Құрастырушы: аға оқытушы Рахметова А. М


Тірі ағзалар – жануарлардың тіршілік ортасы



бет8/21
Дата25.08.2017
өлшемі9,41 Mb.
#26550
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21

Тірі ағзаларжануарлардың тіршілік ортасы

Эволюциялық даму барысында жануарлардың кейбіреу басқа тірі ағзаларды тіршілік ортасы ретінде пайдаланып, тірі ағзаның денесінде өмір сүруге бейімделген. Көп жасушалы жануарлардың дерлік барлығы қандай бір немесе бірнеше басқа жануарлардың тіршілік ететін ортасы болып міндет атқарады. Тірішілік ортасы болушы жануар ие ағза деп аталады. Бірігіп тіршілік ету иеге де, иенің денесінде мекендеушіге де пайдалы болса, олар өзара симбиоз (грекше: symbisis – бірге тұру) тіршілік құрайды. Көбінде тіршілік ортасының рөлін атқарушы ие жануарда мекендеуші жануар иесінің ағзасымен қоректеніп оған зақым келтіру арқылы өзіне пайдалы жағдай туғызып алады. Осылайша ие ағзаның денесін тіршілік ететін орта және қоректік көз ретінде пайдалану арқылы тіршілік етуді паразиттік тіршілік деп атайды. Бір жануар екінші бір жануардың (немесе өсімдіктің) ағзасын тіршілік ортасы болдырып өмір сүрудің бірнеше жолы бар. Бұл туралы келесі бөлімдерде толығырақ баяндалады.



. Жануарлардың түраралық және түрішілік қарым қатынасы

Әрбір тіршілік ортасында және оның әрбір бөлігінде үлкенді-кішілі алуан түрлі жануар тіршілік етеді. Тіршілік ету үшін жасайтын әртүрлі іс әрекеттерінің нәтижесінде бұл жануарлардың арасында көптеген күрделі қатынастар пайда болады. Өзара байланысқан қатынастарының кейбіреуі олар үшін пайдалы, кейбіреуі зиянды болуы мүмкін. Бірақ бірімен бірі себептесіп байланысқан мұндай қатынастан тыс ешбір жануар өмір сүре алмайды. Өйткені ағзалар өзара бейімделіп тіршілік етуінің нәтижесінде ғана биоценозды құрап тұра алады. Бұл туралы К. Мебиос- Г.Ф.Морозов қағидасы: «биоценоздағы түрлердің бір-біріне бейімделгені соншалық, олардың бірлескен қауымы өзінің ішіндегі қайшылық пен бірлікті бір жүйеге үйлестіріп біртұтастықты сақтайды» деп тұжырымдайды.

Жануарлардың өзін қоршаған басқа тірі ағзалармен әсерлесіп жасайтын өзара қатынасының түрі өте мол және күрделі. Дегенмен оларды биоэкологиялық маңызына сәйкес түрішілік және түраралық қарым- қатынас деп екі топқа жіктейді. Түрішілік қарым қатынасқа бір түрге жататын ағзалардың арасындағы қарым қатынастар, түраралық қарым қатынасқа екі басқа түрге жататын жануарлардың арасындағы байланыстар мен қарым- қатынастар қарастырылады.

Бір түрге жататын ағзалардың биологиялық сипаттары мен экологиялық талаптары бірдей болғандықтан ( мысалы, олар бір мекенде бірге өмір сүреді, қоректік талғамы бірдей, жыныстық белсенділігі бір мезгілде басталады, т.б.) олардың арасындағы түрішілік қатынас әрдайым үздіксіз жүріледі және тіршілігінің әр түрлі жағын түгел қамтиды: көбею, даму, қоректену, жауыннан қорғану, қауіптен сақтану, т.б. Сондықтан жануарлардың түрішілік қарым қатынасы олардың тіршілігі үшін шешуші рөл атқарады. Әсіресе жануарлар бір жерге көптеп шоғырланып, популяцияның тығыздығы артқан кезде популяцияны құрайтын ағзалардың өзара әрекеттесуі жиілеп түрішілік қатынас қарқынды жүріледі. Мысалы, жыл құстары оңтүстікке қайтарда жиналып топтасқан кезде, жау торғайлар қыста топ құрғанда, бұғылар мен киіктер үйірге топтасып шағылысуы кезінде, құстар құз базарына шоғырланып жұмыртқалаған кезде, балықтар уылдырық шашатын мекеніне топтасқан кезде, аумалы шегірткелер үйірлескен кезде олардың бір біріне жасайтын ықпалы молаяды.

Түрішілік қатынастар бірін бірі қорғау, сақтандыру, ұриақтарына қамқорлық жасау, жайлы орын мен қорегін іздеп табуға себін тигізу тәрізді өзара көмектесу бағытында жүрілуімен қатар түрішілік бәсекелестерге негізделген қайшылықтар да туындайды. Мысалы, күдірқодастар топ қасқырдан үйірін қорғау үшін әлсіздерін үйірдің ортасына алып, күштілері қасқырдың шабуылына қарсы тұрып айбат көрсету арқылы үйірін сақтайды. Дәмді гүлдің көп өскен жерін іздеп тапқан баларасы ұясына тура ұшып келіп, ұядағы араларды сол жерге бастап алып барады. Ұясын, ұрпағын қорғау жануарлардың басым көпшілігіне тән қасиет. Жануарлардың ұрпағын туатын уақыты жылдың жылы мезгіліне сәйкесуінің өзі эволюциялық табиғи сұрыптаудың нәтижесінде ұрпағын шығынға ұшыратпауға бағытталған бейімделу. Бал ара, құмырсқалар, т.б. қауымдас тіршілікті буынаяқтылар жұмыртқалары мен дернәсілдерін күн сайын жемдеумен қатар құмырсқалар дернәсіл, жұмыртқаларын күндіз илеуінің беткі қабатына шығарып күннің қызыуына жылытады, ал түнгі салқында илеудің түбіне тасып апарып орналастырады. Құстар мен жыртқыш аңдар балапан, балаларын жемдеп асыруымен қатар ұшуға, жемін тауып ұстауға, өлтіруге үйретеді. Міне мұның бәрі бір түрге, бір популяцияға қарасты жануарлардың өзара көмектесу бағытында жүрілетін түрішілік қарым қатынастар.

Бір түрге жататын жануарлардың арасында біреуі екінщісінің тіршілігіне кері ықпалын тигізетін қайшылықтар да аз емес. Мұның көбі түрішілік бәсекелестен туындайды. Бір жерде мекендейтін, бір түрге жататын жануарлар қорек үшін, қолайлы орынжай үшін, жыныстық қатынас кезінде жұптасатын ағза үшін өзара бәсекелеседі. Жем жинайтын мекенін қорғап өзара таласу, біреуінің тапқан жеміне екіншісі ортақтасу үшін таласу, жұптасатын ұрғашы жануарларды иемдену үшін еркектері өзара таласу көптеген жануарларға тән қасиет. Түрішілік қайшылықты қатынастардың нәтижесінде қайшыласып қарсыласқан екі ағзаның біреуі жеңіліп ұтылады, екіншісі басымдылық көрсетіп ұтады: ағзалардың біреуіне пайдасыз, екіншісіне пайдалы әсерін тигізеді. Мысалы, жемге таласқан екі жыртқыштың біреуі жемді тартып алып, екіншісін аш қалдырады. Үйірге таласып сүзіскен екі құлжаның біреуі екіншісін жарақаттап, не өлтіріп үйірді (ұрғашыларын) тартып алады. Бұл қатынас әсерлескен екі ағзаның біріне пайдалы, екіншісіне пайдасыз болғанымен жалпылай алғанда популяция үшін, түр үшін аса зор пайдалы әсерін тигізеді. Бәсекелес, талас кезінде бәсекелестікке қабілеті аз, әлжуаз нашарлары жеңіліп, күштілері сұрапталып қалатындықтан олардан туған ұрпақтың сапасы жақсаруы нәтижесінде жалпы популяцияның, түрдің өміршеңдігі артады. Түрішілік қарым қатынастың популяцияны сақтауға және оның өміршеңдігін жақсартуға тигізетін бұдан басқа да пайдасы көп:

Өзінің туысын немесе тумасын жеп тіршілік ету (каннибализм) арқылы популяцияның өміршеңдігін жақсартатын түрішілік қарым қатынастың түрі де кездеседі. Мысалы, қарақұрт атты өрмекшінің ұрғашысы жыныстық қатынасқа түсіп, ұрықтанғаннан кейін өзімен жұптасқан еркек қарақұртты ұстап жеп қояды. Егер жемесе оның құрсағындағы жұмыртқасы дамымайтыны тәжірибе арқылы дәлелденген; алабұға, шортан, т.б. жыртқыш кейбір балықтар басқа түрдің балығын жеп қоректенеді. Ал басқа балық жоқ суға өсіріп тәжірибе жүргізген кезде олар өздерінің шабағын жеп қорек ететіні анықталған. Монголияның Тэрх деген көлінен аулаған ұзындығы 80 см-лік бір шортанды жарып қөргенде оның ішінде 20-24 см-лік екі шорттан шыққан еді. Өз тұқымын жейтін каннибалистік қарым қатынасқа дейін барудың арқасында жыртқыштар популяциясының қолайсыз мекенді де иеленіп популяцияның таралу аймағының шеңберін ұлғайтуға, көбейіп ұрпақ шашуға, қоректің тапшылығына ұшыраған кезде жаппай қырылудан, популяцияның, түрдің жойылуынан сақтайтын бейімдеушіліктің бір түрі. Кейде өзіне пайдасыз, тіпті зиянды және қауіпті бола тұрса да ағзалар туада біткен түйсігі (инстинкт) арқылы түрішілік қарым қатынастың кейбір түрлерін бұлжытпай атқарады. Айталық үйірін қорғау үшін құланның айғырының қасқырмен қарсыласуы, ұядағы жұмыртқасын қорғау үшін бозторғайдың түлкіні жанап өтіп айнала шырылдауы олардың өзіне қатерлі болғанымен ұрпағын қорғау арқылы популляцияның тұрақтылығын сақтауға негізделген туа біткен мінез- тарихи даму барысында пайда болып қалыптасқан ұрпақ қуалайтын қасиет.

Жануарлардың әрбір түрі табиғатта жеке-жеке тіршілік ете алмайды. Өзін қоршаған басқа түрдің өсімдік, жануарларымен тығыз байланысып қауымдастық құруының нәтижесінде тіршілігінің тұрақтылығын сақтай алады. Осылайша әр түрге жататын ағзалар қауымдасып тіршілік ету барысында түраралық қатынастар пайда болып қалыптасады. Өзара байланысқан екі түрдің жануарлары үшін түраралық қатынастың маңызы әр түрлі: кей жағдайда екі түрлі жануардың екеуіне де пайдалы, кейде біреуіне пайдалы екіншісіне пайдасыз, кей жағдайда біреуіне пайдалы, екіншісіне пайдасы да зияны да жоқ т.с.с. болуы мүмкін. Осыған сәйкес түраралық қарым-қатынасты бейтараптық немесе нейтрализм (лат: neutralis-бейтарап), бәсекелестік немесе конкуренция, өзара тиімділік немесе мутуализм (лат: mutuuss-өзара), жатыпішерлік (яғни арамтамақтық) немесе комменсализм (фр.: соm-бірге; mensa-қорек), жыртқыштық, тоғышарлық (паразитизм) қатынас деп жіктейді.



Бейтараптық. Бір экожүйеде, бір биоценозда бірге тіршілік ететін екі түрдің жануарлары (немесе өсімдіктер) өзара байланыссыз тіршілік етуінің нәтижесінде олардың бір біріне пайда да зиян да тигізбейтін қарым қатынаста болуы. Мысалы, қарағайлы орманда бірге өмір сүретін сайрауық пен тоқылдақ бір біріне ешқандай әсерін тигізбейді; қылқан жапырақты орманды тіршілік ететін тиін мен бұғы бір-біріне жанаспайды, әсерін де тигізбейді.

Бәсекелестік. Бір жерде (биоценозда) бірге мекендейтін екі түрлі жануардың қажеттенетін табиғи қорлары (қоректік қор, мекендейтін орын, т.б.) бірдей болса және ол қор жеткіліксіз болса түрлер өзара бәсекелес қатынасқа түседі. Нәтижесінде бір түрдің жануары екіншісіне басымдық көрсетіп, оны ығыстырады, не оның тіршілік ету жағдайын төмендетеді. Түрлердің тіршілігіне қажетті жағдайлары ұқсас болған сайын олардың арасындағы бәсекелестік қызу жүріледі. Бірақ бәсекелесудің нәтижесінде түрлер табиғи сұрыпталудан өтіп, тіршілік ету қабілеті жақсаратындықтан түрдің өміршеңдігіне оңды әсерін тигізеді.

Өзара тиімділік немесе мутуализм. Бұл өзара қарым-қатынаста тіршілік ететін екі түрдің ағзаларының екеуіне де тиімді қатынастың түрі. Бұл жағдайда бірге тіршілік ететін екі ағза бір-біріне пайдасын тигізіп өзара тиімділікпен өмір сүреді. Өзара тиімділікті түрде тіршілік ету табиғаттағы түрлердің арасында өте кең тараған. Бұл жануарлардың арасында, өсімдік пен жануардың арасында, екі түрлі өсімдік арасында кездесетін түраралық қатынас. Мутуалистік қарым-қатынастың екі түрі бар: егер тиімді қатынаспен байланысқан екі түрлі ағза өзара бірі екіншісіз өмір сүре алмастан тығыз байланысқан болса, ондай мутуалистік байланыс с е л б е с т і к немесе с и м б и о з (гр. symbiosis- бірге тіршілік) деп аталады. Мысалы, ақ құмарсқаның (термит) асқазанында гипермастигина (Hypermastigida) қатарына жататын көп талшықты қарапайым жәндіктер тіршілік етеді. Ақ құмырсқалар ағаштың сүрегімен қоректенеді. Бірақ олар сүректің құрамындағы клетчаткаларды қорытуға қабілетсіз. Ал олардың асқазанында неше мыңдаған санмен кездесетін гипермастигина талшықтылар (М: Kalotemes flavicollis, Teratonympha mirabilis) клетчатканы ыдыратып қантқа (глюкозаға) айналдыратын B-глюкоза ферментін бөліп шығару арқылы ақ құмырсқаның ас қорытуына жәрдемдеседі. Бұл екі жануар бір бірінсіз тіршілік ете алмайды. Сондай-ақ күйіс қайыратын шөп қоректі жануарлардың таз қарынында селбесіп тіршілік етіп, олардың қорегін қорытуға жәрдемдесетін энтодиноморфа (Entodinomorphida) қатарының Ophryoscolex, Entodinium туысына жататын кірпікшелі қарапайымдар да симбиоздық тиімділікпен өзара байланысқан қарым-қатынастың мысалы бола алады. Қойдың таз қарынының-1см3 кеңістігіне жүз мыңдаған энтодиноморфа селбесіп тіршілік етеді. Талшықтылар мен кірпікшелі қарапайымдылар ақ құмырсқа мен күйіс қайыратын жануарлардың асқазанынан қоректік қор, температурасы мен ылғалы тұрақты жайлы орын тауып пайда көреді.

Өзара тиімді (мутуалист) қарым-қатынастың енді бір түрі қарапайым байланыс немесе протокорперация. Бұл да екі жануардың өзара тиімді әсер көрсетіп бірге тіршілік етуін сипаттайды. Бірақ селбестікпен (симбиозбен) салыстырғанда екі жануардың байланысы онша тығыз емес: бірінсіз екіншісі өздігінен тіршілік ете алады. Мысалы, тұщы су гидрасының денесінде хлорелла деген балдыр бірлесіп тіршілік етеді. Бірақ бұл екеуі жеке-жеке де тіршілік ете алады.



Комменсализм. Екі түрдің жануары бір мекенде бірге тіршілік етуден туындаған қарым-қатынас егер олардың біреуіне пайдалы, ал екіншісіне ешбір әсерсіз (пайдасы да зияны да жоқ) бір жақты түрде болуы комменсализм деп немесе сыңаржақты қарым-қатынас деп аталады. Комменсализмнің екі түрі бар: синойкия (гр. syn-бірге; oikos-үй, орын) немесе баспанашылық сыңар жақты қатынас және трофобиоз (гр. trophe-қорек; bios-тіршілік) немесе қоректік сыңар жақты қатынас.

Синойкиялық комменсализм қарым-қатынасы кезінде екі түрлі жануардың біреуі екінші жануарды баспана, орынжай ретінде пайдаланады, бірақ оған ешбір зиян да пайда да келтірмейді. Мысал ретінде жылы теңіздерде мекендейтін актиния дейтін маржан полипы мен кішкене балықтардың қарым-қатынасын алайық: жыртқыштардан қорғану үшін кішкене балықтар актиния дейтін маржан полипының қармауыштарының арасына жасырынады. Актинияның қармауыштарында тітіркенген кезде күйдіргіш сұйық бөліп шығаратын жасушалар болатындықтан жыртқыштар актинияға жоламайды. Ал кішкене балықтардың денесі кішкене болғандықтан актинияның қармауыштарларына сүйкенбейді. Сондықтан оны тітіркендірмейді. Оның қармауышына кішкене балықтар қорғаныштағанын актиния сезінбейді: оған ешбір әсерсіз.

Трофобиоздық комменсализмге ірі жыртқыштар мен өлексежегі жануарлардың арасындағы қоректік бір жақты қарым-қатынас мысал бола алады. Айталық арыстанның ұстап жеген жануарларының өлексе қалдығымен қорқау қасқыр (гиена), шиебөрі, тазқара, т.б. өлексешегі жануарлар қоректенуі бұларға пайдалы бола тұра арыстанға пайда да, зиян да келтірмейді.

Екі түрдің біреуі екіншісіне өктемдік жасап басымдық көрсету арқылы біреуі пайда тауып, екіншісі зиян шегетін қатынастың түрлері жануарлардың арасында кең таралған. Бұған жыртқыш пен құрбан болушы жануардың арасындағы және тоғышар (паразитизм) мен ие ағзаның арасындағы қарым-қатынастың түрлері жатады. Жыртқыш-құрбан, тоғышар-ие қатынастарының ұқсастығы - бұл екі қатынастың екеуінде де жоғарыда айтылғандай, қатынасқа түскен екі ағзаның біреуі шығынға ұшырайды не жапа шегеді, ал екіншісі пайда табады. Айырмашылығы: паразит ағза ие ағзадан әрқашанда әлдеқайда кіші және оның көбеюге ықтималдығы ие ағзадан әлдеқайда жоғары болуымен сипатталады. Ал жыртқыш көбінесе құрбан болатын жемтік жануардан үлкен немесе күшті болуымен қатар жыртқыштың көбею мүмкіндігі оның ұстап жейтін құрбандық (жемтік) жануардан кем болады.



Жыртқыш пен жемтік жануардың өзара қатынасы. Бір жануар (жыртқыш) екінші жануарды (жемтік) өлтіріп, онымен қоректенуіне негізделген қарым –қатынастың түрі. Мұндай қатынастар, мысалы қасқыр мен қоянның, шортан мен мөңке балықтың, жәндіктерден ханқызы мен бітенің арасында үнемі кездеседі. Табиғи жануарлардың арасында жыртқыштық ең кең таралған қарым-қатынастың түрі. Жыртқыштарда жемтік болатын жануарды іздеп табуға, қуып ұстауға, өлтіруге бағытталып бейімделген көптеген түрлі сипаттар пайда болған. Қасқыр жемін қуып ұстаса, мысық тектес жыртқыштар көрінбей баспалап таяп барып секіріп бас аслу арқылы аулайды. Сусар тұқымдастар жемтік жануарларды қуып ұстаумен қатар олардың ініне кіріп ұстап жейді. Қарлығаш ауада ұшып жүрген жәндіктерді, торғайлар жер бетіндегі жәндіктерді теріп жейді. Өрмекші тор құрып ұстайды.

Жемтік жануарлардың жыртқыштан қорғану тәсілдері де алуан түрлі. Шабуылдаған жыртқышты тістеу, тебу, шағу, өзінен өндірген электр қуатымен соғу (электрлі скат, жайын, т.б. балықтар), денесінен улы немесе жиіркенішті иісті сұйықтар бөліп шығарып шашу арқылы қорғану амалдарын қолданады. Орманның қызыл құмырсқасының илеуін таяқша ағаштың ұшымен аздап қана түртіп көріңіз. Илеуден мыңдаған құмырсқа шыға келеді де құрсағының ұшын сізге бағыттап тұрып сізді сұйық затпен атқылай бастайды. Бұл сұйық- концентрациясы 21-73 пайызға дейін жететін құмырсқа қышқылы. Ол адамның терісіне тигінде дуылдатып күйдіреді, теріне қызартып ісік пайда болдырады. Бұл - құмырсқаның илеуін қорғайтын негізгі құралы. Сусар тұқымдастардан Евразияда кең таралған сасық күзендердің, Американың орталық жіне оңтүстік бөлігінде таралған скунстардың артқы тесігінің жанында өте жағымсыз иісті сұйық бөлетін безі болады. Қауіп төнген кезде олар сасық сұйығын шашып, шабуылдаған жыртқышты жиіркендіру арқылы қорғанады. Скунстың сасық сұйығының бір тамшысы көзге кірсе қандай да жануарды жанарынан айырарлықтай улы болады. Бұл айтылғандар жемтік жануарлар жыртқышқа күш-қуат, әдіс-амал қолданып пәрменді түрде қорғанудың жолдары.



Пәрменсіз қорғаныстың да әр түрлі жолдары бар: қалтарыс жерлерге тасалану, өң реңін, пішінін жыртқыштардың жемейтін затына ұқсату арқылы қорғанады. Мысалы сүйемші көбелектің дернәсілін ағаштың бұтағынан, жасыл өсімдікке жабысып тұрған бақбақыл бақаны немесе шекшекті өсімдіктен ажыратып көру жыртқыштарға оңай түспейді. Жыртқыштардан қорғанудың бір түрі- еліктеушілік. Бұл - мимикрия (гр. mimecry- еліктеу). Кейбір шыбындардың өңі мен пішіні араға еліктегендіктен бұл шыбындардан басқа жәндіктер сескеніп тиіспейді. Жыртқыш емес балықтар жыртқыш балыққа, усыз жыландар улы жыланға еліктеуі арқылы өздеріне шабуылдайтын жыртқыштарды сескендіріп қорғанады. Тауыскөз көбелек қанатындағы жыртқыш құстың көзіне ұқсас «көзше» деп аталатын дөңгелек бедері арқылы кішкене құстарды сескендіріп қорғанады.

9-сурет. Тауыскөз көбелектің артқы қанатының дөңгелек «көзше» бедері мен құрсағының қызғылт өңі жыртқыш құстың көзі мен тұмсығы тәрізденып қорқынышты көрінеді.



10-сурет. Жыртқыш пен жемтіктің өсімінің кезекпен ауытқуы [Либберта (1982) бойынша]


Табиғи жағдайда жыртқыш пен жемтік бір бірімен тығыз байланысты тіршілік етеді. Олар бір-бірінің өсімін кезекпен реттейді. Бұл төмендегідей тізбек бойынша жүріледі жемтіктің көбеюі→ жыртқыштың көбеюі→ жемтіктің санының күрт азаюы→ жыртқыштың санының азаюы→ жемтіктің көбеюі. Уақыт бойынша салыстырып қарасақ, алдымен жемтіктік жануардың көбеюі олармен қоректенетін жыртқыштарының көбеюіне жағдай жасайды, жыртқыштың көбеюі жемтіктік жануардың санын азайтады, оның азаюы жыртқышқа кері әсер етіп, келесі ретте жыртқыштың өсімі төмендей бастайды (10-сурет).

Жемтік пен жыртқыштың арасындағы бұл қатынас қарама-қарсы қайшылықтың негізінде өзара популяцияларының тепе-теңдігін сақтау мүмкіндігін туғызады. Былайша айтқанда мұны сабеп-салдарлы қоректік тізбек қатынасы деуге де болады: жемтіктің санының көбеюі себебінен жыртқыштың саны да көбейеді, ал келесі ретте жыртқыш көбеюінің салдарынан жемтіктік жануар азаяды. Нәтижесінде екеуінің де саны мүлдем азайып, немесе шектен тыс көбейіп кетпей белгілі бір деңгейде сақталады. Олар өзара бір-біріне шектеуші және қорғаушы фактор бола алады.

Жемтіктің популяциясы үшін жыртқыштың пайдалы әсері де аз емес: жыртқышқа жемтік жануардың әлсіз немесе ауру нашарлары алдымен ұсталып жем болатындықтан жыртқыштар жемтіктің әлжуаз нашарларын азайтып, оның популяциясының сұрыпталып сапалануына жәрдемін тигізеді.

Егер жыртқыш пен жемтік екеуінің де популяциясының саны қатар азайса тез көбейетін, бірақ бәсекелесу қабілеті төмен түр (r1- стратегиялы түр) баяу көбейетін, бәсекеге қабілеті жақсы (К- стратегиялы) түрден бұрын санын толықтырып көбейе бастайды. Мысалы, бақшаға инсектицид сепкен кезде алма бітесі (жемтік) мен оны жейтін жыртқыш жабайы ара екеуінің де саны қатар азаяды. Бірақ, популяциясының өсімі r1-стратегиялық жолмен көбейетін алма бітесі (Dysaphis devecta, Aphididae) оны жейтін жабайы арадан (Proctotrupidae) бұрын көбейеді..

Жануарлар әлемінің әрбір тобында жыртқыштық кең өріс алған: қарапайымдардың көбі, ішек қуыстылар, өрмекшілер, қырықаяқтылар дерлік түгелдей, көптеген құрттар, жәндіктер, балықтар, қос мекенділер мен бауырмен жоғалауыштар, құстар мен сүт- қоректілердің көптеген түрлері жыртқыштықпен тауып жейді.

Жыртқыш жәндіктер мен өрмекшілер адамға, малға ауру тарататын, өсімдікті зақымдап өнімін азайтатын зиянкестілерді жеп азайтуы арқылы адамға, шаруашылыққа пайдасын тигізеді. Көптеген жыртқыш құстар мен сүт қоректілер ауыл шаруашылығына зиянкес ұсақ кеміргіштерді жеп азайтуы арқылы адамға пайда келтіреді (мысалы, қарсақ, сасық күзен, аққалақ, т.б.). Жалғыз ғана аққалақ бір жылда 1,5 мыңға жуық кішкене кеміргіштерді жоятыны әйгіленген. Сасық күзен тәулігіне 1-2 сарышұнақ немесе 8-10 тоқалтісті құрытатыны анықталған. Су күзенінің інінен 50 шақты өлтірілген сарышұнақ табылған.

Аю, қасқыр қатарлы ірі денелі жыртқыштар ірі қара және ұсақ малды және қоян, бұғы, елік қатарлы бағалы және сирек аңдарды аулап азайтуы арқылы табиғатқа және шаруашылыққа зиян келтіреді.


Каталог: arm -> upload -> umk
umk -> Пән бойынша оқыту бағдарламасының (Syllabus) титулдық парағы
umk -> Методические указания по прохождению учебной практики для студентов специальности 5В020400 «Культурология»
umk -> Пән бойынша оқыту бағдарламасының (Syllabus) титулдық парағы
umk -> Әдістемелік ұсыныстар мен нұсқаулардың; әдістемелік ұсыныстардың; әдістемелік нұсқаулардың титул парағы
umk -> Бағдарламасының титулдық пму ұс н 18. 4/19 парағы (syllabus) Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
umk -> Бағдарламасы Нысан пму ұс н 18. 2/06 Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі
umk -> Программа Форма ф со пгу 18. 2/06 Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі
umk -> Пән бойынша оқыту бағдарламасының (Syllabus) титулдық парағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет