§ 1. Мемлекеттің пайда болуы мен мәні Мемлекет деген ұғым екі мағынада қолданылады: 1) кең мағынасында үлкен әлеуметтік топтың ұйымын білдіреді де "халық", "қоғам", "ел" деген ұғымдарға сәйкес келеді; 2) тар мағынасында басқару құрылымының, мемлекеттік аппараттың жиынтығын білдіріп, "үкімет", "әкімшілік" деген ұғымдарға сай келеді. Саясаттануда көбінесе екінші мағынасында пайдаланылады. Бұдан кейінгі жерде біз де сол көзқарасты ұстанамыз.
Мемлекет – бұл саяси жүйенің басты элементі, және оның негізгі ұйымы болып табылады. Ол – қажет болған жағдайда арнаулы күштеу органдарын пайдалана отырып, өз аумағында тұратың адамдардың мүддесін қорғауға тиіс, сонымен бірге олардың арасындағы арақатыңастарды құқықтық ережелер арқылы реттейтін қоғамдық механизм ролін атқарады.
§ 3. Қазіргі сайлау жүйесі Өркениетті, демократиялы қоғамда саяси процеске қатысудың негізгі түріне сайлау жүйесі жатады. Сайлау арқылы азаматтар мемлекеттің өкілетті, заң, сот, атқару органдарын қалыптастыруға қатысады. Ол азаматтардың саяси құқығының жүзеге асырылуын білдіреді. Сайлау барысында халықтың қалауы бойынша басқарушы элита алмасады, билік бір қолдан екіншілерге бейбіт жолмен беріледі. Сонымен қатар ол халықтың басқарушы элита өз жұмысын қалай атқарып отырғандығына бақылау жасау мүмкіндігін де береді.
Сайлау жүйесі деп өкілетті және басқа мемлекеттің сайланбалы билік органдарын құру жолдарын, түрлерін, әдіс-тәсілдерін анықтайтын, тәртіпке келтірілген нормалар, ережелер жиынтығын айтады. Жалпы алғанда сайлау жүйесіне мемлекеттік қызмет орнына үміткерлерді (кандидаттарды) ұсынудың тәртібі, процесі және негізгі принциптері, оны ұйымдастыру, материалдық жағынан қамтамасыз ету, сайлаушылармен жұмыс жүргізу және т.б. шаралар кіреді.
Сайлау жүйесінің негізгі қағидалары әдетте конституцияда анықталады және арнайы заңда нақтыланады. Мұндай құқықтық нормалардың жиынтығын сайлау құкығы дейді. Оның 2 түрі бар: 1) белсенді түрі, 2) бәсең түрі. Белсенді түрі азаматтардың сайлау құқығын білдіреді. Бәсең (енжар) түрі олардың сайлану құқығын қамтиды. Сайлау құқығында солар реттеледі.