Материалдары



Pdf көрінісі
бет46/62
Дата07.02.2022
өлшемі1,71 Mb.
#96169
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   62
Байланысты:
abai2020

ӘОЖ 821.512 
 
АБАЙ ҚАРА СӨЗДЕРІ ЖӘНЕ ЭССЕ ЖАНРЫ САБАҚТАСТЫҒЫ 
 
Назым Қайырхан 
Ш.Есенов атындағы КМТИУ, КЯЛ-18 тобының студенті 
Ғылыми жетекші: аға оқытушы Г.Қ.Алтыбаева 
Аңдатпа.
Абай Қара сөздері – заман шындығы болып табылады. Қара сөздер – 
қоршаған ортаның, Абай айналасының рухани-әлеуметтік, психологиялық жағдайының 
метафорасы. Даналық өлшеміне айналған ойшыл Абайдың Қара сөздері біздің негізгі 
идеялық, ұлттық қаруымызға айналып, қазіргі заманғы сын таразысынан өтіп, 
бүгінгінің биігінен түспей, ертең де еңселі болуы үшін әлі де зерттеп-зерделей, танып-
таразылай береріміз заңдылық, айнымас ақиқат. 
Түйінді сөздер:
қара сөздер, эссе, эссе жанры, стиль, мазмұн. 
Даланың данагөйі ұлы Абай қазақтың көз-құлағы көп жаттықпаған сөз айтудың 
өзгеше түрін тапты, сондықтан Абайдың тілдік тұлғасын саралау барысында Қара 
сөздердің жанрлық мәртебесін нақтылау – ең басты мәселе болып табылады, өйткені 
өнердің өмірдегі көркем шындығын дәл таныту мен дұрыс ұғындыру және өзге 
шындық ішінен дәл соны таңдау себебі белгілі бір жанр табиғатымен үйлеседі. 
Қарасөзді әдеби туынды ретінде жанрлық тұрғыда анықтау және соған сәйкес 
терминдік бірізділік мәселесі нақтыланып, тұрақтылық таба қойған жоқ. Біздіңше
оның екі себебі бар: 1) Қара сөздің семантикалық құрылымы (мазмұны) мен стильдік 
баяндау тәсілінде бірнеше жанрлар тоғысуы; 2) Абай шығармашылығындағы бұрынғы 
жаңалықтарының үстіне қосылған бір жаңалық – әдеби процеске жанр жағынан 


152 
жаңалық әкелуі яғни Қара сөз жанрын қалыптастыруы. Ол "жаңа жанрды" қалай атау 
мәселесі де көкейкесті. 
"Жалпы алғанда, Абайдың осы қара сөз дейтін мұралары көркем прозаның өзіне 
бөлек, бір алуаны боп қалыптасады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы 
жазушылар қолданған естегі, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы 
шығармалар - Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар 
сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, моралъ мәселелеріне арналған 
өсиет, толғау тәрізді [1,1]. Бұл анықтамада абайтанушы ғалым М.Әуезов эссе жанрына 
тән үш белгіні дәл тауып, дөп басқан: 1) көркем проза жанрына жататындығы; 2) "өзіне 
бөлек, өзі тапқаны" дегенде стиль ерекшелігі, баяндау мәнерінің (стилінің) өзгешелігі; 
3) сюжеті болмайтындығы. 
Жалпы, Абай Қарасөздерінің ғылыми арналары мен тақырыптары жайлы 
М.Әуезов алғаш пікір білдіргені белгілі: "Жиыны барлық қара сөз, біздің 
аңғаруымызша, он-он бір тақырыпқа бөлінеді. Кейбір тақырыптар ой жағынан бір 
алуандас болады" [1,2] – деп жалпы топтама жасаумен шектелмейді, әр сөздің мазмұн-
астарына, стильдік сипатына, бітім-болмысына ден қойып, танымдық бағдар жасайды. 
Абай Қара сөздерінің эссе жанрымен ара қатынасы мәселесін анықтауды 
мақаламыздың бір мақсаты етіп белгіледік. Ол үшін алдымен "эссе" термині мен эссе 
жанрына қатысты кейбір мәселелерді қарастырғанды жөн көрдік: 
Эссе жанрының күрделі табиғатын, ғылыми теориялық мәселелерін анықтауға 
байланысты зерттеулер әлі де тереңдетуді қажет етеді. Бүл саланың әдебиеттану 
ғылымында өзіндік орны анықталуы, жан-жақты қарастырылуы оның маңызы мен 
құнын арттырары сөзсіз. 
Ерекше әдеби жанр ретіндегі эссе мәселесі күрделі әрі шешімін таба қойған жоқ. 
Терминдік бірізділік болмауы бұл жанрдың тым күрделілігіне байланысты болуы керек 
десек те, нақты бір ұстаным, функционалды айырмашылығы ажыратыла көрсетілуі 
тиіс. Олай болмаған жағдайда қолжазба мақалалардан бастап, әдеби манифестке дейінгі 
аралықтағы шығармалар эссе деп атала беретіні жиі кездеседі. Эссе сөзінің шығу тегі, 
мағынасы "тәжірибе" дегенді білдіргендіктен, "алғашқы ұмтылыс, ниет", "алғашқы 
қалам тербеу" сипатындағы әдеби туындылар да, мазмұны әр тарапты қамтитын, еркін 
баяндалған шығармалар да эссе жанры қатарында қарыстырыла беретін тұстар кездесіп 
қалады. 
Эссе жанрының не себепті ашылмағанын, кейбір даулы тұстарын көрсетіп, 
шешу жолдарын белгілеу керек. Эссе – "жанрдан тыс", "жанрдан жоғары" жанр. Оны 
мазмұнына қарай алғанда энциклопедиялық шығарма деуге әбден лайық. Эссенің 
табиғатынан, өз алдына жеке-жеке, дербес функционалды жанрға айналған барлық 
стильдің реңкі табылады.Қазақ әдебиеті топырағында мүлдем сөз етілмеді деуге 
болады. Теориялық зерттеудің мардымсыз болуымен қатар, жанр ретінде поэзия мен 
прозаның басқа салаларындай өрісті өркендеу жолына түсе алмады, сөйтіп, эссе 
жанрындағы шығармалар белсенді позиция иеленген жоқ. 
Жанрлық бітімі бөлек болуымен бірге айтар ауқымы да кең, философиялық, 
тарихи, өмірбаяндық, діни, публицистикалық, сыни, әдеби, моральдық, ғылыми-
көпшілік мазмұндағы жанр – эссе деп анықталғанымен, теориялық түйіндеуде қолмен 
қойып, «көзбен көргендегідей» бірізділік байқала бермейді. Абай да өз еңбегін 
мақсатты түрде бір жүйеге түсірген жоқ. Ол өзінің ой арпалысын, сезім ширығуын қаз-
қалпында көрсету үшін қолдан ырықтандырмай-ақ, "табиғи" күйінде сездіргісі келетіні 
жайлы Қарасөзінде ескертеді. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Ш.Елеукенов Абай 
Сөздері Батыс пен Шығыс мәдениетінің мәйегін сіңірген кұнарлы дүние екеніне 
нұсқайды. Абайдың "Қарасөздері" –қазақтар үшін тағылым оқулығының орнына 
жүргенін белілі ғалым Т.Жұртбай да тап басып, тани білген [2,3]. 
Оқыған сайын сен де өзіңді сол әңгімеге тартылғандай сезінесің, өйткені, 
баршаны толғандыратын, кейде тіпті өзіңді ойға қалдыратындай, ұялтатындай әңгіме 


153 
айтылып, мәселе қозғалып жатады. Салихалы сұхбат ел мен халық туралы, оның 
болашағы туралы өрбиді. Дана Абай кемел ой айта алатын, өзіндік ұстанымы мен ой-
пікірі бар азамат тәрбиелегісі келді. 
Эссе – тұрақталған, қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, өзінше 
толғап, әрі дагдыдан, әдеттен, көне соқпақтардан бөлек болжамдар мен түйіндеулерге 
құрылатын философияның, эстетиканың, әдеби сынның, публицистиканың, көркем 
әдебиеттің жанры. Әдебиеттегі эссе соны пікірлерге көбірек мән беріп, оқырманды ой 
теңізінде жүздіретін, өзінше ойлап-сезіну қажеттілігін туғызатын, рухани әлеміңе азық 
сыйлайтын, дүние құбылыстарын өткір қабылдауымен ерекшеленетін көркем туынды. 
Эссе сипатында туған туындыларға батыл-болжамдар мен өткір ұсыныстар, пікір 
жарыстырулар мен талас тудыратын ойлар, таным көкжиегін кеңейтуге қозғау 
саларлық байламдар тән. 
Қазақ әдебиеті мен тіл білімі бойынша эссеге қатысты өзге теориялық 
тұжырымдарды кездестіре алмадық. Қазақ әдебиеті мен тіл білімі бойынша эссеге 
қатысты өзге теориялық тұжырымдарды кездестіре алмадық. 
Эссеге қатысты осы ой-пікірлерді қорытындылай келе, оның жанрлық 
ерекшелігін анықтау үшін әуелі мазмұндық-құрылымдық сипатын айқындағанды және 
өз ұстанымымызды білдіргенді жөн көрдік. Эссенің мазмұндық-құрылымдық сипаты 
арқылы қарасөз табиғатымен іргелестігін анықтауды мақсат еттік. Эссе жанрын 
айқындайтын сипат-белгілерге Қара сөздің болмыс-бітімі қаншалықты сәйкеседі? 
Нақтырақ айтқанда, Абай Қарасөзінің табиғатына эссе жанрының мазмұн-сипаты 
үйлесе ме? Біздіңше, үйлес-үндесім бар. Біріншіден, "дағдыдан", "әдеттен" бөлек,
өзінше толғау бар. Екіншіден, эссе философияның, эстетиканың, әдеби сынның, 
публицистиканың, көркем әдебиеттің түйіндеуге құрылған жанры десек, бұл 
мазмұнның бәрі де Қара сөздердің табиғатынан табылады. Үшіншіден, ой-сезімге әсер 
етіп, өткір қабылданады; экспрессия қуаты мықты, "тіл өрнегі айрықша" әсерлі, 
эстетикалық бояуы айқын; Төртіншіден, Сөз иесінің интеллектуалдық деңгейі жоғары, 
танымы терең, ойы биік. Бесіншіден, пікір жарыстыру мен талас тудыруға бағыттайды. 
Алтыншыдан, терең түйіндеулер ұтымды ұштасқан. Біздің пікірімізше, эссе жанрының 
мазмұн бірлігі мен Абай Қара сөздерінің ішкі табиғаты осылайша үндестік тауып, 
сабақтасатын сияқты. Осы аталған сипат-белгілерді айқындау арқылы Қара сөздің эссе 
жанрына қатыстылығын айқындап, қаншалықты дәрежеде сабақтастығы бар екенін 
нақтылаймыз. 
Эссе жанрының күрделі табиғатына сәйкес оның айырым белгілерін ажырату да 
аса күрделі. Әр кұрамдас бөліктері автономды әрекет етпей, өзара сабақтаса 
байланысады, бір-бірімен тығыз байланысты сипаттар бірлігінен тұрады да, бірі 
екіншісінің логикалық кисынды жалғасындай қабылданады. Эссенің теориясы мен 
стильдік сипаты жайлы ғылыми топшылауларды жинақтай келе, былайша жіктеме 
жасадық: 
1. Әдетте, бірінші жақтан жазылады. Эссе – жазушының жеке өзіндік және 
шығармашылық келбеті, ойы, күмән-күдігі, арман-қиялы. Эсседегі жеке тұлға 
қоғамдық ой иесі ретінде де қабылдануы әбден мүмкін. Эссе – автордың өзі, оның ой-
сезімі, қоғамға қадалған жанары, әлемге тастаған назары. Алдыңғы орынға автор 
тұлғасы өзіндік үнімен, өз толғанысымен шығады. Ол өз сөзімен елең еткізеді, ой 
тастайды, соған назар аудартады, яғни бірінші жақтан сөз алады. 
2. Эсседе автордың өзін толғандырған мәселе туралы ой-толғауы ең басты рөл 
атқарады. Ал автордың ой толғамы және ондағы ой қазығы (мысль) эссенің құндылығы 
болып табылады. Онымен тығыз байланысты басты ерекшелігінің бірі – 
индивидуалдық немесе дара тұлғаның өзіндік пікірі. Абай өзінің ендігі сөзі қоғамды, 
халықты түзейтін үлкен күш деп түсінеді... "Абайдың үгіттейтіні зор адамгершілік пен 
халықшыл тазалық жолдар, өз заманындағы барлық мінді, сорақылықты сол тура 
жолдағы жақсы өлең-өсиетпен түгел жойып, жоғалтуға болады деп иланады" [3,1]. 


154 
Біздіңше, ұлы Әуезов нұсқаған осы бағдар Абай эссесінің негізгі мазмұнын құрайды, 
сондықтан Абайдың ой-толғамын эссе көздейтін кұндылыққа балап, өзіндік сипатын 
айқындаушы факторлар қатарына нық сеніммен қоса аламыз. 
3. Эсссенің композициялық байланысы еркін болады. "Қатаң заңға", тәртіпке 
бағынбайтындықтан да эсседегі ой тасқыны белгілі бір жүйеде келе бермейді. Ондағы 
ой динамикалы. Логикалық жүйесі, яғни ой қисыны сол ойдың келуіне орай, сонымен 
қатар автордың ой толқынының құбылуына қарай алуан мәнерде, түрлене береді. Ал 
ойдың берілу (реті) жүйесі толқымалы: сол төңіректе бір ой қылаң беріп, екіншісі 
тереңдеп барып, басқа арнаға ауысып, ол өз кезегінде тағы бір ой тізбегін тудыруы 
ықтимал. Ендеше, эссе – сол ойдың көрінісі, толқып-шалқып, кейде түңғиығына 
тартып, қайта арнасынан асып жататын ой арпалысы болуы әбден мүмкін. Осы аталған 
ерекшелік эссенің сюжетсіз шығарма болғандығына тікелей байланысы деп санауға 
болады. "Бұлар сюжетті шығармалар емес" – деген кесімді пікірді кезінде М.Әуезов 
берген болатын. 
4. Бұл айтылғандармен сабақтасатын тағы бір тұсы – эссенің "ұжымдылығы", 
"икемділігі", үйлесімге, іштей өзара сенімге құрылып, бірлесе ой бөлісуге шақыруы. 
Біздің ой семантикасына екпін түсіре айту себебіміз: эссенің сипаты – ой толғақ, 
мақсаты – ойласу, міндеті – ойландыру. Автордың тікелей өзін толғандыратын 
мәселелер ой қазығына айналады. Бүл жанр арқылы қаламгер бірқатар мәселелерге 
байланысты ой толғамын білдіреді, ол көкейкесті болмауы да мүмкін, ең бастысы, өзін 
толғандыратын мәселелер болуы керек. Алайда эссе көтерген мәселе "көкейкесті 
болмауы мүмкін", "өзін ғана толғандыруы мүмкін" деген мінездемелер салыстырмалы, 
шартты түрде алынғаны есте болғаны абзал. Әр өнер туындысы (оның ішінде әдебиет) 
адам мен қоғам рухының тамыршысы екені белгілі. Сол турасында автор оқырманмен, 
тыңдаушысымен ой бөліседі, ақылдасады. Абай дана да өз пікірлестерін сөзге тартып, 
өз сырын ашып, бірде мұңын шағып, олардың да таза-наласын тыңдауға әзір екендігін 
білдіреді. 
ӘДЕБИЕТТЕР: 
1. Әуезов М. Абайтану мәселелері. 20 т. – Алматы: Жазушы, 1985. – 496 б. 
2. Жұртбай Т.Қ. Күйесің жүрек, ... сүйесің. -Алматы: Санат, 2001. –408 6.
3. Нұргожина Ш.И. Вербальный интеракт: теоретические основы 1999. – 476. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет