Жазушы Т. Әбдіков жеке адамның санасындағы, ойлау жүйесіндегі сан алуан сезімдік, психологиялық, философиялық құбылыстарды, ой ағымына, түс көруді талдауға және де психологиялық сыртқы детальдарға бірден-бір ерекше көңіл аударатындығын ескере отырып, қаламгердің прозалық шығармаларының өзіндік сипаты, өзіндік қолтаңбасы мен стилі бар екендігін білеміз. Төлен Әбдіковтің әдебиеттегі қолтаңбасы ерекше екендігін өзіндік жазу мәнері, сөз қолданысы, кейіпкерлерінің іс-әрекетін, мінез-құлқын сомдауы, оқшау образдар жасауы, тосын тұлғалар табуы тайға таңба басқандай дәлелдеп-ақ тұр.
Жазушы шығармалары жаңа көзқарасқа толы, ол шығармаларында замана келбетін айқын ашатын тақырыптарды терең және дер кезінде көре біледі, соны халыққа жеткізді.
Жазушының шығармалары адам мінезінің құпия сырларына үңілуімен, өмірдің мән-мағынасына философиялық тұрғыда қарауымен, өмірдің қайшылықты құбылыстарының күрделі шындығын ашумен ерекшеленеді. Төлен Әбдіков шығармашылығының негізгі өзегі – пенде мұңы. Жеңіл-желпі желұшық мұң емес, артында қара тастай қасірет жатқан көштей күңіренте-сыңсытып өз жүрегінен өткізген жалқының мұңы.
Жазушы шығармаларының бірден-бір ерекшелігі жеке адамның санасындағы, ойлау жүйесіндегі сан алуан сезімдік, психологиялық, философиялық құбылыстарды, сана қозғалысының пластикасын беру мен жан диалектикасын монологқа, ой ағымына, түс көруді талдауға және де психологиялық сыртқы детальдарға (ым мен ишараттарға, іс-әрекеттегі, дауыс ырғағындағы, портреттегі физиологиялық, физиономиялық, сезімдік құбылыстарға) да көңіл бөлген. Мысалы, "Оң қол" әңгімесінде кейіпкер Алманың түсі арқылы автор адам санасында үздіксіз жүріп жатқан үдерісті, үрей мен қорқынышты, өмір мен өлім арасындағы арпалысты, жан толғанысын көркемдікпен кестелей білген. Саябақтағы гүлді жұлдырып, дәрігер жігіттің сезімін сынайтын сұлу да, тәкаппар, адал да, ерке Алма ұйқыға ене бастаса-ақ алқымына ұмтылатын оң қолдың опасыздық әрекеті тұқым қуалаған қауіпті сырқат, оны медицинада дененің екіге жарылуы дейді, ал әдебиеттануда адам ішіндегі адам деген тәсілді жазушы тігісін жатқыза пайдалана білген. Шығарма сюжетін берудегі суреткер шеберлігі сондай, әңгімені оқи отырып, көз алдыңда өтіп жатқан кинолента куәгеріндей кейіпкерімен бірге қуанасың, бірге қайғырасың, бірге қорқасың. Бұл сарын қазақ әдебиетіне Т. Әбдіков енгізген жаңалық емес, алайда, жазушы оны өз қырынан дамыта, өрбіте білді.
Қаламгер Төлен Әбдіковтің "Ақиқат", "Тозақ оттары жымыңдайды" повестерінің сюжеттік желісі түрлі кеңістік аясында берілсе де, адамзаттың шыққан тегі - ортақ деген концепцияны ұстанады. Әсіресе "Тозақ оттары жымыңдайды" повесінде анық сезіледі.
Шығармада суреттелген оқиғалардың хронологиялық бірізділігінің сақталмауын жазушының ретроспекция тәсілін қолдануымен түсіндіруге болады. Повесте екі сюжеттік желі тартылған: біріншісінде бас кейіпкердің қазіргі хал жағдайы баяндалса, екіншісі оның өткен өмір елестерін суреттейді. Екі сюжеттік желі авторлық ұстаным арқылы біріктірілген.
Адам санасындағы өткен уақыт жаңғырығы, оның адам характерін өзгертумен бірге, тұйыққа тірейтінін бейнелеу Т. Әбдіковтің "Акиқат" повесінде көрінеді. Повестің бас кейіпкері көріпкелдік қасиеттері, ақылдан азап шегуі, сау жүріп жындыханаға түсуі, асылып өлуі шығармадағы негізгі оқиғалар осы.
Зерттеуші Қ. Хамзина (Хамзина, 2004) "Ақиқат" повесін жанрлық түрі жағынан фантастикалық деп атағанымен, шығармада бүгінгі заман шындығы бар екенін жоққа шығармайды. Расында да, шығарманы философиялық фантастика жанрында жазылған шығарма десек дұрыс болар. Себебі повестің негізгі арқауын Роберттің көңіл-күйіндегі өзгерістер, оның адамзат тарихы, сана, бақытсыздық, ғылым мен өркениет туралы философиялық ой-толғаныстары құрайды. Төлен Әбдіковтің үздік шығармаларының бірі "Парасат майданы" повесі. Яғни, ғалым повестің негізгі темірқазығы адамгершілік идеал, ізгілік, рухани құндылықтар екенін атап көрсетеді. Жалпы Т. Әбдіков повестерінің негізгі жанрлық белгілері сюжет құру шеберлігінен және көркем уақыт пен кеңістіктің берілу сипатынан байқалады.
Төлен Әбдіковтің шығармаларының негізгі идеясы адамгершілік екенін жоғарыда айтқан болатынбыз. Сонымен бірге жазушының бір шығармасының өзінде бірнеше тақырып беріледі. Мысалға, "Оралу" повесін алайық, шығарманың негізгі тақырыбы махаббат. Махаббат тақырыбы шығарманың негізгі тақырыбы болса, сонымен қатар туған елге деген сағыныш, Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ ауылының хал-ахуалы да шығармада көрініс тапқан. Яғни, бізге белгілі болғандай, бір шығарманың бойында бірнеше тақырыптың жымдаса, біріге келуі заңды. Көркем әдебиет тек эстетикалық категория емес, оның қоғамдағы танымдық рөлі де үлкен.
Қаламгер Төлен Әбдіковтің прозалық шығармаларын тақырыбына қарай екі топқа бөлуге болады: