Хабаршы №1-2 (5-6) 2012 Вестник «Казахстан-Россия: стратегическое партнерство в XXI веке»



бет6/18
Дата05.01.2017
өлшемі5,75 Mb.
#6383
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

Литература

1.Кляшторный С.Г. Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий, Алма-Ата, 1992, 375 с. (90)

2.История Казахстана с древнейших времен до наших дней в четырех томах, Алматы: Атамура, 1996, Т.1, 544 с. (330)

3.Народы России. Казахи, СПб., 1879, Вып.IV, 413 с. (329)

4.История Казахстана с древнейших времен до наших дней в пяти томах, Алматы: Атамура, 2000, Т.3, 768 с.

5.Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств (XVIII в), Алматы: Бiлiм, 1999, Т.1, 288 с.


Түйін

Бұл мақалада автор XVIII ғ. – XX ғасырдың басында Ресейдің ішкі губерниаларында қазақтардың кейбір қалыптасу ерекшелігіктерін қарастырады. Еңбек ғылыми еңбектер негіздерінде жазылған.



Abstract

In this article the author examines the peculiarities of the Kazakh population in the inland province of the Russian Empire in the XVIII - beginning of XX centuries. Paper is based on new archival materials and is addressed to specialists in the new period of national history.



Садуақасов А.Қ.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ

Халықаралық қатынастар кафедрасының доценті,

саяси ғылымдарының кандидаты


Жаһандану жағдайындағы қазақ ұлттық бірегейлігі: түркілік жіне ресейлік факторлар
Түйін

Бұл мақалада жаһандану дәуіріндегі қазақ ұлттық бірегейлігін қалыптастырудағы түркілік және ресейлік факторларға салыстырмалы саяси талдау жасалған. Ұлттық бірегейлікті сақтаудағы немесе өзгертудегі әліпбидің рөлі зор екендігін ескере отырып, автор қазақ ұлттық бірегейлігін қалыптастырудың тиімді жолы ретінде қолданыстағы әліпбидің графикалық негізін латын жазуына ауыстыру қажеттігін ғылыми тұрғыда дәлелдеген.



Кілтті сөздер: жаһандану, қазақ ұлттық бірегейлігі, түркілік бірегейлік, ресейлік бірегейлік, латын графикасы
Жаһандану үдерісінің қарқын алуы дүние жүзіндегі көптеген мемлекеттердің ұлттық саясаты мен ұлттық идеологиясына, ұлттық сәйкестілігі мен мемлекеттілігіне қатысты сындарлы жаңа міндеттерді алға тартып отыр. Бұл халықаралық қатынас, экономикалық интеграция, ұлттық қауіпсіздік, мәдени-гуманитарлық салалардағы еліміздің ұстанымын ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырудың қажеттігін айқындайды. Жаһандану дәуірінде әлемдік өркениеттер ықпалдастығының артуы технологиялық жетістіктерді адамзат баласының қолдану мүмкіндігін кеңейткенімен, ұлттық құндылықтарды, атап айтқанда, тіл, жазу, дін, діл, ұлттық мінез-құлық пен ұлттық сана-сезім, рухани-әдеби мұраларды жою немесе бүлдіру қатерін арттыратыны сөзсіз. Әсіресе, әлемдік тілдердің қолданылу кеңістігінің артуы дамуы әлсіз тілдерді ығыстырып, тіпті қолданыстан шығару тенденциясы айқын көрініс беруде. Жаһандану процесін өлі тілдер қатарының көбейіп, қолданыстағы тілдерге өзге тілдердің ықпалының күшеюінен, әсіресе, бір тілден екінші тілге, одан үшінші бір тілге кірме сөздердің көптеп енуінен, ақпараттық-коммуникациялық кеңістікте дамыған мемлекеттердің тілдері мен жазуларының басым сипат алуынан анық байқауға болады. Компьютерлік технология күн санап дамып, ақпарат алу жылдамдығы артқан бүгінгі заманда тілдердің арасында – ағылшын тілі, жазулар арасында латын графикасы әлем халықтарының ең көп қолданатын тілдік құралына айналып үлгерді.

Әлем елдерінің ұлттық саясатын зерделеу барысында көптеген дамыған мемлекеттердің ұлттық бірегейлік мәселесіне баса назар аударып отырғандығы байқалады. Ол, бірінші кезекте, тіл саясатынан көрініс беруде. Бұл – жаһандану тудырып отырған қауіп-қатердің алдын алу үшін орын алып отырған шаралардың бірі. Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры


А.Н. Кочергин: «Әлемнің жаңа құрылымдық жіктелу процесі ретінде жаһандану өркениеттердің өзара әрекетін емес, экономикалық, қаржылық, нарықтық, әскери механизмдер, технотрондық құралдар мен бұқаралық мәдениетті отарлау көмегімен атқарылатын бірінің екіншісіне ықпалын білдіреді. Қоғамның шынайы бірлігі мен уақыт пен кеңістіктегі ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін өркениеттік бірегейлік мәдени дәстүрлерге (өркениеттердің адамгершілік, ар-ождан, тыйым, төзім жүйелері) демеу болды. Оны сақтап қалу тиісті құқықтық жүйені жасауды қамтамасыз ететін дамыған азаматтық қоғам жағдайында ғана мүмкін. Кез келген елдің мәдени іргетасын бұзу оның өзінің ұлттық сәйкестілігінен айырылуын білдіреді. Бұл дәстүр – елдің бірегейлігін жоғалту жолындағы соңғы қадамы. Егер де мемлекет өзінің дербестігін сақтағысы келсе, онда оның қызметі дәл осыны сақтауға бағытталуы тиіс» [1, 104-105-бб.] - деп түйіндесе, М. Әбусейітова, Г. Меңдіқұлова, А. Момынов, Л. Ерекешова: «Жаһандану, бір жағынан, әр түрлі мәдениеттерді өзінің мәдени бірегейлігін қайта жаңғырту үшін жеке әлеуметтік-мәдени мұрасын зерделеуге, екінші жағынан, оларды біріктірудің, жазуды біріздендіруге әрекеттенудің жолын іздеуге мәжбүрлейді. Іс жүзінде өзінің негізгі әлуметтік-мәдени болмысы мен бірегейлігін сақтау барысында Қытай мен Жапония секілді елдерде латыншаланған транскрипциялық әліпбилер пайда болса, ал Оңтүстік Азия елдерінде (Үндістан, Пәкістан) тұтастай алғанда ағылшын тілінің ықпалы сақталып отыр» [2, 131-б.] - дейді. Шындығында, жаһандық өркениеттердің, нақтылап айтқанда, мемлекеттердің біріне-бірі ақпараттық, мәдени, технологиялық саясат арқылы жаулап алушылығы күшейген тұста ұлттық бірегейлікті сақтау – өте маңызды міндет. Ал, кез келген елдің ұлттық бірегейлігі оның тілі мен жазу жүйесінің қаншалықты сақталып және дамып отыруына тікелей байланысты. Ұлттың тілі мен жазуының бәсекеге қабілетті болуы оның бүгінгі заманғы ақпараттандыру мен коммуникациялық технологиялармен үйлесімді болуына байланысты болып отыр. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен әзірленген ғылым зерттеу қорытындысында: «Қазақстанның қазақ тілін латын графикасына көшіру арқылы кең көлемді, терең деңгейлі ғаламдасу процесіне енуі ең маңызды мәселе болып отыр. Ғаламдасудың технологиялық негізі ақпараттық және коммуникативтік технологиялар болып табылады, оның қатарына компьютерлендіру, Интернет, мобильді телефондар, спутник теледидарлары, т.б. жатады. Кеңінен таралып, одан әрі дамып жатқан осы және басқа да технологиялар әлемдік ақпараттық кеңістікте латын графикасының үстемдік етуіне әкелді. Латын графикасы қазіргі таңда дүниежүзі бойынша кең қолданылатын жазу жүйесі ретінде танылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бір жағынан, қазақ тілінің әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін енуіне, екінші жағынан, Қазақстандағы ақпараттық және коммуникативтік технологиялардың кең таралуына, дамытуына мүмкіндік береді» [2, 267-б.] - деп жазылған.

Қазіргі жаһандану дәуірінде халықтың өз ана тілінде және өз елінің ақпаратын алуының саяси мәні зор. Өйткені, өзге тілдегі және өзге елдің бұқаралық ақпарат құралын күнделікті тұтыну халықтың ұлттық сана-сезімін басқа арнаға бұруы мүмкін. Бұл, түптеп келгенде, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін құбылыс. Қазақстандағы электронды ақпарат құралдары өнімдерінің (сайттар мен веб-порталдар) басым бөлігі орыс тілінде жарық көреді. Мұның бір себебі компьютер мен Интернетте кириллицаға негізделген қазақ әліпбиінің толықтай оқылмауында болып отыр. Соның салдарынан қазақстандықтар мемлекеттік органдардың веб-сайттары мен порталдарының орыс тіліндегі беттерін ғана оқуға мәжбүр. Өйткені, олардың қазақ тіліндегі беттерінде материалдар жоқ немесе өте аз немесе берілген материалдардың көпшілігі жөнді оқылмайды. Ал кездесетін материалдардың уақыт жағынан ескіріп кеткені байқалады. Бұның өзі ұлттық бірегейлікті сақтау үшін қазақ тілінің дағдарысын еңсеру керектігін, ол үшін қазақ жазуын латын графикасына көшіру қажеттігін білдіреді. Ғаламдық Интернет жүйесіндегі веб-портал мен сайттардағы ақпараттардың қай тілде көп берілетіндігіне қарап, қазіргі уақытта қай ұлттың тілі басымдыққа ие екендігін анықтауға болады. Бұл ретте, әлемдік ақпарат кеңістігінде ағылшын тілінің үстемдігін байқауға болады. Ал ағылшын тілінің латын графикасына негізделетінін ескерсек, онда қазақ ұлттық жазуының негізін латын графикасына көшіру қазақ тіліне әлемдік ақпараттық-коммуникациялық кеңістікке енуге зор мүмкіндіктер береді деп болжауға болады.

Жетпіс жыл бойы Кеңестер Одағы құрамындағы халықтардың ұлттық ерекшеліктерге негізделген бірегейлігін былай қойғанда, туыстық сипаттағы «түркілік», «сібірлік», «кавказдық» бірегейліктерін жою процесі орын алып, оның орнына «кеңестік» бірегейлік ұдайы насихатталып отырды. Сол тұстағы ұлттық идеология да кеңес азаматтарының орыс тілін меңгеріп, өз ана тілінен безуге, аралас неке құруға, дінді мойындамауға, ұлттық жазуларын орыстандыруға, интернационалдық ұрпақ тәрбиелеуге бар күшін салды. Міне, осы аралықта көптеген халықтардың ұлттық мәдениеті мен тарихи туыстығы екінші орынға қалып келді. Бұл жөнінде Н. Назарбаев: «Жиырма жыл бұрын «біртұтас кеңес халқы» жөніндегі аңыздың күл-талқаны шықты. КСРО-ның ұлттық саясаты үлкен және кіші ағайындар арасындағы ара-қатынасты қатаң сақтауға, зорлық-зомбылық пен шектеулерге құрылғанын бүгінгі күнге баршаға мәлім. Сондай-ақ ұлттық мәселелер, дәлірек айтқанда оның түйінінің тарқатылмауы, түптеп келшенде, сырттай қарағанда қуатты саналатын елді ыдыратып тынғаны да анық. Тек қазақтар ғана ұлттық саясаттың патшалық және кеңестік әдістеріне қарсы 200-ден астам рет көтеріліске шыққанын еске салғым келеді» [3, 5-б.] - деп, кеңестік кезеңдегі қазақ ұлтының ұлттық бірегейлігіне зор нұқсан келгендігін нақты деректермен тарқатып айтқан болатын.

Ұлттық және аймақтық бірегейліктерді айқындауда жазудың рөлі зор екендігін зерделей келе, саясаттанушы Р. Қадыржанов Қазақстандағы қазақтардың кеңестік кезеңнен бері түркілік бірегейліктен гөрі ресейлік бірегейлікке негізделуінің, яғни қазақтардың орыстануының мынадай факторларын атап көрсетеді:

- Қазақстанның әлеуметтік өмірінің барлық саласында орыс тілінің басым түсуі мен оның этносаралық коммуникацияның шынайы құралы ретінде әрекет етуі;

- Қазақстанның шамамен барлық жерлерінде, негізінен үлкен қалалардағы орыс халқының көптігі;

- қазақ мәдениетіне қарағанда өзінің әлеуеті мен деңгейі жағынан орыс мәдениеті әлдеқайда жоғары деген көзқарастың қазақтар арасында кеңінен таралуы;

- негізінен орыс әдебиетін, тарихын, музыкасын, өнердің өзге де түрлерін, философия мен мәдени мұраның өзге де формаларынан хабардар қазақтардың білім деңгейінің қазақ мәдениетінің тиісінше түрлеріне қарағанда айтарлықтай жоғарылығы мен тәуірлігі;

- қазақ тілін қоса алғанда, Қазақстандағы барлық тілдер үшін кириллицаның ортақ жазу ретінде қолданылуы;

- орыс тілінің бастауыштан бастап жоғары білімге дейінгі білім беру жүйесінде айтарлықтай көлемде қолданылуы мен қазақ балаларының басым бөлігі мен қалалық жастардың мектептер мен жоғары оқу орындарында орыс тілінде білім алуы;

- орыс тілінде басылып шыққан көркем-әдеби, оқу, анықтамалық, ғылыми, энциклопедиялық, т.б. кітап өнімдерінің Қазақстанда да, Ресейде де басым болуы;

- Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде ресейлік электрондық және баспа бұқаралық ақпарат құралдарының басым болуы және соның салдарынан қазақтар мен қазақстандықтардың Қазақстандағы жағдайға қарағанда Ресейдің әлеуметтік-саяси өмірі жайлы мәліметтен хабардар болуы;

- ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда үлкен маңызға ие қазақтардың тарихи санасында Қазақстан, Ресей және өзге де посткеңестік мемлекеттердің кеңестік өткені жайындағы түсініктің әбден сіңуі;

- аға және ортаңғы буын өкілдерінің басым көпшілігінің кеңестік өткен өмір жөніндегі сағынышының кеңес заманында өмір сүрмеген жас ұрпақтың белгілі бір бөлігіне беріліп, қабылдануы;

- стратегиялық серіктес және қауіпсіздік кепілі ретіндегі Ресейге деген Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы мен осы негіздегі Қазақстанның қоғамдық-саяси санасындағы достықшыл образы;

- Қазақстанның экономикалық дамуы көп жағынан Ресейге байланысты болып саналатындықтан, Ресей – басты сауда және экономикалық серіктестік деген ұстанымның экономикалық санада орнығуы [2, 162-163-бб.].

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі әзірлеген қазақ жазуын латын графикасына көшіру жөніндегі ғылыми жинақта атап көрсетілгендей, Қазақстанда барлық азаматтардың негізінде біріккен әлеуметтік-саяси бірегейлік ретіндегі біртұтас ұлтты қалыптастыруға бағытталған ұлттық саясат жүзеге асуда. Мұндай бірегейлік азаматтық ұлт деп аталады. Ол басқарушы немесе мемлекетқұрушы этностың төңірегінде, яғни қазақтар арқылы қалыптасады. Бұл біздің елімізде ғана емес, жалпы әлемге тән тәжірибе. Азаматтық ұлт тұрғысынан алғанда этникалық және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан мемлекеттегі барлық азаматтар тең құқылы болып саналады. Сондай-ақ азаматтық ұлт басқарушы, негізгі этностың мүддесі мен мәселелерін ешқашан қалыс қалдырмайды.

Мемлекетте өмір сүретін басқа этностар негізгі этностың мемлекетқұрушы жетекші рөлін мойындаған жағдайда осы модель бойынша ұлтты құру сәтті нәтижеге жете алады. Бірақ ол үшін ірі әрі негізгі этнос мықты, берік бірегейлікке ие болуы қажет. Қазақстан азаматтық ұлтты қалыптастыруда мына жағынан ақсап отыр: қазақтар этностың мемлекетқұрушы басты тірегі бола отырып, өзінің басқа мәдениет ықпалына ұшырамаған нақты ұлттық ерекшеліктеріне, сәйкестілігіне әлі де толықтай ие бола алмай жатыр. Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру келешекте қазақтардың ұлттық сәйкестілігін нығайтуға мүмкіндік беретін шаралардың бірі болуы тиіс. Дегенмен, отандық баспасөз материалдарына контент талдау жасау және қоғамдық пікірді зерделеу арқылы қазақтардың бір бөлігінің латын графикасына көшуді қаламайтындығын анықтадық. Бұл, бір жағынан, әліпби ауыстыру реформасының кеңестік кезеңде ауыр, күштеу жағдайында өтуіне байланысты санада қалған жағымсыз әсерлердің салдары болса, екінші жағынан, басқа жазуға көшкенде тарихи сабақтастықтан айырылып қаламыз деген қорқыныштан туған ұстаным деп есептейміз. Қазақ тілінің әліпбиін таңдау мәселесін зерттеуде Қазақстанның ұлттық сәйкестілігі спектрінде қандай да бір орынға ие түрлі зиялы қауымның өкілдерінің ұстанымын зерделеу маңызды рөлге ие екендігін айта келе, саясаттанушы Р. Қадыржанов бұл бағытта бірқатар зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде саясаттанушы мынадай тұжырымға келген:



1) Қазақ тілінің латын графикасына көшуі Қазақстанның түркі әлемімен жақындасуына, бұл, өз кезегінде, Қазақстанның мәдениетінің дамуы мен ұлттық сәйкестілігінің нығаюына ықпал етеді;

2) Латын графикасына көшу Қазақстанның Ресейдің империялық ықпалы етуі мен орыс мәдениетінің құрсауынан босауға бірден-бір себеп болса, осы негізде еліміздің ұлттық бірегейлігінің анықталусыз қалуын еңсеруге көмектеседі [2, 168-б.].

Қазақстан Президенті Н. Назарбаев «Қазақ тілі – Қазақстандағы барлық этностарды біріктіруші фактор болуы керектігін» айтып келеді. Дей тұрғанмен, мемлекетіміздегі барлық этностар мемлекеттік тіл арқылы бірігу үшін, ең алдымен, қазақтар қазақ тілін меңгеріп, ұлттық бірегейлігін қалыптастыруы шарт. Сонымен қатар, дүниежүзіндегі қазақтардың ана тілдерін білуі және ортақ бір әліпбиді қолдануының саяси маңызы зор. Қазақстан үшін латын графикасына көшудің ең маңызды саяси басымдықтарының бірі – дүниежүзіндегі қазақтармен ортақ әліпбиде болу мүмкіндігіне жол ашу. Елімізден тысқары жерлерде 5 миллионға жуық қазақтардың өмір сүретінін ескерсек, онда сол қазақтардың тарихи Отаны ретінде Қазақстан шетелдегі ұлттық диаспораларына жан-жақты қолдау көрсетуі қажет. Бұндай маңызды міндеттер Қазақстан Республикасының Конституциясында, «Қазақстан – 2030» ұзақ мерзімді Стратегиялық жоспарында, 2008 жылғы 6 ақпандағы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру Стратегиясы» атты Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында көрініс тапқан.

Жаңа әліпбиге көшіру мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасында: «Қазақтың ұлттық бірегейлігін қалыптастырып, нығайтуда оның түркілік бірегейлігімен байланысын анықтау үлкен мәнге ие болады. Қазақтың ұлттық таным-түсінігі үшін түркі әлемінен шыққандығы оның мәдени, тарихи, тілдік, т.б. қатынастарын анықтауда орны толмас мағынаға ие болатыны байқалады. Осы мәліметті сезіну 1980 жылдың соңы мен 1990 жылдың басында қазақтың ұлттық рухы ояна бастаған кезінде маңызды рөл атқарды, нәтижесінде Қазақстан мемлекеті өз егемендігін алды. Қазақтардың түркілік бірегейлігі әрқашан өзінің негізделу, нығаю жолын тауып отыруға тиіс, әйтпесе ұлттық сана басқа бірегейліктің үстемдігіне ілесіп кетуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде қазақтың ұлттық бірегейлігінде теріс жағдайлар тудырады» [2, 267- б.] - деп, қазақтың ұлттық бірегейлігін қалыптастыруда түркілік бірегейліктің рөлін орынды көрсеткен. Қазақтың ұлттық бірегейлігін қалыптастырудың басты бағдары болып табылатын түркілік бірегейлікке бейімделудің басты жолы, біздіңше, латын графикасына көшкен түркітілдес мемлекеттер тәрізді жазуымызды латыншаландыру, сол арқылы ортақ жазба және мәдени кеңістікті қайта қалпына келтіру болып табылады.

Бүгінгі таңда кейбір ғалымдар тіпті Ресейдің өзі кириллицадан бас тартып, латын графикасына көшуі мүмкін деп болжайды. Мәселен, Ресей Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, РҒА Этнология және антропология институтына қарасты Кавказ бөлімінің меңгерушісі, шығыстанушы-ғалым Сергей Арутюнов: «Біздің өмірімізге дендеп енген жаһандану мен компьютерлендірудің қарқын алуының нәтижесінде қазіргі жүзжылдықта орыс жазуы да латын әліпбиіне көшеді деп ойлаймын. Латын әліпбиінің өзін алып қарар болсақ, ол көптеген кемшіліктері бар кириллицаға қарағанда ыңғайлырақ. Егер де Ресей әлемдік даму прогресіне ілескісі келсе, Еуропаның бір бөлігіне айналуды көздесе, онда латын әліпбиіне толықтай көшуі тиіс және ерте ме, кеш пе бұған көшеді де» [4] - деген сенімді ой айтады. Алайда, біздіңше, Ресейдің кириллицадан бас тартып, латын графикасына көшуі екіталай. Себебі, Ресей үшін кириллица – славяндық, оның ішінде орыстық бірегейлікті сақтаудың негізі болып саналады. Қайта Ресей дүниежүзінде, оның посткеңестік елдердегі орыс тілін күшейту саясатын қарқынды жүргізуге мән беріп отыр.

Ұлттық әліпбидің графикалық негізін сақтау, ауыстыру немесе өзгерту ұлттық бірегейлікті сақтауға, ауыстыруға немесе жаңадан қалыптастыруға ықпал ететін процесс. Мәселен, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан мен Түркіменстан мемлекеттерінің латын графикасына көшу арқылы кеңестік тоталитарлық бірегейліктен арылып, ұлттық түркілік бірегейліктерін нығайтып алғанын ескерген жөн. Осы ретте ұлттық бірегейлігі толық қалыптаспай, ұлттық санасы ішінара орыстық сипат алған қазақтар үшін кириллицаға негізделген әліпбиді латын графикасына көшірудің кеңестік тоталитарлық бірегейліктен босанып, ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызы зор екенін баса айтқан жөн.
Әдебиеттер

1. Кочергин А. Н. Глобализация и государственное управление в современной России // Государственное управление в ХХІ веке: традиции и инновации. Материалы международной конференции МГУ им. М. В. Ломоносова, 2007. С. 104-105.

2. Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы. / Ред. алқа: К. Ш. Хұсайын, Ә. Нысанбаев, К. Н. Бұрханов, С. А. Қасқабасов, М. Қ. Әбусейітова, Н. Қ. Нұрланова, М. Айдарханов, С. Құнанбаева. – Алматы: Арыс, 2007. – 410 б.

3. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ-сессиясында сөйлеген сөзі // Туған тіл. – 2006. – №2. – 5 б.

4. Артемов С. Латиница vs. Кириллица. Смена алфавита как результат смены политсистемы. http://www.exlibris.ng.ru/kafedra/2004-07-01/6_alphabet.html.


Аннотация

Автор в этой статье анализирует алфавитный фактор в формировании национальной идентичности государства и сравнивает роль тюркских и российских идентичностей в контексте формирования национальной идентичности Казахстана.



Ключевые слова: глобализация, казахская национальная идентичность, тюркская идентичность, российская идентичность, латинская графика
Abstract

In this article the author analyzes the alphabetic factor in formation of national identity of a state and compares a role of Turkic and Russian identity in a context of formation of national identity of Kazakhstan.



Keywords: globalization, Kazakh national identity, Turkic identity, Russian identity, Latin graphics

Байбосын Л.С.,

Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық

мемлекеттік педогогикалық институтының

Тарих, құқық және қоғамдық пәндер

кафедрасының оқытушысы
Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан және Ресей қарым-қатынасындағы әскери саяси ынтымақтастық
Түйін

Мақалада Қазақстанның бүгінгі уақыттағы ұжымдық қауіпсіздік аясындағы мемлекетаралық байланыстың мәні мен маңызы баяндалады. Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының әскери, саяси сипаты жаңа көзқарастар тұрғысында екі ел арасындағы өзара сенім және стратегиялық серіктестіктің кешегі және бүгінгі деңгейі талданған.



Кілтті сөздер: ұлттық қауіпсіздік; әскери қауіпсіздік; ұжымдық қауіпсіздік; әскери ынтымақтастық
Адамзат дамуының бүкіл тарихи тәжірибесі мемлекеттің алға басуы және тұрақты өсуі жүзеге асырылатын қажетті шарттардың басталуында оның ұлттық қауіпсіздігі мен мемлекеттілігінің сақталуы тұрғаны куә. Өз қауіпсіздігіміз бен аумақтық тұтастығымызды қамтамасыз ету үшін біз күшті мемлекет болуға және көршілерімізбен берік және достық қарым-қатынаста болуға тиіспіз. Сондықтан ең жақын және тарихи достас көршіміз Ресеймен арадағы сенім мен тең құқылы қарым- қатынасты дамытып, нығайта береміз. Сондықтан да қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету жұмысында сөзсіз басымдық біздің сыртқы саяси қызметімізге және Қазақстанның өз көршілерімен, дүниежүзінің алдыңғы қатарлы елдерімен өзара тиімді қарым - қатынасының берік тұғырын қалыптастыруға беріледі [1, 26 б.]. Қазақстанның қазіргі уақытта сыртқы саясатында яғни Еуразия кеңістігінде жаңа геосаясат нақтылана бастады. Жаңа геосаясат аясында көптеген ғалымдар отандық яғни Қазақстандық зерттеушілер атап айтсақ Л. Бакаев өзінің жұмысында геосаясат түсінігін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі сонымен қатар сыртқы саясаттың тұрақты дамуы мақсатында мемлекеттің қолдауы деп түсіндірген болатын [2, 16-23 б.]. Ресей Федерациясы Қазақстан республикасының тәуелсіздігін 1991 жылы 17 желтоқсанда мойындады. 1992 жылдың 16 мамырында Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты еңбегінде: « Ресеймен қарым қатынаста болу арқылы біз онымен қажетті жағдайда өзара қауіпсіздік жайлы келісіп ұзақ мерзімге шарт жасауға тырысуымыз қажет. Мұнда Ресейдің де бұл мәселеге мүдделі екенін ескеруіміз тиіс екендігі, сондай-ақ республикада еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғайтын жауынгерлерді дайындықтан өткізетін қаруланған армияның қажеттілігі баса айтылды.» Екі елдің мемлекетаралық экономикалық және саяси ынтымақтастығының үлгісін іздестірудің басталуы 1992 жылғы 25 мамырда президенттер Н.Ә. Назарбаев пен Б.Н. Ельцин қол қойған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт болып табылады. Бұл құжат біздің мемлекеттер тарихының қазіргі кезеңдегі жаңа сапалық қатынастардың іргетасына айналып, Қазақстан мен Ресейдің ресми халықаралық құқықтық өзара қатынастарының бірінші бетін ашып берді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылғы «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» атты Қазақстан халқына жолдауында «Сыртқы саясаттағы біздің басымдықтарымыз өзгеріссіз қала береді. Біздің елдеріміз арасындағы ауқымды интеграциялық үрдістер негізінде Ресеймен стратегиялық серіктестік қатынастарын дамыту. Қазақстан – Ресей қатынастары сенім мен стратегиялық серіктестіктің жоғарғы деңгейінде тұр. Ресейлік бағыт - Қазақстан сыртқы саясатының аса маңызды басымдығы. Қазақстан мен Ресей арасында сындарлы үн қатысу жолымен және өзара мүдделерді ескеру арқылы шешілмейтін проблемалар жоқ. Бүгінде басты мәселелер ЕурАЭҚ, ШЫҰ шеңберінде сауда экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мен өңірлік ықпалдастықты дамыту саласында жатыр. Мұнда қауіпсіздікті нығайту мәселелері маңызды орын алады. Аталған мәселелердің барлығында Қазақстан мен Ресейдің ұстанымдары ұқсас әрі жақын » деп атап көрсетті [3, 11-12 б.].

КСРО тарағаннан кейін тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы астам державалардың бұрынғы саяси идеологиялық халақаралақ қауіпсіздік пен мемлекеттер қауіпсіздігі дүниежүзілік қоғамдастықтағы мемлекеттердің сыртқы саяси қызметіндегі ең басты бағыт болып отыр. Ұжымдық қауіпсіздіктің қалыптасу жүйесі «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» шартқа мүше мемлекеттердің күрделі жағдайындағы өз қалыптасу барысында өтті. Шартты жүзеге асырудың жұмыс тетігі жасалып, ұжымдық қауіпсіздіктің және қатысушы мемлекеттер арасында әскери ынтымақтастықты дамытудың құқықтық негізі қалыптасты. Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап Қазақстанның алдына қойылған басым міндет Республиканың сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және дүние жүзіндегі жетекші державалар тарапынан кепілдіктер алу болып табылды. Қазақстан Ресей қарым қатынасындағы әскери саяси ынтымақтастық «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» шарт негізінде бастау алды. Сондықтан да осы шарттың тәуелсіздік жылдарындағы маңызы мен орнын атап өту қажет. Тәуелсіздікке қол жетісімен ел басшылығы мемлекеттің әскери институттарын құрумен бірге саяси дипломатиялық сипаттағы шараларды жүзеге асырды. Мұның өзі елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қазақстанның геосаяси жағдайы көп ретте оның басты міндеті ретіндегі әскери – стратегиялық қауіпсіздігіне жағдай жасайды. Қазіргі кезде ХХІ ғасырдың ең басты проблемаларының бірі- әлемдегі мемлекеттердің қауіпсіздік мәселесі. Соның ішінде экстремизм мен терроризмнен туындап отырған қауіп қатер жалпыға ортақ қауіпсіздікке даму деңгейі мен саяси ұстанымы қандай болса да кез келген елге қауіп төндірмей қоймайды. Мұндай кезде Қазақстан елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке мүмкіндік беретін жағдайды туғызу жолында дәйекті қызмет атқарып келеді. Ал әлемдік тәжірибе қазіргі жағдайда бірде бір мемлекет жеке дара күресіп, қауіп қатерге қарсы тұрып ойдағыдай өркендей алмайтынын көрсетіп отыр. Мемлекетіміз шекарасының өн бойында қауіпсіздік жағдайын қалыптастырып, Қазақстанға таяу өңірлерде шиеленіс пен қақтығыстың нақтылы ошақтарын жасатпауда таяу шет елдермен әсіресе тәуелсіз мемлекеттер достастығының шеңберінде әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытып нығайтудың зор маңызы бар. Достастық елдерінің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету сайып келгенде 1992 жылғы Ташкентте қол қойылған «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» шарт негізінде қалыптасып келеді. Шартты барлық мемлекеттердің толық ратификациялауы екі жылға созылып, ол 1994 жылы 20 сәуірде күшіне енді. Шарттың міндеттерді жүзеге асырудың алғашқы мерзімі 1999 жылдың 20 сәуірінде аяқталды. Шарт шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі бекітіп, оның іс қимылын қамтамасыз етуді мұрат тұтқан алты мемлекет-Армения, Беларуссия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан 1999 жылы 2 сәуірде «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» шартты ұзарту жөніндегі хаттамаға қол қойды. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 2000 жылғы күзде Бішкекте және 2001 жылы мамырда Ереванда өткен мәжілістерінде негізгі күш ең алдымен ұжымдық қауіпсіздік аймақтық жүйесін іс жүзінде қалыптастыруға бағытталды. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 2002 жылғы мамырда Мәскеуде өткен шарттың он жылдығына арналған мерейтойлық сессиясында қатысушы мемлекеттердің басшылары мәлімдеме жасап, шарт қызметіне баға берумен қатар халықаралық, өңірлік ұйымдар құрудың қажеттілігін атап көрсетті. Бірқатар саясаткерлер мен аналитиктердің пікіріне қарағанда кеңестің 2003 жылы сәуірде Душанбеде өткен кезекті сессиясы «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» шарты ұйымының қызметіне қосымша серпін беріп, шарттың кірігу әлеуеті үдеуіне түрткі болды. Мәжіліске қатысушыларға сөз арнаған Қазақстан басшысы Н.Ә.Назарбаев қатысушы мемлекеттердің өзара іс қимылын өрістету басты үш бағытта – ұйымдық, құрылымдық, саяси және қорғаныс жүйесінде ілгері жылжуға тиіс деп атап көрсетті. Сондай ақ әскери саяси ынтымақтастықты күшейтіп, оның жаңа қауіп қатерлерге саяси құралдарды басым қолдана отырып, жауап беруін қамтамасыз ету қажет. Ұжымдық қауіпсіздік шарты одағын қорғайтын әскери күштердің нышаны ретіндегі әскери техникалық ынтымақтастықты дамыту маңызды болып саналады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының халықаралық әскери саяси құрылым ретінде қалыптасып, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі нақтылы күшке айналғанын атап айту қажет. Осы орайда ұйымға қатысушы мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру жөніндегі жұмысы қазіргі кезеңде зор маңызға ие болып отыр [4, 3-8 б.].

Жалпы саяси және экономикалық жайлармен қатар әскери жағдайлар да ТМД мемлекеттер ынтымақтастығының аса маңызды мәселесі. Бұлай болатыны – кешегі кеңестік жаңа мемлекеттердің қарулы күштері КСРО қарулы күштерінің мұрагерлері болып табылады. Яғни бұлардың қару үлгілері бірдей, ұйымдық құрылымы ортақ, тактика мен стратегияны пайымдауы ортақ міне сондықтан ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі міндеттері де ортақ деп пайымдауға болады. ТМД еледерінің ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құруы мен әскери саяси ынтымақтастығының құқықтық негіздерін алатын болсақ, Достастық жарғысының ІІІ тарауы әскери- саяси мәселелерге арналған. Онда мүше мемлекеттер халықаралық қауіпсіздік, қарусыздану және қару жарақты бақылау, қарулы күштерді құру саласында мақұлдастық саясатын жүргізеді және Достастық ішіндегі қауіпсіздікті сақтайды, бұл ретте әскери бақылаушылар топтарының және бейбітшілікті сақтау жөніндегі ұжымдық күштердің көмегіне де сүйенеді деп атап көрсетілген. 1992 жылғы 20 наурызда мына келісімдерге қол қойылды: ТМД ның қорғаныс мәселелері жөніндегі жоғары органдарының өкілеттігі туралы; өтпелі кезеңдегі Біріккен қарулы күштер туралы; ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін қарумен, әскери техникамен және басқа да материалдық құралдармен қамтамасыз ету; ғылыми-зерттеу жұмыстарды ұйымдастыру принциптері туралы. 1993 жылы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Ядролық қаруды таратпау туралы» шартқа Қазақстанның ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде қосылуы туралы шешім қабылдады. 1994 жылы желтоқсанда Будапеште АҚШ-тың, Ресейдің және Ұлыбританияның Қазақстанға, Беларуське және Украинаға қауіпсіздік кепілдігі туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттың қабылдануы – осы заманғы халықаралық саясаттағы зор оқиға. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың аманатын ұстаушы үш держава Қазақстанның егемендігін аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуге және оны экономикалық қысымнан сақтауға деген ұжымдық міндеттемелерін бекітіп берді. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының әскери саяси ынтымақтастығын дамытудың бұдан кейінгі жолы 1994 жылы 28 наурызда Ресей мен Қазақстан арасында әскери ынтымақтастық жөніндегі шарттар мен келісімдердің алғашыларына қол қойылды. Олардың ішіндегі аса маңызды «Әскери ынтымақтастық туралы» шарт Ресей мен Қазақстан арасындағы әскери мәселелер бойынша жасалған шарттар мен келісімдердің негізі болып табылды. Атап айтқанда әскери – техникалық ынтымақтастық туралы, Қазақстан Республикасының аумағындағы стратегиялық ядролық күштер туралы, 1994 жылы арнайы мүліктерді, материалдық құрал жабдықтарды өзара алмасу, әскери мәндегі қызмет көрсету және әскери техникалық ынтымақтастықтың осы түрлері үшін есептесу туралы келісімдерге, Семей ядролық полигонында орнатылған ядролық қондырғыны полигон жабылғанға дейін бөлшектеу жөніндегі келісімге қол қойылды. Шартқа қол қоюшы тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасында бұрын орын алған 1992 жылғы 12 мамырда жасалған Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартты, ТМД-да қол жеткен қорғаныс саласындағы келісімдерді, 1992 жылы 23 мамырда Лиссабонда қол қойылған хаттаманы басшылыққа алды. «Әскери ынтымақтастық туралы» шартқа қол қою қажеттігі ортақ әскери – стратегиялық кеңістік шеңберінде бірлескен сенімді қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерді біріктіру мен іс-қимылды үйлестіру мақсатынан туғанын айту керек. Шарт көршілес екі ел қарым қатынасының мемлекеттік егеменлік пен аумақтық тұтастықты өзара құрметтеуге, шекаралардың бұлжымайтындығына, жанжалдарды бейбіт жолмен реттеуге және күш қолданбауға, халықаралық құқықтың басқа да нормаларын сақтауға негізделген принциптерін бекітіп берді. «Әскери ынтымақтастық туралы» шарт сол кездің өзінде 1994 жылы наурыз айында Қазақстан Республикасының аумағында уақытша орналасқан стратегиялық ядролық күштер туралы келісімге қол қоюға мүмкіндік берді. 1995 жылғы 21 сәуірде Қазақстан толық ядросызданды, Ресей мен Қытайды қоса алғандағы жетекші мемлекеттер тарапынан тәуелсіздіктің, егемендіктің, аумақтық тұтастықтың және күш қолданбаудың кепілдіктерін алды. Қазақстан халықаралық саяси оқиғалар шеңберінде жаңа сапада – Кіндік Азияның ядросыз мемлекеті ретінде қадам басты [5, 230-244 б.]. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының әскери саладағы ынтымақтастығын дамытудағы ірі қадам 1995 жылы қаңтар айынан басталды. Қазақстан Ресей ынтымақтастығын кеңейту мен тереңдету туралы деклорацияда былай деп айтылды: «Президенттер өз елдерінің 1992 жылғы 15 мамырдағы ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт негізінде Тәуелсіз мемлекеттер Достастығының ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға белсене қатысуын қалайды» Президенттер Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы 1994 жылдың 28 наурыздағы шарт және тараптардың онда көзделген міндеттемелерін жүзеге асыру ортақ әскери стратегиялық шеңберде Қазақстан мен Ресейдің әскери соның ішінде ядролық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі өзара іс әрекетінің ұзақ мерзімді негізі болып табылатынын растайды [5, 245 б.].

Осы орайда Қазақстанның әлемдік деңгейде ядролық қарусыздану мәселесіне қосқан үлесі жайлы тоқталсақ, жалпы Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға нақты үлесін қосып келеді. Семей ядролық полигонының жабылуы , қуаты жөнінен әлемдегі төртінші зымырандық ядролық арсеналдан бас тарту және оның инфрақұрылымын толықтай жою еліміз үшін тарихи шешім болғаны белгілі. Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблиясы 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы әрекеттің халықаралық күні ретінде жариялау туралы қарар қабылдады. 2010 жылдың қазан айының 12-13 күндері Астанадағы Тәуелсіздік сарайында БҰҰ шеңберінде белгіленген Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған шаралар аясында «Ядросыз әлем үшін» атты халықаралық форум болып өтті. Оған БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ЮНЕСКО, ЕурАзЭҚ сияқты халықаралық және аймақтық ұйым басшылары мен өкілдері АҚШ, Жапония, Ресей Федерациясы, Пәкістан және тағы да басқа мемлекеттер парламентінің депутаттары қоғам қайраткерлері қатысты. Форумда Ядролық қарусыз әлем жөніндегі Астана Деклорациясы қабылданды [6, 4 б.]. Жалпы Ресей мен Қазақстанның әскери ынтымақтастығына себепші факторлар аз емес, солардың ең бастысы – екі мемлекеттің әскери қауіпсіздігі. Қазақстан мен Ресейдің геосаяси жағдайы ретінде: Қазақстан Республикасын әскери- стратегиялық одақтасы ретінде танымайынша Ресей өзінің әскери қауіпсіздігі проблемаларын іс жүзінде қалай шеше алмайтын болса, Қазақстанның да өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тарихи сенімді одақтасы стратегиялық әріптесі ретінде Ресей оған дәл солай қажет [5, 248 б.].

ХХІ ғасырдың басы Қазақстанның әлемдік қатынасқа берік енуімен басталды. Көрсетілген мерзімде оның дүниежүзілік халықаралық саясаттың күрделі мәселелерін шешудегі қызметі де жоғары сатыға көтерілді. Қазақстан мен Ресей әскери ынтымақтастық жолында елеулі жұмыстар атқарып, соның нәтижесінде көршілес екі мемлекеттің бұл саладағы өзара іс қимылының заңдық негізі қаланды. Қазақстан Ресей қарым-қатынастары жоғарғы деңгейдегі өзара сенім және стратегиялық серіктестіктің дамуымен ерекшеленіп отыр. Жалпы қорытындылай келе, Қазақстан Ресей қарым -қатынасындағы әскери саяси ынтымақтастық ХХІ ғасыр талабына сәйкес дамып келеді. Оның даму барысында «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» шарт және «Әскери ынтымақтастық туралы» шарт негізінде екі жақты әскери саяси ынтымақтастықтың құқықтық негізі қаланды. Жаңадан басталған ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарында ХХ ғасырдың соңындағы сыртқы саясаттағы ынтымақтастық одан әрі жалғастырылуда. Жалпы Ресей мен Қазақстан арасындағы әскери саяси ынтымақтастық ХХІ ғасыр барысында өрлеу жолымен дами берері сөзсіз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет