ЖӘНДІКТЕРДІҢ АЯҚТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ӘРТҮРЛІЛІГІ
Материал: фенопласт тақтаға монтаждап дайындаған жәндіктер жинағы: ызылдақ қоңыз, қаяз, су қоңыз, шегіртке немесе көк шегіртке, балара, сасық қоңыз, дәуіт, бұзаубас.
Құрал-жабдықтар: 10 есе үлкейтіп көрсететін лупа.
Тапсырманы орындау барысы:
23 және 24 суреттердің көмегімен жәндіктердің аяқтарының құрылысы мен типін зерттеп, қандай типке жататындығын анықтаңыз.
Коллекцияда берілген жәндіктердің аяқтарының типін анықтау.
Тапсырмаға түсініктеме:
Жәндіктердің аяқтары көкірек бунақтарына бекітіледі, әдетте жамбас ойығына бекітіліп және келесі бөліктерден тұрады: жамбасша, оған қозғалмалы түрде бекітілген ұршық, сандары, сирақтары және табандары (23-сурет).
23 - сурет. Жүгіруші типті аяқ құрылысы.
ж – жамбасша, ұ – ұршық, с – саны, сқ – сирақ, т – табан, тб – табан буындары, тқ – тырнақтары.
Жамбасы мен ұршықтары аяққа қажетті қозғалмалылықты қамтамасыз етеді. Кейбір жағдайларда ұршық екі буыннан тұрады (мысалы шабандозда). Саны аяқтың ең ірі және күшті бөлігі, оның бұлшық еттері мықты болады. Сирақтарының ұзындығы шамамен сандарымен бірдей, бірақ одан жіңішкелеу болып келеді. Әдетте қозғалмайтын, аз қозғалмалы тікенектері, ұшында қозғалмалы тіреуіш тікендері бар. Табаны әдетте буынды, 2-5 буыннан тұрады, көбінесе бірінші буыны ұзын болады. Кейбір жәндіктерде бір буыннан ғана тұрады. Кейбір жағдайда табанының төменгі ұлтандық жағында кішігірім көтерілімдері, жастықшалары бар, ал табанының ұшында бір жұп тырнағы бар; көп жағдайда тырнақтарының арасында сыңар қосымшалары, емізік немесе жіңішке буынша, эмподийі бар. Кейбір кезде тырнақшалар жұптасқан өскіндері, яғни, тіреуіштері болады. Осылардың арқасында жәндік субстраттың жылтыр және кедір-бұдыр бетінің үстімен тайғанамай жорғалай алады.
Жәндіктердің аяғының құрылысы олардың тіршілік ететін ортасы мен атқаратын қызметіне өте жақсы бейімделген. Аяқтарының келесі типтері бар: жүретін, жүгіретін, қадалатын, секіретін, жинағыш, жүзуші, қазушы, ұстаушы (24-сурет).
24 - сурет. Жәндік аяқтарының типтері.
1 – жүгіргіш, 2 – секіруші, 3 – жинайтын, 4 – жүзетін, 5 – қазғыш,
6 – ұстауға бейімделген.
Аяқтың жеке бөліктерінің құрылыс ерекшеліктері, жамбасының пішіні мен орналасуы, табанын құрайтын буындарының саны және т.б. ерекше белгілері жәндіктерді жіктеп топтарға бөлуде кең қолданылады.
Жәндіктердің аяғының әртүрлі типін мұқият қарап көріп, зерттеп, оның бөліктерін белгілеңдер.
Достарыңызбен бөлісу: |