13. Сөздік құрам мен сөздік қор. Сөздік қорға тән белгілер.
Жауап. Сөздік қор – тілдің негізін құрайтын, сөздік құрамның қалыптасуы мен сөзжасамда маңызды рөл атқаратын, жалпыхалықтық сипатқа ие бір буынды сөздер. Негізгі сөздік қордың жалпы саны аса көп емес. Қазақ тіліндегі Негізгі сөздік қорға енетін тұлғалар көне дәуірден жалғасып келе жатқан барлық түркі тілдеріне ортақ сөздер. Мысалы, ал, ар, ас, ана, отыр, бар, мен, бес, жан, жас, т.б. Осы тұрғыдан Негізгі сөздік қор сөздік құрамнан ерекшеленеді. Сөздік қорға тек көне түркілік атаулар ғана енсе, сөздік құрамға тіліміздегі барлық сөздер – диалектілер, кірме сөздер, жаргондар, қарапайым сөздер, сленгтер, т.б. жатады.
Негізгі сөздік қорға тән басты белгілер:
а) тұрақтылық: олар тұлғалық және мағыналық жағынан тұрақты болады. Қазіргі қазақ тілінің Негізгі сөздік қорындағы көптеген сөздерді бірнеше ғасыр бұрын жазылған ескерткіштерден кездестіруге болады. Мысалы, 5 ғасырдағы Талас, Орхон-Енисей ескерткіштерінде сіз, ұғлан, өзім, көк, боз, ұлығ, ат, күн, т.б.; 11 ғасырдағы Ж.Баласағұн мен М.Қашқари еңбектерінде ат, қой, күн, кел, өкін, т.б. сөздер кездеседі.
ә) Сөз тудыруға ұйытқы болады: сөздік құрамның дамуына байланысты Негізгі сөздік қор да өзгеріске ұшырайды. Негізгі сөздік қордағы бір буынды түбірлерден көптеген туынды сөздер жасалады. Туынды сөздер жаңа сөз тудыра алғанымен, Негізгі сөздік қордағы сөздердің сөзжасамдық қабілеті бірдей емес.
б) Жалпыхалықтық сипаты: Негізгі сөздік қорға енетін сөздер бүкіл халыққа түсінікті және үнемі қолданыста болып, баршаға ортақ қызмет атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |