінің ядролары қосылып, зигота түзіледі. Зигота-бір жасушадан тұратын жаңа организм бастамасы.
Түзілген зигота диплоидты бөліне отырып, түтік бойымен жатырға қарай жылжиды. 6 -7 күннен кейін зигота көп клеткалы морулаға айналып, жатырға түседі. Морула екі қабаттан тұрады. Оның сыртқа қабат клеткалары трофобласт, ішкі қабат клеткалары – эмбриобласт деп аталады.
2. Трофобластың ағаш бүршіктеріне ұқсаған хорион түктері еріткіш зат бөліп, ол жатырдың шырышты қабатын ерітеді де, моруланы жатыр қабырғасына бекітеді. Имплантация деп аталатын бұл процесс 1аптаға созылады. Трофобластың жатыр қабырғасына бекіген бетіндегі хорион түктері қалыңдап өсе отырып, жүктіліктің 3-4 айында плацентаға айналады. Плацентаның пайда болуын плацентация деп атайды. Ал жатыр қуысына қараған бетіндегі хорион түктері біртіндеп азайып, жойылады.
Эмбриобласт клеткаларының ішінде (5) энтобласт, (3) эктобласт деп аталатын екі қуыс болады. Энтобласт орталық орналасады, ал эктобласт одан сырт орналасып, трофобластпен байланысып жатады. Энтобластан алғашқы ішек қуысы мен сары уыз қуысы пайда болады Эктобластан амнион қуысы, су өндіретін амнион қабығы пайда болады. Олардың аралығындағы (7) эмбриобласт жасушаларынан ұрық денесі дамиды.
Сурет 1. Трофобласт пен эмбриобластың дамуы. 1 —трофобластың алғашқы хорион түктері; 2—хорион түктері аралығындағы кеңестік; 3 — эктобласт қуысы; 4 —құрсақ аяқшасы; 5 — энтобласт қуысы; 6 — децидуальды клеткалар; 7 —ұрық денесі дамитын клеткалар; 8 — мезобласт Амнион (қағанақ) қабықшасының ішіндегі судың көбеюіне байланысты, ол кеңейіп, хорионды қабықшаға жақындай түседі де, онымен жанасады.
Алғашқы даму кезеңінің соңында ұрық денесі 3 қабықшамен қоршалып жатады: амнионды, хорионды, децидуальды. Бұлардың ішінде децидуальды қабық жатырдың жүктілікке байланысты өзгерген функционалды қабығы және ол қалған екеуінен сырт жатады. Босанғаннан кейін бұл қабық басқа қабықтармен бірге сыпырылып сыртқа шығады. Ал қалған екі қабық эмбриобластан жасалады. Децидуальды қабықтан плацентаның «аналық» беті қалыптасады. Ал хорионнан «ұрық» жақ беті қалыптасады.
Аллантоис, құрсақ аяқшасымен және сары уыз қалдығымен кіндікке айналады.
Жүктіліктің алғашқы 12 аптасында сәбидің барлық ағза, жүйелері қалыптасу кезеңі органогенез деп аталады. Бұл кезеңде әйел организміне улы заттар (дәрі-дәрмек, никотин, алкоголь, наркотик, ауру қоздырғыштары т.б) әсер етуден, балада кемістік қалыптасуы мүмкін. Осы кезеңде әйел өте мұқият болып, жұқпалы ауруы бар сырқаттардан оқшаулануы керек.
3. Кіндікбау (5) - ұзындығы 50см, диаметрі 1,5см болатын, бойында 2 артерия, бір вена тамыры өтетін бау. Ол бір ұшымен сәбидің кіндік сақинасына, екінші ұшымен плацентаның ұрық бетіне (қақ ортасынан) жалғанады. Кіндік, сәби мен плацента арасын байланыстырып вена тамырлары арқылы қоректік затты сәбиге, қалдық өнімді артерия тамыры арқылы плацентаға өткізіп тұрады.
Плацента (7) – диаметрі 15-18см, қалыңдығы 2-3см, салмағы 500-600гр болатын шелпекке ұқсас дене. Оның екі беті бар; «аналық» және «ұрық» беті.аналық бетімен плацента жатыр қабырғасына жабысып тұрады. Ал ұрық беті жатыр қуысына қарап жатады. Оған бір ұшымен кіндік жалғанады. Плацента жатырдың жоғарғы бөлігінде, алдыңғы не артқы қабырғасына бекініп орналасады.
Плацентаның қызметі:
Жатырдағы сәбиді қоректі заттармен және оттегімен қамтамасыз етеді.
Сәби денесінде түзілген зат алмасу өнімдерін ана организміне қан арқылы шығарып отырады.
Жүктіліктің дұрыс дамуына қажет гормон, биологиялық белсенді заттар өндіреді.
Қорғаныс қызметі, яғни ана организмінен кейбір улы заттарды сәбиге өткізбей ұстап қалады. Бірақ бұл қызмет әлсіз. Кейбір дәрі-дәрмектер, микробтар, улы заттар плацентада кідіре алмай сәбиге өтіп, оның дамуына кері әсер етеді.
Амнион (қағанақ) қабығы (2, 3) жұқа, бойында ұсақ қылтамырлар өтетін қабық. Осы қылтамырлар қағанақ суын (4) өндіреді. Амнион ішіндегі суда, кіндік сәби қалқып жүреді. Қағанақ су ақшыл түсті, мөлшері жүктілік соңында 1,5л болады. Су құрамында гормон, нәруыз, май, витамин, тұз, ферменттер, сәбидің түлеген ұлпа шаштары болады. Судың қызметі:
- сыртқы соққы әсерінен қорғайды
- сәби қимылын шектемей, еркін дамуына мүмкіндік жасайды
- кіндікті қысылудан қорғайды
- толғақ басталғанда босану жолының ашылуын қамтамасыз етеді.
Кіндік, плацента, қағанақ қабықтары бірігіп бала жолдасын құрайды.
4. Жүктілік 280 күнге немесе 40 аптаға немесе 10 акушерлік айға созылады. (1 ак.ай 28 күнге немесе 4 аптаға тең) Осы уақыт ішінде дамып жетілген сәбидің жүктілік соңында салмағы орта есеппен 3000-3500гр, бойы 50-52см болуы керек.
Күні жетіп туылған сәбидің белгілері:
бойы 47-57см аралығында
салмағы 2500-4000гр
кіндік сақинасы төс пен шаттың қақ ортасында орналасқан
терісі қызғылт, ақ маймен жабылған тері асты майы жақсы жетілген,
ұлпа шаштары иығы мен арқасында ғана сақталған
тарнақтары тырнақ ұясын жапқан
құлақ, мұрын шеміршектері серпімді
қимылы ширақ, даусы ашық, көзі ашық
ұл баланың жұмыртқасы ұмасына түскен, қыз баланың үлкен жыныс еріндері кішісін жапқан
ему, сору, жұту, кірпік қағу т.б шартсыз рефлекстері жақсы дамыған
Шала туылған сәби белгілері:
бойы 47см-ден төмен
салмағы 2500гр кем
кіндік сақинасы төс пен шаттың қақ ортасында орналаспаған
терісі қызғылт, ақ маймен түгел жабылған, тері асты майы аз;
ұлпа шаштары көп
тарнақтары тырнақ ұясын жаппаған
құлақ, мұрын шеміршектерінің серпімділігі төмен
қимылы әлсіз, даусы шіңкілдек, көзі жабық
ұл баланың жұмыртқасы ұмасына түспеген, қыз баланың үлкен жыныс еріндері кішісін жаппаған
ему, сору, жұту, кірпік қағу т.б шартсыз рефлекстері әлсіз
5. Жүктілік басталысымен әйел организмінде күрделі физиологиялық өзгерістер жүреді. Әйел тез ренжігіш, ұйқышыл, алаңғасар болады. Салмағы артып, жүктілік соңында 11-12кг салмақ қосады. Ол салмақты сәби, плацента, кіндік, қағанақ қабығы суымен, плацента тамырлары мен айналымда артқан қан жасайды.
Қан жүйесіне келсек, жүктілік кезінде айналымдағы қан көлемі артады. Ол тін аралық судың тамыр бойына өтуінен болады. Осының салдарынан плазма мен формалық элементтер арасындағы қатынас өзгеріп, қан сұйылады. Гемоглабин азайып, жүктілік анемиясы дамиды. Айналымдағы қанның артуынан жүрекке күш түсіп, жүрек-қан тамыр жүйесі қызметі күшейеді. Ол тамыр соғуының 80-90-ға жиелеуімен, сол жақ қарыншаның гипертрофиясымен көрінеді.
Жүктіліктің соңғы айларында жатыр өсіп, диафрагманы жоғары көтеруіне байланысты, кеуде қуысы тарылып, әйел тынысы ауырлайды, ентігу пайда болады.
Ас қорыту жүйесінде жүрек айну, таңертеңгілік 1 рет құсу, тәбеттің өзгеруі, жеріктік сияқты белгілер пайда болады.
Прогестерон гормонының әсерінен ішек тонусы әлсіреп, іш қату байқалады. Көлемі өскен жатыр қуықты үстінен тітіркендіріп, әйел кіші дәретке жие отырады.
Меланин пигментінің көп өнуінен бет, емшек үрпісінің қараюы болады.
Толық әйелдерде немесе егіз жүктілікте, су егіздікте іштің қатты созылуынан көк еттер жыртылып, іш пердесінде қызғылт түсті жүктілік жолақтары (стридий) пайда болады. Сүт бездері толып, үрпісінен уыз сияқты сұйық көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |