Шығармалары деректі дүниелер



Pdf көрінісі
бет51/78
Дата07.04.2022
өлшемі3,04 Mb.
#138366
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   78
Байланысты:
34dcdc1e8cf360a39cfc4a693507552d.pdf

 
 


146
 
 
 
 
Мен Сәбит Мұқановты бала күнімнен жақсы көріп өстім. «Ме-
нің мектептерім» атты қалың кітабын оқығаным есімде. Қолдан-
қолға өтіп, көп оқылып, мұқабасы әбден мүжілген, кітаптың аты 
мен автордың аты әрең оқылатын, бірақ іші сау қалың кітапты бір-
неше күн бас алмай құныға оқыдым. Бала қиялым Сәбеңнің бала-
лық шағын аралап, ескі қазақ ауылдарын шарлап, бақыршы бала-
ның қара қосына баратын. Қармен жуынатын жылқышы Мақанға, 
Қанапияның қайратына сүйсінетінмін. Тіпті, Жәмпейіске де жа-
ным ашитын. Ата-анадан жастай жетім қалып, тағдырдың таяғын 
татқан баланың оқтауды домбыра қылып, қара қоста қаһарман 
жырларды айтып отырған үні құлағыма келетін. Сол жетім бала 
Сәбит өсіп, жетіп, жазушы, академик, ел қайраткері, ұлт тұлғасына 
айналуының өзі бір таңғажайып нәрсе болып көрінетін.
Кейіннен «Ботагөз», «Мөлдір махаббатты» оқыдық. «Ботагөз» 
бірден баурап алып, үйіре тартып әкетті. Мұндай қызық та маз-
мұнды сирек кітап менің жадымда ерекше қалды. Бүгінде қалай 
десек те, «Ботагөз» романы қазақ даласына орнаған Совет дәуірі-
нің, аласапыран тарихтың көркемдік шындығы, сан бояулы суреті 
ретінде бағалы екендігін естен шығармағанымыз абзал.
Мектепте, тоғызыншы класта оқып жүргенде, қазақ әдебиеті-
нің мұғалімі Көпенова Қайыржан апай маған: «Аққан жұлдыз» 
романын оныншы кластың балаларына мазмұндап айтып бер!» – 
деп тапсырды. Мен Шоқан туралы романның бірінші кітабын тү-
гел жатқа айтып бердім.


147
Ардақты Сәбеңді, аңыз Сәбеңді өмірде бір-ақ рет, 1973 жыл-
дың қаңтарында, Ғылым академиясының ғимаратында, Мәлік Ғаб-
дуллинмен қоштасу кезінде көрдім.
– Сен өлгенше, мен өлуім керек еді ғой! – деп жылап тұрғанын 
өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естідім. Сол жылы өзі де қайтыс 
болды, жарықтық.
1977 жылы КазГУ-дің филология факультетін бітіргелі жүр-
генде Тұрсынбек аға Кәкішев жаңадан ашылып жатқан Сәбит Мұ-
қанов музейіне алып келіп, Мәриям апаймен, музейдің директоры 
Хакім Бекішев ағамызбен таныстырып, бесінші курста оқып жүр-
ген мені музейге қызметке орналастырды. Бізден бір курс жоғары 
оқыған немере ағам Жарылғасын Әбішевтің курстасы Құлбек Ер-
гөбеков сонда ғылыми қызметкер боп қызмет істеп жүр екен, арқа-
жарқа болдық та қалдық.
Музейді ашуға дайындық жүріп жатқан кез. Қызық уақыт еді. 
Мәриям апа бізге мереке сайын дастархан жайып, дәм беретін. Сә-
бең туралы көрген-баққанын, бастан кешкен ұзақ та қызық ғұмыр 
жайлы асықпай баяндайтын. Парасатты, ақылды апамыздың ара-
сында күлдіріп қоятын тапқырлығы да бар еді.
Сәкен Сейфуллин ұсталып, халық жауы атанып, атылып кет-
кенде, оның бір әдемі суретін өртеп жіберуге қимай, айнаның ар-
тындағы қағаздың арасына тығып, сақтап қойып, кейін, Сәкен ақ-
талғанда, Сәбеңе тауып берген ғой бұл кісі! Сәбең алғысын жау-
дырыпты жан-жарына! 
Бір күні магнитофоннан Сәбеңнің қазақ радиосының тілшісі, 
ақын Серік Тұрғынбековке берген сұхбатын тыңдадық. Онда жа-
зушы өзіне келген хаттар туралы ағыл-тегіл әңгіме айтты. Фут-
болшы Темір Сегізбаевтың мемлекеттік архивте қызмет істейтін 
Эмма (әлде Эльмира) деген қарындасы келіп, Сәбеңнің жазған 
хаттары мен елдің Сәбеңе жазған хаттарын пәленбай қапқа салып, 
жүк машинасымен архивке алып кеткенін, оларды жүйелеп, пәпкі-
лерге салып, тәртіптеп жинап қойғаннан кейін барып, көргенде, 
өзінің шошып кеткенін әзілге сайып, майын тамыза әңгімеледі.
Содан маған бір ой түсіп, Құлбекке: «Сәбеңнің хаттарын ақта-
рып көрсек қайтеді?» – дедім. Сөйтіп, екеуміз мемлекеттік архивке 
барып, Сәбеңнің хаттарын біраз зерделеп көрдік. 209 пәпкі хат бар 
екен, соның 13-і «Ботагөз» романына байланысты. Көпшілігі қа-
лың, Сәбеңше айтқанда, жуан-жуан пәпкілер. Толып жатқан дү-


148
ние, тұнып жатқан қазына! Бұл хаттарды Сәбеңнің елге, елдің Сә-
беңе жазған, жан сырын шертетін көп томды тарихи – деректі ро-
маны десе де болады! 
Құлбек екеуміз бірлесіп, алғашқы мақала – «Хаттар және хат-
тасулар» деп жаздық. 1978 жылы «Жұлдыз» журналына шықты.
Музейдің алғашқы директоры Хакім Бекішев, Хакең айтады: 
Сәбеңнің бала күнінде, Қадыр түнінде, ауылдың молдасы «Мені-
мен бірге таң атқанша отыршы!» – деп, қасына серік қылып алып-
ты. Түні бойы дұға оқып, екеуі көз ілмей отырады. Түн ортасы 
ауғанда ма, таң алдында ма, әйтеуір, бір аппақ сәуле көрініп, лезде 
ғайып болады. Молда: «Көрдің бе сәулені?» – деп сұрайды бала 
Сәбиттен. «Көрдім!» – дейді Сәбең. «Мен есім шығып, ештеңе ті-
леуге үлгере алмай қалдым! Сен бірдеңе тіледің бе?» – деп сұрай-
ды молда. «Иә, екі дүниенің жақсылығын тіледім!» – депті Сәбең 
жарықтық. «Қызыр көрген» деп осындай кісілерді айтатын шығар! 
Өмірінің соңына қарай, қызыл коммунист Сәбең жасырын намаз 
оқып жүріпті деген сөз де сыбырлап қана айтылатын ол кезде! 
Хакең, Хакім Бекішев ағамыз Сәбеңе туыс болып келеді. Өзі 
Солтүстік Қазақстаннан, Керей. Ұлы Отан соғысына қатысқан, 
командир болған, подполковник. Кеудесіндегі орден, медальдары 
бірнеше қатар. Қызық адам еді, жарықтық. Бір қарағанда тік мі-
незді, әскери дағдысы көзге ұрып тұратын ағамыздың қазақылығы 
да мол болатын, әңгімелері де қызық еді. Қан майданда өмір мен 
өлімнің арпалысын, ащы шындықты көрген кісінің сөздері бір-бір 
тарих сияқты болатын.
– Ол қырғыннан аман келеміз деп ойлағамыз жоқ! Әсіресе, со-
ғыстың бас кезі біздің әскерлерге өте ауыр болды ғой! – дейтін күр-
сініп. – Түске дейін бір машина солдат соғысқа кетеді, түстен кейін 
бір машина өлікті кері алып келеді. Сонда, кузовынан сауылдап ақ-
қан қаннан машинаның доңғалағы батпақ болып келе жатады.
– Бір күні бір солдат қолынан жараланды. Снаряд бір қолын 
иық тұсынан жұлып түсірген, тек терісіне ілініп әрең тұр. Қан тоқ-
таусыз саулап жатыр. Маңайда санитарлар да жоқ. Біз жанұшырып 
жете бергенде, әбден қанына қарайған солдат өз қолын өзі пыша-
ғымен кесіп алып, бізге қарай құлаштап тұрып лақтырды! Міне, 
соны да көрдік! Аман алып қала алмадық, амал не! 


149
Соғысқа аттанып бара жатқанда, Ақтөбеде Нұрпейіс ата Бай-
ғанин өз қолымен Хакеңе қамшы беріпті. «Осы қамшымен бір фа-
шисті өлтіретін бол!» – деп аманаттап берген екен.
Мен ол қамшыны өз көзіммен көрдім. Хакім аға Сәбит Мұқа-
новтың музейіне тапсыруға алып келгенде көрсетті. Өрімнің 
ұшында бөлек өрілген төртбұрышты зілдей қорғасыны бар. Баяғы-
ның қамшыгерлері қамшының ұшына қорғасын өріп жібереді екен, 
бір тартқанда өгіздің терісін тіліп түсіреді екен дегенді аңыздардан 
естіп, ескі жырлардан оқып едік. «Қолымда бір қамшым бар ай-
балтадай, Жауға шап батыр болсаң Наймантайдай» дегенде, осын-
дай бір құпиясын меңзеп тұр емес пе? «Чокусунда чогу бар, Өзө-
гинин ичинде, Көк коргосун огу бар!» – деп суреттейді қамшыны 
«Манас» жырында.
Міне, осындай аманат қамшымен Хакім аға ақыры бір неміс 
офицерін өлтірген екен. Бірде қызыл командирлер тұтқынға түскен 
фашист офицерінен сұрақ алады. Әдетте, біздің кинолар мен кітап-
тарда немістерді қорқақ, бейшара қылып көрсетеді ғой. Қайдағы! 
– Әлгі неміс офицері жауап бермей қасарысып отырды да, бір 
кезде сұрақ қойып тұрған орыс командирдің бетіне қақырып тұ-
рып түкірді де жіберді. Фашистің мына қылығына қаным қайнап 
кетіп, осы қамшымен арқадан тартып кеп жібердім! Сылқ етіп құ-
лап түсті. Қарасақ, тіл тартпай кеткен екен. Қамшының ұшындағы 
қорғасын бүйрегін тесіп жіберіпті. Сөйтіп, Нұрпейіс атамыздың 
аманатын орындадым! – деді Хакең.
Қан майданның қатал шындығына амалың қане?! 
Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, Хакім ағаны совет жауынгер-
лерімен бірге арнайы тапсырмамен Қытайға жіберіпті. Ол жақта 
соғыс болып жатқан кез.
Атақты Оспан батырды көріпті. Оспан батырға жолыққанда, 
әскери тәртіппен честь беріп: «Жол... (дас...) дей жаздап барып: « 
Жол... ыңыз болсын, мырза!» деп тауып кеткен екен. «Жолдас де-
генде кім білсін, атып тастар ма еді?!» – деп, еске алатын Хакең. 
Сонда, совет әскерилері Оспанның керей екенін білген соң, бұл 
жақтың Керейі Хакім Бекішевті әдейі жіберді ме екен, кім білсін!? 
Сәбең мұражайынан сол жылы, оқу бітіргеннен кейін «Ленин-
шіл жас» газетіне қызметке ауыстым.
Арада жиырма үш жыл өткен соң, Сәбеңнің 100 жылдығында, 
Қызылжарда Мәриям апаны көрдім. Тоқсанға келген апамыз мені 


150
бірден таныды! Хал сұрап, қайда жүрсің деп, игі тілегін білдірді! 
Алматыда ол кісінің жүз жасқа толған тойына да қатыстым. Қазақ-
тың игі-жақсыларының қазақы қалпымен ел құрметіне бөленген 
аяулы, парасатты әйелдерінің көбі Мәриям апаны үлгі тұтып, ана-
ларындай ардақтайды екен. Қазақ ұлтының асыл қасиеттерін өмір-
лік шырағындай жарқыратып, жан-жағына жарығын түсіріп өткен 
Мәриям апаның өмір жолы бүгінгі қаракөздерімізге үлкен өнеге 
мектебі емес пе?! 
1971 жылы университетке оқуға түскен соң, бір ай Алматы об-
лысы, Шелек ауданының «Қорам» совхозында ауыл шаруашылы-
ғы жұмыстарында болдық. Қорам темекі өсіретін шаруашылық 
екен. Бір ай бойы өмірі көрмеген темекіні жинап, жіпке тізіп, кеп-
тірумен айналыстық. Мен жүкші болып, қыздардың жіпке тізген 
жапырақтарын тасып, ілумен болдым.
Жұмысты аяқтап, Алматыға келісімен сабақ басталып кетті. 
Бір күні қазақ ауыз әдебиеті сабағына келдік. Аққұба, келбетті, 
сымбатты, жүзінен нұры төгілген бір ағай кіріп келді. Амандасып, 
сөзін бастап кетті.
– Ал, мына ауыз әдебиеті пәні бойынша сендерге осы универ-
ситеттің дыраудай доценті Сұлтанғали Садырбаев сабақ беруі ке-
рек еді. Бірақ ол докторантураға шықты, енді бірнеше айдан кейін 
келеді. Оған дейін сіздерге мен сабақ беремін. Менің фамилиям – 
Ғабдуллин, атым – Мәлік! – деді салмақты сабырмен.
Аудитория: « О-о! У-у!» деп, гу-у ете қалды.
– Е-е, неге гуілдейсіңдер!? – деп жұмсақ жымиды Мәлік аға, 
түк болмағандай.
Гуілдемей көр! Аты аңызға айналған, қол жетпес Оқжетпестей 
батыр, жазушы, ғалым дәл жаныңа кеп тұрса! Және жай тұрмай, 
бірнеше ай сабақ беретін болса! 
Сөйтіп, біз Мәкеңнің шәкірттері болып шыға келдік! 
Мәкең сабақта белгіленген тақырып туралы майын тамыза әң-
гімелейтін. Ауыз әдебиетінің бай қазынасын кесек-кесегімен ал-
дымызға тартатын. Үзілісте ешқайда шықпайтын, әр күні бір сту-


151
дентпен жеке әңгімелесіп, жақын танысып алатын. Ол кісімен сөй-
лескен студент ол күні бір керемет болып шыға келетін.
Бір күні кезек маған да келді.
Мәкең үзілісте жаныма келіп отырды. Туған жерімді, руымды 
сұрады. Көкшетау, Степняк, Кереймін деген соң: «Ал, Қожағұл 
бұлағын білесің бе?» – деді. Мен мүдіріп қалдым. «Каникулға бар-
ғанда, үлкен кісілерден сұрап, тауып келетін бол!» – деп, жылы 
жымиды.
Айтқандайын, елге келген соң сұрастырсам, көп адам білмей-
тін болып шықты. Сұрастырып жүріп, ақыры таптым-ау! Сөйтсем, 
атын білмей жүріппіз, әйтпесе, өз бұлағымыз екен! 
Каникулдан кейін, Мәкеңе айтып бердім. Ол кісі риза болып 
қалды. Оқу барысында бала күнімнен ауыз әдебиетін сүйіп өске-
німді де байқаған болу керек, мені әрдайым айрықша жақын тар-
тып, мейірін төгіп жүретін еді, жарықтық! 
Арада біраз уақыт өткен соң, доцент Сұлтанғали Садырбаев 
жұмысқа шықты да, Мәкең бізбен қош айтысты.
Содан не керек, бірінші курсты аяқтауға жақындап қалғанда, 
күндердің бір күнінде жастық-мастықпен мен жатақханада бір жі-
гітпен төбелесіп қалып, кезекшілердің көзіне түстім. Олар рапорт 
жазып, мені оқудан шығаратын болды. Он бес күн сабаққа кіргіз-
бей қойды. Әбден ұялып, уайымдап біттім. Қол ұшын беретін кім 
бар деп қиналып жүргенімде, бір жігіттер: «Мәкеңе неге бармай-
сың? Сені жақсы көруші еді ғой!» – деп ақыл берді.
Қиналсам да, амал жоқ, Мәлік ағаны Ғылым Академиясына із-
деп бардым. Құшақ жайып қарсы алып, сөзімді мұқият тыңдады. 
Өкініп, ренжіп басын шайқап біраз отырды. Өзімнің де ұялып, оң-
бай отырғанымды көрген соң, көп ештеме деген жоқ. Ағалық ақы-
лын айтып, әкелік қамқорлығын ғана білдірді.
Филология факультетінің деканы, профессор Кәкен Ахановқа 
менің көзімше телефон соқты.
– Әй, Кәкен! – деді өзімсінген мейірлі, жұмсақ даусымен. – Мы-
на баланы оқудан шығармай, алып қал! Үміт күттіретін, алғыр бала! 
Сөйтіп, мен оқуымды жалғастыра бердім.
Бір жылға жетпей қайран Мәлік ағамыз кенеттен қайтыс болды.
Іштей егіліп, қатты қайғырдым...
Ақтық сапарға бүкіл ел күңіреніп шығарып салды...


152
Жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, аяулы, асыл адамның нұр-
лы жүзі көз алдымда, мейірлі жұмсақ үні құлағымда. Қайталанбас 
тұлғасы көңіл төрінде! 
Сөйтсем, Мәкең қанды қырғын соғыста да, тастай қатты за-
манда талай тағдыр қыл үстінде тұрғанда да адамгершілік қалпы-
нан, мейірбандылығынан жаңылмапты! Батыр, жазушы, ғалым, 
ұстаз Мәлік мейірімді Мәлік екен ғой! Қайталанбас феномен деп 
осындай адамдарды айтатын шығар-ау! 
Дәтке қуат, «Мәліктің мейірімі» деген поэма жаздым! 
Сексенінші жылдары «Қазақфильмде» істеп жүрген кезімде 
«Жыраулар» деген деректі фильмді жоспарға енгізіп, сценарийін 
жаздым. Ораз Әбішев ағамыз режиссері болды. Ақсақал ізденім-
паз, еңбекқор адам екен. Кімді түсіреміз дегенде, Сыр бойынан 
Алмас Алматовты, тағы біраз жырауларды таңдадық. Рымғали 
Нұрғалиев ағаның айтуымен Семейден Шәкір Әбенов атамызды 
түсіретін болдық. Орекең Семейге барған сапарында домбырасыз, 
тақпақтап айтатын бір кісіні қоса түсіріп әкеліпті. Өзі басынан ма-
лақайын шешпейді екен. Жыр айтқанда орнынан тұрып кетеді. 
Шәкәрім Құдайбердиевтің «Қалқаман-Мамырын» айтты. Ол кезде 
Шәкәрім ақталмаған, жырын экранға шығармақ түгілі, атын атауға 
болмайды. Амалсыздан, бұл жырды фильмге қоса алмадық.
Ал Шәкір Әбеновті Орекең әдемілеп түсіріп әкеліпті.
– Қалай, аға, Шәкір атамыз боқтаған жоқ па?! – деп қоямын 
әзілдеп.
– Жоқ, жақсы қарсы алды! Өзім де сақсынып барып едім, ақса-
қал жадырап, әңгімесін айтып, шығарып салды! – деді Орекең ри-
зашылықпен.
Шынында, Шәкеңнің сондағы айтқан әңгімесі мен «Қозы Көр-
пеш-Баян сұлудан» жырлаған үзіндісі бір қаралық дүние болды. 
Одан бері отыз жылдан астам уақыт өтті, Шәкір атаның жанды 
бейнесін іздеген зерттеуші, ғалымдар үшін «Жыраулар» деректі 
фильмі бағалы дерек көзі болатын шығар деп ойлаймын. Бір қызы-
ғы, орысша «Сказители» деп аталған фильм кейін қазақшаға қайта 
аударылғанда, «Ертегішілер» деген атқа ие болып, ұлттық энцик-
лопедияға солай кіргенін қайтерсің! 


153
Шамамен, 1972 жылы болуы керек, біздің университетте даң-
қты партизан, батыр, жазушы Қасым Қайсеновпен кездесу болды. 
Ол кісіні бала күннен білеміз, «Переяслав партизандары» деген 
кітабын қызыға оқығанбыз. Қасекеңмен бірге майдангер ақын Са-
ғынғали Сейітов ағамыз да болды кездесуде. Қасым ағаның тама-
ша әңгімелерінен есімде қалғаны:
– Әскерге барғаннан кейін, бізді, әртүрлі сынақтардан кейін, 
барлаушылар тобына қабылдады. Арнайы дайындықтан өткізді. 
Мөлдіреген жас едік, кісі өлтірудің жүз жиырма төрт түрлі әдісін 
үйретті. Қазір де бес-алты жігітті қағып жіберетін шамамыз бар! – 
деп бір күлдірді. – Самолеттен жау тылына лақтырды. Ол кезде 
салмағым ауыр еді, қазір жеңілдеп, жүз он-ақ килограмм болып 
қалдым! Мына Сәкең сияқты жеңіл адамдар желмен қалқып, біраз 
жерге қиыс кетіп қалар еді, – деп, ақын ағамыз Сағынғали Сей-
ітовке бір әзілдеп қойып, әңгімесін жалғай берді. – Мен тастай 
зауладым төмен қарай. Ішкен-жегеннің бәрі кетті ауыздан ақтары-
лып. Үйреткен амалдың бәрі естен шығып кеткен. Тек есімде қал-
ғаны – екі аяғыңды бірге ұстап, тізеңді бүгіп ал дегені. Өйткені, 
Украина жері орманды, бір ағаштың бұтағына былай... екі аяғың-
ды ашып келіп, шатыңмен шаншылып қалсаң, қиын ғой! – деді. – 
Аман-есен жерге түсіп, жолдастар жиналып, партизандарды тауып 
алдық. Сөйтіп, фашистермен соғыса бердік. Мені Вася деп атап кет-
ті. Фашистер мен олардың қолшоқпарлары – полицайларды ұстап 
алсақ, атпаймыз. Оқ шығын, орманда әрбір оқ санаулы. Және дауы-
сын жаулар естіп қоюы мүмкін. Оларды үнін шығармай, кесеміз! 
Соғыстың аты соғыс! Амал жоқ! – деп, бір күрсініп қойды...
Сонда бізге үлкен ақсақал боп көрінген ол кісі елудің үстінде 
ғана екен ғой! 
Сол бір кездесуден кейін де Қасым ағаны түрлі жиындарда кө-
ріп, сәлем беріп жүрдім. Сағынғали аға Жазушылар одағына жиі 
келіп, біз сияқты жас жазушы, ақын, сыншылармен ақтарыла әңгі-
мелесіп тұратын. «Біздің қазақ поэзиясының ежелгі дәстүрінде 
оқиғалы өлеңдер ерекше орын алушы еді. Солар қайда? Қазір ұсақ-
түйек өлең көбейіп, кесек оқиғаны өзек еткен үлкен жырлар неге 
көрінбей кетті?!» – деген ойлары есімде қалыпты. Ал Қасым аға-


154
ның соғыстағы ерліктері өз алдына, бейбіт кездегі аңыздарының 
өзі бір қызық болатын.
Қасекең 1992 жылы Көкшетауға, Жұмағали Саинның 80 жыл-
дығына Алматыдан арнайы келіп еді. Жұмекеңнің баласы Алдан 
Саинды да сонда көрдік. Арықбалық ауданы, «Златогор» совхо-
зында мерейтойлық іс-шаралар өткізілді. Қасым аға сонда Жұме-
кең жайлы жүрекжарды сөздерін айтып, ол кісінің адамгершілік, 
ақындық қасиеттеріне аса жоғары баға берді.
– Мені соғыстан кейін, Украинада қалып қоятын жерімнен, Қа-
зақстанға алып келген Жұмағали аға болатын! – деп ағынан жа-
рылды. – Ол кісі тіпті мүгедектік пенсиясынан да бас тартқан! 
«Мен Отаныма қанымды сатпаймын!» деген! 
Елді тебіренте сөйлеп, ауыл мектебіне Жұмағали Саинның 
қолжазбаларын тапсырған болатын. Айтыста біз, ақындар, Жұма-
ғали Саинмен бірге Қасым Қайсеновты да жырладық. Ол кісі өте 
риза болып, алғысын білдірді.
Қасым ағаның Жұмағали Саин туралы айтқан сөзіне орай, 
үнемі бір ой келеді. Әуелде әйтеуір атай салған шеттегі бір елеу-
сіздеу көше кейіннен Саин проспектісі болып, Алматының ең үл-
кен, ең ұзын даңғылдарының біріне айналып кете барғанының өзі 
Жұмекеңнің риясыз адал еңбегінің өтеуі сияқты болып көрінеді! 
1971-1972 жылдардың бір күнінде университетте бір үлкен 
кездесу болды. Нұрғиса Тілендиев, Мұқағали Мақатаев келді.
Мұқағали жандырып бір-екі өлең оқыды. Әнші Бақыт Әшімова 
Нұрғиса Тілендиевтің Мұқағалидың өлеңдеріне жазған әндерін 
шырқады. Нұрғиса Тілендиев рахаттанып, қара терге малшынып 
отырып көп күй тартты. Арасында әңгіменің көрігін қыздырады 
келіп.
– Бала Мишканы тартыңызшы! – деді бір кезде Мұқағали.
Нұрағаң күлді:
– Мұқағалидың айтқанын орындамасақ болмас! Әйтпесе, ме-
німен соғысады былай шыққасын! – деп әзілдеп алды да, ой, бір 
тартты-ау күйді! 
Бір кезде Нұрағаң демалуға шыққанда, Рахманқұл Бердібаев:


155
– Осында сыншы Төлеген Тоқбергенов келіп отыр! Шертпе 
күйдің шебері! Қанеки, күй тартып беруін өтінейік! – деді. Біз қол 
соқтық. Рахманқұл ағамыз демалуға кеткен Нұрғисаның сахнада 
сүйеулі тұрған домбырасын Төлеген Тоқбергеновке ұсына берген-
де, Нұрекең сырттан ұшып келіп, домбырасын жұлып алды да, Тө-
кеңнің қолын алып, қысып тұрып:
– Кешіріңіздер! Мен бұл домбыраны ешкімге ұстатпаушы 
едім! – деді.
Бұл да бір қызық, тосын оқиға болды. Төлеген ағамыз үндемей, 
сабырмен ғана жымиып, Нұрғисаның қолын «Түсінемін!» деген-
дей ұзағырақ қысты да, орнына келіп отырды. Сілтідей тынған 
жұртшылық ду қол соқты! Кездесу басында бір-екі өлең оқып, 
шығып кеткен Мұқағали ағамыз біраздан соң буырқанып, сахнаға 
қайта келді. Әлі есімде, жаңа өлең деп: «Ассалаумағалейкум, Ала-
тау алтын босағам!» деген өлеңін оқыды...
Арада үш-төрт жыл өткен соң Мұқаңды «Жұлдыз» журналы-
ның сын бөлімінде көрдім. Сағат Әшімбаев ағамызға мақала апар-
ған едім. Соның қателерін түзетіп отырғанмын. Мұқаң кіріп келді. 
Қажыған, беті әжім-әжім. Жанары шаршаңқы. Мәскеудегі оқуын 
тастап келген кезі екен. Ұшып тұрып, сәлем бердім. Қолымды 
алып:
– Қайда оқисың? – деп сұрады.
– КазГУ-де, филфакта, – дедім.
– Ә-ә, оқи бер! – деді.
Сағат аға Әбділда Тәжібаевтың сол күндерде «Лениншіл жас-
қа» шыққан интервьюін көрсетті.
– Мында сіз туралы да айтыпты! 
– Не депті? Ұлы ақын деп пе?! – деді Мұқаң.
Сағат аға газеттен Әбекеңнің Мұқаң туралы әрі қимай, әрі 
ренжіңкіреп айтқан қысқа сөзін оқып берді.
Таудай Мұқаң үнсіз тыңдап, сәл теңселіп тұрды да:
– Қарау шал... сыраға ақша бермей ме?.. – деп, бұрылып шы-
ғып кете барды...
Сағат ағамыз Мұқаң туралы, ақындар мен әдебиет туралы 
сырлы әңгімелер айтты. Әдетінше, шабыттанып, сөзді түйдек-
түйдегімен төгіп-төгіп жіберіп, арасында кілт тоқтай қалып, шеке-
сін саусағымен тіреп отырып, екінші бір ойды қозғай жөнеледі. 
Қызық еді, терең, жүйрік еді.


156
Мен Сағат ағамен ең алғаш осы «Жұлдыз» журналының ре-
дакциясында танысып едім. Онда шешендік сөздер туралы зерттеу 
мақаламды алып келгенмін. Бізге үлкен кісі болып көрінетін, аты 
белгілі сыншы ағамыз сол кезде жиырма алты жаста ғана екен-ау! 
Сағат аға мақаламды аударып-төңкеріп, шолып шығып:
– Шешендік сөздерді зерттеп жүргенің жақсы екен! Алайда, 
бізге қазір бүгінгі әдебиет жайлы сын мақалалар керек. Әуелі, бі-
рер рецензиялар жазып көрсең қайтеді? – деді. Мен мақұл көрдім. 
Ол кісі маған бір жаңа кітапты атап, осыны тауып ал да, талдап 
жазып әкел деді. Сөйтіп, мен рецензия, әдеби сын мақалалар жаза 
бастадым. Кейіннен, үшінші курста Сағат аға бізге сабақ берді. 
Ағылып сөйлегенде қиядағыны шолып, қиырды шарлап кететін. 
Қазақтан бастап, орыс әдебиетіне ойысып, одан әрі әлем әдебиеті-
нің арғы-бергі таңғажайып үлгілерін саралап шығатын. Сол кездегі 
жаңа ағымдармен, әсіресе, советтік идеология теріс бағалап, жат 
санаған күрделі, қайшылықты дүниелермен таныстыратын бізді.
– Әй, оларда склад мышления басқа ғой! Оларды оқып, білу 
керек қой! – дейтін қызбаланып, әлденеге кіжініп.
Өзінің де ойлау жүйесі өзгеше, эрудициясы ерекше болатын. 
Біз үшін бір жаңа ағым, жаңа құбылыс еді. Студенттер қарапайым, 
бауырмал ұстаздың маңына үйіріліп, жақсы көретін. Жарықтық, 
жанып тұрған от еді, жанының жарық сәулесі жазған еңбектері 
арқылы алдағы ұрпақ санасына түсіп тұрады деп ойлаймын.
Бір күні Киров пен Масанчи көшелерінің қиылысындағы Каз-
ГУ-дың төртінші корпусынан сабақтан шығып, Целинный кино-
театрының алдында автобус күтіп тұрсам, бір үлкендеу кісі жаны-
ма жақын келіп, менімен сөйлесе бастады. Ай-шай жоқ, «Жүр, 
бірдеме әпер, бірге ішейік!» – деді. Мен қайран қалып, әрі мұндай 
бетпақтығын біртүрлі ұнатпай, сырттай берсем де, ол қалмады: 
«Мен Шәмшекеңмін ғой! Танымай қалдың ба? Жүр деймін», – деп, 
шындауға айналды. Мен әрі-бері қашқақтап, бір кезде қаным қыза 
бастады. Шәмшінің атын жамылып, жұрттан ішімдік сұрайтындар 
бар деп еститінмін, сондай алаяқтың бірі ме, иектен қағып жібер-
сем бе екен, бірақ рас Шәмші болса ұят болады-ау деп, толқыңқы-


157
рап, ырғалып тұрғанымда, сабақтан шыққан ұстазым Тұрсынбек 
Кәкішев келіп қалды. Ол кісі біздің егесуге айналғанымызды бай-
қап қалып, жанымызға жақындады. «Иә, жігіттер, не боп қалды?» 
– деді. Мен: «Мына кісі Шәмші Қалдаяқовпын, маған арақ әпер 
деп тұр!» – дедім. «Әй, аман-сауыңда жоғал!» – деді Тұрсекең қа-
туланып. Әлгі кісі дереу теріс айналып, зыта жөнелді. Қараңғыда 
оның жүзін дұрыс көре алмай қалған Тұрсекең: « Өй, жалпы жоба-
сы ұқсағанымен, бұл Шәмші емес-ау деймін, алаяқтардың біреуі 
шығар! Бірдемеге ұрынып қалма, байқап жүр!» – деп, мені сабырға 
шақырып, автобусқа мінгізіп жіберді.
1975-1976 жылдары, үшінші курста оқып жүрген кезімде, бір 
күні Рымғали аға лекция үстінде, КазГУ-дің аудиториясында Мағ-
жан Жұмабаев туралы әңгіме айтты.
– Мағжан Жұмабаев – қазақтың великий ақыны! – деді. – Ол 
репрессияда құрбан болған, атылып кеткен! Бірақ енді бір он бес 
жылда ақталады! – деді сеніммен. Бір-екі жылға ғана қателесіпті, 
Мағжан 1989 жылы ақталды.
Ал, жетпісінші жылдары Мағжанның атын мемлекеттік оқу 
орнының үлкен аудиториясында айтпақ түгілі, шағын топтың 
ішінде сыбырлап айтудың өзі қауіпті болатын.
– Мағжанның «Батыр Баян» атты ұлы поэмасы бар! – деп сөзін 
сабақтай түсті сайыпқыран, сарабдал ұстаз. – 1923 жылы Ташкент-
тен шыққан «Шолпан» журналының екі номерінде төте жазумен 
басылған. Мына Пушкин кітапханасының сирек кітаптар мен қол-
жазбалар қорында сақтаулы. Арабша оқи білетіндерің содан алды-
рып оқуларыңа болады! – деп бір түйді де, маған қарап: – Баянға-
ли, сенің атың да Баян ғой, сол поэманы сен оқып көрші! – деп, 
неге екенін өзі біледі, арнайы атап тұрып тапсырғандай болды! 
Ардақты ұстаз ағамыз атын аса мадақтап атаған соң, бұрын 
Сәбит Мұқанов атамыздың «Өмір мектебінен» ұлтшыл ретінде 
таныған Мағжан Жұмабаевтың жырын оқуға асықтым. Алып-
ұшып Пушкин атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық кі-
тапхана) кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорына 
жеттім. Бұрын да талай келіп, ескі газет-журналдардан шешендік 


158
сөз үлгілерін іздестіріп жүретінмін. Ол бір тып-тыныш, таза жер 
еді. Босағасынан аттаған бетте, мүлде басқа әлемге енгендей бола-
сың. Сарғайып кеткен көне қолжазбалар мен кітаптар сені сонау 
ескі дәуірлерге алып кеткендей болады. Ол жерде ай маңдайы 
жарқырап, дәу қасқа басы жан-жағына сәуле шашқандай болып бір 
алып тұлғалы ақсақал отыратын. Жанында әжімінің өзі көне қол-
жазбаларға ұқсайтын шүйкімдей ғана сүйкімді апа жүретін. Әлгі 
кісілер әуелде маған әуестене қарап, мен іздеген Ыбырай Алтын-
сариннің, Радловтың, Пантусовтың, Белослюдовтың, Диваевтың, 
т.б. кітаптарын, «Дала уалаятының газетін», «Айқап», «Таң», т.б. 
журналдарды, газеттерді ықыласпен тауып беріп, қамқоршы бо-
лып жүрді. Сөйтсем, олар он тоғыздағы студент баланың ескіше 
жазбаларды зерделеп оқығанына сүйсініп, риза болып жүреді екен. 
Апаның есімі Зейнеп болатын. Ал ақсақал үлкен мұғалім, балалар 
жазушысы, зерттеуші ғалым Сейтен Сауытбеков. Кейін білсем, ол 
кісі Уақтың атақты батыры Баянның ағасы батыр Сарының ұрпағы 
екен. Мен «Қазақ әдебиетінде», «Жұлдызда» жұмыс істеп жүрген-
де, шығармаларын алып кеп тұратын, шамам келгенше жариялауға 
тырысатынмын.
Сонымен, «Шолпан» журналын сұрағанымда, сұранысымды 
қолма-қол орындап, Зейнеп апа подвалға түсіп кетті де, кідіртпей 
тауып әкеп берді. (Тәртіп бойынша, тапсырыс бергеннен кейін, 
пәлен сағаттан соң орындалатын). 
Тағатсызданған күйімде үстелге отыра қалып, сарғайып кеткен 
қазынаның бетін ерекше толғаныспен аша бастадым. Ақыры таптым! 
«Батыр Баян»! Жырды алғаш оқи бастағандағы әсерімді айтып 
жеткізу қиын! Жан-дүнием астан-кестең болды. Мен өз рухани 
өмірімде, сана-сезімімде бір үлкен өзгерістің болғанын сол сәтте 
айқын түсінбесем де, жан-дүниеммен айрықша сезіндім! Содан, 
«Батыр Баянды» бір дәптерге көшіріп алдым. Жаттап алып, дом-
быраға қосып, студенттердің арасында, әдеби ортада айтып жүр-
дім. Ол кезде Мағжанның өлеңін айтпақ түгілі, атын атауға бол-
майтын кез.
Бір күні Рымғали аға жаңа үйге көшті. Бірінші күні біраз затта-
рын апарып қойды. Әлі толық көшіп кірмеген үйге басқа біреулер 
таласып кіріп кете ме деген қауіп те болды-ау деймін сол кезде. 
Сондықтан ағай Жәнібек Кәрменов, Несіпбек Айтов үшеумізге: 


159
Менімен бірге жүріңдер, жаңа үйге қонып шығайық! – деді. Қон-
дық. Әңгіме-дүкен құрып, біраз отырдық.
Жайсаң мінез, дархан Жәнібек ағамыздың:
– 
Қайрат Байбосынов дың-ң еткен дыбысты қағып алады. Тұ-
нып тұрған музыка! Оның слухы керемет. Мен кез келген жаңа 
әнді төрт минутта үйреніп аламын. Қайрат үш минутта қағып ала-
ды! – дегені есімде... 
 
Жәнібек аға баяулатып ән салды. Бір кезде Рымғали аға дом-
быраны маған беріп: «Ал, «Батыр Баянды» айтшы!» – деді. Мұн-
дай тыңдаушы табылған соң не тұрыс, ал, жырладым! 
Жыр аяқталғанда Рымғали аға орнынан тұрып, балконға шы-
ғып кетті. Біз де соңынан ілестік. Ол кісі түнгі Алматыға үндемей 
біраз қарап тұрды.
– Мағжандар не деген бақытты! Жеті қат жердің астына тығып 
жіберсе де, міне, түн ішінде төрт қазақ Алматының төрінде жырын 
айтып отырмыз! Ә-ә!? – деп, кеуде тұсын уқалап, тебіреніп, әрлі-
берлі жүріп еді жарықтық! 
Ойы қайда кетті екен?! Қайран данышпан ұстазымыз! Әр сөзі 
бір идея, бір тақырып болатын! 
– Миды ауыртып оқу керек қой! – дейтін.
Діни-философиялық дүниелерді, советтік идеология теріске 
шығарып, жат, жау деп айдар тағып, жас ұрпақты жолатпауға тыры-
сып, жауып тастаған, немесе, шектеу қойған күрделі, қайшылықты 
шығармаларды, қызық ойлы қаламгерлерді оқуға кеңес беретін.
– Әдебиет деген адамның адамға айтатын сыры ғой! – деп еді 
бір жолы.
Сырға толы, ілім-білімнің жұмбақ та қымбат қазынасы еді ғой, 
жарықтық Рымғали ағамыз! 
Ақселеу Сейдімбеков деген өлеңнің бір жолындай әуезді есім-
ді ең алғаш мектепте оқып жүргенде «Лениншіл жас» газетінен 
таныдық. Ол кісінің «Күмбір, күмбір күмбездер» деген айдармен 
Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл батыр күмбездері жайлы жазған 
мақалалары әлі есімде. Кеңгір өзенін кезгені туралы жазғанынан 


160
әсерленгенім сонша – сол Кеңгір өзенін бойлап, күмбездерге кіріп, 
күмбірін тыңдағым келетін.
Кейіннен, 1977 жылы «Лениншіл жаста» жұмысқа келгенде, 
Ахаңмен жүздесіп, таныстым. Алғаш кездескенде, бір топ ағала-
рымызбен әңгіме-дүкен құрып отырғанда айтқан әңгімесі маған 
қатты әсер етіп, санама құйыла қалды. Ахаң Никита Середаның 
«Последний киргизский царевич» деген жазбаларындағы Кенеса-
ры, Наурызбай, Ағыбай туралы аңызды майын тамыза әңгімелеп 
еді. Ол кісінің әңгімесінен әсерленгенім соншалықты – айтқан сөзі, 
дауыс ырғағына дейін көкейімде жатталып қалды.
Мен Ахаңды сол кездесуден кейін тіпті жақсы көріп кеттім.
Ұзын бойлы, ақсары, келбетті, нұр жүзді ағамыздың Найман-
тай, Байғозы батырлардың тікелей ұрпағы екенін білгенде, ол мен 
үшін аңыздан келген айрықша жанға айналып жүре берді.
Батырдың ақылды ұрпағы батыл ойшылға айналып, компартия 
мен совет өкіметінің өтірігін шығара бір сөйлегені есімде. Ахаң он-
да сол компартияның басты органы – СҚ-ның бөлім меңгерушісі.
– Басқасын айтпағанда, – деп, ойымызды сан-саққа жүгіртіп 
қойды. – Ғылымның дәлелі – адам қырық жасында жан-жақты то-
лысады. Ал қоғамның дені жастар. Сонда, басқасын былай қойған-
да, адамдық тұрғыдан жан-жақты жетілген қоғам ешқашан да құ-
рылмайды ғой. Ал, мыналардың коммунизмі қай коммунизм!? – 
деп қарап отыр бір күні, сол өкімет пен партияның редакциясында, 
шақшасын шиырып тастап.
Ахаңның бұл сияқты тоталитарлық, отаршылдық жүйенің ірге-
сін солқылдатып, қабырғасын қаусатардай тосын тұжырымдары 
толып жатыр! Дала даналары, көне заман мұралары, көшпенділер 
мәдениеті, жанкешті батырлар мен алаш арыстары туралы қазір ға-
на ашық айтылып жатқан ой-пікір, деректердің көбін біз сонау сек-
сенінші жылдары Ахаңның аузынан естіп, санамызға сіңіріп едік.
1989 жылдың басында маған, Кеңащыға, Ақселеу Сейдімбе-
ковтен хат келді! Жазуы маржандай, мазмұны да керемет! Тоқете-
рі: ғалым, алаш азаматы Қаржаубай Сартқожаұлының Монғолия-
дан Қазақстанға көшіп келуіне ат салысу керек. Себебі: сол кездегі 
совет тәртібі бойынша, шетел азаматының біздің елге көшуі үшін, 
бұл жақта бір туыстары болуы керек екен. Қаржаубайда ол жоқ! 
Бір қызық жері, оның әжесі Әлімжан деген кісінің қызы, яки қа-
рындасы екен. Енді, бұл жақтан бір Әлімжанов шығып, Қаржау-


161
байды жиенім деп танып, дәлелдеп, шақырып алуына болады екен! 
Мен жауап хат жазып, жарайды, мен Қаржекеңді жиен ғып, көші-
ріп аламын дедім.
Ақырын әкемді айналдырамын, ертең біреу-міреу тексеріп 
қалса, сөзден ұсталмайын деп. Әлімжан атамның ертеде сондай 
қарындасы болған ба деймін. Шал ойға кетті. «Әй, бір қыз болды 
деп еміс-еміс еститінмін, ерте қайтыс болған сияқты!» – деді-ау 
бір кезде. Мұндай қуанбаспын! Шал жоқ деп кесіп тастамай, кү-
мәнді бірдеңені айтса болды ғой, әйтеуір! Бір қиын жері, Қарже-
кеңнің әжесі Найман, ал біз Керейміз! Нелеуі нелеу енді! 
Ондай нюанстарды кім біліп жатыр деп қоямын өзіме-өзім.
– Ойбай, ертең КГБ тексерсе, өтіріктерің шығып қалады, құри-
сың! – дейді бір жанашырларым.
– Шетелде туысқаның болса, ертең өзіңді шетелге шығармай 
қояды! Ылғи аңдуда боласың! – деп шыр-пыр болады. Иә, шындап 
сұрай қалса, өтіріктен өзім бірінші ұсталатыным да анық. Әйтеуір: 
«Ахаң бар ғой, бірдеме қылар!» – деп, қайраттанып қоямын. Мен 
үшін ол кісі КГБ-дан да күшті болып көрінген-ау сол кезде! 
Не керек, біраз қызықтар болды. Ахаңның ақылымен, Қарже-
кең екеуміз хат арқылы танысып-білісіп, нағашылы-жиенді болып 
хабарласа бастадық.
Бір күні Кеңащыға салып-ұрып Қаржекең келіп тұр! Монғо-
лиядан делегация келіпті біздің облысқа. Содан, әдейілеп ат басын 
біздің ауылға бұрған екен! Арқа-жарқа, мәре-сәре болып, жоспар-
лар құрып, ол кісі көшіп келетін болып, мен қарсы алатын болып 
тарадық! 
Сөйтіп жүргенде, Совет Одағы ыдырап, жүйе құлап, тәуелсіз 
ел болдық. Шекара ашылды, елге бауырлар оралды. Алғашқылар-
дың бірі боп Қаржекең келді елге. Заман ағымы алып келді. Оған 
менің «нағашылығымның» пайдасы тимей қалды сөйтіп. Айтпақ-
шы, бір Керейдің баласы Қаржаубай ағамызға кейде «жиен» деп 
қоятын әдемі әзіл ғана қалды! 
Бертінде, 2006 жылы Тарақты Байғозы батырдың 300 жылды-
ғына ас беріледі, онда жыршы-жыраулар конкурсы өтеді екен деп 
хабарлады Астанадан әнші, зерделі бауырымыз Серік Оспанов. 
Байғозы батырды мен бала күнімнен жақсы көріп өстім. Оны біле-
тінім, Шоқан Уәлиханов атамыздың жазған аңызын сүйсініп оқы-
ғанмын. Кейіннен Байғозының Наймантай батырдың баласы еке-


162
нін, Ақселеу ағамыздың атасы екенін білдім. Енді мына ығай-
сығай жыршылар бас қосатын жиынға Байғозы туралы жыр жазып 
апарайын деген ой жарқ ете қалды. Сол-ақ екен, Шоқан жазып 
кеткен аңыз жырға айнала бастады. Мен жырды аяқтауға жақын-
дап қалғанымда, конкурстың ресми шарты келіп тұр хатпен. Қарап 
жіберсем, батырға арнайы шығарылған жыр-дастандар айрықша 
бағаланады деп атап көрсетіліпті! 
Мына ғажайыпқа шыдай алмай, Ахаңа телефон соқтым. «Осы-
лай да осылай, мына қызықты қараңыз!» – деп, болған жайды айт-
тым. Ахаң сабырмен тыңдап, апырай, ә, деп дем беріп қойды. Мен 
қызбаланып:
Сіңірлі, серіппедей ширатылған,
Қимылы қабыландай түнде атылған.
Ақсары, ай маңдайлы, асқар бойлы, 
Жанары ауырлаған мұңды ақылдан,
Байғозы батырлармен жортты бірге, 
Ас-суын бөліп ішіп бір бақырдан! – деген жолдарды теле-
фонмен оқып жібердім.
– Осы суреті қалай!? – дедім.
– Ол кісі ақсары емес, қараторы болса керек! Мен сары боп на-
ғашыларыма тартып кеткем! – деп күлді Ахаң.
– Ендеше, мен ақсары дегенде, сізді ойлап, әуелдегі айбарлы 
дегенді өзгертіп жазып едім! Міне, қараңыз, маған келген өлең: 
Қимылы қабыландай түнде атылған! – деп тұр. Ал, қабылан қара 
ғой! – деп едім, Ахаң: «Сенікі жөн!» – деп, кеңк-кеңк күлді. Содан 
ақсарыны қайтадан айбарлы деп алып едім, табиғи қалпына келе 
қалды. Ой, бір тамаша, шабытты шақ еді-ау ол! 
Сол асқа жүретін күні таң алдында жарықтық Байғозы батыр 
кірді түсіме! 
Астанадан Ағадырға дейін арнайы пойызбен, бірнеше вагон 
болып бардық. Алаштың айтулы азаматтары бар. Жолда Ахаң бала 
құсап жүгіріп жүр. Әрқайсымызға бір келіп, хал-жағдай сұрап, 
бәйек болады. Менің теңселіңкіреп, оңаша тұйықтала бергенімді 
байқап қалып: «Міне, дұрыс! Жырау іштей дайындалады!» – деп, 
құптап қойды.
Содан, не керек, «Байғозының жебесі» деген жырыма жұрт та, 
қазылар да разы болып, бас жүлде – ақ «Жигулиді» мінгізді маған.


163
– Бұл жырың өміршең болар-ау! – деді Ахаң, арқамнан қағып 
тұрып...
Бір жолы Астанада, қала күні болу керек, бір үлкен той болды. 
Күн ыстық, ығы-жығы халық. Көпшілігі киіз үйлердің көлеңкесін 
паналап отыр. Ортасында көп ботақанның ортасындағы нар түй-
едей болып, қасқа басы қызарып Ахаң тұр екен.
– Көлеңкелейін десем... төбем сыймай қойды ғой еш жерге! – 
деп күлді де, менің басымдағы ақ қалпағымды сұрамастан ұзын 
саусағымен іліп алып, төбесіне қондыра қойды. Мен ол кісінің 
өзімсінгеніне риза болып: «Көрдіңіз бе, міне, Керейсіз күндерің 
жоқ бәрібір!» – деп, әзілдедім. Бірақ, сол сәтте бойын көкке созған 
алып Ахаңның заманына сыймай жүргендігі ойыма келмепті! 
1992 жылы қазақ құрылтайында Ақселеу ағаны елу жасқа тол-
ғандығымен құттықтағаным есімде.
– Сіз қазақтың екінші Ахаңысыз ғой! – дедім таза көңіліммен.
– Ауыр сөз ғой! – деп, бетіме қарап күрсінді, қолымды алып 
тұрып.
– Мен үшін солай! – деп, мен де қайтпадым.
Жастық қой, бірақ өтірігі жоқ! 
Бақсам, Ахаң ар жағын ойлап тұр екен ғой! 
Менің де ақындық интуициям онша қателесе қоймаған секілді! 
Жарасқан Әбдірашев ағамызбен «Жұлдыз» журналында бірге 
қызмет істеп жүрген кезімізде, бір думанды сапарда ол кісі біраз 
дүрілдетіңкіреп жіберді.
Ертеңінде ыңғайсызданғанын білдірмеуге тырысып:
– Кеше менен біраз кемшіліктер кетті-ау, ә!? – деді сабырмен.
– Сізде кемшілік болмайды ғой! – деп күлдім, көңілін аулап.
– Кемшілік болмағанмен, ағаңнан біраз артықшылықтар кетті-
ау! – деп, күліп жіберді. Сонымен бәрі жуылып-шайылып кетті.
Бір күні үйіне бардым. Маған жаңа ғана жазылған мына өлеңін 
оқыды да:
«Баян, сенен басқа, тіпті, менде де түпнұсқасы жоқ өлең!» – 
деп жазып, қолын қойып берді.


164
Ешкімге, жаным, ешқашан,
Еңкейіп жағынбағанмын.
Тірлігімді осы қоштасаң,
Сенің де мен де ағаңмын.
Жаралдым демен ерекше,
Жағдайымды ұққан ел қәні,
Іні де болам, керексе,
Ізетің болса – болғаны.
Қорқамын оқ атқаннан да,
Үзгеннен үміт жалғаннан,
Ағасын жоғалтқаннан да 
Інісін жоғалтқандардан! 
Артпасын ешкім бекер мін,
Жақпасын қара – ақ арға.
Қорқа да қорқа өтермін,
Қорықпай саған қарарға...
Тірліктің шаңыт-шаңдағы
Қайрылта бермес көп артқа,
Ағаңды жоғалтсаң дағы, 
Ініңді, әсте, жоғалтпа! 
Міне, содан бері отыз жыл өте шығыпты! Менің архивімде 
сақталған өлең ардақты ақынның ағалар мен інілерге назы, аманат 
сәлемі секілді! 
Жетпісінші жылдары Жарасқан Әбдірашевтің «Дала, сенің 
ұлыңмын!» деген өлеңдер жинағын Жазушылар одағында талқы-
лап, тезге салмақ болыпты. Ғылым Академиясынан, тағы басқа да 
«тиісті жерлерден» «жауапты адамдар» қатысқан қызулы жиын-
ның дүмпуі біразға дейін дүңк-дүңк естіліп жатты. Дүрліктіргені – 
бұйығыңқырап қалған Дала образының қайта тірілуі мен кейінгі 
дала ұлдарының «Дала, сенің ұлыңмын!» деп ашық айтуға жарап 
қалғандығы болар-ау деп шамалаймын қазір! 
Сол жиында Кеңшілік Мырзабеков ортаға белсеніп шығып:


165
– Менің ақын ретінде Жарасқанмен келіспейтін жерлерім көп! 
Адам ретінде де екеуміздің үйлесе бермейтініміз тағы рас! Бірақ, 
Жарасқан – талантты ақын! Мен оны оққа бермеймін! – деп, жыр-
ды қорғап сөйлеген екен жарықтық! 
Ақындық мінез ғой бұл! 
Ғабиден досымның атасы Құлахмет – Көкбөрі асқан батыр 
болған. Жауды қуып, құйғытып келе жатқанда тосқауылға тура 
кеп қалып, пулемет очереді кеудеден кесіп түсіп, қаза тапқан. 
«Отызға ойран салғанды, Жиырма жау қайтіп алды екен!» деп 
жоқтаған екен әйелдер.
Ғабиденнің Айдос батыр туралы айтқан әңгімесі де есімде. Қа-
пияда оқ тиіп, жараланып, құлап бара жатып, ырғайдан ұстап тұ-
рып айтқан екен дейді:
Ырғайтының бойында,
Ырғай ма екен, тал ма екен?
Қапияда қай дұшпан,
Қайратымды алды екен?
Түзде өлмей үйде өлген,
Ерден сорлы бар ма екен!? – деп, күңіреніп өткен екен.
Ғабиденнің арғы атасы Жошы он сегіз жасында болыс сай-
лауына түскен екен. Бүкіл Қаракерей көтеріліп, сайлауда жеңіп 
шығады. Жұртты жинап, ұлықтар болыстың жез знагін Жошының 
мойнына тағатын болады. Сөйтсе, Жошы знакті мойнына таққыз-
бай: «Мына жерге қойыңдар!» деп, қойғызады. Қамшысын алып: 
«Әй, знәк, сен баяғыдан бері мені табудың орнына, ана пәленше-
нің, түгеншенің мойнында неғып жүрдің? Енде солардан қап, ма-
ған келдің бе? Мә, саған, әкеңнің...» – деп, ақ патшаның болыстық 
белгісін ал сабайды келіп қамшымен! Айызы қанғанша сабап-
сабап: «Сайлауға түскендегі ойым осы еді! Ал, мұндай знәкті мой-
ныма тақпаймын! Әкетіңдер әрмен!» – деп, қасқайып қарап тұр 
дейді. Содан, ұлықтар патша ағзамның жез знәгін сабады деп, про-
токолдап, Жошыны итжеккенге айдайды. Осы аңызды бала күні-
нен құлағына құйып өскен Ғабиден КазГУ-де оқып жүрген студент 
кезінде Иркутскіге архив ақтара барып, атасына шығарылған үкім-


166
ді тауыпты. Патша билігінің белгісін сыйламағаны үшін деп, жер 
аударған екен атасын.
Ғабиден Иркутскіде архив ақтарып жүргенде, ақшасы бітіп қа-
лып, вокзалда вагоннан жүк түсіріп, жолына ақша тауып, елге қай-
тыпты. Сонда оған қара жұмысшылар: «Аталарының тарихын із-
деп жүрген ақылды бала екенсің!» – деп, риза болып, ақшалай кө-
мек көрсеткен екен! 
Маған жеп-жеңіл, шебер жасалған әдемі қызыл домбырасын 
сыйлап еді. Мен ең тұңғыш айтысқа сол домбырамен шықтым! 
«Қиқыматтың хикаяларына» редактор болған. Әкесі мен ингуш-
тың достығы туралы оның айтқан әңгімесі отыз жылдан аса уақыт-
тан кейін менің қиялымда өлең боп жаңғырды.
Алашорда тарихы, Алаштың арманы – азаттығы мен арыстары, 
торы ала атты алаш полкі туралы талай сырларды төгілтіп бір тол-
ғаушы еді. Бұл сонау сексенінші жылдар, партия, советтің билігі 
мызғымай тұрған кез болатын. Оның зерделілігіне, саяси көзқарас-
тарының айқын, тереңдігіне, ұлтжандылығына айрықша риза бо-
лушы едім. Тұнып тұрған шежіре, ағып тұрған дария, жастығына 
қарамай, қатпар-қатпар қазыналы қария сияқты көрінетін Ғабиден 
Құлахметов Алаш арыстарының сынығы, өзі де Алаш арысы еді! 


167


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   78




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет