Дәріс Кіріспе. Тарихи –өлкетану пәні, міндеттері, мақсаты мен негізгі ұстанымдары. Дәріс мақсаты


Жазбаша дереккөздің, ауызекі халық шығармашылығының және басқа да дереккөздердің тарихи өлкетанудағы рөлі



бет4/17
Дата08.11.2023
өлшемі107,1 Kb.
#190187
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
Байланысты:
лекция

2.1. Жазбаша дереккөздің, ауызекі халық шығармашылығының және басқа да дереккөздердің тарихи өлкетанудағы рөлі
Орта Азия мен Қазақстанның көшпенді және отырықшы аймақтарындағы көне авторлар (б.з.д. V ғ. – б.з. III ғ.). Қазақстанды мекендеген халықтардың мәдениетінің ежелгілігіне қарамастан, оның тарихы және табиғи жағдайлары жайлы әдебиет деректері өте тапшы. Ежелгі парсы, элам, аккад тілдерінде Дарий мен Ксеркс патшаларының жазбалары, сонымен қатар ежелгі ирандықтардың Авеста зороавстриялық дінінің кітаптар жинақтары жазылған. Сақ және басқа да тайпалардың аумақтары және «Ахеменид» жазбаларындағы Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның тарихи географиясы (б.з.д. 522– 486 ж.). I Дарий патшаның Бехистун жазбасындағы сына жазуы бар бесінші бағанның, Нақши-Рүстемдегі «а» жазбасының, I Дарий патша кезіндегі Персополь мен Суз жазбасындағы «е» мәтінінің, сондай-ақ Ксеркстың «дэв туралы жазбаларының» (б.з.д. 486–465 ж.) ерекше мәні бар. Бұл жазбаларда Ахеменид империясы кезіндегі Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның кейбір тайпаларының тарихи фактілері мен атаулары кездеседі (парадрайа сақтары – теңіз артындағы сақтар, хаома сусынын дайындайтын хаумаварга сақтары, үшкір бас киім киетін тиграхауда сақтары).
Авестада зерттеліп отырған мәселе бойынша шығу тегі, мазмұны мен мерзімі жағынан әртүрлі мәліметтер жинақталған. Авеста мәтіндерінің мазмұны бойынша неғұрлым көнесі Яшты, сонымен қатар б.з.д. VIII – VII ғасырларда Орта Азияның мал бағатын және жер шаруашылығымен айналысатын тайпалары мен халықтарына бағышталған 17 өлең-уағыздарынан тұратын Гаты болып табылады. Қазақстан аумағындағы өте ерте кездегі мал шаруашылығымен айналысатын тайпалар туралы Авестаның Ежелгі Кангхасының 13-Яштысында кездеседі (ариялар, турлар, сайримдер, дахтар және т.б.).
Геродоттың «тарихы» (б.з.д. V ғ.). Оның I Дарийдың скифтерге қарсы жорығы баяндалған Еуразия тайпалары туралы неғұрлым толық мәліметтері бар төртінші кітаптың Қазақстан үшін үлкен маңызы бар. «Парсы тарихы» деп аталатын оның таңдамалы жинағындағы Ктесия куәлігінің бірқатар құнды мәліметтері жинақталған. Бұл еңбекті дереккөз ретінде Павсаний (б.з.д. ІІ ғ.), Диодор Сицилийскдің (б.з.д. I ғ.), Үлкен Плиний (б.з. I ғ.), Клавдий Элиан (б.з. II–III ғ.) сияқты авторлар қолданды. Географиялық антик әдебиеті Қазақстанның тарихы мен тарихи өлкетануының маңызды дереккөзі болып табылады. Страбонның «Географиясында» (б.з.д. I ғ. – б.з. I ғ.) Қазақстан мен Орта Азия тайпаларының табиғи жағдайлары мен өмір сүру салты туралы мәліметтер олардың саяси тарихының түрлі эпизодтарымен бірігіп кетеді. Птоломей «Географиясындағы» Орта Азия мен Қазақстанның қалаларының, өзендерінің, таулы қыраттарының, көлдерінің, түрлі аймақтары шекараларының географиялық координаттары (б.з. I – II ғ. соңы); сақ (Қазақстанның оңтүстігі, Сырдария өзені) және Скифия елдерінің (Еділден Балқаш көліне дейінгі кең аумақ) аталуы анықталды.
Жоғарыда аталған жазба дереккөздері Қазақстанның аумағына аталған кезеңдердегі бірқатар тайпалар мен тайпа топтарын: оңтүстікте сақтар-тиграхаудаларды (кейбір грек дерек-көздері бойынша, бұлар массагеттер деп те аталады) және дахтарды (даиларды); батысында – савроматтарды (протоаорстарды); орталық аудандарында – исседондарды; ал солтүстік-шығыста – аримаспыларды орналастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның халықтары мен жерлері туралы қытай дереккөздері. Шығыс Түркістанның, Қазақстанның және Орта Азияның жағдайы туралы мәліметтер қытай деректерімен толығып түседі. Халықтар мен тайпалар туралы, олардың өмір сүру салты туралы, қытай елшілерінің, саудагерлерінің, саяхатшыларының, қолбасшыларының саяси және қоғамдық құрылымдары жайлы жан-жақты мағлұматтар жинағы өлке тарихы бойынша маңызды дерек болып табылады.
Қытай шекарасын мекендеген б.з.д. IV –III ғасырлардағы сюнну (хундар немесе ғұндар) және дунху тайпалары туралы алғашқы мәліметтер кездеседі. Б.з.д. I ғ. – б.з. I ғасырда Қазақстан мен Орта Азияның аумағына ғұндардың жаппай енуі жайлы ақпараттар мол. Чжан Цанның (б.з.д. II ғ.) үйсіндер мемлекеті туралы, үйсін иелігінің орталығы – Іле аңғары туралы, үйсіндердің тоғаны – Ыстықкөл ауданындағы Чигучэне туралы (Қызыл аңғар қаласы) хабарламалары бізге әбден мәлім. Чигучэне «Ұлы жібек» жолындағы едәуір саяси орталығы және маңызды сауда пункті болып табылғанын осыдан білеміз.
Орта Азия мен Қазақстан халықтары туралы көбірек және құнды мәліметтерден тұратын династиялық оқиғалар, Сыма Цянның (б.з.д. 145–86 жж.) «Тарихи хаттары» (Шицзи), әсіресе «Сюнну туралы әңгімелер» және «Давани туралы әңгімелер» тараулары, Хан императорлары мен қолбасшыларының биографиялық сипаттамаларындағы Орталық Азияның иеліктері жайлы, олардың өзара және Қытаймен қарым-қатынастары туралы мәліметтер өте құнды. Б.з.д. I ғасырда Бань Гу жазып бастаған, бірақ оның ғалым әпкесі Бань Чжаоның аяқтаған «Ерте Ханның тарихы» жазбасы тағы бар. «Батыс өлке туралы әңгіме» деп аталатын арнайы тарауында қытайларға жаңадан ашылған тарихи-географиялық аймақ көрсетілген. Хроникада Хань империясынан Орта Азияға апаратын негізгі жолдар келтірілген, оның халықтары мен тайпалары, экономикалық және әскери жағдайы, қалалары мен саудасы баяндалған. Бұл Давань, үйсін, қаңлы және Чюнну иеліктері туралы, оның ішінде Тянь-Шанның солтүстік-батысындағы Чжичжи сюнн шанью иелігі туралы мәліметтерге де қатысты.
Қытай империясының кейінгі кезеңдеріндегі жазба дереккөздеріндегі үйсіндер туралы үзінді мағлұматтар, мысалы, «Юаньвай династиясының тарихында» (Бэйшу), «Ляо тарихында» (Ляоши), Тайцзун императорының хроникасында (Х ғ.), Тань династиясы кезеңіндегі хроникалары бар. Сюань Цзанның (664–696) Орта Азия арқылы Үндістанға жасаған саяхатына бағышталған «Ұлы Тань династиясы кезіндегі батыс өлкесі туралы хаттары» (Да Тан Сиюйцзи). Суябтың, Невакеттың, Таластың, түрлі түрік тайпаларының сипаттамалары берілген. Қытай бытыраңқылығы кезеңіндегі бірнеше авторлар тобы жазған «Тан династиясының көне тарихы» (Цзю Таншу), Қытайдың көрнекті ғалымы әрі ақыны Суян Со бастаған авторлар ұжымынан құрылған Сун дәуіріндегі (1043-1060) «Танның жаңа тарихы» (Синь таншу) тағы бір маңызды дерек саналады.
Батыс түріктері, түргештер, Батыс Түрік және Түргеш қағанатының құрылуы және олардың күйреуі; қарлұқтар, олардың Жетісу мен Қазақстанның оңтүстігіне таралуы; Шығыс Түркістан, Жетісу, Шу, Талас өзендері, Ыстықкөл көлі жағалауларындағы қалалар туралы мәліметтер келтіріледі.
Шыңғысхан басқарып тұрған кездегі (1220–1224) Солтүстік Қытайдан Орталық Азияға «Әділетті Чан Чунның Батысқа саяхаты туралы хаттарда» (Чан чунь чжань жэнь Си юцзи) Жетісу, Шу және Талас аңғарларлары арқылы өтетін жолдар сипатталған. Шыңғысханның Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанға жорықтарына ілесіп жүрген Елюй Чуцайдың «Батысқа саяхаттың сипаттамасы». «Мин династиясының тарихы», «Мин династиясы басқаруының шынайы хаттары», «Мин империясының біріккен шолулары» деген тарихи құжаттар ерекше мәнді болып келеді.
Дереккөздердің басқа түрлері Н.Я. Бичуриннің «Орта Азияны ежелгі уақытта мекен еткен халықтар туралы мәліметтер жинағы», Н.В. Кюнердің «Оңтүстік Сібір, Орталық Азия мен Қиыр Шығыс халықтары туралы қытай ақпараттары» деген жинақтарға тұңғыш рет жүйеленіп ғылыми талдауға жасалған еді.
Қазақстан халықтары мен аумағы туралы ежелгі түрік руна жазу ескерткіштері (VI – IX ғ.) және тарихи-эпикалық және тарихи-батырлық мазмұндағы туындылар. Б.з. I мыңжылдығындағы ежелгі түркі және түркі тілдес тайпалардың орналасу орындарынан тұратын ежелгі түркі жазба ескерткіштері мәтіндерінің құндылығы өте жоғары. Түрік авторлары құрған бұл жазба дереккөздер – байырғылық және түпнұсқалық сияқты жетістіктерге ие Солтүстік Моңғолия аумағынан, Енисей мен Таластан табылған неғұрлым құнды ежелгі түрік мәтіндері. XVIII ғасырдың 20-жылдарындағы Енисей өзенінің жағалауынан Н.М.Ядринцев пен И.Страленбергтің ашқан ежелгі түркі руна жазуы бар. 1889 жылы Н.М.Ядринцевтің Солтүстік Моңғолиядағы, Орхон өзенінің жағасындағы руна жазуымен орындалған тас қабырғалардың ашылуы ғылымдағы үлкен жаңалықтардың бірі болды. Дат ғалымы В.Томсеннің және орыс түріктанушысы В.В.Радловтың «орхон-енисей» немесе ежелгі түрік руна мәтінін оқып, аударуы. Д.Клеменцтің, П. М.Мелиоранскийдің, А.Гейкелдің, Ю.Неметтің, С.Е. Маловтың және т.б. ежелгі түрік руна жазба ескерткіштерін қалыптастыруға қосқан үлестері орасан зор.
Солтүстік Монғолиядағы руна хаттарының ескерткіштері, бұл алдымен, Моңғолиядағы екінші Түрік (689-744) және Ұйғыр (745-840) қағанаттарының дәуірінде тұрғызылған Орхон, Толы, Селенгі өзендерінің жағалауларына жинақталған. Бұлар Онға жазбасы, Орхон ескерткіштері (Селенгі тасы, Терхин стеласы), Енисей жазбалары, Күлтегін (732 ж.) мен Білге қағанның (735 ж.) құрметіне салынған Кошо-цайдан ескерткіш-стеласы, Төникөк (716 ж.) пен Құлшораның (722 ж.) құрметіне салынған ескерткіштер. Бұл ескерткіштер Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы халықтар мен ежелгі түрік тайпаларының тарихы мен мәдениетін зерттейтін бай материалдарға толы екенін дәлелдейді.
Сонымен, Орта Азия және Қазақстан халықтарының арасында жазба ертеден пайда болды. Бірнеше ғасырлық тарихында жазбаның бірнеше түрін басынан кешірді: көнетүріктік, хорезмдік, соғдылық, ұйғыр, араб, латын тілдері болды. Көне жазбалардың бірі – бұл көнетүріктік жазба болды, оның негізіне Орта Азия, Поволжья, Кавказ және Қазақстан халықтарының тілдері енді. Ол б.д. VІ-VІІ ғасырларда Орта Азияда қалыптасты. Көнетүрік жазба ескерткіштері руникалық жазба ретінде Моңғолияда (33, ескерткіш), Орхон мен Енисей (85 жазба), Шығыс Түркістанда, Таласта (12 жазба), Ферғанада, Шығыс Еуропада қалыптасқан. Есік қорғанындағы жазба толық ашылмаған (б.д. VІ-ІVғ.)
Руникалық жазбалар өзінің мазмұны жағынан алты топқа бөлуге болады: тарихи-биографиялық (Мөңке-хан, Күлтегін), эпитафиялық, с.с. қабірлердегі жазбалар, жартастағы жазбалар, құрылыстардағы, магиялық және ритуалды жазулар, заңды құжаттар, тұрмыстық заттағы белгілер. Бұл 38 әріптен тұратын ХІ–ІХ ғасырларға дейін пайдаланып келген.
Қырғызстан мен Қазақстан аумағындағы Жетісудың руна жазбалары бар. Терексай шатқалындағы (Талас өзенінің аңғары) тасқа жазылған жазулар, ірі тастағы және мола тастарындағы тоғыз жазулар, Тараз қаласының жанынан табылған керамикадағы жазулар, теңгелер мен тұрмыстық заттардағы жекелеген белгілер мен ұсақ жазулар, Талас өзенінің аңғарындағы ағаш шыбықтағы жазу, Шығыс Қазақстаннан табылған екі қола айнадағы және Есік қорғанынан табылған кеседегі руна жазулары, Алматы жанындағы Талғар қалашығынан табылған құм шарбағындағы ұсақ жазу – бұның бәрі тарихи өлкетану бойынша баға жетпес құнды дерек пен мұра.
Көптеген қолжазбалар арасында қазақ халқының тарихына тікелей қатысты жазбаларда: «Оғыз-наме» (Огуз-хан жайындағы эпос), Қорқыт ата жайындағы әңгімелер мен аңыздар, «Алпамыс» поэмасы, «Манас» жыры және т.б. бар.
«Оғыз наме» («Оғыз-қаған» эпосы) түркі тектес халықтардың ежелгі шежіресін аңыздар негізінде көркем баяндайтын эпостық шығарма. «Оғыз-қаған» эпосына аңыз-әңгімелер мен тарихи деректер, сондай-ақ Оғыз қаған және оғыз тайпа-ұлысы туралы мәліметтер негіз болған. Оғыз қаған – жазба шежіре мен аңыз шежіренің тарихи кейіпкері. «Оғыз-наме» эпосының қаһармандары – Оғыз қаған, оның балалары. Бұл эпостың ұйғыр әрпімен және араб әрпімен жазылған нұсқалары бар. «Оғыз қаған» еңбегін қазақ тілі мен әдебиеті тұрғысынан Қ:Өмірәлиев тұңғыш зерттеген.
Әбілғазы Баһадұр ханның «Шежіре и- түрк» – «Түркі шежіресі» – қазақ халқын құраған рулар мен тайпалардың көне тарихы, тұрмыс-тіршілігі, түркі елін басқарған қайраткерлердің өмірі мен қоғамдық қызметі туралы құнды деректері мол шежіре. «Түркі шежіресінің» Шыңғысханнан бұрынғы және одан кейінгі дәуірлерде Дешті Қыпшақ, Орта Азия, Таяу Шығыс елдерінде болған түрлі оқиғалар мен әртүрлі мемлекет қайраткерлері жүргізген саясаттың жылнамасы екендігі. Шежіре 9 баптан тұрады: 1-Құдай тағаланың Адам ғалиссаламды жаратқанының баяны; 2-Моңғол хан және оның Шыңғыс ханға дейінгі ұрпақтары жайында; 3-Шыңғыс ханның дүниеге келгенінің тарихы; 4-Үкідай қағанның және басқа да Шыңғысхан нәсілінен патша болғандарының баяны; 5-Шыңғысханның екінші ұлы Шағатай әулетінің Мауреннаһр мен Қашқарда болғанының баяны; 6-Шыңғыс ханның кіші ұлы –Толы хан нәсілінен Иран жұртында патша болғандардың тарихы; 7-Жошы хан әулетінен Дешті Қыпшақта патшалық құрғандардың тарихы; 8-Жошы ханның бесінші Шибан ханның әулетінен Тұранда, қазақта, Қырымда және Мауренаһрда патшалық құрғандардың тарихы; 9 – Жошы хан әулетінен Хорезмде патша болғандардың баяны. «Түркі шежіресінің» алғаш табылуы XVIII ғасырға жатады.
Атап өту қажет, көне және ортағасырлық жазбалардың Орта Азия және Қазақстан халықтары мәдениетіндегі ықпалы өте зор болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет