Алтын ұям – мектебім
Алты жасқа толғанда алғаш рет мектеп табалдырығын аттадым. Алғашқы ұстазым қолыма әліппені ұстатты. Алғаш рет әліппені қолыма алғанда, алдымда үлкен құпия, шытырман оқиға күтіп тұрғандай жүрегім атқақтай соқты. Иә, мені жүрегім алдамапты. Шынында, әліппем – өмір деген үлкен арнаның құпиясын, білімін-ғылымын меңгертуге жасалған алғашқы қадамым екен. Мектепке әріп танысам, жазуды үйренсем, есеп шығара білсем деген тарыдай талаппен келген біз, оқушылар, қазір ержеттім, үлкен азамат болдым, енді оқуымды жалғастырып, терең білім алып, білікті маман болсам деген таудай талапты арқалап шығып барамыз. Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың деген қанатты сөздің астарлы мәнін енді ғана терең түсініп, ұққандаймыз. Асыл арманымызды ұштаған, бізді біліммен қанттандырған мектептің орны адам өмірінде ерекше екен. Міне, мектепті бітірер күн де таяп қалды, аяулы ұсаздарымызбен, алтын ұяымызбен қоштасар кез де таяу, тіпті жақын. Жаманымызды жасырып, жақсы асырып, өз баласындай мәпелеген қамқор ұстаздарымызбен қоштасамыз. Бізді енді үлкен өмір күтіп тұр. Ал алтын ұя мектебім мен осы үлкен өмірге үлкен қадам жасауға дайындаған алтын баспалдағым секілді. Қоштасар кез келді, бірақ мен Мектебімді қимаймын, себебі мұнда менің алаңсыз шуақты күндерім, бақытты балалық шағым, ең жақын достарым, жүрегіме түкпіріне тығып қойған алғашқы іңкәр де мөлдір сезімім мен аяулы ұстаздарым қалып барады. Екінші үйімдей болған, алтын ұям мектебім, сенің орның мен үшін әрқашанда ерекше. Аяулы ұстаздарым, сіздердің ыстық ықыластарыңызды ешқашан ұмытпаймын. Білімнің бастауын, ғылымның негізін сыйлаған, өмірдің іргетасын қалауға үйреткен ардақты ұстаздар, асыл мектебім, сіздерге деген алғысым шексіз.
1. Мәтіндерді мәнерлеп оқыңыздар.
2. Мектеп пен ұстаз: егіз ұғым мәніне талдау жасаңыздар.
3.«Менің аяулы ұстазым» атты тақырыпта шағын шығарма жазыңыздар.
4. Мектептің табалдырығын алғаш аттаған сәттеріңіз туралы әңгімелеп беріңіздер.
Менің адамдарға қуаныш сыйлағым келеді
Адам тағдыры өте күрделі. Әр адамның өмірі – өз алдына жеке роман. Сол романдағы басты кейіпкер өз тағдырының қаһарманы бола ала ма, жоқ па?! Бұл әртүрлі жағдайларға байланысты болады. Әр адам бақытты әртүрлі түсінеді. Бақыт деген қайғысыз, қуанышпен өмір сүру ғой. Ал қайғы бұлтынсыз өткен күн қуаныш қой. Сондықтан да мен адамдың бәріне қуаныш сыйлағым келеді. Себебі, теледидарды қосып жаңалық тыңдасам да, көшеге шыға қалсам да, қабағы қатулы, өмірінде әлдененеге ренішті адамдардың жүдеу кейпін көргенде жүрегім сыздайды, жаным ауырады. Солбір жүзін қайғы-мұң торлаған жандардың жанын жадыратып, қайғыдан сейілтіп, қуаныш сыйлағым келеді. Әрине, қуанышты ету үшін, сол жанның қабағындағы кірбің себебін білу қажет. Сондықтан да адам жанын емдейтін психолог немесе психотерапевт болсам екен. Қолымның бос уақытында аянбай еңбек етіп, мол табыс тауып, осы табысымның қомақты бөлігін кедей адамдарға, міскін жандарға сыйлағым келеді. Міскін жандардың ауыр өмірін сәл де болса жеңілдеткім келеді. Тағдырдың талқысынан шаршаған жандардың бейнетін жеңілдеткім келеді. Осы ауыр жұмысты жеңілдететін, ауыр қол еңбегін алмастыра алатын автоматты жаңа қондырғыларды ойлап тауып, жасағым келеді. Содан соң сол автомат құралдарды ауыр жұмысы көп еңбек орындарына орналастырып, ауыр еңбек адамдарына қуаныш сыйлағым келеді. Мен қазір мектеп оқушысымын. Мектепті бітірген соң ЖОО-ға оқуға түсіп, бір емес бірнеше мамандықтың, кәсіптің иесі болуым керек. Мақсатыма жету үшін ата-анамның ақылын тыңдап ақылды, әдепті болып өсуім керек. Сонымен қатар жақсы өмір сүру үшін сабақты жақсы оқып, озат оқушы болуым қажет. Сол себепті де күн сабаққа мұқият дайындаламын. Адамдарға әрқашан қуаныш сыйлайтын мамандықтың иесі болғым келеді. Мен адамдардың жүзінен қайғы емес, шаттық көргім келеді. Әрине, ең алдымен өзіме жарық дүние сыйлаған анама, асқар таудай қамқор әкеме, әрқашанда қолдау көрсететін бауырларыма, менің азамат болып өсуіме өз үлесін қосқан ұстаздарыма, жақын жандарға, олардың үміт мен сенімдерін ақтап, қуаныш сыйлағым келеді, өзгелерге қуаныш сыйлау арқылы адам өзіне де шаттық сыйлайды. Өз мұратына жеткен адам бақытты болады. Бақытты болу үшін адам ең алдымен иманды, адал, еңбекқор болуы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |